Сенбі, 20 Сәуір 2024
Тарих 4838 0 пікір 13 Қараша, 2019 сағат 11:12

Суындықтың асуындағы сұмдық

Сайын даланы саудыраған сүйекке толтырған отыз екінің қысы ерте түсті. Бұл кезде сұр жылан іспеттес аштық, үйді-үйге сумаңдап кіріп, айналдырған үш-төрт айдың ішінде тау бөктеріндегі отыз қаралы шаңырақты ойрандап кеткен еді. Есік ашылмай, күл шашылмай қалды. «Жұт жеті ағайынды» деген рас екен. Әншейінде алдымен еңіске түсіп, кемі екі апта сіресіп жатып алатын қырбық қар бұл жолы тауды өрлеп, жер жаһанды басып қалды.

ОГПУ-дің аудандық бөлімшесінің бастығы Александр Брагин құрым етігін сықырлатып, онсыз да қиюы қашқан ескі еденнің тақтайларын майыстыра әрі-бері жүргіштеп, темекінің көк түтініне бөгіп қалған бөлме ішін кезіп кетті. «Жағдай қиын» деді. Халық аштан қырылып жатыр, әй, мұның соңы жақсылыққа апармайды-ау. Ұзын құлақтан жергілікті байлардың астыртын жиын өткізіп, кеңес өкіметіне қарсы бүлік ұйымдастырмақшы болып жатыр деген әңгімелерін де естіп отыр. Мүмкін шындық, мүмкін дақпырт. Өзегі талған жұрттың өлімнен қорықпайтындығы шындық. Александр Брагиннің көкшіл жанарының үстін жауып көлкілдеген қабағы дір ете қалып, темекі түтініне ысталған шалғы мұрты жыбырлады. Беті шиқандай қып-қызыл ОГПУ-дің бастығы графиннен құйып алған самогонды шөлден қаталап келген адамдай, сіміре тартып, бір тал пиязды қоңғақ мұрнының астындағы делдиген танауының астына тосып біраз отырды. «Мұндағылардың бәрі жау, көкіректеріне қолдарын қойып, «Александр Иванович» деп бетіне күле қарап, мәймөңкелегенімен іштерінде қандай сасық ойдың бықсып жатқанына ғана көзі жетпейді. Жаны сірі халық екен, күні кеше кеңеске қарсы шыққандардың қойша көгенделіп, қынадай қырылғанын да ұмытып кеткен тәрізді. Өздері аштан қырылып жатса да ОГПУ қызметкерлерінің жағасына жармасып, қастандық жасайтынын қайтерсің. Жүректерінде тас болып қатып қалған қанды кектерін әлі ұмытпаған. Әйтпесе, осыдан он бес күн бұрын жолға шығып кеткен сабаудай бес қызметкердің айдан асса да із-түзсіз дерегін таптырмай кеткендігі қалай? Сөз жоқ, бәле қазақтардан келді, қастандықты да солар жасады. Болмаса, бойындағы бес қаруы сай чекистерге ажал адамнан келмесе, Алладан келмейді. Александр Брагин тағы да екі-үш стакан самагонды өңешіне тастап алғаннан кейін:

– Ефремов,-деп дауыстады. Есіктен фуражкасының бір шетінен тоқпақтай шашы бұрқыраған  үрпек бас жігіт кіріп келді.

– Ахметовке айт, ертең үшеуміз Қаратау жаққа барып қайтамыз. Ефремов есіктің алдында сәл бөгеліп:

– Әскер ертеміз бе?,-деп еді капитан шеніндегі Александр Брагин қолын сілтеді.

– Өй, сен де... өзі аштан қырылып жатқан халыққа шұбыртып әскер ертіп қайтеміз, аттарды дайында, ертелеп жолға шығамыз,- деді.

ОГПУ-дің бастығы жоғалғандардың жол бағытына қарады, өзі қол қойып берген бұйрыққа сәйкес бес адам Қаратауды бөктерлеп, осыдан төрт жыл бұрын қызыл әскерлердің Созақ көтерілісін басу үшін күнгей жақтан зеңбіректерін жегіп әкелген Суындықтың асуына дейін барып қайтуы тиіс еді, тек хабар жоқ. Бейне бір жер жұтып кеткен тәрізді. Әлде басмаштардың тау-тауды паналап жүргендерінің қолдарына түсіп мерт болды ма екен? Ертеңіне салт атты үшеу сар желіске салып, тау бөктерлеп жолға шықты.

Қазақ даласы қаңырап қалған еді. Жұт жеті ағайынды деген рас екен, отыз екінің қысы да қаңырап қалған қазақ даласының табалдырығынан қабағын түйіп аттады. асын тұман ораған Суындықтың асуына тиіп тұрған отыз шақты түтіннен тіршіліктің белгісі байқалмайды, бейне бір ел жұрты өзге жаққа ауа көшіп кеткен секілді. Басына ескі шәлісін тартып, беліне балтасын қыстырған Айбала қызыл сеңгірдің етегіндегі түп шеңгелге омбылап зорға жетті. Ауада шыңылтыр аяз бар. Күміс қарды аяғымен ысырып, шеткі шеңгелге балта сілтеп еді, қыздың шолпысындай сыңғырлаған қу қауашақтарынан  сауылдаған қар мойнына құйылды. О, жаратқан-ай, шеңгел екеш шеңгел де оңайлықпен жан берер емес, сояудай тікенектерін келіншектің қолына қадап, тамырынан ажырар емес. Айбала тікен кірген алақанының удай ашығанына қарамастан бір арқа шеңгелді арқалап, мұржасы ғана қаңқиған қоржын тамға қарай асығыс аяңдады. Адымдады деген аты болмаса, қарға адым жерге әлі құрып зорға жетті. Қам кесектен соғылған төрт қабырғаны қалқа деп өз өзіңді алдағаныңмен көптен түтін иісі шықпаған үйдің іші даладан бетер азынап тұр. Кішкентай Көбейсінді орап жапқан ескі көрпені ашып қарады. Кішкентай сәби танауы пысылдап, ұйықтап жатыр. Соңғы жүгерінің талқанын талғажау еткеніне бүгін үшінші күн. Ішегі шұрылдағанымен тіске басар дым жоқ. Далбасалап, қоржын таммен жапсарласа салынған атқораға кіріп, атақырдың түбін сипап еді, саусағына топырақтан басқа еш нәрсе ілікпеді. Тастай атқораның аңғал-саңғал бұғаттарынан суық жел азынап, жын ойнақ салып тұр.Төбеден салбыраған қу қамыстың жалғыз талы оқта-текте ішін тартып соққан тентек желмен бебеулеп, зар қағады. Айбала мына үйде бұдан әрі қалудың өлімге мойынсұнумен бірдей екендігін түсінді. Бірақ қайда барады? Арқа сүйер күйеуі есіктің алдындағы қара тасқа бастырылып, өмірдің бар азабын бұларға тастап, мәңгілік ұйқыда жатыр. Бұйырғаны сол шығар, әйтпесе сүйектері саудырап, шашылып қалғандар қаншама. Жалғыз жол, әлі барда Суындықтың асуынан асып, күнгей жаққа жетіп жығылу. Артына қарайлайтындай мұнда не қалды? Жолға жиналып, Көбейсінді жыртық көрпешеге орап, арқасына таңып байлап алды. Майлыжотаның шыңынан асса, ар жағында Суындықтың асуы тиіп тұр. Тек құдай күш-қуаттан айырмаса болғаны. Өңі азып-тозып, көздерінің алды көгеріп, қалталанған келіншек жаратқанға жалбарынып, бетін сипады. Бастапқы жүрісі ширақ сияқты еді, таудың етегіндегі омбы қар ғана әжептәуір әлсіретіп тастаған сияқты. Жетібайдың тұсынан өткенде қаңырап қалған үйлердің төбесіне қонақтаған құзғындар улап-шулап азан-қазан болып жатыр екен. Әбілмәлік атасының үйінің жанына үймелеген құзғындар бір-бірімен қырылысып, шұбатылған шекті іліп қашқан біреуі қарсы беттегі жарқабаққа барып қонды. Айбаланың мына сұмдықтан жаны түршікті.

– Апа, қарным ашты,-деді арқасына жарбиып жабысып алған Көбейсін.

– Жарығым, сәл шыда, әлден соң күнгейде тұратын Балбала апаңның үйіне барамыз. Нан жейсің, ыстық сорпа ішесің.

– Апа, қант бар ма?-деді Көбейсін.

– Бар күнім, бәрі бар.

Өз қиялына өзі иланған келіншек бейне бір ыстық  таба нанды қарынға салынған майға батырып жеп отырғандай, жарылып кеткен еріндерін жалады. Айбала мұнысының құр алдарқату екенін түсінді. «Күнгейдегі жұрт аман ба екен десейші, мүмкін Балбала апасы да бір жерде төмпешікке айналып жатқан шығар...»

Тал түсте Майлыжотаның шыңына титықтап зорға жетті. Еңістегідей емес, таудың үсті азынап тұр. Әлден соң күн желкемденіп, қар ұшқындай бастаған. Баяғыдағыдай бойында күш-қуаты болса, айналдырған бір сағаттың ішінде таудың етегіндегі қураған қызыл қайыңдарды шауып, әлдеқашан үйіне арқалап апарып тастар еді. Аштықтан әлі құрып, көзі қарауытып келе жатқаны мынау. Шіркін-ай, бармақтай май сорса тұманданған жанары шырадай ашылар ма қайтер еді, бірақ өзекті жалғайтын дәм қайда? Қолын суыққа қарытып, күртік қардан ұшы ғана қылтиып көрініп тұрған жусанның сыйдиған қу сабағын сыпырып алып, аузына салып еді, дәмі мына тар заманның таңдайда қалған  запыранындай ащы екен. Суындықтың асуының басында жаяу бұрқасын үйіріп соғып тұр. Өңменінен өтетін қара суыққа иығын қалқалап, зорға келеді. Жақпар тастың қар үрлеп тастаған қуысынан қызыл орамалдың шеті оқта-текте желп ете қалады. Айбала күртік қардың астында өз тәрізді бейбақтың жатқандығын сезіп, қарамауға тырысты. Суындықтың асуының ұшар басына шыға берген кезде қайдан сап ете қалғаны белгісіз, сақалы желбіреп, шашы өсіп кеткен бейтаныс тасадан шыға келіп, арқасындағы Көбейсінге жармасқан. Айбаланың қорыққанынан үні де шықпай қалды. Адам ба, жын ба, пері ме? Үш тәулік бойына нәр татпай, аштықтан әлі қалмаған Көбейсіннің дауыс шығарып, жылауға да шамасы келмей қалған тәрізді. Дүлей күш баланы тартып алып кетті. Бәрі де қас қағым сәтте болып өтті. Қолын ербеңдеткен Көбейсін белгісіз адамның қолтығында кете барды. Айбала ойбай салып соңынан тұра жүгіргенімен бұтына байлаған лыпасынан басқа түгі жоқ, жалаң аяқ, жалаң бас құбыжық етектегі жартастардың бірінен біріне секіріп, таудың басына өрмелеп кетті. Дәрменсіз келіншек жерді тоқпақтап жылады. Соңынан жүгеннің сылдыры мен  аттың тұяғының дүбірі естілгенде ғана қылыштары салбыраған үш салт аттының дәл жанында тұрғанын аңғарды. Ішіндегі беті шиқандай қызылы  орысшалап, жанындағы мұртты қазақтан жөн сұрады.

– Мына бейшара айдалада не істеп отыр?-деді

Бұл ОГПУ-дің аудандық бөлімінің бастығы Александр Брагин еді. Айбала:

– Анда, анда баламды алып кетті,-деп таудың беткейін көрсетіп, егілді.

– Ребенка украли,-деді мұртты қазақ Ахметов ОГПУ-дің аудандық бөлімшесінің бастығына қарап. Ол:

– Кто, кто,-деп  жамбасындағы маузер салынған қынаптың түймесін ағытты. Содан кейін:

– Ефремов,-деді.-Проверь вокруг!

ОГПУ-дің үрпек бас қызметкері наганын оңтайлап ұстап әлгінде ғана бейтаныс құбыжық кеткен ізді қуалап, жартасты айнала берген кезде шаңқ-шаңқ мылтық атылған.

– Ефремов,-деді ОГПУ-дің бастығы Александр Брагин айқайлап,–Мына сайтан алғырды жер жұтып кетті ме? Маңай жым-жырт, құлаққа уілдей соққан тентек желден басқа ештеңе естілмейді. Енді екеуі де аттарынан түсіп, қаруларына қол жүгіртті. Тауға қарай өрмелеп, өздерінен оқ бойы озып кеткен Ахметовтің:

– Сайтан алғыр,-деген ащы даусымен бірге наганның үні қоса естілген. Әрі қарай бәрі де құлаққа ұрған танадай тынши қалған. Сонадай жерде состиып тұрып қалған Александр Брагин маузерден екі-үш рет оқ шығарып еді, төбелерінен төне қарап тұрған жартастар жаңғырықты. Қу жан қандай тәтті еді, Айбала ОГПУ-дің бастығының кителінің етегінен тарс ұстап алды. Еңгезердей орыс мысық табандап басып «жұмбақ» жартасты айнала бергенде әлденәрсе тосыннан барысша атылып, еңгезердей Александр Брагинді қару жұмсауға мұршасын келтірмей, ұмар-жұмар астына басып алды. Бейтаныс құбыжық тамаққа жабысқанда ОГПУ бастығының үні шықпай қырылдап қалды. Жалба-жұлба шаш басын көтеріп сонадай жерде состиып тұрған Айбалаға қарағанда оның аузы қызыл ала қан еді. Келіншектің есінде қас-қағым сәтте болып өткен қырғыннан тек осы сурет ғана қалып қойды. Бас сауғалап қашты. Неге екені белгісіз бейтаныс Айбаланың соңынан қумады. Әлден соң асуды қымтаған қалың тұман шерменде бейбақтың сұлбасын жұтып қойды.

Тылсым табиғат төсіндегі сұмдықты тағы да жасырып қалды. Арада қаншама жылдар өтсе де әлі күнге жел соқса, ызыңдап күңіреніп қоя беретін мына шыңдарға ғайыптан тіл бітсе, сол күнгі қырғынның қалай болғанын, кішкентай Көбейсіннің не өлі, не тірі екендігін  баяндап берер ме қайтер еді, тек мылқау жартастар үнсіз мелшиеді.

Елеусіз Мұрат

Abai.kz

0 пікір