Қолымдағы алдынғы жазбаны ұсынғалы 16 адам қарап шығыпты. Өте жақсы көрсеткіш. Мен солардың ішінде екеу-үшеуіне, бәлкім біреуіне зәру шығармын? Сосын оқыған ағайындарда сөзсіз сұрақ туады: "Бұл оған неге, не үшін керек?" Бүгін шамам келгенше осы сұрақтарға да тоқталғым келді. Ұлт болу үшін кез-келген халыққа үш зат қажет. Оның біріншісі - тіл, екіншісі - діл, үшіншісі - дін. Бұлар бір-бірінсіз тұтас ұлттық сананы құра алмайды. Қазір тіл туралы айтпай, сөйлемей жатқан тірі жан жоқ шығар? Ал, дін бойынша екінің бірі "молда", екінің бірі "данышпан", "әулие", "шайх-машайых" болып кеткен заман. Ділді де текке қалдырып жатқан жоқ. Діл - дегеніміз ұлттың жады. Ол - тарих. Біз үшін осының үшеуін де жолға қойып, жүйеге келтіріп алмай болмайтын шақ туды. Онсыз мына, былыққан, былдыр-батпақ санамен ұлтымыздың болашағы алысқа барады деп айту да, сену де мүмкін емес. Бірінші тал мәселесі бойынша. Бізге бұл тілдік жүйені А.Байтұрсынов жүйелеп беріп кетті. Ол жақсы болсын, жаман болсын біздің тіршілігімзге толық сіңісіп, біте қайнасып болды. Ұлттық болмысымыздың бөлінбес бір құрамына айналды. Осы бойынша тіліміздің заңы қалыптасты. Оған бүгінде қарсы да, қалыс та жоқ секілді. Тек "тәуелсіздіктің балалық ауруы" кезінде бірталай солақай сілтемелерге жол берілді. Соның ішінде тілдік мүмкіндігіміз бола тұрып әлемдік және ортақ терминдерді қазақшалау мен орыстық атауларды бұрмалап жазу. А.Байтұрсыновтар жасаған тіз тәртібінде олар осыған тіпті мәжбүр еді. Олар қолданған арап жазуында мысалы "в" әрпі болмады. Оның орнына айтылуына қарай "б" мен "у" қолданылды. Мұндай қажеттіліктер "ч,ц,э" секілді дыбыстарды жазуда да кездесті. Қазіргі алфавитіміз үшін мұндай қажеттіліктер жоқ. Ендеше оны қасақана бұрмалап: "Мәскеу, зауыт, Шапай, шабадан"-деп айту қазақшалағанға жатпайды. Сол секілді бүкіләлемдік ғылыми және медициналық терминдерді де қазақшалау "әсіре ұлтшылдық" пен осы саладағы "шолақ белсенділік" қана. Одан ұлтымыз ұтпайды, сөзсіз ұтылады. Келесі бір бейшаралық, қоғамдық-экономикалық және мәдени-тұрмыстық даму талабына сай қолданыстан шығып қалған сөздерді жас ұрпақ санасына қайта әкеліп тықпаштау. Оны тарихшылар мен тіл мамандарына білу шарт. Тіпті "Қазақтың қолданыстан шығып қалған сөздерінің түсініктемесі" деген арнайы кітап шығарса да артық болмайды. Бірақ ұрпақ санасына зорлап тығып, оны білуді ұлтжандылық пен білгірлік санатына қосу ұрпақ санасын пайдаланудан қалып қойған ескі-құсқымен былықтыру болып табылады. Ол сондай-ақ, пайдасыз - уақыт ысырабы. Жас ұрпақтың мың жерден миына зорлап құйсаң да телефонды "сымсандық" деп айтқыза алмайсың. Болмаса есек арбаның тиек-миектерін жаттату мүмкін емес. Мына заманда оның оларға қажеті де жоқ. Бұл енді тілші-мамандардың жұмысы.
Біздің келесі кеселді мәселеміз - дін. Соның ішінде ұлттық санамызға сіңіскен Ислам. Соның дұрыс тұтынылмауы мен түсіндірілмеуінен көптеген қаракөздеріміз қайдағы бір адам атын естімеген тіпті Исламиятқа жат діндерге кіріп кетіп жатыр. Мен "оған не себеп"-деген сұрақпен көп бас қатырдым. Дін дегеніміз адамзат баласының рухани сұранысы. Қызыл коммунистердің кезінде дін болмады деген қате пікір еді. Олардың діні - Атеизм болды. Яғни Жаратушыны жоққа шығару. Кітабы - марксизм мен ленинизм. Біздің елде соның ішінде Лениннің кептірілген сүйегіне табыну, оны зиярат ету ресми тіркелген дәстүрге айналды. Тіпті коммунистік тақуалыққа дейін болды. Онсыз, сенімсіз ешқандай қоғам болмайды. Одан айырылған соң адамдар жаңа сену объектісін іздей бастады. Осы кезде дін Ислам бірқатар қиындықтарға тап келді. Біздің "коммунист" дін көсемдеріміз де, халқымыз да оған дайын емес болатын. Мысалы, солардың ішіндегі елдің бәріне белгілі жағдайлар - дін Ислам Жұма намазды парыз етеді. Жұма біздің қоғамда жұмыс күні. Намаз уақыты сағат 14.00 болса жұмыс уақыты. Оған қолы бос, жұмыссыз адамдардан басқалардың қатысу мүмкіндігі шектеулі. Келесі зат - бес уақыт намаз. Одан кейін киіну тәртібі. Бұл жағдай, Христиан дініне сай жасалған, сол себепті жұмыс үстіндегі мұсылман-азаматтар үшін тақуалықтың жолын қиятын тәртіптер. Олар мәжбүрлі түрде таңдауға түседі. Не жұмыс пен оқу, не дін. Ал, христиан діні үшін бұл тәртіп аса қолайлы. Мен "Иогово куәгерлеріне" айналған қазақтардан ең басты мәселе осы болғанын талай естідім. Біріншісі өздеріне қолайлы жағдай іздеу, екіншісі ашық шоқынудан жалтару, үшіншісі өздеріне рухани орта табу. Мен мұсылман баласы ретінде бұл ағымның қателігі мен адасушылығын көріп тұрсам да оларға жала жабуға хақым жоқ. Қазақ бауырларымыздың сұранысымен талай осы сектаға кіріп кеткен жастарды қайтаруға араластым. Сонда көргенім "мұнда ақша береді"-деген жалған сөз. Адам баласы кітап түссін, түспесін тек материалдық қана емес, рухани қажеттіліктері мен сұраныстарын да өтуге мәжбүр. Олар еш таппаса өздеріне ырым-жырымдарын да дін етіп алады. Міне, осындай сұраныс меңдеген адам өзі секілді ортаға зәру. Осы зәрулікпен мұсылман баласы алдымен мешіттерге барады. Ондағы молдалардың діни бизнесі сұраныстарын өтей алмайды. Содан соң, көше-көшелерді аралап, сенделіп жүрген "Иоговаларға" кездесіп, бір рет көре салуға барады. Осы қорадан қайтып шығу өте қиынға түседі. Мені пенде ретінде "осы қораға кірген кемтарлар мен кедей-кепшіктер қалай тез арада жағдайын түзеп алады"-деген сұрақ та мазалады. Оған себеп, оларда өзара көмек жүйесі жақсы жолға қойылған. Бірінің қолданудан шыққан, немесе басы артық затын, киімін екіншісінің тұтынуы қалыптасқан. Мен талай рет олардың діни дәрежелеріне қарамастан бірінің екіншісіне баласына кішкентай болып қалған киімдерін жуып, үтіктеп, иіс су сеуіп әкеліп беріп жатқандарын өз көзіммен көрдім. Екіншісі өздерін-өздері сәндік бұйымдар мен алтын-күмістерден тиюы. Үшіншісі ас-ауқатты аз болсын, көп болсын шүкіршілікпен қабылдап, оны ішер алдында дұға оқып, алдын ала қанағаттануы. Төртіншісі артық шығындарға той-томалақ, ас-рәсімдерге шектеу жасалуы. Оларда бір ғана мейрам бар. Тек сол мейрамда ғана ортақ стол жасалып, 100 грамм шарап, бір кеспе қара нан қойылады. Мен олардың басшыларымен сөйлескенде "біздің көп рәсім мұсылмандардан да алынған"-дегенді айтып отырды. Соның ішінде өлікті әспеттеуге жол берілмейді. Осындай жағдайда біз өз дінімізді сақтап, тұрақтандырып қала аламыз ба? Абайдың 38-қара сөзін оқып отырсаң, барша қазақ тақуа болып, "һу-һу" деп зікір айтып кетсе малды кім бағады, жұмысты кім атқарады деген секілді пікір айтылады. Қазіргі жаңашыл исламшылдар Матрудия ақидасы қате, ол Имам Ағзам мазхабына да қайшы келеді, бұл ақидамен тек сопылар ғана жүреді- деп Ту көтеріп жүр. Оған не себеп. Өйткені, Матрудия ақидасында иман бөлек, амал бөлек. Амал иманға жатпайды, Иман амалмен өлшенбейді. Ал, бұларда иман амалдың бір бөлігі, жасаған амалдарымен адамның иманы артады, немесе кемиді, тіпті жоғалып кетеді делінеді. Осыдан келіп, Жұма намазға бармаған, бес уақыт намаз оқымаған,ораза тұтпаған адам иманынан айырылып, оған кәпірлерге арналған өкім жүреді. Біздің ата-бабаларымыз болса өздеріне имам Матрудидың ақидасын басшылық етіп алған. Осы арқылы қазақтың діні қатайып, иманы сақталған. Мұндағы иман дегеніміз не? Ол - Аллаһ бір, Мұхаммед с.ғ.с. оның құлы әрі елшісі деп тілмен айтып(куәлік беріп), оған жүрекпен сену. Тілмен айтып, жүррекпен бекітудің де өз айырмашылықтары бар. Бұл туралы "Хужрат" сүресінде: "Бәдеуилер: "Иман келтірдік" деді. (Мұхаммед с.ғ.с.) оларға: "Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда "мұсылман болдық" деңдер Өйткені иман жүректеріңе кірмеді. Егер Аллаға, Пайғамбарға бағынсаңдар, ғамалдарыңнан ешнәрсе кемітпейді. Шүбасыз Алла аса жарылғаушы, тым мейірімді" де"(14-аят)-делінеді. Қазақ имам Матруди ақидасымен баласын сүндеттегенде тілін калимаға келтіріп, "Мұсылман болғаның құтты болсын"-деп көрімдіктер берген. Ол туралы "Пәленше баласын мұсылман қылыпты"-деп әлі күнге айтады. "Иман келтіртіпті"-демейді. Осы оқиғадан соң бірте-бірте иман баланың жүрегіне түсіріледі. Игі амалдарға баулынады. Баланың иманы бекіген сайын амалдары да арта береді. Алланың адам баласына жұктегені қазіргілер айтып жүргендей "бес парыз" амалмен бітпейді. Осы бес амалды атқару үшін де адамға күш-қуат, денсаулық, қаржы-қайрат керек. Сондықтан адамның ең бірінші Парызы алдымен өзін өзі асырауы, сосын ағайын туысқа қайырымынан басталады. Сондықтан қазақ атамыз 9 жастан бастап балаларын бес уақыт намазға жығып, ораза ұстатты деу қиынға соғады. Бұл амалдар қазақтың жасы келгеніне қарай амалда артып отырған. Қазақ мұсылман халық болғандықтан барша Шариғатты бала күнінен толық жаттап алды десек те артық болады. Тіпті өле-өлгенше оны толық түгілі жартылай да білмегені көп. Сол үшін олар өз ауылдарында қожа, молда, сопы, ишан ұстап отырған. Кез-келген амал-істе өз ойларының Шариғатын солардан анықтап, Ислам тәртібіне сай заңдастырып отырған. Жастары келіп, бала-шағасы өсіп, қолдары ұзарғанда Алла разылығы үшін амалдарын күшейткен. Бұл орайда сопылық тарихаттары өте қолайлы және тура жол еді. Біз қазақ ұлты қазіргі неоисламисттер айтқандай тәртіпке бара аламыз ба? Әлбетте бара алар едік. Ол үшін алдымен заңдарымызды осы тәртіп талабына сай толық қайта жасақтауға, құруға, бірден, революциялық жолмен таза Ислами мемлекет құруға тиіспіз. Бұл бүгінгі жағдайда, әрине мүмкін емес. Ондайда қазақ атамыз "Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте"-дейді. Сондықтан дін мәселесінде ата-бабаларымыз салып беріп, ғасырлар бойы халқымыздың рухани сұранысын қамтамасыз етіп келген Ислами жолымызға, ақидамызға(діни идеология) біржолата оралуға тиіс едік. Бізде бүгінде "дін - мемлекеттен ажыратылған"-деген жаңсақ түсінік бар. Рас, заң бойынша солай делінеді. Бірақ дін тұтынушы халық мемлекеттен ажыратылмаған. Демек ешқандай мемлекет діни мәселеден өзін-өзі алшақтатып, бөліп ала алмайды. Осыны түсінетін, ойланатын кез келді. Бір күнда мың, тіпті миллиондаған заң қабылдансын, бірақ халық оны қабыл етпесе, олар халықтың мүддесіне сай келмесе оның бірде-біреуі жұмыс істемейді. Қолданысқа сіңбейді. Мен мысалы туғаннан діншіл туылдым. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде менің оларға қызметім керек болды. Сондықтан мені "қып-қызыл діншілдігіме қарамай" өз партиясына қабылдап, қызмет берді. Бұл туралы Компартия устав далада қалды. Бұл сол заманда тек менің ғана басымдағы емес, ортақ оқиға еді. Мен коммунистердің аудандық комитетнің бірінші хатшысының бейсенбіні құрғатпай құдайы тамақ бергенін де, анасының жұма сайын жеті шелпек таратқанын да көзіммен көрдім. Оны тек біз секілді коммунистер ғана емес, бүкіл аудан білетін. Міне, заңның күштілігі мен әлсіздігі. Соның өзінде қазақ үшін бүгінгі неоисламистік бағытпен жүру біздің ұлтымызға да, оның болашағына да аса қауіпті және зиян болар еді. Егер біз мұсылман, мұсылман емес дегенді олардың түсінігімен қабылдайтын болсақ, ол да Абай атамыз сынаған "тәркі дүниеліктің" анайы түрлерінің бірі. Діни фанатизмнің тас құрсауы. Алла өзі айтқандай дінде астамшылыққа жол беруге болмайды. Бұл дүниеде біреудің иманы намазымен нұрланса, біреудің иманы жомарттығымен, біреудің иманы тақуалығымен т.т. нұрлануы мүмкін. Біз бұл орайда ел боламыз десек дінімізді де түзеп алуға тиіспіз. Мен дін адамы емеспін. Сондықтан бұл да арамыздан шыққан ізгі мұсылмандардың еншісіндегі іс болар...
Ұлттың үшінші тірегі - ділі, яғни тарихи тәжірибе, тірек, күш-қуат алатын терең тамыры. Бұл біздің бүгінгі күні ең сорымыз қайнап жатқан сала. Қазақта "ит жоқта доңыз үреді"-деген мақал бар. Бұл орайда бізде тарихшыны(шежірешіні) табу мүмкін емес. Егер біз балаларымызды "Түп тұқияннан өзіме шейін" сияқты далбасамен улайтын болсақ ұлтымыздың толық құлдырап, біткені. 1. Бізге "басы алтын, к... күміс болса да" басқалардың жазып берген(Қытай, Орыс, Европа, Арап саяхатшы-барлаушылары мен пайымдаушылары) тарихымен жүруге, онымен ұрпағымызды одан ары улауға болмайды. 2. Санасы рулық танымнан ажырамаған, түйсігі шектеулі, мешеу ойлы тарихшысымақтарымыздың рулық былжырағымен бір қазақты мыңға бөлушілердің сандырағы одан да қатты зиян. 3. Дінсіз тарих - жансыз тарих. Өйткені, ата-бабаларымыздың кез-келген әрекеті мен амалдарының тегінде олардың таным-түсініктері мен рухани мүдделері жатыр. Егер өз заманында көшпелі тайпалардың Шыңғысхан секілді тұлғаға сұраныстары мен мүддесі болмасын, ол да көп батырдың бірі болып қалар еді. Оның тууына сол замандағы 40 сан дінге бөлінген, бірін-бірі жалмап жеп таусылуға айналған, қайда барса да тепіреш көрген көшпелі Түркі тайпаларының ортақ мүддесі себеп болды. Чол мүдде Шыңғысханды Шыңғысхан болуға мәжбүр етті. Қанша кеменгер болса да "бір адам майданда әскер емес". Егер ол ерен батыр болса, "батыр - бір оқтық". Шыңғысхан әскерінің кемі 90 пайызын мұсылман Түркі тайпаларының өкілдері құрады. Осынша мұсылман егер Шыңғысхан жетінші анасы көлденеңнен туған тексізден тараса, әрі пұтқа табынушы болса соңынан ермес те еді. Мен аталған жазбалардан осыған дән тапқандай болдым. Бұл бір атаның сол атадан туған ұрпақтарының өтінішімен жасалған дүние. Біз оның негізін алуға ұмтылып отырмыз. Бізге қазір Қазақ ұлтының шығу тарихын негіздеп, осы тарихқа тұтқа болған тұлғаларымыздың тамырын бүгінгі ұрпаққа мирас, үлгі, өнеге ету болып отыр. Осында "Алашорда" деген бетті ашып, түгелге оқып шықтым. Етек-етек мақалалардың барлығы бір зар. Бәрінің де айтары соларды Сталин атқызып тастаған. Одан ары ашып көрсетуге батылдық жоқ. Біз, бәріміз білеміз, осылардың бәрі Ұлы Тұлға десек те, пайым-парасаттары "өңшең қиқым" болды. Құлдық психологияның құрбандары. Нәтижесінде "анау ананы, мынау мынаны" көрсетіп берді. Халқымыз "біреуге ор қазба, өзің түсесің"-деген. Рысқұлов пен Сейфуллин өздері қалай ор қазса, оларға да сондай ор қазылды. Бір-бірінен "қызғанғаны қызыл итке жем болды". Бізге осыны да ашып көрсететін кез келді. Біз мұны бүгінгі және болашақ ұрпаққа сабақ алу үшін жасауға тиіспіз, міндеттіміз. Бүгін де қарап отырсаң бір қазақ арапшыл, қытайшыл, орысшыл, америкашыл болып сан-саққа бөлінуде. Содан табары не? Тарих соны көрсету, өткен қателіктерден сабақ алу үшін керек. Мен осыны көксеймін.


