Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4703 15 пікір 5 Қараша, 2019 сағат 10:33

Компартиясын ұмыта алмай жүргендерді қайтіп «ақсақал» дейміз?

Бисмиллай Рахмани Рахим.

Балта сабында мықты тұру үшін сына қағылады. Қазіргі Президент қабылдап жатқан ел зиялыларын көргенде осы сына еске оралып отыр. Президенттің ұлт зиялыларын қабылдап, ел болудың жарасымды жолдарын қарастырған ниеті өте дұрыс. Ел зиялылары – сына!

Таяуда бір басылым бетінде мемлекет қайраткері Серік Әбдрахмановтың; «Алған бағытыңыз әлі түсініксіз» деп қаттырақ айтқаны сияқты, қазіргі Ел басшысының қабылдаған кей азаматтары, соған байланысты кейбір жедел шығарған шешімдері көпшілікті қанағаттандырып отыр ма?

Өткенде белгілі академик қариямыз Т. Шармановты қабылдап, сол кісінің ұсынысымен Республикалық Ақсақалдар сенаты консультативтік-кеңесші органын құрған шешім шығарды. Алқа құрамына сол Шарманов ағамыз бен  бірге Олжас Сүлейменов пен Мұрат Әуезов енгізіпті. Үшеуі де танымалы тұлға! Танымалығына ешкімнің дауы жоқ. Бірақ осы жедел шешім - көзі ашық, кеудесінде иманы бар қазақ мақұлдар шаруа ма? Құрылып отырған алқа атауы қандай? Ақсақалдар! Жетпіс жастан асқанға дейін сол алтындай ақ сақал бұл ағаларымызға неге бұйырмай жүрді. Әр талы алтыннан ардақты сол сақал - бұл қариялардан қашып жүрді ме, әлде сол сақалға лайықсыз болған соң, Алла бұйыртпай жүрді ме? Өйткені, Ақасақал (!) деген атақ, иманы кәміл жанға – Алланың сыйы. Оны Алла өзі қалаған жанына ғана бұйыртып, уақтымен тарту етеді. Ақсақалдық – Жартушыдан берілер қасиет! Сондықтан да олардың аузы дуалы, айтқан сөздері орындалатын әулие жандар.

Қазақ қазақ болғалы еш уақытта Ислам дінін ұстанып, Құдайына бас имеген адамды өзіне Ақсақал тұтпаған. Өйткені, ұлт зиялылары, діни-имани жолға екі жүзділікпен үрке қараған жаннан, еш уақытта Ақсақалдықты күтпеген, ондай жандардан бәтуалы ибалы төрелік шығады деп ойламаған да. Біз де ойланайықшы, осы ағаларымыздың діні кәміл ме? Мақұл, Сенат жанынан Ақсақалдар алқасы құрылсын-ақ, осы алқаға егемен ел болғанда қазақ дінінің қара шаңырағын көтерген, Рәтбек хазіретті неге қоспаған?..

Бұл аздай жақында Парламент Сенаты жанынан құрылған Қуаныш Сұлтанов бастаған Ақсақалдар тізімі жарияланыпты. Бүгінгі күнге дейін  өздері мүше болған комсомолы мен партиясын ұмыта алмай жүрген бұларға қай жақтың ақсақалдығы таңылуда? Еліне сіңірген еңбегіне орай «Еңбек ардагерлері» десе мақұл-ақ.

Бұлай әңгімеге барып отырғаным, «Мұхаммед» сүресінің 7-ші аяты; «Ей, мүміндер! Сендер Аллаға жәрдем берсеңдер, сендерге Алла жар болып қадамдарыңды нықтайды» дейді. Алла жәрдемді сұрағанда құранын, дінін сақтауды, өзі адамдарға сый етіп берер мүбәрак қасиеттерін қастерлеп ұстауды пәндаларына аманаттап отырған жоқ па. Жаратқаннан берілетін қасиет Ақсақалдық та Алланың сыйы, аманаты. Соған сай болып тіпшілік ету, соны сақтау әр мұсылманның парызы. Алла адамға, сол адамға беретініне де мұқтаж емес. Бірақ, Алла адамға осындай бақ сыйлап, адамды өзіне көмекші етіп отыр ғой. Сен Алланың айтқанын орындасаң, Құран нұсқаған жолда жүрсең, екі дүниеде сенен өткен бақытты жан жоқ. Ондай болса біз неге Алланың айтқан жолында жүріп, Аллаға көмектеспейміз? Жәрдемді Алла адамға айтып тұр.

Дін мен дәстүр бірлестігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі. Біздің мемлекет Құранға бас иген, Құранды паш етіп, дін шырағын жоғары көтерген, өз дініне сенімді мемлекет болғаны мақұл. Мемлекет дінімен болса, еліміз иманды болса – халқымыз бақытты. Біз Аллаға аманаттап сенім артсақ, Құдай – өз дінін жолға қояды. Діннің иесі Алла, ол өз иелігін, өз дінін патша түгілі, өзінің сүйікті елшілеріне де бермеген. Пайғамбарларға тек қана түсірген уахиын орындатты, оларға; «Сенің міндетің айтқанымды жеткізу ғана. Менің  99 атымды оқысаң, берекең кіреді. Ауа, ас, саған қандай керек болса, Құран да сондай керек» деді. Қараңғы қараңғыны сүйрейді. Дінді, адамды Алла сүйрейді. Алланың сыйын - аса сабырлықпен таразылайық!..

Бақтыбай Айнабеков,

Ілімгер жазушы.

Abai.kz

15 пікір