Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4513 0 пікір 1 Қыркүйек, 2011 сағат 05:24

Төлеби Оспан. Бізге қажеті өсек емес, нақты іс...

Қасиетті Рамазан айының алғашқы күндері «Жас қазақ үні» газетінде қос Бейбіттің арасында болған «ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫ ТЕК ХАНАФИ МАЗХАБЫН МЕЙЛІНШЕ БЕКЕМ ҰСТАНУЫМЫЗДА ҒАНА ЖАТЫР!» атты сұқбат жарияланды. Екеуара әңгімелесушілердің аты да, заты да ұқсас екен. Олай дейтінім, сұқбат алып отырған Бейбіт Тоқтарбай бүгінгі журналист, сұқбат беріп отырған Бейбіт Сапаралы ит көйлегін одан бұрынырақ тоздырған журналист.

Қос журналист арасындағы   діни ахуал жайында өрбіген әңгіменің тұжырымы бойынша түрлі шиеленістер мен қиындықтарды туындатып отырған бүгінгі діни басқарма секілді. Сондықтан оны таратып, басшысын тез арада ауыстыру қажет деген ой айтылған. Әуелі осы діни басқармаға сын айтып отырған Бейбіт Сапаралы деген кім, соған тоқталып өтейік.

Қасиетті Рамазан айының алғашқы күндері «Жас қазақ үні» газетінде қос Бейбіттің арасында болған «ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫ ТЕК ХАНАФИ МАЗХАБЫН МЕЙЛІНШЕ БЕКЕМ ҰСТАНУЫМЫЗДА ҒАНА ЖАТЫР!» атты сұқбат жарияланды. Екеуара әңгімелесушілердің аты да, заты да ұқсас екен. Олай дейтінім, сұқбат алып отырған Бейбіт Тоқтарбай бүгінгі журналист, сұқбат беріп отырған Бейбіт Сапаралы ит көйлегін одан бұрынырақ тоздырған журналист.

Қос журналист арасындағы   діни ахуал жайында өрбіген әңгіменің тұжырымы бойынша түрлі шиеленістер мен қиындықтарды туындатып отырған бүгінгі діни басқарма секілді. Сондықтан оны таратып, басшысын тез арада ауыстыру қажет деген ой айтылған. Әуелі осы діни басқармаға сын айтып отырған Бейбіт Сапаралы деген кім, соған тоқталып өтейік.

Бейбіт Сапаралы жазушы, журналист, ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Экология» академиясының академигі, «Қағанат» ғылыми-мәдени орталығы және «Қағанат» консорциумының басшысы. Осы атақ, абыройының арасына «дінтанушы» деген тағы бір атағы бар. Бұл атақты өзі қосып алды ма, әлде сақалы мен «қажы» екенін ескерген журналисттер қосып берді ме, кім білсін?! Өйткені, журналист болу үшін журналистика мамандығын, агроном болу үшін ауыл шаруашылық мамандығын, көлік жүргізу үшін арнайы көлік жүргізу куәлігі қажет. Ал, енді бұл «дінтанушымыз» діни білімді қайдан алған? Қандай медреседе діни білім алып яки қай университеттің дінтану мамандығын тамамдаған? Жоқ әлде, басына жарасымды тақия киіп, сақал қойғанның бәрін «дінтанушы» дейміз бе? Жә, жарайды. Дейтұрғанмен, журналисттің сыни пікірін біз де өзімізше талқылап көрелік.

Сөзді сұқбаттағы үндеуге қатысты пікірден бастасақ Бейбіт Сапаралы былай депті «...Бас мүфти шынымен орынды пайдаланатын болса, мұсылман үмбетіне жыл он екі ай ішінде жүздеген мәрте қымбатты ұсыныстар тастай алады, әрдайым тақуалыққа шақыра алады. Ол таңда да, кеште де, тіпті түн ортасында да мешіттер мен медреселер, заманауи ғаламтор мүмкіншілігін пайдаланып миллиондаған жамағатқа тоқтаусыз үн қата береді. Алланы неге көп ұлықтап жатсың деп оған ешкім сын таға алмайды. Ал айтары тапшы дінбасы көп толғатып, тек әкім-қаралар мен Үкімет мүшелерін ғана нысанаға ұстап, діни мәселеден гөрі саяси-экономикалық жағдаятты көп көксеп, қанды оқиғалар орын алғанда жоқ болып кетіп, жеке басы үшін сын сағат тақалғанда табан асты бар бола қалып, сіз айтып отырғандай қайшылыққа толы үндеу жариялайды».

Мына сөзден кейін Бейбіт қажы өзі байырғы журналист бола тұра газет-журнал оқып, теледидар қараудан қалған-ау, сірә деген ойда қаласың. Баспасөз беттеріне жарияланған Бас мүфтидің үндеулері мен түрлі маңызды тақырыптардағы көлемді мақалаларына көз жұма қарағаны қалай?!

Мәселен, 2003 жылы Дінбасы Ә.Дербісәлі хазрет түрлі қуғын-сүргін мен соғыс жылдары қаза тапқан марқұмдарды еске алу мақсатында «Өткенге құрмет - елге құрмет» деген үндеу жариялады. Еліміздегі барлық мешіт имамдарына сәуір айының соңғы сенбісі зираттарды тазалау күні, ал 31-мамырда шаһиттер мен түрлі зобалаң құрбандарына арнап құран бағыштауды тапсырды. Бұл жыл сайынғы үрдіске айналды.

2004 жылы Мәскеудің Рига метро стансасында бейбіт адамдардың қанын төккен лаңкестер мен Солтүстік Осетияның Беслан қаласындағы мектеп оқушыларын кепілдікке алған жауыздардың іс-әрекеті мұсылманшылыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтындығын нақты Құран аяттары мен пайғамбар хадистеріне сүйене отырып айыптады. Осы жағдайды мысал ете отырып, ел мұсылмандарын фанатизмнен аулақ болуға шақырды.

2005 жылы Сырдария арнасынан тасып, ежелгі рухани ордамыз Отырар ауданы мен Қызылорда облысының кейбір ауылдарын су басқан кезде, Дінбасы Ә.Дербісәлі хазрет «Қиындық бөліссек қана жеңілдейді» деген үндеу тастады. Қиындыққа тап болған отандастарымызды сабырға шақырып, барша ел тұрғындарын жәрдем беруге шақырды. Сондай-ақ, осы жылы Ұлы отан соғысында ерлікпен шайқасып, тылда жанқиярлықпен еңбек еткен аталар мен апалардың еңбегін бүгінгі ұрпақ үлгі тұтып, оларға әрдайым құрмет көрсетуге шақыратын «Аталар ерлігі бізге үлгі» деген үндеу жариялады.

2006 жылы «Хизбут-тахрир» ағымы мен исматуллашыл тобының бет пердесін ашып, ел мұсылмандарына аталмыш ұйымдардың қызметі мен арам ойын әшкерелеп, ел бірлігі мен ынтымағына сызат түсіреді деп пәтуә шығарды. Осы жылы Ирақ мұсылмандары шиит және суннит болып бөлініп, қырық пышақ болып жатқанда Құрандағы «Мүміндер анығында бір-бірімен бауыр» аятын басшылыққа алып, оларды өзара келіссөз жүргізіп, ортақ мәмілеге келуге үндеді.

2010 жылы қызылағаштық ағайынның басына Алланың сынағы түскенде Бас мүфти өзі барып мән-жаймен танысып оларды сабырға шақырды. Ел мұсылмандарына табиғаттың тосын апатына ұшыраған қандастарымызға жәрдем беруге үндеу тастап, діни басқарма қызметкерлері 1 күндік жалақыларын арнайы ашылған қордың есепшотына аударды.

Көрші қырғыз елінде дүрбелең басталып, бүлік шыққанда да Дінбасы мұсылман баласы қандай да бір күрделі мәселені шешуде қақтығыс пен бүлік жолын емес, татулық пен келісім, түсіністік, келіссөз жолын таңдау керектігін айтып, айыр қалпақты ағайынды сабырға шақырды.

Енді осы үндеулердің қайсы бірін ел мүддесіне қайшы дей аламыз? Әрбір үндеу көтерілген мәселенің жүз пайыздық шешімін таптырмаса да бұл жағдайларға діни басқарманың бей-жай қарап отыра алмайтындығы мен аз да болса үлес қосуға деген жанашырлық әрекетінің бір көрінісі. Тіпті, әрбір үндеуіне үн қосып, жер-жерлерден қолдау тауып та жатады.

Бұған дейінгісін тізбектемей-ақ, еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде 2011 жылдың өзінде Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің төмендегідей ғылыми ізденістен туған көлемді материалдары жарық көрді. Олар: «Каир медреселерін басқарған Отырар имамы», «Ислам: діндераралық түсінік пен сыйластық», «Каирдегі Бейбарыс медресесінің тараздық ұстазы», «Ежелгі Кашмир мен Делидегі Түркістан перзенттері», «Мінажат», «Дінаралық үнқатысу - түсіністік бастауы», «Дін», «Отанды сүю және ынтымақ пен бірлік», «Түркиядағы жазба жәдігерлерлеріміз», «Дінаралық түсіністік - аса маңызды мәселе», «Қазақстан - Батыс пен Шығыстың алтын көпірі», «Ислам. Құран. Ғылым», «Өзін-өзі өлтіру - ауыр күнә», «Қазақ руханиятындағы кердерилер» т.б. Бұл еңбектердің барлығы да халықтың имандылығы мен діни танымын арттыру жолында жасалған қам-харекет.

Ал, Рамазан айына қатысты жеңілдік жасау үндеуі бірнеше жыл қатарынан жалғасып келе жатқан дәстүрлі үндеу. Жалпы, жұртшылық дән риза. Үндеу Сапаралы айтқандай тек қана министр мен әкім-қараға бағытталмаған. Кәсіпкерлер мен жалпы халыққа да қарата айтылған. Сондықтан үндеу мұсылмандар тарапынан қызу қолдау тауып, нәтижесінде алпауыт сауда орталықтары мен түрлі деңгейдегі дүкендер Рамазан айының құрметіне жеңілдектер жасауда. Бұл тұтынушылардың бүйірін шығарып, байытып жібермесе де едеуір жеңілдік болары сөзсіз. Басқа мерекелер кезінде ұйымдастырылатын түрлі арсыз акциялар мен ұлттық санамыз бен діни қағидамызға жат көріністерге көз жұма қарап, жамағат қолдаған үндеуді сынағаны несі?! Рамазан кешірім айы, жомарттық айы, мұсылман баласының игі іс жасауда аламан бәйгеге түсетін айы болғандықтан адамдарды жақсы іске үндеу - жеке бастың қамы үшін емес, жалпы жұртшылыққа қажет.

Өз сөзінде Бейбіт қажы биылғы ораза айына байланысты мынадай байбалам салыпты: «...Бірақ мықтап ескеретін шариғат мәселесі сол, рамазан айы бәленше күні анық басталады деп бір жыл не бір ай бұрын «көріпкелсымақтардан» басқа жаһан мұсылман елдері ішінде ешкім де алдын-ала жар салмайды...

...Соңғы он жыл ішінде біздер оразаны әлем мұсылмандарымен дәлме-дәл уақытта бірге бастағанымыз сирек. Не бір күн кеш, не ерте бастап кетеміз. Қадыр кешіміз де солайша жылжуда деген сөз. Ал мұсылман елдерінің жағрафиялық орналасқан жерлеріне қарасаңыз уақыт айырмасы 3-4 сағат айналасы ғана. Соңғы үш жыл ішінде мың жыл бойғы атам қазақ айтқан «Отыз күн оразаны» қасақана 29 күнге қысқартып келе жатқанымыз, т.б. жанға батқан мәселелерді ықтияттап бір жүйеге түсіруге болар еді», - депті.

Ай күнтізбесі бойынша, бір ай - 29-30 күн. Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с.) өмірінде 9 жыл ораза ұстаған болса, соның 4 жылы 29 күн, 5 жылы 30 күн етіп ұстаған деген дерек бар. 30 күн оразаны қасақана қысқартып отыр деу орынсыз уәж. Мәселен, биыл Рамазан Ресейде - 29 күн болса, еншісін алса да, Ресейдің қоластында жатқан Татарстанда - 30 күн. Ал, Түркияда - 29 күн. Алдын-ала ешкім хабарламайды деп жар салмас бұрын астрономиялық есепке сүйенген Түркия Дианет істер басқармасының сайтындағы (http://www.diyanet.gov.tr) 1900 жылдан бастап, 2015 жылға дейін көрсетілген Рамазан мен Құрбан айт уақыттарын қарасаңыз етті. Түріктер биылғы емес, алдағы 4 жылдың уақытын жариялап қойған. Жерден жеті қоян тауып алғандай жөнсіз байбалам салудың қажеті қанша?!

Сөзімізге мына бір риуаятты дәйек еткенді жөн көреміз. Саъд инб Әби Уаққас (р.а): «Бірде пайғамбарымыз (с.а.с.) біздің алдымызға кіріп келіп, қолдарын бір-біріне ұрып: «Ай мынадай, Ай мынадай, Ай мынадай» деп екі рет он саусағын көрсетіп, үшіншісінде бір саусағын жұмып тоғыз етіп көрсетті», - деп риуаят етеді. (Имам Ахмад пен Имам Мүсілім жеткізген). Демек, хадисте айдың 29 күн болатындығы да айтылып тұр.

«Дін мәселесінде пікірталасу мәдениетін жақсы меңгермеген» деп бүкіл Қазақстандағы имамдарға топырақ шашқан Б.Сапаралы өзінің мынадай жала жабу мәдениетімен үлгі көрсетуді жөн санапты: ...«Тіпті, Абай.kz, Зона. kz, БАӘ-гі «әл-Баян» газетінде атап көрсетілгендей, өткен жылы бас муфти араб байларынан Қазақстан мұсылмандары қажеттіліктері үшін деп 13 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жария садақа алыпты. Қайда, қандай мақсатта жұмсалғаны ешкімге белгісіз бұл қаражатты тиісті заң орындары мұқияттап тексерсе, ақиқат жай орнығар еді. Пақырдың, міскіннің, кембағалдың, жетімдер мен жесірдің ақысын жемей мәселелер нақты, жоспарлы жария түрде жүзеге асырылып жатса, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына өте үлкен сеп болар еді...».

Құранда күмәннің көбі күнә екенін ескерткен. Сондықтан әртүрлі алып-қашпа әңгімеге қарап, куәгерсіз үкім айту шариғат тұрмақ адамгершілік қағидасына қайшы емес пе?!

Бас мүфти Ә.Дербісәлі хазрет еліміздің әртүрлі аймақтарында мешіт ашу салтанаттарына қатысып жүр. Қонақшыл қазақ халқы ауылына ат терлетіп келген Дінбасына құрмет көрсетіп, бірі иығына шапан жапса, енді бірі әбзелдеп ат мінгізіп жатады. Дінбасы сол сыйлық берушіден: «Бұл сыйлықты маған беріп тұрсыз ғой, ә?! Мұны не істесем де өз еркім ғой», - деп сұрап алады. Әлгі адам басын қайта-қайта изеп: «Иә, бұл сізге арналған сыйлық», - деген соң шапанды сол ауылдың ең үлкен қариясының иығына жауып, ал сәйгүлікті мұқтаж отбасының баласына мінгізіп кетеді. Сый-сияпат көрсетуші адамдар «бұл сыйлық сізге арналған, өзіңіз алуыңыз керек» деп шуласып қалып жатады. Мұндай жағдайға өз басым бірнеше рет куә болдым. Егер Бас мүфтидің иығына жабылған шапандарды жинаса, тек қана сол шапандарды сатуға арналған бір дүкен ашуға болады. Сондай-ақ, мінгізілген аттардың да бірнеше үйір жылқы болар кезі болды. Мұны мысал етіп отырған себебім, жеке басына жасалып отырған сый-сияпаттан бас тартқан адам пақыр мен міскіннің, жетім мен жесірдің ақысын жеп, қайырымдылықтан түскен қаражатты жеке басының пайдасына асырып отыр деуі - барып тұрған жала. Діни басқарманың бюджеті мен қайырымдылықтан түскен қаражат тек қана асыл дініміздің жолында жұмсалатындығына еш күмән жоқ. Егер титтей де ұятыңыз болса, бұл жапқан жалаңыз үшін діни басқарма мен оның Басшысының алдында кешірім сұрағаныңыз жөн.

Арысы Меккеге бір рет, берісі Түркістанға төрт рет барып, «дінтанушы» атанған ақылманға айтарым, әуелі 3 жыл медресе қабырғасында яки 4 жыл Ислам университетінде арнаулы діни білім алып, сосын ауылдық мешітте жалақысыз имам болып қызмет атқарсын. Ауыл жамағатының руханиятын көтеріп, сосын аудандық деңгейде қызмет жасасын. Қала, облыс орталықтарындағы мешіттерде қызмет атқарып, шынайы ахуалмен қанықсын. Бір сөзбен айтқанда барлық баспалдақтарды басып өтіп, түрлі деңгейдегі жамағатпен жұмыс жасап көрсін. Осы қызметтер барысында отбасын асырай отырып, халықты рухани нәрмен сусындандырсын.

Қазақстандағы барлық имамдар сауатсыз деп санайтындар, бүгінде талас-тартыс туғызып отырған түрлі мәселелерге қатысты Құран мен сүннетке және Ханафи мазһабының ұстанымына сай тың еңбектер жазсын. Ақылға қонымды тығырықтан шығар түйіткілді жолды нұсқасын. Ал егер бұлай батыл қадам жасауға нәпсісі жібермей яки білімі жетпесе, негізсіз өсек-аяң айтатын екі елі ауызға бір елі қақпақ деп аузына тас салып жүрсін!

«Сізді мүфтилікке ұсынып жатса, қалай қарайсыз?», - деген сауалға құрамында өзінен басқа қызметшісі саусақпен санарлық мекеменің басшысы Б.Сапаралы былайша жауап беріпті: «Ел аузына қақпақ бола алмайсыз. Аңғал қауым кім ұнап қалса, соны дереу болашақ муфтилікке лайық екен деп жатады. Өзгерісті, жаңғыруды қалағандықтан бәйек болып, бата берісіп жатады. Қарапайым жамағаттан бастап жер-жердегі діндарлар қауымы Елбасының алдына дейін кей-кейде осындай ұсыныстар көтеріп қалатынын соңғы он бес жыл бойы естіп келемін. Үлкен үміт арқалап, шын ниетімен пікір білдірген ел ардақтыларына истиғфар айтып, алғыстан басқа айтарым жоқ», - деп ағынан жарылған ағамыз өткен құрылтайларда мүфтилікке лайық деп өзі санайтын біршама кісілердің аты-жөнін атай келе алдағы уақытта алда-жалда құрылтай кезектен тыс өтіп жатса, үнсіз қала алмаймыз, - депті. Сөйтіп мүфти болуды жатса-тұрса армандап, түс көріп жүрген қажы: «Біздің атымызды айтып бас мүфтилікке ұсынар болса, қиын да сындарлы кезеңде еңбегімізді елеп еске алып жатқан жамағатқа дән ризашылығымызды білдіреміз. Бас муфтилікке тап осы алмағайып заманда кімдер лайықты деген көкейдегі ұсыныстарымызды да бүкпесіз ортаға жайып саламыз», - деп сыпайылық сыңай танытыпты. Демек, әңгімені әріден әкеліп, «мүфти болуға мен әбден лайықпын, мүфти болуға дайынмын» деген сөзді айқайлап айтқысы келіп тұр. Көкек өз атын шақырғандай, бұл сөздері Б.Сапаралы мырзаның кезектен тыс құрылтай болып жатса, өз-өзін ұсыну мақсатын көздеген сайлау алды бағдарламасы іспетті. Алайда, өз саласы бойынша «Еларна» телеарнасының көсегесін көгерте алмай қызметтен шеттетілген адам, 11 миллион мұсылманның рухани көкжиегін ашып, діни басқарманың беделі мен мерейін арттырып, түрлі діни мәселелерді шеше алатын рухани басшы болуға лайық деп кім айта алады?!

«Өткелде ат ауыстырмайды» демекші, бүгінгі бар мәселенің шешімі Бас мүфтиді ауыстыру емес, заман талабына сай қызметі түзеліп келе жатқан діни басқармаға жан-жақтан қолдау көрсету. Болашақта мүфти болатын адам, бүгінгі мүфтимен деңгейлес болмайынша діни басқарманың жұмысын дамытып-өркендетуі және оның ішкі-сыртқы беделін ұстап қалуы неғайбыл. Құдайға шүкір, бүгінде діни басқармада Мысырда, Түркияда және Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінде білім алған білікті де білімді мамандар қызмет етуде. Ел мұсылмандарының рухани идеологиясын бір ғана адамға яки саусақпен санарлық ғана қызметкері бар діни басқармаға артып қою дұрыс па?! Қит етсе, діни басқармаға қарай шоқпар ала жүгірмей оның мәртебесін көтеріп, қаржылық тетігін шешу қажеттілігі уақыт күттірмейтін мәселе екенін жауыр болса да айтудан жалықпау керек. Сонда штат та көбейіп, қызметтің өрісі де кеңейеді, беделі де артып, біршама мүмкіндіктерге де ие болары хақ. Әр тұстан итше таламай, жұдырықтай жұмылып, біріңіз «қажы», біріңіз «дінтанушы», енді біріңіз «журналист» болып, мейлі кім болсақ та ата діннің жанашыры һәм жәрдемшісі болайық!

Еңбек демекші, Бас мүфти Ә.Дербісәлі хазрет діни басқармаға келгеннен бері «Ислам және заман», «Жаһан наме», «Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері», «Ұлық имам, имам Ағзам Әбу Ханифа», «Әз-Пайғамбар хазреті Мұхаммед», «Қасиетті Құран», «Рамазан - нұр шашқан ай», «Құрбан айт - құтты мереке», «Курбан айт - благословенный праздник», «Қазақстанның мешіттері мен медреселері», «Ислам - религия мира и созидания» атты еңбектері жарық көрді. Мұның барлығы да аса ізденіспен, шынайы ыждыһаттылықпен дүниеге келген еңбектер. Әсіресе, «Жаһан наме», «Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері», «Қазақстанның мешіттері мен медреселері» атты еңбектері бір-бір ғылыми зерттеу институттары айналысатын дүниелер. Дінбасы Ә.Дербісәлі хазрет өткен ғұлама бабаларымыз жайында тың деректер тауып, олардың еңбектерін таныстыруда. Ол үшін ешкімнен ақы да, алғыс та сұрап отырған жоқ. Осындай ауыр жүкті міндетсінбей керісінше, перзенттік борышым деп біледі. Сондықтан ауызды құрғақ шөппен сүртпей, ғалымның еңбектерін бағалай білу қажет. Түрлі «дінтанушысымақтар» мықты болса, тасадан тас атқанша осындай еңбектер жазып, ел игілігіне ұсынсын. Бізге қажеті сыбыр-сыбыр өсек емес, нақты іс. Меніңше, әрбір адам «ел игілігіне қызмет ету үшін басшы болу шарт емес» деген қағиданы ұстанып, дінге, ұлтқа, қоғамға өз қызметінің аясында аянбай еңбек етіп, пайдасын тигізгені жөн.

Бейбіт қажы, сізді қазақ руханиятының жанашыры, Құранда ғайбатты бауырының етін жеумен балаған Алланың құлы, бөтен біреуді өсектеп, ғайбаттаған адамды құстырып, аят ақиқатын сахабаларына көрсеткен пайғамбардың үмметі деп білеміз. Сондықтан лайым мұсылмандықтан танбай, нағыз мүмінге тән іс-әрекет танытсаңыз етті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметіне тілеулес болу - ел бірлігі мен ынтымағын ойлаған сіздей қажының азаматтық әрі мұсылмандық борышы деп білеміз.

Жарықтық халифа Омар (р.а.) кісі қолынан ауыр жарақат алып, өзіне мұсылманның емес, мәжусидің (отқа табынушы) қастандық жасағанын естіп жаны жай тапқан екен. Иә, ол кісі өлімнен қорқып емес, ақырет күні мұсылманмен жаға жыртысып жатудан қорыққан-ды. Сондықтан ай мен күннің аманында бір-бірімізге жау болмай, сыйластықпен әрі құрметпен қарайық! Бүгінгі тәуелсіз еліміздің әрбір аға буыны өзінің үлгілі іс-әрекеттерімен ғана кейінгі ұрпақтың санасында қалса екен деп тілейміз. Пайғамбарымыз (с.а.с.) жәннатқа кіруімізге кепілдік берген тіл, көз, екі бұттың арасындағы мүшелерімізге әрдайым сақ болуды Жаратқан нәсіп етсін!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2252
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3505