Жұма, 29 Наурыз 2024
Сұхбат 6209 56 пікір 7 Қараша, 2019 сағат 11:35

 «Бір дыбыс – бір әріп!» қағидасы керек!

Өткен айдың басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев латын қарпіне тағы да қосымша реформалардың қажет екендігін халыққа білдірген болатын. Кейінгі кезде түрлі баспасөз беттерінде латын әліпбиінің тым сапасыз, ыңғайсыз “авторлық нұсқалары” жылы жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар сықылды қаптап кетті. Осы орайда «Қазіргі таңда 42 әріпті латын әліпбиі – кем дегенде таптырмас уақытша АЛЬТЕРНАТИВА!» дәл осындай латын қарпіне қатысты көзқарасты ұстанып отырған өнертанушы, аудармашы Батырбек Бағышбекұлымен тағы да сұхбаттасудың сәті түсті. Оқырманның есіне сала кетейін, біз Батырбек мырзаның «Қазақ және ағылшын тілдер арасындағы 1000 ұқсастық» мақаласын өткен сұхбаттарымызда талқылаған едік. Енді біз қазақ тілі туралы, әсіресе жазбаша қазақ тілі туралы нақтырақ асықпай әңгімелессек...

Риза Ысқақ: - Батырбек Бағышбекұлы, әліпбиді жеңілдетеміз деп тілден ажырап қалмаймыз ба?

Батырбек Бағышбекұлы: - Әрине, классикалық латын қарпінде бар-жоғы 26 әріп бар. Ал біздің фонетикасы бай қазақ тілінде дыбыстар әлдеқайда көп. Бүгінгі кириллицамен жазылған әліпбиімізде 42 әріп. Осы ерекшелікті сақтау керек. Біз тілді жеңілдетеміз деп, төл дыбыстарымыздан ажырап қалмайық.

Риза Ысқақ: - Батырбек мырза, сіздің бүгінгі біздің тілдегі латын қарпінің қазіргі нұсқаларына азамат ретінде ғана емес, тіл маманы – филолог ретінде де іштей көңіліңіз тола ма?

Батырбек Бағышбекұлы: - Мен, әрине, қазақ тілінің профессоры емеспін, тек ағылшын тілінің бакалавры болсам да, қазақ тілінің әліпби нұсқасы жайлы өз пікірімді білдіріп, латын қарпіндегі АЛЬТЕРНАТИВТІ әліппенің өз нұсқамды ұсынғым келеді. Негізі, латын қарпіне көшуге қарсы емеспін, өте қызықты және аса маңызды тарихи меже деп ойлаймын. Біздің ұлт үшін, ұлт мәдениеті, ғылымы және ақпараттандыруы үшін қажет те шығар. Кириллица деген ұғым - сонау гректің Кирилл және Мефодий заманынан келе жатыр, латын қарпі сонау одан да көне Рим Империясы заманынан келе жатқан лингвистикалық құбылыс. Неліктен латын қарпі негізінде жасалған жаңа 21-ші ғасырдың «қазақ қарпісі» (казахица) деген неологизмді ұсынбасқа?! Қалжың емес, рас! Бұл да - біздің ұлттық ерекшелік болар еді, бірақ ол үшін біз әліпбиімізге ерекше әріптерді енгізуіміз керекпіз, мысалы, менің әліпбиімде олар «Ө», «Ң», «Ғ» және «Я» әріптерінің ерекше жазылу үлгілері бар. Қазір ұсынылып отырған қазақ тілінің латын қарпіндегі әліпби нұсқаларында неліктен, не үшін көптеген әріптер жоғалып қалғанын немесе кейбір дыбыстарды белгілеу үшін әріптер қосарланып (диграф болып) кеткенін түсінбеймін, түсіне де алмаймын. Бұл оқуға, жазуға - өте күрделі! Меніңше, әр дыбыстың өзінің әріптік формасы болуы тиіс. «Бір дыбыс – бір әріп» қағидасын қатаң ұстану керек!

Риза Ысқақ: - Аталмыш қағидаңыз сақталған 42 әріптен тұратын латын әліпби - нұсқасын ұсынғыңыз келеді. Әріптер тым көп емес пе?!

Батырбек Бағышбекұлы: - Жоқ, Риза ханым, көп емес! Біріншіден, қазақ тілінің кириллица қарпіндегі 42 әріпті әліпби көзімізге әбден үйренген, екіншіден, бір әріп – бір дыбыс қағидасын сақтау маңызды, және үшіншіден, қазақ тілінде «э», «ю», «ъ», «ь» және т.б. әріптері бар көптеген кірме сөздер, халықаралық термин сөздер жеткілікті.  кірме сөздердегі «ц», «э», «ъ», «ь» әріптеріне де ыңғайлы фонетикалық балама БАР болмақ. Енді «компьютер» деген сөз «kompıyter» немесе «kompiuter» деп емес, одан дәлірек «komp``Ųter» деп жазылуы мүмкін болады. Дегенмен, ол кириллицадағы «сирек» әріптердің де латын әлібиінде өз баламасы, өз орны болуы керек деп ойлаймын. 

Риза Ысқақ: - Яғни сонда сіз бұл ұсынысыңызды лингвистика академиясы немесе филология кафедрасының атынан емес, өз атыңыздан жеке тұлға ретінде ғана ұсынып отырсыз ғой?

Батырбек Бағышбекұлы: - Иә. Бұл - өте жеке, керек десеңіз «жекеменшік» кішігірім бастамам, жай ұсынысым. Мен, әрине, қазақ тілінің профессоры емеспін, жай ғана ағылшын тілінің бакалавры болсам да, қазақ тілінің әліпби нұсқасы жайлы өз пікірімді білдіріп, латын қарпіндегі АЛЬТЕРНАТИВТІ әліппенің өз нұсқамбы ұсынғым келеді. Менің жеке пікірім бойынша қазіргі таңда (уақытша болса да) латын әліпбиінің ең қолайлы түрі қазіргі 42 әріптен тұратын қазақ кириллица қарпіндегі әліпбидің латын қарпіндегі нұсқасы болар еді. Оның үстіне, неге «қазақы латын қарпі» деген жаңа шрифт нұсқасын ойлап таппасқа?! 

Риза Ысқақ: - Аса қызық. Демек, басқа тілдерде жоқ кейбір әріптердің де нұсқасын ұсынбақсыз ғой?

Батырбек Бағышбекұлы: - Әрине! Түрік тілі, әзірбайжан тілі, өзбек тіліндегі латиница нұсқаларын толықтай көшіру тағы тиімді емес! Неліктен біз «ч», «ш», «щ», «ғ», «я», «ю» және тағы да басқа өте қажетті жеке жеке үйреншікті дыбыстарымызды белгілеу үшін диграфтарды қолдану керекпіз, неге сөзді тым ұзартып жіберу керек?! Менің нұсқамда әр бір кирилл таңбасына бір латын таңбасы сәйкес келеді. Иә, нүктелерді қолданған дұрыс, бірақ одан басқа сызықша, үтірше неге қолданса болмайды?! Мәселен, Түрік тілінде кілең апострофы бар таңбалар: «ğ», «ü», «ş», «ç», «ö» және т.б. Түріктер ол әріптерден еш ұтылып жатқан жоқ. Және «ж» деген жуан дыбысты о бастан бүкіл әлем үшін жұмсақ «j» деген дыбыспен белгілеудің не керегі бар?! Жуан «Ж» дыбысын мен ұсынған төбесінде екі нүктесі бар «Z» әріппен белгілеу әлдеқайда дұрыс болар еді. 

Риза Ысқақ: - Байқауым бойынша сіз Ө-нің үстінен апострофты алып тастап, дәл ортасына нүкте қоя салыпсыз, меніңше бұлай жаза бастасақ «оригинально» болар ма еді?..

Батырбек Бағышбекұлы: - Риза ханым, қайта жақсы емес пе! Бұл - біздің төл ерекшелігіміз болар еді. «Ө» деген дыбыс Түркиядағы түріктердің одан да жұмсақтау ö деген дыбысына ұқсамауы тиіс, себебі біздің тілде Ө деген сөз «көл» деген сөзде жұмсақ оқылса, ауыз екі тілде «өт», «өй», «өр» дегенде сәл жуан оқылады. Сондықтан мен О деген латын тамғаның ортасына нүкте қою арқылы қазақтың Ө дыбысын белгілеуді ұсынып отырмын, әрі ыңғайлы, әрі ерекше жаңа әріп. Оның үстіне тағы бір жаңалық, Менің пікірімше, тек 42 әріпті латын әліпбиі әзірге таптырмас уақытша қаріп нұсқасы болар. Және бұл әліпби нұсқасының ең басты ерекшелігі – шрифтпен (қаріп) айналысатын программисттерге бір пернеге бір әріпті сыйғызуға мүмкіндік береді. Сосын «дәл мынау диграфтардың қосындысы қандай дыбыс береді екен?» деп халық миын ашытпай, әр кириллицадағы әріпке бір тікелей баламасын ғана тауып, қолдана алады. «Бір дыбыс – бір әріп!» қағидасын ұсынамын! 

Риза Ысқақ: - Өткен Нұр-Сұлтан қаласындағы тіл форумында латын қарпіне байланысты писсимистік болжамдар айтылды. Бұл қоғамды екіге бөліп тастайды-мыс. Аталмыш болжамдарға негіз бар ма?

Батырбек Бағышбекұлы: - Егер кез келген нәрсені реттемей, бақыламай бос жібере салса. Тіпті ең қорқынышты болжамдардың орындалуы ғажап емес. Тіл мәселесінде де - солай. Бізге ортақ әліпби нұсқасы да керек, өзіңіз сан рет айтып жүргеніңіздей қазақ тілінің шын мәнінде мемлекеттік тілге айналғаны да керек. Бірақ, екі нәрсе керек жоқ. Ол – асығыстық пен даңғазалық! Егер қазір біз кім не десе де, батыл және сенімді түрде өз “казахицамызды” ойлап таппасақ, онда ертең біз не араб қарпіндегі елдер қатарында, не латын қарпіндегі елдер қатарында не кириллица қарпіндегі елдер қатарында, не иреоглиф қарпіндегі елдер қатарынан табылмай екі ортада қалуымыз ықтимал. Сондықтан, сіз бен біз болып қазірден бастап тіл мәселесін шешіп үлгеріп қалуымыз керек. 

Риза Ысқақ: - Батырбек мырза, мағыналы сұхбатыңызға рақмет! Бәлкім, егер сіздің осы жобаңыз жүзеге асса, ертең сізді XXI ғасырдың Ахмет Байтұрсынұлысы деп атап кетуі де мүмкін деп есептеймін.

Батырбек Бағышбекұлы: - Риза ханым, тілегіңізге рақмет! Мені ұялттыңыз ғой (күлді).

Риза Ысқақ: - Өткен тіл форумының пленарлық отырысында бір қазақ профессор былай деді күйініп: “БҰҰ-да қызмет еткенімде келесідей ағылшын тілді құжатқа көзім түсті, бір тізімнің басында “XXI ғасырда жоғалу қаупі бар тілдер” деп жазылған. Астында 20 шақты тілдердің атаулары көрсетілген. Арасында біздің қазақ тілі де бар екен. Соны көріп мен терең ойға баттым...”. Қадірлі оқырман, жаңағы қорқынышты құжаттан біздің ана тілімізді алып тастау үшін, барлық мүмкін әрекеттерді жасайық.

Үрістембеков латын әліпбиі, (Нұр-Сұлтан қаласы, қазан 2019 жыл).

Сұхбаттасқан: Риза Ысқақ

Abai.kz

56 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563