Сенбі, 20 Сәуір 2024
3382 0 пікір 27 Қараша, 2019 сағат 10:48

Сот Жанболат Мамайды мерзімінен бұрын жазадан босатпады

26 қарашада Қарасай аудандық соты үш жылға бостандығы шектелген белсенді Жанболат Мамайдың өзін шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұл ақпаратты Жанболат Мамай Facebook-тағы парақшасында хабарлады.

Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, жоғарғы соттың 2015 жылы 6 қазанда шығарған нормативтік қаулысына сәйкес, шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу үшін екі шарт орындалуы тиіс: өрескел заңбұзушылық және шағым болмауы керек.

"Жанболатта өрескел заңбұзушылық та, оның үстінен түсірілген шағым да жоқ. Бұған қоса, пробация қызметі оған жағымды мінездеме берді. Бірақ соған қарамастан сот өтінішін қанағаттандырмады" деді Жанар Балғабаева Азаттық тілшісіне.

Адвокаттың айтуынша, сот Мамайдың журналистік қызметіне байланысты бұрын жасаған ескертуіне сүйене отырып, сондай шешім шығарған.

Азаттық тілшісі 26 қарашада Қарасай аудандық сотына хабарласқанмен жауап ала алмады.

Сәуір айында да сот Жанболат Мамайдың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмаған.

2017 жылы ақпанда "Мұхтар Әблязовтің ақшасын газет шығару арқылы заңдастыруға қатысты" деген күдікпен Алматыда қамауға алынған Жанболат Мамай жеті айдан кейін, 7 қыркүйекте сот үкімімен бостандығы үш жылға шектеліп, босап шыққан. Сот оған үш жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салған. Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамаған.

Қазан айында "Қазақстанның демократиялық партиясын" құру туралы бастама көтерген Жанболат Мамай облысты аралауға пробация қызметінің рұқсат бермей отырғанын хабарлаған. Оның айтуынша, партия құру туралы бастама көтергеннен кейін пробация қызметі бұрынғыдай айына бір рет емес - төрт рет тіркелуді міндеттеген. Бұған дейін Қарасай аудандық пробация қызметі Азаттыққа телефон арқылы сұхбат беруден бас тартқан.

Abai.kz

0 пікір