Сенбі, 20 Сәуір 2024
Дат 4429 6 пікір 12 Желтоқсан, 2019 сағат 11:47

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың назарына!

Менің ҚР «Жер кодексіне» байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған ұсынысыма туралы қырғыз журналисттері де назар аударып, Қырғыздың ұттық лидері Өмүрбек Текебаевтың Жер заңына қатысты жобасына тағы бір мәрте тоқталыпты.

ҚР «Жер кодексінің» 37-, 46-, 100- баптарында Оралмандарға жер учаскелерiн беру қарастырылған.

Осыған байланысты, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына алда жаңадан қабылданатын «Жер кодексінің» аталған баптарындағы «Оралмандарға» деген сөзден кейін «және Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға;» деген сөйлемді қосып, шеттегі этникалық қазақтарға да жердің пайдалану құқығын беруді ұсынғам.

Егер, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға Жер телімдерінің пайдалану құқығын беру жобасы іске асса, Елімізге шеттегі қазақтардың әлеуетінен пайдалану мүмкіндігі туады. Олар Қазақстанға келіп, кәсіпорындар құра алады. Жұмыс көздері ашылады...
Сөйтіп, отандық өнімді өз елдеріне апарып, үлкен нарықта еркін сата алады.
Тіпті, өзі тұрған елдердегі өзге ұлттар қазақтар арқылы Қазақстанға қаржы сала бастайды...

Сонымен бірге, қазір «Отандастар қоры» «Этникалық қазақтарды мемлекеттік қолдау туралы» Заң жобасын дайындау үстінде.
Аталған заң аясында «Қазақ картасы» деген ұғымды енгізгелі жатыр.
«Қазақ картасын» алған этникалық қазақтар жеңілдік алып, шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзе алады.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бұл мәселені терең түсініп, іске асырады деген сенімдемін!

Ауыт Мұқибек

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі

Abai.kz

6 пікір