Жұма, 26 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 9351 66 пікір 12 Қараша, 2019 сағат 11:54

Қате оқулыққа кім жауапты? Автор ма, баспа ма, әлде министрлік пе?

ҚР Білім және ғылым министрі

Асхат Аймағамбетовтың назарына!

Жалпы білім беретін мектептерге арналған оқулықтар қателіктерден көз ашпай келе жатқаны құпия емес! Мұны жоюға Білім және ғылым министрлігі ықылас танытпауда. Бұлай дейтін себебім, еліміздегі ғалымдар мен ұстаздар мерзімді баспасөз беттерінде мектептерге арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында орын алған кемшіліктер, қателіктер жайлы қаншама жазғанымен оған билік тарапынан назар аударып жатқан ешкім жоқ.

2018 жылы 8 (7) сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығындағы (авторлары З.Е. Қабылдинов, Ж.Н.Қалиева) қателіктер жөнінде қаншама мақалалар жарияланды. Осыдан бірнеше ай бұрын Индер ауданының құрметті азаматы Бисен Аталықтың «Зачем учебник по истории искажает факты» және Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы-ғалым Амангелді Шамғоновтың «Оқулықтағы олқылық – тарихқа қиянат» деген жарияланымдарында 8 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихындағы» қателіктер тайға тамға басқандай етіліп көрсетілді.

Білім және ғылым министрі болып Асхат Қанатұлы Аймағамбетов тағайындалғанда көктен іздегені жерден табылғандай әсер алған тарих пәнінің мұғалімдері енді еліміздің бас ұстазы тарихшы болды, «Қазақстан тарихы» оқулықтарындағы олқылықтар енді жойылатын шығар деп үміттенді. Алайда, бұл үміт биыл 2019 жылы «Атамұра» баспасында жарық көрген З.Е. Қабылдиновтың, М.Д. Шаймерденованың және Е.М. Куркеевтің авторлығымен 9 (8) сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы (ХХ ғасырдың басынан Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін» атты оқулығын қолымызға ұстағанда су сепкендей басылды. Бұрын оқулық жазып, қателіктерге жол берген авторға қайтадан оқулық жазуға рұқсат етілгеніне тарихшы мұғалімдер аң-таң қалды.

Аталмыш оқулықтың мазмұны дидактика талаптарына әрі ғылыми негізге тіптен үйлеспейді. Оны мектеп оқушыларына оқулық ретінде ұсынуға мүлдем болмайды. Оқулықта қаптаған қателіктер, фактіні бұрмаушылық кеңінен орын алған. Мұндай жәйтке тарих пәнінің мұғалімдері көз жұма алмайды. Оқулықтағы қателіктерді тізіп жазатын болсақ, 192 беттен тұратын бұл оқулықтың көлемінен де артып кететін түрі бар. Соған байланысты ең өрескел қателіктерді, ғылымға қиғаш келетін тұстарын ғана атап өткенді жөн санап отырмын.

1) Өрескел қателіктер «ХХ ғасыр басындағы Қазақстан» деп аталатын тараудан бастап орын алған. Мәселен, 11-бетте қазақтардың атынан жоғары билік орындарына петиция жолдау жайлы айтылып, мұндай петициялар 1902-1903 жылдары жолдана бастады деп көрсетілуі өрескел қателік әрі авторлардың білімінің таяздығының айғақтайды. Себебі, патша өкіметі жоғары билікке петиция жолдауға 1905 жылы 18 ақпанда рұқсат берді. Бұл тарихта Ішкі істер министрі А.Булыгин дайындаған рескрипт ретінде мәлім.

Авторлар оқушыларды шатастырып, петициялар 1902-1903 жылдары жолдана бастады деп оларға жалған мәлімет беріп отырғанын сезінбейді және олардың ертең жоғары оқу орнына түсу үшін тесті қалай тапсырады деген мәселеге бастарын ауыртпайды да.

Оқулық авторлары жоғары билікке петиция тапсыру науқанының қалай басталғанын білмейтін болса тарихшы, академик Мәмбет Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» атты кітабының 94-98 беттерін ашып оқымайды ма!? Бұл кітапты мектеп мұғалімдерінің оқушыларға қосымша мәлімет алуға ұсынып келе жатқанына ширек ғасыр болды ғой.

2) Оқулықтың 14-бетінде «Мұстафа Шоқай депутат болмаса да ІІІ және ІV Мемлекеттік Думадағы мұсылман фракциясының құрамына кіріп, ондағы мұсылман өкілдерінің назарын қазақтардың бастан кешіріп отырған ауыр халіне аударды» деген пікір мүлдем қате. Авторлар бұл жерде өздерінің Мұстафа Шоқайдың қызметінен бейхабар әрі Мұсылман фракциясының қандай ұйым екенін білмейтіндігін танытқан.

Оқулық авторлары Мұсылман фракциясы парламенттік фракциясы екенін, оның құрамына кіру үшін Мемлекеттік Думаға сайлану қажет екенін білмейді ме!? Оқулық авторларының өзі ғылыми, тарихи кітап оқыған ба өзі!?...

Мұстафа Шоқай Мемлекеттік думаға депутат болып сайланбағандықтан ешқашан Мұсылман фракциясының құрамына кірмеген. Ол тек ІV Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясы жанында 1916 жылы құрылған бюроға мүше болып кірген. Бұл бюро қоғамдық негізде құрылып, Мұсылман фракциясына қолғабыс көрсетуді мақсат етіп қойған. Мұстафа Шоқайға дейін бұл бюроның мүшесі Ә. Бөкейханов болған. Ә. Бөкейханов майдандағы тыл жұмысына алынғандарға жәрдем көрсететін Земгорға қызметке кеткен соң оның орнына Мұстафа Шоқай барған.

Енді оқулықтағы осындай өрескел қателікті мектеп мұғалімі жөндеу керек пе? Ғаламтор бар кезде мұндай қателікті авторларға кешіруге болмайды. Өйткені, қазіргі кезде мектеп оқушылары арасында әлеуметтік желі арқылы кез-келген ақпаратты тексеріп отыратын дарындылар бар екенін естен шығармау керек... Дарынды балалар мұндай өрескел қателікті байқап қойса, оларға не айтамыз? Әлде, Білім және ғылым министрлігі сеніп тапсырған, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының білдей директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Е. Қабылдинов бастаған авторлар ұжымының қателігі дұрыс дейміз бе!?

3) Осы 14-бетте оқулық авторлары Мемлекеттік думаның мүшелерінің аты-жөнін дұрыстап та көрсете алмай оқушылар мен мектеп мұғалімдеріне немқұрайлық танытып, былай деп жазады: «Закавказьелік депутат Х. Мамедов ІІІ Мемлекеттік Думаның мінберінен бүкіл мұсылман фракциясының атынан сөйлеген сөзінде Ресейдің ішкі аймағынан шаруаларды Қазақстанға жаппай қоныс аудартуды тоқтата тұруға шақырды».

Тарих пәнінен 30 жылға жуық сабақ беріп келсем де оқулықтарда мұндай бұрмалаушылықты, қасақана жалған мәлімет беруді алғаш рет кездестірдім. Мемлекеттік Дума мүшелерінің арасында Х. Мамедов деген депутат болған емес. Ғаламтор арқылы іздестіргенде Мемлекеттік Думада мүше болған кавказдық Халил-бек Гаджи-баба оглы Хас-Мамедов деген Баку және Елизаветполь губернияларынан сайланған әзербайжан депутатын кездестіруге болады. Авторлар айтқандай ол «закавказьелік» депутаттың аты-жөні Мамедов емес, Х.Г. Хас-Мамедов екенін аңғарамыз. Осы Х.Г. Хас-Мамедов патша өкіметінің қоныс аудару саясатына ІІІ Мемлекеттік Думада қарсылық білдірген.

Авторлардың мектеп оқушыларының арасында оқулықтағы әрбір сөзді, нүктесі мен үтірін қоймай тексеретіндер бар екенін ескермей, «соқыр тауыққа бәрі бидай» деген принципті ұстанып, оқулық жазғаны қалай!?

4) Оқулықтағы сорақылықтың бірі «Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс» деген параграфта айқын аңғарылып тұр.

З.Е. Қабылдинов бастаған авторлар тобы 1916 жылғы көтерілістің тарихи маңызын 24-бетте былайша қате қорытындылаған: «Қазақтардың көтеріліске жаппай қатысуы әскери тәжірибе жинақтап, кейін Алаш әскерін құру мен 1918-1920 жылдардағы большевиктермен қарсыласуында пайдаға асты».

Амангелді Иманов бастаған Торғайдағы көтерілісшілер большевиктер жағына шығып, Алашордашылармен күрескен жоқ па!? Көтеріліске атсалысқан Ә.Жангелдин Кеңес өкіметін орнатуда белсенділік танытқан жоқ па!? Мұны Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Е. Қабылдинов қандай дерегіне сүйеніп, теріске шығарып отыр.

5) Авторлар жалған мәліметтерді оқулыққа тықпалауда алдына жан салмайды ма деп қаласың! Бұлай демеске амал жоқ! Өйткені, оқулықтың 28-бетінде  «Өлкеде Уақытша өкіметтің органдарын құру» деген тармақшада авторлар өтірікті шылқитып, «Жетісуда – Мұхамеджан Тынышбаев, Түркістан өлкесінде – Мұстафа Шоқай Уақытша үкіметтің комиссары болды» деп көрсетіпті.

Авторлар ешқашан Мұхамеджан Тынышбаевтың Жетісу облысының комиссары болмағанын, Мұстафа Шоқайдың Түркістан өлкесі комиссары қызметіне қол жеткізе алмағанын ескермей оқушылар мен мұғалімдерді шатастыруға жол бастаған.

6) Оқулықтың 30-бетіндегі «Орынборда 1917 жылдың сәуірінде өлкенің барлық аймағынан делегаттар қатысқан қазақ съезі өтті. Оның жұмысының барысында қазақ қоғамының аса маңызды мәселелерін шешетін облыстық қазақ комитеттері құрылды» делінген пікір түбірімен қате.

1917 жылы сәуірде Орынбор қаласында өткен съезд қазақ съезі деп емес, Торғай облысы қазақтарының съезі деп аталады. Бұл съезде қазақ комитеттері құрылмаған. Облыстық қазақ комитеттері бұл съезге дейін құрылып, керісінше олар Ақмола, Жетісу, Семей және Орал облыстарындағы қазақ съездерін өткізуді ұйымдастырды. Бұл мәселені Мәмбет Қойгелдиев жоғарыда аталған еңбегінің 214-237 беттерінде нақтылы талдап көрсеткен ғой. Осыны ескермей авторлар үстірт пікір білдіріп, өздерінше оқулыққа «жаңалық» енгізген.

7) Өрескел қателіктің бірі оқулықтың 35-бетінде көзге ұрып тұр. Авторлар «1917  жылдың жазында (21-26 шілде аралығында), Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезі  ұлттық саяси «Алаш» партиясының құрылғанын жариялады» деп жазып, қате, жалған мәлімет береді.

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Е. Қабылдинов бастаған авторлар тобы осы уақытқа дейін бірінші жалпызақ съезінде қазақ саяси партиясын құру жөнінде шешім ғана қабылдағанын, ал «Алаш» партиясын құру 1917 жылдың қазан айында ғана жүзеге асқанын білмейді ме, әлде қасақана оқушыларды жаңылыстыруды көздеген бе!?

8) 38-бетте оқулық авторларының «Алаш автономиясының басшыларына Кеңес өкіметі сенімсіздікпен қарады» деген пікірінің өзінде қателік, фактіні бұрмалаушылық байқалып тұр. Авторлар 1917 жылдың желтоқсан айында өткен екінші жалпықазақ съезінде Алаш автономиясын жариялауды кейінге қалдырылып, сол күйі оны жариялау жүзеге аспай қалғанын ескермейді. Сондықтан авторлар Алаш автономиясы емес, «Алашорда үкіметі басшыларына Кеңес өкіметі сенімсіздікпен қарады» деп жазуы керек еді.

9) Оқулықтың 46-бетінде М. Дулатұлы «Оян, қазақ!» атты кітабы жайында айта келіп, «Ол қазақ даласында жаппай мешіттер мен медреселер ашуды, жастарға ислам рухында тәрбие беруді жақтады» деп пікір білдіру шындыққа мүлдем сәйкес келмейді. М. Дулатұлы «Оян, қазақта» қазақ даласында жаппай мешіт ашыңдар деп айтқан емес. Мұны авторлардың қиялдан шығарған, өздерінше ашқан «жаңалығы» деп қабылдау керек.

10) 60-бетте «1918 жылы 25 мамырдағы Чехословак корпусы бүлігінің үлкен әсері болды. Бұл іс жүзінде Азамат соғысының басталуын білдірді» деп жалған мәлімет берілген. Олар осылайша соңғы кезге дейін оқулықтар мен оқу құралдарында Азамат соғысы 1918 жылдың 23 ақпанда басталды деген пікірді теріске шығарады. «Википедияның» өзінде «Азамат соғысы 1918 жылы 23 ақпанда басталды деп есептеледі, бірақ ол 1918 жылға дейін-ақ басталып кетіп еді» деп жазылған. Енді, не З.Е. Қабылдиновтің оқулығындағы қате мәліметке сеніп, Азамат соғысы 1918 жылы 25 мамырда басталған деп айтамыз ба!?

11)  Оқулықтың 60-61 беттеріндегі «Омбыдағы Уақытша Сібірлік үкімет» деп аталатын тармақшадағы қателіктер оқушыларды жаңылыстырып, оларды топастыққа итермелейді. Авторлар Уақытша Сібір үкіметінің не екенін білмей ауыздарына келгенін жазған. Авторлардың «Омбыда адмирал Колчак басқарған Уақытша Сібірлік үкімет құрылды» деуінің өзі қате. Өйткені, Уақытша Сібір үкіметін Колчак құрған жоқ! Ол үкімет Колчакқа дейін 1918 жылы 28 қаңтарда құрылған. Колчак Уақытша Сібір үкіметін құрушы емес, оны жойған адам! Колчак Уақытша Сібір үкіметін Бүкілресейлік Уақытша үкімет құрамына күштеп қосып, өзін жоғарғы билеуші деп жариялаған жоқ па!? Осыған байланысты 1918 жылдың 3 қарашасынан бастап Уақытша Сібір үкіметі тарих сахнасынан кеткен жоқ па!? Авторлар осыны неге ескермейді!? Оқулықты неге ғылыми кітаптар оқып барып жазбайды!? Ең құрығанда «Википедияға» неге қарамайды!?

12) Оқулықтағы «Алашорда үкіметінің қызметі» деген тармақшада сорақылықтан да асып түсетін қателік жіберілген. 65-бетте авторлар «1917 жылы желтоқсанда Орынборда «Алаш» партиясының Екінші жалпықазақ съезі өтті» деп әбестіккке барған. Екінші жалпықазақ съезі ешқашан да «Алаш» партиясының съезі болмағанын авторлар қаперге алмай, оны «Алаш» партиясының съезі деп көрсеткен. Авторлар, осылайша өздерін оқулыққа тамаша бір «жаңалық» енгіздік деп санай ма!? Уа, халайық! Бұл, не деген «жаңалық»?

Оқулықтың өне бойы толған қателік. Бұл қателіктер оқулықтың алғашқы бөліміндегілер ғана. Кейінгі бөлімдерді оқығанда, қателіктерден сүрініп жығыласың! Ол қателіктерді алдағы кезде тізіп көрсетермін. Әзірге, осының өзі де кітаптың сын көтермейтіндігін аңғартса керек.

Оқулықта кеткен қателіктерге кім жауап береді!? Оқулық авторлары ма, әлде «Атамұра» баспасы ма? Оқулықты баспаға ұсынған Білім және ғылым министрлігі жауапсыз қала ма?  Біз неге мектеп оқушыларын қате оқулықпен оқытуымыз керек? Кеш болмай тұрғанда Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Е. Қабылдинов бастаған, М.Д. Шаймерденова мен Е.М. Куркеев қостаған авторлардың 9 (8) сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығын мектептерден тез арада жинап алып, оқушылардың мүддесін қорғап қалайық, ағайын!  Әйтпесе, оқушыларға обал!

Шамғон Мұсағалиев,

тарихшы, ұстаз. 

Қосымша:Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз.

Abai.kz    

66 пікір