Дүйсенбі, 17 Ақпан 2020
Білгенге маржан 3703 18 пікір 17 Қаңтар, 2020 сағат 14:09

Абайдың қолжазбалары сақталған сандық қайда?

Абайдың қолжазбалары сақталмағаны, ұлы ақынның қол таңбасын «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы турасынан» деген жазбасының бір ғана парағымен танып жүргеніміз баршаға мәлім. Сондай-ақ, Абайдың қолымен жазылған «Вадим» аудармасының бір ғана парағы қалған. 

Осы орайда Абайдың қолжазбалары түгелдей жоғалып кетуінің сыры неде, деген сұрақ көкейден кетпейді. Неге екені белгісіз, Мұхтар Әуезовтен бастап, абайтанушылардың бірде-біреуі Абайдың қолжазбаларын іздеуді маңызды мәселе етіп көтермейді.  

Тарихта Абайдың жеке қағаздары сақталған сандықтың болғандығы, ол сандықты сол кездегі өкіметтің әкімшілік қызметіндегі шенеуніктер, атап айтқанда, уезд бастығы Навроцкий қаттап, алып кеткендігі туралы Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивте айдан анық, құжат түрінде сақталған, дәйегі мықты мағлұматтар баршылық. 

Түсінікті болу үшін бұл оқиғаны басынан таратайық. 

1903 жылы Көкшетау мешітінің имамы Науан хазырет, дәлірек айтқанда, Наурызбай Таласұлы мен сол мешіттің жанындағы мектептің мұғалімі Шәйкен молла (Шәймерден Қосшығұлұлы) бастаған діни азаттық қозғалысқа байланысты Ресей патша үкіметінің ішкі істер министрлігі жүргізген қылмысты іске қатысы бар деп, Абайдың соңынан бақылау қойылған болатын. Сол жылдың қысында Шәймерден Қосшығұлұлы Баянауылдағы Сәдуақас Мұсаұлы Шормановқа, Абайға және басқа да беделді ел ағаларына хат жазып, бүкілқазақтық мұсылман съезін өткізу туралы ақылдасқан. Съезге дайындық ретінде қаражат жиналып жатқанын хабарлаған. 

Сақталған архив құжаттарына қарағанда, алғашқы хатқа Абай жауап бермеген. Екінші хатты 1903 жылғы сәуір айында Абайдың өзін Арқат поштасына алып барып, қол қойғызып, уезд бастығы Навроцкий Абайдың қолынан алған. Хаттың мазмұны қазақ тарихшыларына мәлім. Бұл жөнінде осы жолдардың авторы «Абайға хат жазған Шәймерден Қосшығұлов кім?» деген тақырыпта мақала жазған болатын. (Абайдың саяси-құқықтық мұрасы және жаңа кезең. Қарағанды мемлекеттік университетінің баспасы, 1995 ж., 32-52 беттер).   

Сақталған құжатта 1903 жылғы 25-сәуірде Абайдың үйін, қора-қопсыға дейін  тінткен Семей уезінің бастығы Навроцкий Абайдың қолжазбалары, оқыған кітаптары мен журналдары сақталған сандықты қаттап, Семейге алып кеткен. Әрі қарай Омбыға жөнелткен. 

Бұл қағаздарды мұқият зерттеп, «араб әрпімен жазылған қолжазбаларда үкіметке қарсы бағытталған ештеңе табылмағаны» туралы қорытынды жасаған Омбы шенеуніктері Абайдың сандығын қайтару туралы шешім жасаған. Бұл – 1903 жылғы қараша айындағы әңгіме. Обылы қанша, сандықты қайтаруға ниет білдірудің өзі – әділдік қой.

Одан кейін қыс түсіп кетеді, қайдағы бір қазақтың сандығын қыс ішінде шанамен Омбыдан Шыңғыстауға жеткізіп беруі мүмкін десек, қисыны келе қоя ма? Көктемде, сәуірдің 20-25 дейін Ертістен өткел ашылмайтыны тағы бар. Жаз шыға сандықтың иесі – Абайдың өзі қайтыс болды. 

Сонымен, Абайдың қағазы салынған сандық Омбыдан қайтпай қалды-ау деп есептейміз. Бұған дәлел ретінде, Алаш көсемдерінің бірі, заңгер Жақып Ақбаевтың жазғанын ұсынуға болады. Ол 1905 жылы 26 маусымда Ресей үкіметіне қазақтар атынан жазған арызында былай деп көрсетеді: «...1903 жылы Петропавл, Павлодар және Семей уездерінде белгілі-белгілі қазақтардың үйіне тінту жүргізілді. Сол тінту барысында олардан тартып алынған кітапханалар әлі күнге иелеріне қайтарылмай отыр...»

Бұл сөздердің Абай үйінен тәркіленген сандыққа тікелей қатысы бар екені күмән туғызбауға тиіс. Осылайша, қазақтың даналық ақыл-ой қазынасына, өнері мен әдебиетіне орны толмас орасан нұқсан келді. 

Саяси сенімсіздігі жөнінде Абайға жабылған жаланы, оның үй-жайының заңсыз тінтілгенін, сандықтың тәркіленіп, Омбыға әкетілгенін Жақып Ақбаев жақсы білген. Және ол сандықтың ішіндегі қағаздардың, басқа да әдебиеттердің тарихи маңызын, Абайдың жеке басын, оның қазақ қоғамындағы орнын бағалай білген. Әйтпесе, «сол тартып алынған кітапханалар әлі күнге иелеріне қайтарылмай отыр», деген сөздерді еріккеннен жазбайды ғой. 

Ал, Жақып Ақбаевтың Абайға байланысты бұл оқиғаны бүге-шігесіне дейін білгеніне күмән келтіруге болмайды. Оның дәлелдері мынадай: 1904 жылы 8 маусымда Ж. Ақбаев Семей округтік сотына қызметке барған. Өзінің жерлесі саналатын Абайды бұрыннан білетін. Петербургте оқып жүргенде, жазғы демалыста елге келіп, халықтың тұрмысы, патша шенеуніктерінің заңсыз алым-салық алатыны, қазақтарға қорлық көрсететіні туралы орталық басылымдарға мақала жазатыны да мәлім. 

Екіншіден, Жақып Ақбаев Абайдың досы, облыстық санақ басқармасында істеген заңгер Н. Коншинмен жақын араласқан. Самодержавиеге, отаршылдыққа қарсы күресте пікірлес болған. Абай мен Коншиннің жақын болғандығы туралы деректер жеткілікті. 

Ал, Ж. Ақбаев 1906 жылы күзде саяси қылмыскер ретінде сотты болғанда, өзіне қорғаушылыққа Семейдегі Коншинді таңдағанын қағазға жазып берген. 

Міне, Абайдың сандығының қандай жағдайда қолды болғаны туралы әңгіменің ұзын-ырғасы осындай.

Әлбетте, бұл қудалау, Арқат поштасына жетектеп апару, үйін, қора-қопсысын, балаларының қойын-қонышын заңсыз тінту - Абайға моральдық жағынан үлкен соққы болғанын түсінуіміз керек. Кейін, тергеу жұмыстары аяқталып, Абайдың орыс үкіметіне қарсы пиғыл-әрекеттері туралы күдік сейілгеннен кейін де, ұлы ақынның жүрегіне түскен жан-жарасы оңайлықпен жазылар ма? Мұндай жағдайда, үкіметке, оның әділ билігіне деген сенімі жоғалып, өмірден түңілген жанның сандықты іздеуге ықыласы болар ма? 

Уақыт легімен келгенде, қазақ даласындағы бұдан кейінгі «арпалыс-алақұйын заманалар», деп Қасым Аманжолұлы айтқандай, шытырман оқиғаларды шолып, айта кетейік. 

1904-05 жылдары панисламизм, пантуркизм деген желеумен Ресей үкіметі қазақтың азаттық күресін бастаушы ұлтшыл, оқыған азаматтарын түгелдей қуғындады. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев бастатып, түрмеге жапты. Рақымжан Дүйсенбаев сияқты қаламгерлерін Архангельск, Котлас сияқты поляр шеңберінің сыртына жер аударды.  

1909-11 жылдары саяси көзқарасы үшін қазақ оқығандары тағы да қуғын-сүргінге ұшырады. Бұдан кейін 1916-17 жылдардың оқиғалары келді. Тағы да қырып-жою, түрмеге жабу, жер аудару науқаны басталды. 1921-22 жылдары жаңа ғана ес жиып, еңсе көтере бастаған хат танитын қазақ көсемдері «ұлтшыл-бүлікші» атанып, тағы жазықсыз жазаға ұшырады. 1925 жылғы «кіші октябрь» науқаны үлкен дүрбелеңнің басы болып, аяғы «кәмпескеге» ұласты. 

1929-30 жылдары қазақтың хат танитын азаматтарын жаппай тұтқындау басталды. 1932 жылғы аштық, 1937 жылғы «қызыл қырғын», одан кейінгі екінші дүниежүзілік соғыс, 1950 жылғы жаппай қаралау науқаны... бұл қазақтың есін жиғызды ма?

Міне, осылайша, Абайдың қолжазбаларын іздеу түгілі, есі бүтін азаматтар қара басының қамымен әлек болды. 

Бұдан мың жыл бұрынғы жәдігерлерді іздеп, тауып, қалпына келтіреміз деп жатқанда, жүз-ақ жыл бұрын қолды болған, ізі бар Абай сандығын іздестіру керек-ақ. Осы жолдардың авторы Абайдың қолжазбаларын өз әлінше іздеп жүргеніне ширек ғасырдай болды. Омбы қаласына жыл аралатып барғанда, ондағы зиялы деген орыстың көнекөз қарияларды тауып, тілдестім. Ескі Омбының тарихын зерттеп, көңіл аударуға тұрады-ау деген ірі шенеуніктердің үйлерін іздедім. Кейбіреулерінің ұрпақтарын сұрастырдым. Үйлеріне бардым, қартаң кемпір-шалдардан сұрадым.

Жоғары оқу орындарында бұрын жұмыс істеген қарт ұстаздарды іздестірдім. Өлкетанушылар мен тарихшылардың біразына кездесіп, пікір алыстым. Бірақ, үміт ұшқыны әлі көрінбей тұр. 

Тіпті, сол кездегі шығыстанушылардың біреуінің қолына түсіп, қызықтырса, Абай қолжазбалары Омбы шегінен шығып, Ресейдің орталық қалаларына, одан асып шет елге кетіп қалуы да ғажап емес. Ұлы сүргін, қанды төңкеріс кезінде бас сауғалап, шет елге ауып кеткен орыс зиялыларының біреуінің қолына түспеді дей аламыз ба?

Осынау көп сұраққа бір ғана жауабым бар: Қалай болған күнде де, Абайдың сандығы, оның ішіндегі қағаздар отқа жағылған жоқ, әлдебіреу күресінге  лақтырған жоқ. Ол қағаздардың құнын хат танитын әркім білгеніне шүбә келтірмеймін. Сандықтың ішінде Абайдың араб әлібімен жазған қолжазбалары ғана емес, діни кітаптар, орыс тіліндегі кітаптар, журналдар мен газеттер болған. Абайдың атына келген хаттар болған. Сандықта осы қағаздардың бар екендігі архивте жазылған.  

Патша заманында пошта-байланыс қызметі ішкі істер министрлігіне қараған, іс-қағаздарының тәртібі күшті болған. Олар осы уақытқа дейін сақтаулы. Шамам жеткенше қарадым. Мысалы, сол Арқат поштасының бастығы Абайдың атына келген хатты әкімшілік орындарына беруден бас тартып, «Ресейдің пошта Жарғысына сәйкес, хатты адрес иесі өзі қол қойып қана ала алады», деген уәжбен, тіпті, облыстың әскери губернаторының жарлығы бола тұрса да, уезд бастығына бермей қойғаны туралы архивте жазулы тұр. Сондықтан, бір із қалды ма екен деп, Дала губернаторлығының пошта әкімшілігінің архивін де қарап шықтым. Әрине, түгел қарай алмадым. Бәлкім, осы жолды жалғастырып көру керек те шығар. 

Қалай да, бұл – мемлекеттік маңызы бар мәселе ретінде арнайы қолға алынып, белгілі бір жүйемен, қолынан келеді-ау деген мамандарды қатыстырып, іздеу шараларын асықпай ұйымдастыратын шаруа болуға тиіс. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас», дегендей, бір ғана адамның талпынысы әзір нәтиже беретін емес. Абайдың сандығын, өз қолымен жазған мұра-қазынасын іздеп-табуды ұрпақтардың ұрпақтарына кететін ізгі міндет, азаматтық борыш ретінде түсінсек екен деймін. 

Осы сөздерді соңғы 25 жыл бойы «Қазақ әдебиеті» бастатқан бірнеше газетке, ғылыми журналдарға жазып, жиналыстарда жар салып келемін. Бір ғажабы – ешкім селт етпейтін сияқты. Абайды іздейтін ұрпақтардың соңы біз шығармыз. Қазіргі жетпіс-сексендегілердің көзі кеткен соң, іздеу қиын болар. Көтеріп отырғанымды жай мәселе десеңіздер, қолымнан келгені осы ғана, өз сөзімді қайтып алуға дайынмын.

Зарқын Тайшыбай,

абайтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филосорфия докторы, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры.

Abai.kz

18 пікір