Сенбі, 20 Сәуір 2024
3204 0 пікір 4 Желтоқсан, 2019 сағат 10:31

НАТО-ға мүше елдердің лидерлері ұйымның 70 жылдығын атап өтіп жатыр

НАТО-ға мүше 29 елдің лидерлері ұйымның 70 жылдығына орай Лондонда бас қосып жатыр.

Мерекелік саммитке Франция, Түркия және Құрама Штаттар әрқайсысы қарама-қайшы көзқарастарымен келді. АҚШ президенті Дональд Трамп ұйымға мүше елдердің қорғаныс шығынын көтеруге, жалпы шығынды тең етуге шақырып келеді. Саммит алдында француз президенті Эммануэл Макрон Еуропа бұдан былай Құрама Штаттардың қорғанына сенім арта алмайтынын айтып, НАТО-ның "миы өліп бара жатыр" деген. Осыған дейін ұйым мүшесі болған Түркия Ресейдің С-400 зенит-зымырандық жүйелерін сатып алып жатқаны үшін әріптестері тарабынан сынға қалған.

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг соңғы кездегі қарама-қайшылыққа қарамастан, НАТО тарихтағы ең сәтті ұйым екенін жеткізді. Ол саммит алдында Еуропа одағы мен Канада әскери шығынын 4,6 процентке көбейтетінін айтқан. Бұл елдер 2016 жылдан 2020 жылға дейін қорғануға 130 миллиард доллар бөлсе, 2024 жылға қарай бұл сома 400 миллиард долларға жетуі тиіс.

Столтенбергтің айтуынша, НАТО соңғы жылдары "бағдарлама 30" деп аталатын жобаны іске асыруға ниеттеніп жатыр. Оған сәйкес, ұйым жанжал шыққан аймаққа 30 күн ішінде қосымша 30 әскери кеме, 30 авиациялық эскадрилия және жаяу әскерлердің 30 батальонын толық әскери дайындыққа жеткізуі керек.

Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы 1949 жылы АҚШ, Канада және 10 еуропалық ел советтік экспансияға қарсу тұру мақсатында негізделген. Қазіргі кезде оған 29 мемлекет мүше.

Abai.kz

0 пікір