Жұма, 19 Сәуір 2024
Алашорда 13658 6 пікір 9 Желтоқсан, 2019 сағат 10:34

Тұрар Рысқұловтың түркі тұтастығы үшін күресі

Тұрар Рысқұлов Түркістан Республикасы Халкомкеңесінің төрағасы лауазымымен 1923 жылғы сәуірде Ресей компартиясының 12-шi cъезіне делегат болып қатысты. Cол съезде Орталық Комитеттің мүшелігіне кандидат болып сайланды. Бұған дейін ол 16-шы жыл көтерілісшілерін қолдаған, 17-ші жылғы Ақпан революциясы жол ашқан саяси мүмкіндіктер ауқымында қоғамдық  өмірге белсене араласып, жастар ұйымын құрған. Сол жылғы қыркүйекте большевиктік партия мүшесі болған. Ал Қазан төңкерісінен кейін кеңес өкіметінің Әулиеата үйездік буынында белсенді ұйымдастырушылық жұмыстар атқарған. 1919 жылдың күзіндегі Кеңестер съезінде Түркреспубликаның Денсаулық сақтау халық комиссары лауазымына сайланып, үкімет құрамына кірді. Республикалық деңгейдегі қызметтерінде, әсіресе түрлі комиссариат өкілдерін біріктірген арнайы комиссияны басқарып ашаршылықпен күресу кезінде қилы астам да қазақ мүддесіне шекеден қараушылықтармен бетпе-бет келе жүріп, ұлт мәселесін терең түсінді. Түркатком төрағасының әуелі орынбасары, сосын төрағасы лауазымында өлкенің ұлттық тұрғыда дамуына бар күш-жігерін  жұмсады. Түркістан халықтарының біртұтастығын паш ететін ірі шешімдер қабылдауға қол жеткізді. Одан Мәскеуде екі жылдай Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатында қызмет атқарғаннан кейін, 1922 жылдың күзінде Ташкентке қайта оралып, Түркреспубликаның Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болған-ды. Партия форумына осы лауазымымен келген.

12-шi cъезде ұлт мәселесі қаралды. Ұлт мәселесі бұған дейін  В.И. Лениннің қатысуымен өткен 1919 жылғы 8-ші, 1921 жылғы 10-шы съездерде сөз болған. Ленин денсаулығына байланысты тұңғыш рет қатыса алмаған бұл съезде большевиктік партия билікке келгеннен бергі бес жылдық тәжірибе ескерілген-тін. 12-шi cъезде И.В. Сталиннің «Партиялық және мемлекеттік құрылыстағы ұлттық сәттер туралы баяндама» деп аталған, іс жүзінде қалыптасып жатқан жаңа коммунистік империяда ұлт мәселесінің қойылу реті мен шешілу жолдары белгіленген баяндамасы тыңдалып, талқыланды. Содан он шақты жыл бұрын, монархия мызғымастай боп тұрған шақта, Ленин Сталинді ұлт мәселесі туралы алғашқы большевиктік еңбек жазуға кіріскен «тамаша грузин» деп атаған еді. Сол «тамаша грузин» большевизм билікті басып алғаннан бастап алғашқы кеңес үкіметі құрамында ұлт істері жөніндегі халық комиссары – наркомнац болды да, кеңестік негіздегі ұлттық-мемлекеттік құрылыстың, 1922 жылы республикалар одағын құрудың бел ортасында жүрген. Партиялық форумдарда ұлттық құрылыс мәселелерін талқылап тұруға ұйтқы боп тұрған. Енді 12-ші съездегі баяндамасына орай болған жарыссөзді мұқият тыңдап, талқылауларды  қорытындылады, қабылдануға қойылған қарар жобасына ұсынылған түзетулерге жауап берді. Сталин «коммунистердің күллі қызметінің негізі – жұмысшылар өкіметін нығайтуға бағытталған жұмыс» деді, ал ұлт мәселесі – әрине маңызды, бірақ одан кейін қолға алынатын, «жұмысшылар өкіметін нығайту» мәселесіне бағынатын шаруа екенін айтты. Пролетариат диктатурасының саяси негізі – шаруалар елдері саналатын шет аймақтар емес, ең алдымен және ең бастысы орталық өнеркәсіпті аудандар боп табылатынына баса назар аударды. Халықтардың өз тағдырын өзі айқындау құқынан басқа, жұмысшы табының өз өкіметін күшейтуге құқы барын, халықтардың өз тағдырын өзі айқындауға хақылығы тап соған, таптық құққа бағынышты жағдайда тұратынын еске ұстау керек деді. Билікке келген жұмысшы табының өз диктатурасын жүзеге асыруына кедергі жасамау керек деді. 

Ленин ұлт мәселесінің «жұмысшы мәселесіне» бағынышты болатынына Маркстің өзі күдік келтірмегенін айтқан деді Сталин, сөйдеп, көсемнің осы пайымын ұлт мүддесін тез шешуге «тым ынталанушы жолдастар» ұмытпағаны жөн болмағын ескертті. Кеңестердің жалпыодақтық съезінде сайланатын, бірінші палата болуға тиіс  таптық өкілдікпен қатар, ұлттардың өкілдігінен құралатын екінші палата жасауды ұсынды. Қарарда ұлттық республикалар мен ұлттық облыстар өкілдіктерінің теңдік негізде арнайы органы (екінші палата) тағайындалу қажеттігі жазылған бабты «осы республикалар құрамына кіретін барлық ұлттарды есепке алу мүмкіндігімен» деген сөздерді қосуды ұсынды. Өйткені кей республикаларда, мәселен, Түркістан Республикасында өзбектер, түрікмендер, қазақтар және басқа  да ұлыстар бар болғандықтан, олардың әрқайсысынан өкілдер болуын қамтамасыз ететіндей өкілдік құру қажет деді. 

Ұлт мәселесінің қойылу тәртібін Сталин өстіп нобайлаған. Онымен қоймай, араға екі айдай уақыт салып, съездің шешімдерін орындауға жаппай кіріскен кезеңде, ұлт қайраткерлерімен арнайы мәслихаттасып алуды қош көрді. 1923 жылғы маусымда Орталық Комитет ұлттық республикаларда істейтін жауапты қызметкерлермен атақты 4-ші кеңесті өткізді.  Сталин жобалаған ауқымда өткен бұл мәжіліс барша билікті бір орталықтандырудың күшейгенін, яғни централизм күштерінің нығайғанын және республикалардың дербестігін күйттеген күштердің әлсірегенін көрсетті, ұлт мүддесін ойлау өрісінің, 12-ші съездің шешімдерін бетке ұстағандпай көрінгенмен, мүлдем тарылғанына көз жеткізді. 

4-ші кеңесте Сталин «барлық советтік республикалар ішінде – Шығысты революцияландыру тұрғысынан қарағанда, Түркістанның неғұрлым маңызды республика» екенін атап көрсетті. Түркістан Республикасы қайраткерлерін, әсіресе Тұрар Рысқұловты, қатаң сынға алды. Бас саяси басқарма (ГПУ) ұлт мәселесінде Сталин саясатына кереғар көзқараста болғаны үшін тұтқындаған көрнекті революционер Мирсаид Сұлтанғалиев тағдырын мысал етіп, бұдан былай ұлт қайраткерлерінің  қызметі қалай шектелетінін танытты. Қорытынды сөзінде алдағы уақытта «Түркістанды үлгілі республика ету», оны «Шығысты революцияшылдандырудың алдыңғы бекетіне» айналдыру міндеті тұрғанын айтты. Және «бұл мәселені шешуді біз күш-қуатымызды аямай жұмсап, құрбандықтарға аялдамастан, қайткенде жүзеге асыруға тиіспіз» деді.  

 Әділін айтқанда, Сталин 1923 жылы міндеттеп отырған «революция идеяларымен барша Шығысты рухтандыруға тиіс алғы шепке Түркістанды айналдыру» мәселесін Тұрар Рысқұлов 1920 жылы көтеріп, белгілі дәрежеде өмірге енгізген еді. Былай болған. РК(б)П Түркістан өлкелік ұйымының 1919 жылғы наурызда өткен 2-ші конференциясында республикадағы партиялық басшылық істері мен ұйымдастырушылық жұмыстарды жақсартуға көмекші құрылым ретінде Мұсылман бюросы құрылған болатын. Мұсбюроның төрағалығына Тұрар Рысқұлов сайланған-ды. Ол Мәскеудегі партияның Орталық комитетіне, Шығыс халықтары коммунистік ұйымдарының Орталық бюросына Түркістандағы Мұсбюроның алға қойған мақсаты: кеңес өкіметінің экономикалық құрылысына және республика халқының 95 пайызын құрайтын мұсылмандардың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтын қайта құруға көмектесу деп хабарлады. Түркатком басшыларының және өлкепартком мүшелерінің бірі ретінде Мұсылман бюросы жұмысын нағыз революцияшылдық күш-жігер жұмсап, жолға қойды. Мұсбюро мемлекеттік және партиялық жұмыстарда істеуге тиіс  мамандарды мұсылмандар арасынан даярлау үшін ұйымдық-үгіттік курс ұйымдастырды. Тұрардың өзі жергілікті халық өкілдерін партия-кеңес қызметіне тартуды көздейтін осы арнайы курстың тыңдаушылары үшін оқу бағдарламасын жасады. Өстіп, жергілікті халықтар ішінен ұлт қызметкерлерін тәрбиелеуге, оқытуға, олардың кеңес мекемелеріндегі қатарын көбейтуге атсалысты. Курсты бітірген ұлттық кадрлар партия-кеңес қызметінде, үкімет мекемелерінде, шаруашылықтың түрлі салаларында жұмыс істеуге жіберіліп жатты. 

Сонымен бірге Тұрар 1919 жылғы 29 сәуірде Ферғана облысындағы басмашылықпен күресу жөнінде Түркатком құрған төтенше комиссияның төрағасы болды. Көтерілісшілер қозғалысын ауыздықтау үшін большевизм Ферғанаға қызыләскер бөлімшелерін үстін-үстін аттандырып, өлкедегі кірмелерді – шаруалар мен армян-дашнактарды қаруландырып отырған-ды. Комиссиямен Ферғана облысына барып, жағдайды тікелей зерттеп қайтқан Рысқұлов осы жәйтті және көтерілісшілер (яғни советтік терминология бойынша басмашылар) қатарының ұлғая түсуіне совет қызметкерлері мен армяндардың «Дашнакцютун» партиясының Қоқан қырғынынан (Түркістан автономиясын құлатқаннан) бері жалғастырып келе жатқан арандатушылық іс-әрекеттері, бейбіт жұртқа жасаған зорлық-зомбылығы себеп болып отырғанын анықтады. Тұрар Рысқұлов Түркатком мәжілісінде жасаған баяндамасында саяси ахуалды жақсартуды көздейтін шаралар ретінде,  Ферғанада маскүнемдікке салынып, теріс қылықтар жасап жүрген әскери бөлімдерді кері қайтарып алу, «Дашнакцютун» партиясын заңнан тыс деп жариялап, қылмыс жасаған мүшелерін соттау, Ферғанадағы саяси және мемлекеттік билік орындарын жергілікті қайраткерлерге беру, басқа да мәселелерді шешу қажеттігін көтерді. Комиссия атынан арнайы бұйрық шығарып, жергілікті халық арасында орасан зор қылмыстар жасауға жетекшілік еткен «Дашнакцютун» партиясының мүшелері мен қызыләскер қатарында жоқ барлық армяндарды қолдарындағы қаруларын түгел тапсыруға міндеттеді. Рысқұловтың ұсынысына сәйкес, өлкепартком Түркістан өлкесіндегі «Дашнакцютун» партиясының қызметін толығымен тоқтату жайында қаулы қабылдады. Сондай-ақ Рысқұлов өлкеде көтерілісшілерге кешірім жариялап, құрбашылармен келіссөздер жүргізу арқылы бейбіт өмір орнату әдісін ұсынды. Осы саяси жолдың дұрыстығын өмірдің өзі дәлелдеді.

  Рысқұловты осылай кең пішіп ойлайтын ұлт қайраткері еткен қасиет, саяси және ұйымдастырушылық қызметінің басты бағыты, өзі мойындағандай, «отаршылдықпен күресу» болды. «Мен коммунист ретінде эксплуатацияның қилы түріне қарсы тұрдым, Түркістанда отаршылдар озбырлығы жойылмайынша, шынайы Совет өкіметін жасау... мүмкін емес» – деп жазған еді ол өз өмірбаянында.  Өлкенің революцияға дейінгі жарты ғасыр бойы патшалық отары болғаны мәлім. Осы уақыт бойы самодержавиенің басқыншылықпен жүргізген отарлау саясаты патшалықты алмастырған неоимперия қызметшілерінің санасында ұлыдержавалық шовинизм түрінде көрініс тауып тұрған. Тұрар бұл келеңсіздікке қарсы күресудің өтімді жолы ретінде Мұсбюроның жұмысын жандандыра берді. Рысқұловтың жігерлі қызметі нәтижесінде Мұсбюро Түркреспубликада ұлттық секциялар ұйымдастыру және оларды басқару жөнінен елеулі жұмыс атқарды. 

1919 жылғы 4 қарашада ВЦИК пен Совнаркомның құрамына Ш.3. Элиава (төраға), М.В. Фрунзе, В.В. Куйбышев, Ф.И. Голощекин, Я.Э. Рудзутак енген Түркістан істері бойынша арнайы комиссиясы жүзден астам қызметкерімен Ташкентке келді. Түркомиссия мүшелерін республика басшылары қатарында Тұрар Рысқұлов та қарсы алып, жылы құттықтау сөздерін айтты. Комиссия В.И. Лениннің Түркістан большевиктеріне жолдаған хатын ала келген.  Хатта Ленин: «Түркістан халықтарымен дұрыс қарым-қатынас орнатудың Ресей Социалистік Федеративтік Республикасы үшін аса зор, бүкіләлемдік-тарихи мәні бар» екенін жазды. Ол партия мүшелерінен «Түркістан халықтарымен іс жүзінде жолдастық қарым-қатынас орнату, ұлыорыстық империализмнің күллі қалдықтарын... түбірімен құртуды көксеген біздің тілегіміздің шынайылығын іспен дәлелдеу» мәселелеріне бар күш-жігерлерін жұмсауды өтінді. Алайда Түрккомиссия Ленин сызып берген жобамен жүре қоймады. Мұсылман коммунистерінің республикадағы басшы органдарда басымдыққа ие боп бара жатқанын байқап, олармен «жолдастық қарым-қатынас орнату» және өлкедегі «ұлыорыстық империализмнің қалдықтарын» жою жайындағы көсем тілегін жылы жауып қойды да, Түркістан Республикасындағы басты саяси және мемлекеттік билікті өз қолдарына алуға тырысты. Мұсбюро мен бірқатар еуропалық коммунистердің ұлт мәселесіне байланысты қарым-қатынасы шиеленісіп кетті. Республикадағы ең жоғарғы заң шығарушы және атқарушы орган ретінде жергілікті халықтардың ұлттық мемлекетін құруға ниеттенген Түркаткомның аты ғана қалып, іс жүзінде бар билік Түрккомиссияға өтіп бара жатты. 

Осындай саяси жағдайда Тұрар Рысқұлов серіктерімен бірге ұлт мүддесін қорғауға бағытталған батыл да кесімді ой қорытты. Түркістан Республикасы сырттан келген, өлке жұртына шаққандағы үлесі бес пайыз еуропалықтардың емес, қара құрым, 95 пайыз жергілікті халықтың ұлттық бірлігі болғандықтан, мемлекет аталымын ішкі мән-мағынасына сай өзгертіп алған жөн деп тапты. Яғни өлкеде негізінен түркі тілдес халықтар мекендейтіндіктен, мемлекет – «Түрк (Тюрк) республикасы», саяси билік – «Түрк (Тюрк) халықтарының коммунистік партиясы» деп аталып, қайта құрылуы тиіс. Ал еуропалық азшылықтың құқтары тиісті заңнамамен қорғалатын болады. Рысқұлов осы екі мәселені 1920 жылғы 17 қаңтарда болған Өлкеком, Өлкемұсбюро, Шетел коммунистерінің орталық комитеті және Түрккомиссияның бірлескен мәжілісінде   алдағы күндерге белгіленген 5-ші партконференция мен төтенше 3-ші мұсконференцияның күн тәртібіне енгізуді ұсынды. Конференцияларға әзірлеп жүрген баяндамаларының тезистерін жария етті. Тезистер бірлескен мәжілісте кеңінен талқыланып, қолдау тапты. 20 қаңтарда ашылған 5-ші партконференцияның екінші күнгі мәжілісінде Тұрар «Ұлт мәселесі және ұлттық коммунистік секциялар туралы» баяндама жасап, өлкедегі партия ұйымының үшке – мұсылмандардың бюросы, шетелдіктердің орталық комитеті, орыстардың өлкелік комитеті болып бөлініп отырғанын сынады. Республикадағы саяси жетекшілікті ретке келтіру үшін біртұтас партия ұйымын құру керек деген Рысқұловтың ұсынысы конференцияда қолдау тапты. Түркістан компартиясының барлық ұлттық секциялар біріктірілгендегі жаңа аты «Түрк халықтарының коммунистік партиясы» болсын деген ұсыныс та көпшілік дауыспен қабылданды. 25 қаңтарда жаңадан құрылған Түрк халықтары компартиясының Уақытша орталық комитеті ашық дауыспен жасақталды. ТХКП ОК құрамына 17 мүше кірді, оның ішінде 8 коммунист еуропалықтардан еді. Осы күні өткен 3-ші мұсконференцияда Рысқұловтың «Түркістан Республикасының автономиялылығы туралы» жасаған баяндамасы қызу талқыланды.   РСФСР Конституциясының 2-ші бабына сәйкес, Түркістан Автономиялық Республикасын Ұлттық Кеңес Республикасы деп санау, өзін-өзі билеуші жергілікті түркі тілдес халықтардың ұлттық белгісіне мейлінше сәйкестендіріп, оны нақтылау, яғни қазіргі аталымды «РСФСР Түрк Республикасы» деп өзгерту қажеттігі арнайы бабта тұжырымдалды. Осылай, 25 жасар Тұрар Рысқұловтың саяси өресі биік нағыз ұлт қайраткері ретіндегі революцияшыл іс-әрекеті нәтижесінде, большевизм жүргізіп отырған жаңа отаршылдыққа тосқауыл қоюдың нақты қадамы жасалды. Алайда бұл шешімдерді әуелде қолдаған Түрккомиссия артынан қилы тосқауылдар ұйымдастырды. Ақыры Тұрар Рысқұлов мамыр айында Мәскеуге арнайы делегацияны бастап барып, Предсовнарком Лениннің қабылдауында болды. Көсем оған коммунист үшін ұлттық емес, таптық көзқарастың маңыздылығын түсіндіріп, мойындатты. Сол сапардан Ташкентке оралған соң, Тұрар үзеңгілестерімен бірге лауазымдарын босатып, доғарысқа кетті. 

Ал түркі халықтарының біртұтастығынан қауіптенген Ленин серіктеріне сол 1920 жылы Түркістанның этнографиялық қартасын жасап, өлкені «Өзбекия, Түрікмения, Киргизия (яғни Қазақия)» мемлекеттік бірліктеріне бөлшектеуді тапсырған-ды. Сол тапсырманы орындауға нақты кірісу алдындағы идеологиялық дайындықтың бірі осы ұлттық республикалар қызметкерлерімен 1923 жылы өткізілген 4-ші кеңес болды. Кеңестен жарты жыл өткен соң, түркі ұлыстарын бір халық деп есептейтін ұлт қайраткері Тұрар Рысқұлов 1924 жылдың басында ұлттық межелеуге кедергі келтіруі ықтимал тұлға ретінде Түркреспубликадан шеттетілді. Содан соң, Орталық Комитеттің 1924 жылғы 30 қаңтарда қабылданған шешіміне сәйкес, Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік тұрғыда қайта жіктеп, межелеу істерін дайындау және өткізу науқаны жүргізілді. 

Ал түркі халықтарын біртұтастық ахуалда революциялық әділетті идеялар арайымен дамытуды мұрат еткен ұлт қайраткері Тұрар Рысқұлов Түркістандағы лауазымынан босатылып, Мәскеуде Коминтерн аппаратында істеді. Ұзамай Коминтерн өкілі ретінде Моңғолияға іссапарға аттанды. Жауапты қызмет атқарды. Одан соң 1926 жылғы көктемде бірер ай Қазақстанда өлкепарткомның бөлім меңгерушісі, республикалық газеттің редакторы, сосын он бір жыл Ресей Федерациясы үкіметінде Үлкен террор жылдары ұсталғанға дейін Халкомкеңес төрағасының орынбасары болды. Соңында революция сомдаған ұлт қайраткері ретінде әр кезде көтерген мәселелері мен атқарған істерін айғақтайтын тамаша ғылыми және публицистикалық еңбектері қалды. 

Бейбіт Қойшыбаев 

Abai.kz

6 пікір