Мәмбет Қойгелдиев. Иосиф Сталин және Қазақстан | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет


Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл күзетшісі.
Ар мен ұят сенбесе – өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі

Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
Астананың бір минуттық шығыны - 600 мың теңгені құрайды
Айтқыш екен
Обал болды көзге де, құлаққа да,--
Сеніп елге бермейсің сыр ақтара.
Қарайтының күдіз-түн бір-ақ канал,
Көретінің бір кісі, бір-ақ қала.

А. Мұқабай, асаба

Загрузка

Мәмбет Қойгелдиев. Иосиф Сталин және Қазақстан

Жәрдемші


Жаңа ғана саяси билікке келген большевиктер Үкіметінің құрамында Ұлт істері бойынша комиссариаттың белгіленіп, оның басшылығына грузин И. В. Джугашвили-Сталиннің тағайындалуы олардың алып империядағы ұлтаралық қатынасты игеріп, бір ізге салуға ұмтылысының көрінісі болатын. В.И. Ленин енді ғана үкімет құрамындағы Комиссарлық қызметін бастаған И. Сталинді ауыстыра алатын басқа адам жоқ деп білді. Сөйтіп Кеңестер Үкіметінің ұлт саясатының мазмұны мен бағыт- бағдарын, жұмыс механизмін анықтау көзінде Ұлт істері бойынша комиссар И. Сталин тұрды. Кейінірек бұл комиссариат оның ұсынысы бойынша жойылғанымен, И. Сталин өмірінің соңына дейін бұл саясатты бағыттауды өз қолынан шығарған емес.

Басқаша айтқанда, кеңес үкіметінің ұлт ісіндегі саясатының  архитекторы, яғни теориялық негіздері мен практикалық мазмұнын анықтаушы И. Сталин болды деп айтуға негіз жеткілікті.

Большевиктер партиясы билікке империядағы  ұлт - азаттық қозғалыстың өрлеу шағында келді. Ал қазақ қоғамындағы бұл қозғалыстың негізінде жер үшін күрес, яғни орыс шаруаларын қоныстандыру арқылы қазақтарды құнарлы жерлерден ығыстыруды тоқтату және ұлтқа өзін-өзі басқару мүмкіндігін беру сияқты іргелі талап-тілектер жатты. Анығырақ айтқанда, мұндағы азаттық қозғалыс таптық мазмұн емес, ұлттық сипат алды.

Билікке келген большевиктер партиясының ұлт мәселесінде нанымды бағдарламалық ұстанымы болған емес. Партия көсемі В.И. Ленин билік үшін күрес барысында Ресейді «халықтар абақтысына» теңеп, отарлық тәуелділіктегі аз ұлттардың өздерін-өздері билеу құқын мойындайтындықтарын ашық мәлімдеді. Өмірлік тәжірибенің көрсетіп бергеніндей, бұл - саяси билікті алғанға дейін айтылған уәде еді, ал билікті алғаннан соң ұлттардың өздерін- өздері билеу құқы оның тек еңбекші бұқара бөлігіне ғана тиесілі «құқық» болып шықты.

Сонымен бірге большевиктік басшылықтың империя құрамындағы ұлттардың өз мемлекеттігін құра алу құқына қатынасы да біркелкі болған жоқ. Мәселен, ол октябрь революциясы жеңген бетте Польша пен Финляндияның мемлекеттік тәуелсіздігін бірден мойындады. 1922 жылы Кеңестік Республикалар Одағы құрылғанда Украина, Белоруссия және Кавказ сырты республикаларына федеративтік негізде одақ құрамына ену құқы берілсе, мұндай құқық татар, башқұрт, Орта Азия халықтарына берілмеді. Олар автономиялық құрылымдар түрінде Ресей Федерациясының құрамына енуге тиіс болды.

И. Сталин тікелей В.И. Лениннің қолдауымен, міне, осы саяси курсты теориялық тұрғыдан негіздеуші және оны практикалық жағынан өмірлік шындыққа айналдыру ісін тікелей жүргізуші тұлға міндетін өз мойнына алды.

Кеңес үкіметінің Ұлт істері бойынша комиссары қызметіндегі И. Сталиннің Қазақ қоғамына қатысты істермен жақынырақ таныса бастауы 1918 жылдың наурыз айынан басталады. Осы жылдың наурыз айының ортасында Алашорда үкіметінің тапсырмасымен Кеңес үкіметі басшыларына  2-ші жалпықазақ (1917, желтоқсанда) съезінің шешімдерін жеткізу үшін Оралдан Мәскеуге Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер келеді. Азамат соғысының босағасында тұрған Кеңес Үкіметіне қазақ автономияшыларымен ымыраға келу аса маңызды еді. В.И. Лениннің тапсыруы бойынша И. Сталин 19 наурыз күні Семеймен* телеграф арқылы хабарласып, Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары Халел Ғаббасовпен келіссөз жүргізеді. Кеңес Үкіметі атынан сөйлеген И. Сталин 2-ші жалпықазақ съезі қабылдаған шешім мен «Ресей халықтарының құқығы туралы декларацияның» (1917 ж.  3 қарашада қабылданған) өзара үндес екендігін мәлімдеп, осы жағдай Кеңес өкіметіне Алашорданы мойындауға негіз болатындығын білдіріп, өз ретінде Алашорданың Кеңес өкіметін мойындауын талап етеді.

Алашорда Кеңесі Сталиннің ұсынысын талқылап, 1918 жылы 21 наурызда «Совет өкіметін Ресейдегі барлық автономиялы халықтардың кіндік өкіметі» ретінде мойындайтындығын білдіріп, өз ретінде «жалпықазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш автономиясын» жариялайтындығын мәлімдейді (1).

Міне осы берген жауабында Алашорда Кеңесі Алаш автономиясы құрамына енетін облыстар мен уездерді атайды. Қазақ  мемлекетінің территориялық ауқымын анықтау ісінде бұл құжаттың маңызы зор еді. Сондай- ақ жауап мәтінінде Алашорда өкіметі тек қазақ ұлтының ғана емес, барлық қазақстандықтардың өкіметі болатындығы, соған байланысты оның құрамына «қазақтан басқа халықтардан көбінен көп, азынан аз он кісі» сайланып кіретіндігі, ал Алаш автономиясында заң шығаратын һәм ел билейтін үкімет Алашорда» болатындығы, құрылтай жиналысы шақырылып, биліктің сипаты анықталғанға дейін, советтер  Алашордаға «жәрдемші» есебінде міндет атқаратындығы айтылады (2).

 

*Семей - Алашорда үкіметі орналасқан қала

 

Кеңес өкіметі Алашорданың бұл аталған және басқа саяси ұстанымдарына байланысты ұсыныстарына алғашында түсінгендік танытқанымен, ал іс жүзінде оларды қабыл алды ма? Әрине, қабыл алған жоқ. Өйткені Алашорда ұсыныстарын қабыл алу шын мәнінде қазақ елінің ұлттық мемлекеттілігін құру құқын мойындаумен бірдей еді.

Осы жылдың 28 наурызы күні Мәскеуден Семейдегі Қазақ комитетіне И. Сталин мен мұсылмандар ісі бойынша комиссар М. Вахитов қол қойған жеделхат келіп жетеді. Хатта Мәскеудегі Ұлт істері Халық Комиссариаты жанынан қазақ бөлімі ашылатындығы, міне осы бөлімде қызмет атқаруға өкілдер жіберу ісі алғашында Алашорда үкіметіне жүктелгендігін 29 наурыз күні Семейге Х. Ғаббасов атына жолдаған жеделхатында Х. және Ж. Досмұхамбетовтар да растайды (3).

Тарихи деректер Кеңес өкіметінің Алашорда үкіметімен ара қатынасының араға 5-6 күн салып-ақ түбегейлі өзгеріске ұшырағандығын айғақтайды. Мұндай бетбұрыстың себебін түсінуге болады. В. Ленин мен И. Сталин басқарған билікке қазақ еліндегі басшылықты «буржуазиялық- ұлтшылдарға» беруге болмайтын еді. Ұлт істері бойынша комиссар И. Сталиннің ендігі уақытта ықыласы қазақ ұлт-азаттық қозғалысының шынайы еркін білдіруші Алашорда өкіметіне емес, азаттық қозғалыстан мүлдем алыс, тіптен оның басшыларымен дүрдараз Ә. Жангелдин, К.Тоғысов, М. Тұнғачин сияқты кісілерге ауды.

И. Сталин 1918 жылы 7 сәуірде Кеңес өкіметінің Торғай облысындағы комиссары Ә. Жангелдинге жолдаған жеделхатында орталық биліктің бұл ұстанымын былайша негіздеді: «Буржуазиялық-ұлтшылдық ұстанымындағы топтар автономияны өз бұқарасын қанау құралына айналдыру үшін талап етіп отыр. Сондықтан да олар орталық кеңестік билікті мойындаумен бір мезгілде жергілікті советтерді мойындағылары жоқ және ішкі істеріне араласуға қарсы» (4).

Орталық билікке Қазақстанды басқару ісіне кімдердің керек екендігін жақсы түсіне   қойған Ә. Жангелдин алаштық топқа қарсы күресте өзіне одақтас бола алады деген үмітпен бұрынғы Торғай облыстық губернаторы жанындағы татар және қазақ басылымдары бойынша цензор қызметін атқарған Мұхамедияр Тұнғачинді Мәскеудегі қазақ бөлімінің меңгерушісі қызметіне ұсынған еді. Бұл ұсынысты қабыл алған И. Сталин 1918 ж. 11 мамырдағы бұйрығымен М. Тұнғачинді Ұлт істері бойынша Халық Комиссариаты жанындағы Қазақ бөліміне меңгеруші етіп тағайындады (5).  Бұл арада коммунист И. Сталин М. Тұнғачиннің (сұлтандар әулетінен) шыққан тегі мен патшалық тұсында атқарған шенеуніктік қызметіне соншалықты көңіл аударған да жоқ еді.

И. Сталиннің қазақ азаттық қозғалысына қарсы ұстанымын тағы да бір мынадай фактіге байланысты айтып  өткен артық емес. Қазақ арасында өзінің күмәнді әрекеттерімен аты шыққан Көлбай Тоғысов 1918 жылы 21 сәуірде В. Ленин мен И. Сталин атына жеделхат жолдап, онда «Совет үкіметінің платформасында тұрған және онымен қол ұстасып келе жатқан» «Үш жүз» деген социалистік бағыттағы партия құрғандығын, оның «кадет Бөкейханов басқаратын буржуазиялық «Алаш» партиясына қарсы» екендігін білдіреді» (6).

И. Сталин тез арада Ә. Жанкелдинді телефонға шақырып: «Менімен Көлбай Тоғысов сөйлесті, ол «Үш жүз» газетінің редакторы, сонымен бірге алашордашылар партиясына қарсы «Үш жүз» партиясын құрушы. Осы партия бізге жақынырақ деп ойлаймын. Онымен байланысып, бұл өзі қандай партия және Тоғысовтың кім екенін білген жөн. Егер бұл партия шынымен де Алашордаға қарсы әрекет жасап, бізге жақындығын танытып отырса, онда оны өзімізге тарту керек» деген ұсыныс жасайды (7).

Ал шын мәнінде қазақ қоғамы мойындаған «Үш жүз» партиясы туралы айту қиын еді. 1917 жылдың соңында болып өткен Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сайлау барысында «Үш жүз» атынан түскен кандидаттар Алаш партиясы атынан ұсынылғандардан анағұрлым аз дауыс жинап, ойсырай жеңілген болатын.

Қорыта айтқанда, кеңестік орталық билік, оның ұлт істері бойынша комиссары 1918 жылдан бастап-ақ «буржуазиялық-ұлтшылдармен»  күрес ұранын жамылғы етіп, шын мәнінде қазақ ұлт-азаттық қозғалысын басып-жаншу жолына түсті. Ал бұл жолда олар кіммен болса да тіл табысуға даярлықтарын байқатты.

В.И.Ленин мен Сталин өкіметінің бұл жүргізіп отырған курсының әділетсіздігін тура түсініп, оған қарсылығын ашық білдірген жеке тұлғалар орыс демократиясының арасында да бар-тын. Сондай тұлғалардың бірі Тимофей Иванович Седельников (1876-1930) болды. Шыққан тегі - Орынбор казағы, мамандығы - жер өлшеуші Т.И.Седельников 1905 жылы «Борьба за землю в Киргизской степи и колонизационная политика правительства» аталатын еңбек жазған. Онда өкіметтің қоныстандыру саясатын ымырасыз сынға алып, сол үшін «сенімсіз» ретінде танылған. Соған қарамастан Мемлекеттік думаға депутат болып сайланып, Думада сібірлік депутаттардың қолдауымен қазақ жерін қарқынды отарлауға байланысты жергілікті халықтың жер тапшылығына ұшырап отырғандығын баяндап, 53 депутаттың қолы қойылған мәлімдемені Дума төрағасына тапсырады (8).

Т.Седельников орыс отаршыларына ұнай қоймайтын бұл ымырасыз мінезін кеңестік билік тұсында да байқатады. 1920 жылы Қазақстандағы жоғарғы билік - Қазақ әскери-революциялық комитетінің мүшесі бола жүріп ол орыс «бонапартизміне»* ымырасыздық танытып, нақты іс-әрекеттерімен көзге түседі. Түрлі басқосулар мен ресми жиындарда сөз алған ол жергілікті халықты «ұлы орыс шовинизмі мен империализміне» төзбеуге, оларға қарсы соққы беруге шақырады.

Мұнымен шектелмей Т.И.Седельников 1920 жылы сәуірде В.И.Ленинге «Қазақ Республикасы және қазақ кедейі жөнінде» аталатын атақты хатын жолдайды. Хатында ол «бұрын әрбір орыс губернаторының немесе крестьян начальнигінің жергілікті халықтың атынан өкіметтің ұстанымы шеңберінен шықпайтын» арыз-тілектер жолдайтын «өз башқұрттары» мен «өз қырғыздары» болушы еді. Осы «үйреншікті құбылыс» сәл өзгерістермен енді біздің де жергілікті партиялық және советтік мекемелерімізде жаңғыра бастады. Ал «сенімсіздер» бұрын да қудаланатын, қазір де қудалануда. Егер сен интернационалист болсаң - онда орысша ойлап, орысша жазуға міндеттісің, ал партияда жоқ ұлтшылдармен достық құруға ешқандай да құқың жоқ (9).

Міне осы Т.Седельников В.И.Ленинді Қазақстандағы билікке халыққа және атқарылып жатқан іске жаны ашымайтын «алаяқтарды» тартпай, «халықты тонамайтын интеллигенттерге жол ашуға» шақырды (10). Өзі А.Байтұрсыновпен бірігіп Қазәскерревкомының қызметіндегі Қазақ ісіне қатысты кемшіліктермен ымырасыз күрес жүргізді.

Т.Седельниковтың мұндай ұлыорыстық шовинизмге қарсы әрекетін Қазақ өлкелік РКП(б) бюросының президиумы өз отырысында арнайы талқыға салып, мынадай баға береді:

1.«Өзінің барлық сөйлеген сөздерінде Седельников таза қазақ ұлтшылдығы тұрғысынан коммунистерге қарсы демократтық үгіт жүргізуде».

2. Партия өкілдері мен жергілікті партия ұйымдарына ұлыорыстық шовинизм мен империалистік ұстанымда тұрсыңдар деген айып тағып, қазақтарды орыстарға қарсы қойып, сол арқылы ұлттық сезімді қоздырып, тіптен кейбір коммунистер «қазақ өшу жолында тұрған ұлт» деп айтты-мыс деген сөз таратуда.

*Т.Седельников орыс «бонапартизмі» деп кеше ғана азамат соғысында революция жеңісін қорғап, енді бейбіт құрылыста өзінің кәсіби даярлығын танытудың орнына «революционер» атағын жамылып, қазақ қоғамын ықтыруға тырысқан кеудемсоқтардың ұстанымын атаған.

 

 

3. Міне осы үгітті жүргізу ісінде ол қазақ ұлтшылдарына және Алашорда өкілдеріне сүйенеді, олармен тұрақты түрде кеңестер өткізеді... Қазіргі уақытта осы мазмұндағы фактілер біраз жиналған және оның Алашордалық ұлтшыл-қазақ тобының жетекшісі ретінде коммунистік ұйымдарға қатынасы біржола анықталып отыр (11).

Қазақ өлкелік партия ұйымының бюросы Т.Седельниковтың бұл қазақшыл ұстанымын айыптап, мынадай мазмұндағы қаулы қабылдайды:

1.     Т.Седельниковтың үстінен партиялық бақылау орнату қажет деп табылсын.

2.     Орынбор губкомы мен өлкелік партия комитеті бюросы президиумының бірлескен мәжілісі шақырылып, онда Седельниковтен түсінік беру талап етілсін...

3.     Седельниковке губком бюросының және ұйымдастыру бюросы президиумының рұқсатынсыз өз бетінше партия және жалпы саяси жиналыстарда сөйлеуге тиым салынсын» (12).

Т.Седельниковтың Қазәскерревком құрамындағы қызметін біржақты қазақ ұлтшылдығы тұрғысынан қарауға негіз жоқ-тын. Мәселен, ол 1920 жылы 26 сәуір күні «жалпы қазақ съезін шақыру туралы» мәселе қараған Қазревком отырысында ревком мүшесі Бақытжан Қаратаевқа байланысты сот ісін қозғап, оны тұтқынға алып, соттап және жер аударуды» талап етеді (13).  Б.Қаратаевтың Қазревком құрамында қалу-қалмауы шешілгенге дейін бұл билік орнының жұмысына қатынаса алмайтындығын мәлімдейді.

Т.Седельниковтың бұл ұсынысын А.Байтұрсынов қолдайды. Осы мәселеге байланысты РКП(б) Қазақ өлкелік ұйымдастыру бюросы өз қаулысында Б.Қаратаев ісі туралы төтеннен мәселе көтергені үшін Т.Седельниковқа қатаң ескерту жасап, оны қолдағаны үшін А.Байтұрсыновты да тәртіпке шақырады (14).

1920 жылы 26 сәуір кешіндегі Б.Қаратаевқа байланысты Қазревком отырысындағы жанжал кеңестік биліктің қазақ қоғамына байланысты өзара қайшы екіжақты ұстанымының бетпе-бет келуінің көрінісі еді. Оның бір жағында орталықтың «сенімді» өкілдері А.Авдеев, Н.Кулаков, сондай-ақ жеке бас мүддесі үшін ревком құрамындағы коммунистермен ымыраға келуге әзір Б.Қаратаев тұрса, екінші жағында жалпы қазақ ұстанымын соңына дейін қорғап, сол үшін де ревкомның құрамынан кетуге әзір Т.Седельников пен А.Байтұрсынов тұрды.

Осы арада көңіл аударуға лайық мынадай нәрсе бар: басында И.Сталин тұрған орталық билік Қазревкомдағы А.Байтұрсынов пен оның патшалық кезеңнен бергі қарсыласы Б.Қаратаев арасындағы егесте соңғысы жағын қолдады.

Қазәскерревкомның 1920 жылы 4 мамырдағы (№24 хаттама) шешімімен Т.Седельников бұл билік орнының құрамындағы қызметінен босатылды (15). Қазәскерревкомының бұл шешімін Мәскеудегі Халком Кеңесі бекітті (16). Сонымен бірге, Т.Седельниковтің Қазревкомның мүшесі Б.Қаратаевты «пара алғандығы және қызметін асыра пайдаланғандығы үшін» жауапқа тарту туралы ұсынысы кешігіңкіреп болса да орындалған еді. Осы жылғы 28 шілдеде Жымпиты ревкомының шешімімен Б.Қаратаев тұтқынға алынды (17).

Сонымен, азамат соғысы жағдайында қазақ ұлт-азаттық қозғалысымен ымыраға баруға мәжбүр болған  Кеңес үкіметі Қазәскерревкомының құрамына А.Байтұрсыновты төрағаның орынбасары ретінде енгізе отырып, сонымен бірге оған мүшелікке кезінде ұлт-азаттық қозғалысқа қарсы ұстанымымен танылған М.Тунғачин және Б.Қаратаев сияқты кісілерді енгізуі, әрине, кездейсоқ нәрсе емес-тін. Мұндай шешімнің арғы жағында қазақ ұлт-азаттық қозғалысын біртіндеп әлсіретіп, ең ақыры, біржола сөндіру мұраты жатты.

Сонымен бірге, осы мезгілде-ақ ұлттық мүддеге қарсы түрлі ағым және күштердің өзара мақсатты жұмыс істеу әдіс-айласы да қалыптаса бастаған еді. Мәселен Б.Қаратаев Т.Седельниковтің жалпы қазақ съезін шақыруға байланысты ережесін «ұлтшылдық сипатта жазылған, советтік биліктің ұстанымына қайшы келетін» құжат ретінде бағаласа (18), өз кезегінде Қазәскерревкомының мүшелері А.Авдеев пен Н.Кулаков Мәскеудегі С.Пестковскийге жолдаған хаттарында Т.Седельников пен А.Байтұрсыновқа қарсы әрекеттегі Б.Қаратаевқа «сенімді» коммунист ретінде мінездеме берді (19).

Кеңестік биліктің ұстанымын ымырасыз сынға алған А.Байтұрсыновтың хаты да Т.Седельниковтің В.И.Ленинге жолдаған хатымен бір мезгілде жазылған, сондай-ақ, мазмұн жағынан онымен үндес еді.* А.Байтұрсынов хатында Қазақстанға байланысты орталық биліктің принциптік мәні бар екі кемшілігін көрсетті: 1) Қазақстанды басқару үшін жіберілген орталықтың өкілдігінің белгілі бір көзқарасы, соған сәйкес жұмыс жоспары жоқ, мұндай жағдай қазақ шындығына қатысты ұстаным мен жоспардың орталықтың өзінде болмауына байланысты; 2) орталықтың жіберген өкілдігі мен жергілікті халықтың арасында өзара сенім жоқ.

*Т.И.Седельников хатын «1920 жылғы 23 сәуір, Орынбор қаласы» деп белгілесе, А.Байтұрсынов өз хатын «Мәскеу қаласы, 1920 жылы 17 мамыр» деп белгілеген.

 

Осы жағдайды баяндай келіп, ол қазақтарды бұрынғы патшалық билік тұсындағыдай орталық тағайындаған генерал-губернаторлар арқылы емес, өз елінің мүддесін жеке басының қамына айырбастамайтын, ел сеніміндегі шынайы коммунистер мен ұлт зиялылары арқылы басқаруды ұсынды (20). Т.Седельниковтің айтылған сын ескертпелері сияқты, А.Байтұрсыновтың да бұл ұсыныстары ескерусіз қалды.

Мәскеулік Орталық алғашқы жылдардан бастап-ақ Қазақстанды ерекше назарда ұстады. Оған себепші болған - қазақ жерінің аса зор экономикалық потенциалы еді. КСРО-ның экономикалық мүмкіндігі өскен сайын одақтағы Ресей Федерациясы, Украина республикалары сияқты Қазақстанның да үлес салмағы арта түсті. Соған байланысты Орталық Қазақстандағы саяси биліктің ұшын жергілікті халықтың өкіліне емес, өзі тағайындаған наместниктері арқылы қолында ұстады. Ал кеңестік кезеңде саяси билік Республикадағы коммунистік ұйымның бірінші хатшысына тиесілі болды.

Кеңестік жетпіс жылдан астам мезгілде Қазақстандағы саяси биліктің басында қазақ ұлтының өкілдері (М.Мырзағалиев, Ж.Шаяхметов, Д.Қонаев, Н.Назарбаев) 34 жыл шамасында отырған. Қазақстанды осы уақытта басқарған жиырма басшының төртеуі ғана қазақ халқының өкілдері болды.

Міне осы кеңестік кезеңде Қазақстанды басқарған төрт қазақ басшыларының біреуінің ғана, яғни Жұмабай Шаяхметовтың басшылық қызметі И. Сталин билігіне тұс келеді екен. Бұл арада, әрине, Ж.Шаяхметовтың біраз уақыт (1928-1938) ОГПУ-НКВД жүйесінде белсенді қызмет атқарғандығы есепке алынғандығы ақиқат. Ондай болмаған күнде И.Сталин Ж.Шаяхметовты Қазақстандағы ең жоғарғы саяси басшылыққа жібермеген болар еді.

Жалпы И.Сталин  билігі тұсында қазақ саяси басқарушы тобы арасында республикадағы ең жоғарғы саяси билік басында болуға лайық қайраткерлер аз болған жоқ, олар сандық тұрғыдан да, сапалық тұрғыдан да жеткілікті деңгейде еді. Қазақ ұлтының ұлттық жаңғыру кезеңін басынан кешіргендігі оның бүтіндей бір саяси қайраткерлер шоғырын тарих сахнасына шығарғандығынан анық байқалды.

Империя көлемінде қазақ интеллектуалдары кеңестік кезеңге дейін-ақ поляк, татар, грузин сияқты ұлттардың зиялылары қатарында жүрді, ұлттың күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселелерін теориялық тұрғыдан қорытып, Мемлекеттік дума сияқты саяси билік мінберінен қоя білді. Жоғарғы саясатта жүрген И.Сталиннің қазақ зиялыларының мұндай саяси белсенді қызметінен хабарсыз болуы әрине мүмкін емес-тін. Осы ретте оның алаштық ұстанымдағы Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Досмұхамедовтермен түрлі себептерге байланысты жүздескендігін, кеңестік ұстанымдағы Т. Рысқұлов, С. Қожанов, С.Сейфуллин, Н.Нұрмақов, С.Асфендияров  Ж.Мыңбаев сияқты қайраткерлерді қызмет бабында қабылдап, түрлі мәселелерге байланысты пікір алысып тұрғандығын ескерген жөн. Яғни, И. Сталин Октябрь революциясы жеңісі қарсаңындағы империядағы жалпытүркілік және жалпымұсылмандық қозғалыстар арнасындағы қазақ азаттық қозғалысының қарым-қабілетінен жақсы хабардар болғандықтан да пассионарлық ұстанымдағы қазақ басшыларын тежеп ұстауды, сондай-ақ олардың арасындағы ерекше ықпалдыларын тіптен  Қазақстандағы саяси басшылыққа жібермеуге баса назар аударды деп тұжырым жасауға негіз жеткілікті.

Татар тарихшысы Б. Сұлтанбеков 1923 жылы тікелей Сталиннің тапсырмасы бойынша басталып кеткен «Сұлтанғалиевтың ісіне» байланысты «ең жоғарғы билік бұл істі ұлттық республикалардың, ең алдымен  мұсылмандардың, жетекші тұлғаларын ''ықтырып'',  ''жуасытып'' алу үшін пайдалану жөнінде шешім қабылдағанға  ұқсайды» (21) деген тұжырым жасады, онысы шындыққа жақын. Өйткені М.Сұлтанғалиев «ісін» қарауға арнайы шақырылған РКП ОК-нің ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерінің төртінші кеңесіне (Мәскеу, 1923, 9-12 маусым) одақтағы барлық ұлттық республикалар мен облыстардан 58 адам (олардың 24-і Орталық Комитеттің мүшелері мен оған кандидаттар), сондай-ақ РКП(б) ОК Саяси бюросының мүшелері мен оған кандидат 11 адамның (сырқат Лениннен және Совнарком  төрағасы Рыковтан басқа) 9-ы түгел қатынасады (22).

Кеңесте Сұлтанғалиев ісі бойынша баяндама жасаған Қуйбышевтың көрсетуіне қарағанда, Сұлтанғалиевке  таңылған айып оның басмашылар қозғалысына қосылып кеткен Заки Валидовпен байланыс орнатуға бағытталған әрекеті еді (23).

Кеңесте Сұлтанғалиев ісін талқылау барысында келтірілген материалдар ГПУ-дың Х. Петерс басқаратын Шығыс бөлімінің барлық мұсылман республикалары басшылары үстінен (оның ішінде ОК мүшелері, үкімет басшылары да бар) құпия чекистік бақылау орнатылғанын анық байқатқан еді. И. Сталиннің тікелей тапсырмасы бойынша жүргізілген бұл операция «2-ші парламент» аталынды (24). Құпия «тыңшылар» арқылы алынып, ең жоғарғы басшылыққа беріліп отырған бұл мәлеметтердің ішінде бақылаудағы қайраткерлердің жеке адами  қатынастары, басқа жағдайда айтылмайтын сөздері, интимдік фактілер де молынан табылатын еді. Баяндамашыдан соң бірінші болып сөз алған Т.Рысқұлов кезінде М.Сұлтанғалиевтен бір емес, екі бірдей хат алғанын жасырған жоқ, айтты. Ол хаттарда соншалықты көңіл аударарлық та ештеме жоқ екендігін баяндады (25). Сонымен бірге ол саясатшылдыққа салынбады, шығыс республикаларында қалыптасқан нақты жағдайдан жалтарып, З.Валидов пен М.Сұлтанғалиевті айыптауға көшкен жоқ, қайта, ол өзіне тән турашылдықпен, бұл екі кайраткердің көңіл-күйіне негіз боларлық өмірлік себептердің бар екендігіне назар аударды: «Елдің шығыс бөлігіндегі жағдайға келсек, біз қоғамның шаруалар бөлігін өзімізге біржола қарата алған жоқпыз, өйткені оған жер бермедік. Теміржолда істейтін шығыстық бұқара халық орыс жұмысшыларымен тең жағдайда емес...

Жетісу облысындағы қырғыз кедейлері жерсіз күйде қалып, олардың үстінен 125 десятина жері бар және 15 батрақ жұмсап отырған орыс кулагының жұдырығы төніп тұрғанда, ол қырғызға интернационализм деген жақсы нәрсе, сондықтан да совет өкіметіне жақын болған жөн деп қанша айтсаң да, ол бәрі бір совет билігін әлгі кулактың билігі ретінде қабылдайды» (26).

Қазақстан сияқты республикада ұлтаралық қатынастың шиеленісуіне негіз болып отырған шынайы жағдайға көңіл аударуды талап еткен Т.Рысқұловтың бұл пікіріне И.Сталин бастаған орталықтағы басшылық құлақ аспады. Керісінше И.Сталин Т.Рысқұловтың «жіберілген қателіктері үшін» кешірім сұрайтындығына сенімді болды. И.Сталин жауап сөзінде: «Мен Рысқұловты тыңдадым, соған байланысты мынаны айтуым қажет. Оның сөзі жүректен шыққан сөз емес, шындықтан жалтарудың көрінісі, жалпы оның сөзі ауыр әсер қалдырады... Сөз сұлтанғалиевшылдықпен идеялық, идеологиялық байланыс жөнінде болып отыр. Ал Рысқұловтың Сұлтанғалиевпен ондай байланысы болды, бұл анық, оны Рысқұловтың өзі де жоққа шығара алмайды», - деді (27).

И.Сталиннің түсінігінше, Түркістан республикасында Т.Рысқұлов сияқты ұлтшылдық ұстанымында тұрған қайраткерлер қатарында С.Қожанов пен А.Икрамов та бар еді. Сондықтан да сөзінде олардың атына арнап: «...бұлардың екеуі де бүгінгі Түркістан мен патшалық Түркістанның арасында ешқандай да айырмашылық жоқ, тек маңдайшадағы жазу ғана өзгерген, ал Түркістан сол патша тұсында қандай болса, қазір де сол күйінде деген пікірде.

Ал егер Түркістан шынымен де патшалық тұсындағыдай отарлық тәуелділікте қалса, онда басмашылардыкі тура. Олай болса Сұлтанғалиевті біз соттамауымыз керек, керісінше, совет жағдайында отарлық тәртіпке ымырашылдық танытқанымыз үшін ол бізді соттауы керек. Егер осының бәрі де рас болса, онда сіздердің өздеріңіздің басмашыларға неге қосылып кетпегендіктеріңізді түсіне алмадым?», - деген ойын айтты (28).

Бұл 1923 жыл болатын.  Енді ғана орнаған саяси тәртіп жағдайында өз елінің мүддесін қорғай алмайтындығын дәл түсінген Зәки Валиди Тоған ендігі уақытта Әнуар Пашамен (29) бірігіп әрекет жасау үшін басмашылар қозғалысына кетті. Кеңестік орталықтың  ұстанымына наразы М.Сұлтанғалиев өз көңіл күйін ашық білдіргені үшін ГПУ-дің Лубянкадағы абақтысына түсті (30).

М. Сұлтанғалиевтің абақтыға жабылуы, кейін зерттеушілер бір ауыздан мойындағанындай, кеңестік саяси элитаға қарсы жүргізілген репрессиялық шаралардың басы еді. М. Сұлтангалиевпен жеңіл «есеп айырысқан» И.Сталин өз «күшін» сезіне бастады. Сұлтанғалиевті көпе-көрінеу «құрбандыққа» бере салғандықтарын Троцкий, Каменев және олардың сыбайластары кешігіп түсінді. Ендігі кезек кеңестік шындыққа қатысты ашық сыни ұстанымдағы Тұрар Рысқұлов сияқты қайраткерлердікі еді.

Сонымен, жоғарыда баяндалған фактілер кеңестік биліктің бастапқы кезеңде қазақ ұлт-азаттық қозғалысын ашықтан-ашық басып тастау ұстанымында болғандығынан жеткілікті дәрежеде түсінік береді. Биліктің осы ұстанымы кейінгі кезеңдерде өз жалғасын тапты. Бұл тақырып зерттеу жұмысының ендігі бөлігінде баяндалады.

 

 

 

Әдебиет:

1.    Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. А., 2008, 460-461 б.б.
2.    Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Жауапты редакторы М.Қ.Қойгелдиев. А., 2004, 1т. 472-482 б.б.
3.    «Сарыарқа» газеті, 1918, №35
4.     Голощекин Ф.И. Десять лет пройденных и предстоящие задачи. Алма-Ата, 1930, с.8.
5.    Зиманов С., Даулетова С., Исмагулов М. Казахский революционный комитет. А., 1981, с. 28.
6.     Қараңыз: 1917 год. В Казахстане. А., 1977, с.201.
7.    Әліби Жанкелдин. Документтер мен материалдар. А., 1975, 47-48 б.б.
8.    Қойгелдиев М. Аталған еңбек, 117-150 б.б.
9.    Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар, 3 т., 1-кітап, 40 б.
10.    Сонда, 45 б.
11.    Сонда, 45-47 б.б.
12.    Сонда 46 б.
13.    Протоколы революционного комитета по управлению казахским краем (1919-1920 г.г.). Сборник документов. А., 1993, 96-98 б.б.
14.    Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар, 3 т., 1-кітап, 46-47 б.б.
15.    Протолы революционного комитета ..., С.104
16.    Сонда, 106 б.
17.    Сонда, 118-119 б.б.
18.    Сонда, 99 б.
19.    Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар, 3 т., 1-кітап, 48 б.
20.    Қазақстан  Республикасының  Президентінің  Мұрағаты., 811 қ., 20 т., 568 іс, 46-48 п.п.; История Казахстана. Хрестоматия, Сост.: И.Козыбаев, М.Козыбаев, А., 1994, С.103-107; Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар, 3 т., 1-кітап, 59-64 б.б.
21.    Тайны национальной политики ЦК РКП. «четвертое совещание ЦК РКП с ответственными работниками национальных республик и областей в г.Москве 9-12 июня 1923 г.». Стенографический отчет. М., 1992, С.6-8
22.    Сонда, С.8
23.    Сонда С.5
24.    Сонда, С.6
25.    Сонда, 23-26 б.б.
26.    Сонда, 26 б.
27.    Сталин И. Сочинения. Т.5., С.304-305
28.    Сонда, С.306-307
29.    Әнуар Паша – Исмаил Әнуар (1881-1922), 1921-1922 жылдары өз еркімен келіп, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қатынасып, жетекші роль атқарған Түркияның мемлекет қайраткері.
30.    М.Сұлтанғалиев алғаш рет 1923 жылы 2 мамырда ОГПУ абақтысына жабылды.

 


 




Керемет дүние екен! Рахмет Мәке!



Кеңестік кезеңдегі қудалау қазір де жоқ емес.

www.malimetter.org



II Дүние жүзілік соғысқа қатысқан ата-апаларымыздан кешірім сұраймын. Дегенмен, күні кеше ғана тойланып өткен 65 жылдық кешегі қаншама ұлтқа кесірін тигізген КСРО-н еске түсірді. Құдай бетін аулақ қылсын, әрине! Айтпағым, біз, яғни, әр қазақ өз ұлттығымызды сақтап өалу үшін ХХ-ғасыр басындағы зияля ағаларымыз қалай күрессе, бізде ХХІ ғасыр басында солай күресу керекпіз. Қазақ зиялылары тек ХХ ғасырдың басында ғана емес, бүгінде репрессияға ұшырап жатыр. Әрине сылтаулары көп парақор деді, өзін-өзі атып өлтірді деді, біреу өлтірді деді тағысын тағы.. Брақ, бұл күдікті істің ар жағында Аюдың қолы тұрғаныны қүмәнсіз.



Айыптау

Жұлдызды нұрын жолыма төсеп мынау шақ,
Іңірге ендім ізіңе сенің сұрау сап.
Кірпіктерімде қалғыған тыныштығымды
Үркіткен едің даңғыра қағып, ұран сап!..

Көзіңде сенің қызғылт тамырлы қастандық
Өрмек тор құрып…
Еріксіз қылыш жастандық,
Сүрініп кетіп айшықты тудың түбінде,
Бір аунап қайта тұрғанша тұлпар Бостандық!

Жұмыртқаларын шайқаған құзғын тірліктің
Шегір көз жендет!..
Шеңгелін создың құлдықтың,
Қараңғы түнді қанаттарымен сабалап,
Шырылдап ұшса балапандары Шындықтың!

Найзағай тектес бір сезім сондай керемет
Кеудемде менің тартқанмен көкпар,
(Не керек!),
Ала байрақты, ай маңдай бағын алаштың
Азапқа салдың айқышқа керіп шегелеп!

Шыңғыртып байлап
Мағжанның жырын шынжырға,
Қызара бөртіп жүрдің-ау қызыл қырғында!
Шәкәрімді іздер үмітті көздің сәулесін
Жоғалтып тындың көкірегіңдегі құрдымға!

Тәркі ету үшін Рысқұловтардың тілегін
Рысқұлбековпен түрмеде бірге түнедің…
Көлеңкелерге көзіңнің зері сүрініп,
Қара түнекпен бетіңді жуған құл едің!!!

Даламды мынау жылан тіс сымдар бұғаулап,
Дегелең жатты қайғыңнан сенің бір аунап.
Ахаңнан қалған жаудыр көз жетім арманды…
Жұбаттым сонда
Тәуелсіздікке жыр арнап.

Жауыздықтары жанданып озбыр қоғамның,
Жұлқынған шақта жатырын керіп заманның,
Жалаңаяқты Жариялықтың ізі бар
Алаңды мынау
Қанымен жудың адамның!!!

Теңселтсе мені дауылдан бетер екпінің,
Есеңгіретіп кетті ғой темір тепкінің.
Сол күнді аңсап атойлап шықтың алдымнан,
«Сталиндік тәртіп жасасын!
Ура-а-а!!!» – деп бүгін.

Төбеңнен бірақ, ойнатып тентек жасынды,
Бұрқанды Заман!
Бұғарсың енді басыңды.
Барады Елім асуға беттеп ақ заңғар
Жетегіне алып жиырмасыншы ғасырды.

Жүре бер енді түтетіп тірлік түтінін,
Болғанмен өктем өзіңе деген пікірім,
Қазақтың сөзін қаныңа былғап қайтейін,
Уақыттың өзі оқысын саған үкімін.

1992 жыл.

Ар алдында

Алдыңда тұрмын,
Кінәлап қайтем өзгені?
Ақ жүрек Арым,
Ашынған жаның төзбеді,
Жаралы Жердің,
Қаралы Жердің қайғысын
Батпандап алып, тартқанда Тарих безбені.

Жүрдім бе өткен күндерім үшін арланбай,
Келдім бе, әлде болашағыма қамданбай?
Азынап өткен азалы Заманалардың
Азабын тарттым,
Жаһанда жалғыз қалғандай!

Бозқасқа шалып боз таңда,
Оймен не түрлі
Бозарып тұрдым батысқа бұрып бетімді.
Оқ атып Машук түбінде мұңмен мұнартқан,
Қараойда қанжар сермеген өзім секілді.

Көкөзек қайта толғандай дүрмек, дүбірге,
Қособа көзден жоғалды сүңгіп іңірге.
Бұғау мен кісен қоңырау соғып алдымнан,
Жолымды менің бастады қайта Сібірге.

Сұп-суық, сұр бұлт төсінен тамшы тамбастан,
Сұрланып тұрды шерменде болған шерлі аспан.
Көгермес, білем, көз жасын жұтып КарЛагтың
Сарғылтым Дала сан тұяқ қанды мөр басқан!

Тұр, әне, Тайга мұңыма кірпік қақпаған,
Колыма жатыр қайғыдан теріс ақпаған.
Омырауынан сүт саулап өткен АЛЖИР* мен
Бухенвальт үшін
Алдыңда қалай ақталам?!

Отқа да түстім,
Өртенген шақта өзегім
Суға да түстім.
Қайтемін енді?
Төземін!
Хиросимада лаулаған Тарих бетінің
Жарығыменен…
Жаһанды қайта кеземін!

Оспадар қоғам осқылап қанды сауырын,
Арқырап зулап келеді тарпаң Дәуірім.
Азамат болсаң,
Адамзат үшін жауап бер!..
Ар-ұжданыңның алдында
Сен де, бауырым.

1990 жыл.

Арман Қани,
Павлодар қаласы.

*Акмолинский лагерь жен изменников Родины
деген сөйлемнен қысқартылған сөз.



По, Ғани аға! Көз жасымды сорғалаттыңыз ғой.

Жарқын



пн, 05/31/2010 - 16:29 өте орынды пікір !!! ойлану керек қазақ ұлтшылдары заңды сыилаи отырып өз тұлғаларын өз елін жерін қорғау топтар қажет оған шулатып айғайлатып заң керек емес адал ниет болса болғаны!!!



қазақтың жауы қазақ!қазақты сатқан қазақ!сатқын қазақтар алі жүр арамызда!олар орайы келсе алі сатады!қазақстанда сталинның елесі,жане сол заманның үрейімен қоса сатқындығы да кезіп жүр!кешегі сатқындарға баға берілмей,тарих алдында қара бет қылмай ,бүгінгі сатқындар сатқындықтан ешқашан бас тартпайды!сата береді...
керей баласы!



Большевизм және Қазақтар болуы керек еді тақырып. Сталин большевизм идеясын іске асырушы ғана. Сталин болмай орнында Троцкий болсын, Бухарин болсын, кез келген еврей отырғанда қазақты оңдыратын ба еді? Әлі де оңбай жүргеніміз осы *Бейәдеп сөз жазбаңыз!*, қазаққа қасірет әкелген идеологиядан құтыла алмай жүргеніміз ғой. Осы идеологиямен уланып қалғандардың елді басқарып отырғанында. Шіркін, ҰЛТТЫ ойлайтын азаматтар қашан билікке келер екен...

Нағашыбай Есмырзаев



Елдин басына зобалан кашанда арамыздан шыккан жагымпаздар мен саткындардын кесиринен туган.Жау кашанда ишимизде.Солардан сак болайык агайын!



Тарихты халық жазады дейміз, әзірше олай емес.Тарихты "көсемдер" жазып, жаздырып келеді.Дей отырып айтарым: Компартияны,Сталинді тек жамандау әділеттілік емес.ТМД көлеміндегі президент, т. б. комсомолдың, компартияның, Кеңес өкіметінің өсіріп жеткізгендері.Мысалы, Кеңес өкіметі болмаса, қазақтың Абайы, Жамбылы,Қанышы,Мұхтар,Күләші... өз ауылынан, өз болысынан арыға таныла алар ма еді? Абайды кезінде исі қазақ білген жоқ қой? Өкіметтің қателіктері аз болмады, бірақ жақсылығын неге ашып айтпасқа? Сталинге осылайша баға беруіміз керек. Кешегі "халық жауы" ауқаны



иә, "халық жауы" науқаны Лениннен басталған,Тройкий "бізден басқа партияның мүшелері түрмеде отыруы керек" деген, казактардың қырғынын ұйымдастырған, Тухачевский,Буденныймен бірге.Сталин Лениннің ісін жалғастырушы болды,Ленинде қателік болған жоқ деп білді.Ал Сталинмен ондаған жыл бірге жүрген екінші, үшінші қатардағы коммунистер оның қарапайым, кішіпейіл,қызметшілеріне қамқоршы болғанын, оның тұсында әуелде Кремль қабырғасының сыртында "Сталинге хат" деген ашық пошта жәшігі болғанын, ондағы хаттар тікелей өзіне жеткізілетінін, сол бойынша істегі қателік
дегендерді түзетіп отырғанын айтты да жазды.Біз соларды оқымаймыз.Теңдессіз суайт Н.Хрущевтің
естеліктеріне, Волкогонов,Резун (Суворов),т.б. зәлімдердің кітаптарына құмармыз.А.Коллонтай мен И.Сталиннің 1938-жылғы сұхбатын қайсыларыңыз оқыдыңыздар? Интернетте бар, осылай аталады.
Кешегі соғыста, Г.К.Жуков мойындағандай,гитлершілдерді жеңу Сталиннің арқасы ғой? "Он своей
жесткостью добился невозможного" деді."Жестокостью" емес, "жесткостью" деді.Егер гитлершілдер
жеңсе,кім, не болар едік? Ұлтымыздың зиялыларын 1927-жылдан 1938-жылға дейінгі аралықта қыру үшін Кремльде тізім жасалды ма? Өзіміз емес пе, бірімізді біріміз айдатып, қызметін,үйін тартып
алып лаң салған және өзі де сол лаңның құрбаны болған? Ол туралы әлі 10 пайызын да айтпай келеміз, "ұят! масқара!" дейміз. Бәрін Сталинге жабамыз.Әсірешовиистер Мәскеуде "Народ против Сталина" деп қозғалыс ашып, Ресейдің тарихына кәк етуге кірісті.Біз де сөйтеміз.Бұл сөздерім
мені сталиншіл етіп көрсетуі мүмкін.Жоқ! Мен оны бірыңғай мақтаудан да, бірыңғай *Бейәдеп сөз жазбаңыз!*таудан да
аулақпын! Мен тарихтың хрущевшылардың қолымен жазылуына қарсымын! Әділдік керек! Жауыңа да әділ
болуды өсиет еткен мұсылманның ұрпағымын!Сталиндік репрессияда әкемнің екі ағасы атылды.Біреуі
жылқышы, біреуі колхоз ұстасы екен.Екеуінің де айыбы көрінгенге жұдырық, қамшы жұмсап есіріп кеткен колхоз бастығын сабағандары."Коммуниске қол жұмсаған жаулар" болып құртылды.Ондайлар жүз мыңдап болғаны сөзсіз. Өзіміз көрмеген жәйтті біреудің айта салуымен құптау,ақты фактіге
жүгінбей сөйлеу - кінә да күнә. Бұл пікірлерімді Қойгелді мырза оқыр ма екен, оқыса, мақаласында жауап берер ме екен? Мынау мақаласының жалғасы болады деп ойлаймын. Бекболат Ұланқайыров.



Ленин,Сталин екеуіненде ұрпақ жоқ себебі олардың руқы қарғысқа малынып жүр!



Бекболат Ұланқайыров.егер сталин жане онык комунистеры сондай режим жасамаса,бир бирымызге айдап салмаса,тырнақ астынан кір іздетіп,комунистерге қарсы болу ол өлімге ұмтылу!деп санамызды уламаса,ағайындық,тустықты ,сан ғасырдан бергы билік дастөрымызден айырмаса,өз еңбегімен ғасырда бергі ата еңбегімен байыған байларымызды жау деп кудалап қырмаса,қара сыирақ надан кедей қазақты бір сөзбен айтқанда рухсыз білімсіз тексіз тобырларды төбемізге шығармаса онда сеның жылқышы атаңмен ұста атаң атылмас еді!маселе сонда!сенше сталин жауыз болу үшін москеуден келып өз қолымен жылқышы атанмен ұста атаңды ату керекпе? саған Қойгелды ағамыз не деп жауап береды!тарихта арқандай саяси терорға сол кездегы режимды жасаған адам жауап береды!сен "сталин немісті жеңбегенде қайтер едік?"дейсің!оған басың қатпасын!орыстың отары болғаннан немістің отары болған баяғыда артық еді!сен сол кездегі "неміс басып алса айтеді,бүйтед"!"деп комунистердың қорқытқан сөзіне сеніп жүрсің!неміс басып алса ұлттық мемлекет құратын едік осы күні!астымызда өзіміз жасаған "мерседес" болаты еді!орыс бізге қатынымзғада трактор Москович жүргізгеннен басқа түкте үйретпеді!үйрететін кшнарсесі де жоқ еді!өздері де топас еді!бізді де топас қылды!міне сен сол алі сол заманмен ойлайсың!!!ал "Абайды алемге танытқан совет болатын "дегенің надандық!Абайды өз заманнын зиялылыры сол кезде ,тірі кезінде танып ,бағаланып болған!семейде отырып ақ жалпақ қазаққа жария болған!Жамбыл "Абай ақын емес,пайғампар ғой!"деп айтқан абай тірі кезінде!совет болмаса тарих тоқтап қалама?біз қатып қаламызба?Алаш орда үкіметі құрылар еді!рухымыз жалындап жаңа қазақ мемлекетінде отырған болар едік осы күні!сендей" жас сталиншылар "болмас еді!

Серік Мұратхан



13. Серік Мұхтархан ағамды қолдаймын. Дұрыс айттыңыз!

EREKE

Пікір қосу

  • Беттер мен электронды поштаның мекенжайлары автоматты түрде сілтемелерге айналдырылады.
  • Allowed HTML tags: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жолдар мен параграфтар автоматты түрде тасымалданады.

Форматтау жайлы толығырақ

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.
5 + 0 =
Математикалық есепті шешіңіз.
 

Мұрағат

Ақпан 2012
ДсСсСрБсЖмСбЖс
-1012345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728291234

Айлық статистика

<<  >>