Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 3524 0 пікір 9 Қаңтар, 2020 сағат 11:53

Бізге ана мен баланың құқығын қорғайтын заң керек

Аналар, 21000, мектепте киім, тамақ деген майда материалдық нәрселерге көп көңіл бөлмеңіздерші. Ол бүгін бар, ертең заңды өзгерте салатынына көз жеткізген боларсыздар.

Бізге ана мен баланың құқығын қорғайтын заң керек. Сол заңда ана мен балаға қатысты барлық құндылықтардың болғанын талап етіп келеміз. Бізге басты мақсат адами, қазақи, зиялы, білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеу. Сол үшін білім беру бағдарламалары сын көтермейді. Осындай мәселелер бойынша ой-пікірлеріңізді қоссаңыздар. Араларыңызда ұстаздар бар шығар. Бөлісіңіздер. Бүге-шігесіне дейін қарастырып,өз бағдарламамызды талап етуге дайындық үстіндеміз. Майда проблемалар үлкен проблема, коғам проблемасы шешілмесе шешілмейді. Бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлмесек, ертең сенің пенсияң маған АСП алуға кедергі деп карттар үйіне апарып тастамасына кім кепіл? Біз ақша қуаласақ, олар да тек соны ойлайтын болады.

Айтатын мәселем көп. Соны менімен бірдей түсініп, менімен бірдей талап етіп, қолдайтындарыңызға көзім жетсе ғой шіркін. Жаздай әкімдікпен қанша жиналыс жасадым аналарды қосып. Өзіне керек емес нәрсе деп көбісі келмеді. Қарным ашады, тәрбие, білім дегенге немқұрайлы қарағанға. АСПға қол жеткізіп, татуаж, кірпік, маникюрға қанша қаражат жұмсағандар бар. "Черный касса", құмар ойындарға кіріп кеткендер қаншама.

Одан да қара нан мен су ішсе де баланы қосымша ақылы сабақтарға берсе ғой деп ойладым. Ол баланың нәсібі-баланың келешегі үшін жаратылу керек. Ал бүгінгісін тауып беруге біз міндеттіміз. Күріш арқасында күрмек су ішеді деп, балалардың қаражаты арқасында өз қамымызды ойлап, той, алтын, шубаға жаратқандар да баршылық. Болашақты ойлаған адам дұрыс қабылдайды деп білемін. Ұлымыз құл, қызымыз күң болғанды қаламасақ, осы жағына қарайық.

Зорлық көбейген, неге? Тәрбие жоқ. Неге тәрбие жоқ? Жұмыс жоқ, бар болса айлық кем, оның озіне пәре беру керек. Сөйтіп, жемтік іздеген аш қасқырдай ата-аналар жан жақта жұмыс іздеп жүрген жәйіміз бар. Жемқорлықпен күресетін өзіміз. Ешкім құтқарып бермейді. Ол үшін құқықтық білімді болу керекпіз. Әділет.кз сайтында кез-келген заңның бәрі бар. Керегін тауып, зерделеп, өз құқықтарыңызды нақ біліңіздер. Дәлелмен сөйлеп, дәлел жинаңыздар. Менің сөзімді неге жергілікті билік жерге тастамайды? Мен заңды біліп, дәлелдеп, заң шеңберінде талап етем. Жемқорлық болған жерді солармен бірге тексереміз, өйткені олар да заңнан қорқады. Білімді, белсенді болыңыздар. Бір-біріңізге көмек беріңіздер, тек чатта емес, істе де бірігіңіздер. Өз тарапымнан жергілікті әкімдік сіздердің сөзге құлақ асатын жолдарды қарастыруға тырысамын.

Ақша, тамақ, киім, АСП деген, от басы, ошақ қасы
нəрселерден шаршадым

Біздің деңгейіміз содан əрі аспаса, балалардан не үміт, не қайыр???

Өз деңгейімізге сай мəселе көрейікші! Біз анамыз ғой. Ертеңін ойламаған еркектен без, қырық күнін ойламаған қатыннан без деген қазақ. Ол кезде күндер ұзақ болған шығар. Қазір қас қағым сәтте жылдар зымырауда. Сондықтан қырық жылдығымызды ойлайық

Естір құлақ пен айтар ауыздан да, керешек ұрпақтан да ұят болмасын

Майдаланбайықшы!
Билік бергеннің жолын тауып, заң қуып талап ете беріңіздер. Бірақ басты мәселені ұмытпағай!

Жанат Естаеваның әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

0 пікір