Сенбі, 20 Сәуір 2024
Ақмылтық 8069 41 пікір 11 Қаңтар, 2020 сағат 21:00

Рулық монополизация - мемлекет дамуын тежеуші негізгі фактор

Өткенде біз орыс басылымдарының қазақтағы руішілік әңгімелерге – саяси мансапты алпауыттардың бәсекесі тұрғысынан сипат беріп, сарап қылғанын жазған едік. Оған сенсек, сойы бөтен солтүстіктегі қошыналардың құзырлылары қазақ билігіндегі шоңдардың шыққан тегін тереңінен зерттей бастапты-мыс.

«Новая газета» дейтін орыстілді гәзеттің Петр Саруханов дейтін шолушысы ұзын-құлақтан естігенін іліп алып, «Ресей президентінің әкімшілігі Қазақстандағы ең ықпалды «шапырашты кланын» зерттеп жатыр» деп жазған. «Кто и как влияет на экономику и политику Казахстана» дейтін тақырыпшада автор әлеуметтік желіде әйдік әңгімеленіп жүрген әлгі айғыр жалды топқа жататындар туралы егжей-тегжейлі жазып, есім-сойларын ерекшелеп көрсеткен. Сөз қайталап жатпайық, мақаланың сілтемесі міне...

Өтірік емес, «анау әкім пәлен деген рудың адамы екен», «мына бастық түглен деген рудан шыққан екен» деген қисық сөз екі күннің бірінде естіп жүрген елеусіз диалог категориясына айналды. Қазақ қоғамында руластық дерті асқынған үстіне асқынып, ол ауыл арасындағы ағайынгершілік әңгімеден, астана жақтағы ақ жағалылардың арасындағы араластық котализаторына айналды. Өкінішке орай, елдегі рушылдық бүгінде жаңағы алып кландардың манипуляциялық қаруының бір түрі болып қалды.

Бір рудың монополизациясы – қоғам алауыздығын тұтатушы фактор

Ел ішінде «Билікте наймандардың күші әлсіреп кетті», «Шапыраштылар тізгін бермейді»,  «Арғындардың мысын басып жатыр»,  «Дулаттар күйреп барады», «пәлен рудың өкілі қызметке келді», «түглен жердің адамын тағайындады» т.с.с. гу-гу әңгіме. Жұрттың олай деп ой түюіне себеп те жоқ емес. Билік тізгіншілерінің тегін сұрай келсең, түбінен туыстық табарыңыз сөзсіз. Сөйте тұра, біз орыстар ортаға түсіп жатыр деп кіжінеміз...

Ғасырлар бойы ұлттың гендік қорының сақшысы болған рулық жүйе қазақ ұлтының алдында өзінің тарихи миссиясын аяқтаған секілді. Өйткені, бүгінгі рушылдық – мемлекетшілдік түсініктен, ұлттық бірігейліктен асып, топтық мүдденің девизіне айналғандай...

Еліміздегі үлкенді-кішілі бизнестегі, саяси қызметтегі, жерлік басқарудағы, жоғарғы лауазымды биліктегі рулық монополизация – мемлекеттің, оның экономикасы мен қоғамдық-саяси мәдениетінің дамуын тежеуші фактор іспетті. Керек десеңіз, бір ру өкілдерінің авторитарлы билеп-төстеу саясаты – қоғамның өзге өкілдердің наразылығына айналып кету қауіпі де жоқ емес.

Шынында да, енді қазіргідей ру-руға бөлініп тартысатын рушылдық – ол қазақты ыдырататын күшке айналуға бет бұра бастады. Күннен күнге өршіп бара жатқан рушылдық біздің ұлтымыздың бірлігі мен тұтастығына қарсы жұмыс жасауға көшті (әрине, соған мүдделі топтың қолдауының арқасында). Қазақ халқы ғасырлар бойы көзінің қарашығындай сақтаған рулар қауымдастығы бүгінде байлық пен билікті қолына алған аз ғана топтың ойын жүзеге асырудың құралына айналып кетті... Бұрынғы рулық жүйе қазақ халқының қалқаны еді, ендігісі - жүрегіне қадалар қанжары болғалы тұрған сыңайлы...

Әрине, қазақтың руішілік ырду-дырдуы пиғылы бөтен көрші-қолаң мен қазақтың алауыздығына мүдделі миссионерлік топтар үшін таптырмас олжа! Сондықтан да, олар осы бір тақырыптық тезистерді отқа май құйғандай өршіте түсуге ықыласты болады. Ал оның алдын алу – қазақ билігінің құзырлы органдарының құзыретіндегі шаруа!

Сонымен, біздегі рушылдықтың қазіргі сипаты қандай? Шекараның шетіндегі һәм өз ішіміздегі отауын бөлектен іздейтін бөтен ойлы топтардың руішілік тартысқа кланаралық ойын түрінен сипат беруі қаншалықты қауіпті? Қоғам тұрақсыздығына мемлекеттік басқарудағы рулық дисбаланс әсер ете ме? Рушылдықтың пайдасы бар ма? Ол бүгінгі қоғамға керек пе? Біз сарапшылардың сөзін тыңдадық...

Рушылдықтың басты зияны – ағайынгершілікті заңнан жоғары қоюға мүмкіндік беретіндігі

Картинки по запросу Дархан Әбдік

Дархан Әбдік, журналист:

– Рушылдықтың сипаты қай кезде де бірдей. Ол қандай да бір ортақ рухани құндылықтарға иланбай, мәселені әділдікпен емес, сыбайластықпен шешуге тырысу.

Рушылдық қоғамда жалпыға ортақ құндылықтардың қалыптаспағанын, ұлттық моральдың орнықпағанын ғана білдіреді. Бұл қоғамның толыққанды ұлт болып қалыптаса алмай жатқандығының белгісі. Өз отбасын, әулетін, туған жерін әркім-ақ жақсы көреді. Ол - заңды құбылыс. Алайда, азаматтықтың белгісі – солардың жолында әділдікке нұқсан келтірмеу! Қазақтың мақалы, «тура биде туған жоқ» дейді емес пе?..

Рушылдық соңғы 20-30 жылда ушығып барады. Себебі, оны саяси күштер өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Менің пікірімше, бүгінгі рушылдықтың табиғаты бұрынғы замандағыдан көп өзгерді. Қазіргі заманда рушылдық шын мәнінде кландық, қылмыстық мақсатта немесе саяси амбицияларды жүзеге асыру мақсатында құрылған топтың бәрлігіне айналды.

Соңғы кезде шетелдік, оның ішінде орыстілді ақпараттар руішілік бәсекені кланаралық ойынның бір түрі деп сипаттап жүр деген пікірге келсек, өкінішке орай дәл қазір Қазақстанда осындай тұжырым жасауға негіз бар.

Әділ сайлау, сөз бостандығы, азаматтардың тең хақы мен заң алдындағы тең жауапкершілігі, әділ бәсеке, біліктілікті талап ететін индустриалды қоғам секілді құндылықтар орнықса – рушылдық өзінен-өзі жойылады.

Рушылдықтың пайдасы жоқ. Ал басты зияны – жалпыға ортақ мораль мен принциптерді аяқ асты ететіндігі, ағайынгершілікті заңнан жоғары қоюға мүмкіндік беретіндігі, сол арқылы толыққанды ұлттың қалыптасуына зиян тигізетіндігі.

Қазіргі мемлекеттік даму үрдісі рулық жүйе атқарған функцияларды өзгерістерге ұшыратты

Картинки по запросу Әбдірашит Бәкірұлы

Әбдірашит Бәкірұлы, әл-Фараби атындағы ҚазақҰУ философия кафедрасының аға оқытушысы:

– Кейінгі кезде журналистердіғ тарапынан осы тақырып жөнінде пікір білдіруімді сұраушылар қатары көбейді. Мұнда басқа бір – көзге көрінбейтін тетіктер іске қосыла бастаған сыңайлы: мұны – қазақстандық қоғамның ұлттық парадигмадан азаматтық қоғамға қарай бет бұра бастауының белгісі деп қабылдау керек сияқты. Бірақ, жақын шет елдік идеология талай жылдан бері, баяғыдан қалған әдеті бойынша қазақтың рулық жүйесін «рушылдық» ретінде көрсетіп, оның шоғын үрлеумен келеді. Олардың айтатын «мемлекет болмаған», «шекара болмаған» деген сөздері – осыған меңзейді. Кезінде қазақтың әрбір руы жері мен елін қорғау үшін әскер шығарып, оны ортаға қосып отырғанын олар білсе де, білгісі келмейді. Жалпы, әлемдік өркениет үрдісіне сай қоғам дамуын екі бағытта қарастырған дұрыс: 1. Азаматтық қоғам; 2. Ұлттық дәстүрге негізделген қоғам.

Азаматтық қоғамда ұлттық ерекшеліктер екінші қатарға сырғып − қоғамда ұлтына, ділі мен дінге бөлінбейтін «адам құндылығы» алға шығады. Ол кезде адамдар арасындағы қарым-қатынастар жалпыадамзаттық моральдік құндылықтар мен мемлекет заңдарына сүйеніп жүзеге асады. Заң және мораль алдында адам құқы тең болғандықтан – қоғамда соған сай қатынас жүйесі орнайды. Айта кетейік, мұндай жүйе туралы небір ойшылдар «Ізгілікті қала», «Мейірімді қала» деп, мыңдаған жылдар бойы айтып келеді. Бірақ ол сатыға жету үшін – қоғамның өзі белгілі бір даму сатыларынан өтуі  тиіс. Бірақ біз ол сатыға әлі жете алмадық...

Ал Ұлттық мемлекетте (оны «дәстүрлі қоғам» деп те атайды) адамдардың, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастар белгілі бір құндылықтар жүйесіне, яғни, сол мемлекетті құрып отырған ұлт пен халықтың дәстүріне, салтына сүйенеді. Мемлекеттік заңдар да сол салт-дәстүрді құндылық ретінде ескеріп, соған үйлестіріліп жасалады. Бұлай жасау адамдардың санасында қайшылық туындамауы үшін аса қажет болып табылады.

Біздегі рулық жүйенің ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқаны да  – оның мәдениетіміз бен дәстүрімізбен бірігіп кеткендігінен. Сондықтан «рулық жүйенің болуы» санамызда қайшылық туғызбайды. Бірақ, қазіргі замандағы мемлекеттік даму үрдісі, ондағы жүріп жатқан процестер бұрынғы дәстүрлі рулық жүйе атқарған функцияларды өзгерістерге ұшыратты. Мысалы, қазір жерге қатысты белгілі бір өңірді дәстүрлі иелігі санайтын рулық қауымдастықтар жоқ. Сол себепті, рулардың да жерге қатысты «жеке жауапкершілігі» маңызын жоғалтты. Қазір мемлекеттің қай жері болмасын, оны  «бұл − қазақтың жері» деп санайтын түсінік қалыптасты. Шаруашылық үрдісте де солай – елімізде мың-мың адам еңбек миграциясымен көшіп жүр...

Ал, енді, медициналық және генетикалық тұрғыдан маңызды рулық дәстүрдің «қыз алысу-қыз берісу» атты функциясын әлі де қаз-қалпында сақтап отырмыз. Бұл өте дұрыс, себебі, оны азаматтық қоғамға сай «заң құқына» беріп жіберсек – ол қазақ дүниетанымы тұрғысынан тиімсіз болып шығады және ол процесті заңмен реттеп отыру еш мүмкін емес. Одан бөлек, осы мәселеде дәстүрден қол үзу – қазақ ұлтының өзге де дәстүрлерін қиратуға, сөйтіп, ұлттың өз ерекшелігін жоя бастауына жол ашып берер еді. Оның қатарында: рулықтан туындайтын, бірақ, ұлтты біріктіруші «бауыр-қарындас», «құда-құдағи», «нағашы-жиен», «бөле», «күйеу», «құдаша» және т.б. құндылықтар бар. Біз соны жойып алар едік. Ол, өз кезегінде, осы ұғымдарға сай қалыптасқан «сый-құрметтік» қатынастарды жоққа шығарып, ақыр соңында, «бір атадан тарайтын Алаш жұрты» деген басты құндылығымызға соққы берер еді! Ар жағын өздеріңіз пайымдай беріңіз...

«Пәлен ру билеп жатыр» деген пікірді «мәселенің мазмұны емес, көбігі ғана» деп санаймын. Себебі, бүгінде кез келген өңірдің басшыларын тағайындау орталық арқылы ғана жүзеге асады. Оның өзінде, білікті басшылар жергілікті халық арасынан шығып жатса – оған орталық та қолдау көрсетуге мәжбүр. Бұл принцип «рулық» шеңберден шығып, «жергілікті жердің жағдайын жетік білу» сияқты іскерлік-кәсібилік принципке құрылады. Бірақ, бұл жерде бір «но» бар: ол – мемлекеттік басқару жүйесіндегі «мемлекетшілдік» принципінің сақталмай, оны «жершілдік», «рушылдық», «тамыр-таныстық», «жеке басқа берілгендік» принциптері алмастырып, тіптен, одан сорақысы «жағымпаздық», «парақорлық» сияқты келеңсіз құбылыстардың орын алуы кездесуде. Соның салдарынан биліктегі басшының өзі басқаратын өңірге деген жауапкершілігі төмендеп, оның лауазымы «уақытша, билікке барар баспалдақтың бір сатысы» ретінде ғана саналуына мүмкіндік пайда болады.  Сөйтіп, егер, билік «уақытша» болса, онда, қандай басқару принципі оған қолайлы? Әрине, ең алдымен – сыбайластық. Содан кейінгі орындарда ғана «рушылдық», «таныстық», «жағымпаздық» сияқты қатынастар тұрады. Алайда, авторитарлық қоғамдарда билік сатысы жоғары өрмелеген сайын − бәрі орын алмастырады. Ол деңгейде енді «рушылдық» пен «туыстық» ролі күшейе бастайды... Бұл заңдылық – барлық монархиялық, авторитарлық қоғамдардың табиғатынан туындайтын заңдылық. Оған қазақтың дәстүрлі «рулық жүйесінің» еш қатысы жоқ десе болады!

«Кланаралық» пен «руаралық» (рушылдық) дегеннің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Мәселен, кең мағынасында, «кланаралық» дегеніміз − байлық пен билікті бөлісу кезінде өршитін қатынас түрі. Кландар өз мақсаты үшін қажет болса «рушылдықты» сырғыта салады. Сондықтан, оған рушылдықтың әсері жанама түрде болуы мүмкін. Ал, кей жағдайда, «қазақ рушылдығы» «кланаралық» қатынасқа кедергі болып шығады. Бүгінде «оңтүстүк», «солтүстік» және т.т. бөлінетін кландардың географиялық атаулары  шартты түрде ғана.  Олардың іс-әрекеті рулық негізде емес, экономикалық-саяси негізде түзелетіндіктен – олар бүкіл мемлекет ауқымын қамтиды. Ендеше, бұдан мен бәлендей рушылдықты көріп тұрғаным жоқ. Мүмкін, бастапқы детонатор ретінде ол белгілі бір міндетін атқарған болар. Бірақ, одан әрі қарай кландар өз бетімен «өмір сүруін» жалғастырады.

Ал, рушылдықтың пайдасы бар ма? Бұған жауап беру де оңай емес. Неге? Себебі, бізде «рушылдыққа назар аудармайтын» алып өндірістер өте аз. Ал, «шағын және орта» деп аталатын бизнес не кәсіпкерлік, әдетте, туыстық және рулық негізде пайда болатыны – қалыпты жағдай. Оның еш сөкеттігі жоқ, қайта, Карнеги бойынша осылай болуы да керек. Өйткені, шағын кәсіпорынды одан әрі дамыту үшін ұжымдық мақсаттың ортақ болуы маңызды. Ол мақсат бір-біріне жақын адамдар арасында алдымен пайда болады. Біздегі жағдайда – «бір ата балаларында», «туыстар мен руластар арасында» жүзеге тезірек асатыны жасырын емес. Бұл – позитивті жағдай. Ұрпақтар арасындағы сабақтастық осылай жалғасын табады. Бұл – қазақ ұлтының іргетасын ұстап тұрған құндылық.

Алайда, кәсіпорын кеңейген сайын, өндіріс дамыған сайын – туыстық қатынасты кәсіпкерлік пен кәсіби біліктілік алмастыра бастайды. Рушылдық екінші қатарға сырғи береді. Сондықтан, қазіргі кезде, жоғарғы буындағы рушылдықты тежей отырып, оны шағын кәсіпкерлікке  қарай бұра алсақ – Қазақстан көп нәрседе экономикалық тәуелділіктен құтыла бастайды. Азаматтар да өз құндылығын түйсіне бастайды. Бұл – отансүйгіштік қасиеттің қайнар бастауы!

Қазақтың ғасырларға созылатын рулық жүйесі осылай болған, ол әлі де пайдасын тигізетін қуатқа ие. Сондықтан, оны белгілі бір кландардың құралына айналуына қоғам болып, ұлт болып қарсы тұруымыз қажет. Ал оның авангардында озық ойлы, жан-жақты білімді жастарымыздың жүргені абзал. Қоғам тарапынан осындай талап күшейген сайын – біз де бұл кеселден қарқынды түрде арыла беретін боламыз.

Қазіргі замана ағымы бізге осындай мемлекеттік және қоғамдық дамудың нобайын ұсынып отырғанын ұлт болып сезіне бастасақ – қиыншылықтың бәрін жеңіп шығатынымызға мен сенемін!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

41 пікір