Сенбі, 4 Мамыр 2024
Жаңалықтар 8551 0 пікір 27 Ақпан, 2011 сағат 08:27

Ержұман Смайыл. Алаш идеясы және «ЕСЕП» партиясы

Елдің еркіндігі мен дамудың дербестігі жө­нінде сөз қозғалғанда қазақ халқының арғы та­рихындағы қарулы көтерілістер шежіресін де, идеялық ұмтылыстар барысын да әкеп тірейтін, ал бергі тарихындағы қоғамдық-өр­кендеу ке­зеңдерін шендестіріп қа­рас­ты­ратын құбылыс - Алаш қозғалысы екендігі анық. Алаш аға­ла­рының бостандық көк­сеген өлең-жыр­лары мен қазақ халқының намысын қай­раған, ұй­қыдан оятуға, талпынған үндеу-тол­ғаныстары ХХ ғасырдың басынан бастап көзі ашық, көкірегі ояу баршаның жүрегіне шоқ түсірсе, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкі­меті талқандалып, оларға тыйым салын­ған­нан, Алаш қозға­лы­сының көрнекті өкілдері ғана емес, оған қаты­су­шылардың барлығы дер­лік сотталып, атыл­ғаннан кейін де Алаш идеясы қазақ жастары ара­сында сақталып қалды.

1940-1941 жылдары алғашқы қадамдары жасалып, соғыстан кейінгі жылдары қайта жан­данған «ЕСЕП» ұйы­мының түп негізінде де Алаш ағаларының азаттық идеясы жат­қан еді. «ЕСЕП» жетекшілерінің бірі, бүгінде Қа­ра­­ған­ды облысының Нұра ауданындағы Кө­бетей ауылында тұратын 87 жастағы ардагер ағамыз, Қазақстан Жазу­шы­лар ода­ғының мүшесі Махмет ТЕМІРҰЛЫМЕН әң­гімеміз де осы тұрғыда өрбіген болатын.

 

- Махмет аға, «ЕСЕП» пар­тиясы деп айтқанымызбен, ол саяси тұрғыда қалыптасқан ұйым дә­режесіне көтеріле алған жоқ қой...

Елдің еркіндігі мен дамудың дербестігі жө­нінде сөз қозғалғанда қазақ халқының арғы та­рихындағы қарулы көтерілістер шежіресін де, идеялық ұмтылыстар барысын да әкеп тірейтін, ал бергі тарихындағы қоғамдық-өр­кендеу ке­зеңдерін шендестіріп қа­рас­ты­ратын құбылыс - Алаш қозғалысы екендігі анық. Алаш аға­ла­рының бостандық көк­сеген өлең-жыр­лары мен қазақ халқының намысын қай­раған, ұй­қыдан оятуға, талпынған үндеу-тол­ғаныстары ХХ ғасырдың басынан бастап көзі ашық, көкірегі ояу баршаның жүрегіне шоқ түсірсе, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкі­меті талқандалып, оларға тыйым салын­ған­нан, Алаш қозға­лы­сының көрнекті өкілдері ғана емес, оған қаты­су­шылардың барлығы дер­лік сотталып, атыл­ғаннан кейін де Алаш идеясы қазақ жастары ара­сында сақталып қалды.

1940-1941 жылдары алғашқы қадамдары жасалып, соғыстан кейінгі жылдары қайта жан­данған «ЕСЕП» ұйы­мының түп негізінде де Алаш ағаларының азаттық идеясы жат­қан еді. «ЕСЕП» жетекшілерінің бірі, бүгінде Қа­ра­­ған­ды облысының Нұра ауданындағы Кө­бетей ауылында тұратын 87 жастағы ардагер ағамыз, Қазақстан Жазу­шы­лар ода­ғының мүшесі Махмет ТЕМІРҰЛЫМЕН әң­гімеміз де осы тұрғыда өрбіген болатын.

 

- Махмет аға, «ЕСЕП» пар­тиясы деп айтқанымызбен, ол саяси тұрғыда қалыптасқан ұйым дә­режесіне көтеріле алған жоқ қой...

- Ол Компартиядан басқа партияға рұқ­сат жоқ кез болатын. Одан бас­қаның бәріне тыйым салынатын. Қа­зіргідей бәлен мүшесі болып, ел Конс­титуциясына қайшы келмейтіндер тіркеуден өте беретін жағдай қайда... «ЕСЕП» қауіпсіздік қызме­тінен басқа жерде тіркелген де жоқ. Бірақ бізді қуғындағанда, соттағанда партия құрды деп айыптады ғой.

- Ал «ЕСЕП» дегеннің өзі нені білдіреді?

- «Елін сүйген ерлер партиясы» дегеннің қысқартып алынғаны. Бүркіт Ысқақов ұсынып, мен қостаған атау.

- Ал оны құру неден басталып еді?

- 1940-1941 оқу жылында Қа­ра­ғанды облысы, Нұра ауданындағы Қаз­городок (қазіргі Кертінді) ауы­лындағы орта мектепті бітірген бір топ оқушы Қарағандыдағы екі жыл­дық оқы­тушылар институтына түстік. Бәріміз де бір бөлмеде жатамыз. Ауылда радио жоқ еді. Мұнда күндіз-түні радио сайрап тұр, әр түрлі хабар естіп, қазақтың тамаша ән-күйлерін тыңдап, рухани азыққа кенелдік те қалдық. Өзіміз бұрын көрмеген газет-журналдарды да тауып алып, қызыға оқимыз.

Институтта біздерге қазақ әде­бие­тінен Айтбай Нәрешев лекция оқи­тын. Ол лекция оқығанда бәріміз де ұйып тыңдап, елтіп қалғандай бола­тынбыз. Өйткені қағазға да, кі­тапқа да қарамай түсіндіріп, ақындардың өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтатын. Институт­тағы «Жас қалам» деп ата­ла­тын үйір­меге өзі басшылық етті. Онда оқып талдайтын кітаптарды да өзі әкеліп оты­ратын. Оның әдеби үйір­мені бас­қарып жүргізіп отырудағы тікелей кө­мек­шісі ақын Бүркіт Ысқақов болды.

Бір күні Айтбай Нәрешев ауырып қалып, институтқа келмеген соң Бүр­кіт екеуміз үйіне бардық. Төсек тар­тып жатыр екен. Амандық-саулық сұ­расқаннан кейін інісі Рамазанға кітап сөрелерінен бір-екі кітап алғызып бер­ді. Оның жеке кітапханасындағы кітаптардың көптігі бұрын мұндайды көрмеген біздің есімізді шығарып жібергендей болды. Біз көзбен сүзіп, таң­дана қарап жатырмыз. Ашық тұр­ған кітап сөрелерінің қасында құ­лыптаулы бір шкаф тұр екен. Онда да кітап толып тұр. Оны ашып қарауға бізге рұқсат бермеді. Біз не болса да соны ашып көруге құмарта түстік. Кейіннен ағасының үйде жоқтығын пай­даланып, інісі Рамазанға жалынып, шкафты аштырып көрсек, іші толған «халық жаулары» Сәкеннің, Бейім­бет­тің, Ілиястың т.б. кітаптары. Шкаф­тың ең төменгі түп жағында бізді ерекше қызықтырған арапша әріптер­мен жазылған Ахмет Байтұрсынов­тың «Маса», «Қырық мысал», Міржа­қып Дулатовтың «Оян, қазақ!» сияқты кітаптары сақтаулы екен. Бүркіт екеуміз бұл кітаптарды біртіндеп қана білдіртпей алып, ешкімге көрсетпей оңаша оқып шықтық. Өзімізге ұнаған өлеңдерді дәптерге жазып алып, жаттап жүрдік.

Алаш көсемдері жайында түсінік алып, олардың не үшін күрескенін білгеніміз біздерді ерекше рухтан­дырып жіберді. Алдағы уақытта сол Алаш азаматтарының жолын қуып, туған еліміздің азаттығы, бостандығы үшін күресуге бел будық.

- Махмет аға, сонда неше жас­тасыздар?

- Он алты-он жеті жастағылармыз.

- Сол кезде қазақтың бар жас­тары жаңа өзіңіз айтқандай, «Алаш жолын қууға» дайын деп ойла­ды­ңыз­дар ма?

- Бізге солай болып көрінетін. Бәл­кім ол туралы терең ойланып жатпаған да болармыз. Бізді азаттық аң­саған Алаш азаматтарының бәрі де туған елін отарлық бұғаудан құт­қа­рып, бостандық, азаттық әперу үшін төніп тұрған қауіп-қатерден қай­мықпай, шыбын жандарын да пида етуге дайын тұрғандары тәнті еткен.

Бұған Мағжанның мына өлеңі толық дәлел бола алады.

Желе бер, жаным қара көк,

Желкілде желмен айдарым.

Қолымда найза көк болат,

Ерлігіме айғағым.

Ұлт дегенде көпіршіп,

Жарайсың, қаным, қайнадың!

Ұлтымнан мен садаға

Бекіндім, белді байладым.

Білгенін енді істесін,

Өлімменен ойнадым!

Бұдан ас­қан туған халқы үшін жа­сайтын ерлік болар ма!

Осы сарында жазылған өлеңдер біздерге жігер беріп, рухымызды көтере түсетін еді.

Бүркіт екеуміз өзіміздің сенімді деген достарымызға жаттап алған Алаш ақындарының өлеңдерін ауызша айтып жүрдік. Байқасақ, естіп, тыңдаған­дар­дың бәрі де сүйсініп, өте ұнататын болды. Екеумізді де бұл жағдай жігерлендіре түсті. Енді Алаш партиясы сияқты халықты сүйетін, тек халық үшін қызмет қылатын жаңа партия құрсақ деп ойлай бастадық. Ондай партияны қалай деп атауымыз керек деген ой көп толғандырды. Әуелі «Жас алаш» деп атамақ болдық. Мұны қойып «Жас қазақ» демек те болдық. Ақыры «Елін сүйген ерлер партиясы», қыс­қарта айтқанда, «ЕСЕП» деп ата­дық. Бұл 1941 жыл­­дың бас кезі еді.

Енді мұны пікірлес достарымызға жария етпекпіз. Өзіміз жатқан жатақ­хананың бір бөлмесіне тегіс жиналдық. Бүркіт Кеңес өкіметінің қазақ ауқат­тыларын зар жылатып, мал-мүлкін тартып алғанын, бұл тәркілеудің нәти­жесінде байларды ғана емес, олардың жұмысын істеп, бала-шағаларын асы­рап жүрген кедей-жалшыларды да ауыр жағдайға ұшыратқанын айтып өтті. 1929-1930 жылдары колхоздастырамыз деп барлық қазақтың күнелтіп отырған малын түк қалдырмай тартып алып, бүкіл халықты аштық алапатына, жаппай қырғынға ұшыратқанын, тіпті қа­зақты біржолата құрта жаздағанын тәптіштеп түсіндірді. Мұнан кейін есең­гіреп қалған елдің есін жиғызбай, «халық жауларын әшкерелеу» деген сұмдық науқан бастап, ел басқарып жүрген зиялы қауымды да, сауатсыз қарапайым адамдарды да жазықсыздан-жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырат­қа­нын айтты. Қатынасқандардың бәрі де ұйып тыңдап отыр. Сөзінің соңында: «Ха­лық­тың басына түскен осындай ауырт­палықтарға, жан төзбес қайғы-қасі­ретке кім кінәлі деп ойлайсыңдар?» - деп сұрақ қойды. Ешкім үндей қоймады. «Ендеше, - деп әрі қарай жал­­ғастырды Бүркіт өзінің айтар пікірін, - бұған бүкіл елді билеп-төстеп тұрған Компартия және оның көсемдері айыпты. Егер олар халықтың қамын ойлап, қызмет атқарса, халықты қайғы-қасірет, күйзеліске ұшы­рат­паған болар еді. Сондықтан бүкіл халыққа, әсіресе қазақ халқына елін сүйіп қызмет ететін ғана партия керек. Сондай жаңа пар­тияны өзіміз құрып алуымыз керек», - деген Бүркіттің сөзі отырғандарды тегіс қызықтыра, ын­тық­тыра түсті. Олардың ұнатып отырғанын білгеннен кейін шабыттана түсіп: «Жол­­дастар, - деді ол, - біздің құрайық деп отырған жаңа партиямыз «Елін сүйген ерлер партиясы» деп ата­лады. Оны қысқаша айтқанда «ЕСЕП» дейміз, осы отырған бәріміз бүгіннен бастап осы «ЕСЕП» партиясының мү­шесіміз деп есептей беріңдер», - деп тұжырымдады өзінің пікірін. Тыңдап отырғандар тіпті риза болып, қол ша­палақтап жіберді.

Сөйтіп, өзіміз жаңа бір саяси партия құрып алдық деп қуаныстық. Алдағы уа­қыт­та оның бағдарламасын да, жар­ғысын да әзірлеп, қа­был­даймыз деп келістік. Оларды тездетіп жазу Бүркіт екеумізге тап­сырыл­ды. Осы күннен бастап студенттер, қыз­мет­тегі жастар, тіпті жо­ғарғы сы­нып­тар­дағы оқушылар ара­сында үгіт жүр­гізіп, пікірлес­те­ріміздің санын өсіре беруге талпындық. «ЕСЕП» партиясының мүшелері деп мы­на төмендегілерді есептедік: Бүркіт Ысқақов (көсемі), Махмет Теміров (орын­басары), Елеш Бимағанбетов, Дә­кен Шалабеков, Аман­жол Дүй­сен­баев, Әшім Сү­лей­менов, Жанайдар Әу­бә­кі­ров. Бұлар институтта оқып жүрген студенттер. Олардан басқа ауылда тұ­ратын пікірлес достарымыз да партия мүшелері деп есептелді. Олар: Рақыш Бұйрабеков, Кәмәли Рахметов, Қа­жы­кен Тінтаев, Аққошқар Мұқанов, Балапан Сәкібаев, Орынбай Сауқанов, Сай­далы Кенжебаев (кейіннен Мақуов), Дәулетбек Әкімбеков, Қыздарбек Әкім­беков еді. Біздің пікірлестеріміз, тілектестеріміз біртіндеп өсе берді.

Бүркіт екеуміз бірге оқып жүрген студенттерге ғана емес, сол кездегі бүкіл Қарағанды қаласында Жамбыл атындағы жалғыз қазақ мектебіне ба­рып, өзіміз жатқа білетін Алаш ақын­дарының өлеңдерін айтып, оқушы­лар­дың ұлттық намысын ояту үшін әңгімелесіп қайтамыз. Пікірлестер шо­ғыры мектеп оқушылары арасынан да шыға бастады. Институттағы студенттермен әңгімелесіп, олардың пікірлерін, мінез-құлықтарын біліп алғаннан кейін ғана өз жағымызға тартуға ты­рысатынбыз. Біздермен пікірлес бол­ғандар тарих факультетінің студенттері: Нүркенов Ахметжан, Сейітов Қайлеш, Аманбаев Мұқаш, Әубәкіров Хайритден еді. Институтта Бүркітпен жақын жүр­гендердің бірі - Жаппар Өмірбеков. Біздер кейінірек әдебиет үйірмесінде Алаш ақындарының шығармаларын оқып, тал­қылайтын болдық. Мұндай жа­ңалық үйірме мүшелеріне де қатты ұнайтын еді. Талқылауды Ахаңның (Ах­мет Бай­тұрсынұлының) «Маса», «Қы­рық мысал» кітаптарын оқудан бастадық.

Қазағым - елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді оянып.

Қанған жоқ па әлі ұйқың,

Ұйықтайтын бар не сиқың?! - деген өлеңін бірден ұнатып, бәрі де жаттап алды. Қайран данышпан-ай, халқының басына қаралы күндер туып, ақыры аштық алапатына, қуғын-сүргінге ұшы­рап, қай­қа­йып белі сынып, құрып кетуге де айналатынын қалай болжап айтқан деп таң қалатын едік. Жақаңның (Міржақып Дулатовтың):

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты, - де­ген өлеңін оқығанда ақын біздерді, қазақ жастарын әділетсіз қоғаммен кү­ре­суге шақырып тұрғандай сезінетінбіз.

Шіркін, халқымыздың азаттығы үшін күресетін қолайлы бір күн туа қалса, біздер жан аямай айқасар едік-ау деп армандадық.

- Тек армандаумен ғана қалған жоқсыздар ма? Нақты атқарған істе­ріңіз болды ма? Оның үстіне со­ғыстың қарсаңы еді ғой ол кез?

- Иә, көп кешікпей соғыс та басталды. Сол кезде өзімізді құртып келе жатқан, тіпті біржолата жоқ қылатын ойы бар қоғамды, мемлекетті не үшін қорғаймыз? Бізге оның аман қалуы емес, күйреп жеңілуі керек, отарлық бұ­ғауда отырған халықтар сонда ғана бостандық алады деген пікірде бол­ғанымыз рас.

Бұл ойымыз жай қиял ғана екен. 1942 жылы қараша айында Бүркіт майданға аттанды. Мен кейінірек еңбек май­да­нын­да болдым. «ЕСЕП»-тің басқа мүшелері де әскерге алынып, майданға жөнелтілді. Бірақ ұйымның алғашқы мүшелері тарап кеткенмен, «ЕСЕП» идеясын насихаттау соғыстың қызу жү­ріп жатқан кезінде де әрі қарай жалғаса берген.

1944 жылы Қарағандыда бір топ жастарды Кеңес өкіметіне қарсы жүр­гізіп жүрген саяси насихаттары үшін қамауға алған. Оларға «ЕСЕП» деген кеңес қоғамына қарсы ұлтшыл ұйым құрды деген айып тағылған. Бұлар: Зейнолла Әбділдин, Бейсембай Жақ­сылықов, Асығат Рүстемов және Жаппар Өмірбеков болатын. Оларды қатты қысымға алып: «Қоғамға қарсы мұндай жат пікірді сендерге кім үй­ретті?» дегенде бәрі бірдей Бүркіт екеуміздің аттарымызды атаған.

Асығат Рүстемов пен Зейнолла Әбділдин жастау болған соң бірсыпыра қинап, қолдарынан қолхат алып, бо­сатып жіберген. Жаппар Өмірбековті бір жыл бойы түрмеде ұстаған. Бейсембай Жақсылықовты он жылға соттап жіберген. «ЕСЕП»-тің идеясын жалғас­тырушылар мұнымен тоқтап, тоқырап қалмаған. Азаттық идеясын үгіттеуді саналы студенттер әрі қарай жалғас­тыра берген.

1960 жылдан бастап Орталық Қазақстандағы жоғары оқу орын­дарында «Жас қазақ» немесе «ЕСЕП» атты жасырын ұйым құрылған. Бұлар Кеңес өкіметінің жүргізіп отырған саясаты қазақ сияқты ұлттардың тілін де, мәдениетін де құртып жіберу екенін түсіндірген. Ұлттық іскер кадрларға үнемі қысым көрсетіп, оларға жауапты жоғарғы дәрежедегі қызмет атқаруға мүмкіндік бермей, ондай қызметтерге үнемі орыс коммунистерін ғана та­ғайындап отырғанын, қазақ мектептері жабылып, барлық мектептерде оқу орыс тілінде жүргізіліп отырғанын айт­қан үндеу парақтарын таратып отыр­ған. Қазақ жастарының ұлттық на­мысын ояту мақсатында үндеу парақ­тары басқа қалалардағы жоғары оқу орындарына да жіберілген. Бұлар қан­дай бүркеншік ат қолданса да, қолға түсіп, жазаланған. Олар Зейнолла Игіліков пен Кәмел Жүнісов еді. Аза­маттарды қатты қысымға алып, қыл­мыстарын мойындатып, 4 жылға сот­тап, РСФСР-дің Орал тауындағы саяси тұтқындар лагеріне жіберген. Бұлардан кейін «ЕСЕП» пар­тиясына тілектес болып, Ке­ңес өкіметіне қарсы үгіт жүр­гіз­діңдер деп Кәрім Сауғабаев, Мақ­сым Омарбековті жазалаған.

Бүркіт «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы болып істейді. Мен шет тілдер инсти­тутында студентпін. Шеттен келген студенттер жатақ­ханада жа­та­мыз. Сенбі, жексенбі күн­дері әдебиетке құмар бірнеше студент бір жерге жиналып алып, қазақ тіліндегі кітаптарды оқып, талқылаймыз. Жақан Сызды­қов­тың «Әлі қарттың әңгімесі» мен Нұрқан Ахметбековтің «Күлән­дам» поэмаларын оқып, талқы­лағанда Кеңес өкіметінің қазақ халқына жасаған қиянатын, зор­лық-зомбылығын алғаш рет естіп отырған студенттер өздері осыған дейін мектептегі тәрбие­нің нәти­жесінде ұнатып келген қоғамға күдікпен қарай бастады. Үйірмеге Жекен Қалиев, Мұс­тахым Азанбаев, Адырбек Аман­құлов сияқты талапты студенттер белсене қа­тысып отырды.

1951 жылғы 18 қаңтарда Бүр­кіт екеу­мізді тұтқындап, абақ­тыға әкеліп қамады. Алғашқы күндері Алаш ақын­дарының кі­таптарын оқығаны­мызды да, «ЕСЕП» деген саяси ұйым құр­ға­нымызды да мо­йындамаған едік. Ақы­ры өз айт­қандарына көн­діріп, бәрін де мо­йындатты. 5-6 айға созыл­ған азапты тергеу жұмыс­тарын аяқтап, «Бүркіт Ысқақов пен Махмет Теміров­тің ісі» деген қалың-қалың 4 папканы тол­тырып, біздің ісімізді сотқа берді.

1951 жылдың 14-15 маусымында Қазақстанның Жоғарғы соты РСФСР қылмысты істер кодексінің 58-бабының 10-11-тармақтары бойынша Бүркіт Ысқақов, Махмет Теміров және Айтбай Нәрешевті 25 жылға соттап, қосымша 5 жыл бойы азаматтық құқығынан айыру туралы қатал үкім шығарды. Мұстахым Азанбаевты, Рамазан Нәрешевті, Жекен Қалиевті, Адырбек Аманқұловты 8-10 жылға соттады.

Сөйтіп, біздерді Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйым құрған, ұйымның мақ­саты Орта Азия республикалары мен Қазақстанды Кеңес Одағының құра­мынан бөліп, Түркияның қолдауы­мен буржуазиялық ұлттық мемлекет құру болған, кеңес қоғамына қарсы үгіт-насихат жүргізген, тыйым салын­ған әдеби кітаптарды көпшілікке тара­тып отырған деп айыптады.

Біздер әр түрлі лагерьлерде азап шегіп жүрген кезімізде 1956 жылы ақпан айында Коммунистік партияның ХХ съезі «жеке басқа табынушылық және оның зар­даптары» туралы мәселе қа­рады. Сталин мен оның сыбай­лас­тарының қылмысты істерін әш­кереледі. Олардың талай жазықсыз жандарды қырып-жойғандығын, қуғын-сүргінге ұшы­ратқандығын айыптады. Осыдан кейін көп ұзамай-ақ жазықсыз жапа шегіп жүргендерді әр жерде арнаулы комиссия құрып, босата бастады. Со­лардың бірі болып 1956 жылдың мау­сым айында мен де босанып шықтым.

- Махмет аға, «ЕСЕП» партия­сын, яғни бұрынғы өмір жолыңызды қоя тұрып, еліміздің ең жаңа та­рихына келейікші. Сіз 1991 жылдың 16 желтоқсанын, тәуелсіздік жария­ланған күнді еске түсіре аласыз ба?

- Егер де 1991 жылғы 16 жел­тоқсанда жүзеге асқан ұлы оқиға туралы айтып тұрған болсаң, оны Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланған күн деп нақтылап алғанымыз жөн. Біз Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған болатынбыз.

- Жоғарғы Кеңес жариялаған болатын...

- Сол Жоғарғы Кеңесті халық, яғни біз сайлағандықтан, менің «біз жа­рияладық» деуімнің еш әбестігі жоқ.

Сұрағыңды екі тұрғыда қарас­тырғым келеді. Біріншіден, «ЕСЕП» партиясын, бұрынғы өмір жолымды қоя тұрғым жоқ. Өйткені, тәуелсіздік, азаттық, елдік идеясы менің бойымда өмір бойы жасап келеді. Бұл идея - менің өмірім, менің тағдырым. Мен «ЕСЕП» болмаса, тәуелсіздік болмас еді деп тұрған жоқпын. Бірақ еркіндік, дербестік жолындағы ұлы қоз­ғалыс қазақ халқының, хандары мен билерінің, батырлары мен бағлан­дарының ел қорғаған жорық­тары мен шайқастарынан, ұлт-азаттық күрес­терден, Алаш идеясынан, содан туын­даған «ЕСЕП», Мәскеудегі «Жас тұлпар», Павлодардағы «Жас ұлан», Хас­ен Қожа-Ахмет құрмақ болған «Жас қазақ» секілді ұйымдардан, Желтоқсан көтерілісінен тұрмай ма?

Екіншіден, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конститу­циялық заң қабылданғанын біз, ауылдағылар, ертесіне естіп қуандық қой. Көзімнен жас парлай отырып, қуандым. Осы жолда құрбан болған­дарды, қыршын кеткендерді ойлай отырып, қуандым.

Тағы бір айрықша қуанған күн туралы айтқым келеді. Есіңізде ме, осыдан сәл бұрын Республика күні дейтін мереке болған, 25 қазанда атап өтетінбіз. Бұл Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабыл­данған күн болатын. Әрине, мемлекеттік тәуелсіздік дегеніміз - ұлық мереке, оған талас жоқ. Дегенмен, тә­уелсіз Қазақстанға барар жолдағы үл­кен бір белес мемлекеттік егемен­дігіміздің жариялануы еді. Ал соны жария еткен Декларация еліміздің жаңа Конституциясын әзірлеу үшін негіз болғанын ұмытуға бола ма. Ол күні демалмай-ақ қояйық, бірақ Республика күні деп атап өткен жөн еді. «Егемен болмай ел болмас» дегенді бабаларымыз тегін айтпаған болар. Сіздің газеттеріңіздің атауында да «егемен» деген сөз қалды ғой.

- Оның есесіне Тәуелсіздік күнін 16-17 желтоқсанда екі күн мерекелейміз ғой...

- 17 желтоқсан - Желтоқсан көте­рілісінің күні. Есіңізде ме, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Желтоқсан оқиғасына «халықтың жүрегінде сақ­талып, жадында жатталып қалатын, қоғамдық дамуға айрықша әсер етіп, ұлттық сана-сезімге қозғау салатын аса маңызды» оқиға деп баға бергені. 1991 жылғы 17 желтоқсанда Алма­тыдағы Республика алаңында Жел­тоқ­сан оқиғасының бес жылдығына арналған митинг болып, Елбасы мемлекеттік тәуелсіздік туралы Консти­туциялық заң қабылданғанын бұқара халық өкілдеріне сонда жария еткен.

«Дербес мем­лекет құру қазақ хал­қының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік. Ұза­ғынан сү­йін­дірсін! - деген бо­латын Президент. - Тәуелсіздік та­бал­дырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте Қазақ елінің еркіндігі, бос­тандығы жолында бас тіккен аза­мат­тардың, солар­дың қатарында бұл күнге жете алмай, ту­ған Қазақ­станның егеменді ел, тә­уелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен Желтоқсан құр­бан­да­рының ру­хына тағзым етіп, еске алуды парыз са­наймын». Барша ха­лықтың парызы ретінде Желтоқсан құрбан­дарын еске алу күнін Тәуел­сіздік кү­німен бірге атап келеміз.

- Президент Жарлығымен би­ыл­ғы жыл Қазақстан Республи­касы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылы болып жарияланды ғой.

- Бағана айттық қой, елімізде бұдан үлкен, бұдан маңызды мереке болмақ емес. Ал мереке дегеннің атқарылған істерді қорытып, ат­қа­рылмаған істерге назар аудару ша­ралары екенін ұмытпайық.

- Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Ержұман СМАЙЫЛ.

Суреттерде: Махмет пен Бүркіттің жас кездеріндегі бейнесі; М.Теміров, 2005 жыл

«Егемен Қазақстан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1035
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 909
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 681
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 761