Дина Төлекова, «Хабар» агенттігінің тілшісі: “Ұлт үшін ұлттық 10 арна ашса да көптік етпейді” | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет


Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл күзетшісі.
Ар мен ұят сенбесе – өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі

Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
Астананың бір минуттық шығыны - 600 мың теңгені құрайды
Айтқыш екен
Обал болды көзге де, құлаққа да,--
Сеніп елге бермейсің сыр ақтара.
Қарайтының күдіз-түн бір-ақ канал,
Көретінің бір кісі, бір-ақ қала.

А. Мұқабай, асаба

Загрузка

Дина Төлекова, «Хабар» агенттігінің тілшісі: “Ұлт үшін ұлттық 10 арна ашса да көптік етпейді”

Жәрдемші


- Дина, сіз телевидение сала­сына қалай келдіңіз?
- Негізі, менің мамандығым - заңгер. Десе де, жастайымнан әдебиетке өте жа­қын болып өс­тім. Әу бастан Талдықор­ғандағы жергілікті газеттерге өз шығар­маларымды жариялап жүрдім. Сөйтіп, Талдықорған облыстық телеарнасына кездейсоқ шақыры­лып, сол жерде алғаш журналистік қызметімді бастадым. Міне­кей, содан бері 16 жыл үзбей отандық те­левизияда қызмет етіп келе­мін.
- Бүгінде қазақ журналис­терінің бар­лығы дерлік екі қызметті бірге алып жүрген сияқты. Яки бір жағынан, тілші, екінші жа­ғынан, аудармашымыз. Соңғысы ақы тө­лен­бейтін қызмет. Бұл тұр­ғыдан тілдік жағдай журналистика­ның дамуына, не кері кетуіне әсер ете ала ма?
- Қазақ тілшілерінің арқала­ғаны - алтын, жегені - жантақ. Ал қазақ жур­налистикасының аяғына шідер салып отыр­ған, сол айта-айта жауыр боп, өзіміз ұя­латындай дәрежеге жеткен мем­лекеттік тіліміздің бүгінгі пұ­шайман хәлі. Өзіңіз ойлаңызшы, тәуелсіздік алдық деп атой­латқан 19 жылда бірде-бір ұлттық те­леарнаның ашылмауы - елдігі­мізге, салтымызға сын, ұлтымыз үшін ұят нәрсе. Отандық ақпа­раттық кеңістікте орыстілді БАҚ-тардың үлесі әлдеқайда басым. Елі­мізде орыс тілінде бір жарым мың бұқара­лық ақпарат құралы жұмыс істесе, қа­зақтілді БАҚ-тардың саны - 500-дей ғана. Енді мұны салыстырып көріңіз.
Қазақстан - ақпараттық экспансияға ұшыраған ел! Қазақ журналистикасының проблемасы шаш етектен. Жарнама түгелдей орыс тілінде, оған қазақтілді басылымдардың таралу жағынан қиындық көретінін тағы қосы­ңыз. «Тілдер туралы» заң талап­тарын толықтай орындап отырған электронды ақпарат құралдары саусақпен санарлық. Өзімнің күн­делікті кәсібімнен бір ғана мысал келтірейін. Осыдан 16 жыл бұрын жиналыстар орыс тілінде өтетін, өкінішке қарай, бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келеді. Жи­налыстың соңына дейін қалуға мәжбүр боп, қазақша сұхбат беруді қиылып, күтіп тұратын да - қазақ тілшілері. Қазақша сөйлейтін адам таба алмай, ми­­­­­кро­фон­дарын құшақтап алып, тер­леп-тепшіп, зыр жүгіріп жү­ретін де - тағы да сол қазақ тіл­шілері. Оған қоса, «Жаңа ғана орыс тілінде айттым емес пе?» деп маргинал шенеуніктерден сөз еститін де - менің әріп­тес­те­рім. Содан кейін телеарна­лардағы хабарларға саусақпен са­нарлық экономистер мен сая­­­саттану­шыларды айналдырып алып, шақыра беруге тура келеді. Ал қазақшаға судай Айдос Сарым, Мағбат Спанов сияқты әлеуеті мол азаматтарға белгілі се­беп­термен мемлекеттік БАҚ-тарда сөйлеу мүмкін емес. Тағы бір мысал, мемлекеттік арна­лардан сонау Еуропадан, АҚШ-тан, жалпы, төрткүл дүниеден қазақша ақпар беретін ең құрығанда бір тілшіні көрдіңіз бе? Жоқ, тек орыстілді тілшілерді ғана жал­дайды. Неге? Ағылшын тілін меңгерген, халықаралық тақы­рыпта шолу жасайтын қазақ­тілді журналистер жоқ емес, баршы­лық. Сайып келгенде, БАҚ-тардың бағын ашпай отыр­ған - тілдік фактор мен туған тіліміздің өркендеуіне қолдан тыйым салу. Ал орыс тілін өзіміз ау­да­рып жүргенімізге онша қиналмай­мын. Тіл білмеген соң қиын. Қа­зақ тілінде баспасөз мәслихаты өткізілсе, түсінбей, алақ-жұлақ етіп отыр­ған орыс тілділерге қарап жаның ашиды. Оған қа­рағанда, қазақтілді журна­лис­тер­дің қос тілді меңгергені өздеріне абырой.
- Жасыратын несі бар, «Хабар» ар­насында тым ресми, жағымды ақпараттар көп беріледі деп сын айтылып жатады. Өзіңіз сол арнада қызмет ететін журна­лист ретінде мұндай пікірге қалай қарайсыз?
- «Хабар» арнасы - еліміздегі алып арна. Онда жағымды ақ­параттар берілетінін мен жасы­рып қалғанмен, көрерменнің өзі бәрін біліп отыр ғой. Телевизия - бүгінгі қоғамның айнасы. Ал ол айнадан өз келбетіңді жасыру - әбестік. Мемлекеттік БАҚ-тарды бар­лай отырып-ақ, бүгінгі қазақ­стандық демократияның, сөз бос­тандығының қаншалықты деңгей­де екенін анықтау қиын емес. Осы арнада қызмет еткеніме биыл 11 жыл болады. Ол мен үшін үлкен мектеп болды. Теле­визияның небір тарландарын тәр­биелеп шығарды. Әрине, осыдан бірнеше жыл бұрын өткір про­блемаларды көтеріп, талай та­қырып­тарды талқыласақ, қазір мақтаудан ары аса алмай жат­қанымыз көпке аян ғой.
- Қазіргі отандық телевиде­ниеге қандай телевизиялық жоба­лар жетіспейді деп ойлайсыз? Тә­жірибеңіз бар, өзіңіз де жеке жоба ашуды ойламайсыз ба?
- Әзірге жеке жоба ашқым келмейді. Отандық телеиндус­трияның дамуы көңіл көншіт­пейді. Қазақстандық тұрғындар­дың көпшілігі көбіне ресейлік телеарналарды көруге құштар. Неге? Өйткені көрерменнің тал­ғамынан шығатын хабарлар әлі аз. Ол көбіне бізде сауатты, мық­ты топ-менед­жерлердің жетіспеуі­нен, биліктің белгілі дәрежедегі «шектеу» қоюынан, қаржының жеткіліксіз бөлінуінен, білікті мамандар­дың жетіспеуінен, теле­индустрияның за­манауи техноло­гиялар көшінен қалып қойған­дығынан туындап отыр. Мәселен, ресейлік бір бағдарламаны алып қарасаңыз, оған қомақты қаржы бөлінеді, қаншама авторлар, режиссер-ассистенттер жұмыс істейді. Ал бізде бір тілші бірнеше хабардың жүгін арқалауы мүмкін. Сан көп болған жерде, сапа болмайтыны анық. Егер елі­мізде сандық желі іске қосылатын бол­са, онда телевизиялық кеңістікте мүлдем жаңа мүмкіндіктер ашы­лар еді! Үкімет уәде етіп отыр ғой, уақытында көрерміз. Тарихи-танымдық бағдарламалар жетіс­пейді. Балалар бағдарламасы жоқ­тың қасы.
- Алла қаласа, алдағы ақпан айында Қазақ журналистерінің Бірінші құрылтайы өтеді деп кү­тілуде. Онда әрбір журналист кө­кейдегі ойларын, мазалаған про­блема­ларын айтуы керек. Сіз не айтар едіңіз?
- Бүгінде қазақтың ұлт ретінде жаңаша қалыптасу үдерісі жүріп жатыр. Оған белгілі дәре­жеде ықпал етіп отырған біздің қазақтілді журналистер. Ал осын­дай ұлты­мыз үшін ұлық міндетті атқарып жүрген, қоғамның та­мыршылары - тілшілердің әлеу­меттік мәртебесі әлі күнге анық­талмай отыр. Мемлекеттік немесе бюджеттік қыз­меткер еместіктен, пәтер алуда қиналып жүрген қаншама тілшілер бар?! Сол сияқты «Жарнама туралы» заңға өзгерістер енгізе­тін уақыт келді. Басты проблемалардың бірі - қазақ журналистикасында саяси-экономикалық сараптаулар әлі де аздық етеді. Әншейін эмоцияға берілудің қажеті жоқ. Нақты деректер мен сауатты талдаулар керек-ақ. Көңілді көншітпейтін тағы бір мәселе, бізде объективті материалдар азайып кеткен. Теле­дидарды ашып қалса­ңыз, «гүлден­ген әлемді» көресіз! Көпші­ліктің жеритіні сондықтан. Жуырда ашыл­ған «7 арнада» объективтілік көзге ұрып тұрады. Мәселен, «Ны­сана» бағдарламасын жұрт жаппай көре бастады. Онда бү­гінгі өмірдің шындығы, автордың жан-жақты ізденісі, режиссердің қолтаңбасы, барлығы байқалып тұрады. Сонысымен де, рейтингі күрт өсіп келеді. Бүгінгі көкірек көзі ояу көрерменді жалған, көз­бояушылық танытып, алдау мүм­кін емес.
- Жалпы, қазақ журналис­тері­нің өзара байланысы мен ын­ты­мақтастығына қандай баға бе­ресіз? Журналистердің тілге, саяси ұста­нымына қарай бөлінуі дұрыс па?
- Журналистердің жалпы илеп жүрген пұшпағы бір. Бүгінгі қазақ журналистері арасындағы ынтымақтастық, ауызбіршілік, меніңше, енді қалыптасып келеді. Жуырда қазақтілді журналис­тердің бірнеше семинары өтті. Қаншама өз ішіміздегі өзекті мәселелерді көтердік. Яғни сең қозғалды деуге болады. Және тағы бір айтарым, қазақтілді тіл­шілердің басын қосуда «Абай.кз» сайтының жігіттері біраз үлес қосып жүр. Ұлттық ұнжырғамыз түсіп, өз елімізде өгей баланың кейпін кешкен кезеңде қазақ журналистерінің бірігуі маңызды. Кезінде Сергей Козлов, Геннадий Бендицкий сияқты журналистер­дің басына бұлт үйірілгенде, орыстілді БАҚ-тар шетінен шу­лап жазып, тіпті ми­тинг жасауға дейін барған жоқ па?! Сөйтіп, әріптестерін жаладан арашалап алды емес пе?! Ал қазақтілді тілшілердің басына іс түскенде, жаппай ауызбіршілік танытып, қолдау көрсеткендер өз арамызда болды ма? Болған жоқ. Бұл - қазақтілді журна­листердің өзара ынтымақтастығының әлі де беки түсу қажеттігін айғақтай түседі.
- Ресми түрде айтылғандай, 2011 жыл­дан кейін Қазақстанда толыққанды қазақша сөйлейтін 3 телеарна ашылатын көрінеді. Бұған қаншалықты сенуге болады, оның үстіне, бұл жобалар жүзеге асса да, бүкіл Қазақстан үшін толық қазақша сөйлейтін 3-ақ арна аздық етпей ме?
- Жалпы, тұрғындардың 67 пайызын құраған титулды ұлт үшін ұлттық 10 арна ашса да көптік етпейді.
- Өзіңіз қандай телеарналар­дың көрер­менісіз? Қандай бағ­дарламаларды сүйіп көресіз?
- Мен «Еуроньюс», «НТВ», «Совер­шен­но секретно», «Вести», «РБК», «7 ар­на», «History» арна­ларындағы тарихи-танымдық, саяси-экономикалық са­­рап­та­­­маларды, жаңалықтарды көре­мін.
- Журналистикадан тыс немен айналысасыз?
- Пианинода ойнаймын, тау­ға шық­қанды жақсы көремін.

Әңгімелескен
Кәмшат ТАСБОЛАТ

"Айқын" газеті

 


 




Әзімбай:Баспасөзге орысша сөйлегім келмейді, тілім шаршайды, бірақ орысша білем.



Мүмкін, үдеріс емес, үрдіс шығар?.. ("Бүгінде қазақтың ұлт ретінде жаңаша қалыптасу үдерісі жүріп жатыр.")



Үдеріс деп те айта береді.



Екеуі бір сөз емес, мағынасы әртүрлі.

"Үрдіс" - 1) "процесс" деген сөздің аудармасы, мысалы: "Оқу үрдісін басқару", "Сот үрдісі жүріп жатыр". 2) "дәстүр" деген мағына береді, мысалы: "Құда түсу - ежелгі үрдіс". "Жаңаша үрдістерді дамытайық".

Ал "Үдеріс" сөзі - "тенденция" сөзінің аудармасы, мысалы: "Қоғамдағы әртүрлі үдерістер". "Бұл қатерлі үдеріс".



Дина жайлы бір-екі ауыз пікір білдіргенді жөн деп таптым. Бұл бір адал, адамгершілігі жоғары, тамаша қыз. Бірбеткей, қыз болса да кейбір жігіттерден жоғары тұр. Журналистігі де жақсы. Бізде бір жаман пікір бар, мемлекеттік каналдағы тілшілер ештеңе айта алмайды деген. Аузы -мұрнын байлап тастаса не айта алады, келесі күні ақ жұмыссыз қаласың. Мына сұхбатында әзер шыдап жүргені сезіліп тұр. Саған айтар ақылым, сол ,,Хабарда,, ескікөз болып жүре бер. Басқа каналда оңып тұрған ештеңе жоқ, ,,Самарқандағы қызым одан да сорақының,, кері. Сен мақтап отырған ,,7 канал ,,да интернетте шыққан атып-кетті, шауып кетті дегенді өңін айналдырып келесі күні эфирге береді. Қоғамдағы қаны сорғалаған шындықты беретін бірде бір телеканал жоқ, қарағым. Аман бол, айналайын Дина қарындасым!
P.S Хабардың басшылығы осындай көрікті, тәжірибелі журналисті неге тележүргізуші етпейді.



Жұрт дұрыс дейді ғой, дұрыс болса, дұрыс шығар... Дұрыс болмаса несі дұрыс оның! Жұрт теріс дейді ғой, теріс болса, теріс шығар... Теріс болмаса несі теріс оның!



=)

«Жегенде аузыңа кіргенге, сөйлегенде аузыңнан шыққанға абай бол!».



Қазақ журналистикасының қиындығының бәрі бүгінгі биліктің ұстанып отырған саясатынан шығатын дүние ғой.
Қазақ тілін есіктен сығалатып қою - пси-технологияның бір түрі. Әйтпесе, көзі көретін, құлағы еститін затты орысша жарнамалаудан Қазақ елінде қазақша жарнамалау артық емес пе?
Бірақ ол затты тұтынатын қалталы азаматтар, биліктен бастап. Олар орыс тілді. Орысша ойлайды және орысша сөйлейді. Мәселе сонда сияқты.



"Жарнама туралы" заңды қайтадан түзетіп, толықтырып қайтадан қабылдау керек!Жарнама агенттігіндегі шала қазақтардың сауатсыз жарнамаларына айыппұлдар салынуы керек!Көбіне тапсырыс берушілер қате нұсқадағы мәтіндер алып келеді.Жарнамаға тапсырыс берушіге де қомақты қаржы көлемінде айыппұлдар салынуы керек!Жалпы біздің , әсіресе Елбасының айналасындағылар қазақ тілін әдейі мансұқ етіп, қор етіп, қолдан кедергілер келтіріп отырғаны жасырын емес.Әсіресе Саудабаев мырза сияқты лауазымды тұлғаларға бір басына бірнеше мансап беріп әлдеқандай қылады.Оның өткендегі қазақша сөйлегені бейшаралық, ондайлардың сөйлеген сөздерін әлсін-әлсін беріп /интернеттен/ кімнің кім екенін біліп жүргеніміз жөн.Енді азғана уақыттар қалған шығар, әділ сайлау да болар, көзіміз де ашылар!



Бұл жерде жарнама агенттігінің қандай қатысы бар?



Дина қарындасым қыстығып жүр екен. Дұрыс! Азаматтық ұяты бар адам, оның үстіне профессионал, білімдар журналист солай болуы керек шығар. Мемлекеттік арнадағы басқалар (көпшілік) сияқты атдорбаның ішінде бас шұлғуға бейім емес екен. Туар жаңа заман сені тауып алады, Дина, аман бол.
Ермұрат ағаң Бапи.



Хабардың журналистері әдетте әлаулайлым-халаулайлым деп жасампаз заманымыз туралы әндетіп шыға келетін еді, мына қарындасымның сөзі мүлде басқа екен. Риза болып қалдым. Өзінің қызмет орнына байланысты іштен тынып жүрген журналистер көп шығар деп ойлаймын. Ендеше неге осы порталды пайдаланбасқа? Мына мүмкіндікті мейілінше пайдаланып, ашық жазыңдар. Мен Дәурен мен Айдосты сыртынан білетін адаммын. Бұл екеуі қаймықпайтын батыл азаматтар. Қызметке құл болған кездерін көрген жоқпын.

Қайыржан, өздерің сияқты демін ішіне жұтып жүрген заң саласының қызметкері.



Сол ,Хабарыңда,, ескікөз болып жүре бер деп жазған мен /бұрынғы әріптесің/ едім..Өзің білесің ғой. Сені көрмегелі де 7-8 жыл болыпты. Әдемі, адал, тамаша қыз екеніңді білуші едім, бірақ пианинода ойнайтыныңды білмеппін. Алматыға барсам, пианинода ойнап бересің бе?...



Дина жаны жайсаң, айналасына шуақ шашып жүретін ару. Әдемілікке ғашық бола білетіндер, Динаны шын сұлу (жаны да, тәні де) деп біледі. Ал журналистикасы бір төбе (жалпы "Хабарда" жақсы, сауатты журналистер аз емес, бірақ ойларындағысын айтуға кім ерік беріпті).
Дина сені аса қадірлеймін, сыйлаймын, жақсы көремін! Сенің әр басқан қадамыңа гүл бітсін!



Өзі ұнататын бағдарламаның рейтингінің күрт өсіп келе жатқанын бағамдап жүрген неткен көрген жансың, Дина, Сәкен Әбдиев деген әріптесіңе осы пікіріңді оқыса қалай ғана шыдап сені Нысананы жүргізуге шақырмай отыр екен, А?



К.Тасболат телевидениенің қазақшасын білмей ме?
Теледидар деп жүрген жоқпыз ба, үрдіс пен үдеріс те екі мағыналы сөз.
Тілді қорламайық!



Телевизорды теледидар деп аударып журміз. ал телевидение ол солай болып калады, тілді корламайык деп жаһанга жар салмай турып, біліп алу керек кой.



Телевидениенин аукымы кен ал теледидар ол курылгы гана...



телевизия деп қолданған дұрыс, алғашқы атауы осы, орыстар телеге видение -көру дегенді қосқан



Ашылғаны мәселе емес,ашылғаннан кейін не көрсететіні маңызды!



Дұрыс!

«Жегенде аузыңа кіргенге, сөйлегенде аузыңнан шыққанға абай бол!».



"Хабар" арнасында істейтін жұрналистерде ұлттық сана-сезім, ұлттық намыс бар ма екен өзі? Бәрі жаппай басқа қоғамда, басқа елде өмір сүріп жатқандай, қазақ қоғамының, қазақ халқының бүгінгі бейшара халін білмейтіндей сөйлейді эфирде. Азды-көпті ақшаға бола осындай жерде жұмыс істегеннен ұялмай ма екен? Ертең ел бетіне қалай қараймыз деп ойламай ма екен, шіркіндер!

Пікір қосу

  • Беттер мен электронды поштаның мекенжайлары автоматты түрде сілтемелерге айналдырылады.
  • Allowed HTML tags: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жолдар мен параграфтар автоматты түрде тасымалданады.

Форматтау жайлы толығырақ

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.
2 + 11 =
Математикалық есепті шешіңіз.
 

Мұрағат

Ақпан 2012
ДсСсСрБсЖмСбЖс
-1012345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728291234

Айлық статистика

<<  >>