Дүйсенбі, 20 Қаңтар 2020
457 0 пікір 9 Желтоқсан, 2019 сағат 11:58

Елордада қамқорлықсыз қалған балаларды қолдау мақсатында «Таңғажайып әуен» фестивалі өтті

«Дегдар» қайырымдылық қоры және «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы Нұр-Сұлтан қаласында «Таңғажайып әуен» фестивалі аясында қайырымдылық концертін өткізді.

Кеште балаларды қолдауға арналған оперетта мен мюзиклдердің танымал ариялары шырқалды. Дариға Назарбаева, Медет Шотабаев, Мейір Байнеш, Әлфия Кәрімова, Азат Мәлік, Азамат Жылтыркөзов, мемлекеттік «FORTE TRIO» триосы, «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі мен хоры, дирижер Абзал Мұхитдинов меймандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кешті театр және кино актері Шыңғыс Капин жүргізді.

Қор директоры Лаура Ахметова көрермендерге арнаған сөзінде көмек көрсеткендерге алғысын білдіріп, қайырымдылыққа жіберілген қаржының қайда жіберілетінін айтты: «Өткен жылы фестиваль аясында 52 миллион теңге қаражат жиналып, төрт ауылдық балалар үйі арасында бөлінген болатын. Онда 209 бала қамтылды. Биыл 315 баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Фестиваль аясында жиналған барлық қаражат ауылдық жерлердегі балалар үйлерін жабдықтауға бағытталады. Қаражат жинау әлі де жалғасып отыр әрі қайырымдылық шарасына бәріміз де қатыса аламыз».

Биылғы жылы қайырымдылық жинағы ауылдық жерлердегі төрт балалар үйінің мұқтажына жіберіледі. Олар Ақмола облысындағы балабақша-мектеп-интернаты,  Шығыс Қазақстан облысындағы №8 балалар үйі, Қарағанды облысындағы жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Литвинск мектеп-интернаты және Қостанай облысындағы орталық жүйке жүйесі органикалық зақымдалған және психикасы бұзылған балаларға арналған Рудный мамандандырылған балалар үйі.

Қаражат сонымен қатар ерекше актерлер театрының жұмысын қолдауға бағытталатын болады.

Abai.kz

0 пікір