Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 7540 30 пікір 26 Желтоқсан, 2019 сағат 12:55

Путиннің парадына қатысу міндет пе?

Әлгінде Кремль қожайыны қасына қыруар тілшіні топтап алып, баспасөз жиынын өткізген. Сол жиында Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығын тойлау тақырыбы да сөз болды.

Путин: парадқа қатысу – міндет!

Ресей президенті 75 жылдықтың құрметіне қолындағысы мен қорасындағы бар қаруының тегі жақсыларын теріп, әскери әлеуетін әлемге әйгілейтін әлемет бір парад өткізетінін айқан екен. Мақұл ғой, отты қарудың түр-түрін Қызыл алаңда саппен тізіп, әскери парад өткізу – Кремль идеологиясының бұлжымас дәстүріне айналғалы қашан. Сондықтан, ерен санамай, «жылдағысынша өтер» деп қоя салар ма ек. Жоқ. Бұл жолы Владимир Путин «бұрынғы бодан елдердің басшыларының барлығы Мәскеуге келіп, парадты бірге көруі керек» деп сөйлепті.

«Мен Совет одағының жоқтығына өкінемін. Бұл олардың құқығы. Бірақ егер біздің мемлекетаралық қатынастарымыздың бүгінгі ерекшеліктеріне байланысты кейбір мемлекет басшылары келмесе, олар үшін бұл үлкен қателік болады деп ойлаймын. Себебі бұл олардың өз Отандарының тәуелсіздігі үшін соғысып, өмірлерін қиған адамдарға лайықты құрмет көрсетпейтіндігін білдіреді», депті Путин.

Сонымен, Путиннің пікірінше егер Совет армиясы жағында соғысқан немесе бұрын одақтас болған, Кремльдің шақыртуын алған елдердің басшылары 2020 жылы Мәскеуге әскери парад көруге келмейтін болса – онда бұл үлкен қателік екен. Тіпті, соғыста шейіт кеткендерге деген құрметсіздік болады-мыс. Сондықтан, келу – парыз! Біз осылай деп ой түйдік.

Путин кімдерді арнайы шақырды?

Келуді міндеттеп сөйлеген Владимир Путин мен Кремль идеологтары келер жылғы парадқа біраз елдің басшыларын арнайы шақырып, үшбу хат та жолдаған. Ұзын-сонар тізімді түгел теріп айтпасақ та, бірлі-жарымын санап шықтық. Путин арнайы айтып, әйдіктеп шықырғандар кімдер?

АҚШ президенті – Доналдь Трамты, Солтүстік Корея көсемі – Кым Чен Ынды, Германия канцлері – Ангела Меркельді, Британия премьері – Борис Жонсонды, Франция президенті – Эмануель Макронды, Түркия президенті – Тайып Ердоғанды, Қытай төрағасы – Ши Жипиңді, Үндістан премьерін, Пәкістан президентін, Израиль премьерін, Сербия президентін, Украина президентін, Чехия президентін, Венесуела президентін, Куба лидерін, Моңғолия президентін, Әзірбайжан, Белорусия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан президенттерін және Армения премьерін шақырған.

(2015 жылғы парадқа қатысушы шетелдік лидерлер)

Кремль ақпарына сенсек, қазірдің өзінде 17 мемлекет шақыртуды хош қабылдап, мамырда Мәскеуге баратынын айтқан екен.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, 2019 жылғы Мәскеудегі парадқа шетелдік басшылардан жалғыз экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев барып қатысқан.

(2019 жылғы Мәскеу парады)

Бұл жол парадқа кім барады?

Ендігі сұрақы осы. Сұрақты бұлай қоюымыздың себебі бар. Соңғы уақытта кейбір мемлекетаралық жиындарға президент Тоқаев емес, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев барып қатысып жүргендігі ақпарат құралдарында айтылуда. Мысалы, биылғы Мәскеудегі әскери парадқа президент Тоқаев емес, экс-президент Назарбаев барғанын жоғарыда айттық. Сәуірде Қытай «Бір жол – бір белдеу» дейтін саммит өткізді. Оған Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Қазанда Әзірбайжандағы Түркі кеңесінің отырысына да, Жапония императоры Нарухитоның таққа отыру рәсіміне де елдің экс-президенті барған болатын. Ал қарашада Өзбекстан астанасында өткен ОА елдері басшыларының саммитіне де ҚР Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қатысқан еді.

Осыдан кейінгі ой ғой, Путин шақырған парадқа бізден кім барады деген...

Жалпы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің президенттігі тұсында Мәскеудегі парадтардың тұрақты қонақтарының бірі болды. Сондай-ақ, әлгіндей әскери парадтар өз елімізде де өткізіліп тұрды. Қараңыз...

Картинки по запросу қазақстандағы әскери парад

Қазақстандағы әскери парадтар

2005 жылы жеңістің 60-жылдығының құрметіне әскери шеру өтті. 2009 жылы өткізілген шеру Қазақстан Конституциясының 14 жылдығына арналды. 2011 жылғы шеру ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын әспеттесе, 2013 жылы Жамбыл облысындағы «Отар» 40-шы әскери базасында өткен жауынгерлік шеру бесінші шеру болып тіркелді. 2014 жылғы әскери шеру Астанадағы «Қазақ елі» монументінің алдында өтті. Ал 2015 жылы ұйымдастырылған жетінші шеру жеңістің 70 жылдығына арналды. Ол бұған дейінгі шерулердің ішіндегі ең ауқымдысы болды.  2017 жылы әскери парад ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналды. 2018 жылы 7 мамырда Жамбыл облысындағы «Отар» әскери базасында жауынгерлік парад өтті. Ал биыл, 2019 жылы әскери парад өткен жоқ. Оның орнына «Айбалта 2019» стратегиялық командалық-штабтық жаттығуы өтті. Бұл шараға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Картинки по запросу москва военный парад победы

Мәскеу күні бүгінге дейін неше рет әскери парад өткізді?

1945 жылы ең бірінші парад өтті. Онан соң 1965 жылы. Бұл Мәскеуде өткен екінші әскери парад. Жеңістің 20 жылдығына арналған. 1985 жыл. Арада қырық жыл өткенде Мәскеу үшінші рет әскери парад өткізді. Осы уақытқа дейін Мәскеу 29 рет әскери шеру өткізген екен. Жеңістің 60 жылдығы, 70 жылдығы секілді дөңгелек даталарда өткен шеруге шетелдік басшыларды шақыру Кремльдің әдетіне айналған. Ал Мәскеу өткізген әскери парадтардың ең ауқымдысы 2015 жылы болды. Оған 78 мың әскер қатысты. Мәскеуге парад тамашалауға 31 мемлекеттің басшысы келді. Олардың ішінде Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Ал шақырту алған 50 шетелдік лидер Мәскеуге барудан бас тартты.

Картинки по запросу москва военный парад победы

(Тополь-М. Зымыран кешені)

Мәскеудегі парад – Путин агрессиясының аргументіне айналған

Жалпы орыстарда мемлекеттік масщтабта аталып өтілетін екі мерекелік дата бар. Жо-жоқ, мереке көп қой, солардың ішінде Кремль қожайынының діндей берік ұстанатыны осы екеуі.  Бірі – Жаңа жыл, екіншісі – осы Жеңіс күні. Жеңіс күні Қызыл алаңда әскери парад өткізу Путиннің бұлжымайтын дәстүрі, айнымас салтына айналғалы қашан...

фото. Колонна танков Т-90 на Красной площади

(Т-90 танкілерінің легі)

Биыл да сол дәстүрден айныған жоқ. Дөңгелек дата болмаса да әскери шеру өткізді. Кремль идеологиясы үшін бұл шеру – әлемге айбат шегудің ең оңтайлы тәсілі. Өндірісі өлімші хәлде. Батыс пен АҚШ санкциясынан экономикасы есеңгіреген. Жалғыз сенері – әскері, әскери өндірісі, қару-жарағы. Соны саудалайды. 9 мамыр сайын Қызыл алаңға бүкіл әскерін (өкілдерін) шығарып, «міне көріңдер» дейді. Бұл да агрессорлыққа тән сипаттың бірі дейді шетелдің шоң сарапшылары.

фото. Противоракетный комплекс С-400 нв Красной площади

(С-400 Зымыранға қарсы кешені)

Мейлі ғой. Сталин мен Гитлердің Польшаны бөліп алуынан (1939 жыл.) басталған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы мен Совет армиясының жеңіске жетуіне арналған әскери парадты Мәскеу жыл сайын алаулатып-жалаулатып, әскери әлеуетін әлемге әйгілегенсіп, асқан пафоспен өткізеді. Тоқетірен айтқанда, Мәскеудегі парад – Путин мен Кремль агрессиясының аргументіне айналған...

фото. Парад Победы нв Красной площади. 9 мая 2013 года

9 мамыр - Жеңіс күні. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен Совет армиясының ұлықталатын күні. Бізде де бұл күнді айрықша атап өту деген дағды бар. Екіншідүниежүзілік соғыста қазақ даласынан шыққан, қазақтан шыққан, ерен ерлік жасаған азаматтар аз емес. Жастары жүзге таяған, жүзден асқан сол азаматтардың бірсыпырасы арамызда жүр. Олар ерлікпен қан кешті. Майданға кірді. Соғыс көрді. Сондықтан олардың батырлығы әспеттелуі керек-ақ.  Мысалы, қазіргі уақытта Қазақстанда көзі тірі 1 400-дің үстінде майдангер қалыпты. Одан бөлек, Ленинград блокадасында болған, тылда еңбек еткен, канцлагерлерде болған (кәмелет жасына толмаған) тұтқындарды қоса есептегенде 87 мыңғы жуық ардагер бар. Оларға биыл мемлекет бюджетінен 2,6 миллиард теңге материалдық көмек қарастырылған. Әр облыс өз ардагерлеріне біржолғы ақшалай көмек те көрсетті. Алды 500 мыңнан, арты 150 мыңнан үлестірді.

Путин парадының құны қанша?

Биыл Кремль идеологтары әскери парад өткізу үшін 210 миллион рубль шығындапты. Жоғарыда айтқанымыздай, Кремль үшін Жеңіс парады – пропоганда құралына айналған. Қазір көптеген шетелдік лидерлер Мәскеу шақырған мұндай парадтарға бармайды. Себебі, біреу ғана. Ресей әлем үшін агрессор ел.

Ал шындап келгенде, Жеңіс күнін Кремль өз пропогандасына пайдаланып келеді. Ол рас. Мәскеу жыл сайын парад өткізеді. Қызыл алаңға келетін соғыс ардагерлері жыл сайын азайып, әскери аппараттар, ұшақтар, танкілер т.б. көбейіп келеді.

Кремль өткізетін Жеңіс парады құдды сұм соғыстың зұлматын көрген қарт майдангерлерді емес, Ресей билігін, Путин әскерінің «құдіреттілігін» ұлықтау процессі іспетті.

Ал біз сол Кремль идеологиясының ықпалын өз елімізде-ақ, көріп-біліп жүрміз... Оның дәлелі кешегі Оралдағы ой бөтен оқшау топтың қазақты қырған қандықол диктатор Иосиф Сталинді ұлықтап, оған тәу етіп, тағзым жасауы! Оның дәлелі, биыл еліміздің ірі-қалаларында өткен «Бессмертный полк» акциясында сол Сталиннің дәудей портреттерінің төбеге көтерілуі! Сол арқылы біз Қазақстанның «Ұлыдержавалық шовинизм шоуының» сахнасына айналғанын көрдік.

Әне, Владимир Путин ертең 75 жылдықтың парадына келуді міндеттегендей сөйлеп, «келмесеңдер қателік жасаған боласыңдар» деп жатыр. Әрине, әлі жеткенге әкіреңдеп сөйлейтін солтүстіктегі сойы бөтен сол жұрттың шақыртуын қабыл алғандардың қатырындамыз. Тіпті, Қызыл алаңмен біздің де әскер сап түзеп өтетіні ақпаратта хабарланды.

Мақұл ғой, шешімі шығып қойған бұл мәселеде біз өзгеріске ықпал ете қоймаспыз. Десе де, дөп келгенде, «деп» қалуымыз керек-ақ! Азды-кем сарап қылдық. Ұлықтарға ой тастаған болдық... Әрісі, біздің қолдағы іс емес.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

30 пікір