Қазақстанның барша азаматына тең мүмкіндіктер
мен лайықты тіршілік жағдайын туғызуға ұмтылу,
Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясын
мойындау, ұлт тағдырына жауапкершілікті сезіну,
Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда,
мемлекеттік Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңда
және Қазақстан Республикасы Конституциясында
көрсетілгендей байырғы қазақ жерінде
ұлттық мемлекеттілік құру мен нығайту және де
басқа қағидаттарды негізге ала отырып,
қоғам мен ұлтқа
Қазақстанның Ұлт Бірлігі Доктринасы ұсынылады
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Қазақстан Республикасы қазақ халқының сан ғасырлық мемлекеттілігінің құқықтық, тарихи жалғыз дара мұрагері және оның саяси, мемлекеттік құрылымының табиғи жалғасы болып табылады. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін қорғау және ұлттық мемлекеттілігін күшейту жолындағы барлық шараларды атқарады.
Ел тарихы - көптеген қайғылы оқиғалардың куәгері. Халықтың өмірі, оның тілі мен мәдениеті жойылудың алдында тұрған да кездер болған. Қазақ халқы аса ауыр сынақтан өтіп, жай ғана аман қалған жоқ, мемлекетін де құрды, тәуелсіздігін де алды.
«Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңда егеменді ұлттың әрі қарай ұйысуының негіздерін айқындаған екі қағидат жария етілді: біріншіден - Қазақстан мемлекетін құрудың алғышарты болып табылатын қазақ халқының өз тағдырын өзі таңдау құқы; екіншісі - елдің барлық азаматтары үшін жасалатын тең мүмкіндік.
Халықтың даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этникалық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына негіз болды.
Тәуелсіздік орнығуының ең қиын жылдарында халықтың кемелдігі мен елдің Тұңғыш Президенті - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайраткерлігі нәтижесінде Қазақстанда этносаралық жанжал мен қоғамның бөлінуіне жол берілген жоқ.
Сол жылдары, кеңестік дәуірден қалған дағдарыстан өту, жаңа экономикалық және саяси қатынастарды қалыптастыру жағдайында, қоғамды ұйыстыру ісі: ішкі саяси тұрақтылық, азаматтық татулық және этносаралық келісім қағидалары негізінде жүзеге асқан еді.
Содан бері Қазақстанның жетістігіне айналған қоғамдық келісіміміз елдің нәтижелі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының кепілі және негізі болып табылды.
Алайда өмір бір орында тұрмайды. Өткен жылдарда көп нәрсе өзгерді. Өзіміз де өзгердік, біздің санамыз тоталитарлық жүйенің қалдықтарынан құтылуда. Тәуелсіздік алған жылы туған ұрпақ кәмелетке толды.
Бізді қоршаған әлемдегі жағдай да өзгерді. Жаһандану ықпалы артты. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі ғана болып қалған жоқ, ол түрлі геосаяси мүдделердің нысанына да айналды. Жаңа ғасырдың екінші онжылдығында елдің алдында инновациялық-өндірістік дамуға өту жөнінде жаңа әлеуметтік-экономикалық міндеттер тұр.
Осының барлығы, жаңарған қоғамнан, өзгерген әлем алдында өзінің бірлігін терең сезінген жаңа типтегі ұйысуды талап етеді.
Егер мемлекеттің қалыптасу кезеңінде басты міндет этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ұлт Бірлігіне жету болып табылады.
Сондықтан да дәл қазір, азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың, азаматтардың сындарлы ұсыныстарын жинақтаған Қазақстанның Ұлт Бірлігі Доктринасын қабылдау аса қажет.
Ұлт Бірлігі Доктринасы - халықтың, уақыт талабына сәйкес, бірігу қажеттігін түсінуіне негіз. Бұл - бізді қандай күш біріктіреді және біртұтас етеді - соны түсінудің тәсілі. Бұл - болашаққа бірігіп ұмтылудың серпіні.
Доктринаның қажеттілігі өмірдің өзінен, біздің жалпы тағдырымыздан, тарих логикасынан туындап отыр. Өйткені бірліксіз - Ұлт жоқ. Ұлтсыз - мемлекет жоқ. Ал, мемлекетсіз - болашақ жоқ.
Осыларды негізге ала отырып, Қазақстанның Ұлт Бірлігінің төмендегідей қағидаттары жария етіледі.
•I. «БІР ЕЛ - БІР ТАҒДЫР»
Ұлт бірлігін негіздейтін бірінші қағидат - әр азаматтың өзінің ортақ тағдыры мен Отанының - Қазақстан Республикасының - ортақ екенін ұғыну.
Біздің ұлттық бірлігіміз, этникалық шығу тегіне қарамастан, әрбір адамның жоғары деңгейде Қазақстанмен және оның болашағымен етене бірігуіне негізделген.
Қандай да бір елдің азаматы болу - әр адамның тағдыры. Алайда, адамдар әрқашан таңдау құқығына ие - ал біз өз таңдауымызды жасадық. Біздің таңдауымыз терең дара сипатта, осы таңдау - біздің барлығымызды отандастар етеді. Себебі біздің ортақ еліміз, ортақ отанымыз бар, ол - Тәуелсіз Қазақстан. Тарихи тағдырымыздың ортақтығын түсіну және осы таңдауды түйсіне білу - елдің барша азаматын біріктіретін ең басты негіз.
Бір мемлекетте тұрып, өзге елдің заңына бағынып өмір сүру, азаматтың барлық құқығына ие бола отырып, бірақ оның міндеттерін орындамау мүмкін емес. Құқықтар мен міндеттердің мұндай бірлігі біздің тағдырымызды да, болашағымызды да бір арнаға қосады.
Ортақ болашағымызды бірлесе қалыптастырмай тағдырласа өмір сүру мүмкін емес. Тәуелсіздік алғаннан соң біз өз мемлекетімізді бірлесіп құруға тарихи мүмкіндік алдық. Содан бергі жылдарда біз, бәріміз, күшті, қуатты, заманауи мемлекет құру жолында бірге еңбек еттік. Елдің егемендігі, оның территориялық тұтастығы, қауіпсіздігі, экономикалық дамуы, қоғамдық келісімі - біздің бірлескен еңбегіміздің нәтижесі.
Сондықтан біз, бәріміз, бір Отанның ұлдары мен қыздары екендігімізді, ал біздің Тәуелсіздігіміз - сан ұрпақтың орындалған арманы, халқымыздың ерен еңбегінің, ерлігінің және ерік-жігерінің жемісі екендігін әрқайсымыз түсінуге тиіспіз. Тәуелсіздік пен байырғы қазақ жерінде құрылған мемлекеттілігімізді дамыту - біздің басты құндылығымыз болып табылады.
Жаңа тарихи кезеңде мемлекетіміз Қазақстанға өзінің асқақ есімін берген қазақ халқының алдында ұлтты ұйыстырудың алтын діңгегіне айналу жөнінде жаңа тарихи миссия тұр. Жаңа тарихи жағдайда қазақ халқының алдында жаңа тарихи парыз тұр.
Қазақстан тағдыры үшін, өткен ата-бабалар мен болашақ ұрпақ алдында, қазақ халқы - басты жауапкер. Сондықтан да біздің ілгері өркендеп, теңдес және дамыған елдердің қауымдастығына қадам басамыз ба, әлде өткен даңқты жолымыздан жұбаныш тауып, өкпе мен өкінішке көміліп, тарих қалтарысында қаламыз ба - ол қазақ халқының парасатына байланысты.
Біздің ұлы мақсатымыз - этникалық шығу тегімізге қарамай бірігіп, Даңқты Ұлтқа айналу және қолымызда тұрған ең бағалы құндылық -
егемен, тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат ету. Ол үшін біз әлі күнге дейін ынтымағымызға кедергі келтіретін болымсыз істерден және қолдан жасалған кедергілерден арылуымыз керек.
Мұнан шығатын қорытынды, әрбір азамат, қоғам және мемлекет, халықтың, болашақ ұрпақтың алдында өз жауапкершілігін сезініп, төмендегідей қажетті әрі ұтымды шараларды қамтамасыз етуі керек:
- еліміздің барлық азаматының өз тағдырын Отаны - Қазақстан Республикасының тағдырымен бірге әрі терең тамырлас екенін сезінуі;
- бізді ыдыратуға және ынтымағымызды бұзуға бағытталған кез келген ықпалға белсенді түрде қарсы тұру;
- Республика конституциялық құрылысының, территориялық тұтастығы мен унитарлық құрылымының мызғымас беріктігін нығайту;
- ұлттық мүддеге негізделген елдің экономикалық, саяси, рухани, ақпараттық қауіпсіздігін одан әрі нығайту, басқа мемлекеттер тарапынан болатын ақпараттық тәуелділік пен басқыншылыққа немесе қысымға жол бермеу;
- елдің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту үшін республиканың барша азаматын қазақ халқының төңірегіне ұйыстыру;
- ел егемендігінің беріктігіне негізделген халықаралық әріптестік саласында ұлттық мүдде басымдығын ұстану;
- басты байлығымыз - Тәуелсіздікке, жерге, бірлік пен рухани құндылықтарға тағзым ету;
- азаматтар мен қоғам тарапынан мемлекеттілікті нығайту, Тәуелсіздік пен территориялық тұтастықты қорғауға мейлінше жәрдемдесу.
•II.
•III. «ТЕГІ БАСҚА - ТЕҢДІГІ БІР»
Екінші басты қағидат - этникалық, болмаса басқа да шыққан тегіне, діни ұстанымына және әлеуметтік жағдайына қарамай барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру.
Біріміздің алдында бірімізге алдын ала артықшылық берілмейді. Бұл ұстаным біздің бірлік ғимаратымызға берік іргетас болып қаланған. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясында жария етілген.
Бұл қағидат әрбір Қазақстан азаматы өзінің жеке артықшылығы мен шығу тегіне қарамай, қабілетіне қарай барлық мүмкіндігін жүзеге асырып, жетістіктерге жете алатынын аңғартады. Отан мен қоғамға қызмет етуге бағытталған қабілет пен дарын еркін дамуы тиіс, оған ешқандай кедергі болмайды.
Бұл мемлекет пен қоғамның дамуына қолайлы жағдай туғызады: қабілеті мен мүмкіндігі артқан адамдар саны көбейген сайын ел егемендігі нығайып, қоғамның біртұтастығы артады.
Мемлекет тарапынан барлық адамға бірдей әділетті және тең мүмкіндік жасалады. Меншік еркіндігін дамыту - ел өркендеуі үшін қажетті шарт. Орташа тапты жедел қалыптастырудың экономикалық және құқықтық негіздерін жасау - Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін өмірлік қажеттілік.
Теңдік қағидаты ауыл мен қала тұрғындарының, сондай-ақ қайта оралған отандастарымыздың өмір сүру дәрежесін теңестіреді, қалаға келушілердің бейімделуі мен урбанизация үдерісін басқаруды реттейді.
Мүмкіндіктердің теңдігі, шығу тегі мен діни ұстанымына қарамай, әркімнің қоғам мен мемлекет өмірінің барлық саласына қатысу құқығына ие бола алатынын көрсетеді.
Біздің басты байлығымыз - әралуандықтың бірлігі. Сондықтан мемлекет өз халқының мәдени, рухани дәстүрлерінің ұлттық игілік ретінде сақталуына қамқорлық жасайды. Осы қамқорлықтың бір тетігі ретінде мәдениетаралық сұхбаттың айрықша институты - Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі осыған бағытталады.
Біз мүмкіндіктер теңдігі қағидатын сақтай отырып көп нәрсеге қол жеткіздік, келешекте бұдан да зор нәтижеге қол жеткіземіз. Ол үшін азаматтар, қоғам және мемлекет жауапкершілікті тең бөлісуі және мынадай қажетті шараларды пәрменді қолдануы қажет:
- этникалық шығу тегіне, нәсіліне, тіліне, діни сеніміне, сондай-ақ қандай да әлеуметік топқа немесе қоғамдық ұйымдар мен партияларға жататынына қарамастан, адам мен азаматтың құқығы мен бостандығы теңдігін қамтамасыз ету;
- қоғамдағы этносаралық және дінаралық алауыздықтың алдын-алу және жолын кесу;
- этникалық және діни қағидаттар бойынша құрылған саяси ұйымдарға заңмен тыйым салу;
- ұлтаралық қатынас мәселелерін бұқаралық ақпарат құралдарында жалпы қабылданған әдеп нормалары мен қағидаттарын сақтай отырып шынайы түрде жариялау;
- азаматтық теңдікті жүзеге асыру тетіктерін одан әрі жетілдіру;
- ұлттық бірлікті нығайтатын әлеуметтік негіз ретінде орташа таптың қалыптасуын жеделдету;
- әрбір адамның азаматтық құқығын және барлық азаматтың заң алдындағы бірдей жауапкершілігін сақтау;
- ауылдық жерлерді әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағынан дамыту, миграция және урбанизация үдерістерін реттеу.
ІІІ. «ҰЛТ РУХЫНЫҢ ДАМУЫ»
Ұлт бірлігінің үшінші негізгі қағидаты - біріктіруші және бекітуші бастау ретінде Ұлт Рухын нығайту және дамыту.
Рухани бастау - Ұлтты бір тұтастыққа біріктіретін күш. Халықтың рухы күшті болған сайын, оның мемлекеттілігінің де болашағы зор. Бұл - тарихтың және тағдырымыздың басты қозғаушы күші. Тап осы Ұлттық Рух кез келген елдің бет-бейнесін айқындайды, бағыт-бағдарын нұсқап, дамуына серпін береді.
Біздің Ұлттық Рухымызды көтеру үшін негізгі басымдықтар мыналар: дәстүр мен отансүйгіштік рухы, жаңару рухы, жарыс пен жеңіс рухы.
Ұлттың рухы халықтың өзіндік санасының бір бөлігі болып табылатын мыңдаған жылдық дәстүрге, құндылықтар мен мәдениетке, тілге сүйенеді. Осы тіл, дәстүрлі құндылықтар мен қайталанбас төл мәдениетіміз халыққа жүздеген жылдар бойы демеу болып, оны тарих жолында тарап кетуден сақтап қалды. Бұлар бүгінде де бізді өзгелерден айырып, ерекшелейді. Әрі қайталанбас бір тұтас руханиятымыздың іргетасы болып табылады. Сондықтан да мәдениетті, дәстүр мен тілді жаңғырту мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту - мемлекеттің ең маңызды міндеттерінің бірі.
Бұл, ең алдымен, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейтуге қатысты. Оны меңгеру әркімнің парызы мен міндеті, жеке бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге атсалысудағы белсенділігін айқындайтын ұмтылысы мен ынталануына айналуы қажет. Бұл - шешуші басымдық, рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы.
Сонымен қатар мемлекет тарапынан Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностың мәдени, рухани және тілдік қажеттіліктерін қанағаттандыруға қамқорлық көрсетілуі тиіс.
Қоғамның рухани негізі болып табылатын дәстүрлі құндылықтарды арқау ету (тіл мен мәдениетке құрмет, имандылық, отбасы, ұрпақтар сабақтастығы, отансүйгіштік және сыйластық) қазіргі әлемде біздің бірлігіміз бен өзіндік ерекшелігімізді нығайта түсудің сүйенішіне айналуда.
Қазіргі әлем күн өткен сайын елдер мен ұлттарға қатал талап қойып отыр. Олардың ішінде түпкі дәстүрлері мен құндылықтарын жоғалтпаған, үнемі жаңаруға, модернизацияға, бәсекелік басымдықтарын күшейтуге ұмтылатындардың ғана дербес болашақтан үміті бар. Бұл - уақыт талабы, оған енді біз лайықты болуымыз шарт. Дәстүрге сүйенген модернизация мен бәсекеге қабілеттілік біздің ұлттық рухымыздың ХХІ ғасырдағы өркендеуіне негіз болады.
Тек қана ғаламдық деңгейдегі асқаралы міндеттерге ұмтылған ұлттар ғана жеңіске жетеді. Сондықтан бәсекеге қабілеттілікке бет түзеу Ұлт Рухының ең маңызды бөлігіне айналуы шарт. Бұл - Ұлттың алға қарыштап қадам басуының, серпіліп жаңа көкжиектерге ұмтылуының негізі мен кепілі. Қазақстанның әрбір азаматы мұны жақсылыққа, байлыққа, ақылдылыққа ұмтылыс деп танып, туған елінің гүлденуіне қолдан келгеннің бәрін істеу қажет деп сезінуі керек. Әрбір адам өз бойындағы осы қасиеттерді дамытуы шарт, олар жеңіс Рухының өз ғұмырының, қоғам мен мемлекет өмірінің бір бөлшегіне айналуына бар күш-жігерін сарп етуі тиіс.
Қоғамның барлық салаларын модернизациялау арқылы ғана бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге болады. Ал, ең бастысы, модернизация, үнемі жаңаруға деген ұмтылыс ретінде біздің санамыздың ажырамас бөлшегіне, жалпы ұлт Рухының бөлігіне айналуы тиіс. Бұл - біздің уақыт дабылына қайтарған жауабымыз, өйткені дамуға ұмтылмаған Ұлттың күні санаулы.
Бізге ұлт әлеуетін оятатын интеллектуалдық серпіліс қажет. Білімге, ғылымға және инновацияларға көзқарасты өзгертудің өмірлік маңызы зор. ХХІ ғасырда тек интеллектуалды ұлт қана жеңіс тұғырынан көріну мүмкіндігіне ие бола алады.
Тек осындай жолмен ғана, дәстүрлерге сүйеніп үнемі жетілу арқылы, биік мақсаттар қоя отырып ұлттың бірігуіне, Ұлт Рухының нығаюына қол жеткізе аламыз.
Бұған жету үшін мемлекет, әрқайсымыз, бүтін қоғам жауапкершілікті бөлісуі тиіс және қажетті әрі ұтымды мынадай шараларды қамтамасыз етуі керек:
- - Ұлт Рухын дамыту және нығайту, осыны еліміздегі әрбір азаматтың өмірлік бағдарына айналдыру;
- - мемлекеттік тілді дамытуға және оның аясын кеңейтуге ұлт бірлігін нығайтатын фактор ретінде басымдық беру;
- - Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, салтын, тілін дамытуға жағдай жасау;
- - ұлттың, мемлекеттің, қоғам және отбасының мызғымастығына бағытталған рухани дәстүрлерді, адамгершілік құндылықтарды, дүниетанымдық ұстанымдарды сақтау және нығайту;
- - ұлттық құндылықтар мен игіліктерге қамқорлық жасау;
- - жас ұрпақты сыйластық, отаншылдық, Еліне және халқына адал қызмет ету құндылықтары рухында тәрбиелеу;
- - әрбір адам өзінің білімін, қабілетін, кәсібилігін және бәсекеге қабілеттілігін үнемі жетілдіріп отыру;
- - қоғамның өмірлік маңызды барлық саласын одан әрі модернизациялауға байланысты бірлескен дәйекті жұмыстар жүргізу;
- - Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің кепілі ретінде интеллектуалды ұлт қалыптастыру.
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Осы Доктрина халық бірлігін нығайтуға, демократияны, мәдениеттер және өркениеттер сұхбатын дамытуға бағытталған құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, саяси, мемлекеттік басқару шараларының біртұтас жүйесін жасаудың негізі болады.
Доктринаны жүзеге асыру Қазақстанның жедел дамуы үшін, әрқайсымыздың лайықты өмір сүруіміз үшін елдің адами, интеллектуалдық әлеуетін жандандыру мен жұмылдыруға, азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген құқығы мен бостандығын сақтау және қорғауға бағытталған.
Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес, Доктрина қазақстандық қоғамды ұйыстыру үдерісінің басты құралы болмақ.
Ұлт бірлігін қамтамасыз ету - демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетті құрудың маңызды шарты. Мемлекеттің экономикалық өсуі, әлеуметтік ілгерілеуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі ұйысқан және сақталған жағдайда ғана жүзеге асуы мүмкін. Бұл міндетті шешу үшін тәуелсіз, егемен, барлық әлем мойындаған мемлекет ретінде Қазақстанда саяси ерік және қажетті экономикалық, әлеуметтік ресурстың бәрі бар.
Тәуелсіздікті сақтау және мемлекеттілікті нығайту, мүмкіндіктер теңдігін және азаматтар құқығы мен бостандығын қорғау, интеллектуалды ұлт құру және ұлттық рухты дамыту - біздің ұлттық бірлігіміздің басты ұстанымы әрі әрбіріміздің өмірлік қағидаттарымыз болуы шарт.
Осының бәрі алдымыздағы жылдарда еліміздің қарқынды дамуының негізін қалайды.
http://inform.kz/kaz/article/2263392



Мына құжаттың мазмұны қазақи мазмұн екен. Мұқаң бастаған жігіттерді шын жүректен құттықтаймын. Табыстан табысқа жете берейік.
Саят
тәтті сөздерден құрастырылған доктриналарыңызды оқыдық. Ұлттық саясат тұжырымдамасының шалымына да келмейтін ортанқол дүние көрінді.Тәтті сөздер, уәделер, қаптаған "керек-тиістер", үміттендірулер, тереңдік, тұшымдылық, көркем әдебилік жоқ, өзіне өзі серт берген секілді екен, Жұғымы қандай болар екен. Анықтықтан, нақтылықтан гөрі жалпылығы басым. Кешегі доктринаға қарсы шу-шұрқан барысында бұл доктринаның аты әптен жауыр болып, ренішті оятатын атауға айналып еді, жұрт мазмұнына қарап жылы қабылдайын деседе, жүрегіндегі бір мұзы ерімей тұратын секілді ме?! Әлі жата-жастана зерделеп, қайсы бұрышында Қазақстандық ұлттың елесі тығылып жатқанын асықпай саралау керек! Халықтың талқысына салмай бекітіп жібергені қалай? Жақсы болса алдымен жалпы беттік оқып, бағаланып, сосын барып қабылдану керек еді. Асығыстықтың артында шайтандық тұрған жоқ па? Оның жақсы-жамандығына Қазақ ұлты баға беруі керек еді, ал сіздер өздеріңіз құрастырып, өздеріңіз "Керемет" деп мақтанасыздар! Бұл ұят қой! Нағыз даншпандардан басқа ешкімге өз шығармасы ұнамай қоймас!
Доктрина дауын қайта үрлеудің қажеті жоқ әрине! мен де осынау жауыр тақырыпқа шұұқшиғым келіп отырғаны шамалы. Дегенмен әр нәрсенің өз орнымен болуын дәріптеушілер үшін, доктрина да өз деңгейінен ұзамай қызымет етсе жарады, ал ондағы жалпылама сөздер қалай түсіндіріледі, Герменевтикалық, структуралық, функционалдық тұрғыдағы талдаулар қалай болаыд, соған қараймыз да.
-Анахарсис тектілердің біреуі
Мына Доктринаның Қазақ ұлтына берер түгі де жоқ. Қазақстан Республикасы емес, Қазақ Республикасы. Мемлекет - Қазақ ұлтыныкі. Қазақ ұлтына айқын басылымдылық берілуі тиіс. Бізде тұратын өзге ұлттардың өз елі бар. Мына Ел бірлігі доктринасы көп сөзден, жылтыр сөздерден құралған.Мемлекеттік тілді - ана тілімізді, қазақ тілін,Қазақ Респуликасын мекендеген тұрғылықты халықтардың барлығына бірдей жұмыста да,оқуда да, үйде - түзде де күнделікті пайдалануын шынайы заңдық негізде заңдастыру. Тұжырымдама шұбалыңқы жазылған, түсініксіз.Алғашқы нұсқасы басқа тілде дайындалған ба? Міндетті түрде Түп нұсқа ҚАЗАҚ тілінде жазылуы тиіс.
ҚАЙДАҒЫ ҚАЗАҚИ МАЗМҰН? ҚҰРАНДЫҒА АЙНАЛЫП, ТЕГІҢДІ ҰМЫТТЫРАТЫН ЖОБА ҰНАСА МӘҢГҮРТ ШЫҒАРСЫҢ. БҰЛ - ҚАЗАҚТЫ ӨЗ ӨЗІНЕ ҰМЫТТЫРЫП, МӘҢГҮРТ ҚЫЛУ ЖОБАСЫ!!!
Доктринада ЕНУ-дің ректоры Б.Ж.Әбдірайым неғып жүр? Студенті мұғалімдері мен курстастарынан жәбір көріп, асылып өліп жатыр. (05.05.2010ж. 7-канал жаңалықтар сайтын қараңыз) Ал, бұл университеттің тәрбие жұмысын, оқу процесімен далаға тастап, Тоғжановтың қасында тайраңдап жүр. Әр кім өз ісін жөнін білу керек қой. Студент өліп, артында арнайы хат жазып тастап кетсе, өзге елде ондай ректорды дереу қамауға алады. Ал, біздегі жағдай мынау! Жауп беру керек қой!
Жетістірді! Шулап, қарсыласып алып, бір дауыспен бекітілетін қазақ парламентінің заң жобасын қарау тәсілін қайталапты ғой. Бірақ, бұдан не өзгереді. Бәрі бір сол қалпында жүре береміз.
Біздің күткеніміз бұл емес еді.Біріншіден, қазақ республикасы туралы жоқ,екіншіден, мемлекет құрушы қазақ ұлты қайда?Қазақтың маңайына басқаны топтастыру идеясы жоқ.
Жаңа тарихи кезеңде мемлекетіміз Қазақстанға өзінің асқақ есімін берген қазақ халқының алдында ұлтты ұйыстырудың алтын діңгегіне айналу жөнінде жаңа тарихи миссия тұр. Жаңа тарихи жағдайда қазақ халқының алдында жаңа тарихи парыз тұр.
Сонда мынау не? Оқып алсайшы соңына дейін, бірдеңе демес бұрын.
Көзіңді жуып,көзілдірігіңді киіп дұрыстап тұрып оқы!
"елдің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту үшін республиканың барша азаматын қазақ халқының төңірегіне ұйыстыру;"
ДОКТРИНА ҚАБЫЛДАНДЫ ДЕП ҚУАНАТЫН ДА, РЕНЖИТІН ДӘНЕҢЕ ЖОҚ. ЕШКІМГЕ ЕШҚАНДАЙ ПАЙДАСЫ ЖОҚ ШИМАЙ ҒАНА. ЕКІ-АҚ АДАМ БҰДАН ҰТАДЫ. БІРІ - ҰРДА ЖЫҚ ЖАҒЫМПАЗ ТОҒЖАНОВТЫҢ ҚЫЗМЕТІ ӨСЕДІ, ЕКІНШІСІ - БІЛІКСІЗ БАҚЫТЖАН ӘБДІРАЙЫМ СОЛҚЫЛДАП ТҰРҒАН РЕКТОРЛЫҚ КРЕСЛОСЫН САҚТАП ҚАЛАДЫ. АЛ, ХАЛЫҚ ДОКТРИНАСЫЗ ДА ӨМІР СҮРІП КЕЛГЕН, ТІРЛІГІН ОДАН КЕЙІН ДЕ ЖАЛҒАСТЫРАДЫ. ОҒАН БАС ҚАТЫРУДЫҢ КЕРЕГІ НЕ???
Бақытжан креслосын сақтап қала алмайды, кешікпей кетеді, күні бітуге жақын...
Біз неге осы "Байырғы қазақ жері" деп қайталаудан жалықпаймыз. "Қазақ жері" деген бір ұғым. оны байырғы,қазіргі деп екіге бөлудің керегі жоқ. осы "Байырғы" деген сөзді барлық жерден алып тастауымыз керек. Өйткені қазақ жері қазір де қазақтың жері. Ендеше кейбіреулерге "бұрын сендердің жер болған, қазір біздің жер" деген түсінік қалыптастырмау үшін сол сөзден құтылайық, ағайын!
Пікір алынып тасталды!
- Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, салтын, тілін дамытуға жағдай жасау;
----------------------------------------------------
еселеніп жасалынып жатыр ғой...
«Жегенде аузыңа кіргенге, сөйлегенде аузыңнан шыққанға абай бол!».
Қай Ұлт екені ыммен айтылған ба, менің ойымша "қазақстандық" пен "қазақ" ұлтының екеуі де өтпей, екі ортада жәй ұлт шықты. Қазақтың нанын жеп суын ішіп отырып қалай қазақ деген сөзді басшымыз қимады екен,екіншіден өзін Халықпен таразыға салуға болмайтынын білмегені өзі үшін өкінішті, Халық Құдайдын бір аты ғой.
рас, Қазақ елі доктринасызда өмірсүріп келген.Өмір сүре де береді.Өзіміз бен өзіміз қызыл кеңірдек болып қабылдадық Доктринаны.Ал не шықты одан?!
мынау не,осыны оқимын деп басым ауырып кетті,ӨӨӨӨӨӨТТТТТЕЕЕЕЕ түсініксіз
ҚҰСҚЫМ КЕЛІП КЕТТІ
"Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, салтын, тілін дамытуға жагдай жасау" дейді. Қазақтың мәдениеті, дәстүрі, салты, тілі, діні тұралап жатканда басқаны қарық қылмақ па? Орысты осы уақытқа дейін жарылқадық, ендігі кезек кәріс, түрік, ұйғырдікі ме?
Ақымақ ұлтжандысымақтар мен арамза биліктегілер келісімінің нәтижесі екен.
"даңқты ұлт, ұлттық мүдде, ел егемендігі, ұлт бірлігі, ұлт рухы т.б." тіркестен көзің сүрінеді.ҰЛТ. Қай ұлт? Қазақ па? Қазақстандық па? Неге ҚАЗАҚ деген сөзді осы тіркестерге қоспаған. Осы тіркестерге сұранып тұрған жоқ па? Қазақ деген соншалықты қорқынышты сөз бе екен? Осыдан-ақ Қазақ атауының артқа ысырылатыны көрініп тұрған жоқ па. Әйтпесе, Қазақ деген бес әріп сөзді қосып жазу ешқайсысының басына кірмеді ме, жоқ қолынан келмеді ме? Осындай тіркестерге Қазақты қосып жазса қазақылықтың исі мүңкіп тұрмас па еді.
доктрина керек нәрсе, саясаттан хабарыңыз болмаса әрине жоғарыда жазған біреу сияқты оқып болғанша ішіңіз өтіп кетеді :-)) Бұл доктринаның әрбір үтір нүктесіне дейін жақсылап, талдап, сараптаудың орнына....әттең-ай Сауаттылық деген тек жазу-сызу білу емес қой. Халқымыз 99 пайыз сауатты, ол рас. Бірақ толық мәніндегі сауаттылар аз болып тұр. Осы порталға кірушілер де солай. Дым ұқпаса да бір Өттііі деп жазып қалуға тырысады. Ұялса етті..қайтеміз Айдос мырза. Жастардың арасында ағарту жұмыстарын жүргіземіз бе?
Cен ділмарсымай-ақ, қой! Біліксіз ректорың Бақытжанның тасасында тұрып доктрина мәтіндерін жазған жағымпаз екеніңді сөз саптауынан танып тұрмын. Бұрыңғы милиционер, қазіргі тарихшысымақ, халтурщик! ресейдің құлы! жастарды емес сені ағарту керек, малғұн! Елді қазақ емес Қағазстан етейін деп жүрсің ғой, сен З.Қ
ЗҚ. мен ешқандай да Ректордың адамы емеспін, біреумен қатты шатастырдыңыз. Ал ол ғайбаттап отырған адамыңыз кім екенін білмедім де.
Доктрина жасадық деп енді орден дәметіп отырған шығар? Мә сендерге орден деп тұрып іштерінен бір-бір теуіп қуып шықса ғой.
Доктрина ұлттық-демократиялық күштердің жеңісі, енді доктринада жазылған заң жүзінде қабылдату керек, мысалы қазақ тілін білу міндеттілігі автоматты түрде мем№ органдарга ҚР төлқұжатын тек қазақ тілін білетіндерге беруге міндеттейді№
Докторинада Қазақстан ұлты, көп ұлттан тұратын Қазақстан деген сөздердің жоқтығының өзі және "Қазақстанда тұратын этнос өкілдері деген сөздер Біздің Мұхтар аға бастатқан зиалылардың алғашқы жеңісі екенінде дау жоқ. Мұхтар аға жасыңыз ұзақ болсын. Сіздің атыңыздың Мұхтар Шақан деп кешікпей жазылуын күтеміз. Тілектес бауырыңыз Серік.
Жоқ олай емес, Му-Хи-Тар Ша-Хан деп қытайшаға көшкен дұрыс. Онсыз да жерді беріп жатырмыз. Атымыздан өзге не қалды?
Дұрысы, Шиа-Хань деген фамилия жөн болады.
Шихан болсаң болсаң өзің бол, мен -ҚАЗАҚПЫН МЫҢ ӨЛІП, МЫҢ ТІРІЛГЕН!
Пікір алынып тасталды!
Қазақтың мүддесін аяққа таптап тұрып, өзгеге бақыт сыйлаған - ДОКТРИНА!
Билікке жағынып тұрып, атақ дәметкен - ДОКТРИНА!
Доктрина - ұлтын сатқан, арсыздардың бықсығы,
Доктрина - қолдарынан іс келмейтін масылдардың тірлігі!
Бұнда бір іліп алар жағалық:"Бұл, ең алдымен, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейтуге қатысты. Оны меңгеру әркімнің парызы мен міндеті, жеке бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге атсалысудағы белсенділігін айқындайтын ұмтылысы мен ынталануына айналуы қажет. Бұл - шешуші басымдық, рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы."деген тармақшасы ғана.басқасы әлдебір даңықты ұлт жөнынде емексітеді,қажеті шамалы дүниелер...бұғанда шүкіршілік етермыз қазыргі жағдайда.
Ашық болсын,алашымның аспаны!
Күшті ДОКТРИНА!Фашисттер құрысын!Назарбаев жасасын!
Әділ Алаш
ДОКТРИНА - ДАУЫН ҮРЛЕМЕҢДЕР! Ол сендерге саяси ұпай бермейді, қайта тіпті де ұлтшылдарды бөлшектей түседі. Ал мұнда оған қарсы сөз айтып, ұрандап отырғандар дәуде болса М.Шахан ағамызды көре алмайтын әлгі жас арализмдердің әңгімесі болар. Олар бәрін тындыратындай сүрендейді, істеген еш ісі жоқ. Қаралауды кәсіп ететін ұлтжандысымақтар.
ол дау ендігі жерде ұлтшылдардың бір бірін қаралау қатынөсегі ғана болады. Негізі шүкіршілік. Қазақтың кезектегі бас тақырыбы Кедендік Одақ - Кеңестік Одақ!
-- Анахарсис
"байырғы қазақ жерінде
ұлттық мемлекеттілік құру мен нығайту және де
басқа қағидаттарды негізге ала отырып,
қоғам мен ұлтқа
Қазақстанның Ұлт Бірлігі Доктринасы ұсынылады"-дейді. Құдды бір "байырғы үндіс жеріндегі америкалықтар" жайлы сияқты сипаттайды. Бұл доктринаның қазаққа еш пайдасы жоқ. Керісінше, Ұлттық Ассамблея арқылы халықтық дауыссыз-ақ депутат болуға мүмкіндік алған "басқыншылар" үшін "байырғы қазақ жерінде" өз үстемдігін бекітуге қолайлы болмақ.
Дәл айтасың бауырым! Сауатсыз ректор Бақытжан Әбдірайым араласқан шаруа дәл осындай болып шығатыны бүкіл ЕНУ-дегі бізге белгілі жағдай. ДҚҚ
Сөйтіп, әлемде теңдесі жоқ, Қазақстандық ноу-хау - Ұлт бірлігінің доктринасы дүниеге келді. Кейбір отбасыларда баланы қаламаса да,тілемеген бала дүниеге келіп қалады. Мынау құжат соған ұқсас сияқты. Біздің елде тағдырдың жазуымен тәуелсіздік құсы өзі келіп қонды (Назарбаев Совет Одағын соңғы оғы қалғанша қорғап, таратуға қарсы болса да). Біздің елде құдайға шүкір аласапыран жанжал-қақтығыстар болған жоқ. Оған ешқандай себеп те, негіз де жоқ еді. Үш ғасыр бойы рухы басылған қазақ халқы төзімді, шыдамды, жуас болып қалыптасты. Совет режимі қазақтарды нағыз интернационалистер етіп тәрбиеледі. Қазақтар кейбір жерлерінен айырылса да, басқалардың жеріне көз алартпайтын еді. Өзгелердің де Қазақстан жеріне көз сұғатын ешқандай негіз жоқ болатын. Кейбір шовинистердің мақалаларын Қазақстанға төнген қауіп деп бағалау ақылға сыймайтын нәрсе еді. Яғни, осы мәселені - этностардың, халық бірлігін, достықты, татулықты, тұрақтылықты ең өзекті проблема етіп шулатып ұрандатудың еш қисыны жоқ еді. Бұл - қазіргі биліктің алдамшы, қитұрқы саясаты. Былайша айтқанда, халықтың бар назарын әлеуметтік-тұрмыстық, рухани, саяси проблемалардан басқа жаққа аударып, ешкім қарсы болмайтын (беспроигрышная тема) халықтар достығы, ұлт бірлігі деген жасанды мәселелерді алға шығарып отыр. Осыны түсінуге де көп ақыл керек емес шығар. Бұл - кейбір ата-анасының балаларына жаңа ойыншық, кәмпит беріп: бар, далаға шығып ойнаңдар, маған кедергі жасамаңдар, дегенге ұқсайды.
Ал доктринаны оқып шыққанда, арба да сынбасын, өгіз де өлмесін деген мәтел еске түседі. Ұлтшылдардың да, бір қарағанда, кейбір талаптары ескерілген сияқты. Тек сияқты ғана. Негізінде ассамблея ұсынған доктрина көп өзгерместен қабылданыпты. Мәселен, ұлт, ұлт деп көп жазылған. Бір жерде "даңқты ұлт" дейді. Ау, ол қандай ұлт, қай ұлт? Аты кім, заты кім? Әрине, ол - қазақстандық ұлт. Билік жағы кәміл осылай түсініп отыр. "Қазақстандық ұлт" деген атау ассамблеяның доктринасында жоқ еді ғой. Ал сол жоқ атты жаңа доктринадан алып тастадық деп несіне қуанады Мұқтар мен "достар". Бекітілген доктринаның бар мазмұн - діңгегі жаңа ұлт - қазақстан ұлтын құру. Билік бұл ниетінен титтей де болса да қайтқан жоқ. Халықты тыныштандыру үшін қазақ халқы жайында жылы сөздер айтқан болады, соған мәз болсын дегендей. Ал қазақ халқы - мемлекет құраушы ұлт, қазақтар - байырғы, түпкілікті халық (коренная нация) дегендер жоқ. Ұлтшылдардың басты талабы осы емес пе еді. Билік қазақ елі деп атауға көнбей отыр. Тіпті қызыл империя кезінде аталған еліміздің атынан тәуелсіздік алғаннан кейін айырылып қалып отырмыз. Қанша жамандасақ та коммунистер, Мәскеу қазақтың ұлттық мемлекетін (республикасын) мойындаған ғой. Ол кезеңдерде қазақтардың саны 30-40 пайыз ғана болатын.
Доктринада биліктің бұрыннан қолданып келе жатқан ұғымдары мен сөз тіркестері, жаттанды қағидалары қаптап жүр. "Байырғы қазақ жерінде" дейді. Мұны қалай түсінеміз? Көркем әдебиетте, публицистикада болса бір сәрі. Байырғы қазақ жері, қазіргі қазақ жері дейміз бе? Бұрын қазақ мемлекеті болмаған, Назарбаев жаңа мемлекет құрып жатыр дегенге ұқсайды ғой. "... Қазақстанға өзінің асқақ есімін берген қазақ халқының алдында ..." дейді. Бұл сөз тіркесі 86 жылғы көтерілістен кейін Мәскеу бізді айыптап қорлап жатқан кезде шыққан еді. Бізді, қазақтарды неге соншама төпелей бересіңдер, ең құрығанда, республика біздің атымызда ғой деп уәж айттық. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін осылай деудің ешқандай реті жоқ. Халық өзінің атын еліне, республиукаға бермейді, ол - оның қожасы, иесі! Ел сол қожасы, иесінің атымен аталады.
Доктринада "этонстар, этностар" деп қайта-қайта айтылады. Диаспора деген сөз жоқ. Әдейі қолданылмаған. "Этностар" деген ұғымның артында Назарбаевтың "140 ұлты" мен "48 конфессиясы" тұрғаны белгілі. Ал шындығында ғылыми жағынан да, саяси жағынан да қазақ елінде бір-ақ ұлт - қазақ ұлты және диаспоралар - көптеген ұлттардың өкілдері тұрады, нақтылап айтсақ: орыстар, украиндар, белорустар, өзбектер, ұйғырлар, татарлар, т.б. Алайда орыс ұлты, украин ұлты, өзбек ұлты, ұйғыр ұлты, кәріс ұлты, т.б. тұрмайды. Мәселен, біз Өзбекстанда, Моңғолияда, Ресейде, Қытайда, т.б. қазақ ұлты тұрып жатыр деп айтпаймыз ғой. Ол елдерде қазақтар тұрып жатыр. Дұрысы осы.
Басқа елдерде диаспораларға ассамблея сияқты ұйымдар құрылмайды, көбінде мәдени орталықтар ашылады. Олардың өз тілінде сөйлеуіне, жазуына, шоғырланған жерлерінде мектептер ашып оқуына қажетінше жағдай жасалады. Бірақ біздердегідей олардың тілін, мәдениетін, дәстүрлерін дамытамыз деп даурықпайды. Біздің билік диаспораларға жағынып, сайлауларда олардың дауысын жинау үшін бас ассамблеямен қатар әрбір облыстар мен ірі қалаларда кіші ассамблеялар ашып, қажет болсын, болмасын ғимараттар беріп, бюджеттің ақшасын аямай жұмсауда.
"Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес, Доктрина қазақстандық қоғамды ұйыстыру үдерісінің басты құралы болмақ". Осылай делінген. Бұл не, екінші Ата заңымыз ба? Ассамблеяның ролі қайда шарықтап бара жатыр? Ал парламент немен айналысады? Бізде бәрі шым-шытырық болып араласып кетті. Алдағы он жылда осы доктринамен өмір сүретін болдық қой. Амал не. Бір адам билеп-төстеген мемлекетте бәрі болады, таң қалудан қалып барамыз. Шынтуайтқа келгенде, бұл құжаттың ешқандай заңдық құзыры жоқ, мылжың, бос, жаттанды сөздерден құралған түсініксіз дүние. Мысалға, соңғы, үшінші "Ұлт рухының дамуы" деген тарауды оқып көріңіздерші. Ештеңе түсінбейсіздер. Қайдағы бір абстрактылы, жалпылама, ой, болжамдар.
Ұлттық мемлекетіміздің дамуға бет алған темірқазығы осы болса, жетіскен екенбіз.
Ереке-жүрген жері береке
Өзге ешбір елде басқалар демалса да ақпарат медиялары демалмайды. Ал бізде ақпарат тарқатушылар да демалатыны қызық. Жалқауларға дауа жоқ екен ғой!
"Озім-озім боп бір тауып айттым ау" - деп отырсын ау..... Олар не култемір ме екен
Керек болса, кезекпен жұмыс істесін. Әрине, темірден жаралған ешкім жок, бірақ жұмысын тоқтатқысы келмегендер солай жасайды.
Алданба, Қазақ алданба!
Бір ауыз сөзі қалғанға.
Ағалар қайда Мұхтардай,
Бірге барар арманға.
Орта жолда зорығып,
Қанаты мүлде талған ба?
Нұрсұлтан-Қазақстан!Алаш!Қазақ елі!Назарбаев!
НҰРОТАНдық
Пiкiр жазу ушiн алдымен неге макаланы дурыстап окып алмайсындар? Кейбiреу тiптi такырыптан ауып, далага кетiптi.
Лашын.
Еш кімді міндеттемейтін, анық мақсаттармен бағыты жоқ жалпылама декларация екен. Сасқалақтап, жалтақтап тек интелегенцияға арналып жасалған туынды сияқты. Бұнын бәрі орындалмайды, үйткені қарапайым халыққа түсүніксіз.
1917 жылы Қазақ елінің тұңғыш басшысы болып Әлихан Бөкейхан сайланды.Менің оймша Әлихан атамызды Түркия Республикасындағы Ұлы Ататүрк сияқты бірінші бпсшы және ұлт көсемі ретінде насихаттау керек!Астана қаласын Алаш деп қайта атау,және Ақорданың Алдына Әлихан атамыздың ескерткішін орнату керек.Мүмкін Алаш Орданың туын Қазақ елінің ту етіп бекіту,немесе қазіргі туға қосу.Және Қазақстан Рспубликсын Қазақ елі,Қазақия деп өзгерті қажет!
Азат
қателер болса кешіріңіз!көкейімде жүргендіктен асығыстан жаздым.Жасасын қазағым!
Жасасын Жасарәлі деген сияқты екен, олда жаман емес, Аштық акциясын өткізіп жатыр деген еді не хабар бар ағайын.
Пікір қосу