Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 4323 24 пікір 12 Қараша, 2019 сағат 12:56

Тіл білімі институты кімнің мүддесін көздеп отыр?

«А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазақ тілінің латын графикасына негізделген жаңа әліпбиін таныстырды» деген хабарламаны оқып, мен біздегі ғалымдардың расында да өзге кеңістікте, өзге өлшемдермен өмір сүретініне кезекті рет көз жеткіздім. Егер, бұлар расында осы ғаламшарда, Қазақстан атты мемлекетте өмір сүретін болса, оның халқының, Елбасының пікірімен санасатын болса, дәл бұлай жасамас еді...

Халқы не деді? Бізге қолдануға ыңғайлы, филолог-ғалымдар үшін емес, қарапайым халық тұтынатын әліпби жасап берсеңіз деп отыр. Елбасы не деді? «Бізге Түркияның әрекетін қайталаудың қажеті жоқ. Олардың жағдайында, Ататүрік шұғыл түрде Еуропамен ынтымақтасуы үшін, өзі әліпби жасап, асығыс енгізіп жіберді. Ал, біздің жағдайда – ешқандай астын-үстін түртпей, үтір, нүктелерсіз әліпби жасау керек» деді. Ендігі сауал – Ерден Қажыбек бастаған ұжым сонда алдында өздері Елбасының алдында бас шұлғып мақұлдаған нұсқадан бас тартып, онысымен қоймай, оның берген тапсырмасын қасақана кері орындап отыр ма? Мұны қалай түсінуге болады?
Бұрын ғой, кирилл графикасына өткенде орыс тілінің, Кеңестік Ресейдің ықпалында болдық. Жарайды, оларға бодан болдық. Нәтижесінде тіліміздің бүкіл заңдылықтары бұзылып, былығып кетті. Енді, тәуелсіз ел болып отырған тұсында еліміздің бір топ ғалымы – түркі бірлігі деген сылтаумен бізді – Түркия республикасына бодан қылмақшы. Бұл сөзім – базбіреулерге байбалам, популистік әрекет көрінуі мүмкін. Бірақ, экономикада, IT техноложида вендорлық тәуелділік деген ұғым бар.

Бұл деген сөз, түсінікті тілмен айтсақ, егер сенің әліпбиің, бағдарлама жазу тілің жалпыға ортақ, бейтарап халықаралық стандарттарға сәйкес жасалмай, бұған дейін айналымда бар белгілі бір тілдің графикасына негізделіп жасалса, ғылыми-техникалық, халықаралық қатынастар стандарттарының бәрінде сен сол елдің жалпыға ортақ стандарттар негізінде жасалған транслитерациясын қолдануға мәжбүрсің. Демек, сен ортадағы делдал мемлекетке Вендорлы тәуелдісің. Қаржы, экономика, IT, бағдарламалау тілінен бастап, мемлекеттік қорғаныс мәселесіне дейін сол ел араласа алады. Ресейлік транслитерацияның "Жайсаңбек" - "Zhaisanbek" (дұрысы Jaisangbek болу керек еді) сияқты жемістері соның айғағы. Сөзім қиындау боп кетсе, мысалмен түсіндіріп көрейін. Сен үйленейін деп ниет еттің. Шаңырақ көтеруге сұлу да, сымбатты, ақылына көркі сай, қолынан түрлі іс келетін ісмер қызды кездестіріп, үйленейін деп әрекет етіп жатсаң, мына жақтан, бір алыс құдандалы болып келетін бір кісі: "Ештеңені білмеймін, менің мына қарындасымды аласың, мен сендердің қашан жатып, қашан тұратындарыңды, қанша балалы болатындарыңды, жанұялық бюджеттеріңді, кіммен араласып тұратындарыңды, бәрін көріп, бақылап отыратын боламын!" деп бұйырады. Тықпалап отырған қарындасы оның үстіне көріксіз, олақ, не мінезге жарымаған болса. Сіздің әрекетіңіз қандай болмақ?
Алты шақырым аулақ жүр дейтініңіз анық!

Енді, тура сондай Түркияға тәуелділікке әкелетін латынды тықпалап, соған лобби жасап отырған Тіл білімі институтының Ерден Қажыбек бастаған қызметкерлерінің әрекетін қалай бағалауға болады? Ештеңені ұқпайтын сауатсыздық па, әлде "Елбасыңнан бастап, бәріңнің пікірлеріңді ұрғаным бар!" деген менсінбеушілік па?!.

Нұраддин Садықовтың facebook парақшасынан

Abai.kz

24 пікір