Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 9375 22 пікір 4 Желтоқсан, 2019 сағат 11:06

Камалиденов қазақ жастары 70% тен асып кетті деп қазақ халқын айыптады

Камалиденовтың өмірлік түсінігі, көзқарасы ә дегеннен, бірінші күннен белгілі болды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен Орталық комитетке хатшы болып келгеннен кейін аппаратпен алғашқы кездесуінде осы ойын бүкпей ашық айтыпты. "Мемлекеттік қауіпсіздік комитетін жұртшылықтың қадірлеп, сыйлауы қажет емес, одан олар қорқуы керек" деп шімірікпестен, өзінің принципін жайып салыпты.

Содан бастап ол бар ісін, қызметін осы принципке бағындырып, осы талаптан шығуға тырысты. Бірақ өкінішке орай, ол өз уақытын өткізіп алған еді. Ол аңсаған 30-жылдар келмеске кеткен болатын.

Камалиденовтың жұрт алдында қадірін кетірген Қазақстан Компартиясының XVI съезі болды. Зақаш осы съезде ең алғаш рет қазақ халқының бойынан ұлтшылдықтың белгісін іздеп, өзінің атақты, атышулы теориясы - ұлттарды, халықтарды процентке бөлу қағидасын бүкіл елге жария етті. Бұл бұрын-соңды болмаған, адам естіп көрмеген ғылыми-теориялық жаңалық еді. Республиканың жоғары оқу орындарында қазақ жастары жетпіс проценттен асып кетті деп қазақ халқын айыптады. Мұны ол ұлтшылдықтың белгісі деп санады.

Ол әдебиет пен өнерден, жалпы мәдениет атаулыдан аулақ, алыс тұрған адам еді. Техникалық оқу орнын бітірген мұнай маманы, комсомол арқылы өсіп, рухани, әлеуметтік өмірдің ең бір күрделі де жауапты, нәзік саласын басқаруға қалай келіп қалғанын өзі де білмей қалған болар. Бұл тек біздің қоғамымызға, біздің өмірімізге ғана тән жай еді.

...Қазақ халқының көне тарихына жаны қарсы Закаш тағы да тарихпен әуестенуші жазушыларды жерлеп, сынап өтті. Х.Әдібаевтың "Отырардың күйреуі" романына, Д.Досжановтың "Сексеуілдің қызыл шоғы" повесіне қатты шүйілді. Бұл шығармалар Қазақстанның оңтүстік беткейінде мәдениет ерте дамыған деп дәлелсіз ой айтады деп сынады. Журналдар да сыбағасын алды. "Білім және еңбек" журналы шежіре бергені үшін, "Жұлдыз" журналында 1986 жылы орыс тілінен бір-ақ повесть аударылып басылғаны үшін хатшының қаһарына ілікті. "Простор" журналы да Б.Қанапияновтың зиянды өлеңдерін басып, саяси қате жіберген екен.

Позабытый мною с детства язык,
Пресловутое двуязычие,
При котором теряю свой лик
И приобретая двуличие, -
деп жас ақын өз тілін ұмыта жаздағанына жаны ауырып, өкініш білдірсе, Зақаш бұл жолдардан ұлтшылдықтың нышанын көріпті.

...Хатшымыз тек Нұршайықовпен ғана өшіккен жоқ, белгілі жазушыларымыз І.Есенберлин, О.Сүлейменов, С.Шаймерденов, С.Мұратбеков, М.Мағауиндермен де ұстасып, соңдарына түсті.

(Бекежан Тілегенов, "Тұйық өмірдің құпиясы" романы)

Дәурен Берікқажыұлының әлеуметтік желідегі парақшасынан

Abai.kz

22 пікір