Жасөспірімдердің арасы қатыгезденіп барады. Неге?.. | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет


Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл күзетшісі.
Ар мен ұят сенбесе – өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі

Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
Астананың бір минуттық шығыны - 600 мың теңгені құрайды
Айтқыш екен
Обал болды көзге де, құлаққа да,--
Сеніп елге бермейсің сыр ақтара.
Қарайтының күдіз-түн бір-ақ канал,
Көретінің бір кісі, бір-ақ қала.

А. Мұқабай, асаба

Загрузка

Жасөспірімдердің арасы қатыгезденіп барады. Неге?..

Жәрдемші


4 наурыз күні Павлодар қаласының №17 орта мектебінде қайғылы оқиға болды. 8 «Д» сыныбының оқушысы Александр Лихановты өзімен қатарлас оқитын 8 «Е» сыныбының баласы пышақтап өлтірді. 15 жыл бойында директор қызметін атқарып, №17 мектепті қаладағы айтулы үздік оқу ордаларының қатарына қосқан Галина Щиндлярская да сол түні өз арызымен жұмысынан кетті. Бүгінгі күнде мектеп іші тыныш. «Ештен кеш жақсы» деп мектеп басшылары қауіпсіздік шараларын арттырып, мұндай оқиғаларды болдырмау үшін мектепте бейнекамералар орнатуға өтініш білдірген. Алайда 14 жастағы бозбала албырт шағында өліп кетті. Оған кім кінәлі, жалпы осы оқиға қалай болды деген сұрақтарға жауап іздеп, анық-қанығын білу мақсатында арнайы журналистік зерттеу жүргізген едік.

Қазірде осы оқиғаға қатысты үш жақты дау айтушылар бар. Алдыңғылары мектеп басшыларын кіналайды. Жауапқа ең алдымен соларды тарту керектігін айтады. Себебі соңғы уақыттары мектеп ішінде тәртіпсіздік белең алып, тәрбие жұмыстарына аса мән берілмеген көрінеді. Инспектордың өзі жұмысына бірде келіп, бірде келмей жүрген. Осындай қаннен-қаперсіз жағдайдан кейін қылмыстық әрекет орын алған.

 

Екінші бір топтың сөздеріне қарағанда, жасөспірімнің өліміне басшылықтың, мұғалімдердің еш кінәсі жоқ екен. №17 мектепте әрі кетсе оқушылардың сабаққа келмеуі сияқты балаң қияңқылықтар болып тұрады, ал мұндай оқиғаны бұрын-соңды құлақ есіткен емес. Өйткені, мектеп ішіндегі тәртіп қатал, тәрбие жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіледі. Ал қылмыс жасаған 8 «Е» сыныбының оқушысы бұл мектепке Ресейден өткен жылдың қыркүйегінде ғана ауысып келген. Құжатын тапсырарда мінез-құлқына, тәртібіне байланысты бір жапырақ қағаз да болмаған. Барлық кінә сонда. Қылмыскер де сол. Оны заңмен жазалау керек дейді.

 

Енді ең бастысы, үшінші жақтың пікіріне назар аударыңыздар. Олардың айтуынша, Александр абайсызда өлтірілген екен. Оқушылар арасындағы төбелес әдеттегі ақша талап еткен жағдайдан туындамаған. Қылмыс жасаған М. онсыз да ауқатты отбасының баласы. Керісінше жаңа мектепке ауысқан ол өзге балалар тарапынан қысым көре бастайды. Мектеп ұстаздарының да әрдайым ұрсып, жекіп отырғандығы балаға психологиялық тұрғыда әсер еткен болса керек. Ал төбелес кезінде ол қорғанамын деп абайсызда Александрді өлтіріп алған.

 

Бұл келтірілген үш пікірдің де өзіндік шындыққа жанасымы бар. Сондықтан 4 наурыз күнгі қайғылы оқиғаны басынан бастап талдап көрелік...

 

Оқиға қалай болды?

Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының кәмілетке толмағандардың ісі жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Қамзина Бибигүл Төлешқызының сөзінше оқиға былай болған көрінеді. Сол күні қылмыс жасаған М. есімді 8 «Е» сыныбының оқушысы мектепке қызғылт түсті көйлек киіп келеді екен. Оны көрген басқа сыныптың балалары мазақтап, намысына тиетін сөздер айтқан. Ызаға булыққан М. қатарлас оқитын сыныптың баласы Александрмен сөзге келіп қалады да, оны сабақтан кейін сөйлесуге шақырады. Сол күнгі сабақ кестесі бойынша 8 «Д» сыныбында бес сабақ өткізілуі тиіс еді. Алайда пән мұғалімінің олимпиадаға дайындығы болып, оқушылар бір сабаққа ерте шығады. М. есімді оқушы осы уақытта үйінен пышақ әкеліп үлгереді. Содан соң екеуі мектептің стадионында кездеседі, араларында лезде төбелес басталып кетеді. Ешкім ара түспейді. Сол кезде Александрдің физикалық жағынан әлдеқайда күштірек екендігін байқаған М. үйінен алып келген пышақты оның жүрек тұсына сұғып алады. Қансырап жатқан Александрді көргенде жиналып қалған оқушылар да жан-жаққа қашып жөнеледі. 14 жастағы оқушы ауыр жарақаттан сол жерде жан тапсырады.

 

 

Расымен «Сумасшедшая семнашка» ма?

Қайғылы оқиғадан кейін іле-шала №17 мектеп жайлы мәліметтер жинай бастадық.  Қойнауында 50 жылдық тарихы бар оқу ордасының қаламыздағы айтулы мектептердің бірі екені белгілі. Қай білім жарысы болмасын, аталған мектептің оқушылары құр алақан қайтпайды, мектеп ішіндегі ілулі дипломдар мен мақтау, марапаттау қағаздары көздің жауын алады. Алайда, интернет беттері біз күтпеген жағымсыз дерек тауып берді. Ғаламторда №17 мектепке қатысты түрлі бейнетүсірілімдер өріп жүр екен. Мәселен, Kiwi.kz сайтынан «Сумашедшая семнашка» видиосын ашып қарасаңыз, жаныңыз түршігеді. Тал түсте болған №17 мектеп ішіндегі 20 шақты баланың арасындағы төбелес қарапайым қалтафонмен түсірілген. Кейін арнайы монтаждалынып, интернетке салынған. Осыдан-ақ мектеп ішіндегі тәрбие жұмыстарының қандай деңгейде болғандығын бағамдай беріңіз.

 

Біз №17 мектепке барғанымызда, алдымен мектептің айналасына назар аудардық. Бірінші байқағанымыз, биік ағаштардың самсаған бұтақтары мектеп терезесінен қараған кісіге стадион бетін көрсетпейді екен. 4 наурыз күнгі қылмыс дәп сол стадион ішінде болған еді. Мектеп маңындағы кей тұрғындардың айтуынша, бұл стадион түнгі уақыттары жасөспірімдердің төбелес алаңына айналады. Тіпті кейбір тұрғындар мылтық дауыстарын естігендерін жасырмайды. Екіншіден, №17 мектеп Катаев көшесінің бойында орналасқан. Көшенің арғы бетіне өтсеңіз, сырахананы көресіз. Мұның өзі қандай да бір заң бұзушылықтың бар екенін байқатса керек. Үшіншіден, №17 мектептің орналасқан маңы күрделі болып табылады. Іргесінде №24, №4 мектептер бар. Бұл екі мектептің де әуелден криминалдық жағдайы қиын. Сондықтан қатаң бақылау осы аймаққа керек-ақ.

Біздің №17 мектепке баруымыздың негізгі мақсаты қаза тапқан Александр мен қылмыс жасаушы М. есімді оқушы жайлы кеңірек ақпарат алу еді. Алайда, әу бастан мектеп психологы жауап беруден бас тартты. Оның себебін кейінірек білдік. Ал мектеп директорының қызметін атқарушы Ақмарал Темірболатқызымен сөйлескенімізде, ол бұрын-соңды мектепте аса үлкен тәртіпсіздіктер болмағанын жеткізді. Бірақ, мектеп инспекторының тарапынан кеткен қателіктерді де жасырмады. Ақмарал Темірболатқызының айтуынша, мектептегі инспектор қызметін әйел адам атқарған екен. Кішкентай баласы да болған. Сондықтан кейде жұмысқа келе алмай жатса, мектеп басшылығы оған түсіністікпен қарауға тырысқан. Қылмыс жасалған 4 наурыз күні де инспектор жұмыс орнында болмаған.

 

Ал тәрбие ісінің меңгерушісі Огурцова Татьяна Петровнаның айтуынша мектеп ішіндегі тәртібі нашар балалардың түгелі есепке алынған. Есепке алудың өзі үш түрге бөлінеді екен. Біріншісі - МІБ (мектеп ішілік бақылау). Бұған көбінесе сабаққа келмей, тәртіпсіздік көрсеткен балалар ілігеді. №17 мектепте МІБ-ке енгізілген 7 бала бар екен. Екінші түрі - қауіпті топ (группа риска). Бұған қылмыс жасауға бейімі бар (алкоголь, есірткі) балалар жатқызылады. 4 наурыз күнгі қылмысты жасаған М. есімді жасөспірім осы топтың қатарында болған. Үшіншісі - ОДЭН тіркеуіндегі жасөспірімдер. Бұған қылмыс жасаған немесе үстінен қылмыстық іс қозғалғандар кіреді. Татьяна Петровна ОДЭН есебінде мектептің екі баласы тұрғанын жеткізді.

 

Мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Анатолий Владимирович қаза тапқан Александр жайлы айтқан кезде терең күрсіне түсті:

- Александр ата-анасының жалғыз ғана баласы болатын. Мен одан үлкен үміт күтетінмін. Өзі де аса сабырлы, ешкімге соқтықпайтын бала болатын. Физикалық дайындығы жоғары болды. Турникке  10-15 рет тартылуға күші жететін еді. Спорт мектебінде футболға қатысатын. Ал М. есімді оқушы қылмыс жасайды деп мүлде ойламап едім. Өте тәрбиелі отбасының баласы болды. Сымбатты еді. Өзін қалайда ерекше ұстайтын. Менің ойымша, оған дұрыс қарым-қатынас жетіспеді. Өйткені, жасөспірімдердің осы жастағы кезеңінде  психологиялық өзгерістер пайда болады. Өз басым оған барынша жақындай түсуге тырыстым. Алайда спортқа деген құмары аздау болды. Атасымен жақсы араласқанмын. Үнемі маған келіп, жиенінің сабаққа қатысуын, үлгерімін сұрап қадағалап жүретін.

 

Мектеп жайымен танысқан біздер мұғалімдер құрамымен де әңгімелескен едік. Барлығы бұрынғы мектеп директоры Галина Щиндлярскаяның іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін баса айтып, оның қызметтен кеткеніне өкініш білдірді. Болған оқиғаға қатысты Галина Щиндлярскаяның еш кінәсі жоқ екенін, оның өз қызметін мінсіз абыроймен атқарғанын дәлелмен айғақтайтын 100 ұстаздың қолы қойылған парақты баспасөз бетттерінде көрсетуімізді өтінді. Әрине 15 жыл бойы еңбек терін төгіп, №17 мектепті жоғары деңгейден көрсете білген адал басшыға барлық кінәні үйіп-төгу дұрыс емес. Шынтуайтына келсек, бұл іске қатысты басқа да басшыларды жазықты етуге болады. Мәселен, мектеп инспекторының жұмыста жиі болмайтыны айтылды. Сонда оның орнын уақытша басқа қызметкермен ауыстыруға болмас па еді? Мәселенің анық-қанығын анықтау мақсатымен қоғамдық қауіпсіздік басқармасының кәмілетке толмағандардың ісі жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Қамзина Бибигүл Төлешқызымен сұхбаттастық.

 

«Мектеп инспекторын кінәламаңыздар!»

- Бибигүл Төлешқызы, 17 мектепте орын алған қылмыстық оқиға жайында не айта аласыз?

- Қылмысты кәмілетке толмаған М. есімді оқушы жасады. Бұрын Ресейдегі шешесінің жанында болатын. Қыркүйек айында осындағы атасы мен апасының қолына көшіп келді. Анасының тәрбиесі біраз қаталдау болса керек. Ал апасы мен атасы тым еркелетіп жіберген. Бала жаңа мектепке келісімен өзін көшбасшы етіп көрсеткісі келді. Өзін ренжітуге жол бермейтін. Александр екеуінің арасындағы төбелес қас қағым сәтте болған. Сөзбен келіспей қалған оқушылардың арасындағы кикілжің өліммен аяқталды...

- Сіздердің ұсыныстарыңызбен бекітілетін мектеп инспекторларының негізгі жұмысы қандай?

- Мектеп инспекторларының  қажеттілігі жайлы мәселе республика деңгейінде 2000 жылдан көтеріле бастады. Сондықтан 2002 жылдан бастап мектеп инспекторларын бекітуді қолға алдық. Алғашқыда шағын аудандағы 3-4 мектепке бір инспектор тағайындайтын едік. Бірақ бұл өте күрделі, ауыр екенін түсініп, 2005 жылдан бастап әрбір мектепке бір инспектордан тағайындалды. Қазір облыс бойынша 87 мектеп инспекторы бар: Павлодар қаласында - 50, Екібастұз қаласында - 26, Ақсуда - 9, Павлодар ауданында - 1 және Ақтоғай ауданында - 1. Олар негізінен 372 бұйрыққа сай  криминалдық жағдайлар туындауы мүмкін білім ордаларына тағайындалып, ондағы оқушылар арсындағы қылмыстық оқиғалардың алдын алады.

- Ендеше, №17 мектептегі инспектордың жұмысына қандай баға бересіз?

- Ол жерде мектеп инспекторын кінәлі деп айтуға болмайды. Жұмысында болмады деген сөз - жалған. №17 мектептің инспекторы өз жұмысын толыққанды атқарған. Оны кінәламаңыздар. Ал қателіктің көбі мектеп директоры, психологы және тәрбие ісінің меңгерушілері тарапынан кеткен. Сондай-ақ, қазіргі кездегі ата-аналардың тәрбие берудегі осалдығын айтар едім. Балаларын киіндіріп, тамақтандырып қана қоймай, олардың тәрбиесіне де аса мән беру қажет. Мәселен, сол №17 мектептегі болған қылмысты жасаушы М. есімді оқушыны алайықшы. Былай қарасақ, ол бала материалдық жағынан толықтай қамтылған болды. Еш нәрсеге тарыққан жоқ. Еш қиындық көрмеді. Тек атасы мен апасының көңіл бөлуі азырақ болды. Бала сол себептен еркінсіп кеткен.

 

«Ол өте тәрбиелі бала...»

Біздің қаза тапқан Александрдің әке-шешесімен тілдесуімізге мүмкіндігіміз болмады.  Ауыр қайғыдан бас көтере алмай қара жамылған отбасыны мазаламауға тырыстық та. Ал қылмыс жасаған М. есімді оқушының атасы мен апасына жолыққанымызда олардың қатты күйзелісте екенін көрдік. Александрдің өлімі оларға да қатты батса керек. Қос қайғы қос жақтап, жалғыз жиендерінің темір тордың ар жағына түскендігі де қынжылтады. Атасының айтуынша, жиенін 9-сыныптан кейін кадеттік мектепке бермек ойы болған екен. Өйткені, өте жігерлі, намысты, батыл бала болған. Әр қадымын аңдап басып, әр сөзін ойланып сөйлейтін. Өте тәрбиелі, сыпайы болатын. Жиенінің мұндай қылмысқа баруына не түрткі болғанын білмейді. Барлық жағдайы жасалған еді. Өзінің жеке компьютері, оған тартылған Интернет желісі, өз бөлмесі, қысқасы заманның талабына сай дүниенің барлығы болған.

 

Ал Ресейдегі Братск қаласынан келген шешесі ұлының кісі өлтіргеніне әлі де сенбейді:

- Менің ұлым өте сабырлы болатын. Артық сөйлеуді де ұнатпайтұғын. Қазір қарасам, мектеп мұғалімдері, тәрбие ісінің меңгерушілері болсын барлығы дерлік менің ұлымды бастан-аяқ жаман жағынан көрсетуге әлек. Алайда оның интеллектісі, ойлау қабілеті өте жоғары болатын. Мәселен, №17 мектепте оның IQ коэффиценті ең жоғарғы болып саналды. Мұны мектептегі психолог жүргізген тест дәлелдеп отыр. Осыдан кейін менің ұлымды қалайша тәрбиесіз, қияңқы дейсіздер? Кей газет беттерінде біздің отбасымызды да нашар деп жазып жіберіпті. Алайда, олай емес. Менің әкем де, анам да жоғары білімді, айтулы беделі бар азаматтар. Өзім Ресейде жоғары білім алып жатырмын. Ұлымды соған байланысты әке-шешемнің жанында уақытша бола тұрсын деп жіберген едім. Ал енді мынандай сұмдық жағдайға тап болып отырмыз. Ұлымның өмірі темір тордың ар жағында өтуін қаламаймын.

 

Статистика

Биыл кәмелетке толмағандардың арасында жалпы саны  403 қылмыстық іс қозғалып отыр. Бұл тек оңтүстік бөлімінің қортындысы ғана. Облыс көлемінде қарастыратын болсақ, биыл қаламыздың 28 (өткен жылғы көрсеткіш 31 болатын), Екібастұздың - 11, Ақсудың - 6, Баянауылдың - 6, Шарбақтының - 1, Железинканың - 2, Успенканың - 2 мектебінде қылмыстық фактілер тіркеліп отыр.

 

Тығырық

№17 мектепте болған қайғылы оқиғаны қорытындылай келе мына бір мәселені айқын түсіндік. Бүгінгі күні еліміздегі жастар саясаты дұрыс жүргізілмеуде. «Ауруын жасырған өледі», №17 мектепте орын алған қайғылы оқиға жастар қоғамында пайда болған дерттің бір көрінісі. Ол бүгін не ертең қайталануы әбден мүмкін. Қазірде мұғалімдік қызметтегі кез-келген адамнан сұрасаңыз, жыл өткен сайын оқушылар тәртібінің, психологиясының үдемелі түрде жылдам өзгеріп бара жатқанын жасырмай айтады. Бұл - жаһандану процесінің алдын-ала болжанған «нәтижесі». Ендігі жерде мектеп инспекторы қауқарсыз. Бұған тек мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын ғылыми бағдар қажет. Күнделікті кабельді ТВ мен интернет беттеріндегі зорлық-зомбылық, атыс-шабыс, нормативті емес лексика, секс пен эротика мектеп жасындағы балалар миын аяусыз улап жатыр. 1960 жылдардың өзінде Стенфорд университетінің белгілі ғалымы Альберт Бандура өзінің жүргізген зерттеулерін жариялайды. Ол агрессиялық әрекеттері бар кинофильм көрсеткеннен кейін 88 % балалардың сол әрекеттерді қайталайтынын дәлелдеп берді. Ал бүгінгі Фильмдерді классификациялау басқармасының директоры Джеймс Ферман қандай да бір жастар арасындағы қылмыс болмасын оны телеэкранда көрсетілген зорлық-зомбылықпен ұштастырып отыр.

Бүгінгі заманда ата-аналардың өз балаларына күнделікті күйбең өмірден көңіл бөлуі азайды. Қазіргі жас мұғалімдер де басқа. Білім мен тәрбиені қатар ұштастырып берудің мәнісін біле бермейді. Мектептегі мұғалімін екінші анасындай құрметтейтін оқушыны кезіктіру қиын қазір. Мектеп директорларының да жаман әдет тауып алғандарын ести бастадық. Мәселен, мектеп ішіндегі қылмыс жасаған балалардың санын әдейілеп азайтып көрсетуі арқылы мектеп директорлары басшылық тарапынан сынға ұшырамаудың әрекетін жасайды екен.

Қысқасы,  Павлодар облысында жастар арасындағы қылмыс өршіп барады. Енді ғана 15 жасқа толатын Александр да өз сыныптасының қолынан қаза тапты. Неге? Жасөспірімдер арасы қандай себептен қатігезденіп барады? Осы сауалдарға ой салып көрелікші...

 

Салтанат НЫСАНБЕКОВА,

Қуандық ТАНАБАС.

 


 




Айтуға аузың бармайды, бірақ естіген құлақта жазық жоқ, қазір мектеп оқушылары тұрмақ мұғалімдердің өздері бұзылып барады. Оқушыларымен жыныстық қатынас жасайтын ер мұғалімдер бар көрінеді мектептерде.



- Адамнан адам жасау проблемаларын елеусіздеу қалдырып,балаларды орындаушылық пен тұтынушылыққа бейімдеу бағдарымызға өзгеріс енгізілмей жатыр.. Балалар әлемінің өз табиғи заңдылықтары бар. Әлеуметтік ортаның өзгерген сипатына байланысты балалар әлемін түбегейлі түсінген тәрбиешіге айналуымыз керек. Тәрбие ұстанымы - дайын шешімдерді орындау дағдыларын қалыптастыру емес,өз ақылымен өмір сүре білуге үйрету болғаны дұрыс.Қазіргі тәрбие амалдарымыз баланың дене, ақыл-ой дамуымен сәйкес келе алмай жатыр. Педагогика классиктері дәлелдегеніндей, балалық кезең - оны өмірге дайындау кезеңі ғана емес, сол өмірдің өзі. Балалардың уақытқа ұқсас болып келетін өз құндылығы, өз ортасы бар.Өмір, тіршілік - объективті дүние. Ол әркімнің қалауына көне бермейді. Тіршілік иелерінің өзін-өзі ретке келтіріп отыратын табиғи жүйесі сияқты
балалар да өз әлемін өзгертуге жасалған әрекеттерді қабылдай бермейді. Олардың шалыс әрекеттері ата-анаға, мектепке , қоғамдық тәртіпке қарсылық емес. Ауытқу, шалыс басу - баланың болмысы.Бұзақылық, түрлі қылмыстық әрекетке бару - тәрбие жүйеміз бен тәрбие құралдарының, балаларға ықпал аймағы арсеналдарымыздың жеткіліксіздігінен.
- Әр бала - ерекше әлем.Барлық ата-ана ұрпағына шынайы сүйіспеншілігін арнайды. Сүйе білуге де ақыл керек. Абай айтқандай, әр нәрсенің де шегі бар, ол шектен шықса жақсылық та жаманшылыққа апарады. Шектен тыс мәпелеу - баланың өз тілектеріне тоқау жасай алмайтын қалге жеткізеді. Одан аяншақтық пен қыңырлық ұрығы өсіп жетіледі. Ал ұсақ мінегіштік, орынсыз кінәлау - өзімшілдік пен қатігездікке апаратын жол.Ересектердің өз билігін қысталау арқылы іске асырмақ ойы - баланың жігерін жасытатын қадам.
- Әр баланың даму деңгейі әртүрлі. Біреуге жеңіл жетістік, екіншіге үлкен еңбекпен келеді. Мектептерде психологиялық, коррекциялық педагогика, педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істеуі керек. Ол орталықтар - баланың оқуына жасалатын жағдай, қызығуын, сұранысын қанағаттандырып, психикасын сауықтандыратын, өз мүмкіндігіне баланың көзін жеткізу мақсатындағы жұмыстар жүргізсе құба-құп. Баланың жан дүниесіне еркіндік керек. Ол еркіндіктер - дүниені өзінше түсіну, қателесу,, оны өзі түзету еркіндігі; өз түсінігі мен сезімін батыл айта алу,өзбетінше ойлай білу, өзіндік мені болу еркіндігі.
- Мектеп екі субмәдениет шекарасындағы аралас тұрғындарға арналған мекеме. Мектепте ересектер мен балалар теңдігі қалыптасқан орта жасалуы керек. Қазіргі балалардың қызығуы, айналысатын ісі ата-ана қалауы мен мектеп программалары шеңберінен шықты. Сондықтан балалардың құлшынысын, ынта-жігерін, әрнәрсеге әуестігін арттыратындай жаңа тәрбие жүие-амалдар қажет.
Сакен Бозаев Ұстаз-зейнеткер.



Жасөспірімдердің арасы қатыгезденіп барады. Неге?..
себебі кезінде жазықсыз қазақты аз қыраған жоқ енді қарғысқа ұшырап жатыр.... әліде бола береді ..



иа келисем казирги кезде окушылардан да коркуга болады олар типти оз мугалимдерменде боктасады екен бул не сумдык



Менің ұлым өте сабырлы болатын. Артық сөйлеуді де ұнатпайтұғын. Қазір қарасам, мектеп мұғалімдері, тәрбие ісінің меңгерушілері болсын барлығы дерлік менің ұлымды бастан-аяқ жаман жағынан көрсетуге әлек. Алайда оның интеллектісі, ойлау қабілеті өте жоғары болатын. Мәселен, №17 мектепте оның IQ коэффиценті ең жоғарғы болып саналды. Мұны мектептегі психолог жүргізген тест дәлелдеп отыр. Осыдан кейін менің ұлымды қалайша тәрбиесіз, қияңқы дейсіздер? Кей газет беттерінде біздің отбасымызды да нашар деп жазып жіберіпті. Алайда, олай емес. Менің әкем де, анам да жоғары білімді, айтулы беделі бар азаматтар.
---------------------------------------------------------------------------------
Бәрі отбасындағы тәрбиеге байланысты. Ақылды деп баланы есірткенмен, оның адаммен қарапайым бірге тұру қағидаларын білмеуі мүмкін. Тәрбиеші, психолог, мектеп инспекторы тек дәнекер ғана.



-Адам қадір тұтатын үш құндылық бар делінеді. Олар:- материалдық, әлеуметтік, рухани құндылықтар. Материалдық құндылық - адамдардың байлыққа ұмтылысы болса, Әлеуметтік құндылық - адамдардың атақ, лауазымға ұмтылысы. Рухани құндылықты қадірлейтіндер - идеяларды ұстанып өз еңбегі мен ақыл-ойын өмірді көркемдей түсуге ұмтылады. Шынайы мұғалім маңдайына материалдық, әлеуметтік құндылықтар қонбаса да оның азығы мен тіршілігі рухани құндылықтар ауласында. Мұғалімдік қызмет сипаты жағынан өнер саласымен еншілес. Өнер адамын әлеуметтік қыспақта ұстау - оны тұншықтырумен бірдей. Өнерге жаңашылдық қажет. Баламен жұмыстың болмысының өзі - жаңашылдық. Мұғалім өспей, жетілмей тұра алмайды. Бұл тұрғыда мұғалім алдымен еңбектеп, содан соң кеудесін көтеретін сәби сияқты. Өсу үшін бап керек. Бойын жазып, ойын ұштау үшін оған ізденіс керек. Іздену үшін бапкер мен материалдық қамсыздық керек. Мұғалім айлығы ешқашан байлық көрсеткіші деңгейіне жетіп көрген жоқ. Ащы тері сіңіп, адал еңбегімен келген жалақысы қалтаға қонақтамай, өтуге асығатын қыз сияқты кетуге асығады. Сондықтан да тесік қалта мұғалім аяғынан қаз тұрып, еңсесін көтере алмай жүр.Қызметі өзі үшін - азап, біреулер үшін мазаққа айналуы соның салдары. Көктегі мен жержегі құдірет иелері назарынан тыс қалған мұғалімдер " жері кең болса да талтая алмай, елі мықты болса да шалқая алмай" жүр. Өз қызметінің әділ бағасын ала алмай жүрген мұғалімнің бойы дел-сал болған соң, ойы да дел-сал. Қарапайымдылығы айдарланып тұрған қарапайым мамандық иелерін балалар арасындағы бұзақылық пен қылмыстар үшін жел шығарған сиырдай қылып мүйіздей беру ақылдылық бола қоймас. Жайсыздық салдары мен себептерін балалар әлемінен емес, әлеуметтік ортадан іздестірген жөн болар.



Қазір біз "ашық қоғамда" өмір сүріп жатырмыз. Газетті былай қойғанда, телеарна, интернет, кинотеатр сияқты жерлерден әлемдегі небір қылмысты, азғындықты, арсыздықты көріп жүрміз, және оған етіміз өліп кеткен. Тіпті, оларды "заман талабы" деп қорғаштауға көштік.
Бұл мәселені шешудің жолы жоқ емес, бар. Бірақ, біздің өкіметтің істеп жатқан шешімі мүлде жарамсыз тірліктер. Мәселен, "бар кінә ата-анасында", деп ештеңе істемеуде. Сондай-ақ, "валеология" сияқты пән арқылы "жүктіліктен қорғану тәсілдері - бұл заман талабы" деп тұрып, небір суреттерді көрсетіп, жастарды өздері бұзып жатыр. "Психология" деген пәннің де жастардың басын қатырып, адастыруға қосып жатқан үлесі жетерлік.
Ал, мәселенің шешімі, Ақиқатқа бет бұру. Абай атамыз: "Құл жиылып бас болар Құдай болса!" - деген ғой. Құдайшылығын айтып жастарды ғана емес, олардың ата-анасын да тәрбиелемейінше жастар мәселесі шешілмейді.
Біздің өкімет жастар мәселесін шешу үшін, әр мектепке "психолог" және "полиция" тағайындап жатыр. Одан жағдай ушықпаса түзеліп жатқан жоқ. Мен, өзім маман-психолог болғандықтан, осы жерде бір қызықты айтайын. "Психолог", "психика", дегендей шет ел терминін қолданып жүргенімізбен, біз оны мүлде қате түсініп жүрміз. Біз баяғы кеңес өкіметі жасап кеткен терминология бойынша, яғни: "психэ сөзі грекшеден аударғанда жан деген мағына береді"-дейміз. Бұл қате! Псюхе сөзі рух Құдайы Психея есімінен алынған, яғни рух деген сөз. Мәселен,
"рухани кесел", "рухани соғыс" немесе "рухы күшті адам", "руханияттан жұрдай адам" дегендей қазақ сөздері бар. Оның орнына аталған грек сөзінен шыққан терминдерді орны-орнымен қойсақ, төмендегідей болады:
Яғни, "психикалық ауру", "психологиалық соғыс", "психикасы күшті адам", "психологиясы төмен адам". Ал енді аталған сөз тіркестеріндегі "психика" орнына "жан" сөзін қойсаңыз не болады, соны көрейік:
- "Жан кеселі", "жан соғысы", "жаны күшті адам", "жан дүниесі тайыз адам".
Көріп отырғаныңыздай, "рух", "рухани", "руханият" сөздерін пайдалансақ, онда бізге "психика", "психикалық", "психология" дегендей терминдердің түкке керегі жоқ болып қалады.
Ал "жан", "жантану" дегендей аудармамен қазақ сөзін ғана емес, ұғымын да шатастырып басын қатырудан басқа түк пайда бермейсің. Мұндай шатастыру, кеңес өкіметі үшін "атеийзм", яғни "дінсіздік" жолын сақтау үшін жасалды. Ал біз, егемен қазақ елі болсақ та, сол баяғы кеңестік шатастырумен келеміз. Оның үстіне, батыстың арсыздықты, *Бейәдеп сөз жазбаңыз!*лықты, қылмыскерлікті насихаттайтын қоқыс руханиятын, яғни психологиясын, жұқтырып жатырмыз. Бұл жолмен жүре берсек түзелмесіміз анық.



өкінішті жағдай. жақында Эстония елі түсірген "Класс" деген киносын көрдім. бір оқушыны кластастары әлімжеттік жасайды. ен соңында жасқаншақ бала мен оған көмектескен кластасы екеуи қару әкеліп бүткіл класс оқушыларын қырып салады. мұндай фильмдерді көрген оқушы не болмақ деп ойладым. рас ол киноның да өз берері бар, бірақ оны жасөспірім мектеп оқушысы басқаша қабылдайды. қай уақытта да бар нарсе кластағы әлжуазға әлімжеттік жасау деген. мен оқыған класымда да болды. бірақ қазіргі уақытта абайламаса қоғамда болып жатқан нарселер бала психикасына өз әсерін тигізіп үлгеріп жатыр.



Қазірғі мектептің жағдайын түзету үшін,қолда барға қанағат етіп,облыстық,қалалық,аудандық білім бөлімдеріндегі басшыларды дұрыс қоюдан бастау керек.Басшылыққа жастарды қою қателік,себебі оның білімі болуы мүмкін,алайда өмірлік тәжірибе бірден келмейді ғой,Оған уақыт керек.Мектептің ең төменгі жұмысынан бастап,баспалдақпен көтерілу керек.Сонда 45-50 жас аралығында толық адам қалыптасады,егер әрине басы болса,себебі 20 000 000 кітап оқыса да ақымақ ақымақ күйінде қалады депті бір елдің данышпаны.Өте білімді болып,өмірдің мағынасына түсінбей жүргендер толып жатыр.Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас-жауы деп текке айтпаған ғой әл Фараби.Мектепке 1-ші кезекте тәрбие ошағы деп қарау керек,сонда білім өзінен өзі келеді.Мұғалімдердің басын айналдырып қойған,кейде ойласың әдейі ме деп сыни тұрғыдан оқыту,дамыта оқыту т.б.Біреулер атақ алу үшін бірдеме ойлап табады да оны зорлықпен мектепке енгізеді де бейшара мұғалімді керегі жоқ нәрсемен өтірік ақпарат беруге итермелейді.Мектепке басқаша жолмен жұмыс істеуге жол көрсететін басшы қою керек.Бізде директорлар тек стол бағып,жоғарғы жақ бәлен қағаз бер десе соны беруге жұмыстанады.жоғарыдағыдай жағдай көбеймесе азаймады,себебі мектептерді жалғандық жайлап алған.Биылғы ҰБТ-ның өтуі,енді айтуға ұят.Баланы өзіміз бұзып отырмыз ғой,ағайын.Баланы түзеу үшін өзіміз түзелуіміз керек.Жемқорлық т.б.Алла жар болсын.

Пікір қосу

  • Беттер мен электронды поштаның мекенжайлары автоматты түрде сілтемелерге айналдырылады.
  • Allowed HTML tags: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жолдар мен параграфтар автоматты түрде тасымалданады.

Форматтау жайлы толығырақ

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.
6 + 7 =
Математикалық есепті шешіңіз.
 

Мұрағат

Ақпан 2012
ДсСсСрБсЖмСбЖс
-1012345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728291234

Айлық статистика

<<  >>