- Көрініп тұрған мінге сын айту - ауған ердің тартпасын қайта тарту керектігін айтқан сыйластық екенін түсінерлік деңгеәге әлі жете алмай жатырмыз. Өкпе назы қойнында, күңкілі көрпе астынан естілетін момын тіршілігіміз шапағатты тек жаратушыдан ғана күтуге мәжбүрлеп, ақылыңды - жасыққа, алтыныңды - тасқа айналдыратындай күйге жеткізді. Күйлілердің сөзі мен күйкі тірлігінен күпті болып жүрсек те селт етер қылық таныта алмайтындай жайға тап болдық.
- Қазір ақылдан тапшылық көріп жүрген ел екенімізді білмейді емеспіз. Тапшы дүниенің құны өсетін еді, бірақ ақылға зәрулік болмағандықтан ақыл-ой қажеттілікке айналмай отыр. "Әділдік орнатуға ақылың жетпесе, дарынды болудың өзі сорға айналады" деген даналардың сөзі шындыққа айналды. Өздерін тәңір деп санап жүргендердің алшаң басқаны ерсілік саналмай, зәрулік пен тапшылық көбімізді соқыр төзімнің құрбандығына айналдырды. Қойын-қонышын пұлға толтырған тойымсыздар "арамдықпен алтын буынғанша, тапқаныңды қорек етіп тыныш отыр" деген ұлағатты сөзге тоқтар ниеті жоқ.
- Айналамызда болып жатырған құбылыстарға енжар қарап, көріп тұрсақ та көргіміз келмейтін, біліп тұрсақ та білгіміз келмейтін немқұридылық, бейқамдық, самауқарлық бойымызға еніп алды. Қай тірлігімізде де ес жинар естиярлық көрінбей отыр. Бұндай пиғылмен ұшпаққа жете алмайтынымызды білмей отырғанымыз жоқ. Бірақ айтсақ та, жазсақ та, сөйлей қалсақ та жабық тұрған есікке жалтақтайтын күйден аса алмай жатырған жайымыз бар. Бұндай келеңсіздікті рухани дағдарыстан көріп отырмыз. Сана сезім, ой-түйсік, жан әлеміміз жаңғырмай жатыр. Өз сыбағасын құлдық ұрып жейтін бағыныштылыққа бейімделіп алдық. Ойының құнары бар, санасының шырағы бар, шен-шекпенділерге емес, парасат пен әділдікке бас иетін намыстыларымыз тақырға шашылған тарыдай болып, әр жерден бір дыбыс шығарып қоюдан аса алмай отыр.
- Жалғыз шапқан саяси аламанда ел байлығы мен жүлде біткеннің бәрін өз сауырына басқан қайраткерлердің деңгейі мен көмейі көрініп қалып жатыр. Ал ұясынан ұзамайтын суырдай ауылға аяқ баспайтын санда болса да, санаққа кірмеген жанашырлардан күткен үміт жіңішкеріп барады. Олар да Рудаки айтқандай " күрескерлік батылдығымыз алғанымыздан емес, бере білгенімізде" дей алатын күйге жете алмай шерменде. Ірілі-кішілі атқамінерлер билігінен айрылса да, білгенінен айрылмаған азаматтарды дұрысты бұрысқа шығарар сыңар көзді санауынан арылар емес. Қалың жұртына таяныш болып, сүйеніш көрсетер іскерлерді тоғышарлардан ажыратып, қолдай алмай да жатырмыз. Жайлаудағы малы түгел дәуренділерге аңғал ағайындарының көнбіс те, можан-топай болғаны керек. Жандайшап даңғой жағымпаздыққа қабілеттілер емес, бәрін де шала-шарпы білетіндер өтімді болып тұр.


