Сейсенбі, 19 Қараша 2019
Дат 1804 13 пікір 31 Қазан, 2019 сағат 11:17

Ресей оқу орнының филиалы егемендігімізді елейтін түрі жоқ

Біздің Қостанай міне, бір айдан бері халықаралық деңгейде дерлік жанжалдың астында қалды. Осындағы өздерін өзгелерден тым жоғары жоғары санайтын, біз тек сайдың тасындай ғана мықты маман дайындаймыз деп есептейтін көрші елдің Челябі қаласындағы мемлекеттік университеттің Қостанайдағы филиалының басына қара бұлт үйірілді.

Сонау 2003 жылдың 18 маусымында елімізден мемлекеттік мерзімсіз (яғни мәңгілік) лицензия  алып, Ресейге аса қажетті мамандар дайындап келген филиалдың лицензиясы тартып алынып, қазіргі қарекеті заңсыз деп танылды. Бұған Бас прокуратураның тапсырысы негізінде Қазақстан республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім мен ғылым саласындағы бақылау жөнінідегі комитетінің арнайы тексерісі түрткі болған көрінеді. Ал бұл заңсыздықты «Атамекен»  кәсіпкерлері ұлттық палатасы байқап қалып, бақылаушы органға жүгінген. Нәтижесі де көп күттірген жоқ. Қостанайдың арнайы әкімшілік соты заңды бұзғаны үшін іс қозғап, аталмыш филиалды кінәлі деп тауып, оған 25 ЕАК көлемінде айыппұл салды. Өйткені филиал бұрын яғни ашылғаннан бастап Кедендік одақ шеңберінде алаңсыз жұмыс істеп келген. Алайда елімізде 2007 жылы  «Қазақстан Республикасындағы Білім туралы» жаңа заң қабылданып, онда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға болатындығы туралы бап алынып тасталған еді. Енді елімізде мұндай филиалдар арнайы мемлекетаралық келісім бойынша ғана жұмыс істей алады. Демек, бұрынғы берілген лицензия бойынша студенттерге білім беріп келген филиалдар жаңаша форматқа көшеді деген сөз.

    Алайда «заң бұзушылық» деген ұсақ-түйекке өзгелерге өктемдік жасауға бойы үйреніп кеткен көрші еліміздің мұндағы филиалы айылын да жиған жоқ. Сенің министрлігіңе де, сотарыңа да пысқырмайды. Жұмысын істей береді, мамандарын дайындай береді. Бітті. Ешкім де оның ішкі ісіне араласа алмайды. Өйткені бұлардың тірегі мықты, көкесі әйдік. Бұлайша дандайсуының да реті бар. Айналып келгенде, бар кінә өзімізден десек те болады. Ау, жаңа заңды сонау 2007 жылы қабылдаған екенбіз. Содан бері аттай 12 жыл өтті емес пе? Осыншама уақыт министрлігіміз қалың ұйқыға беріліп, еліміздегі бір емес, бес бірдей Ресей мемлекетінің осындағы филиалдарының жұмысын неге тексермеген? Бұлайша «Көрмес, түйені де көрмес» деген ұстанымның астарында не жатыр? Қарапайым ғана немқұрайлық па, әлде астарында өзге бір сыр бар ма?  Сонда қалай, көршіміздің көлеңкесінен қорқып, заң талабын орындатуға да пәрменіміз жетпей ме?

Әрине, осындай жалтақтықты көрген, филиал басшылары неге өктем сөйлемесін.

(Челябі университетінің филиалы осындай ғимаратта орналасқан)

-Қалай болғанда да, бізге Ресей берген лицензияны ешкім де тартып ала алмайды,- дейді аталмыш филиал директорының оқу ісі жөнінідегі проректоры Наталья Намезко. -Өйткені оны бізге Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрлігі берген. Ал жалпы бұл - халықаралық құқық мәселесіне жатады.Оны бір жақты ешкім де шеше алмайды. 

Ал аталмыш филиалдың директоры Раиса Төлегенова мұның астарынан халықаралық қақтығыс секілді үлкен қауіпті байқайтын секілді.

-Бізге мұның бәрі әдейі істеліп отыр,-деп қорытындылайды ол. -Айналып келгенде, мұның бәрі біздегі Ресей білім беру жүйесіне қарсы бағытталған шабуыл.

Үкіметке қарсы айбат көрсетуде бұл филиал жалғыз емес. Жанашырлары жетерлік. Мәселен, осындағы өздерін тәуелсізбін деп санайтын «Наша газета» басылымы осы тақырыпқа арнап сала-құлаш мақалалар басып, «Бұл Ресей білім беру жүйесіне шабуыл», «Енді 64 оқытушы мен 4030 студент қайда барады?» деп көз жасын көлдетіп жатыр. Тіпті  «Екі елдің министрлігі келісімге келмесе, бұл мәселені күні ертең Омбы қаласында 7 қарашада өтетін екі елдің басшыларының кездесуінде көтереміз» деп дөңайбат та танытып қояды. Не дерсің? «Күштінің құйрығы диірмен тартады» деген осы шығар.

Ал сонда анау мүйірі қарағайдай Мәскеу немесе Санкт-Петербургтегі университеттер туралы әңгіме болса бір басқа, ал Ресейдегі көптеген қатардағы жай бір Челябі тәрізді университетінің филиалына әліміз келмесе, «тәуелсіз елміз» деп бөркімізді аспанға атуымыз бекер шығар. Мүмкін артығырақ айтармыз, алайда кейінгі кездері Ресейге деген кіріптарлық үрдісі тым үдеп бара жатқан тәрізді. Өзгесін былай қойғанда, сол елге мамандықтар дайындап, өркендеуіне үлкен үлес қосып жатырмыз.

Мәселен, қазірдің өзінде ол жерде 80 мыңнан астам қазақстандық студент білім алуда. Оған мына біздегі секілді түлектеріне тек Ресейдің ғана дипломын беретін сандаған филалдарды қосыңыз. Мұны аз десеңіз, біздің шетелден алатын барлық тауарлардың жартысына жуығын осы елден үзіліссіз келетіндігін де ұмытпалық. Бұған енді олар өздерінің еш елде сұранысы жоқ тракторларын осында құрастыратын зауыт салғандығына, сөйтіп ауыл шаруашылық техникасына кіріптар етіп қойғандығына күні кеше қатты қуанғанымызды айтсаңызшы. 

Осыдан кейін «біз көршімізге тәуелсіз емеспіз» деп айта аламыз ба?

Жайберген Болатов

Қостанай қаласы

Abai.kz

13 пікір