Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Талқы 4729 12 пікір 4 Желтоқсан, 2019 сағат 13:11

Мемлекеттік қызметшілерді қалай қысқартамыз?

Осы тақырыптағы депутаттық сауалымды бүгін болған Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Премьер-Министр Асқар Маминнің атына жолдадым. Оны әріптестерім Бейбіт Мамраев пен Байділдә Жылқышиев қолдап, қолдарын қойды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында қайталанатын, артық қызмет түрлерін алып тастап, мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыру қажеттігін атап айтты. Сондай-ақ алғашқы Жолдауында келесі жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсау және 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің санын 25 пайызға қысқарту жөнінде нақты міндет қойғаны мәлім.

Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасын ұтымды да тиімді орындау мақсатында мынадай мәселелерге назар аудардық:

Біріншіден, «Ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және қазақстандық патриотизмді насихаттау» бюджеттік бағдарламасының әкімшісі болып Мәдениет және спорт министрлігі бекітілген. Осы бағдарлама аясында жыл сайын республикалық патриоттар форумы, Қазақстан саясаттанушыларының конгресі ұйымдастырылып, мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмысы жүргізіледі. Ал ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және қазақстандық патриотизмді насихаттау Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басты міндеті болып табылады. Мәдениет және спорт министрлігіне оған тән емес ойын бизнесі, лоторея өткізу жөніндегі функциялар да берілген.

Екіншіден, орталық және жергілікті атқарушы органдар біртұтас атқарушы билік болып табылатындығына қарамастан, министрліктердің көпшілігі өздерінің аумақтық құрылымдарын құрып, оларға бақылау-қадағалау функциясын берген. Мысал үшін, облыстық әкімдіктердің Ауыл шаруашылығы, Ветеринария басқармалары мен Жер инспекциялары бар болғандықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық инспекцияларының қаншалықты қажеті бар?

Облыстық әкімдіктердің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармалары мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциялары да бірін-бірі қайталайтын қызметтерді атқарады.

Облыстық әкімдіктердің Білім басқармалары барда министрлері ауысқан сайын жаңа реформа жасалатын Білім және ғылым министрлігінің Білім саласындағы бақылау департаменттерінің қандай қажеттілігі бар?

Облыстық әкімдіктердің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары мен Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармалары аздай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің облыстық департаменттерін құру қандай қажеттіліктен туындаған?

Сол сияқты облыстық Тексеру комиссиялары мен Қаржы министрлігінің облыстық iшкi мемлекеттiк аудит департаменттерiн біріктіру қажеттігі жөнінде де көптен бері айтылып келеді.

Үшіншіден, мемлекеттік аппаратты оңтайландыру кезінде бірінші кезекте бос лауазымдарды қысқарту ұсынылып отыр. Қазір мұндай бос орындар саны 8 мыңға жуық бірлікті құрайды. Осыған орай кейбір өңірлерде мемлекеттік қызметтің бос орындарына конкурс жариялауға мораторий жарияланған. Біздіңше, бұл мәселеде асығыстық жасауға болмайды. Өйткені, қазіргі кезде халықпен тікелей жұмыс істейтін аудандық әкімдіктер мен ауылдық округтерде 600-ге жуық бас және жетекші мамандар жетіспейді.

Төртіншіден, мемлекеттік қызметшілер санын кезең-кезеңмен қысқарту мәселесімен қазір Ұлттық экономика министрлігі айналысу үстінде. Алайда, ол мемлекеттік қызметті жаңғыртумен айналыспайды. Бұл мәселемен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тікелей айналысады.

Жоғарыда баяндалған жайттардың негізінде Премьер-Министрдің қарауына мынадай ұсыныстарды енгіздік:

- «Ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және қазақстандық патриотизмді насихаттау» бюджеттік бағдарламасының әкімшісі етіп Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін белгілеу керек;

- Ойын бизнесі, лоторея өткізу жөніндегі функцияларды Ұлттық экономика министрлігіне берген жөн;

- Министрліктердің аумақтық құрылымдары мен облыстық басқармалардың құзыреттері мен функцияларына талдау жүргізіп, қайталанушылық анықталған жағдайларда орталық атқарушы органдардың аумақтық құрылымдарын қысқарту керек;

- Мемлекеттік қызметтің бос орындарын қысқарту барысында аудандық әкімдіктер мен ауылдық округтердің штаттарын қысқартудың негізділігін мұқият зерттеп, ұтымды шешім қабылдау қажет;

- Мемлекеттік қызметшілер санын қысқарту міндетін мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті орган болып табылатын Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүктеу мәселесін қараған жөн.

Кәрібай Мұсырман,

Мәжіліс депутаты.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3503