Қажымұқан Ғабдолла. ҚАЗАҚ ПАССИОНАРЛЫҒЫН ТЕК ОСЫЛАЙ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕМІЗ | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет


Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл күзетшісі.
Ар мен ұят сенбесе – өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі

Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
Астананың бір минуттық шығыны - 600 мың теңгені құрайды
Айтқыш екен
Обал болды көзге де, құлаққа да,--
Сеніп елге бермейсің сыр ақтара.
Қарайтының күдіз-түн бір-ақ канал,
Көретінің бір кісі, бір-ақ қала.

А. Мұқабай, асаба

Загрузка

Қажымұқан Ғабдолла. ҚАЗАҚ ПАССИОНАРЛЫҒЫН ТЕК ОСЫЛАЙ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕМІЗ

Жәрдемші


Қазақ ұлты қауіпті жағдайда. Ұлттық дағдарыс қазақтың тәуелсіздік  және ұлттық өрлеу жолына түсуіне мүмкіндік туған шақта туындап отыр.  Бұл жағдайға қазақ ұлтының мыңдаған жылдар бойы жинақтаған пассионарлық қуатының жарқырап күшіне енетін кезеңінде тап болып отырмыз. Яғни бұл дағдарыс қоғам дамуының объективті заңдарына сай емес, субъективтік тосқауылдардың кесірінен орнап отыр.

Қазақ қоғамындағы дағдарыстың белгілері ретінде қазақтардың ана тілін білетіндер мен білмейтіндерге бөлінуі; қазақтың үштен бірінде ұлттық мақтаныш сезімі мүлдем жойылғандықтан, олар ұлтының алдында өздерін жауапты сезінуден қалды; биліктің барлық бұтақтарын ұрлық пен жемқорлық жайлады, қазақтың мемлекеттік және ұлттық мүдделеріне сатқындық жасалды (тіпті, «Қазақ СС Республикасы» дейтін мемлекеттің атауын да еш негізсіз, халықпен келіспей - «Қазақстан Республикасы» деген географиялық әрі орашолақ атқа тәуелсіздік алғаннан кейін өзгертіп жіберді); қазақ ұлтының ғана емес, күллі әлемдік өркениет пен мәдениеттің дамуын талай жылдарға тежеп, орасан-зор рухани әрі психолгиялық нұқсан келтірген орыс отаршылдығының жағымсыз жарқыншақтары әлі күнге дейін қазақтардың басым бөлігінің өз балаларын отаршылдардың тілінде оқытып-тәрбиелеуде мәжбүр етуде. Яғни, орыс империясы заманынан басталған қазақтың ұлттық ерекшеліктерін жою жұмыстары күні бүгінге дейін жалғасын табуда.

Аю терісін жамылған екіжүзді Ресей өздерінің басқа ұлттарға жасаған зорлық-зомбылықтары үшін Германия елі сияқты кешірім сұрауды қаперіне де алмады. Ол-ол ма, бүгінгі таңдағы Ресей, қазақ мемлекетінің сатқындыққа белшесінен батқан билігі мен «бесінші бағананың» көмегі арқылы бұрынғы отаршылдық саясатының шоғын қайта үрлеуде. Қазақ елі үшін жаңа қауіптің сұлбасы көрінді. Мұның өзі отаршыл Ресейдің қазақ ұлтын ұлт-азаттық революция жасамай уысынан босатпайтындығын айқын айғақтайды. Отаршылдардың арманы - қазақ мемлекетін шикізат өндіруші ғана ел күйінде қалдырып, қазақ ұлтын толық орыстандыру болып отыр.

Сөйтіп, қазаққа қазірдің өзінде қайтадан отар елге айналу қаупі төніп келеді. Қай-қай билік те қазақтардың Ресейге де, басқаға да өз еркімен ешқашан қосылмайтын қайсарлығын естен шығарып отыр. Ешбір экономикалық немесе қаржылай бірігулер мен ынтымақтасулар - қазақтың ең нәзік, ең қастерлі ұлттық тәуелсіздік мүдделеріне қайшы келмеуге тиіс.

Билік өкілдері өздерінің жымқырып-тыққан капиталдарын қорғау мақсатымен қазақ ұлты мен мемлекетінің мүдделерін сататын болса, мұның ақыры орны толмас өкініштер мен қасіретті қайғыларға әкеліп соғуы мүмкін.

Мұндай пиғылдардың алғашқы белгілері де бой көрсетуде. Айталық, билік пен байлық өкілдері өз балаларын тек шетелдерде оқытып, өзге де бас көтерген ақылды жастарды шетелдегі оқумен қызықтыруға көшті. Басты мақсат - қазақтардың ұлттық мақтаныш сезімдеріне су бүркіп, мүлдем сөндіріп тастау.

Сондықтан, жастарды шетелдерде жаппай оқыту үрдісіне шектеу қою керек. «Тек шетелдерде оқыған жастар ақылды да білімді» деген түсініктің тамырына балта шабылып, осындай ұстанымға ұрынғандарды заң жүзінде жазалау қажет. Өйткені, өркениетті аталған шетел жастарының білім-білігінің қазақ жастарынан анағұрлым кемшін екендігін өмір дәлелдеді. Керісінше, нашақорлық, маскүнемдік, қылмыстың басқа да ауыр түрлері бойынша шетел жастары алдарына жан салмайды.

Жалпы, балаларын шетелде оқытып жатқан биліктегілер мен байлықтағылардың тізімі жасалып, тұрақты мониторинг-талдау жүргізілуі керек. Ең алдымен, оқуға төленген қыруар қаржылардың шығу көздері анықталғаны жөн. Билік пен байлық өкілдері өз балаларын неге бірыңғай шетелде оқытады? Яғни, олар өздерін асырап отырған елдің білім жүйесіне сенімсіздік танытуда. Мемлекеті мен ұлтын мансұқ еткен мұндай бишігіштер қызметтерінен шұғыл босатылуға тиіс.

Саяси-ұлттық мәселе қазақ елінде тұйыққа тірелді. Ұлт-азаттық дүмпу тұтанып кетпей тұрғанда, барлық қазақтар: қазақ тілін білетіндер де, білмейтіндер де; өзге де ұлыстардың ішіндегі салауатты азаматтар өздерінің ұлттық және діни ерекшеліктеріне қарамай, қазақ ұлтының өзінің ұлттығы мен мемлекеттігін сақтап қалуына аянбай көмектесуі керек. Конституциялық, демократиялық жолдармен жүргізілетін саяси күресте елімізде тұратын барлық ұлттық диаспоралардың құқықтары әлемдік адам құқықтары ұстанымдарына сәйкес және ұмытылып бара жатқан дәстүрлі қазақ демократиясына сай сақталатын болады.

Қазақтардың дала демократиясының сындарлы салты бойынша қазақ руларынан құралған «Билер алқасының» өкілдері ел парламантінде тиісті орындарын алуы керек. Басқаша айтсақ, еліміздің қазіргі қос палаталы парламентінің бірі, яғни, сенат - қазақтың барлық руларын қамтитын өкілдерден жасақталуы керек. (мұнда құрамы 100 мың адамнан кем болмайтын басқа да диаспора өкілдері енуі мүмкін). Ал, мәжіліс бүкілхалықтық дауыс беру арқылы сайланады. Ру құрылтайларының делегаттары бастауыш, аудандық, қалалық және облыстық ұйымдардың жиналыстарында интернет мүмкіндіктерін бірмезгілде пайдалана отырып сайлануы мүмкін. Бұл жағдайда халық өз депутатына ұсыныстар айтып, оның орындалуын талап ете алады. Керек десеңіз, көңілден шықпаған өкілді кері шақыртып, қайта сайлау өткізуге құқылы.

Қазақ руларының саясат субъектісіне айналуына қарсы уәж айтатындарға өзіміздің төмендегідей дәлелдерімізді көлденең тартқымыз келеді. Біріншіден, тарихтан белгілі болғанындай, көшпенділер (номадтар) рулық жүйені бүкіл халықты басқаруға пайдаланды.

Әрбір рудың қоғам алдында және жекелеген мүшесі алдында  ұжымдық, материалдық жауапкершіліктері болды, ал, әрбір рудың баласы өз руы алдында да соншалықты жауапкер саналды. Бәлкім, осындай ашық та әділ ұстаным қазақ даласында абақтылардың болмауына және қазақ үйінің есігіне құлып салынбауына себепкер болған шығар?! Ал, «Тура биде - туған жоқ» қағидасы қазақ азаматтарын тек өз руының ғана өкілі емес, тұтас қазақ ұлтының азаматы ретінде тәрбиеледі.

Бүгінде жағдай  біршама өзгергенімен, қазақтардың көбінде өз руы мен туыстарының алдындағы жауапкершіліктің белгілері, яки, рулық патриотизм сақталынып қалған. Егер қазақтың рулық патриотизм сияқты қуатты ерекшелігін бүгінгі қоғамның арсыздық пен қылмыстық қадеттеріне қарсы қолдана алсақ, мұның өзі мейлінше ұтымды болар еді.

Екіншіден, кезкелген қазақ өзін туған руынсыз елестете алмайды. Тамырсыз тал болмайды. Сондықтан, соңғы 90 жылдың шамасында жүргізілген «қазақтың рушылдығымен күрес» ешқандай нәтиже бермеді. Келесі 100 жыл тағы да осы бағыттағы күреске айналса да, ешкім қазақтың рулық патриотизмінің тамырына балта шаба алмайды. «Жеті атасын білмеген - жетесіздіктің белгісі» дейтін қазақтың болмысымен күреспей, оның болашағы үшін күресу керек. Сайып келгенде, қазақ ұлтын өзіне ғана тән  ерекше болмысымен қабылдайтын кез жетті.

Әрине, рулар билігін жаңғырту - қазақ ұлтын мәдени және өркени дамудан тежемейді. Сондықтан, біз қазақ қоғамындағы «бөліп ал да - билей бер және өзің байи түс» деген принциппен еліміздегі саяси жағдайды тығырыққа тіреген, «псевдодемократия» деп атағың келіп тұратын, демократиялық даму деген сылтаумен, ұлттық және тілдік белгілеріне қарай халықтың бөлшектеніп тасталынғанын мойындауымыз керек. Сол жағдайды мойындай тұра халқымыздың шынайы бірігуінің стратегиялық сара жолы ұлттық диаспоралардың руларға айналуы немесе бұрынғы рулардың құрамдас бөлігіне айналып, қазақ болып танылуы.

Үшіншіден, рулық ерекшелік - қазақтың ажырауына емес, қашанда бірігуіне қызмет етіп келеді. Қазақта: «Жігіттің үш жұрты: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты болады» дейді. Сонда осы жұрттың қай-қайсысы да жақын әрі жанашыр, деген сөз. Тағы бірде ұлтымыз: «Жігіттің жақсы болмағы - нағашыдан» дейді. Осыдан кейін анаңның бауырларын қалай бөтенсисің?!. Мұндай айқын айырмашылық - бөлінуге емес, бірігіп-туыс болуға үндеп тұр емес пе?!.

Аталарымыз: «Жеті атасын білген жігіт - жеті жұрттың қамын жер» деп тұжырымдайды. Яғни, жеті атасын санамалайтын азамат соның барлығының абыройын ойлап, қасиетін қорғайды. Енді «құда -мың жылдық» болса, жұрағат та жат емес. Сайып келгенде, мұқым қазақ туысқан болып шығады. Сондықтан бабаларымыз өздерін: «Қарға тамырлы қазақпыз» деп таныған.

 

Қазақ жерінде тұратын өзге ұлыстарға қайтпек керек?

Олар өз қалауынша аты-жөндерін өзгертпей, өз еріктерімен қазақ руларының біріне кіріге алады немесе қазақ ұлтының жаңа бір руын құра алады. Тек осындай кірігу мен бірігу ғана өзге ұлыстардың қазақ елінің толыққанды тамыры болып қалыптасуына жол ашады. Атап айтсақ, бұл қазақ үшін жаңалық емес. Ұлтымыздың ұзақ тарихында бізге кірігіп, сіңісіп кеткен ұлыстар жетерлік. Айрықша мәселе - мұндай кірігу әрбір ұлыстың жеке құқы мен еркінің таңдауы, оған ешкім қол сұқпауы керек.

Келесі бір маңызды тұспал - қазақ елінің әрбір азаматының діни сенімі көздің қарашығындай сақталуы тиіс. Бұл жағдай қазақ руларына жаңадан кіріккен ұлыс өкілдеріне де тікелей қатысты. Осынау аталған қағидаттар қатаң сақталғанда ғана, қазақ руларына өзге ұлыстардың кірігу үрдісі басталып, қазақ топырағында бос сөз бен құжат жүзіндегі емес, нағыз шынайы ұлттық бірлік пен ынтымақтастық орнап, қоғамның күллі келеңсіздіктерін нақты жеңуге қол жеткіземіз.

Қазақтардың ұлттық бірігуіне оның қадым замандардан бері үш жүзге бөлінуі де кедергі келтіруі мүмкін. Рас, ХҮ-ХҮІ ғасырларда қазақтың жүздерге жарылуы - қазақ хандықтарын аймақтарда тиімді басқарудың құралы болып, ұлттық бітімгершіліктің сақталуына белгілі бір дәрежеде ықпал етті. Ал, ХІХ-ХХ ғасырларда аймақтық басқарудың облыстық жүйесі  мен биліктің саяси құрылымы өзгергендіктен, қазақтардың жүзге бөлінуі қажетсіз болып қалды. Бірақ, халықтың санасында жүзге бөліну ерекшелігі күні бүгінге дейін мықты сақталынып отыр. ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда біздің ақылман ата-бабаларымыз рулардың арасында алауыздық болмауды көздеп, қазақтың шежіресін сол заманға сай өзгертіп жазған болатын. Ол шежіре бойынша ҚАЗАҚ деген бабамыздың Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деген үш ұлы болған. Олардан Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз қазақтары тараған. Бұл пайымдама шындықтың ауылынан алшақ болса да, қазақ этносының талай тар жол, тайғақ кешулерден аман өтуіне жағдай туғызды. Бірақ,  бүгінгі заманда жүзге бөліну - қазақ ұлтының бірігуіне қарсы дұшпандарымыздың жойқын қаруына айналды.

Ол-ол ма, қайсыбір билік құрылымдарындағы пысықай-пасықтар жүзге бөліну үрдісін қылмыстық-мофиоздық топтар құруға тиімді пайдалануға машықтанып алды. Қазіргі Ұлы жүздің бәзбір өкілдерінің, Керей мен Жәнібек сұлтандардың басшылығымен Қазақ хандығын құрған батыстың азаматтары Ортағасырдағы Моголстандағы рулардың басын біріктіріп, Ұлы (алғашқы) жүз ретінде топтастырғанын білмегендіктен, интернеттік сайттарда: «Орта жүз бен Кіші жүздің орыны биліктің босағасында. Ал, біз ұлы болғандықтан, күллі қазақтың билігі біздің қолымызды болуы керек» деп, көлгірсіп-көкуі - дұшпандық тұспал ғана емес, қазақ ұлтын іштей ыдыратып, ірітіп-шірітудің бастамасы.

Біздіңше, ұлтымыздың мұндай ұрдажық, ұятсыз дұшпандарын анықтаудың еш қиындығы жоқ. Білім-білігі кемшін немесе қолы мен ары ластанған биліктегі біреулер өзін қорғап қалу ниетімен өз ЖҮЗінің артына тығылып, аман қалу үшін әлгіндей жүзге бөлінушіліктің шоғын үрлеуі мүмкін. Сондықтан, әрбір ру өз ішінен шыққан «шұбар жыланды» немесе «шірік жұмыртқаны» қандай жоғары лауазымда отырмасын, өз беттерінше жазғырып, олардың етене жақындары арқылы жөнге сала алады. Мұндай шаралар бағзы замандардағы дәстүріміз бойынша басқа рулардың талап етуімен де жүзеге асырылып отырған.

Кім біледі, қазақтың осынау әділетті салт-санасы қазір әлемнің күллі өркениетті елдері ауыздықтай алмай отырған жемқорлыққа тұсау салуы да кәдік. Неге десеңіз, өз руынан жемқордың шыққаны қандай қазақ үшін де абырой емес.

Көптеген өркениетті елдерде рулар жойылып кеткен, ал, көшпенділердің рулық демократиясының қағидаларынан олар бейхабар. Қазақтарда дала демократиясы мен ұжымдық психология (жапондықтар осы жолмен әлемдік өркениеттің серкелігіне жетті) принциптерін сақтап қалу мүмкіндігі әлі де бар. Бұл - қазір қазақ ұлты үшін ғана емес, өз тағдырын Қазақ Республикасымен байланыстырған басқа да ұлыс өкілдерінің пайдаланып қалуға тиіс мүмкіндігі.

Бұл тек қана сақталып қалудың мүмкіндігі ғана емес, қазақ елінің көпғасырлық пассионарлы дамуының мүмкіндігі. Себебі, этникалық әралуандылықтың генетикалық және мәдени ерекшеліктердің ұлттық бірыңғай арнада тоғысуы - еліміздің табиғи байлығы мен халқымыздың интеллектуальдық мүмкіндіктерімен қоса қазіргі дүниенің ешбір ұлтында кездеспейтін кумулятифтік (жиынтық) нәтиже беруге тиіс.

Жержүзіндегі Ресей мен АҚШ секілді елдер өздерінің пассионарлық гүлденуінің шыңына жетіп, бүгінде «қартаю» кезеңіне аяқ басты. Қытай әлемдік ғылым мен технологияның жетістіктерін тиімді пайдаланып, экономикалық саясатын үлгілі жүргізуінің арқасында кезекті пассионарлық күш-қуатының сатысына көтерілді. Дәп осы қолайлы сәтте, Қытайдың пассионарлық күш-қуатының саябырсыған мезетінде, Үндістаннан бұрын  Қазақ елі пассиионарлық өркендеудің шыңына шарықтауы керек. Сол себепті, еліміз біз жоғарыда атап өткен шиеленісті ішкі мәселелердің шешімін тез арада табуға тиіс.

Осындай тарихи мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақ Республикасының Конституциясына айтарлықтай өзгерістер енгізуге қол жеткізуіміз керек. Соның ішінде:

-  мемлекетті құрушы ұлттың орыс тіліндегі «казак» деген дұрыс атауын қайтару;

-  «Қазақ Республикасы» деген мемлекеттің дұрыс атауын қайтару;

-  мемлекетті құрушы қазақ ұлтының рулық құрылымдары туралы заң әзірленіп, қабылдануы керек. Қазақ руларының саяси мәртебесін қайтару; Ал, ұлттық диаспораларға бір ұлыс - бір ру болу тәртібімен қазақ руы немесе қазақ руының бөлімі мәртебесін алу мүмкіндігін қамтамасыз ету және осыдан туындайтын қазақ ұлтына жататын құқықтық негіз жасау;

-  Конституциямыздағы «Орыс тілінің мәртебесі туралы» бапты алып тастау;

-  қазақ тілін - білім мен ғылымның басым тілі етіп қалыптастыру; мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерді ұлттық ерекшелігі мен тіліне қарай бөлуге жол бермеу;

-  Парламенттің Сенаты рулардың құрылтайларында сайланған сенаторлардан құралуы керек;

-  Президент пен Үкіметтің құзырлары баптар бойынша қайта қаралуы керек;

-  жерге жекеменшіктік құқ жойылып, ең көп дегенде 49 жылға жалға беру құқы орнауы керек;

-  жаңадан құрылған біріккен кәсіпорындардағы шетел капиталының үлесі 49 пайыздан аспауы керек;

-  жоғарыда аталған ұсыныстарға сәйкес, Конституциямыздың преамбуласы «Ұлттық, діни, нәсілдік және жыныстық ерекшеліктеріне қарамай, адамдарының тең құқылылығы қорғалған Қазақ Республикасы - қазақ ұлтының ұлттық демократиялық мемлекеті болып танылады» деген өзгеріс енгізілуі керек.

 

Сонымен қатар, 16 миллион ғана халқымен кеңбайтақ жерді алып жатқан біздің еліміз өз қауіпсіздігін сақтауы үшін Ресей мен Қытай сияқты державалық көршілермен ешқандай одақтарға кірмеуге тиіс. Ал, біздің шынайы стратегиялық серіктестеріміз Түркия, АҚШ және Еуропа елдері құрған НАТО әскери одағына кіру - біздің экономикалық және қорғаныс мәселелері жөніндегі ұлттық қауіпсіздігіміздің кепілі бола алады.

Келесі бір стратегиялық маңызды мәселе: - халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының деңгейінде қазіргі түркі тілдерінің ең көнесі әрі ең байы болып табылатын қазақ тіліне жалпытүрік тілі мәртебесін беруге қол жеткізу және болашақта қазақ тілін БҰҰ-ның халықаралық тілдерінің қатарына енгізу.

Жоғарыда аталған мақсат-мұраттарға қол жеткізгенде ғана қазақ ұлты - жұмылған жұдырықтай ынтымақты да қуатты, салауатты да сергек, бәсекелес те берекелі ұлтқа айналып, оның мемлекеті, тіпті, әлемдік көлеңкелі үкіметтің өзі санасуға мәжбүр болатын дүниежүзілік өркениеттің көшбасшылырының қатарына шыға алады.

Еліміздің Конституциясы мен стратегиялық даму жоспарына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстардың ауқымы кеңеюі мүмкін.

ҚАССАҚ конституциялық-демократиялық партиясын құру жөніндегі ынталы топ. (ҚАЗАҚ атау септігінің пайда болуының өзі, бізге жеткен бірнеше болжамдардың бірі бойынша - ежелгі ҚАС пен САҚ тайпалық одағының біріккен атауларынан шыққан).

 

СӨЗ СОҢЫ:

-  Біздің ұлттық идеямызды қолдаушылар халқымыздың шынайы бірігуі  үшін ынталы топтар құрып, қалың бұқараның арасында насихат жұмыстарын жүргізе алады, ал, қоғамымыздың басым көпшілігі осындай ұлттық идеяны қабылдауға пісіп-жетілгенде, біз нақты істерге көшеміз.

-  Біздің алғашқы сөзіміз шапырашты руына арналады: - Шапырашты руының аса құрметті, мәртебелі өкілдері! Біздің еліміздің саяси билігі бүгінгі таңда Сіздердің іштеріңізден шыққан адамның қолында болғандықтан, біздің бастамамыздың өміршеңдігі Сіздердің бізді қолдауларыңызға тікелей байланысты болады. Сіздерге «Тура биде - туған жоқ!» деген ата-бабаларымыздың ақыл-парасатын тілейміз!

 

 

Қажымұқан Ғабдолла

87017773540


 




мына екі талапатарыңызды қос қолымды көтеріп қолдаймын!

- мемлекетті құрушы ұлттың орыс тіліндегі «казак» деген дұрыс атауын қайтару;

- «Қазақ Республикасы» деген мемлекеттің дұрыс атауын қайтару;

ал бірақ мына сөз соңында айтқандарыңыз жұмсартып айтқанда жалбағайдың сұңқарға жалынғаны сияқты жағымпаздық немене екен.
Қарасайдың ұланы



"...азаматтар өздерінің ұлттық және діни ерекшеліктеріне қарамай, қазақ ұлтының өзінің ұлттығы мен мемлекеттігін сақтап қалуына аянбай көмектесуі керек" - қыртыған екенсің қазаққа қазақтан басқа ешкімнің де жаны ашымайды. Сосын діни ерекшеліктері бойынша уаһабтар әр облыста 5 мың адамға жетсе сенің мемлекетіңді төңкеріп тастайын деп отыр. Пақыр осы күніңе зар боларсың Арабтың жәләбі болып шыға келерсің.



"... еліміздің қазіргі қос палаталы парламентінің бірі, яғни, сенат - қазақтың барлық руларын қамтитын өкілдерден жасақталуы керек" - ауыз өзімдікі деп оттай беруге болмайды ғой. Мынауың билік басына жету үшін онсызда оңбай тұрған рулық қатынасты бір-бірімен қырқыстырып қою ғой.



Абайшылдарым-ау Мына Қожанасырды қайдан тауып алғансыңдар... Мақаланың авторын "Шаншар" мен "Алдараспан" әзіл-сықақ театрларына жіберетін екен. РЕЖИССЕР қылып...



Шапырашты руының бір биі Асылхан Артықбаев деген азамат.
Асеке, Шапырашты руының билерін жинап сөйлесем деп едіңіз.
Қашан жиналып мәслихат құрасыздар? БАҚтарды шақырыңызда.



ҚАССАҚ Ұлттық Демократиялық Партиясы деп атау керек. Шапырашты мен басқа да билікті рулық жікпен басқаруға тырысқан ұлттық рухы жасық жалтақай, жарамсақ, жағымпаз субъектілерге қарайлаудың қажеті жоқ. Ұлт мүддесіне қызмет ететін барша Қазақтың Ұлттық партиясын құру керек.



Хахахахахах!!!! Әдемі қалжың екен... "Утопия" есіме түсіп кетті)))))))



Мақаланың авторын неге көрсетпедіңіздер?



хаахахахахахахахаххахахахахахахаха... ойбай ішегім! ұстаңдар мені!



Ұлттық партия құрамын деп рулық жүйені жаңғыртқандарың бар болсын, Қажеке! Мыналарың не сұмдық? Осыдан кейін ұлт птриоттарының есі дұрыс деген сөзге кім сенеді?



Аңқау елге арамза молда деген осы.



Парламенттің Сенаты рулардың құрылтайларында сайланған сенаторлардан құралуы керек;

Мыналарың не бәле? Мысалы әр рудың салмағы, саны бар. Соларды қалай етесіңдер? Найман екі депутат, ошақтыдан екі депутат па? Найманың 4 миллион, ошақтың азғантай. Әлде әрьір рудың санын есептеп шығарып қойдыңдар ма?



Атаңа нәлет! Ошақтыдан басқа ру таппадың ба?



"1456 жылы Дешті-Қыпшақта шайбанид Әбілхайыр билікті қолына алған соң, көшпенді халықтың Жәнібек пен Керей бастаған бір бөлігі Моғолстанға қоныс аударып, Шу мен Қозыбасы өзендерінің аңғарында орын тепті."
Сол кезде Жәнібек пен Керей бір-бірмен қай тілді сөйлескен? Өз елмен қай тілді сөйлескен? Елі қай тілді сөйлескен?



Жәнібек арғын тілінде, Керей сұлтан керей тілінде сөйлеген деп ойлаймын.
Семейден Мақаш



олай болса Моғолстандағы қазақтар дулат тілінде сөйлескен.



құжат бойнша, моголистандағы қазақтар қырғыз/каракырғыз тілінде сөйлесты екен.



озбек+қырғыз+ұйғыр = дулат тилинде!!!



Сол кезде өзбек-қазактар, бірге, бір ел болды



21 ғасырда әлі де болса, барлық істе руды араластыра беру дұрыс емес!
Қолдайтын ұсыныстар бар, кейбірі бүгінгі заңды білмей айтылған сөздер. Мәселен, Сенаттағы ру өкілі, ұлттық партия құру секілді.....



Рулық жүйені қайта жаңғыртқаннан қазақ ештеңе де ұтпайды! Жік-жікке бөлініп, бірлігімізден айрыламыз. Бас басына би сайлап, үш жүзіміз үш жаққа кетеді ертең. Шындықтан қашып қайтеміз, Қазақ елі сан ғасырлардан бері жасап келе жатыр десек те, тіпті Қазақ хандығы кезінде де бірорталықтанған Қазақ Елінің билігі болған емес. Ел болды, Ұлт та болды, бірақ орталықтанған билік болған емес, ал ондай биліксіз қазіргі заманда ел болу - екіталай дүние. Мынандай түрмен екіге жарылған Кореяның, Азірбайжанның, Молдованың, т.с.с. елдердің қамытын киеміз. Біртұтас ел болуымыз - Тәуелсіздік алғаннан бері ғана. Мұны мойындауымыз керек. Ал енді рулық жүйені мемлекеттік тұрғыда, республиканы құраушы фактор ретінде дамыту - нағыз радикал, сорақы идея. Мұндай бастама қазақты өрге сүйремейді, түбімізге жетіп тынады.



Шіркін-ай, ә! Ел билеуге Рулық жүйені кірістіруді арман ететін қазақтардың ұсыныс ғой мынау.



Орыс руы, өзбек руы, неміс руы, американ руы - ха, ха, ха, ішегім-ай, мұндай тіпті тарихта та болмаған ғой.



Сосын қайтыс болған адамның қабіріне жазамыз: руы - Орыс, Ивановтар әулетінен. МАСҚАРА! Мынау өзі арандату сияқы, рулық жүйені қайта жаңғыртуды ұсынып отырған қазақ дегенге сенбеймін! Осы мақаланаың да, осы бастаманың да ратында ебекеңдер отырған сияқты.



Дәл тауып айттың, мақаланың артында тұрған бір күштер бар



Tomos Morda ozinin "Utopiyasyna" sengen jok edi, makala avtory da senbeitin wygar. Memleketti Jalan soileidi dep kinalaimyz, psevdoUltwyldardyn sozi muldem wyndykka janaspaidy. Ony Ultwyl kazakhtardyn Kuryltaiynan baikadyk.



Халайык мынау дурыс бастама екен. Мумкіндік болса, акыл кенес берейік. Бул канша дегенмен улттык бастама гой. АКЫЛ КЕНЕСТЕРІНДІ ЖАЗЫНДАРШЫ!!!



Өте дұрыс!
Құптаймыз!!!
Жер-жерде ауылдық басқару жүйесіне көшіп,
Билер сот жүйесін құрып,
Парламент ру өкілдерінен құралсын!



Мынау арандату ғой тап таза арандатыу!!!



Оте дурыс екен!



Бул жанадан курылатын пария ма? Торагасы кім? Мен мушелікке откім келеді. Толыгырап акпарат бере аласыздар ма?



Мына усынысты жіліктеп, талдау керек екен. Оте жаксы усыныс; дегенмен шикіліктері бар сиякты. Дегенмен Укімтеке усыну керек. Назарбаев кеткесін гана. Партия куру-курмау вопрос техники.



Буны колдаймыз! Тек халыкка жаксылап жеткізу керек. Билік колдамайды. Халык колдайды!



Ұнаған ұсыныстары:
- «Қазақ Республикасы» деген мемлекеттің дұрыс атауын қайтару;
- Конституциямыздағы «Орыс тілінің мәртебесі туралы» бапты алып тастау;
- жерге жекеменшіктік құқ жойылып, ең көп дегенде 49 жылға жалға беру құқы орнауы керек;

- жаңадан құрылған біріккен кәсіпорындардағы шетел капиталының үлесі 49 пайыздан аспауы керек;

Ал, жалпы, бұл арандатушылыққа ұқсайды.
Суперхан жобасын іске асыру алдындағы артподготовка емес пе екен?

----------басқа ұлттарды ру қыламыз немес руларға қосамыз дегені күлдірді------------.

авторға сұрақ: сонда қазаққа 130 ру қосылады , олар "Кірме" деген ру бол ма, әлде "Кірме" деген төртінші жүз бола ма?
Қожалар да төртінші жүзбіз деп жүрген жоқ па?
Қазаққа 4-ші 5-шу жүздердің қажеті қаншалықты?



Нағыз қазақи жоба екен. Қолдау керек. Бірақ бұл жобаның орындалуы арман ғой!



Мына мақала - нағыз арандату! Мақсаты - қазақты өзге ұлт өкілдерінің алдында, тіпті қазақтың өзінің алдында жер қылу. Мұндай ұсыныстар бекер жарияланып жатқан жоқ. Қазақты масқаралау, ақымақ, әсіре ұлтшыл етіп көрсеткілері келеді "еврейлердің".



Қандай есті азамат қолдайды мынадай қазақты ұятқа қалтыратын идеяларды



кассак тассак ха ха ха ха



Шапырашты деген сөздің мағынасы көздері былшықтанып тұрады дегенді білдіреді. Қандай адамның көзі былшықтанады, жалқаудың! Ендеше кезекте Қазақстан өз билігіне сай жалқаулар басқаруындағы ел болып отыр. Жатып ішер, ұрда-жық, сауатсыз, тойымсыз, мақтаншақ, көздері шапыраштанған, шатынаған ....



ақымақ Шапырашты сөзінің мағынасын білмейтін мәңгүрт ! білмесең жазбасаң нетті. Ашулы, шатынаған, қанға құмартқан қызыл көзді білдіреді. Шапырашты деген Оңтүстік Қазақстанда "Жолбарыстың" жанама аты..Нанбасаң әже апалардан сұра



ABAI/KZ сайтына коп-коп рахмет осындай макалаларды жариялаганы ушін.



Мынау дурыс макала сиякты



РУЛЫҚ,ЖҮЗДІК құрылымдарды қайта жаңғыртқыңыз келгені,інім,шынымды айтсам,күлкімді келтірді.Мен батысқа тұрмысқа шыққан ошақты руының қызымын.Байбақтының келінімін, ноғайға,түрікпен берішке және найманға құдағаймын.Құдайға шүкір,бүкіл қазақ туысым!Ешқайсысын бөле алмаймын.Шапырашты да ағайыным,20 шақты жиендерім бар,олар балаларымен бір қауым ел.Сөзіңнің жаны бар жерлері бар,бірақ соңы бұзылып кетті.Білімді азаматсың,қойыртпақтап кеттің.Бір қонақ утопия деді, мен де сол кісіге қосыламын.Өзге ұлттарды руға айналдырсақ дегенің, қиял-ғажайып ертегі ғой әкем. Және, саясатта өркөкіректік жараспайды.Тарихты қанша рет қайта жазды,кім біледі анық-қанығын? Қазіргі біздің мақсат-тілімізден айрылып қалмау.Ал тағы бір партия құру деген, артық,- деп ойлаймын.Партия көп,ал істерін көрмейміз,бірін-бірі сынап-мінегенінен басқа. Талас қызы.



Қанша жақтырмасақ та идея бар,бірақ соны сүзгіден өткізіп керекті жерін алу керек.Мысалы Ливияда сенат секілді жерде халық арасына сыйлы данышпандығын халықпен етене жүріп дәлелдеген ақсақалдар отырады.Ал бізде қыруар қаржы жұмсап қол жеткізгендер-сол ақшасын қайтарудың әрекетінде жүріп,сол жолға басы бүтін кіріп кетеді.



Руға бөлінбей-ақ, емлекетімізде жұмыс істей берсе қайтеді?

Пікір қосу

  • Беттер мен электронды поштаның мекенжайлары автоматты түрде сілтемелерге айналдырылады.
  • Allowed HTML tags: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жолдар мен параграфтар автоматты түрде тасымалданады.

Форматтау жайлы толығырақ

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.
1 + 18 =
Математикалық есепті шешіңіз.
 

Мұрағат

Ақпан 2012
ДсСсСрБсЖмСбЖс
-1012345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728291234

Айлық статистика

<<  >>