Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
2801 0 пікір 7 Қараша, 2019 сағат 16:56

Демократтар Трамп импичменті бойынша алғашқы ашық тыңдау өткізеді

АҚШ президенті Дональд Трампқа импичмент жариялау мәселесі бойынша зерттеуге қатысты қоғамдық тыңдау келесі аптада басталады. Бұл ақпаратты 6 қарашада АҚШ конгресінің өкілдер палатасының барлау жөніндегі комитет жетекшісі Адам Шифф хабарлады.

13 қарашада өтетін қоғамдық тыңдауда АҚШ-тың Украинадағы уақытша сенімді өкілі Уильям Тейлор және АҚШ мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары Джордж Кент жауап береді. 15 қарашада АҚШ-тың Украинадағы бұрынғы елшісі Мари Йованович жауап береді. Шифф қоғамдық тыңдауға байланысты қосымша ақпарат алдағы уақытта жарияланады деді.

Демократтар Трампты қызметтік өкілетін асыра пайдаланды және өзге елдің басшысын сайлауалды кампаниясына араластырып, пайдаланбақ болды деп айыптайды. Трамп пен оның жақтастары айыпты тұтас жоққа шығарады.

Бұған дейін конгресте АҚШ-тың Украина бойынша саясатына қатысы бар ондаған дипломат пен Трамп әкімшілігінің қызметкері тыңдалған. Олардың барлығы АҚШ тарабынан Киевке қысым нышаны байқалғанын айтқан. Бірақ ешқайсысында АҚШ президентінің бұл процеске тікелей араласқанын дәлелдейтін айғақ жоқ.

Егер өкілдер палатасы Трампқа импичмент жарияласа, олардан кейін бұл мәселені АҚШ сенаты қарайды. Бұл мәселе бойынша түбегейлі шешім шығуы үшін оған конгрестің жоғары палатасының үштен екісі қолдап дауыс беруі тиіс.

Abai.kz

0 пікір