Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Алаң 5391 40 пікір 21 Қараша, 2019 сағат 13:37

Тоғжан Қожалиева: Қоғам саясаттағы жаңа есімдерді көргісі келеді

Өткенде «Abai.kz» ақпараттық порталында «Қожалиева қандай партия құрмақ?» атты мақала жария болды. 15 қараша күні. Онда Тоғжан Қожалиева ханым бастамашы болып, бір топ белсендінің саяси партия құруға бекінгендігі туралы баяндалған еді. Мақалада Тоғжан Қожалиева кім, ол қандай партия құрмақшы деген сауалдарға елішілік ақпараттарға шолу жасай отырып, жауап іздеген болдық. Мақала оқырмандар арасында қызу талқы болды. 40-қа жуық пікір түсті.

Сонымен белсенділер «Халыққа Адал Қызмет» (HAQ) саяси партиясын құрмақшы екен. Тоғжан Қожалиева кім? Ол қандай партия құрмақшы? Әділет министрлігі олардың партиясын неге тіркемеді? Жұрт неге белсенді Тоғжан Қожалиеваны депутат Бекболат Тілеуханмен байланыстырады? Біз бүгін осы және өзге де сауалдарды Тоғжан Қожалиева ханымның өзіне қойдық. Аз-кем әңгіме жасадық.

- Неге? Неге партия? Құруға әрекет қылып жатқандарыңыз қандай партия?

- Ақиқатына келер болсақ, партия құру ешкімнің ермегі емес. Бәрі де  қажеттіліктен туады. Өйткені елдегі қазіргі жағдай соны қажет етіп отыр. Демек, саясат алаңына жаңа ойыншылар келуі керек. Онда да халықтың сөзін сөйлейтін, әділетті қоғам құруға құлықты, ана тілін, ділін, дінін құрметтейтін, тарихы мен мәдениетін сыйлайтын һәм жаңаша ойлайтын партия қажет.

Қоғамдағы түрлі жағдайды безбенге тарта отырып, біз партия құруды қолға алдық. «Қандай партия?» дейсіз бе, жақында «HAQ» партиясының манифесін жасап шықтық. Онда былай деп жазылған: «Біз, еліміздің тағдырына алаңдаулы және белсенді азаматтық ұстанымымыз бар Қазақстанның бір топ азаматтары, әділдік, жауапкершілік, теңдік және прогресс секілді адамзатқа ортақ құндылықтарды негізге ала отырып, соңғы кездері қоғамымызға шындықтың, таңдаудың жетіспегендігін, селқостық пен амалсыздықтың күннен-күнге үдеп бара жатқандығын, отансүйгіштік және ұлттық мүдде ұғымдарының мәнін жоғалтып бара жатқандығын, тұрақтылық пен келешекке деген құқықтың монополияға ұшырағандығын сезініп «Халыққа Адал Қызмет» (HAQ) саяси партиясын құру бойынша бастамамызды мәлімдейміз!».

2019 жылы өткен сайлау қоғамымыздың өзгеріске және биліктің халық мұңын естуіне зәру екенін айқын көрсетті. Қоғам мен билік арасындағы диалогтың құнсызданғанын көріп отырмыз. Биліктің бір беткей ұстанымы, «менікі ғана дұрыс, менімен келіспеген – маған қарсы деген сөз».

Қазақстандықтар әлеуметтік саты арқылы жоғарылау мүмкіндігінен айрылып отыр, сондықтан жемқорлық жайлаған жүйенің талаптарына көнуге мәжбүр. Бұл шынайы таңдау емес және біз - бұл жолмен жүруді қаламаймыз! Біз ашық эволюциялық даму жолын таңдаймыз! Біздің міндетіміз – сөзден іске көшу!

- Мақұл. Партия құрылып, ол ел ішінде қолдау тауып, сіздер ертең парламентке бардыңыздар делік. Не істейсіздер?

- Біз биліктің барлық деңгейіне келгеннен соң, әуелгі мақсатымызды жүзеге асырамыз. Сол бағытта жұмыс жасаймыз. Әуелгі мақсат деген не? Ол – авторитарлы жүйені ыдырату. Ол – Республиканы қайта қалпына келтіру. Республика дегеніміз – жалпыға бірдей мүмкіндіктер, таптық бөлінудің болмауы және Конституцияның үстемдігі. Біз кімбіз? Біз жаңа формацияның өкілдеріміз! Біз – келешексіз қалу қаупі төніп тұрған адамдармыз. Біздің тек екі таңдауымыз ғана бар. Я жарқын болашаққа қарай бет аламыз, я болмаса өзінің әлеуетті мүмкіндіктерінен айрылған мемлекетте өмір сүруді жалғастырамыз.

Біз, көзқарасымыздың, дініміздің және ұлтымыздың әр түрлі екеніне қарамастан, өз Отанымыздың иесі болуымыз керек. Түрлі пікірде болуымыз, саяси технологиялар мен бәсекелестік біздің аражігімізді ажыратпауы керек. Біз бір елдің азаматымыз, бір халықпыз, біздің ортақ өткеніміз бен болашағымыз бар. Жүйе ескі болғанымен, біздің ойымыз бен санамыз жаңарған!

Ескірген дүние өткенде қалуы тиіс. Жемқорлық, бір партияның монополиясы, көсемшілдік, көзбояушылық, жалған авторитетке табыну өткеннің еншісінде!

Біздің жолымыз – өз халқы үшін жауапты тұлғалардың, сол халықтың үндеуін жоғарыға жеткізуге мүмкіндігінің болуы.

Иә, біз  осындай партия құруға тәуекел еттік. Сөзден  іске көшкіміз келеді. Елімізді адамзат көшінің алында шығарғымыз келеді.

- Партия тіркелмеді. Тиісті мың адамдық қол жиналмаған екен... Қазір енді партияны тіркетудің мүмкіндігі қандай?

- Өкінішке орай, Қазақстанда партияны тіркеу оңай жұмыс емес. Билік тарапынан жасалып қойған небір бөгет бар. Қысым көп. Соған шыдауың керек, соның бәрін еңсеру керек. Бір сөзбен айтқанда, партия тіркеудің жыры көп. Алдымен тіркеуге рұқсат алу үшін 1000 аламның қолы керек. Одан кейін, сонша адамды жинап сьез өткізу керек. Одан кейін 40 000 адамның қолын тағы жинайсың.

Ал «бізге неге рұқсат бермеді?» дегенге келсек, бұрындары 10 адамды жинап, жиналыс өткізіп, онда қабылданған қарарды Әділет министрлігіне тапсырып, рұқсат ала беретін. Біз солай істеген едік. Өкінішке орай, 29 маусымнан бастап заң өзгеріпті. Енді 10 адам емес, 1000 адамның қолы  керек екен. Онда да партия тіркеуге тек рұқсат алу үшін. Қазір қол жинап жатырмыз. Жалпы, партия тіркеле ме, жоқ па? Белгісіз. Тіпті, билік бізді шетке ысырып тастауы да мүмкін. Бірақ, жұмысты тоқтатпаймыз. Күресеміз.

- Неге әлеуметтік желіге «Бекболаттың келіні партия құрмақ» деген ақпар тарап кетті? М. Тазабек пен Б. Тілеуханға қандай қатыстарыңыз бар?

- Осы сұрақты журналистердің көбі қояды. Тіпті, бәрі десем де өтірік емес. Бір ілік тапқысы келеді де тұрады. «Abai.kz-тің» еліміздегі қазақ тілді сайттардың арасында беделі жақсы және аудиториясы кең. Осыны пайдаланып мынаны айтқым келеді, менің артымда қайынағам да, басқа да тұрған жоқ. Бос дақпырт. Сәуегейлік жасауды қоялық.

Мен көп жыл әр түрлі салада қызмет еттім. Елдегі жағдаймен жетік таныспын. Әйел адам болсам да, кейбір ерлеріміз жасай алмай жүрген тірлікпен айналысқым келді. Тарихқа сәл үңілсек, қазақта көш бастаған, сөз бастаған, топ бастаған дана, ержүрек апаларымыз, қыздарымыз, аналарымыз болды ғой. Менікі солардың жолын жалғастыру. Халықтың сөзін сөйлеу, мұңын мұңдау, жоғын жоқтау. Елдің тірегі болу. «Жаяудың шаңы шықпас. Жалғыздың үні шықпас» демей ме?... Қазіргі кезде  дара шауып, ештеңе бітіре алмайсың. Артыңда қаптаған қол керек. Яғни мүделестер. Партия. Сонда ғана, айтқан сөзің өтімді, жасаған тірлігіңде нәтиже болмақ. «Көп қорқытады, терең батырады» дейді...

- Осы күнге дейін сізді ел ішінде аса белсенді болды деп айта алмаймыз. Саясат алаңында жаңадан пайда болған адамсыз. Неге қазір? Бұған дейін қайда жүрдіңіз?

- Саясат маған таңсық емес. 1996 - 99 жылдары либералдық қозғалыс ұйымдарының басшылары қатарында саяси қызмет жүргіздім. Ыстығына күйдім, суығына тоңдым. Ысылдым. Тәжірибе  жинадым. Қоғамда белсенділік таныттым. Кейін 1999 жылдан бастап 2010 жылға дейін Москвада МВА оқуын бітіріп неміс «Allianz» компаниясында топ менеджер болып жұмыс істедім. 2010 жылдан бастап Қазақстанда бірнеше үлкен жеке меншік компанияларда басқарушы, «KAZENERGY» ассоциациясының атқарушы директоры болдым. Бұл өте үлкен дәрежедегі жұмыс. Соңғы жұмыс орным КБТУ ректорының кеңесшісі.

Жеке меншік «ALPHARABIUS» атты компаниям бар. Сонда  жетекшілік етемін.

Әрине саясатта  маған  қарағанда, есім-сойы халыққа  белгілі не бір «бұлбұлдар» да, дүлдүлдер де жүр. Бірі ұпай жинау үшін, елдің көшеде айтып жүрген әңгімесін, өзі айтқандай болып түрлі мінберлерден бұлбұлша сайрайды. Сүйтіп халықтың «қамқоршысы» болып көрінеді. Сайып келгенде ол адамның қысыр сөзден басқа тірлігі жоқ. Сөзден іске көшпейді. Халыққа  көк тиындық пайдасы тағы жоқ.

Ал кейбір азаматтар бар үндемей жүріп-ақ, ұлт үшін көп тірлік жасайтын. Қазіргі кезде айқайшыл емес, еш жарнамасыз-ақ, халыққа қызмет ететін адамдар қажет. «Күлде жатқан халқымды күн еттім, түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым» дейді ғой... Бізге керегі осындай азаматтар. Қысқасы, ел сенімін иыққа арқалап, тура, әділ жолмен халықты бастайтын көшбасшылар керек. Ал, үлкен саясаттағы  менің асығым бүк түсе ме, шік түсе ме, әлде алшысынан түсе ме, оны уақыт көрсетер.

- «ХАҚ» партиясын жұрт қолдайтынына сенімдісіз  бе?

- Алдын ала болжам жасау қиын. Бірақ халықтың сөзін сөйлейтін партиядан ешкім қаша қоймас. Қолдайды деген үметтемін. Өйткені, кешегі өткен президент сайлауында жұршылық саясатқа жаңа тұлғалардың келуін күтті. Сол үшін дауыс берді. Демек, біздің қоғам жаңаруға, жаңғыруға даяр. Тек халықтың сенімін алдамау керек.

- Қазақ тілін қаншалық меңгергенсіз? Сұрақты бұлай қойғаныма ренжімессіз. Өйткені сіз жайлы айтылып жатқан әңгімелер, «қазақшасы кем, орысшасы басым» дейді.

- Мен Алматы қаласының 86-шы қазақ орта мектебін, КазМҰ-дың Шығыстану факультетін бітірдім. Факультетте тек қана қазақ тіліндегі бөлім болды. Осының өзі-ақ, көп нәрсе аңғартып тұр емес пе?! «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейді. Көп тіл білгеннің айыбы жоқ. ХХІ ғасырда тіпті, қажет. Бірақ мен үшін ана тілім бірінші орында. Мәскеуде қызметте жүргенде талай  мәрте өзге ұлт өкілдерімен өз тілім үшін сөзге келіп, тартысып қалған кездер болды. Тілімді жек көрсем, менсінбесем сүйтемін бе?

Рас, қазақ тілі өз жерінде өгей баланың күйін кешіп жатыр. Өкінішті. Өткен ғасырдың басында алаш арыстары тілді өзекті мәселе етіп көтеріп еді, арада бір ғасыр өтседе көп ештеңе өзгере қойған жоқ. «Баяғы жартас, бір жартас».  ХАҚ партиясы қазақ тілін басты мәселенің бірі етіп алмақ. Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қазақ тілін ұлтаралық тіл ету  мәселесін көтерді. Қуанышты жағдай. «Тіл ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі» демей ме? Барша қазақ, барша қазақстандық қазақ  тілінде сөйлейтін кезге де жетеміз. Ол күн алыс емес. Ол үшін «түнде  ұйықтамау керек, күндіз отырмау керек». Ол үшін толағай-толағай тірлік жасау керек. Онда да өзің үшін емес, елің үшін, ұлтың үшін!

- Сөз соңында, жуырда Алматыда жалпыұлттық Азаматтық бастамалар Конгрессін өткізгелі жатыр екенсіздер... «REAL HAQ ALANY» туралы...

- 23 қарашада өтеді. Конгресс өткізудегі мақсат - бастамашыл азаматтар мен ұйымдарды біріктіру. Конгресте әр қазақстандыққа қатысты мәселелер талқыланады.

Атап айтсақ, балалардың лайықты білім алуы, ірі қалалардағы экологиялық жағдай, медицина кадрларының проблемасы, ауылдықтарға ауыл шаруашылығы бизнесін қалыптастыру және дамытуға көмек көрсету. Конгреске белсенді азаматтар, Қазақстандағы үкіметтік емес ұйым басшылары, ҚР-дағы дипломатиялық миссия өкілдері шақыртылған. Марғұлан Сейсенбаев, Олжас Құдайбергенов, Ажар Жандосова, Әсет  Наурызбаев т.б  елге танымал азаматтар қатысады.

Әңгімелескен Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

40 пікір