Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алашорда 9276 6 пікір 12 Желтоқсан, 2019 сағат 12:29

Сұлтанбек пен Тұрардың ұлттық мемлекет үшін күресіндегі сабақтастық

Биыл республикамызда өтіп жатқан қазақтың тамаша қайраткер ұлдары Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына арналған іс-шаралар кешені дөңгеленіп аяқталуға тақалды. Осы мерекелік оқиғаларды пайдаланып, олардың ұлттық мүддені советтік құрылыс ауқымында қорғау жолында жүргізген күрестеріндегі сабақтастық жайында арнайы бірер сөз айтуды қош көремін. 

Бұл екі тұлға да совет өкіметін орнатуға атсалысқан және қазақтың мұң-мұқтажына кеңестік жаңа билік жауап бере алады деп сенген. Бірақ нақты практика көңілдегідей болмады. Осы қос тарлан да сенген большевиктер партиясы өзінің империялық сипаттағы табиғатын Түркістан өлкесінде іс жүзінде билікке келген сәттен көрсете бастаған еді. Олар іс-әрекеттерінде патшалық режим кезінде орын алған отарлаушылық саясаттан алыс кетпей, ұлыдержавалық шовинизм дертін ұшқындатып тұратын.  Мұндай жәйт Тұрардың да, Сұлтанбектің де қарсы күресін туғызды. Тұрар Рысқұлұлы өз өмірбаянында жазғанындай, «Түркістанда отаршылдар озбырлығы жойылмайынша, шынайы Совет өкіметін жасау... мүмкін емес» деп есептеді. Сұлтанбек Қожанұлы Орталық комитет өткізген ұлт республикалары қызметкерлерінің 4-ші Төтенше кеңесінде сөйлеген сөзінде: «Түркістанда кеңсе маңдайшаларындағы жарнама өзгергенмен, жұмысының мазмұны патша заманындағыдай боп қалған», – деп мәлімдеді. 

Білетініміздей, Түркістан өлкесі жарты ғасыр бойы патшалықтың отары болған. Сол кезеңде жүргізілген самодержавиенің отарлаушылық саясатын революциядан кейін большевизм  қайраткерлері жалғастырған-тын. Қатаң бір орталыққа бағындырылған, іс жүзінде империялық боп табылатын большевиктік партияның мүддесін шет аймақтарға орнықтыруда олар ұлыдержавалық шовинистер кейпінде көрінген еді. Алайда Қазан төңкерісінен кейін туған алғашқы  совет декреттерінде тұжырымдалған идеяларға сенген екі күрескер де халқына қызмет етудің уақыт талабына жауап беретін дұрыс жолы – кеңес билігін орнықтыру деп білді. Бірақ кеңес билігінің ұлттық мүддені елемейтін қыры алдарына тартылғанда, келіс-пеушіліктерін алғашқы советтік құжаттардан түйген өз ұғымдары ауқымында  білдіріп, қарсы іс-әрекеттер жасады. 

1919 жылғы күзде ВЦИК – Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен Совнарком – Халық Комиссарлары Кеңесі Түркістан істері бойынша арнайы комиссия құрып, Ташкентке жіберді. Түрккомиссия өлкеде Орталық партия комитеті атынан ең жоғарғы партиялық бақылау жүргізіп, басшылық жасауға да қақылы болатын. Жүз шақты қызметкерін ертіп, 1919 жылғы қараша айында Ташкентке келген бетте арнайы комиссия жағдаймен мұқият танысты. Мұқият таныса келе, Түрккомиссия мұсылман коммунистерінің республикадағы басшы органдарда басымдыққа ие боп бара жатқанын байқады. Байқады да, большевизм көсемі және совнарком төрағасы Ленин жергілікті жұртпен  «жолдастық қарым-қатынас орнату», сондай-ақ өлкедегі «ұлыорыстық империализмнің қалдықтарын» жою керектігі жайында арнайы хат арқылы өлкедегі коммунистерге берген батаға қарама-қайшы әрекет етті. Түркістан Республикасындағы басты саяси және мемлекеттік билікті тездетіп орталық өкілдері өз қолдарына алуға тырысты. Содан мұсылмандар бюросы мен бірқатар еуропалық коммунистердің ұлт мәселесіне байланысты қарым-қатынасы шиеленісіп кетті. Республикадағы ең жоғарғы заң шығарушы және атқарушы орган ретінде, Түркістан Орталық Атқару Комитеті жергілікті халықтардың ұлттық мемлекетін құруға ниеттенген-тін. Бірақ мәскеулік эмиссарлар жүргізген саясат салдарынан Түркаткомның аты ғана қалды, іс жүзінде өлкедегі  бар билік Түрккомиссияға өтіп бара жатты. Мұндай саяси жағдайдан Тұрар Рысқұлов серіктерімен бірге тиісті қорытынды шығарып, ұлт мүддесін қорғауға бағытталған батыл да ерек әрекет жасады. Өлкенің негізгі қожайыны – сырттан келген 5 пайыз еуропалықтар емес, 95 пайыз жергілікті халық болуға тиіс деп білді. Олардың дені түркі тілділер болғандықтан, мемлекет – «Түрк (Тюрк) республикасы», саяси билік – «Түрк (Тюрк) халықтарының коммунистік партиясы» деп аталып, қайта құрылуы қажет, ал өлкедегі еуропалық азшылықтың құқтары тиісті заңнамамен қорғалуы керек деп шешті. 

Осы екі мәселені Тұрар 1920 жылғы 17 қаңтарда Өлкелік партия комитеті, Өлкелік мұсбюро, Шетел коммунистерінің орталық комитеті және Түрккомиссияның бірлескен мәжілісінде  көтерді. Сөйтіп оларды алдағы күндерге белгіленген 5-ші партконференция мен төтенше 3-ші мұсконференцияның күн тәртібіне енгізуді ұсынды. Конферен-цияларға әзірлеген баяндамаларының тезистерін жария етті.  Тезистер бірлескен мәжілісте кеңінен талқыланып, мақұлданды. 5-ші партконференцияның 21 қаңтардағы мәжілісінде «Ұлт мәселесі және ұлттық коммунистік секциялар туралы» баяндама жасап, Рысқұлов өлкедегі партия ұйымының – мұсылмандардың бюросы, шетелдік-тердің орталық комитеті, орыстардың өлкелік комитеті болып үшке бөлініп отырғанын сынады. Республикадағы саяси жетекшілікті ретке келтіру үшін біртұтас партия ұйымын құру  керек деді. Ұсынысы қолдау тапты. Содан соң Түркістан компартиясының барлық ұлттық секциялар біріктірілгендегі жаңа аты «Түрк халықтарының коммунистік партиясы» болсын деді, ол ұсыныс та көпшілік дауыспен қабыл алынды. Жаңадан құрылған Түрк халықтары компартиясының Уақытша орталық комитеті 25 қаңтарда ашық дауыспен сайланды. ОК құрамына 17 коммунист кірді, оның 8-і еуропалықтардан еді. Осы күні өткен 3-ші мұсконференцияда Рысқұлов «Түркістан Республикасының автоно-миялылығы туралы» баяндама жасады. Қызу талқылаудан кейін Түркістан Автономиялық Республикасын РСФСР Конституциясының 2-ші бабына сәйкес  Ұлттық Кеңес Республикасы деп санау және өзін-өзі билеуші жергілікті түркі тілдес халықтардың ұлттық белгісіне нақты түрде аталымды сәйкестендіру, яғни «РСФСР Түркістан Респуб-ликасы» деген атауды «РСФСР Түрк Республикасы» деп өзгерту қажеттігі арнайы бабта тұжырымдалды. 

Саяси өресі биік нағыз ұлт қайраткері ретінде әрекет еткен Тұрар Рысқұловтың жетекшілігімен осылай, большевизм жүргізіп отырған жаңа отаршылдыққа тосқауыл қоюдың нақты қадамы жасалды. Алайда Түрккомиссия бұл шешімдерді әуелде қолдағанмен, артынша қилы тосқауылдар ұйымдастырды. Ақыры Предсовнарком Ленин Рысқұловқа коммунист үшін ұлттық емес, таптық көзқарас тән болуы керектігін ұғындырды. Дегенмен шет аймақта бой көрсеткен тұтастық шошындырып, серіктеріне Түркістанның этнографиялық қартасын жасауды, сосын өлкені «Өзбекия, Түрікмения, Киргизия (яғни Қазақия)» мемлекеттік бірліктеріне бөлшектеуді тапсырды. Сол тапсырманы орындау орайында 1924 жылы Орта Азияда ұлттық-мемлекеттік тұрғыда жіктеп-межелеу науқаны жүргізілді. 

Бұл кезде Тұрар Рысқұлов Түркреспубликадан тағы да шеттетіліп, Коминтернде істеп жүрген. Ал оның 1918–1919 жылдары ашаршылықпен күресуде бір жолдан табылған, 1922 жылы Қазреспубликада тұтқындалған Әлихан Бөкейхановқа бірлесіп араша болған түркістандық үзеңгілесі Сұлтанбек Қожанов республиканың сол  шақтағы басшыларының бірі еді. Түркатком төрағасының орынбасары, Түркістан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы, Ресей Компартиясы Орталық комитеті Ортаазиялық бюросының мүшесі Сұлтанбек Қожанов. Ол мәскеулік кіндік биліктің бастамашылығымен қолға алынған науқанның астарынан көнеден келе жатқан «бөлшектеп ал да, билей бер!» қағидасын дәл аңғарып, ұлт мүддесін көздейтін өз ұсынысын 1924 жылғы 10 наурызда өлкедегі жауапты қызметкерлердің мәскеулік өкілдер қатысқан алғашқы мәжілісінде ортаға салған. 

Сұлтанбек жаңаша межелеп-жіктеуден бұрын Орта Азия республикаларын экономикалық бірлестікке ұйыстыруды, ғасырлар бойы аралас-құралас тұрып келе жатқан халықтардың табиғи қалыптасқан шаруашылық өмірін жанды жерден кескілегендей күйге түсірмей, Ортаазиялық Федерация құруды ұсынған. Орта Азия Федерациясын құру қажет деген ол. Федерацияға бірігіп, сол арқылы Кеңестік республикалар одағының  құрылтайшылары қатарына қосылудың артықшылығын дәлелдеген. Ортаазиялық Федерацияда ұлттық бірліктердің даму деңгейлерін теңестіріп, көтеріп алғаннан соң, дербес республикаларға бөліну орынды да, тиімді боларын айтқан. Бұл ұсыныстарымен Сұлтанбек Қожанов Тұрар Рысқұловтың жүзеге аспай қалған бастамасын жаңа саяси ахуалда, жаңаша қолдаған еді. Өйткені ол да, саяси өресі жоғары нағыз ұлт қайраткері ретінде, тек өлке халықтарының бірлігін жоғалтпай, өзара қарым-қатынасын нығайтып, арттыру арқылы ғана орталықтың отаршылдық озбырлығынан сақтануға, шынайы ұлттық даму жолына түсуге мүмкіндік туатынын айқын пайымдаған. Сұлтанбек межелеуге түбегейлі қарсы емес-тін, тек мұны өлкедегі халықтардың экономикалық даму деңгейлерін көтеріп, дербес өмірге дайындап алғаннан кейін ғана жасау керек деп есептеген. Онысы сол кезгі саясат тұрғысынан да, бүгінгі көзқараспен қарағанда да дұрыс әрі кемел қоғамдық-саяси ой болатын. 

Тарихтың 1924 жылғы осы бір ірге ажырату үдерісі жазылған бетінен, сондағы орындалмай қалған жобаның себеп-салдарынан сабақ алғанымызда,  сөйтіп 1991 жылы кеңестік билік ыдыраған тұста құрылған славян мемлекеттері бірлігімен Үлкен Түркістан елдері боп бірігіп барып тең дәрежелі қарым-қатынас жасау бағдарын ұстанғанымызда, бәлкім, еліміздің тиімдірек даму жолына түсуі ықтимал еді. Ұлттық межелеу тарихын зерделей отырып, Орта Азия мемлекеттерінің қауымдастығын құру арқылы бұрынғы КСРО-ның Еуропа бөлігіндегі бірлестікпен мүмкіндігінше жаңаша байланыс қалыптастыруды, бәлкім славян-түркі конфедеративтік бірлігін құруды жүзеге асырғанда болашағы зор іс болар ма еді, қайтер еді... Өйткені Кеңес Одағынан жаңа ғана шыққан, даму деңгейлері шамалас республикалар үшін өзара қауымдасып, ықпалдастық орнату оңай еді. Ел келешегін шын егемендік тұрғысынан ойластырудың ғаламат мүмкіндігі сол тәуелсіздік буы мастандырған шақта туғаны күмәнсіз-тін. Бірақ болар іс болды, бізге енді тарихи белестерді бүгінгі күн тұрғысынан парықтауға, сол кезеңдердегі қайраткерлеріміздің іс-әрекеттерін тарихи тұрғыда пайымдап, әділ бағалауға тырысу ғана қалды.  

Тұрар Рысқұловтың Түрк Республикасы мен Түрк халықтарының компартиясын құру жайындағы батыл әрекеттерін де, Сұлтанбек Қожановтың Орта Азия мемлекеттері мен Қазақстанның экономикалық  одағын құруға және оларды Ортаазиялық Федерацияға ұйыстырып барып, Советтік Республикалар Одағының құрылтайшысы қатарына кіруге шақыруын да уақытында белгілі күштер жүзеге асыртпағанмен, біз оларды сол кезгі саяси ойдың кемел туындысы іспетті қабылдаймыз. 

Қазақтың осы қос адал перзентінің кеңестік платформада 1920 және 1924 жылдары ұлт мүддесін көздеп, түркі тұтастығы үшін жүргізген күрестері 1918 жылы құлатылған Түркістан мұхтарияты (автономиясы) үкіметінің премьер-министрі, эмиграциядағы Мұстафа Шоқайдың Түркістан халықтарының бірлігін уағыздаған ойларымен үндесіп жатқанын атап айту ләзім. Осы үш ұлттық тұлғаның әрқайсысы да біздің тәуелсіз мемлекетіміздің тарихына есімдерін алтын әріптермен жазып қоюға әбден лайық. 

Биыл туғанына 125 жыл толуы атап өтіліп жатқан Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов сынды кеңестік тамаша қос қайраткер мен келер жылы туғанына 130 жыл болатын, кеңестік реформаларға сыни көзбен қараған тұтас түркі көсемі Мұстафа Шоқайдың ұлттық мемлекет құру мәселесіне байланысты танытқан, дамытқан қоғамдық-саяси ойлары, ерен іс-әрекеттері ел мүддесіне қызмет етіп жүрген бүгінгі азаматтарымыздан бастап барлық өскелең жас ұрпағымызға үлгі болуға тиіс.  

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

6 пікір