Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жағымды жаңалық 4786 6 пікір 1 Қараша, 2019 сағат 12:48

Қош бол, кеңестік атаулар!

Редакциядан: Теміртау қаласындағы бірқатар көшелердің кеңестік атауын өзгерткені жайлы ақпарат алдық. Біздің жағдайымызда жағымды жақсы жаңалық. Неоколонизация саясаты тегеурінді жүрген бұрынғы ксролықтар үшін бұл жаңалығымыз күлкілі болуы да мүмкін. Әйткенмен де, жағымды жаңалықтарыңыз жалғасты болсын дейміз!

Сөйтіп, Теміртау жұрты "Қош бол, советтік атаулар" депті. Нақтылап айтсақ, Тольятти көшесіне – даңқты металлург Еламан Байғазиевтің, Калинин көшесіне – Сәкен Сейфуллиннің, Герцен көшесіне – Ахмет Байтұрсынұлының, Димитров көшесіне – Абайдың, ал Комсомол даңғылына – Бауыржан Момышұлының атын беру туралы ұсыныс құпталыпты. 

Көрдік, көзіміз сүйсінді. Бәрекелді, дестік. Осы туралы егжей-тегжейлі төмендегі мақаладан оқып, білерсіздер...


Бүгін Теміртаудағы қалың қазақ үшін «ақ түйенің қарыны жарылған» күн болды! Бұған дейін Тольятти, Калинин, Герцен, Димитров атындағы ұзыннан-шұбақ көсіліп жатқан көшелер мен орталықтағы жарық та кең Комсомол даңғылының атауын өзгертуге байланысты қоғамдық тыңдау өтіп, ұсынылған ұсыныстар тартысты талқыланды. Нәтижесінде, ұтымды ой-пікірлерімен де, саны жағынан да өзгелерден басым түскен қалың қазақ қуаныштары қойындарына симай, сүйіншілеп тарасты.

Тартысты талқыланғаны – Комсомол даңғылы болды, «Комсомол біздің ата-анамыздың жастық шағы», «Теміртауды салған комсомолдар, олардың еңбегін қалай жоққа шығарасыңдар», «Өткенді ұмытуға болмайды, бұл қала тарихына қиянат» деген сыңайдағы қарысылықтар көп болды. Дегенмен, көпшілік Бауыржандай батырдың атын беруді лайық және өте орынды деп санайтындарын жеткізді.

Теміртаудың бас ақыны Қасым Ботанов «Егер тарихқа жасалған қиянат» десеңіздер, онда сонау бір кездері Ленинград, Сталинград қалаларының аттары өзгертілгенін естеріңізге салайын, сонда комсомолыңыз Владимир Ильич пен Иосиф Сталиннен де артық болғаны ма?» . Тағы бір мысал айтайын, осы Теміртаудағы Ленин даңғылын Республика даңғылы деп өзгерткен де сіз бен біз едік" деп кесімді сөзін айтты.

Сонымен, Тольятти көшесі – даңқты металлург Еламан Байғазиев, Калинин көшесі – Сәкен Сейфуллин, Герцен көшесі – Ахмет Байтұрсынұлы, Димитров көшесі – Абай, ал Комсомол даңғылы – Бауыржан Момышұлының атына беру ұсынысы құпталды. Мәдениет сарайында өткен қоғамдық тыңдауға қатысқан 900-ге жуық тұрғынның 830-дан астамы бұл ұсыныстарды қолдап дауыс берді.

Руза Алдашева

Abai.kz

6 пікір