Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3056 2 пікір 26 Қараша, 2019 сағат 16:45

400-ге жуық шетелдік мигрант Қазақстаннан шығарылды

400-ге жуық шетелдік еңбек мигранты Қазақстаннан шығарылған. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазақстандық және шетелдік жұмыскерлер арасындағы жалақы және жұмыс жағдайының теңсіздігі еліміздің батыс өңірлерінде көп кездеседі. Алайда, осы жылдың тамыз айында еңбек инспекциясы Бас прокуратурамен бірге 30-дан астам шетелдік маман тартылған 95 кәсіпорында тексеру жүргізген.

Біржан Нұрымбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Бұл кәсіпорындарда еңбек және көші-қон заңнамасын бұзған 930 факті анықталды. Сонымен қатар, 25 кәсіпорында 474 еңбекақы және еңбек жағдайының теңсіздігі анықталып, кәсіпорын басшыларына тиісті шаралар қолданылды. Яғни, кәсіпорындарға шамамен 92 миллионға жуық айыппұл салынды. Қазақстанда жұмыс істеуге берілген 681 рұқсат кері қайтарылып, 393 шетелдік жұмысшы елден шығарылды. Тексеру нәтижесінде жалақы мен тұрмыстағы теңсіздік фактілерінің барлығы ескерілді.

Сонымен қатар, Нұрымбетов шетелдік жұмыс күшін тартатын компаниялар заң бұзса, онда Заң талаптарын күшейту керек деді.

- Мәжілісте жұмысшылардың жағдайларын жасау үшін, жұмыс берушілерге қосымша міндеттер мен жауапкершілік жүктеу туралы Заң жобасы бар. Осы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік еңбек инспекторы кәсіпорынды жыл сайын жоспарлы тексерістен өткізе алмайды. Ол бес жылда бір рет өткізіледі. Алайда, біз еңбек инспекциясынна кәсіпорындарды жыл сайын тексеруге мүмкіндік береміз, - деді Біржан Нұрымбетов.

Айта кетейік, 2019 жылдың маусым айында Атырау облысындағы Теңіз жұмысшылар кентінде жергілікті және шетел жұмысшыларының арасында қақтығыс болды. Бұл оқиғаны сарапшылар жалақы теңсіздігімен байланыстырды. Ал, Атырау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі оқиға кезінде 30 адам зардап шеккенін хабарлаған болатын.

Abai.kz

2 пікір