Жұма, 19 Сәуір 2024
Әліпби 8245 20 пікір 31 Қазан, 2019 сағат 12:07

Қазақ тілінің латынша жаңа әліпбиі және оның қазіргі кемшіліктері

Қаpзіргі уақытта қазақ тілі әліпбиінің ертелі-кеш пе латыншаға көшетіні – басы ашық мәселеге айналды. Латыншаға көшуді қазақ қоғамының көпшілігі қолдап отырғанмен, жазу мәдениетіне селқос қарамайтындардың пікір-ұсыныстары әрқилы. Біреу біліп айтады, біреу білмей айтады дегендей, араларында ертеңгі ел сауаты қалай болады дегенді естен шығарып, ХІХ-ХХ ғасырлардағы Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы секілді XXI ғасырдағы қазақтың жаңа әліпбиін түзушісі болғысы келетіндер де бар. Біреулері: «Латыншаға көшсек, компьютер тілін оңай игеріп, ғаламторға шығуымызға кең жол ашылады» десе, енді біреулері: «Латын әріптері арқылы күллі түркі жұртына ортақ жазу қалыптастырамыз. Бір-біріміздің жазба әдебиетімізді тәржімәсіз немесе делдал (орыс) тілсіз түпнұсқадан оқи беретін боламыз» дегенді желеу етеді. Тіпті: «латынша әліпби – ағылшын тілін тез меңгеруге үлкен септігін тигізеді» деушілер де баршылық.

Ал тіліміздің қамын әріден ойлаған кейбір тілші ғалымдар «Латыншаға көшу тіліміздің өзіндік болмысын сақтап қалу үшін қажет, латын жазуына негізделген өзіміздің төл әліпбиімізді құрастырып алған соң, тіліміздің табиғатында жоқ, орыс тілінен және халықаралық терминдер деген жалған желеумен орысшаланып енген бөтен сөздерден арыламыз. Сөйтіп, қазақша баламасы табылмай жүрген өзгетілдік сөздерді өз тіліміздің дыбыстарымен жазып-айтып, өз сөзімізге айналдырып, тіліміздің табиғи бітім-болмысын қалпына келтіреміз» деген ұстанымды (позиция) басшылыққа алып жүр.

Алғашқы пікірлердің қай-қайсысының болсын, өзіндік аздаған маңызы бар екені рас, солай бола тұра, біз үшін соңғы пікірдің салмағы ерекше-ау деген пайымға келіп отырмыз. Мәселен, бірінші пікірге келейік, компьютерде жұмыс істеу, ең алдымен, өзіміз үшін керек емес пе, жазуымыздың, яғни тіліміздің әуелі өзімізге қызмет етуін қамтамасыз етіп алмай тұрып, әлемге танылуды, әлемдік ғаламторға шығуды көздеу тіптен ақылға қонбайды. Екінші пікірге де айтар датымыз (претензиямыз) бар. Айталық, түріктер ХХ ғасыр басында жасап алған өз латыншасында қалды, әзербайжандар мен түрікмендер өз әліпбилерін түріктікіне сәл ғана ұқсатты. Ал өзбектер латыншаны өздеріне лайықтап жасап алды. Басқа түркі халықтары да өздерінің дыбыстық жүйесін басшылыққа алуда. Сөйтіп, бүкіл түркі жұртына ортақ дыбыстар әрқайсында латын әрпімен түрліше таңбаланып жатыр. Бәріміз бір мәмілеге келіп, ортақ шешім қабылдап жатпаған соң, солай болатыны сөзсіз еді. Демек, кезінде күллі түркі жұртына біршама түсінікті әрі ортақ болып, сонау XVI-XIX ғасырларда кең қолданыста болған «шағатай тілі» сияқты жазуды қалыптастыру ендігі уақытта қиын шаруаға айналғандай және әркім өзінің жеке ұлттық мүддесін көздеген мынадай алмағайып заманда соның бір жүзеге аса қоюы да екіталай-ау! 

Қазір бізге, ең әуелі, ұлттық лингвистикалық мәселелерді реттеуге аса мән бере отырып, осы бағытта мандытып жұмыс істеуіміз қажет сияқты. Ал латынша жазуға көшсек, компьютерде жұмыс істеу оңай болады, ғаламторды жетік игереміз, ағылшын тілін тез үйренеміз, шетелдердегі қандастарымызбен және түркітілдес бауырларымызбен тығыз байланыс орнатамыз деу құр әшейін жанығу ғана. Мәселен, қазақ тілі әліпбиін өзгерту, осы, кімге керек? Шетелдердегі, оның өзінде Еуропадағы ағылшын, француз, неміс т. б. болып кеткен аздаған қазақтар мен ҚХР, Моңғолия, Өзбекстан, РФ-да тұратын қандастарымыз үшін бе, әлде қазақстандық орыстілді қандастарымыз үшін бе, әлде  қазақстандық қазақтілді қазақтар үшін бе? Ғаламторда қазақша жұмыс істеу қазаққа ма, әлде басқаға да керек пе? Ғаламтордың қазақша сайттарына кімдер кіреді? Ондағы қандай да болсын бір қаріппен (араб, латын, кирилл, руна т.б.) қазақша (қазақ тілінде) жазылған ақпараттар мен мәліметтер кімдерді қызықтырады? Оның қандай таңбада (әріпте) болғандығы кімдерге қажет? Айналып келгенде, қазақ пен қазақ қана, оның өзінде қазақтілді қазақтар ғана бір-бірімен «қат-қабарды (хат-хабарды)» қазақша алысады емес пе? Біздің ойымызша, бұның жалғыз жауабы – қазақ тілі қазақша сөйлеп-жаза алатындарға ғана керек. Сондықтан алдағы уақытта біз бір шешімге келіп, латыншаға көшетіндей болып жатсақ, қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесінің ұлттық табиғи бітім-болмысын қатаң ескере отырып, ұлттық әліпби құрастыруымыз қажет.  Бұлай етуімізге әлі де кеш емес. Өйткені ҚР Президентті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жуырда ғана: «Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр» [https://qazaly.kz/kogam/11794-toaev-latyn-lpbi-turaly-l-de-olylytar-bar.html], – деді.

Қазіргі қазақ әліпбиі мен емле ережелерін басшылыққа алып, тәрбиеленіп өскен ұрпақтың санасынан өзгетілдік дыбыстарды өшіру қиынның қиыны болып кетті. Қарапайым қазақ түгілі, қазақ тілінің майталман маманы дейтіндердің өздері соларға бауыр басып кеткені соншалық – қазақ тілінің латыншаға негізделетін болашақ жаңа әліпбиінің (ҚР Президентті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғарыда аталған пікірінен кейін қабылданған қазіргі әліпбиі өзгереді деген ойдамыз) құрамында өзгетілдік дыбыс-әріптер болмауы керек десеңіз үлкен қарсылыққа тап боласыз. Әіресе «в», «ф», «х» дыбыстары тілімізге орныққан, оларды айтуға тіліміз келеді, сондықтан да олар жаңа әліпбидің құрамында болу керек деушілер тым-ақ көп!

Осы ретте Ә. Жүнісбектің: «... Әліпби ауыстырғанда тіліміздің табиғатына сай келмейтін в, ф, ц, ч, ь, ъ, һ, х, и, у, э сияқты дыбыс-әріптерді алып баратын болсақ, онда әліпби ауыстырудың түкке де қажеті жоқ» [Қазақ фонетикасы. –Алматы: Арыс, 2009, 12-бет],– деген сөзі көп нәрсені аңғартады.

Ал, біз болсақ, біреулердің жеке басының беделінен аса алмай немесе сол адамның аты-жөніндегі «ев» пен «ич» дегендердің бар екеніне жалтақтап, соларды қазіргі әліпбиімізге ендіріп жібердік. Латын әріптері жүйесіндегі «u» таңбасы дүниежүзінің барша тілдердің латынша әліпбилерінде крилдің «у» дыбысының әрпі болса, біздің латыншалаған жаңа әліпбиімізде «ұ» дыбысының әрпі болып бекітілді. Бұл да бір адамның есім-сойын ағылшынша жазсаң да, латыншалап қазақша жазсаң да бірдей дыбысталып оқылуын қамтамасыз ету үшін жасалған жағымпаздықтың жемісі екені анық.

Бекітілген қазіргі латынша жаңа әліпбиімізде 32 дыбыс-әріп бар екені көрсетілген. Алайда олай емес. Онда 34 дыбыс-әріп бар. Қазақ тілінің төл дыбыстарын таңбалайтын әріптерден (28) тыс, онда «в», «ф», «х», «ч» секілді өзгетілдік  дыбыстарымен қоса орыс тілінің «у», «и» дауысты дыбыстары да бар. Бір қарағанда орыс тілінің «у», «и» дауысты дыбыстарының бар екені байқалмайды. Өйткені оларға қазақ тіліндегі дауыссыз «у», «й» дыбыстарына берілген таңба (әріп) бекітілген. 

«Бұл жағдай емле ережелерін дайындау барысында оған қалай әсер етеді» екен деген оймен  қабылданған латынша әліпбиіміз бойынша емле (орфография) ережелерін дайындап жатқан, Н. Уәли бастаған, Қ. Кудеринова қостаған ғалымдар тобының ғылыми мақалаларына шолу жасаған кезде байқағанымыз, олар – «в», «ф», «х», «ч» дыбыстары қолданылатын өзгетілдік сөздердің жазылуын сол қалпында қалдырып қана қоймай, қазақ тілінің үнді дауыссыз «у», «й» дыбыстарын орыс тіліндегідей дауысты дыбыс деп те енгізуді қалайтындарын аңғардық. Өйткені олар жазудағы үнемділік заңын алға тартып, қазақ тіліндегі «у» үнді дауыссыз дыбысының алды-артында (ұуұқ, ауұл т.б.) айтылатын әрі естілетін «ұ/ү» дыбыстарын, сондай-ақ қазақ тіліндегі «й» үнді дауыссыз дыбысының алдында келетін «ы/і» дыбыстарын жазбауды ұсынып жүр. Бұл, енді, орыс тілінің шылауына еріп жүре берейік, сөйтіп, өз тіліміздің өзіндік ерекшелігін біртіндеп жоғалтайық дегендікпен бірдей екені сөзсіз. 

Бір қарағанда айтылатын-естілетін сол дыбыстарды жазудағы үнемділік заңын ескеру мақсатында жазбай-ақ қойған дұрыс секілді болып көрінуі әбден мүмкін. Алайда мұның өте залалды екінші жағы бар. Себебі қазақ тілінің үнді дауыссыз «у», «й» дыбыстары орыс тіліндегі дауысты дыбыс секілді оқылып-айтылуы қалыптасады әрі орыс тілінен және орысшаланып өзге тілдерден енген жат сөздердің құрамындағы сол дыбыстарды бұрынғыша сол қалпында жаза да, оқи да, айта да  бететін боламыз. Бұл өз кезегінде өзгетілдік сөздердің сол бұрынғыша түк өзгеріссіз, қазақ тілі заңдылықтарына бағынбай ене берулеріне кең жол ашады, яғни өзгетілдік сөздердің емін-еркін енуіне пыластарым (плацдарм) болады.

Біздің ойымызша, қазақтың латын қарпіне негізделетін болашақ әліпбиіне аталған дыбыстарды кіргізбей қойсақ та, қазақ жазуы үшін үлкен жеңіс болмақ. Осы дыбыстар қазақ сөздерінің жеке сөз (лексикалық) ретіндегі мағынасына еш әсері жоқ артық дыбыстар екені айқын болса да («х», «ф» дыбыстарынан басталатын он-он бес жасанды сөздер бар, егер олар қазақ тіліне тән болса, қазақ сөздерінің барлық орнында қолданылуы керек), олардың сөздік құрамымызды шұбарлағаннан басқа, тіліміздің дамуына еш игі ықпалы жоқ екенін түсіндіре қоюдың өзі де өте қиын болып кетті. Бұл мәселені біз талай мақаламызда біршама таратып айтқан болатынбыз. 

Дегенмен қазақ тілін топан судай қаптаған жат сөздердің тасқынынан қорғап қалып, кейінгі ұрпаққа, оның өзінде мектепті латынша бастайтын ұрпаққа таза қалпында жеткізу үшін әліпбиімізге зорлықпен енгізілген бөтен дыбыстардан құтылуымыз қажет-ақ. Алайда бұл жерде осындай жат дыбыстарды қазақша дыбыстағанда олардың қайсысына қазақ тілінің қай дыбысы сәйкес келеді деген мәселені анықтап алу қажет. Әлбетте, «х», «ф» дыбыстарын «қ» мен «п» толықтай алмастыра алады. Ал «в» дыбысына бірде «п» мен «б», ендігі бір ретте «у», яғни [ұу/үу] алмастырады. Өзіміздің төл сөздеріміз (ине, уыз т.б.) бен қазақшаланбаған өзгетілдік сөздер құрамында (инстаграм, уран т.б.) қолданылатын «и» мен «у» дауысты дыбыстары міндетті түрде немесе қазақтілді қоғам әбден бауыр басып кеткенше (акцентпен сөйлегенше) уақытша болсын «ый/ій», «ұу/үу» түрінде жазылуы керек. Жазып-сызудағы (графикадағы) үнемділік заңы қаншалықты қажет болса да, бұл ретте  кирилше жазу кезіндегі сөздер құрамындағы «и» мен «у» әріптерін латыншаланған қазақ әліпбиі бойынша «ый/ій», «ұу/үу» түрінде таратып жазу – өзгетілдік сөздерді өзіміздің сөзге айналдыру үшін аса қажет.

Заман талабына орай, ағылшын әліпбиі құрамындағы әріптерді қазақ тілі дыбыстарына барынша сәйкестендіріп алудың қажет екенін біз де мойындаймыз, бірақ ағылшын әліпбиі қазақ тілінің латынша әліпбиін құрастыруға қаншалықты қажет болса да, қазақ тілінің төл дыбыстарын таңбалауға жарамай жатыр. 

Біз қазір, көп жағдайда, қазақ тілінің төл бір дыбысын таңбалау үшін ағылшын әліпбиіндегі бір әріпті қосымша белгілер арқылы сәл өзгертіп пайдаланғымыз келіп жүр. Латынша немесе ағылшынша әріпті сәл өзгертсе болғаны, ол – латынның да, ағылшынның да әрібі болмай қалатынын әліпби құрастырушылардың ешқайсысы қаперге алмай келеді. Сөйтіп, олар латын/ағылшын әріптерінің жоғары жағына бір белгі қойып, ағылшын тілінің 26 әрібімен (таңбасымен) қазақ тілі дыбыстарын таңбаладық деп қате жолға түсіп кеткен. Сөйте отыра, ағылшын тілі әліпбиінің 26 әрібін де толық пайдалана алмаған. «W», «c», «x» таңбалары мүлдем ескерусіз қалып, керісінше латын әріптері жүйесінде қосымша таңбалар ретінде пайдалынылатын әріптер, яғни компьютер оқымай қоятын әріптер (ɪ, ý) еніп кеткен.

Қорыта айтқанда қазақ тілі дыбыстық жүйесінде қанша дыбыс бар екені және олардың саралануы, дауысты-дауыссыз болып жіктелуі, бір-бірінен дыбысталу, қолданылу жағынан айырмашылықтары анықталып, баяғыда жасалып қойылса да (А.Байтұрсынұлы), қазақ тілінің дайындалып бекітілген (19.02.18) латынша жаңа әліпбиі ұлттық сипат алаған жоқ. Компьютерде еркін қолдана алатын әліпби де бола алмай қалды. Төбесіне ноқат (акунт) қойған төл дыбыстарымыздың әріптерін және төбесіне ноқат қойылған «ý», ноқаты жоқ «і» әріптерімізді ағылшын тіл әліпбиіне негізделген қазіргі бағдарлама (компьютер) қабылдамайтын, яғни оқымайтын болды.

Біздің ойымызша, бұдан шығудың бір жолы  бар. Оны Әбіл-Серік Әліакбар осы сайтта жарияланған «Кириллицаны түзеп алмай латынға көшу қателік...» деген мақаласында былай деп көрсеткен: «W және C әріптері төл У және Ш дыбыстарын таңбалауға бейім. Ax, nx, ix, gx, ux, ox деп ә, ң, и, ғ, ү және ө дыбыстарын таңбалауымыз дұрыс». 

Демек, бізге ағылшынның 26 әрпін толықтай пайдаланып, компьютерде емін-еркін жұмыс істеуіміз үшін қазақ тіліне тән дыбыстарды латынша таңбалауда қайтадан диграфқа оралуымыз қажет сияқты. Латыншалап жазған мәтініміздегі сөздер біраз дыбыстар қос әріппен берілетін болған соң ұзарып кететіні даусыз. Тағы да қайталап айтамыз, жазудағы үнемділік заңын осы мақсатты жүзеге асыру үшін ескермеуіміз керек. 

Исхан Бейбіт Жәлелұлы,
ф.ғ.к., доцент

Abai.kz

20 пікір