Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3682 0 пікір 20 Мамыр, 2011 сағат 04:30

Думан Әли. Ақиқаттан алыс «Ақиқаттың» анығы қандай?

Сопылық ілімді ұстанушылар мен олардың жетекшісі Исматулла Мақсұмға қарсы жасалған шабуыл жайлы баспасөз бетінде қызу талқыланып келеді. Көпшілікке жақсы таныс осы мәселе тоғыз ай тоғыз күні толуға жақындағанда тағы бір толғатылды. Мамырдың 19-ы күні Абай.kz веб-сайтының редакциясында «Хабар телеарнасының «Ақиқат» фильмін әшкерелеу» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

«Домалақ» фильмге - жария жауап

Иә, осыдан бір ай бұрын, яғни 21-22 сәуір күндері «Ақиқат» фильмінің белгісіз авторлары жерден жеті қоян тапқандай ел назарын өзіне аударып, «зікірші» деген «құбыжықтармен» халықты бір қорқытып алған болатын. Міне, бір топ азамат осы фильмде көрсетілгендердің ақиқат ауылынан алыс екенін айтуға арнайы жиналыпты. Олар - филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы, жазушы, ҚР-на еңбек сіңірген қайраткер Дидахмет Әшімхан, саясаттанушы Айдос Сарым, ясауитанушы Болат Қорғанбек, журналист Амангелді Жұмашұлы, адвокат Абзал Құспанов, «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Берік Солтыбаев, сондай-ақ жәбірленушілер Бақыт Маймақова (фильм кейіпкерлерінің бірі), фильмде «сопылар өлтірді» делінетін Айдынның жесірі Сандуғаш Қиқымбаева.

Сопылық ілімді ұстанушылар мен олардың жетекшісі Исматулла Мақсұмға қарсы жасалған шабуыл жайлы баспасөз бетінде қызу талқыланып келеді. Көпшілікке жақсы таныс осы мәселе тоғыз ай тоғыз күні толуға жақындағанда тағы бір толғатылды. Мамырдың 19-ы күні Абай.kz веб-сайтының редакциясында «Хабар телеарнасының «Ақиқат» фильмін әшкерелеу» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

«Домалақ» фильмге - жария жауап

Иә, осыдан бір ай бұрын, яғни 21-22 сәуір күндері «Ақиқат» фильмінің белгісіз авторлары жерден жеті қоян тапқандай ел назарын өзіне аударып, «зікірші» деген «құбыжықтармен» халықты бір қорқытып алған болатын. Міне, бір топ азамат осы фильмде көрсетілгендердің ақиқат ауылынан алыс екенін айтуға арнайы жиналыпты. Олар - филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы, жазушы, ҚР-на еңбек сіңірген қайраткер Дидахмет Әшімхан, саясаттанушы Айдос Сарым, ясауитанушы Болат Қорғанбек, журналист Амангелді Жұмашұлы, адвокат Абзал Құспанов, «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Берік Солтыбаев, сондай-ақ жәбірленушілер Бақыт Маймақова (фильм кейіпкерлерінің бірі), фильмде «сопылар өлтірді» делінетін Айдынның жесірі Сандуғаш Қиқымбаева.

Баспасөз мәслихатына қатысып отырған азаматтар фильм авторлары секілді жасырынбай, өз пікірін ашық білдірді. Басқосуда фильм авторлары тарапынан жабылған жала мен өрескел қателіктер дерек пен дәйектерге, ҚР-ның заңдарына және ғылыми негіздерге сүйене отырып әшкереленді.

Үйлесімсіз үш айып

«Сопылар ісі» баспасөзде жиі талқыланғанымен, оқырман қауым қылмыстық істің жай-жапсарын біле бермейді. Адвокат Абзал Құспановтың айтуына қарағанда, қамаудағы Исматулла Әбдіғаппар мен профессор Саят Ыбырай бастаған топқа тағылған айыптауларды үш топқа бөлуге болады.

Бірінші айыптау - ҚР ҚК-нің 126 б, 3 бөлімі, яғни адамды бас бостандығынан еріксіз айыру. Бұл есірткі мен араққа тәуелді жиырма шақты адамның арызы бойынша қозғалған. Айта кету керек, осы арыз иелерінің көбі кейін арызын қайтарып алыпты. Себебі, бірлестіктің рухани орталықтарында болған нашақорлар мен маскүнемдердің көбі зиянды әдеттерінен арылып, қазір қалыпты өмір сүріп жатыр екен. Мұның мысалы мынадан-ақ көрініп тұр: Түркістан қаласындағы рухани орталықты ішкі істер қызметкерлері аяқ асты тексерген кезде, онда 50-дей адам болған. Осының ішінен 6 адам ғана арыз жазады, қалғаны арыз жазудан үзілді-кесілді бас тартқан.

Екінші айыптау - ұйымдасқан қылмыстық топтар бірлестігін («Сенім. Білім. Өмір» РҚБ) құру және басқару, яғни ҚР ҚК-нің 235 бабы, 2 бөлімі. Әдетте «ұйымдасқан қылмыстық топ» дегенде, біздің көз алдымызға «4 ағайынды», «Қырықбаевтар», «Рыжий Алмаз» сияқты, бұрын бірнеше мәрте сотталған, бақайшағына дейін қаруланған қарақшылар келе қалатын. Ал мынау «қылмыстық топқа» қараңыз: Исматулла Абдуғаппар - бір емес, бірнеше кітап авторы, бірнеше тілді меңгерген, 5 уақыт намазын қаза қылмайтын тақуа, діндар. Сайпулла Моллақанағатұлы - жеті тілді, оның ішінде қазір ұмыт бола бастаған көне түркі, шағатай тілдері де бар, меңгерген ғалым. Киелі Түркістан кесенесінде сақталған барлық қолжазбанды түпнұсқасында оқып, қазақ тіліне толық аудармасын жасаған жалғыз адам. Осы уақытқа дейін ондағы жазбалардың толық мәтінін ешбір ғалым аудара алмап еді. Өзі аса діндар, әрі бар өмірін ғылымға сарп еткен адам. Саят Ибраев - техника ғылымдарының докторы, бірнеше тілді меңгерген, Европада жұмыс істеп, сол жақта үлкен беделге ие болған ғалым, абайтанушы, шәкәрімтанушы. Айыптау жағы Исматулла Абдуғаппарға осы қылмыстық топтар бірлестігін (синдикат) құрды деп айыптап отыр.

«Сопыларға» тағылған айыптаудың үшінші және ең негізгісі - «заңсыз діни экстремистік және қоғамдық бірлестіктер құрып, азаматтардың арасында діни алауыздық туғызды» деген «қылмыс». Шындығында, мәслихат жиынынан белгілі болғандай, «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігі осыдан 9 жыл бұрын әділет органдарында ресми тіркелген және күні бүгінге дейін өзінің заңды қызметін жалғастырып келе жатқан ұйым екен. Қандай да бір ұйым «Экстремизмге қарсы күрес туралы» ҚР Заңының 1 бабының, 6 тармағына сәйкес, заңды күшіне енген сот шешімімен ғана экстремистік деп танылуы керек. Ал күні бүгінге дейін Қазақстанда 14 ұйым сот шешімімен «экстремистік» деп танылып, олардың қызметіне тиым салынған. Бірақ, олардың ішінде «Сенім. Білім. Өмір» РҚБ жоқ.

Сақ болыңыз, сіз де экстремист емессіз бе?!

«Сопыларға» тағылған айыптаулардың қисынға сыймайтын қиындылардан құралғанын мынадан-ақ байқауға болады: Тергеу аясында жүргізілген сараптама қорытындылары бойынша, «Сенім. Білім. Өмір» РҚБ мен «Абжад» интеллектуалдық клубы өз қызметі арқылы уаххабшылардың діни нанымы мен сенімін қорлаған көрінеді! Яғни, ваххабизмнің елімізге тигізетін зияны туралы әңгімелер мен тарихи деректерді айту - қылмыс болып саналады екен!

Егер жағдай шынымен солай болса, бұл азаматтар өз қылмысын толық мойындауға дайын! «Бейімбет жау болса, мен де жаумын!» дейтін Ғабең секілді, «ұлттың тамырына балта шауып, мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіріп жүргендермен күресушілер жау болса, біз де жау шығармыз» дейді олар. Осы көзқарастан таю олардың ойында да жоқ.

Егер мәселені осы қырынан алып қарасақ, онда еліміздегі саясаткерлердің тең жартысы экстремист болып шықпақ. Мысалы, 2010 жылдың қыркүйек айында Парламент Мәжілісінің депутаты А.Бекенов соңғы кездері ваххабизмнің ықпалы Қазақстанда, оның ішінде Батыс Қазақстан облыстарында күшейіп кеткендігін айтып, оны қатаң бақылау қажеттілігі туралы Республикамыздың Премьер-министріне депутаттық сауал жолдады. Ваххабизмнің қатері жөнінде БАҚ бетінде жарияланған материалдарда шек жоқ. «Сонда қалай, осы аталған адамдардың бәрін біз экстремист деуіміз керек пе?» - деген сұрақ тастады адвокат Абзал Құспанов.

Тіпті, басқасын былай қойғанда, ҚМДБ-ның өзі 2011 жылғы 4 наурызда ресми патуа шығарып, ваххабизмді аса қауіпті діни-саяси бағыт деп таныған болатын! Демек, ҚМДБ да уахабшылардың діни сенімін қорлаған ба?!

«Арысымның аруағына тыныштық беріңдерші!»

Жоғарыдағы «Ақиқат» фильмінің ең бір шырқау шегі, көрген адамның жүрегін ауыртып, жағасын ұстататын тұсы - марқұм Айдын Тілежановтың өліміне қатысты бөлігі. «Хабардың» белгісіз авторлары фильм кейіпкерлерін қаралау үшін ештеңеден тайынбайтынын көрсетіпті.

- «Айдын өз ажалынан өлмеді, мәйіті ауыстырылған» деген айыптау жанымды ауыртты. Құдай қосқан қосағым марқұм Айдынның сүйегін қазып алып, тірі жанға қиянаты жоқ азаматтарға жала жауып жатқанын естігенде жүрегім су ете қалды. Жағамды ұстадым. Айдын сұраусыз жатқан адам емес қой, артында бала-шағасы, мына біз қалдық. Неге маған ескертпеді имансыздар? Онысы аздай, күйеуімнің сүйегін әлі күнге дейін орынына қайта көмбеген. Бейіті ойрандалып жатыр. Жала жабудан ғана тұратын «Ақиқат» деген фильмсымақты көргенде, үйдегі қызым Бибінұр: «Әкем тірі екен ғой, мама?! Тірі болса, неге бізді іздеп келмейді?» деп жылап, әкесін іздегенде, жанымды қоярға жеп таппадым. Бала-шағамның көңіліне алаң туғызып, жүрегін жаралап кетті. Әсіресе, енемді, Айдынның анасын аяймын, оны да сергелдеңге салып қойды. Баласын өлімге кім қисын, ананың аты ана емес пе?! Қайын атам Айдынның мәйітін көріп, баласы екеніне көзі жеткен болатын. Сонда біздің жанымызды ауыртып, аруақты қорлағандардың мақсаты не?» - дейді Сандуғаш Қиқымбаева.

Баспасөз мәслихатына Жамбыл облысы, Шу ауданынан арнайы келген Сандуғаш сонау 2005 жылдың жазында Түркістан қаласында болған оқыс оқиғаның кейбір жай-жапсарын айтып өтті. Айдын марқұм жүздеген адамның көз алдында, қалалық жағажайда суға кеткен екен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері, дәрігерлер келген. Мәйіт бір күн қалалық мәйітханада болған. Айдынның достары ертесіне мәйітті Алматы облысы, Райымбек ауданы Тұйық ауылына көлік жалдап алып кеткен. Сол жаз өте ыстық, температура 50 градусқа дейін жеткені белгілі. Алыс жолда, күннің ыстығына шыдамай ісіне бастаған мәйітті әкесі өзі көріп, анасына, нәзік жанды әйел адамдарға көрсетпеген. Болған біткені сол. «Қапияда қыршынынан қиылған азаматтың өлімінен астар іздеп, жалаға толы байламдарымен елді шулатып, оны нақақ азаматтарға қылмыс қып таңуға тырысқан «ақиқатшылардың» көксегені қандай ақиқат?!» - дейді жаны жараланған жесір әйел...

- Фильмде Айдын есімді адамды өлді деп, оның денесін басқа бір өз ажалынан өлмеген адамның денесімен алмастырып қойған-мыс деген дерек келтірілген. Алайда менің қорғауымдағы азаматтарға қатысты қылмыстық іс 2011 жылдың 7 сәуірінде аяқталды. Онда мұндай дерек тіпті жоқ. Менің қорғауымдағы азаматтарға марқұм Айдын Тілеужановқа қатысты ешқандай айып тағылмаған», - дейді адвокат Абзал Құспанов. - Сонда, «Ақиқат» «іздеушілер» көрерменді әдейі жаңылыстырып отыр ма?!

Жалақордың мақсаты не?

Баспасөз мәслихатына қатысушылар жалпы осы фильмді түсіріп, көрерменге көрсетушілердің мақсаты не деген сауалға қатысты өз болжамдарын ортаға салды.

Адвокат Абзал Құспанов «Хабар» телеарнасында көрсетілген деректі фильмнің дәл сот болар алдында көрсетілгенін, және оның нақты себебі бар екенін айтады. «Ең бастысы, біз істі алқа билер сотында қаралуын қалаған едік. Мына фильм айыпталушылар жөнінде қоғамда алдын-ала жағымсыз пікір қалыптастырып отыр. Айта кететін мәселе, сот алқа билері кәсіби заңгерлер емес, қарапайым адамдар, әртүрлі мамандық иелерінен тұрады. Сот үкімі солардың көпшілік дауыс беруіне байланысты шығарылады. Заңды былай қойғанда, күнделікті тәжірибеде өздеріңіз көріп жүрсіздер ғой. Кез келген қылмыстық хроникада қылмыс жасады деген күдікті адамның толық аты-жөні аталмайды және істің мән-жайы айтылмайды. Ал, бұл жерде «Хабар» телеарнасы оның бәрін былай жиып қойып, тіпті қылмыстық іс материалдарында жоқ мәліметтерді де айыпталушылар жасады деп көрсетіп жіберді» - дейді А.Құспанов.

«Ақиқат» авторлары «Исматулла Мақсұм билікті басып алуға әрекеттенді» деген жала мәлімдеме жасайды. Ол туралы фильмде төрт сюжеттен дәлел іздеуге тырысып бағады. Бірінші, Исматулла Мақсұм исламда қасиетті саналатын Махдидің атын атайды. Екіншісі, 10-шы ғасырда Солтүстік Африкада, ортағасырлық Испанияда және 19-шы ғасырда Мысырда Махди атын жамылған топтар мемлекеттік билікті төңкергенін келтіреді. Үшіншісі, «Сенім. Білім. Өмір» РҚБ-нің әскери бөлімдердегі шаралары туралы сюжет көрсетіп, «бірлестіктің үгіт-насихат жұмысы қарулы күштерге басым бағытталды» дейді. Алайда, сөйте тұра авторлар бұл шаралар барысында бірлестік мүшелері экстремистік пиғылда уағыз айтқан деп еш дәлел келтірмейді. «Бірлестіктің соңғы он жылғы жұмысы сырттан келіп, дін атын жамылған радикалды топтарға ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі рухани құндылықтармен ғана қарсы тұруға болатынын дәлелдеді. Сондай-ақ, татулық пен бейбітсүйгіштікті насихаттап, мемлекеттік саясатты қолдап келеді» дейді Берік Солтыбаев.

Төртіншіден, фильм авторлары «Ясауи» вокалды тобын Исматулла Мақсұм шетелдегі белгісіз жақтас, сыбайластарына таныстырып, кездестірді» деген емеурін жасайды. Шын мәнінде, фильмдегі кадрлар Исматулла қаридың Иран президентінің сунниттік мәселе жөніндегі кеңесшісі Нұр Муфидимен, сондай-ақ, осы елдегі түрікмен диаспорасының мүфтиі Әбдіразақ қажымен кездесуінен алынған еді. Бұл адамдарға Исматулла Мақсұмды осы елдегі қазақ диаспорасының мүфтиі Мейрам қажы Шандабай таныстырған. «Ақиқатта» көрсетілген бұл кадрлар 2009 жылы Мақсұмның Иранға сапары түсірілген жеке бейнетаспадан «қиып» алынған. Журналист Амангелді Жұмашұлы: «Бұл тұлғалар - өз еліне аса танымал азаматтар, олар қонаққа келген қазақ қариды құрметтеп жатыр», - дейді. Сондай-ақ ол Исматулла Мақсұмды 1992 жылдан бері танитынын, жан-жақты зерттегенін, адалдықтан басқа ешқандай жамандық көрмегенін айтты.

Адвокат Абзал Құспанов «Хабар» агенттігі» АҚ-ның лауазымды тұлғалары тарапынан бір емес, бірнеше заң нормасы бұзылғандығына нақты тоқталып, агенттікті сотқа беру шаралары атқарылып жатқанын жеткізді. «Заң бойынша, қандай да бiр адамның суреттiк бейнесiн оның келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда - мұрагерлерiнiң келiсiмiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ. Алайда, деректі фильм түсірушілер тарапынан маған сенім білдірушілердің келісімінсіз, олардың бірнеше қайтара бейнелері көрсетілген. Сонымен бірге олардың сөздері бұрмаланып берілген», - дейді адвокат.

Зікір туралы пікір

Фильмде исламның ажырамас бөлігі сопылықтың басты ғұрыптарының бірі - зікірді «гипноздық рәсім» деген пайым жасалған. Авторлар сарапшы ретінде кәсіби біліктілігі күмәнді, анығы, дінтану ғылымына еш қатысы жоқ азаматтарды алға тартады. Журналист Ораз Әлімбеков, саясаттанушы Елена Бурова, қаржы полициясы арнайы бөлімшесінің белгісіз қызметкері де өз пікірін білдіреді. Ал ясауитанушы ғалым Болат Қорғанбектің айтуынша, сопылықты зерттеген ғалымдар зікір ғибадатын «шайқалған» дене қимылдарымен бірге атқарылатынын тәптіштеп баяндаған және оның гипноздық әсерге еш қатысы жоқ. «Қазақ даласында өткен Балмағамбет Балқыбайұлы, Сәттіғұл Жанғабылұлы өз жырларында зікірдің жүрек тазалығына қызмет еткенін айтқан», - дейді Болат Қорғанбек.

Баспасөз мәслихатында Мекемтас Мырзахметұлы: «Мың жыл бойы ата-бабамыз ұстанып келген дәстүрден «олар» айтты екен деп бас тарта алмаймыз. Мен өзім зікір салғаным жоқ, бірақ менің атам Түркістанға барып зікір салып, рухани тазарып келіп жүрген. Бізге рухани тазару аса қажет. Салқын саясаттың ықпалымен зікір ғибадаты халық жадынан жоғалып кеткен. Зікірді неше жыл бойы біздің санамыздан мақсатты түрде өшірген. Зікірден қорқатын ештеңе жоқ, себебі біздің бабаларымыздың барлығы зікір салған. Ал «Ақиқат» фильмі - авторы жоқ болғандықтан «некесіз» туған, шатасқан шата фильм болды», - деді профессор.

Жазушы Дидахмет Әшімхан да ислам тарихында, оның ішінде қазақ даласында зікір ғибадаты болғанын тарихи деректермен дәлелдеп өтті. Исматулла Мақсұмның «Жария зікірдің дәлелі» кітабын шығарған, автормен бірнеше мәрте кездескен баспагер жазушы қазір қамауда отырған қаридың «Тәуелсіздікті Құдай берген бізге, Патшаны сыйлаңыздар, дұға тілеңдер, ол Құдайдың жердегі өкілі», - дегеннен басқаны айтпайтын тақуалығына куә болғанын ортаға салды.

Бір қызығы, қорғаушы Абзал Құспановтың айтуынша, 2005 жылы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі арнайы мамандарды қатыстырып, бірлестік мүшелері қолданатын зікір ғибадатына сараптама жүргізген екен. Нәтижесінде аталған діни жоралғы ислам нормаларына сәйкес келеді деген қорытынды жасалған.

Тапсырыс беруші кім?

Басқосуда журналистер тарапынан «Сопылардың ізіне түсіп, қуғындауға мүдделі қандай топ бар? Яғни «заказчик» кім?!» деген сауал сан мәрте қойылды. Мәслихатқа қатысушылар «Заказчиктің» кім екенін «Хабар» арнасы жақсы білуі керек!» деп жауап берді.

Адвокат Абзал Құспанов тапсырыс берушінің портретін былайша елестетеді екен: «Ол» - үлкен лауазымды қызметте отырған және құқық қорғау органдарына ықпалы жүретін адам. «Оны мынадан көруге болады: бұрын жабылып қалған істі Бас прокуратура өткен жылы 21-тамызда, яғни бір күннің ішінде бұзып, Ішкі істер министрлігіне жібереді, сол 21-тамызда Махамбетова Қаржы полициясына арыз жазып, сол күні ол Ішкі істер министрлігіне жолданып, тіркеліп үлгереді, сол күні қылмыстық іс қозғалып, тергеу тобы құрылып, Исматулла Әбдіғаппар ұсталып үлгереді. Сонда бәрі бір күннің ішінде істеліп отыр. Осыған қарап, тапсырыс беруші өте ықпалды адам екенін көреміз. Және ол адам қоғамдық пікірден, жалпы ақпараттардың жарияланып кетуінен қатты қорқатын адам, бірақ нақты кім екенін білмеймін», - деді адвокат А.Құспанов.

Саясаттанушы Айдос Сарым Ақтөбедегі жанкештінің өз-өзін жарып жіберуіне қарап, жалпы діни ахуалға қатысты мәселе туралы ойланатын кез әлдеқашан жеткенін айтты. «Саят Ибраевқа қойылып отырған негізгі айып - «Абай.кz» сайтына жарияланған сұхбатында «салафит, ваххабит сияқты «иттер» қаптап кетті» деп, салафиттер мен ваххабиттердің арына тиді» деген айып тағып отыр. Мен мұны анық білемін, өйткені маған сарапшы ретінде осы мәселені қарауды өтініш еткен болатын. Жақында Діни басқарманың салафизм, ваххабизмнің адасқан ағым екенін айтқан пәтуасы шықты. Ал, енді осындай ағымдарды еліміздегі мүдделі топтар қолдап отырса, бұл ойланатын жайт», - деді Айдос Сарым. Одан әрі: «Жалпы кімнің тапсырыс бергенін жақсы білеміз, барлығы да шенді-шекпенді тұлғалар, құқық қорғау органдарында істеген адамдар. Сондықтан олардың біраз нәрсені істеуге құзіреті жетеді. Кеше «баспасөз мәслихаты өтеді» деп біраз редакцияға, телеарналарға хабарласып шықтым, бәрі «келеміз» деген, алайда бүгін азғана журналист төбе көрсетіп отыр. Осыдан-ақ олардың қандай құзіреті бар екенін біліп, сезіп отырған боларсыздар», - деді саясаттанушы.

Түйін

Баспасөз мәслихатына қатысушылар Исматулла Әбдіғаппар мен оның шәкірттеріне қатысты әділетсіздікке жол берілгендігін, оларға жала жабылғанын айтып, осы мәселе Елбасының назарына жетсе екен дейді. «Тоғыз ай бойы Қазақстан Президентінің атына осы заңсыздықтар туралы бір емес, бірнеше рет хат жолданды, бірақ біздің өтінішіміз Елбасыға жетпей жатыр немесе Исматулла ақсақалдың қызметін бұрмалап жеткізуде деген ойға қалып отырмыз. Ал, Мақсұм және оның шәкірттері саясаттан алыс, Отаны мен халқына әрдайым қызмет етеді, Елбасының саясатын қолдайды, еліне адал болып қала береді», - деп мәлімдеді олар. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселеге назар аударса екен» дейді олар. Жақында зиялы қауымның елге танымал өкілдері қол қойған тағы бір ашық хат Елбасыға жолданыпты.

«Соқырдың тілегені екі көзі» деген бар емес пе?! Алмағайып заманда Қазақстан үшін тыныштық мен ауызбіршілік ауадай қажет. Сол тыныштықты алатайдай бүлдіретін, аз қазақты бөле қырқып, берекесін алған даулы «Ақиқаттың» белгісіз авторларынан үн жоқ. Астанадай байтағында түрлі діннің өкілдерін құшақ аша қарсы алған саялы бақ - елімізде Ясауи іліміне ден қойған ат төбеліндей азаматқа қазірше орын табылмай тұр. Баспасөз өкілдеріне шерін тарқатқан ынтымаққа зәру қауымның торысы мен төбелі Елордадан үмітті. Сол үміт далаға кетпесін деп тілек етейік.

 

Видео. Бірінші бөлім

;hl=ru_RU" />;hl=ru_RU" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" width="640" height="390">

Видео. Екінші бөлім

;hl=ru_RU" />;hl=ru_RU" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" width="640" height="390">

Видео. Үшінші бөлім
;hl=ru_RU" />;hl=ru_RU" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" width="640" height="390">

0 пікір