Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 6107 31 пікір 18 Қараша, 2019 сағат 11:07

Ұлықтарға «Ұлы Дала» керек пе?

Жақында әйтеуір мазаққа объект іздеген күлкішіл жұртты мәз қылған, әйтеуір өкіметке шүйліккісі келіп тұратын ызалы ағайынды "тағы ақша жымқырмақ болған ғой, жүз миллион, ой, сұмдық-ай" деп кіжіндірген, қалай дегенмен де сілтемесі аяқ астынан электронды БАҚ, әлеуметтік желі мен мен telegram, whatsup-та ерсілі-қарсылы ағылған бір жаңалық болды. Былай қарасаңыз, алып бара жатқан дәнеңе жоқ. Мәдениет және спорт министрлігі тарихи-мәдени ескерткіштерге қатысты бір шаруаға жүз миллион теңге сұраған, оны Мәжіліс төрағасы сынап тастаған. Екі күннің бірінде болып жататын қатардағы оқиға. Қатардағы оқиға неге осыншама әңгімеге тамызық болды десеңіз, министрлік концепция жазуға арнайы топ жалдаймыз, соған төлейтін қаражат керек деп түсіндірген сияқты (мәжілісте түсірілген видео шолудың қысқа үзігінен соны ұқтық). Яғни, ресми құжат тілімен айтқанда, тарихи-мәдени мұраның бірыңғай комплексін әзірлеуге осыншама қаражат қажет болыпты.

Әлқисса, Мәжіліс төрағасы Н.Нығматуллин ренжіді, вице-премьер министр Б.Сапарбаев министрліктің қателігі, кінәсі бар деп мойындады, бірінші вице-премьер министр әрі қаржы министрі Ә.Смайылов қысқарттық, жүзді отыз миллионға түсірдік деп мәлімдеді, өзіне орташа қызметкермін деп баға берген мәдениет және спорт вице-министрі Е.Рамазанов (мәдениетті емес, спорт саласын қадағалайтын вице-министр) ойластырамыз, жасаймыз деген сыңайдағы жігерлі уәдесін беріп тастады. Сонымен барлық түйін шешілгендей. Мемлекет қаржысы үнемделді. Бәрі орынды. Бәрі тамаша!

Дегенмен осы ғибратлы көріністі сырттай қызықтаған қаймана қазақ, біздің көңілімізде бірталай дық қалды. Егер әңгіме әдепкі тұжырымдама (концепция) турасында болса, онда отыз миллион теңге - орынсыздығы өз алдына, рабайсыз көп шығын. Және бұл - аппаратында, содан соң бағынышты мекемелерінде көптеген қызметкері бар министрліктің тікелей өзі атқаруға міндетті, ары кетсе, бірлі-жарымды эксперт тартумен ғана бітетін шаруа. Егер шынымен осындай болған жағдайда әлде он-он бес, әлде қырық-елу бет тұжырымдама жазуға дәрменсіз тұтас бір министрлік неге қажет деген сұрақ туындайды. Әуелде осылай ойлағанмен, тарихи-мәдени мұра деген соң, оның үстіне осы салаға азды-көпті қатысымыз болғандықтан, сұрастырып байқадық, мәселе кісі жалдап, концепция жаздыруда емес сияқты. Министрлік еліміздегі тарихи-мәдени мұраның бірыңғай комплексін, яғни, біздің пайымымызша, көнелікті ескерткіштердің бір стандартқа бағындырылған мәліметтік базасын жасақтамақ болғанға ұқсайды. Ал бұл дегеніңіз - қыруар жұмыс. Осы ретте қадап айтатын мәселе - ешқашан, ешқандай министрліктің құрамында ондай жұмысты атқаратын тұрақты штаттағы жұмыскерлер болған емес, болмайды да. Болуға тиіс те емес. Неге? Енді осы күрделі сұраққа, біліміміз жеткенше және мүмкіндігінше, қысқа жауап беруге тырысайық.

Тарихи-мәдени ескерткіштер деген - өте ауқымды ұғым. Бұл ұғым аясында ең қастерлі Қожа Ахмет Иассауи дүрбесінен бастап, тасқа қашалған қадыми суреттерге дейінгі аралықтағы әр сипаттағы, сан салалы ескерткіштер толайым қамтылады. Мәселен, соның ішіндегі бір ғана сала - жартастағы суреттер, петроглифтерді алайық. Қазақ жерінде көне петроглифтердің қаншама шоғыры бар һәм солардағы таңбалардың жалпы саны, межелеп болса да, қанша? Мен білмеймін. Ең күйдіретіні - ешкім білмейді. Өйткені таңбалы суреттердің мұқымын зерттеп, таңбалап, әрбіреуін даралай өлшеп-сызып, нақтылап тізген, санаған сенімді дерек көзі, ресми каталог, басқаша айтқанда, қазіргі заманғы талаптарға сай жинақталып, жүйеленген мәліметтер базасы жоқ. Тіпті әбден тексерілген деп саналатын, кезінде осы саланы алғаш қолға алған тәжірибелі ғалым, ұстаз Максимовадан бастап, әр уақытта Медоев, Марьяшев, Әубәкіровтар зерттеген, кейін Рогожинский арнайы, толымды альбом шығарған Таңбалыда, мына Алматының түбіндегі мәшһүр Таңбалыда нақты қаншама петроглиф бар? Бұрнада қаншасы тізімделді, бүгінде соның нешемесі сақталып қалды, қандай суреттерден айрылдық? Үлкен шатқалдағы бәдіздің саны 3000 суреттің төңірегінде деген жауап аласыз. Тап солай.  Дәлме-дәл, дөп дерек емес. Долбар. Бұл ең көп зерттелген, ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енгізілген Таңбалының жағдайы! Ешкіөлместе 10 мыңдай дейді тағы бір дерек. Құлжабасыда, Хантауда, Баянжүректе, Орта көңде, Арпаөзенде... Қайсысын алып қарасаңыз да, осылай. Шамамен, болжаумен, төңірегінде... Барлық петроглифтерінің біреуі тізімнен тысқары қалмай түгел, сапалы да айқын таңбаланған, ғылыми тұрғыда дәйекті каталогы жасалған ешқайсысы жоқ. Ал зерттелмегені қаншама? Керемет зерделі, ізденгіш, еңбекқор адам, зоология профессоры марқұм Мариковский ақсақал өз бетімен дала кезіп жүріп ашқан, көрген, қарапайым фотоаппаратқа тартып алған, блокнотына суретін сызып алған тастағы сұлбалардың өзі қаншама! Алтай, Тарбағатай, Шыңғыстау жағындағы жақпар тас, сай салада тұнып тұрған байырғы бейнелер жайында сөз қозғамай-ақ қойсақ та болады. Ілгеріде классик жазушы, үлкен ғалым М.Мағауин өз туған өңірі Шұбартаудың Көпбейітіндегі ежелгі петроглифтер туралы мақала жазды, бірқатар суреттер жариялады. Содан беріде сол жаққа біреу елеңдеп, іздеп барыпты дегенді естімедім. Ал Қарқаралы, Ұлытау, Кішітау, Маңғыстау беттегі сурет-сызбаларды кім тізімдепті? Айтпақшы, сол әлемге әйгілі Таңбалымен бір өңірдегі  Қопада шашырап жатқан сансыз тастың бетіне бедерленген таңбаларды түгендеген тағы ешкімді көрмедік. Айта берсек, түгесілмес тақырып бұл.

Ақыры осы тарапта сөз қозғап қалдық, енді сол петроглифтердің қалай құжатталатыны, зерттеу, түгендеу әдістері жайында, - археолог-этнограф болмасақ та, мәдени мұра соңында архивте бірталай жұмыстана жүріп көңілге түйген, -  өзімізге белгілі (ал бізге белгісізі тым көп деп білемін) жайттардың шет жағасын ортаға салайық. Неге бұлай тәптіштеп отырғанымның сыры сөз соңында белгілі болады. Бұрындары бізде де болған еді, ал әлі күнге шет елдерде, басқасын айтпағанда, мына көрші Ресейде петроглифтерді іздеп тауып, таңбалап, түгендеу мақсатында көп адамнан тұратын экспедиция шығып тұрады дүркін-дүркін. Италия, Германия, Норвегия, Балтық жағалауы елдеріндегі жылдар бойы үздіксіз, тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан зерттеу жұмыстары туралы есептерді оқысаңыз, есіңізге ешкімге керексіз қалыпта бүлініп, жоғалып бара жатқан өз далаңыздың жәдігерлері түсіп, соншама бір қорлану сезімін кешесіз. 19 ғасырдың соңынан бастап жүйелі түрде зерттелген, бүгінгі таңда 3D нұсқаларына дейін жасалған Валкамоника петроглифтері ілкіде 140 мың делінген еді, енді Италия ғалымдары олардың саны 300 мың деп отыр. Лазерлі сканерлеу барысында бәдіздердің бірнеше  қабаттаса түскендіктері анықталған екен. Ал 1994 жылы ғана Франциядағы Пон Дарк аңғарындағы үңгір ішінен Жан Мари Шове тапқан 300 петроглифті Франция көзінің қарашығындай сақтап, аялап отыр. Ол үңгірге туристердің кіруіне тиым салынған. Жел мен судан қорғау үшін арнайы қорғаныс қондырғыларын орнатқан. Сол петроглифтер туралы деректі фильм түсірген атақты режиссер Вернер Херцогке Францияның мәдениет министрі санаулы сағаттарға ғана рұқсат етіп, түсірілім барысын өзі қадағалаған. АҚШ – тағы Ньюспейпер-Рок, Аргентинадағы Куэваделас – Манос, Испаниядағы Альтамира, Норвегиядағы Альта петроглифтерін мемлекет көздің қарашығындай сақтап отыр. Тіпті, олардың дәлме-дәл көшірмелерін жасап қойған. Көшірме жасау барысында мыңдаған жыл бұрынғы бәдіздер бедерленген тастардың құрамына дейін анықталған. Қасымыздағы   Алтайдың Ресейге қарасты бөлігіндегі 15 шақырымдық аумақты алып жатқан  петроглифтер шоғырланған жер арнайы қорғау аймағына айналған. Алтай петроглифтерін зерттейтін ғылыми-өндірістік орталық та ашылыпты. Бізде бұлардың бірде біреуі жасалмай-ақ қойсын... Тым болмағанда, санын біле алмай отырмыз ғой..

Өзінің өткеніне жүрдім-бардым қарамайтын, келешегінен үмітті өркениетті елдерде экспедиция құрамына археологтардан басқа осы іске маманданған суретші, фотограф, жер жағдайын кәсіби зерделейтін геодезист, көне таңбалар шоғырланған мекеннің тура қай жерде, қай ендік, қай бойлықта екенін анықтап, картаға түсіретін топограф, картограф, тіпті арнайы дайындығы бар альпинистер, тағы басқа мамандар кіреді. Адамдар таситын, сонымен қатар жеңіл шатыр, қажетті құрал-жабдық, азық-түлік артқан жол талғамас мықты бірнеше автомобиль болады. Ал қазіргі заманда петроглифтерді нақты, сенімді түрде құжаттау мақсатында аэрофото түсіру жұмыстары жүргізіліп, ландшафтық карта жасалатындығы себепті ұшақ-дрондар, оларды басқаруға маманданған операторлар да қосылады екен экспедиция жабдықтары мен мүшелері сапына. Фотограмметриялық моделдеу үшін бірге алып жүретін қуатты компьютерлер мен компьютерлік графика дизайнерлерін және қосыңыз. Өйткені түпкілікті болмағанмен, әуелгі моделдеу жұмысының біразы зерттеу істерімен қабаттаса, қатар атқарылады. Әлдебір детальді, мүк басқан, жарықшақ түскен, сурет үстіне басқа сурет бәдізделген ерекшеліктерді сол жерде қолма-қол айқындап, дәйектеп алу үшін. Сенуге болатындай 3D сұлбасын жасап алу үшін. Лазерлік тәсіл, яғни лазермен скандау мамандары мен жабдықтары да осы санатта. Осыларға қосымша таңба қашалған немесе сұлба сызылған тастың бедерін қолмен ұстағандай етіп анықтауды көздеп, тас бетіне жапсырылатын, сөйтіп бедерлі көшірме алу үшін қолданылатын арнайы калька, арнайы мата, оларға керекті арнайы сұйықтықты да ескеріңіз. Жарық түсіру құралдары, көлеңкелегіш, жарық сейілткіш перделер де осы қатарға үстеледі.

Хош, енді екі-үш көлікке тиелген осыншама адам ой жотамен он мың суреті бар деп болжанатын Ешкіөлместе қанша апта немесе қанша ай тынбай еңбектеніп, соншама суретті көшіретінін есептеңіз. Содан кейін қазақтың ұланғайыр даласында тарыдай шашылған петроглифті жартастар, шатқал, сайларды шығыстан - батысқа, түстіктен - теріскейге дейін сүзіп шығу үшін дәл осындай қаншама экспедиция қажет болар еді, соны шамалаңыз. Кемінде сегіз-тоғыз! Және бір емес, бері салғанда үш-төрт жыл бойы үдере жүргізілетін ауыр жұмыс. Сондай жұмыс жүргізуге әзірлігі, білігі жеткілікті мамандар бар ма қазір? Қазақ сақарасын қажымай, талмай, шарлап, саналы ғұмырларын, тоқыған, сіңірген білімдерін көне жәдігерлерді тануға, танытуға арнаған, әлі де еңбек үстіндегі жан-жақты білімдар, сарабдал ғалымдар Әжіғалиев, Самашев, Төлебаевтардың ізін кім басады? Және осындай күрделі шаруаны үйлестіріп, жоспарлап, тыңғылықты жүргізіп отыруға қай мекеменің қауқары жетеді? Көне жәдігерлерді зерттейтін заманауи үлгідегі құрал-жабдық жеткілікті ме? Қазір облыс орталықтарының барлығында бар, тіпті кейбір аудан орталықтарында ашылған өлкетану мұражайларының ішінде керегедей болып жатқан тастағы петроглифтердің сынықтарын қай тауды қопарып, қай тасты жарып алып келген? Тіпті, мың жылдық суреттер қашалған тас сынықтары жекелеген адамдардың қоралары мен аулаларында шашылып жатыр. Бұл бір ғана тарап - петроглифтерді түгендеуге байланысты мәселелер.

Ал қиян дала, қиыр тау беткейлеріне қадалған балбалдарды қандай экспедиция, қай уақта жоқтап, жолға шығыпты? Мен бұл арада жекелеген әуесқойларды, фотосуретші, кинооператорларды айтып отырған жоқпын. Қазір кез келген жергілікті музейдің албарынан көресіз осындай балбалдарды. Кім қайдан алып келген, балбалдың алынған жері картада белгіленіп, қалай, қай тарапқа қарап тұрғанына, төңірегіндегі нысандарға фиксация жасалған ба, жоқ па? Ешқашан жауабы табылмайтын, мәңгі ауада ілініп тұратын сұрақ!  Күлбілтелемей, ашық айтсақ, мыңдаған жыл мызғымай тұрған балбалды, - әлдеқашан жер бетінен көшіп кеткен бабалардың танымы, сенімі, этикалық, эстетикалық принциптері хақында аманат-сәлем жеткізетін ғажап жәдігерді, - әлмисақта терең қазып, мығым орнатылған ұясынан талқандай сындырып, суырып алып, сүйреп әкету - бір қазақ қана емес, бүткіл адамзат мәдениеті алдындағы қылмыс. Әрине, ауыл, аудан территориясындағы сол балбалдарды көре қалып, терақсып қазып ала қойған әуесқой тарихшы мұғалімдер, жергілікті пысықтар қылмыс жасадық деп ойламағаны, көлденең пайда көздемегені анық. Көңіл үшін демесек, бұдан надандықтың ауыр салдары жеңілдемейді. Бір ғана мысал, менің туып-өскен жерім Семейдің Үржар ауданы аумағында, Тарбағатайдың күнгей бетінде Ақ перілі деген биік бар. Сол биіктің тура ұшар шыңында бір жақ шекесі кетілген жалғыз балбал тұр. Ары қарай етеккке таман бірнеше балбалдың опырайған орны ғана жатыр. Жергілікті азаматтардың айтуынша, 1990 жылдардың басында аудан әкімшілігінде идеология саласында басшылық қызметте істеген біреу мың жыл мызғымай тұрған балбалдарды тау биігіне көтергіш кран мен шынжыр табан трактор шығарып, ырғап-ырғап суырып, ауданның орталық саябағына декорация ретінде орнатып қойыпты. Кейін «ерен еңбекпен» орталыққа әкелінген балбалдарды әркім алып кетіпті. Естуімше, нешеме ықылымнан аман өтіп, біздің тәуелсіздік уақытына жеткен сол балбалдар қазір әркімдердің ауласында әрқилы міндет атқаратын затқа айналған көрінеді. Ал анау күні бүгінге дейін Ақ перілінің биігінде қырғын соғыстан тірі шыққан жалғыз жауынгердей қасқайып, шығысқа қарап күн салып тұрған сынық балбалдың шекесін шірене тартқан трактордың темір арқаны жұлып кеткен көрінеді. Сөйтіп аман қалған. Бұл сом тастан қашалған, заманында бабаларымыз мәңгіліктің символындай көрген балбалдардың тағдыр-талайы...

Ал қам, шикі кірпіштен тұрғызылған, әр қилы табиғи, адами себептер салдарынан мүжіліп, шөгіп құрып бара жатқан көне тамдар, дың-кесенелер не күйде? Қаншасы тұр қалқиып, қаншасы үйіндіге айналды?  Басқасын қоя тұралық, совет кезінде өз реставраторларымыз білгенін жасаған, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында түрік ағайындар оң көңілмен, бірақ терең ғылыми дайындықсыз апыл-ғұпыл реставрациялаған Иассауи кесенесінің қазіргі жағдайы нешік? Ішінің базданып, сыз тартқаны, кесене қабырғасының астына алты ғасыр бұрын төселген гидроизоляцияның парықсыз бүлінгені, қабырғалардың табанынан жоғары өрлеген ыза, тұздың ортан белге жетіп қалғаны туралы жайсыз хабарлар баспасөз бетіне әредік шығып та жүр. Мен білгеннің өзінде министрлер кабинетіне, бірін бірі ауыстырып, келіп-кетіп жататын министрлерге талай хат жолданды. Шыққан нәтиже жоқ. Ағайынның көңіліне қарап, қасиетті дүрбенің құлауын күткендей болып осылай отыра береміз бе, әлде саз балшықтан тұрғызылған ғимараттар жайын жетік білетін іргедегі өзбек, алыстағы үнді ғалымдарын шақырып, нақты әрекетке кірісеміз бе? Ал тастан қиюластыра қаланғаны арқасында ғана біршама сақталған көне күмбездерді қайтеміз?

Жә, бір қайғы жүз қайғыны қозғайды...Мәжілістегі кепке қайта оралайық. Сонымен егер мәселе дәл осы тұрғыда, алып далада шашырай орналасқан ескерткіштерді түгендеу, сақтау  қамында көтерілген болса, онда Махамбет атамыз айтатын "қатепті  қара нардың" бірі емес, жүзінің белі көтермес бұл іске отыз миллион, жүз миллион түгілі, үш-төрт жүз миллион теңге де аздық етер еді. Шындыққа жүгінсек, жүз миллионыңыз - АҚШ долларына шаққанда қазір 250-260 мың доллардың көлеміндегі қаражат. Ұлы дала деп шіренгенде үзеңгіні үзе жаздаймыз, сол далаңыздағы мың жылдық мұқым тарихи жәдігеріңіздің тағдыры 250-260 мың көк қағазға тіреліп тұрса, жағдайымыз тым-ақ аянышты екен. Ал осыншама алып шаруаға небәрі жүз миллион теңге сұрап, ұят болғанда, сол қаражатты неге сұрағандарына дәлел-тиянақ таба алмай қиналған министрлік туралы айтар тіптен жоқ.

Тағы айтарымыз - осынша күрделі бұл міндет тіпті де Мәдениет және спорт министрлігінің жеке құзырына беріліп қоймасқа керек. Мәдениет министрлігіне деген алабөтен реніштен, өкпеден емес. Бұл үлкен білік, арнайы білімді ғана емес, орталық билік күшін қажетсінетін іс - ежелден-ақ салалық министрліктердің бірнешеуіне, сондай-ақ жергілікті өкімет органдарына бірдей қатысты міндет. Сол себепті егер біздің мемлекетіміз тарихи-мәдени ескерткіштердің қамын шындап ойласа, Министрлер кабинетінің қасынан агенттік пе, комитет пе, әлде басқа бір бірлік пе, әйтеуір дербес дәрежелі ведомствоаралық құрылым жасақталуы керек түбінде.

Әрине, біздің бүгінде көп жұрт ұмытып та үлгерген болмашы бір оқиғадан туындаған осыншама ұзақ һәм көңілсіз кебіміз ешкімді селт еткізбес. Дегенмен, айтпаса сөздің атасы өледі дегенге көре жазып қойдық. Кім біледі...

Базарбек Атығай

Abai.kz

31 пікір