БӘЙШЕШЕК БАҚШАСЫ
Атақты Атымтай жомарт алғашқы кезде, бір жұмада өңкей білгіш шешендерді қонақ қылып, келер жұмада жастарды қонақ қылып, ендігі жұмада қаріп-қасерлерді қонақ қылады екен. Бір күні өңкей шешендерді қонақ қылып, әр қайсысы бір мағыналы күлкілі сөз айтып отырғанда, бір кедей кіріп үндемей отырыпты. Сонда қонақтың біреуі әлігі кедейге: «Сіз де бір сөз айтуыңыз жөн ғой», – дегенде: «Мен сіздердей мағыналы сөз білмеймін, бір аз ғана жыр білуші едім. Соған разы болсаңыз айтайын», – депті. Сонда қонақ болып отырған жақсылардың бәрі де «айтыңыз, айтыңыз» деген соң, әлгі кедей айтыпты:
«Мен сияқты бір кедей
Неше күндей аш еді.
Арын сақтап үндемей,
Көзінде мөлдір жас еді.
Ашығып, тоңып шаршаған,
Шығуға таяп шыбын жан,
Алдында тұрған дастарқан
Үсті толған ас еді,
Нан алып же демейді,
Келемеж қылды кедейді,
Тоқ кісі не демейді,
Иесі өңкей мас еді.
Сонда кедей сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
Қанағат еді көмегім,
Еңбегім еді қорегім,
Тіленіп нанды жемегім,
Ас емес, маған тас еді.
Бірің жомарт, бірің хан,
Бәрің де шешен данышпан.
Хабарсыз біздей ғарыптан
Не қылған қуыс бас еді?
Көлге жауса көп нөсер,
Көгере ме тау мен қыр.
Шөліркеген ғаріптер
Шөл далада қаңғып жүр.
Кедейді нанға телміртіп,
Аштыққа жүрек кеміртіп,
Тамам байды семіртіп,
Жомарттық па осы тұр?
Ақсақ, соқыр, шолақ бар,
Жетім, жесір, олақ бар,
Солар ма осы қонақтар,
Ақылға салып ойла бір!» –
Депті де кедей үйден шығып кетіпті. Атымтай содан кейін ылғи қаріп-қасерлерді қонақ қылып, соларды күтетұғын болыпты.
* * *
Жиі тоқылған жібек бұйымдай құлаққа жұмсақ, тәтті пісірілген сіңімді тамақтай жүрекке жайлы тиетін, жақсы үнді, сұлу сөзді ақындар май айының қызыл гүліндей, қыршын жастардың қызықты, қымбат өмірлерінің қиын сырын сипаттаса, кейде қыс айының декабріндей жайлаған жасыл гүлді қуартатұғын, талай-талай жүректердің тамырын жүзінің нұрымен билеп соқтыратын сұлуларды солған жемістей суалтатын баянсыз өмірдің бақытсыздық мұңдарын сипаттаса, сол айтылған сөз, салған ән қуаныштың да, қайғының да өзіне лайықты сөз ұнаулы үнмен айтылса, дүниеде осыдан жақсы жанға жайлы әдемілік, жарасымдық бар ма екен? Бет сұлулығы – тән сыйы болса, дауыс пен сөз сұлулығы – жан сыйы ғой, әрине, тән сыйынан жан сыйы артық екеніне дау жоқ, бірақ бет сұлулығын әркім-ақ таниды. Сөз бен ән сұлулығын танушы аз.
Бір тұзақшы бір бұлбұл, бір ала қарғаны ұстап алып, екеуін бір шарбаққа қамап қойғанын құс жайын білетін бір адам көріпті де: «Сайрайтын бұлбұл мен бақыратын қарғаны неге бірге қамайсың?» – десе, тұзақшы: «Бұлбұл қайтсем сайрайды? Қарға қайтсем бақырады?» – депті. Ол адам: «Бұлбұлды үлкен жақсы шарбаққа қойып, қонуына гүлденген тал орнатып, алдына әдемі иісті гүлдер қой, қарғаның қонуына өлексенің қу басын қой да, алдына сасыған жемтік таста», – депті. Тұзақшы сол айтқанын қылса, бұлбұл гүлді көрген соң, жас өмірдің жайнаған түрін, өтетұғын баянсыз кәрі өмірдің мұңды сырын неше түрлі нақысты дауыспен сайрапты. Ал қарға қу басты көрісімен қарғып үстіне қонып, алдындағы жемтікке қарап, өңешін созып: «Қарқ-қарқ» деп екі шақырып, жемтікті шоқи бастапты. Сонда әлгі тұзақшы: «Ана кішкентай торғайдан мына қара-ала құсым жақсы екен, бұл тамағын көрісімен қуанып, маған: «Рахмет, рахмет», – деді де, тамағын жеді. Ана, шіркін, тамақ та жемей, рахмет те демей, құры қиқылдап-шиқылдап азапқа түсіп, өлгенше мылжыңдады және мынаның дауысы шыққанда, оның жіңішке дауысын естуге де болмайды. әрине, дауысы зордың пайдасы зор, мәселен, есек адамның көп жұмысын бітіреді», – депті. Былғаныш наданнан таза ғалым қандай жиренсе, таза ғалымнан балғаныш надандар сондай жиренетіні анық.
* * *
Өткен бір заманда Мекке, Мәдинеге Құжаж деген адам патша болған. Елге мейірімсіз, қатты жүректігінен Құжаж залым атанған. Сол Бағдат шаһарінде дұғасы қабыл болатын бір әулие бар деп есітіп, соған барып: «Маған бір жақсы бата беріңіз!», – десе, әулие: «Қолыңды жай да, а құдай, осы кісінің батасын қабыл қыл деп тіле», – депті. Құжаж әулиенің айтып қолын жайса, әулие: «А-құдай! Мына Құжаждың жанын ал!» – депті. Құжаж: «Мұның қалай?» – деп ашуланса, әулие айтыпты: «Шырағым, бұл екі жаққа бірдей пайдалы бата. Сен өлсең, зұлымдық қылудан тыйыласың. Ел сенің зұлымдығыңнан құтылады. Алғашқы туыс – бір туыс, әдет – екінші туыс. Алғашқы туысыңнан түзелуге болады. әдетте тастап түзелу – сендей жуанның қолынан келуі қиын іс, бірақ, шырағым, мен саған бір әңгіме айтайын, соны ұғып алсаң, – сен де түзелер едің», – депті де, айтыпты: «Бұрынғы заманда әлі жеткенге күшпен, әлі жетпегенге айламен зорлық қылып, ел қақсатқан бір залым ұйықтап жатса, қасынан өтіп бара жатқан үш адамның бірі: «Мына залым кешке дейін оянбаса, талай момын зұлымдығынан аман болар еді», – депті. Онда тағы біреуі: – «Тіпті, ертең де оянбаса игі еді», – дегенде, қалған біреуі: – «Шынында, мұның осы ұйқыдан оянбай өлгені артық. Сөйтсе тамам адам зұлымдығынан құтылар еді» – депті. әлгі залым ұйқылы-ояу жатып, сөздің бәрін естіпті де, өзіне-өзі «Үш кісі қауым деуші еді. Мынаның бәрі менен безер болды. Ойлап қарасам, тамам адам баласы бір бауыр, бір дене сияқты, әр адам сол дененің бір мүшесі, бір мүше аурулы, зиянды болса, тамам денені тынышсыздандырады. Мен аурулы мүше екенмін де, тамам адамды тынышсыздандырған екемін. Мен не бұл адамдардың ортасынан кетуім керек, не болмаса барша жанға тынышсыз болатын залымдықты қоюым керек екен ғой», – деп, бұрынғы мінезін тастап, түзеліп кетіпті. Шырағым! Мен кереметті әулие емеспін. әулиелік деген түзу жолмен жүріп, түзу ақыл айту болады. Менің саған соңғы берген батам – осы әңгімем. Мұны қабыл көрсең, сен де түзілерсің», – депті. Насихатты тындаған адамның құлағында қырағы көзі болса, жүрегінде әділ тезі болса, сәті келген дәрідей ем болып, жаман мінезді жазады. Егер ондай болмай, құры ғана қуыс құлақпен тыңдаса, құмға сіңген сумен бір есеп болып, жалғыз тал жасыл шөп шықпайды.
* * *
Арабтың бір патшасына бір уәзірі Ләйлі мен Мәжнүнің жайын әңгіме қылыпты. Мәжнүннің Ләйліден басқа дүниені керек қылмай, даладағы аңдармен бірге жүрген халін адамның жаны ашырлық әсерлі сөзбен айтқандықтан, әлгі патша Мәжнүнді көруге құмар болып, іздеп тауыпты да, Мәжнүнге айтыпты: «Адамшылықтың қасиетін аяғыңа басып, аңмен қосылып, дуана болғандай адамдықтан не залал көрдің?» – дегенде, Мәжнүн айтыпты; «Шын таза асықтыққа ақыл қарсы тұра алмайды. Таза асықтықтың сырын білмегендіктен, мені сөгіп отырсыз. Тым болмаса Ләйлінің нұрлы жүзі қандай сиқырмен менің ақылымды тұзаққа түсіргенін көрген жоқсыз», – деген соң, патша іздеп барып Ләйліні көрсе: жүзі қансыз қара сұрлау, өткір қара көзді, нәзік қана әйел екен. Патша Мәжнүнге қайта келіп: «Ләйліде онша қызығарлық сұлулық жоқ қой? Шын сұлу болса, оған жанның бәрі құмар болмас па еді?» – дегенде, Мәжнүн айтыпты; «Әр ақылды адам әлемнің қиын сырын түгел аша алмайды. әрбір көз шын махаббат нұрын көре алмайды. Ләйліге асық болған көз де, жүрек те сіздікі емес, менікі, Ләйлінің анық нұрын көрем десеңіз, менің көзіммен қарап, менің жүрегіммен ойласаңыз, Жүсіптің сұлулығына таң қалып, кеспе орнына қолын тураған әйелдерге ұсар едіңіз де, Ләйліге махаббатымның қандай дәрежеде екенін білер едіңіз. Дертті көңілде не бар екенін сау көңіл білмейді. Менің жарама себілген ащы тұзды сіз сау қолыңызға сепкенмен ашыта ма? Жүрегіңізді асықтық қанжарымен жарала да, асықтықтың улы тұзын жүрегіңізге сеуіп қараңыз. өмірінде ара шақпаған кісіге мына араның шаққаны ащы болады деп араны көрсеткенмен, шыққан уын ұға ала ма? Аш кісінің ішін өртеп тұрған аштық пәлесін тоқ кісі ескеріп біле ала ма? Біздің басымыздағы іс сізде жоқ болған соң, бұл туралы қанша айтсақ та, сізге бір мылжың өтірік ертегі сияқтанады», – депті. Сол айтқандай, нашардың мұңын, жуанның зұлымдығын қашан айтсақ та ұғушы аз.
КЕЙДЕ КҮЛКІЛІ СӨЗДЕН ДЕ ТӘЛІМ АЛУҒА БОЛАДЫ
Бір адам қызын еңбекші адамға берем деп, сұраған бай балаларына бермепті, бір күні башмақ тігіп сататын бір жас жігіт сұраған соң, соған беріпті. Ол башмақшы тапқанын араққа салып, көңілін көтеретін сорлы екен. Қызды алған соң қызып кетіп, арақ ішіп, қызу күнінде қызды құшақтап ернінен сүйіп, сора-сора қыздың ернін қанатып, салбыратып жіберіпті. Қыздың әкесі қызын көре келсе, қызының ерні салбырап, қанап, қызы жылап отыр екен. Күйеуіне: «Мұның қалай?» – деп ұрысса, күйеуі: «Ататай! Жаза менде емес, қызыңыздың ерні тым қызыл болғандықтан, мен байғұс дәулетім аздығынан тапшы сапиян көзелдерді тістеп созып қалыпқа тартушы едім. Қызыңыздың ернін сорып жатқанда қызыл сапиян есіме түсіп, сол екен деп тістеп сорып жібердім. Ерні оншалық қызыл болмаса, мен соншалық сорар ма едім», – депті. Бұл күлкі үшін айтылған сөз емес, еңбектің де еңбегі бар. Орнына жұмсалмаған еңбек, зұлымдыққа жұмсалған ақыл отқа түскен көбелекпен бір есеп.
ӨЗІМШІЛДІК
Бір байдың қызына шешек шығып, бетін тыртық қылғандықтан, ешкім алмай, аяғында екі көзіне ақ түскен бір соқырға беріпті. Сол кезде Үндістан жағынан көздің ағын сылып жазатын бір дәрігер келгенін есітіп, әлгі байдың бір досы байға келіп: «Сондай дәрігер келіпті, күйеуіңіздің көзін неге қаратпайсыз», – десе бай айтыпты: «Күйеуімнің көзі ашылған соң, қызымның бетіндегі тыртығын көріп, шығарып жібереді ғой. Қызым байдан шыққаннан да күйеуім соқыр қалпында қалғаны артық», – депті. Сонда досы: «Күйеуінің көзін аямаған кісі досының көңілін аяй ма? Енді достықтан айырылайық», – депті.
* * *
Адамда екі түрлі мақсұт бар, оның бірін тән мақсұты, бірін жан мақсұты дейміз. Қара басының қамын ойлап, өзімшілдік, мақтан көксейтін – тән мақсұты. Адамшылық ар мен адал еңбек іздейтін – жан мақсұты. Бастапқыны көксеген адам, зұлымдық қиянатпен болса да, мал, мансап, мақтан табуға құмар болады. Соңғыны көксеген адамның адал еңбек, ақ ниеттен басқа іздейтіні жоқ, ол адам баласын ала көруді, қиянат қылуды тіпті ұнатпайды. Осыны біле тұра адамның қиянатшыл, мақтанқұмар болатынының себебі: адам жас күнінде тәжірибесіз балалық пен сәкекүл сәнді киімге, кеңесшіл кердеңдікке қызығып, соған біржола құмар болады. Бір адам сайтанға махаббат көзімен қарап әдеттенсе, аздан соң сайтанды біржолата періште деп біліп, жанына өлшеген асық жар қылып алады да, Жүсіптей нұрлы сұлудан қара қоңыр бен жыланнан жиренгендей жиренетін болып, өз қылығын өзі сынай алмай қалады. Бір адам асық болып, өзелене күткен асық жары кіріп келсе, жанып тұрған шамды өшіріп тастапты. Сонда асық жары: «Мен келгенде шамды неге өмірдің», – десе: «Сенің нұрыңды көргенде, күн шығып қалған екен деп өшірдім. Күн барда шамның керегі не?» – депті. Менеки, достар! Зұлымдық – қиянат қылып әдеттенгендердің қоя алмайтыны да, адамшылық арды бұзбауға құмарланғандардың адал еңбек, ақ ниеттің жолында құрбан болатындары да әдет алып, шын құмар болып кеткендіктен болады. Адамның бәрі бала болып, ақылы жай толатын болғандықтан, сәнқойлық, көреқызар, мақтанқұмарлықты бірінен-бірі көріп тәлім алады. Өзін-өзі тексеріп, ол әдетті қалдырып, таза ақылға билету әлденеше мыңнан біреудің-ақ қолынан келеді.
* * *
Атымтай жомарт бір күні көп мал сойып, қаладағы кәріптерге тамақ, киім берген соң: «Қала кедейін тойғызсам да, дала кедейі де бар шығар», – деп, даладан іздеп келе жатса, үстінде қырық жамау шекпені бар бір адам отын алып жүр екен. Атымтай соған келіп: «Бүгін Атымтай кәріптерге киім, тамақ беріп жатыр, соған баруыңызға болмас па екен?» – дегенде, әлгі жарлы айтыпты: «Сен Атымтайдың жіберген адамы болсаң, оған сәлем айт! Адал еңбекпен қатын-баласын асырап, артылған еңбегімен өзінен төмен кем-кетікке жәрдем қылуға әлі жетіп, соған әбден құмарланып кеткен адамға Атымтайдың керегі жоқ. Мен бүгін қатын-баламды тойғызарлық отын жиып алдым. Енді анау отырған ақсақ шал үшін отын алып жүрмін. Дені сау адамды Атымтай асырап, тіленшілікке салып жібермесін. Кем-кетікке қарассын! Атымтай малмен мырзалық қылады, мен еңбек, теріммен мырзалық қыламын, қайсымыз мырза екенімізді Атымтай өзі сынасын.», – депті.
* * *
Дүниені көп кезген бір адамнан: «Қандай қатты кейіс, не қатты қуаныш көрдіңіз?» – деп сұрағанда, ол айтыпты: «Африканың зор шөлінде бір керуенмен еріп келе жатып, ауырып жүре алмай, бір судың басында қалып, аздан соң жазылып, керуенге жеткенше азығым таусылып, аштан өлер болып, әлім кетіп, бір жерге отыра кеттім. Алдыма қарасам, бір кеседе қуырылған бидай тұр екен. Өмірімде осыдан қатты қуанғаным жоқ. Енді жейін деп ауызыма салсам, бәрі меруерт екен. өмірімде содан қатты кейіген емеспін. Қайтерімді білмей, қасымдағы дөңкиген құмға қарасам, құмнан бір киімнің етегі шығып жатыр екен. Құмды ашсам, мендей бір сорлы өзін-өзі құмға көміп, өлерінде алдындағы тақырға таяғымен мынаны жазыпты: «Азықсыз аш адамға а басындай алтыннан түк пайда жоқ, менің мына бір кесе меруертім мен белбеуімдегі жүз ділдәм мені бір шақырым жердегі мөлдір бұлақ, жемісті ағашқа жеткізе алмай, аштан өлдім, мені сол бұлақтың басына көміп, моланың басына не тас, не тақтайға: «Азықсыз аш адамға ат басындай алтынның пайдасы жоқ», – деп жазған адамға осы меруертім де, ділдәларым да адал болсын», – деп жазыпты. Бір шақырымда су бар екенін білгенде, жаным кіріп, етегімді беліме түріп, бар қуатымды жинап алып, жүгіріп келсем, мені тастап кеткен керуендер шөлден меспен су алып өтіп, сол бұлаққа тынығып жатыр екен. Керуенге келіп, тамақтанып, көлік әм жұмысшы жалдап алып, әлгі өлікті бұлақ басына көміп, басына қойған тасқа: «Азықсыз аш адамға ат басындай алтыннан түк пайда жоқ», – деп жаздық. Жүз ділдәсін қызмет қылған адамдарға әм көліктердің ақысына беріп, бір кесе меруертті керуендегілерге үлестірдім», – депті. Әлгі қария. Мінекей, достар!
Бір тілім нан – ардақты жанның досы
Ақша деген – мақтаншақ паңның досы.
«Арпа, бидай ас екен,
Алтын-күміс тас екен», – деген осы.
* * *
Бір еңбекші адамды бір бай жалдап алып, қызмет қылғызып жүрсе, әлгі қызметкер қандай тастақ жер болса да жалаң аяқ жүре берген соң, бай: «Сен неге дәйім жалаң аяқ жүресің», – деп сұрағанда, ол айтыпты: «Дүниенің талай бейнетіне шыдасам да, аяғымдағы башпағым тозып, жалаң аяқ қалып, табаным күйіп қатты кейідім. Бір күні жалданған байым қарағай тіліп сатқандардан тақтай алып кел деп жұмсаған соң, барсам, екі аяғы тобығынан жоқ бір бейшара еңбектеп жоңқа жиып алып жүр екен. Соны көргенде, мынаның башпағым түгіл, башпақ киетін аяғы да жоқ. Мен башпағым жоқ деп, асып жүр екем ғой деп, содан бері башпақ табылса да кимей, жалаң аяқ жүруге әбден әдеттеніп, табаным түйе табанындай мүйіз болып кетті, сондықтан маған башпақтың керегі жоқ», – депті.
Басына ауыр қайғы түскен кісі,
Мен деп ойлар адамның ең сорлысы.
Өткен іске өкініп шыжбалақтап,
Келесіден именіп тұрады іші.
Сабырсыздың осындай әрбір ісі,
Түн артында күн бармен жоқ жұмысы.
Ойлап тұрсам, адамның ең артығы –
Ерінбейтін, еңбекшіл шыдамдысы.
* * *
Бір адам қайыр сұрап, көп ақша жиып әбден байыса да, қайыр жиған әдетін қоймапты. Бір күні оны хан есітіп, әлгі қайыршы байды шақырып алып: «Сенде көп ақша бар дейді, соны қазынаға қарыз берсең, өсімінен қазына пайдаланып, ақшаның басын өзіңе қайтарар едік», – дегенде, қайыршы бай: «Тақсыр! Менің ақшам қанағатсыз, арсыздықпен жиналған арам ақша ғой, тырнақтап жиналған арам ақшаға тырнағыңызды былғағаныңыз жарай ма?» – дегенде, хан айтыпты: «Балшық керек қылған бір бай балшық басқан біреуге бір арба балшықты сатамысың десе, арам суға басылған балшық еді, онысын айтпай сатсам, арамдық болады ғой», – деген екен. Сонда балшық алушы «дәретхананың жыртығын жамауға жарар» деп алған екен. Ақшаңды сондай орынға жұмсармыз», – десе қайыршы бай: «Тақсыр! Сіздің дәретханаңыз біздің үйімізден таза ғой, менің ақшам оған жарамас», – депті. Сонда хан: «Бір адам бір бөшке су алып келе жатса, біреу суыңды сатамысың десе: «Суым арам су еді», – депті. Су алушы: «Олай болса өлген (жәһудті) жебірейді жуғанға жарар» деп алған екен. Ақшаңның өсімін сондай орынға жұмсармыз», – дегенде, қайыршы бай айтыпты: «Құрама жиып ел қылған, құрақ жиып тон қылған, мейірімді ханымыз, сіздің қол астыңызда әлденеше дінді елдер бар ғой, жебірейді арам сумен жуды дегенді естісе, сізге елдің көңілі қалар. Сондықтан менің ақшамды алғаныңыз өзіңізге зиян болады ғой», – депті. Сонда хан билік айтатын қазыны шақырып алып: «Біреу әркімді алдап, арам оймен ақша жиса, ол көп ақшаның анық иесі табылмаса, сол ақшаны қалай қылу керек?», – деп сұрағанда, қазы: «Ондай ақша екенін не жиып алушы мойнына алса, не екі таза куә мойнына салса, ол ақшаны түгел қазынаға алып, кәріп-қасер, оқу-білім жолына жұмсалады», – депті. Хан жалма-жан қала билеушіні шақырып, әлгі қайыршы байдың ақша-мүлкін қазынаға алғызыпты да:
«Көрінгенде келмесең,
Көз ұшына кетерсің.
Орындыға бермесең,
Өкініп зарлап өтерсің!»
деп, қайыршы байды бастапқы сорлы қалпына түсіріпті.


