Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Міне, әңгіме! 3861 24 пікір 13 Қараша, 2019 сағат 10:44

Тәуелсіздік үшін күреспеген қазақта өлген есектің де құны болмайды!

Мемлекеттің тәуелсіздігін яғни азаттығын жариялаған негізгі мейрамына да бір айдай уақыт қалды. Бұл Ұлы мейрамды қарсы алауға біз қалай дайындалып жатырмыз?!

Әлеуметтік желіде барлығы саясаттанып кеткен. Партия құрып елді бөлу, не үшін екені түсініксіз өзара күрес, қажет болса бірін-бірі атып-жою, жер үшін күресіп шындықты айтқандарды түрмеге қамау, шетте жүргендердің айтағына аласұрып айналаны төңкеріп жіберуге дайындық, ел мен жерді  түгелдей шетелге сатумен айналысу, жеке басқа жаппай табыну, аяқ алып жүргісіз коррупция, ана тілдің қасиетін түсінбей басқаларға еліктеген құлдық сана...

Осының бәрі Ұлттық мемлекеттің ұстанымдарына кереғар, қазақ өзін-өзі билеген соңғы 30 жылда пайда болған келеңсіз құбылыстар. Бұдан шығатын қорытынды – ол Қазақ өзін-өзі билеп, өркениетті мемлекет құруға дайын емес...

Өркениетті мемлекет деген – ол қоғамдағы барлық ұлт пен дін өкілдері, саяси ағымдар... арасындағы мәселелер өзара әділетті заңмен келісілген, ортақ мәселелерді бейбіт шешетін мәдениетті қауым.

Қазақстандағы тұрақтылық пен қоғамның мәдениеті алдымен мемлекет құрушы Қазақ ұлтының ана тілі мен дәстүрін құрметтеп, оның ұрпақтарының негізгі мақсаты мемлекет мүддесі үшін күресінде.

Сонымен қатар қоғамдағы бірлік, алдымен қазақтың өзара ұлттық біртұтастығы, барлық қазақстандықтарды айналасына біріктіруі және түркі халықтарын біріктіру үшін күресімен анықталады.

Отанды сүю – ол мемлекет мүддесі үшін күрес яғни елге қауіп төнгенде, қажет болса қолға қару алып оны қорғау.

Бүгінгі қазақ үшін негізгі күрес ана тілін қоғамның барлық саласына ендіріп, жерін сақтау және мемлекетті дамыту!

Осы үш мәселені түсінбеген адам отанды сүйе алмайды яғни ұлтының патриоты бола алмайды.

Қазақ ұлтын сүйіп, оның болашағы үшін бір адамдай күрескенде ғана, ел бірлігі нығайып, берекелі қоғамға айналады.

Әр адамның ана тілі мен отаны бар. Адамның  бодан мен құлдан айырмашылығы, - ол Ана тіл, Жер, Отан үшін күресе алады. Ол өмірдің мәнін анықтайтын азаттық және әділдік үшін қасиетті күрес!

Ұлтымыздың барлық ұлы қасиеттерін бойларына жинаған алашордалықтар Қазақ елінің азаттығы жолында соңғы демдері қалғанша күресті.

Олар орындай алмай кеткен мақсат-мұраттарын іске асыру бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Бұл жолдан ауытқыған адамда не халықта қасиет болмайды.

Қасиетінен айырылған қоғам тілі мен жері яғни отбасы мен Отанының болашағы үшін күресе алмайтын құл.

Боданнан құл, құлдан жетесіз ұл туады яғни бұл мәңгүрттік қоғамның формуласы.

Қазақ, «құм жиналып тас болмас, құл жиналып ел болмас» дейді. Құл жиналса тобырды, адам жиналса ұлтты құрайды. Ұлт өркениетті мемлекеті құрады.

Тобырдан ұлтқа өтетін кезеңдегі қауымды халық деп атайды. Қасиетті Құранда, «халық Құдайдың бір аты» дегенде, оның азаттық үшін бірігіп күресе алатын яғни адамдық қасиетін айтқан болу керек.

Ұлттық сана мен алғашқы қауымдық кездің рудименті ру-тайпалық сананың арасы жер мен көктей.

Бабаларымыз Көк түріктер әлемдегі жалғыз мемлекет - «Мәңгі Ел» құрды. Бүгінгі ұрпақтың міндеті оны дамыту.

Халық пен ұлтқа жат, ру-тайпалық сана - ол құлдарға тән. Отарлаушылардың «бөліп ал да билей бер» деген формуласы бастары бірікпейтін осындай құлдардан тұратын қауымға арналған.

Тәуелсіздік үшін яғни ұлттық мемлекетіміздің болашағы үшін күрес – ол отбасы, Отан, Ана тіл, Атамекен-Жеріміз, дәстүр мен мәдениет және өркениетті мемлекет құру үшін күрес! Күреспеген қазақта өлген есектің де құны болмайды!

Қазақ, надан мен нақұрыс, сатқын мен қаңғыбастарға дес бермейді. Қазақ, ұлы Мөде қағанның, «Жер мемлекеттің негізі» деген қағидасын ұстанып, жері үшін күреседі. Қазақта, елін қорғамайтын ұл, арын ардақтамайтын қыз болмайды. Қадір-қасиеті жоқ адам Тәуелсіздіктің мәнін түсінбес.

Тәуелсіздік – ол Қазақтың ұлттық мемлекеті. Ол үшін күрес- ол Ұлт болашағы, ұлы арманы үшін күрес!

Жанұзақ Әкім

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3508