ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев мырзаның және БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзаның назарына!НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВҚА “ӘЛЕМ ӘКЕСІ” АТАҒЫН БЕРУ КЕРЕК!Жуырда ғана Парламент Мәжілісінің депутаттары Президентімізді “Ұлт көшбасшысы” деп атау жөнінде ұсыныс тастап, бұл жайындағы заң жобасын тез арада Мәжіліс те, Сенат та қабылдап үлгерді. Абыройы асқақ Нұрсұлтан Назарбаевқа “Ұлт көшбасшысы” деген мәртебе әбден лайық-ақ. Әйткенмен, әлемдік деңгейдегі саясаткер үшін бұның өзі аз көрінеді маған. Меніңше, Тұңғыш Президентіміздің көрегендік саясаты әлемдік деңгейде мойындалып жатқанда, ол кісіні “Әлем Әкесі” деп атағанымыз жөн тәрізді.Бұл үшін мысалдар жетіп артылады. Мәселен, Президентіміз әлемде тұңғыш рет барлық діндердің бастарын қосып, диалогқа келуді ұйымдастырды. Астана әлем діндерінің бас қосатын рухани астанасына айналды. 140 ұлттың тату-тәтті бірлікте өмір сүруіне жағдай жасады. Осы еңбектерінің өзі әлемдегі ешбір басшының қолынан келмес еді. Тарихқа қарап отырсақ, көптеген соғыстардың бастамашысы діни қақтығыстар мен ұлттық қарама-қайшылықтар болған. Осы тұсынан келгенде, Назарбаевты үшінші дүниежүзілік соғыстың алдын алып отыр деуге әбден негіз бар. Бұған Президентіміздің әлем мемлекеттерін ядролық қарудан бас тартуға шақырған бастамасын қосыңыз. Осының барлығы бір Қазақстан үшін қажет пе? Жо-жоқ, әлем халықтарының бәріне керек дүние. Бір ғана мысал, өткенде ғана Назарбаев Қырғызстандағы азаматтық соғыстың алдын алуға үлкен үлес қосты. Бүтін бір мемлекеттің бөлшектеніп, құрып кетуінен сақтады. Әдетте көп мемлекет басшылары өзге елдердің тарих бетінен жоғалып кетуін қалап, соған сай саяси әрекеттер жасап жатады. Соғыс өртін әдейілеп тұтандыратын саясаткерлер де баршылық. Ал біздің Президенттің азаматтық соғыстың алдын алып, оған қоса халқына гуманитарлық көмек қолын созып, аштықтың алдын алуы — теңдессіз еңбек!Дүние жүзі елдері қаржылық дағдарыстың шырмауына түсіп, бүтін бір мемлекеттер банкротқа ұшырап жатқан тұста, Назарбаев әлемдік валюта ендіру жөнінде де ұсыныс тастады. Бұл да әлем халықтарының жайын ойлағандықтан. Нағыз гуманист, кемеңгер саясаткердің әлемдік деңгейдегі баға жетпес көрегендігі. Бұл еңбектерін әлем халқы мойындап та отыр. Басшымыз қай елге бармасын, халқы құрметпен қарсы алады. Өткен жолы АҚШ-қа барған сапарының өзін айтыңызшы. Барак Обаманың өзі төріне шығарып күтті. БАҚ беттерінде жарияланған сондағы фотоны байқап қарасаңыз, Барак Обаманың Назарбаевпен кездескеніне өзін аса бақытты сезініп отырғанын көруге болады. Тіпті, біздің Президенттің жыл сайынғы Жолдауының өзін әлем елдерінің саясаткерлері қызу талқыға салып, оң бағаларын беріп жатқаны. Қысқасы, Назарбаевтай басшысы бар Қазақстанға ғаламшарымыздың әрбір азаматы қызыға да қызғана қарайды. Жер бетіндегі әрбір тұрғын өз басшыларының да Назарбаевтай болғанын қалайды. Нұрекең әлемдік деңгейде мойындалған саясаткер әрі әлемнің әрбір азаматының жүрегіне жол таба білген білікті басшы, асқақ тұлға. ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымға Қазақстанның төраға болуы да Президентіміздің атақ-абыройымен тікелей байланысты. Егер мемлекет басшымыз Назарбаев емес, өзге біреу болғанда... мәселен Серікболсын Әбділдин немесе Жармахан Тұяқбай... Бұлай ойлаудың өзі қорқынышты. Мұндай жағдайда әлем елдерінің халі не болар еді? Жер бетінің ауыр қасіретке душар болуы да ғажап емес қой. Мәселен, орыс тілінің тынысы тарыла түсуі ықтимал. Кеден Одағына кірмей, соның салдарынан да орыс халқының экономикалық және табыстары кеміп қалар еді. Орыс халқына үлкен проблема туындайды. “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” жолы салынбаса ше? Батыс пен Шығыстың қарым-қатынасы қиындықтар тудырып, көптеген халықтар бұдан зардап шегеді. “Қытай-Өзбекстан-Қазақстан-Тәжікстан” газ құбыры да тартылмай, көп мемлекеттерге экономикалық зардаптар туындап, әсіресе Қытай әттеген-ай деп қалар еді. Түрлі діни ағымдар бір Қазақстанның өзінен қаншама мүшелерді қатарларына тартты. Өзге біреу Президент болғанда, бұған жол бермеуі мүмкін еді де, діни ағымдар өз жұмыстарын өркендете алмай, үлкен проблемаға тап болар еді. Қырғыз халқының азаматтық соғыс арқылы қырғынға ұшыраулары мүмкіндігін де бұған қосып қойыңыз. Тізе берсең, шошына түсесің.Жалпы, Назарбаев өз мемлекетін ғана емес, бүкіл мемлекеттерді қатар ойлап, барлық мемлекетке бірдей жағдай жасап отыр. Өзге біреу Президент болғанда, тек Қазақстанның ғана мүддесін қорғайтыны анық еді. Сондықтан, Назарбаевты Қазақстан басшысы ғана емес, әлем халқының басшысы деуге толық құқығымыз бар. Сол себепті, ол кісіні “Ұлт көшбасшысы” деп атау аздық етеді, ол атақ Президентіміздің біліктілігі мен абыройын толық ашып бере алмай отыр. Әлем азаматтарының бірі ретінде мен бұған қатты қынжыламын. Егер Назарбаевты “Әлем Әкесі” деп атасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, “Жер Құдайы”, “Әлемді қиындықтан құтқару үшін қайта оралған Иса пайғамбардың өзі” деп дәріптеуге де болар еді, бірақ, менің ойымша “Әлем Әкесі” деп атау әлдеқайда жұғымды естілетіндей. Сондықтан, ел депутаттары осы жөнінде ақылдасып, ЕҚЫҰ төрағалығы беделімізді сәтті пайдалана отырып, әлемге осы ұсынысты тастауымыз қажет. Кезек күттірмейтін мәселе болғандықтан, БҰҰ-ның алдына тосып, тез арада “Әлем Әкесі” мәртебесін қабылдаттыруға тиіспіз. Менің ойымша, бұл мәселені әлем халықтары қуана-қуана бірауыздан қолдайды. Одан кейін Олжас Сүлейменов ағамызға “Назарбаевқа табын, Жер енді!” деген өлең шығартып, оны әлемдік гимн етсек, Жер бетінің әрбір адамы оны жүректеріне қолдарын қойып, әуелете шаттықпен шырқар еді-ау. БҰҰ-ның “Әлем Әкесі” жөніндегі жаңа қарарына мына жайттар да міндетті түрде енуі керек деп ойлаймын: кез-келген мемлекеттің басшысы саяси жағдайларға байланысты бастамаларын “Әлем Әкесімен” келісіп барып қана іске асыру қажет; әрбір елде “Әлем Әкесінің” мұражайлары мен бюсттері орнатылуға тиіс; әлемде “Әлем Әкесінің” суреттерін бүлдіргендер мен “Әлем Әкесінің” абырой-беделіне нұқсан келтіргендердің істерін халықаралық сотта қарап, ең ауыр жазаларға тарту керек. Осы сияқты басқа да құқықтарды депутаттар ұсынуға тиіс деп ойлаймын. Қалай десек те, бұл жағынан тәжірибелері көп қой. Назарбаевты әлемдегі ең жоғарғы награда — “Нобель” сыйлығына ұсыну қажеттілігін айтып жүргендер де бар. Мен ойлаймын, бұл сыйлық Назарбаевтың тырнағына да татымайды. Себебі, жоғарыда айтып өткенімдей, біздің Президентіміздің әлем халықтары үшін жасаған еңбегі орасан зор! Сондықтан, Парламент депутаттарын, ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаевты, БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзаны осы өзекті мәселені тезірек шешуге шақырамын!
Ербол ЖАЛПОШЕВ.


