Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 8597 2 пікір 12 Қараша, 2019 сағат 11:28

Алаш қозғалысына шексіз берілген Райымжан Марсек туралы...

Ресей империясының отарлық езгісіне қарсы тұрып, одан кейінгі коммунистік-шовинистік кезеңде ұлт мүддесін қорғап, ұлттық саяси партия құрып, қазақтың мемлекеттілігін қайта жаңғыртуға талпынған қазақ зиялылары мен оқымыстыларының, ірі қайраткерлерінің бірі Райымжан Марсек еді.

Райымжан Марсектің өмірі, қазасы жөнінде бірталай зерттеулер жүргізіліп, кітаптар да жазылған.  Алаш арысының артында қалған ұрпақтары жөнінде, Райымжанның туған інісі Шериязданның қызы Тұрдықан апайымыздың «Кешулер» атты кітабында толығымен айтылған. Осы апайымыздың жазған кітабы мен тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжановтың жауапты редакторлығымен жазылған Райымжан Марсек туралы «Қазақ қайда бара жатыр?» атты кітаптарда айтылмаған бірер деректерді келтіруді жөн көрдім.

Төңкерістен кейін Райымжан Марсектің контрреволюцияшыл атанғаны белгілі. Былтыр жазда байжігіттің атақты шежіресі болған, Дәулетбай батырдың егізі Есенгелді бидің ұрпағы Мәлік аға Мұқашұлы жүрек талмасынан дүниеден өткен еді. Кезінде осы Мәлік аға, марқұм Тарбағатай ауданының әскери комиссариатында қызмет жасап жүріп көптеген құпия деректерді білген.  Елінде «тірі энциклопедия» атанған Мәлік ағаның  қолынан мен ең алғаш осы Райымжан Марсек жөніндегі чекистердің дерегін көрдім. Бір кездескенімізде сатыбалдылармен құдандас екенімізді естіген Мәлік аға, Райымжанның бабасы терістаңбалы Сатыбалды батыр туралы әңгімесін бастап кетіп, кезінде, әскери комиссариатта қызмет жасап жүрген күндерінде шекарашы чекистерге қызмет еткен Рашид Меркурбановтан Райымжан Марсек туралы естігендерін айтып берді.

Меркурбанов Зайсанның татары еді. «Тарбағатайдың қызыл қырандары» атты большевиктердің әйгілі әскери отряды Қытаймен шекарада контрреволюцияшылдардың шабуылдарына төтеп беруге жұмылдырғаны белгілі. Осы Меркурбанов пен Ақжар ауылының азаматы болған Интин Қасен атты ақсақал да Қытайға өтіп кеткен Райымжанның атының Зайсан-Тарбағатай өңірінде жаңғырып тұрғанын айтып кетеді. Райымжанның: «Көкпекті, Тарбағатай, Қалба, Бөкен, Қызығын қайта айналып көрер ме екен?!» деп кезінде өлең айтып жүргені бекер болмаған. Алаш қозғалысына шексіз берілген Райымжан Марсек қызылдардың Семейде үстемдікке ие болып, Алаштан Райымжанды күшпен айырған кезде ол Зайсан қаласына келіп, Алашорда комитетін құрып, оған басшылық жасаған. Демек, Ұлан ауданының тумасы болған Райымжан Зайсан-Тарбағатай халқына да танымал болған.

Ең алдымен ол өзінің батырлығымен, алғырлығымен көзге түскен. Кейін, Бақты арқылы Қытайға өтіп кеткенде контрреволюцияшыл топ жинап, екі күннің бірінде «қызылдарды шабамын!» деп жүреді екен.  Сол кезде Қытайдағы Қызыр төре Райымжанның осы қызбалығын біліп, елімен ақылдасып: «Осыған арамыздан бір қыз беріп қосалық, балалы-шағалы болған соң, сотқарлығын қояр!» деп керейдің Нұржамал деген қызына қосқан екен. Райымжан үйленіп, бала оқытып жүрсе де, өзінің контрреволюцияшыл әрекеттерін қоймағаны жөнінде, Мәлік ағаның қолынан алған деректен де аңғаруға болады. Өзінің іс-әрекеттерін Райымжан жанұясына сездірмеген дейді. 1992-ші жылы «Ақиқат» журналында жарық көрген бұл деректе былай делінген екен:

«Қытайдағы қазақтың Контр. Рев. Орталығының қызметі туралы»,  Шекараның арғы бетінен түскен материалдардағы мәлімет бойынша, шекараның арғы бетіндегі ұлтшыл қазақ контррев. Орталығының жетекшісі Марсеков өткен жылдың соңғы күндерінде Джайрдан Шара-Сумэ қаласына келген. Жолшыбай Мәрсеков Қабықтағы бай Ақыш Шерединовқа тоқтаған. Марсеков кейбір қазақтарға өзінің Алтайдағы маңғол байларымен бірігуді көздейтінін мәлімдеген. Мәрсековтың ізінше-ақ қаңтардың алғашқы күндерінде қабық арқылы үш линиялы винтовкамен 30 адамдық Алаш отряды жүріп өткен. Дам мекенінде отряд Қонысбаев Хасенге тоқтаған. Отряд Алтайға кетіп барады. Сапарлары анықталмаған».

Бұл дерек орыс тілінде жазылып қазақ тіліне аударылған екен. Сондықтан да, филология ғылымдарының кандидаты, түркітанушы ғалым Иманғазы Нұрахметұлының айтуынша орыс текстінде жер атауларына қатысты қателіктер жіберілген. Қаратайға қатысты мақаламызда осы Иманғазының Оралхан Бөкейдің шақыруымен Қытайдағы Алтай өңірінен елге қайтқанын жазған едік. Сонымен, Иманғазының айтуынша, бұл деректегі орысшалап «Джайр» дегені Алтайдағы Жайыр, «қабық» дегені Қобық, «Шара Сумэ» дегені Алтайдағы Сары Сүмбе екен. Иманғазының қайын атасы Құрмаш 18-19 жасында әкесі Шәкенді туысымыз деп іздеп келіп, үйлерінде бір қыстап кеткен Райымжан Мәрсекті көріп, соған еріп те жүрген екен. Райымжан кетерінде Құрмаштың бабасы Есіргепке арнап өлең шығарып беріп кеткен соң, қытайдағылардың кейбіреулері оны терістаңбалыдағы Есіргеп атаның ұрпағына жатқызып жүр деседі. Иманғазының қайын атасы Құрмаш Есіргептің тоғыз ұлының кенжесінен тарайды. Терістаңбалыда: «Есіргептің тоғызы жиналмай, той басталмайды» деп айтылады. Чекистердің дерегінен біздер «Жайырдан келе жатты» деген Райымжанның осы Құрмаштың ауылынан шыққанын түсінеміз. Құрмаштың әкесі Шәкен Райымжанды құрметті адам ретінде күтіп алып, қасына осы Құрмаш ұлын нөкер ретінде қосып берген екен. Деректе айтылған қарулы отыз адамның ішінде бәлкім Есіргептің Құрмашы да болған шығар.

Міне, осы мәліметтерден кейін арғы беттегі Райымжан чекистердің нысанасына мықтылап алынады. Анау-мынау қашқын емес, орыстың Савинковы сияқты, Қытайдағы контрреволюциялық Орталықтың басшысы болған Райымжанның қазасы туралы әртүрлі нұсқалар айтылады.

«Тірідей көмді» дегеннің қайдан айтылғаны жөнінде Мәлік аға, Меркурбанов пен Интин Қасеннің аузынан естігендерін де маған айтып берді. 1938 жылы Сталиннің тапсырмасымен Қытайдағы контрреволюционерлердің бәрі де тұтқынға алынып, жүз шақты адам өлім жазасына кесіледі. Үкімді орындаушылардың көбісі қытай коммунистерінің қатарындағы ұйғырлар екен. Олар қолдары арттарына байланған қазақтарды Саяпіл даласына апарып шеттерінен бауыздап өлтіре бастағанда, Райымжан бой бермей кеткен соң, соны ғана басынан атып құлатқан. Қазақтарды әкеткенде сатырлатып атылған мылтықтардың дауысы әдеттегідей естілмеген соң, ел арасында «тірідей көмді» деген лақап тарап кеткен. Міне, бергі жақта атағынан ат үркіген, қызыл қырандардың өздерінің назарында болған  Райымжанның қазасы жөнінде қызыл қырандар отрядына осындай мәлімет келген екен.

Бұл нәубеттен қаратайдың Әбдікерім болысының батыр ұлы Шабдан ғана құтылып кеткен еді. Әди Шәріпов ағамыз Кеңес дәуірінде Лондонға барғанында осы Шабданды көріпті.  Ағылшын әйеліне үйленген, екі қызы бар екен. «Мен Әбдікерімнің Шабданымын, мен тірімін!» деп айқай салған дейді ақын-жазушы Шекербану Рахметолдақызы өзінің жазған «Есте қалар есімдер» атты кітабында. Терсітаңбалы Ақтанадан Айтқұл, Сатый, Жарылғаптар сияқты, Райымжанның бабасы Сатыбалды да батыр болған.

1771 жылы Көкжал Барақ қырғыздың қалың қолының қоршауына түскенде, өздері түгелімен қырылса елге хабар жетпей қалатынын сезіп, мерген болған соң қуғынға алдыртпас деп Сатый батырды бабамыз қоршаудан шығартып жіберген екен. Сатыйдан суық хабарды естіген сарыжомарттық Танаш батыр мен шанышқылы Бердіқожа батырлар Көкжал Барақ бабамның кегін қайтару үшін қырғызға барғанда, ағайынды Сатыбалды мен Сатый батырлар бабамыздың қазасына себепші болған қырғызға кірме, түбі саяқ-шапырашты Садыр батырдың екі ұлдарын Садырдың көзінше бауыздап тастаған деседі. Сатый батыр садағымен атып атынан ұшырған Садырды Бердіқожаның өзі бауыздайды.Танаш батыр жекпе-жекте қатарынан екі қырғыздың батырын өлтіреді. Кейін, әкесін өлтірген Танаш батырды олжаға алынған қырғыздың қызы, батырдың суға түсіп жүрген кезінде садақпен атып өлтіреді. Бердіқожаны сексен қырғыз келіп Аякөз маңында ұстап алып өлтіріп, денесін мүшелеп қарнына тығып ай далада тастап кеткен екен. Соның үшін ұсталған қырғыздың бір манабының баласын Бердіқожа батырдың төрт әйелі: «қырғызды бізге беріңдер» деп, өз колдарымен пышақтап өлтіреді. «Бердекемнің мінгені қаралаяқ, сұм қырғыз кескілепті аямай-ақ!» деп жоқтау айтады. Міне, жоңғарларды құртқаннан кейін солардан бос қалған жерлерге қазақ-қырғыз таласының бел ортасында Көкжал Бараққа еріп терістаңбалы Сатый мен Сатыбалды батырлар да жүрген. Бұлардың Көкжал Бараққа жақын жүргендері соншалықты, тіпті, шежіреде оларды бабамның руы Көкжарлыдан Қаршығамен бірге таратып жіберген екен. Не болмаса, көжарарлылар өздерінің балаларын осы екі батырдың атымен атап кеткен.

Сатый батыр Шығыс Қазақстан жерін жоңғарлардан азат етуде басшылық еткен. Сатый батыр белгілі қоғам қайраткері, өз қаржысына Құлагерге ескерткіш қойдыртқан атбегі Сәдібек Түгелдің бабасы болады. Тарихшы Советхан Қалиғожин өзінің жазған жырында:

«Сарықұл, Атығай мен Сатыбалды,

Жауына жолбарыстай атылады,

Бір жылда жиырма бір жау батырын,

Жайратып жекпе-жекте атын алды».

- деген екен. Сатыбалдының батыр болғаны Кеңес дәуірінде Райымжанның бабасы болған соң, көп айтылмаған еді. Найман арасындағы шежіре деректері терістаңбалыны Кетбұқадан таратады. Райымжан Мәрсектің арғы атасы Шоқай - Шығай мен Хақназар хандардың сарайында би болған деседі.  Оның ұлы Күшік Тәуекел ханның бас батыры болған. Күшіктің ұлы Қожакелді (Қожағұл деп те айтады) жиырма үш жасында найманның қосынын басқарған деседі. Әйгілі Орбұлақ шайқасына да қатысқан дейді. Осы Қожакелдінің он ұлы да, соның ішінде Сатыбалды мен Сатый да бар, шетінен батырлар болған екен.  Ал енді, терістаңбалы Есіргеп атаның ұрпағы болған Құрмаштың, және де, оның әкесі Шәкен ықпал көрсеткен қытайдағы контрреволюцияшыл орталықтың Кеңес Үкіметіне қарсы бағытталған іс-әрекеттері жөнінде, осы мақаланың авторының жазған «Төртқара» атты кітабынан толығырақ біле жатарсыздар.

Тіпті, тарихи роман жазып Кетбұқадан бастап Райымжанмен аяқтауға да болар еді. Терістаңбалыда бұлардан асқан ұлы адам болған емес. Иманғазы Нұрахметұлы қытайда жүргенінде Оралхан Бөкейдің тапсырмасымен контрреволюциялық орталық жөнінде көптеген деректер жинаған.  Ал енді, Кетбұқаға қатысты жиған оның деректерінен біздер оның Мұқалымен бірге Қытайды алғанын, қамалдың қабырғаларын қирататын тасатқыштарды өз қолымен жасағанын түсінеміз. Және Кетбұқа Иерусалимге Хулагу ханға еріп бармаған, одан он жыл бұрын барған екен. Демек, белігілі публицист Алдияр Әубәкір ағамыздың Кетбұқаны «10 жыл бойында Израилдің ханы болған» деген сөздерінің  жаны бар.

Шежіреде наймандар қазақтың үш жүзі сияқты, үшке бөлінеді. Яғни, терістаңбалы, ергенекті, төлегетай болып. Үш жүз дегеніміз надандар ойдан шығара салған «үш жүз адамды» емес, Шыңғыс хан бабамыздың үш жүзді айыр таңбасын білдіреді. Яғни, жүз дегеніміз түбі бір тұтас айыр таңбаның жүздерін айтып тұр. Терістаңбалының таңбасы надандар айтқан «шөміш» емес, ноқта таңба. Ноқта болса, тарих атасы Геродот айтқандай, патшаның таңбасы. Сондықтан да, шежіреде: «Терістаңбалы ноқта ағасы, оған ешкімнің де жоқ таласы» деп айтылады. Бұл жерде ноқта ағасы дегеніміз  – жетелеуші, яғни, хан дегенді білдіреді. Терістаңбалының атасы деген Елата-Елтай тарихи деректердегі Илитэ – хан әулетінің атағы. Профессор Еренғайып Омар «Қазақ өркениетінің негізі» атты кітабында көрсеткен қытай дерегінде «Ие-тай илитье» деп таңбаланған. Бұл Елата әулеті Кляшторныйдың, Ақынжановтардың зерттеулерінде алдымен Сеянто қағандығын құрған. Сеянто дегеніміз сир+кангто, яғни, «қыпшақ+қаңлытау»  деген сөздерден болса керек. Бұл қағандықта ежелгі қаңлы мен адай болған. Сондықтан, адайдың да шежірелік атасы Елтай. Міне, осы қағандықты қытайлардың арандатушылығымен құлатқанда, олар енді найман бірлестігін құрған. Най+ман дегеніміз Авестадағы патшаны, яғни, «мүйіз сырнайлы адамды» білдіреді.  Өзбектер осы күндері де, сырнайды «най» дейді. Қазіргі таңда өңшең надан жиналып, найманның чатын ашып шежірені қайта жазамыз, найман он бір тайпа деп лағып жүр екен. Найман тоғыз болған, сондықтан да, тайпаның нақты атауы «тоғыз таңбалы найман». Тоғыз саны сакральді ұғым. Ежелгі грек мифологиясындағы тоғыз патшаны білдіреді. Сондықтан да біздер ежелгі спарталықтардың қалқанында найманның таңбасын көреміз (V). Ергене қоң оқиғасының бастапқы нұқсасында онда кеткендер Қиян мен Тоғыз еді.  Және академик  Бартольд өзінің әйгілі лекцияларында «тоғыз-оғыз» дегендердің атауының анығында «тоғызғұз», яғни, тоғыз тайпа екенін айтады. Кейін, тоғызғұздар Маңғол үстіртіне кеткенде, олардың орнына қырғыздан қашып келген ұйғырларды «тоғыз-оғыз» атап кеткен дейді.  Тоғызғұздың түбі аз болса да көпті жеңетін шатолар (садыр-матай) болған дейді. Кеңес дәуіріндегі тарихшылар найманның түбін алжастыру үшін оларды «сегіз-оғыз» атап, этнонимнің маңғолдың «нәим», яғни, сегіз деген сөзінен болған деп лақап айтқан. Қазіргі пайда болған дүрмен-найман, барлас-найман дегендер бағаналының құрамында, қара-найман дегендері  қаратайдың құрамында айтылулары керек, тоғыз атауын сақтап қалуымыз үшін. Қаратай дегеніміз  анығында  Қара атай – мемлекет құрған тарихи тұлға. Шежіреде Қара бек деп те аталады. Осымен қатар «қаратай» дегені аламан бәйгеге шабатын жылқының тегі. Барлас пен дүрменнің түбі бөржігін. Боданжардың ағасы Бұқат-Салжыдан бағаналы.  Сондықтан да, тарихшылар барласты бағаналыға  жақындатады. Бұлар ежелгі салжиуттар, кейін түрік-селжүк деп те аталған. Тоғыз таңбалы найманның әу бастағы тайпаларының атауы мыналар: Бұлашық, Едер, Сұба (сұба ана –сыбан), Нағар, Оғыз, Йүрегір, Ядыр (садыр -шато), Қырғұт, Қыбыт. Бұл жердегі Қыбыт деген этнонимнің бастапқы нұсқасы Құба ата, яғни, Ақтамберді жырау айтқан Құбаның ала жонын, эпикалық шығармаларымыздағы Құба жонды, Құбасайды, яғни, қытай деректерінде Батыс өңірі аталған Ергене  қоңды айтып тұр. Сонда Құба ата дегеніміз арийлік патшалардың түп атасы деген Кай Кобаадты (Кейқуат) айтып тұр. Кай Кобаад дегеніміз  - «патша Құба ата». Міне, терістаңбалы дегеніміз осы Құба ата болады. Этнонимнің бастапқы нұсқасы «елтеріс таңбалы». Ислам Қабышұлы «Тұран әлемі» атты кітәбінде  айтқандай, Елтеріс-Елтериш  дегеніміз  бұрмаланып айтылған Ел Төресі деген сөз. «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының ғалымдарының айтуынша, Қыбыт  (терістаңбалы) тайпасы «Қытайға әйгілі,  өзінше дербестікке ұмтылған ұлыс»  болған.  Ал енді, шежірешілер болса, бұл ақиқатты атам заманнан бері жақсы білген, сондықтан да, шежіреде  алаштың бір туар арысы Райымжан Мәрсектің руын: «Терістаңбалы ноқта ағасы, оған ешкімнің де жоқ таласы» деп атап айтып кеткен. Райымжан Мәрсектің ұрқындағы, кейінгі Мэлс Нариманұлы марқұм, және де оның інісі Достық Нариманұлы сияқты ағайындары Кеңес дәуірінде орысы қалың Өскеменде шовинистерге төтеп беріп, басқа да бір ұлт өкілдеріне  қазақты жем қылмаған еді. Мэлс марқұмның да ғұмыры қысқа, бабалары Сатыпалды, Райымжан сияқты атбегі, батыр-балуан   болып ат үстінде өтті. Ол кісі бойында қасиеті бар шежіреші де еді. Қайтыс боларында шүршейіттік Жақып пен Советхан Нұралиндерге өзінің мазарын ақ тастардан таудай етіп жиюларын аманат еткен екен. Өзінің тайпасының  ертеде, қытай деректерінде айтылғандай, «Ақтауды қапталдай» орналасқанын білген  болса керек.

Қайрат Зарып-Хан,

тарихшы, публицист, шежіреші.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1571
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3565