Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
3185 1 пікір 15 Қараша, 2019 сағат 11:32

"Сәулет және құрылыстың өзекті мәселелері-2019" атты халықаралық конференция өтті

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында "Сәулет және құрылыстың өзекті мәселелері-2019" атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Бұл шара Қазақстан сәулетінің саңлақтары  Төлеу Бәсенов пен Малбағар Меңдіқұловтың  110 жылдық мерейтойына арналды.

Малбағар Меңдіқұлов - қазақ халқынан шыққан тұңғыш архитектура профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, Алматы қаласының тұңғыш бас архитекторы. Ол 1909 жылы Орынборда дүниеге келген. Ташкенттегі Ортаазиялық индустриалды институттың архитектура факультетін бітіріп, сонда еңбек жолын бастаған. 1941 жылы Ташкент қаласының бас архитекторы қызметін атқарған. Науаи даңғылы мен Ташкент каналын салуға атсалысқан. Малбағар Меңдіқұлов - Алматы қаласындағы «Неке сарайы», Ж. Жабаевтың, М.Әуезовтың ескерткіштері мен тағы басқа ғимараттардың авторы. Қазақ архитектурасын өркендету, зерттеу саласында 70-тен астам ғылыми еңбек, 4 монография, Казак архитектурасының тарихы» деген екі томдық кітап жазған.

Төлеу Бәсенов - тұңғыш қазақ архитекторы, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы. Ол еліміздегі қазіргі архитектуралық мектептің негізін қалаған. Осы саланың одағын құрып, мамандарын дайындауға үлес қосқан ғалым-педагогтардың бірі. Төлеу Құлқаманұлы 1909 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданында дүниеге келген. Санкт-Петербор азаматтық инженерлер институтын бітірген. 1933-37 жылдардың аралығында Жамбылда, Алматыда, Қырғызстанда қызмет етті. 1937 - 41 жылдары Алматы қаласының бас архитекторы, 1944 - 54 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы архитектура басқармасының бастығы, 1958 - 76 жылы Құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Ол Алматы қаласының бас жоспарын, Алматыдағы Достық даңғылының бас жобасын, Халықаралық Алматы әуежайының бірінші кешенін, Қазақ опера және балет театрының үйін, Амангелді ескерткішінің архитектуралық жоспарын, тұрғын үйлерді жобалалау жұмыстарын кәсіби шеберлікпен орындап шықты. Бәсенов “Қазақстан архитектурасындағы өрнектер”, “Архитектура және қала құрылысы” т.б. еңбектердің авторы.

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы еліміздегі базалық жоғарғы оқу орны ретінде сәулет майталмандарының есімін ұмыт қалдырмайды.  Академияда Малбағар Меңдіқұлов пен Төлеу Бәсенов атындағы  дәрісханалар мен мемориалдық тақталар бар. Халықаралық конференцияда олардың өмірі мен шығармашылығына, Қазақстан архитектурасының дамуына қосқан үлестері жайлы баяндамалар оқылды.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499