Кейінгі жылдары қазақ әдебиетінде қалың көпшілікке танымал болған есімнің бірі- Дидар АМАНТАЙ. Жақын арада проза шебері, танымал қаламгер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Дидар АМАНТАЙДЫҢ «ҚАРҚАРАЛЫ БАСЫНДА» деген кітабы жарық көрмекші. Он мың дана таралыммен шыққалы отырған жинаққа автордың әр жылдары жазылған туындылары топтастырылған. Сонымен қатар, кезінде әдеби қауым арасында үлкен серпіліс тудырған, қаламгердің «ГҮЛДЕР МЕН КІТАПТАР» деген атышулы романы да кітапқа енгізілген. Әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова мен жазушы Герольд Бельгердің «ГҮЛДЕР МЕН КІТАПТАР» жайындағы мақалаларын да осы кітаптан оқи аласыздар. Біз төменде сол «атышулы» роман жайында жазған танымал сыншы Әлия Бөпежанованың талдау мақаласын abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына ұсынып отырмыз.
Әлия БӨПЕЖАНОВА
"ГҮЛДЕР МЕН КIТАПТАР" - МӘДЕНИЕТ ҚҰБЫЛЫСЫ
(Дидар Амантайдың жаңа романы туралы )
Бүгiнде сапалық жағынан өзгерiске түсуi заңды қазақ әдебиетiнiң жаңа буынының көрнектi өкiлi Дидар Амантайдың жаңа романы "Гүлдер мен кiтаптар" туралы жазуға ниеттенгеніме біраз уақыт болған. "Әні, міне" деп жүргенімде осы роман туралы аға буын жазушылардың бiр-бiрiне мүлдем кереғар екі пікірін оқыдым. Жаңаға, жақсыға сергек Гер-аға, Герольд Бельгер "Дидардың гүлдері мен кітаптары" атты мақаласында романды жоғары бағалаған /"Central Аsia Monitor",12.08.05, қазақшасы "azamat.kz",02.09.05/. Ал, жазушы-драматург Дулат Исабеков соңғы бір сұқбатының едәуір бөлігін сұқбат алушының қалауымен Дидар Амантайға арнап, оның шығармашылығына, "Гүлдер мен кітаптарға" сын айтады /"Ақжол-Қазақстан", 02.09.05./: "...оны роман деп айтатын болсақ, онда бүкіл дүние романға деген көзқарасын өзгертуі керек,.. оны роман деп айтуға болмайды" деп шорт кеседi.
Мәдени кеңістігімізге шыққанына он шақты жылдың жүзiнде Дидар Амантай шығармашылығы, жоғарыда аталған мақаласында Гер-аға айтпақшы, небір пікір қайшылықтарын тудырып келедi. Менiңше, оның объективтi де субъективтi себептерi бар. Объективтi себебi - Дидардың төл прозамызға саналы түрде құрылымдық өзгерiстер енгiзуге ұмтылатындығында. Ал, оны бiрден қабылдауға, зерделеуге оқырманның оқырмандық тәжiрибесi жетiспей жатады. Ницшеше қисындағанда: «автордың оқырманды ұятқа қалдырарлықтай немесе шошындырарлықтай парадокстары көп жағдайда кітаптан емес, оқырманның өз ойынан шығады». Бұл жағдайдың өзi, жалпы алғанда, қазақ кеңiстiгiнiң бүгiнгi таңдағы рухани-мәдени проблемасы екенiн мойындауымыз керек.
Дидар шығармашылығы көзге ұрмайтын пәлсапалық құрылымымен және жасампаз сұқбаттастық сипатымен ерекшеленедi. Мұның көркем көрiнiстерi - жазушының "Мен Сiздi сағынып жүрмiн" атты он-он екі ғана беттiк повесi мен жүз беттен сәл ғана асатын "Гүлдер мен кiтаптар" романы. Шығарма жанры оның көлемiмен емес, оның ой қуатымен, концепциясымен анықталады. "Мен Сiздi сағынып жүрмiн" сөзi аз, ой кеңiстiгi кең және де ол ой мәдени-философиялық контексте ашыла түсетiн, яғни жаңа заман талабына сай проза. Ал...
"Гүлдер мен кiтаптар" сынды шығарманы мен қазақ әдебиетiнде бұрын-соңды алғаш оқуым.
Бұл - мен үшiн сыншы ретiнде де, оқырман ретiнде де үлкен қуаныш; сын, егер шығармашылық екенi рас болса, сыншы әйтеуiр сыншылық мiндетiнен шығып қана емес, өнердiң өнерлiк тұрғысынан предметтiк әңгiме қозғауға болатын шығарма оқығандықтан туындаған қуаныш.
"Гүлдер мен кiтаптар" - көп планды роман. Әдеттегi ұғымдағы, себеп-салдарлы, классикалық үлгiдегi көп планды да көлемдi роман емес, көлемi шағын, соған қарамастан, конструкциясы өте дамыған - бiрнеше идеяны қат-қабат алып жүретiн роман; оқырманынан мәдени-философиялық оқылымды талап ететiн; "не бередi?" емес, "не аламын?" қағидасымен оқығанда ғана мәнi ашыла түсетiн роман;
яғни бұл тұста автордың емес, оқырманның мәселесi шығады. Басты бiр ерекшелiгi де - осы. Ал, мұндай туынды қазақ көркем әдебиетiне аса қажет-тi.
Романда бiрнеше пласт, қат-қабат бар. Автор оның бәрiн әдемi бiр үйлесiммен алып жүредi. Бiз маңыздылығы жағынан салмақтап, орын бөлмей-ақ, өз қабылдауымыз, яғни өзiмiзден цитата жасасақ, "не аламын?" үдесiнен келгенде, мынадай конструкция құрар едiк:
Бiрiншi шеңбер - ХХI ғасыр, яғни бүгiнгi күн. Әлiшер есiмдi жазушы үлкен бiр кiтап жазуға кiрiскен. Бүкiл ойы сол кiтапқа байланған. Сол кiтаптың идеясы, жазылуы барысындағы күнделiктi өмiрi, таныстары, бүгiнгi өмiр бейнесi, санасында бейнеленiп жатқан әлем бейнесi /картинасы/. Әлем картинасын кейiпкер тiкелей руханиятпен байланыстыра көредi. Сондықтан да ол бiр ерекше тынысты әлем. Бұл - бiр және де кейiпкердiң ұғымында:
... Кiтап дәуренi өткен. Кiтаптың қадiрi кеткен. Кезiнде кiтапқа бас иген, кiтаппен адам болған адамзат оған "сатқындық" жасады. Бұл құбылыс романның бас кейiпкерi Әлiшердiң мұңына, мүмкiн, трагедиясына айналған.
Сондай-ақ тап осы "cатқындық" бiр есептен, оның шығармашылық iзденiстерiнiң бастауы да. Өйткенi, нағыз өнердiң кезеңi - "әдебиеттiң өмiрдiң көркем бейнесi" емес, суреткер жасар жаңа әлем кезеңi екенiн терең сезiнетiн кейiпкер дәстүрлi әдебиет стилiнен саналы түрде бас тартады - өзге өлшемдi әдебиет жасауға ұмтылады. Мұнысынан жап-жақсы нәтиже шығады. Содан да барып оның оқырманы ендi өнер, мәдениет контексiндегi пәлсапа әлемiнде күн кешуге мүмкiндiк алады.
Шығарма "Әлішер" тарауымен, кейiпкердiң түс көруiмен басталады. "...Жорғалап келе жатып ол жердiң иісiн таныды, кiтаптың иісi шығады. Кәдiмгi шаң-топырақ басқан байырғы сары ала қағаздың таңсық алабөтен иісi тап иегiнiң астынан аңқып тұр..." Сiз тап осы түстi әлденеге заявка ретiнде қабылдауыңызға болады.
"... Аспан мен жердiң арасын қалың бозамық тұман жайлаған. Бұл неткен заман болды, ешкiм ойланып үлгерген жоқ, аласапыран аяқ астынан бауырына алып жаншып тастады. Ол ақ шаңқан бұлт iшiмен жайлап ақырын жүзiп келедi... ... Көк пен жер астасқан кезде қасқырдың ұлыған дауысынан аспан қайыра ажырап, көтерiлiп кетiптi деген аңыз бар едi..."
Жазушы жiгiттiң рухани iзденiстерiнiң өзегi - өз түп-негiзiн iздеуi, атап айтқанда, түркi әлемiн сонау түп бастауынан бүгiнге дейiн үзiлiссiз тарихын бiлгiсi, соны жазып-жасап шықпаққа деген ынта-ұмтылысы. Және осы жолдағы өзiнiң саналы iзденiстерi және оны кiтапқа түсiру жолындағы қарекеттерге бастауы. Бұл - екi.
"Дүние үлкен шеңбер iшiнде, ғұмыр үлкен шеңбер iшiнде,.. соған елiктеу" роман финалында шығарма - түс өңге айналуымен тұйықталады. Кейiпкер өнерлiк үлкен мақсаты - "Тәңiрдің Кiтабының" iргетасын қалап шығады. Бұл - үш. Ендi келесi шеңберге шығамыз.
Екiншi шеңбер. Ықылым замандар. Бiрiншi бөлiмдегi "Мұса, Ғайса, Мұхаммед, салла(А)ллаһу аләйһи уә сәлләм", "Заратуштра", "Дао, Бұдда, Құңфұдзы", "Сопы" тарауларында қазақ даласына әртүрлi дiндердiң келiп барлау жасауы, орнығуға ұмтылуы. Өткен күн, өткен кезең, өткен дәуiрлер тарихын бiздер қолжазбалар мен кiтаптардан оқып-бiлемiз. Қағаз бетiне түспеген небiр тарих тағы бар. Сондықтан да адамзаттың рухани айналымға түскен тарихының өзi кей тұстарда күмәндi. Адамзаттың пайда болуы, тарихи ғұмыры туралы небiр аңыз-әпсаналар жеткiлiктi. Автор осының түркiлiк болмысын нұсқалауға ұмтылады. Түркiлер арасындағы алғашқы күнә. Алғашқы өлiм. т.б... Бұл, бiр есептен, сонау түп-тарихтан тартатын жадыны ояту, жаңғырту әрекеттерi... Тәңiрi мен Түркi ұғымы арасына теңдiк белгiсiн қоюға пейiл Дидар романы - "Тәңiрдiң баласы түркiнi жоқтап күңiренген жетiм қоңырау."
Үшiншi шеңбер - Кiтаптар. Гүлдер. Яғни Әдебиет пен Өнер пәлсапасы. Сұлулық пәлсапасы. "Кітап дүниені өзгертпейді. Бірақ, жетім көңіл жалғыздықта оны өзіне медет тұтады". "Асқақ кiтап, әуелі, кiсiлiктiң белгiсi", - дейдi автор. "Гүл,..., бірінші кезекте, әуен." "...гүл - бәрібір, азаттық пен жалғыздықтың жалауы. Азаттықты іздеген жалғыздықтан жеңіледі..." "Кiтап ой ретiнде жалғыздықтың аясында дүниеге келетiн жұмбақ құбылыс, ал гүлдi серiк iздеген жаны нәзiк адам өсiредi. Гүл сезiмдi ой тудырады, кiтап ойдың сезiмiн дамытады."
Төртiншi шеңбер - Кiтаптың жазылу технологиясы, "Тәңiрдің Кiтабының" және жалпы бүгiнгi әдебиеттiң, автор ұғымындағы технологиясы. Инновация неде? ...
Бесiншi...
Алтыншы...
Романдағы әрбiр шеңбердi жеке-дара талдап шығуға болар едi. Әрбiр жеке тарауды да. Мысалы, "Қазақ ақындары" тарауын алыңыз. Бiрiншi пласт, бiр жарым-ақ беттiк суреттеу. Артық-ауыз бiр сөз жоқ... Бiрақ, бүкiл атмосфера бар...
Роман кеңiстiгiне енсеңiз, авторлық оймен қоса өзiңiзге бұрыннан таныс идеялармен, авторлармен ежелгi танысыңыздай жолығасыз. Iштей бiр ырзалықпен "cәлемдесесiз", сонсоң кейде онымен iштей полемикаға түсе бастайсыз. Өйткенi, бiрiншiден, олармен, ең алдымен, автордың өзi полемикаға түседi. Сонсоң - сiз: кейде автормен, кейде автордың авторларымен полемикаға түсесiз. Бiр ғана шарт. Басты шарт - тек сананы, бiлiм қорыңызды, өзiндiк көзқарасыңызды "iске қосыңыз". Сонда сiз:
ХХ ғасыр өнерi мен пәлсапасындағы небiр зерделемелерге автордың зерделемелерiн табасыз.
Айталық, Кiтаптар туралы әңгiме, яғни, журналист Жәмиламен сұқбат әдебиет әлемiнде күн кешетiндерге Хемингуэйдiң "Африканың жасыл қырларын", ал философиядағыларға Хайдеггердiң "Болмыс туралы сұқбатын" еске түсiруi мүмкiн. Тек бұл қайталау емес, Дидардың жазушылыққа, жазуға, кiтапқа өз көзқарасы, өз әлемi. Немесе "Автор" тарауы Борхестiң идеясын дамытқан Ролан Барттың автордың өлiмi концепциясын, "Тілдің дерті" тарауы Хайдеггердiң ХХ ғасырда негiзгi өзек-идея болып келген "Тiл - Болмыстың мекенi" қағидасының ХХI ғасырда Бродскийлер қағидасымен алмасқанын жаңғыртатынын... Романнан қазақтың жыраулық дәстүрі пласттарын да аңдайсыз. Түйiп айтқанда, романның мәдени-пәлсапалық кеңiстiгi кең. Ал, бүкiладамзаттық мәдениет баршаның игiлiгi екенiн еске алсақ, бұл тұста автордың көркем сөз өнерiнiң ерекше бiр үлгiсiнде жұмыс iстейтiнiн мойындамасқа болмайды. Мұндай ерекше үлгiде жұмыс iстеуге оның кәсiби философиялық бiлiмi мен суреткерлiк ұшқырлығы барынша мол мүмкiндiк бередi.
Ойжұмбақтық сипаты бар роман оқырманына пiкiрiн таңбайды, шындыққа үстемдiк жасамайды. Еркiндiк бередi. Мысалы, "Кiтаптар" тарауында автор 215-ке тарта шығарманы, "Қаламгер" тарауында 300-ден астам жазушыны атайды. Бұл - автордың рухани тәжiрибесi. Сiз бұл тiзiмдi өзiңiзше қисындауыңызға болады - өзiңiз қалағаныңызша өзге шығармаларды қосыңыз немесе бұл тiзiмде көргiңiз келмейтiндердi ойша сызып тастаңыз.
Романның авторлық мұрат-мақсатын iздеп әуре болмаңыз. Автор өз мақсатын да, кейiпкердiң мұраты мен күмәнiн де, т.б. туралы өзi айтады да отырады. Өзiнiң айтқан қағидаларын өзi жүзеге асырады.
Мысалы, өзi айтады: "...мақсат үшеу: кiтап дегенiмiз немене, бүгiнгi күн мен тарих дегенiмiз не, түркi дегенiмiз кiмдер?" Немесе бүгiнгi роман қандай болуы керек - автордың ол туралы өз ұстанымы бар. Тiл туралы да. Және де өз қағидасын өзi жүзеге асырады. Оның бiр айқын мысалы - романның екiншi бөлiмiндегi жырлар. Түркiлердiң пайда болуы, ежелгi тарихы туралы 25 жыр - роман iшiндегi роман. "Дәлірек айтса, қос том, он екі кітап, жеті жүз жиырма жыр. Бір томда - алты кітап, бір кітапта - алпыс жыр...Мен қысқа сөйлемдердің үтірмен бөліне отырып, ұзақ сөйлем құраған тілін таңдап алмақшымын", - дейдi автор. Өзi осылай - жыр үлгiсiмен жазады. Ой-сурет-ырғақ-екпiн - бәрi жинала келгенде көркем жыр түзеді... Экспрессия. Бiр жыр - бiр сөйлем. Мысалы:
" бiрiншi жыр,
деп жазды жаңа дәптердiң бетiне, божғын сақарада жаугершілік жылдары түйе қомында сақталып келген асқабы киіз кітаптың соңғы нұсқасы өртенгеніне бір жыл толғанда, Кейіктің аталас немере туысы Анақай қалың әскерін шұбыртып, төңірегіне жарық шашып арқан бойы тік көтерілген күн жүзіне қарата туралай бұрды, Кейік қаған түркі халқы қасиетті жазбалардан көз жазып қалған сәттен бастап сол кітапта таңбаланған бастан кешкен барлық уақиға қайыра оқыс қайталанарын оқыған еді, көп жұрт соңғы бетіне түскен күрмеудің ақырғы жолына аса назар аудара қоймайтын, ал бірақ Тәңірдің көк байрақты түркі ұлыстарына арнаған бұл жолдауында келешекке болжам жасаған ескерту низам бар еді,
екiншi жыр...
...жиырма бесiншi жыр..."
Болмысы - Тәңiрi болып отырған түркiлердiң ендiгi тарихы қалай таратылады. Оқырман ретiнде жалғасын күтесің. "Тәңiрдің Кiтабы" толыққанды түрде қалай, қашан жазылып шығады? Оны жазушының алғашқы бiр романының кейiпкері айтпақшы, әрине, "Дидардың өзi бiледi".
Роман кейiпкерi Әлiшерден авторлық, жеке тұлғалық бастау сезiледi. Ол - адам санасының тұтастығы жойылған, "әлемнiң кiндiгi - адам" қағидасы белгiлi бiр деңгейде мағынасынан айырыла бастаған, бұқаралық мәдениеттiң "жеңiп", адамның, қоғамның өмiр салты, тiптi дүниетанымы озық технологиялар аясында қалыптасып отырған кезеңнiң кейiпкерi деуге болады; белгiлi философ-мәдениеттанушы Әлмира Наурызбаева "постгуманистiк кезең" деп анықтама беретiн кезеңнiң кейiпкерi; алайда, рухани болмысы мықты, бойына өз заманының да рухани-мәдени мұрат-идеалдарын жинақтаған кейiпкер.
Өнер не үшiн керек? Кiтап не үшiн жазылады?
Суреткер Дидар Амантай "Гүлдер мен кiтаптар" романында да мәңгiлiк сауалдардың бiр парасына жауап iздеп шарқ ұрады, осы бiр рухани-пәлсапалық iзденiстерiне оқырманын да ортақ етедi. Романда жасампаздық рух, жанды әлдилер әдемi бiр мұң бар. Ойдың мұңы. Кез келген тарауын жеке шығарма ретiнде де оқуға мүмкiндiк тудыратын Дидар оқырманын ой кеңiстiгiнде еркiн жүздiрiп, өзi жауап iздейтiн сауалдарға өз қисынымен жауап берiп те шығады.
"Гүлдер мен кiтаптар" романы жаңа өнер философиясы ұғымдарынан таратқанда:
- аңыздық сана;
- түс философиясы;
- мүмкiн әлемдер мағынасы,..
тағы да басқа пәлсапалық-көркемдiк тұжырымдамалар аясынан талданатын толыққанды көркем текст. Рухани кеңiстiгi таза, мұраты биiк көркем текст.
"Гүлдер мен кiтаптар" - мәдениет құбылысы.
Әдебиет санасының өскенiн көрсететiн шығарма.
Мәдениет құбылысы жалпылық бола алмайды.
Бұқарашыл бола алмайды.
"Гүлдер мен кiтаптарға" қызығушылық әлдебiр интрига немесе оқиға қуудан емес, ойдың өзiнен, осы прозаның өзi тудыратын пәлсападан туады.
Романды қабылдайтындар да, мүлдем жоққа шығаратындар да бар, әлi бола берерi анық. Оның бiр себебiн сөз басында айттық.
Бiрақ, мұның бәрi - жекелеген адамның ғана емес, әдебиеттiң де санасында жүретiн қарекет-әрекеттер hәм осы қарекет-әрекеттердiң көрiнiсi.
қыркүйек, 2005 жыл




Дидар Амантай біздің заманымыздың заңғар жазушысы. Сыншы Әлияның Дидар шығармашылығы туралы жазған сынының өзі адамды рухани кемелдендіреді екен. Кейкі
Қазақ тілінде шығып жатқан шығармаларды интернеттен оқысақ қой. Үлкен қалаларда кітапты сатып алуға болатын шығар, ал бізге жер шалғай. Осы порталдан барлық жанрдағы қазақша кітаптардың электронды нұсқасын көргім келеді.
Abai.kz - тiң "Әдебиет" атты бөлімі болып еді ғой, сол қайда?.. Білуімізше, сол бөлімде қазақ ақын-жазушылары шығармаларының электронды нұсқалары жарияланады деп жоспарланған. Бұл туралы Ақберен Елгезек ағамыз "Қазақстан" телеранасына берген бір сұхбатында айтып еді (таңертеңгілік хабарда). Сол сұхбаттан соң, көп ұзамай, "Әдебиет" атты бөлім ашылған болатын осы порталда, бөлімде бірнеше шығармалар да жарияланып еді. Қазір сол бөлім жоқ, неліктен? Әлде толықтырылып, қайта енгізіле ме? Біздер сондай бөлімнің енгізілуін сұраймыз, әйтпесе, интернеттен шынымен де қазақ ақын-жазушыларының көркем туындыларын таба алмаймыз. Осы бір тілегімізге назар аударсаңыздар.
Азамат, Семей қ.
аааа
Азамат, әдебиет бөлімі таяу арада ашылатын болады. Бұл бөлімде ақын-жазушылардың шығармалары, әдеби сын, аудармалар, т.б. жарық көрмек. Сондықтан ақпарттық порталымыздың поштасына (abai-akparat@mail.ru немесе dauren-kuat@mail.ru, akberen80@mail.ru) электронды нұсқада сақталған әдеби көркем туындыларды жолдай бергендеріңіз дұрыс.
"Абай-ақпарат"
Басқа жағын білмеймін, бірақ Дидар әуелі орысша ойлап, соны қазақшаға аударып алып жазатын сияқты.
Білетін ақын-жазушыларымыздың сайтын жаза отырайық, қазаққа ортақ дүние ғой.
http://www.kekilbaev.kz/
http://shahanov.kz/
Осылардан басқа кімдердікін білесіздер?
Рахмет! Алла разы болсын Сiзге! Кекілбаевтың сайты бар екенін білмеппін.
"Дидар орысша ойлап алып қазаша аударып жазатын сияқты" деген пікірге жауап.
Дидар - қазақтың жазушысы. Ол көркем шығармаларын негізінен қазақ тілінде жазады. Содан кейін, біздің бұл жігітіміз барып тұрған ұлтшыл.
Дидардың тілінен орысша орамдарды емес, испан-ағылшын тілін байытып оралған баба тіліміздің құнарын табуға болады. Ол қалам үстінде үлкен кеңістікке шығып кететін жазушы. Әлия дұрыс аңғартқан. Оның кейіпкерлері кешегі, бүгінгі, ертеңгі уақытта паралелль өмір сүре алады.
Баянжүректің баласы.
Қазақтың шындықты бетке айтар қайсарлығы, әділдігі қайтып оралар ма екен?! сын айтушылар, өздеріңнен кашып кутыла алмайсындар!
Didardyn songy kitabyn oqiyq, pikirimizdi sosyn pysyqtaiyq. Didardy synaityndardyn kobi onyn kitabyn oqymagan. Shyqsyn kitaby = oqiyq! Biraq, qaidan...
Sait basshylary, Didardyn kitabyn tabuga komektese alasyzdar ma...
Қазір өзі кітап оқитын адам бар ма?
Дидардың "Мен Сізді сағынып жүрмін" деген повесін оқығам. Өте жақсы, құнды дүние. Басқа шығармаларын іздеп жүр едім. Әдемі жазылған екен. Қазақта мұндай туындылар көп қой!
Дидар, кітабыңыз қашан шығады? Қай баспадан? Оқысақ деп едік.
Дидардын жазушылыгы шамалы,ол туралы жазушы емес -казак прозасынын менеджери деу дурыс сиякты.
Дидар Амантайды бағалайтын тәуелсіз ұрпақ: бүгінгі жастар - сахнаға енді келді.
Қазақ прозасы болған соң, құнарлы қазақы бай тіл, ұлттық бояу болу керек. Ол Дидарда жоқ.Ендеше қазақ жазушысы жайлы әңгіме бола ма екен...Дидарда жақсы жарнама бар.Адилгерей өте дұрыс айтады. Талас.
Дидар Амантайды жазушы десендер жетіскен екнсіңдер
Дидар Амантайдың "Кітаптар мен гүлдерін" оқыдым. Менің ойымша Дидар бұдан да жақсырақ кітап жазуға қабілетті жазушы. Бірақ "Келін" фильмін қолдап сөйлегенін түсінбедім.
қой, не десеңдер, о деңдер, тек қана Дидарды жазушы демей-ақ қойыңдар. ондай қырт ойлар барімізде бар, оның бәрін жазып, "аналар мен мыналар" деп шығара берсек - сол әдебиет бола ма не?
Осы Ақберен комменттерге кіріп өзі сұрақ қойып өзі жауап бергеніні қашан қояр екен?
Дидар Амантай біріншщіден, қазақша дұрыс сөйлем құрай алмайтын адам. ол әуелі орысша жазып көрген. онысына орыстар да, орыша білетін қазақтар да күлген. қазақтарға бәрі жарайды ғой деп ойлаған болу керек, сосмын ол қазақша жазуға шықты. ол негізінен қазақ тілін бүлдіруші адам. оны тек Мұрат Әуезов бастаған СОРОСшылармен тенгристер ғана пір тұтады.
біздің заманымыздың заңғар жазушысы. Осы сөзге абай болайықшы. Әуезовке айтылған сөзді көрінгенге қор қылмай...
Айналайын ағайын! не болып барады? бір бірін көре алмаушылық бізден қашан қалады? жиырма бірінші қонақ өзің шығармашылықпен айналысасын ба? Қазақ прозасында мейлі сен қала қалама әлемдік деңгейдегі бағыттар мен ағымдардың лебі кіруде. Қазіргі модернизм, постмодернизм, натурализм сынды бағыттар мен ағымдар көркем әдебиетімізге жат,тұрпайы деген сөздерді әрине естімей жүрген жоқпыз, дегенмен бізге де жаңашылдық керек! Мүмкін бұл жазылған шығармалар ұлттық әдебиетімізде ойып тұрып орын алмасада жаңа леп болғандықтан өзіндік орны болары хақ! Жакулаев Әділ
Пікір қосу