Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4605 0 пікір 25 Тамыз, 2011 сағат 11:45

Өмірзақ Айтбайұлы: «Саналарына жетпесе өздерінен көрсін...»

Фариза Байелі:Екі ауыз сөзбен ердің құнын шешетін халық едік, бізге не болды, кейде сөздің мән-мағынасына бойлай алмаймыз,  мұрнымыздың иісі де бармайды. Шешендігіміз, тіл нәрлілігіміз, суырып салмалылығымыз тек дара жандарда ғана қалды, жалпы шешен халық едік ғой, сұйылып барамыз ба, қалай өзі?
Өмірзақ Айтбайұлы: Жалпы халықты даттауға болмайды. Жалпы халық құдайға шүкір, өз орнында, өз сөзіне ие.  Қазақтың мейлінше шұрайлы тілін, мағыналы бай тілін керемет қолданатын -  біздің қарапайым халық. Ондай бағаны халықтың қайнаған ортасында отыра айту керек. Тілді көтеретін - зиялы қауым, оқыған азаматтар. Санасын көтеру өте қиын. Саналы адамдарды сауаттандыру  өте күрделі.
Фариза Байелі: Кінәлі зиялы қауым ба?

Фариза Байелі:Екі ауыз сөзбен ердің құнын шешетін халық едік, бізге не болды, кейде сөздің мән-мағынасына бойлай алмаймыз,  мұрнымыздың иісі де бармайды. Шешендігіміз, тіл нәрлілігіміз, суырып салмалылығымыз тек дара жандарда ғана қалды, жалпы шешен халық едік ғой, сұйылып барамыз ба, қалай өзі?
Өмірзақ Айтбайұлы: Жалпы халықты даттауға болмайды. Жалпы халық құдайға шүкір, өз орнында, өз сөзіне ие.  Қазақтың мейлінше шұрайлы тілін, мағыналы бай тілін керемет қолданатын -  біздің қарапайым халық. Ондай бағаны халықтың қайнаған ортасында отыра айту керек. Тілді көтеретін - зиялы қауым, оқыған азаматтар. Санасын көтеру өте қиын. Саналы адамдарды сауаттандыру  өте күрделі.
Фариза Байелі: Кінәлі зиялы қауым ба?
Өмірзақ Айтбайұлы: Зиялы қауым дегенде қазақша оқыған, қазақша баулынған, қазақтың мәдениетін, тарихын , әдет-ғұрпын, салт-санасын жақсы білетін адамдардың жиынтығын айтамыз. Ал енді біздің қазақ екіге жарылып отыр. Қазақ тілді қазақ, орыс тілді қазақ. Жаңағы менің айтып отырғаным орысша тәрбиеленген түрі бір, орыс тілді қазақтар. Олардың арасында да отаншыл, тілім, елім, жерім деп жүрегі соғатын, білімді-білікті азаматтар да бар. Сонымен қатар, қазағымыздың тіліне пысқырып та қарамайтындар бар. Нәтижесінде келіп қайшылық туады. Олардың көбі саясатымыздың арқасында, біртіндеп-біртіндеп көтеріліп келе жатыр. Қазіргі жағдай жақсы. Дегенмен, мемлекеттік мекемелерде істейтін ұлттың өкілдерінің 90 пайызға дейіні құдайға шүкір, қазақтар. Ал,  сол қазақтардың барлығы қазақша оқыған, білім алған тәрбиеленген  қазақтар ма? Жоқ. Көбі орысша тәрбиеленген қазақтар. Осы жерде тағы да қайшылықтар. Олар билікке жетіп алған соң қазағымның тілін, ол қаншама мемлекеттік тіл болсын, бірақ оған орысша сөйлеген өте жеңіл, орысша ойлау, бүкіл санасы кетіп қалған. Қанша жерден бұрам десең де  әлгі құрғыр жастайынан алған тәрбие тілін тартып жібермейді. Осыдан соң, екі қазақ бір-бірімен тайталасады. Ал біздің болашаққа  деген  үмітіміз зор. Мемлекеттік тіл қазақ тілі болғандықтан, қазақ мектептері мен балабақшалары көптеп ашылуда. Елбасының айтуынша,  2020 жылы Қазақстанда қазақ тілін білмейтін адам қалмау керек. Балабақша мен мектеп көбейген сайын  келесі ұрпақтың болмысы бөлек болатынына кепіл көргендей боласың. Ал қазақтың еліне, жеріне, ұрпағына қазақтың өзі ие болады деген сөз.

Фариза Байелі:Тілдің мәселесін көтеретін  М. Шахановтан басқа тұлғалар бар ма, олар неге аз? Бұл барлығымыздың жан жарамыз емес пе?
Өмірзақ Айтпайұлы: Адамды, сананы, ойды тұрмыс билейді деген ежелден қалыптасқан  бір қағида бар. Ол тіпті Карл Маркс кезінде қалыптасқан тәпжіл. Ал, Карл Маркстан бұрын оны атам қазақ айтып кеткен. Дұрыс зер салыпсың... Тілдің мәселесін қаузайтын, соған жаны күйетін адамдардың саны аз. Әрине, кешегі мәселен,  дүниеден өткен Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шаймерденов деген секілді ағаларымыз Колбиннің алдында тік тұрып қазағының тілін қорғап, намысын жыртатын. Олардың жөні бөлек еді. Ал Бауыржанның кезінде мүлде бөлек еді. Сонау соғыс жылдарынан бастап мемлекетімізге хат жазып, қазақ тілінің тағдыры не болмақ деп алаңдағанын бәріміз білеміз. Қазақтың тілінде  қазақтың мұңын, шерін көркем әдебиетке қоса білген ұлы тұлға көсем Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев барлығы біздің тілге деген ынтызарлығымызды, тілге деген соншама сүйіспеншілігімізді тудырған, біз соларды оқып, тыңдау арқылы ұқтық, түсіндік, түйсіндік. Солардан үйренген, оның бер жағында оқи, тоқи жүре, сонау өткен ғасырдың  бас жағына қарай бардық. Бас жағына барғанда біз Ахмет Байтұрсынов  мұраларымен кездестік, соларды оқу арқылы айналасындағы Алаш арыстары тілдің бүкіл Ресейдің қарамағында жүріп-ақ, тілдің  сойылын қалай соққанын оқыған көзіміз куә! Амангелді Айталы, Мұхтар Шаханов қана емес, кешегі Шерхан Мұртаза тілдің мәселесін көтеріп жүр, оның сәл алдында Балғабек Қыдырбекұлы деген қайраткер болды, Социалистік Қазақстан газетіне бас редактор болған. Сонда талай қазақтың азаматтарымен тілдесе отырып, тілдің шұрайлы элементтерін игеруге , сол газеттің маңында жүрген жазушылар, қаламгерлер, солардың әсері қатты болды. Дегенменен бар, мүлде жоқ емес.  Аз дегенде Парламентте, мәселен, айқайлап шығатын Уәлихан Қалижан бар ғой. Аздау, бірақ бар екенін басып айтқым келеді. Олар не айтса да дәл тауып айтады. Қазағымыздың жастары жетіліп келе жатыр. Осыған құдайға мың да бір шүкіршілік. Тәуелсіздігімізді алғалы бері екі ұрпақ мектеп бітірді. Міне, солар өзгеріс жасап, тілдің тізгінін қолдарына ұстайтын уақыт  жетті.
Фариза Байелі: А. Байтұрсынұлы - қазақ тілін планетарлық деңгейге көтерді емес пе, жабылып қолымыздан келмей жатыр ма?
Өмірзақ Айтбайұлы: Жетпей жатыр...
Фариза Байелі:Орыс тілінсіз адам болу қиын  деген санамызда әлі қалды ма?
Өмірзақ Айтбайұлы: Тіл тәрбиесі деген бар ғой, өте күшті тәрбие. Тіл тәрбиесі деген адамның бүкіл психологиясын, мінез-құлқын, болмыс-бітімін өзгертіп жіберетін дүние. 1917 жылдан кеңес саясаты жүрді. Сол кезде Сталиннен бастап, бүкіл мақсатымыз коммунизмге жету болды. Коммунизм деген сөз барлық игілікке жету деп түсіндірілді. Ал коммунизмге жетудің тікелей жолы орыс тілін игеру еді. Барлық салада осы саясат жүргізілді. Сол саясаттың нәтижесінде біздің бір таланттылығымызды көруге болады. Өте қабілеттілігін білу керек деді ме, орыстардың өзінен асырып, керемет орындады жоспарды. Қазақтар орысша сөйлеп, сайрап шыға келді. Қазақтың таланттылығының нәтижесінде. Ауылда жатқан қазақы адамдарымыз «балаларымыз көзі ашық, білімді болу үшін орыс тілін  білу керек» деген санасында сіңіп қалды. Орысша тәрбиелеуді мақсат етіп қойды. Мақсат қойып еді. Орындады. Орыстан сіңген тәрбиені шығару деген өте қиын болып тұр. Бұның сыйқы «Мұсылманшылдық - әсте, әсте, кәпір болу - бір пәсте» болып тұр ғой. Мысқылдап кірген ауру, батпаңдап шығып жатыр ғой! Сол әбден бойға дарып, орыс тілінсіз - күн көре алмаймыз деген  психологияның  тамырын осы уақытқа дейін шаба алмай келеміз. Әлі де 12 мүшемізге дарып сіңіп кеткен, соны біртіндеп шығару өте қиын болып жатыр. Сондықтан да тіл майданы, тіл күресі өте қиын болып жатыр.
Фариза Байелі: Қазақ тілінің үстем болуына кім аса мүдделі болу керек? Халық па, әлде билік пе?
Өмірзақ Айтбайұлы: Қателіктің ең көбі орысша тәрбие алған биліктегі азаматта болып тұр. Қазағымыздың өзі кең қолтық, кең пейіл, күрескерлік қабілеті кішкене солғындап қалған. Мысалы кавказ, татар, шешендер секілді тайталасып,  өзінің құқығы үшін тұра білетіндер, еш нәрседен қалыспай қай мәселесін болса да көлденең қоя біледі. Біздің қазақтар құдай  өзі береді, құдайға шүкір, осыған да қанағат  деп келе жатқан халықпыз. Берсе  қолынан, бермесе жолынан деп ешкімнің ала жібін аттаған халық емеспіз. Осы ниетіне де алла тағала, ұлан асыр атырап, кен мен жерді нәсіп етті деп ойлаймын. Елде тыныштық,  бүлікшілік жоқ , бұл да шүкіршіліктің арқасы. Бірақ, кейде қылышты қынабынан суырып, біреудің басын шауып тастамағанменен күрескерлік қабілеттен жұрдай болып айырылып қалмау керек. Қазіргі таңда қазақтың күні, тілінің күні туып тұрған заман. Осы кезді дұрыс пайдалануымыз керек. Қазақ үшін жұмыс істеп жатқан заман. Осыны біз дұрыстап пайдалана алмасақ, өкінішіміз көп болады... Әрбір қазақ еліме, жеріме қандай үлес қоса аламын, ең болмаса өз тілімде бала-шағаммен, сөйлесіп  ұрпағымды неге тәрбиелемеймін деген ұстаным, ой болуы керек. Бойымда ата-бабамнан дарыған қазақы мінезді, қадір-қасиетін балаларымның бойына дарыту парыз деп ұғынса, мәселе басқаша болар ма еді... Біз тіл үшін күресті бастаған кезде,  1960-жылдың бастарында автобус пен трамвайларда қазақша сөйлеуге қорқатынбыз. Өйткені қаптаған қалың орыс, қазақша сөйлесең орыс халқын жамандағандай болып сезіледі. Сондықтан қазақтың үні шықпайтын.
Фариза Байелі: Біз тура солай істей алмаймыз ба? Біз орыспен бірге қосыла сөйлеп кетеміз ғой...
Өмірзақ Айтбайұлы: Бізге тән имани, адамгершілік қасиеттеріміз бұған жібермейді. Менің тілім осындай, неге сөйлемейсіңдер деп орыс сияқты айқайлап шыға алмайды. Ол да бір пенде ғой дейді де, шүкіршілігін жалғастырып отыра береді.
Фариза Байелі:Ұлттық намыс, жігер табынымызда  тапталып қалды деген едіңіз, оның қайта жандану үшін не істей аламыз?
Өмірзақ Айтбайұлы: Әрбір қадам сайын соны сезінесің де қорынасың. 1992-94 жылдары бір оқиға басымнан өтті. Елбасының қол қоюымен Адам құқығын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Асанбаев Ерік Мағзұмұлы болды. Ол кезде вице-президент деген бар еді. Комиссияға 15 адам мүше. Соның бір мүшесі қылып мені сайлады. Алғашқы мәжілісі өтті.  Біз егемендігімізді қолымызға алып еңсемізді көтерген кезіміз. Адам құқығы жөнінде орысша бастады.  Сонда академик Манаш Қозыбаев, Мақаш Тәтімов бәрі отыр. Басқа да ұлт өкілдері отыр. Бір кезде Мәкең де орысша сөйлеп кетті. Содан төртінші мен шығып сөйледім. Қазақша сөйлей бастадым. Өзім қазақ тілі қоғамының вице-президентімін. Мен орысша сөйлесем жұрт маған қалай қарайды? Сонда маған,  «Вам что непонятно что ли, говорите на  понятном всем нам языке» деді. Мен қазақшамды жалғастыра бердім. «Вам еще не ясно, вам же говорят» деді қайтара. Сонда мен сөйлеуден бас тарттым. Өйткені, адам құқығының қорғау жөніндегі комиссияның бірінші басқосуында, сіз азамат ретінде менің құқығыма қол сұғып отырсыз дедім. Екіншіден, адам құқығы жөнінде ереже дайындалыпты, оны мен әлі көргенім жоқ. Бас тартам дедім де, отырып қалдым. Менен кейін жағдай кішкене қиын болып қалды. Маған мұндай жиналысқа қатысудың ешқандай қатысы жоқ дедім де шығып кеттім.  Қапа болып отырдым, қазағымның намысы мен тілі жерге тапталды. Сол кезде академияның адамдары сөз айтуға жарамай, тілдің тапталғанына куә болды да отырды. Осы алғашқы мысал есімде қалып қойған. Кейін осы жағдайды «Ана тіліне»  жаздым. Ол кезде «Ана тілінің» бас редакторы  Жарылқап Бейсенбай еді. Өзіңіз жауап бересіз деді. Әрине, деп мен келісімімді білдірдім. Сол кезде мен Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауына сұранып жүргенмін. Сол уақыттағы  көмекшісі Иманғали Тасмағамбетов еді. Менің мақалам  ертеңіне жарық көрді. Сонда Иманғали «сөзбен сойып салыпсыз ғой». «Менікі тек өмірдегі болған жағдай, ары кетсе ащы шындық, нақақ айтсам айтыңыз»-дедім. Сол кезде сөздің құдіретіне екеуміз де бас игендей болдық. Сондай мысалдар өте көп. Әкімдермен, министрлермен кездескенде де талай нәрсе көкейде сайрап қана қала берді. Намысымызды таптады деймін ғой, олар өздерінің намысын өздері таптап отырғанын шамасы түсіне бермейді-ау. Биліктің атында отырғандар қазақ болғандықтан, қазаққа қызмет ету үшін отырғандарын тағы да түсіне бермейді-ау деп шамалаймын. Қазақтың жерінде, елінде  отырған соң, қазақтың мүддесін ойлау керектігін естен шығарып алатыны тағы бар. Міне, осыдан барып намыс та , жігер де тапталады.
Фариза Байелі:Неге шенеуніктер емтихан тапсырмайды? Жартысы жұмыстан шығып қаламыз деп қорқа ма, жоқ әлде біз білмейтін басқа  бір құпия бар ма?
Өмірзақ Айтбайұлы: Мен президенттен екі рет емтихан алдым. Біріншісі 1999 жылы болды. Оны елбасының кезекті бір ерлігі деп есептеймін. Ол қазақтың тілін керемет білетін адам. Қазақша да, орысша да сөйлей біледі. Шешен. «Лингвистикалық комиссия құрылсын, бәріміз ана тілінен биік емеспіз, ана тіліміздің алдында өзіміз есеп берейік, өзімізді-өзіміз тексеріп өтейік» деп лингвистикалық комиссия құрды. Комиссия құрамы бес профессордан тұрды. Алғашқы комиссияның төрағасы академик, Тіл білімі институтын басқарған Әбдуәли Қайдар болды. Ол кезде Қажыгелдин, Әбділдин бәрі де президенттікке үміткер еді.  Жазу,оқу және сөйлеу сауаттылығын анықтадық. Олай болатын себебі, кейбір адам жазады, бірақ оқи алмайды. Кейбір адам оқиды, оқығанын  дұрыстап сауатты жеткізе алмайды. Ал, басқа кейбірі сауатты бола тұра, өз ойын әдемі шешен тілмен халыққа түсіндіре алмайды. Елбасынан үздік шыққан адамдар болған жоқ. Келесі 2005 жылғы сайлауда тағы да комиссия құрылды. Онда мен төраға болдым. Сонда да елбасынан басым түскен ешкім жоқ. Үміткерлердің көбісінде көкірек бар, бірақ өз саясатын халыққа жеткізе алмайтындар көп. Содан кейінгі кезекті сайлауда елбасына тапсырмай-ақ қою керек еді, бірақ дәлелдегеннің артық болмастығына  көзіміз жетті. Қатардағы қазақтың азаматы ретінде  неге тапсырмаймын, деген ниеттің өзіне қуанасың. Осы  барлығына үлгі болу керек еді. Саналы, сауатты отырған биліктегі азаматтар «мен неге тапсырмаймын?»деп ойланбайды да. Қажетті нәрседен үлгі алу дегенді біле бермейміз.
Фариза Байелі:Қазақ тілі - ұлт тілі бола алмай жатқанда техника тілі болып жарыта ма, жоқ әлде техника тілі болу халық арасына қолданысқа енгізу үшін бір тетік пе?
Өмірзақ Айтбайұлы: Сөз жоқ, қазақ тілі техниканың да тілі бола алады.Онда аударма мен терминология үлкен рөл атқарады.
Фариза Байелі:Қазақ тілінде қай салаларда сөздік жетіспейді?
Өмірзақ Айтбайұлы: Мына мәселені зерттеп түсініп, алу керек, қарағым. Біреулерде Тіл білімі институтының  адамдары бүкіл сөздікті шығару керек деген ой қалыптасып қалған. Олай емес. Тіл білімі өзіне  қатысты терминдерін шығарса, басқа сан түрлі мамандықтардың барлығының өкілдері өздері жасау керек. Саналы түрде осы сөздіктерге әркім кірісу керек. Өйткені әрбір ғылымның дамуы үшін, өресіне жетуі үшін оның терминологиялық лексикасы қалыптасу, жүйесі түзілуі қажет. Оған әр мамандық өкілдері жауапты. Және соны жасай отырып, оны толық жасауға мүмкіндік бар. Оған әрине қазақ тілді маман болуы шарт. Тілшілердің бұған қандай қатысы бар, салалық сөздіктер жасалғаннан  кейін олардың барлығын тексеріп шығатын тіл білімінің адамдары. Неге? Олар тілдің заңдылығына сәйкес түзілді  ме, жоқ па, ереже талаптарына жауап бере ме дегенді тілші мамандар анықтайды. Осылай бір-бірімен одақтасу, түсінісу арқылы керемет терминологиялық сөздіктер жасауға болады.
Фариза Байелі:Тілге қатысты жасалған мемлекеттік бағдарламаларды  атап бере аласыз ба? Нақтырақ саны мен нәтижесін сараптап беріңізші...
Өмірзақ Айтбайұлы: 1990-92жылдарға арналған алғашқы бағдарлама болды. Бұл бағдарламаның жасалуына тікелей өзім қатыстым. Ол кезде орталық партия комитеті жұмыс істейді. Орталық партияның идеология бойынша секретары Өзбекәлі Жәнібеков дейтін ұлы қазақ болатұғын.  Біз  онымен тікелей байланысып, қоян-қолтық жұмыс жасадық. Өзекең бір күні жоспаралау комитетінің орынбасары Жарасбай деген азаматпен жолықтырып, 1 апта отырып осы бағдарламаның бүге-шігесіне дейін қарап, түзеп, сүргілеп  шығыңдар деп тапсырма берді. Аталмыш бағдарламада 2000 жылға дейін іс-қағаздар түгелдей мемлекеттік тілге көшу керек еді. Сол жұмыс жақсы жүріп келе жатқан. Тіпті, қай облыс қай уақытта толық көшетініне дейін мәліметтер беріліп, қарқынды жұмыс жасап жатқан едік. Бірақ, ол бағдарлама түгел орындалмай  қалды.
Фариза Байелі: Неге?
Өмірзақ Айтбайұлы: Бір жылдан кейін сол кезде министрлер кеңесінің орынбасары  Қарамановтың екі пунктен тұратын қаулысы шықты. Сол қаулы мемлекеттік тілдің одан ары қарай дамуына үлкен кедергі болды. Екпіндеп,қарқындап келе жатқан тілдің жетістіктері су сепкендей  басылып қалды. Бұл кеңес үкіметінің кезіндегі бағдарлама еді, әрине, кемшіліктер болды. Бірақ, соған қарамастан орындалуға тиісті керемет  пунктері болатын.  Ақыры бағдарлама жүзеге аспай қалды. Онан соң екінші 2001-2010 жылдарға арналған бағдарлама түзілді. Оны елбасы өзі қадағалап қаперіне алды. Жақсы жаңалықтар болды. Бірінші бағдарламадағы негізгі құрылым сақталған болатын. Бірақ, оның тиімділігі онша болған жоқ. Біраз мәселелер қолға алынып, біраз мәселелер қолға алынғандай болды. Көңілді көншітпеді. Сондықтан сол бағдарламаларда кеткен кемшіліктерді  есепке ала отырып, үшінші бағдарлама түзілді. Ол 2011-2020 жылдарға арналған бағдарлама. Бұл бағдарлама да талай талқылаудан өтті. Дегенмен осы бағдарламадан күтетініміз мол. Лайым соған жеткізсін. Оның үстіне үшінші бағдарламаның бітімі бөлек, әлем тәжірибелерінен  алынған нұсқалардан үлгі алып жүзеге асыру бар. Нәтижесін уақыт көрсетеді.
Фариза Байелі: Парламентті қазақша сөйлету кімнің қолында деп ойлайсыз?
Өмірзақ Айтбайұлы: Халық алдында бар уәдесін беріп, халыққа елге, тілге қызмет жасаймын деп болған депутаттың қолында. Елбасы «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін»  деді, содан соң «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде»  деді, одан артық не керек? Әрбір саналы адамның санасына тиетін сөздер ғой. Саналарына жетпесе өздерінен көрсін!
Фариза Байелі: Журналист болғандықтан қаншама баспасөз мәлімдемелеріне, конференцияларға қатыстым, бірі де қазақ тілінде болған емес, басқаны қоя тұрайын, мен не істей аламын? Менің намысыма тиеді.  
Өмірзақ Айтбайұлы: Қарапайым журналистің қолында көп  дүние бар.  Сенің қолыңда үлкен қару бар. Қазақтың тілін толық меңгерсең - сенің қаруың сол. Соны дұрыстап, ең алдымен өзің ұқсата білсең, өзің сөйлете білсең  халқың да сөйлейтін болады. Осындай мақсатыңа жет.
Фариза Байелі: Аға, Халықаралық қазақ тілі қоғамының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
Өмірзақ Айтбайұлы: Біздің жұмыс жасап келе жатқанымызға да 20 жыл да болып қалыпты. Біз, 1989 жылы қырқүйек айында құрылған болатынбыз. Міне,содан бері 4 құрылтай съезін өткізіппіз. Біздің қоғамның мақсаты  әу баста, әр қазақтың намысын қайрап, санасын көтеру еді. Әрбір жұмысымызды осы қағидамен жасап келеміз. Биыл, қыркүйек айына қарай 5 құрылтайымызды өткізбекшіміз. Онда жарғыларға қатысты, «мемлекеттік тілге жеке заң керек» деген секілді жобаларымызды айтып, мәселе көтермекшіміз. Сонымен қатар, биыл Халықаралық қазақ тілі қоғамының 2 томдық шежіресін шығардық. Міне, осы кітаптан біздің бүкіл жұмыстарымыз туралы мағлұматтарды ала аласыздар.
Фариза Байелі: Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына тілегіңіз...
Өмірзақ Айтбайұлы: Біз басымыздан түрлі мемлекеттік мерекелерді кешіріп келе жатырмыз.Солардың ішінде көңілім үйіп қалайтыны,   «Наурыз», «Бірлік күні». Осылардан  басқасының бәрі халықтық мереке деп айтуға келмейді. Енді біздің қазақ үшін мерекелердің ең төресі - Тәуелсіздік күні. Ата-бабаларымыз ұрандатып, ақ білектің күшіменен осыншама елді, жерді  бізге тастап кетіп отыр. Ата-бабаларымызға бізден мың  тағзым. Күресті, қан төгілді, тәуелсіздіктің таңын осы уақытқа дейін аңсап келді. Бір жағынан Алла, екіншіден, күрескерліктің нәтижесі. 1991 жылдан бастап, дербес мемлекетпіз. Құдайға мың да бір шүкіршілік. Өз тағдырымызды өзіміз шешетін жағдайға жеттік. Бұдан артық бізге қандай мереке болу керек. Әрбір қазақ осы мерекені  жанымен, тәнімен түсініп, қолдап-қорғап,  бағалай, мерекелей білуі керек. Әркім өзіне есеп беруі шарт. Еліме үніммен, сөзіммен, ісіммен не бердім деп ойлану қажет. Тәуелсіздігіміз мәңгі бақи болсын. Тұғырын түсірмей мықтап ұстай білейік. Ішімізде анасының тілін білетіндері бар, білмейтіндері бар бұл дүниедегі жалғыз «Қазақстан» деген мемлекет. Қазақстанның тірлігі азаматтарының тірлігіне тікелей байланысты. Ол бірлігіне, ынтымағына, іс-әрекеттеріне байланысты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білетін ұйымшылдығымыздан ешқашан ажырамайық.
Фариза Байелі: Сұхбатыңызға көп рахмет!

Өмірзақ Айтбайұлы, Халықаралық
Қазақ тілі қоғамының президенті

Cұхбаттасқан -   Фариза БАЙЕЛІ

www.mtdi.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3600