Сағымбай Ботпайұлы. Әлкей Марғұлан және Алаш қайраткерлері | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет


Абұйыр, атақ сол жанда –
Кімді көп жұрт мақтаса.
Ол мақтаудан не пайда,
Көп мақтауын таппаса?

Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
1996-2004 жылдар аралығында Ресейде білім алған қазақстандық 2 мың әскери қызметкердің оқуына 135,73 миллион доллар қаржы жұмсалған.

(Қаржы министрі Болат Жәмішовтың дерегі)

Айтқыш екен
- Мұрагеріңіз, ізбасарыңыз бар ма?
- Мұрагері-і-і-і-м-м-м... Ізбасарым жоқ. Ізіме түсетіндер көп-ау, бірақ...


Мемлекеттік маңызы ерекше мекеме басшысының мұңы

Загрузка

Сағымбай Ботпайұлы. Әлкей Марғұлан және Алаш қайраткерлері

Жәрдемші


Қазақтың алып даласы елге тұтқа болған талай тархандардың әрі әлемге ғылым-білімнің нұрын төккен ғұламалардың құтты мекені, ырысты өлкесі болған. Тектілікке тән жасампаздық ғұмырын өмірінің асқақ тұғыры деп білген ұлт зиялылары елге қызмет етудің құтты білігін рухани жарасымда өркендеудің күре тамырына айналдыруда өшпес із, мәңгілік өнеге қалдырды. Қазақ руханиятындағы сондай кемел қасиетке ие дара тұлғалардың бірегейі -Әлкей Хақанұлы Марғұлан.

Ақжан Машани қазақ даласының ұлы перзенті Әл-Фараби мұрасының маңызын ғалымның имани қасиеттерімен байланыстырып: «Ғылым деген сөздің өзі аса жоғары қасиетті есім. Ол өзі көп тараулы, терең білімді, шексіз ғаділ, қайырымды, адамдық ардың жоғары дәрежесін тұтынған адам болу керек. Ондай Есім ешкімнің алдында жалбыранып, бақыт іздеп, бас имеске керек. Ондай адамды дүние пұлы, әлемнің бағы, патшаның тағы қызықтырмаған керек. Оның іздегені ғылыми хақиқат. Ол бір тұрған адам баласының ақыл ойының бейне бір әлемге бірдей шам шырағы болу керек. Ғалым Есіміндегі өзінен жоғары мәнсаптың алдында шыбындау, өзінен төменнің алдында қырыңдану сияқты сасық паңдық деген болмас керек. Осындай Есім күнделікке азбайды, мәңгілікке тозбайды. Ондай Есім бізде болған ба? Болған, ол - Фараби» деген болатын. Осы бір ілкі қасиеттердің қазақ топырағында Шоқан Уәлиханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәтбайұлы, Бауыржан Момышұлы сынды ғасыр саңлақтары арқылы дәстүр арнасында жаңғырып, отандық тарих пен мәдениет, әдебиет пен өнердің сан ғасырлық мұрасын кешенді зерттеген Әлкей Хақанұлы Марғұланның ғылыми-шығармашылық тұлғасымен сабақтасуы ғажайып та заңды құбылыс.

1919 жылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының баласы Әмен қамқорлығымен Керекудегі мұғалімдер курсында оқыған дарын кейіннен қыр перзенттерінің рухани орталығы болған Семей педагогикалық техникумында білімін ұштады. Шәкәрім ақын «Таң» журналына жаңа әнмен байғазы», «Таң» журналына тағы бір әнмен байғазы» өлеңдерін арнаған «Таң» журналының (1925 жыл. Наурыз-маусым) және «Қазақ тілі» газетінің (1919-1929) редакциялық істеріне араласып, алғашқы мақалаларын жариялайды. Бұл ретте Әміре Қашаубаевтың Париждегі концерті, жүлде алуына қатысты жазған мақаласы ерекше назар аудартады.

Қандай да болмасын таланттың бойындағы хас даралық қасиеттерінің тұнық тұмасы - туған жері, өскен ортасы. Міне, Мәшһүр Жүсіп, Жаяу Мұса, Имантай сынды ұлт рухани мәйегін кейінгі ұрпақ санасына сіңірген тарландардан бата алған дарын ғалым болып қалыптасуына Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Әбікей Сәтбайұлы, Қаныш Сәтбайұлы, Хакім Иманбекұлы, Жағыпар Секербайұлы, Жаяу Мұса ерекше әсер еткенін зор ілтипатпен атап көрсеткен-ді. Ал Алаш арыстарымен рухани арнадағы шығармашылық тығыз байланыста болуы Әлкей Хақанұлының азаматтық тұлғасы және ғалымдық келбетіндегі ұлттық ұстанымдарының мызғымас негіздерін мәңгілікке қалады.

ХХ ғасыр бедеріндегі қазақ ғылымының Атилласы іспеттес тұлғаның  1926-1927 жылдары КСРО Ғылым академиясының одақтас және автономиялық республикаларды зерттеу жөніндегі комитет мүшесі академик А.Е.Ферсман, профессор С.И.Руденко басшылығымен Қазақстан және Алтай бойынша ұйымдастырылған экспедияларының жұмысына қатынасуы болашақ ғылым ізденістеріне кең өріс ашты. Әсіресе экспедиция барысында Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханмен бірлесіп қызмет атқаруы өмір белесіндегі тарих тартуы тұрғысынан қалам қарымына, елшілдік мұраттағы отаншыл қасиетіне бұла күш дарытты.

Саяси қысым шығармашылық еркіндікті үнемі тұсаулап отырғанымен, ғалым өз естеліктерінде Алаштың рухани көсемдерінің ұлт керегі дегеннен бас кетсе де тартынбаған ерен еңбектері мен қастерлі есімдерін қашанда зор құрмет сезіммен еске алып отырды. Мысалы, «Біздің Мұхтар» (1976) атты жинаққа енген «Алғашқы өрлеу» мақаласында «...Мұхаңның атын көпшілікке әйгілі еткен ең алдымен «Абай» журналы еді. Бұл журналда Мұхаңның беташары деуге болады. Өйткені оны бірінші рет ұйымдастырып, оның негізгі мақалаларын жазған көбінесе Мұхаңның өзі болатын. Бас редакторы - Жүсіпбек Аймауытов» деп жазды. Ал Мағжан ақынның сұлулық әлемінің тылсым құдыретін Жүсіпбек Аймауытұлынан кейін эстетикалық биікте әдіптеген де Әлкей Марғұлан болатын. «Менің өз білуімде, қазақтан сол кезде екі әдемі кісі болатын. Мынау сұлулықты, ләззәттылықты, сосын дүниедегі жақсы нәрсені жақсы көретін екі кісі  болып еді. Біреуі - Мұхтар, екіншісі - ақын Мағжан болатын. Осы екеуінің түріне қарағанымызда, құлпырып тұрған қыран құстай оларға еш пенде жетпейді деп ойлайтынбыз» деген тебіреніс күйіндегі сағыныш сазымен өрнектей отырып жеткізді («Ақ Орда». 1993. №2).

Алаш зиялылары ер басына күн түскен алмағайып әрі ар өлшемі таразыға тартылар тайталас тағдыр тауқыметіне қарамастан ата-баба қанынан дарыған имани қасиеттеріне берік болды. Оның терең тамырлы діңгегін дауылды жылдар екпіні де шайқалта алмады. Сталинизм зобалаңында Алаштың арда ақыны Мағжан Жұмабайұлы тергеушінің: «Ленинградта тұрғанда кімдермен байланыс жасадыңыз?» - деген арандатқыш сұрағына: «Ленинградта көп тұрғаным жоқ. Елден әйелімді шақыртып алдым. Досым, әрі поклоннигім Әлкей Марғұлан есімді жігіт жиі келіп тұрды, әйтсе де көп ұзамай ол жігіт ауырып, ауруханаға түсті. Содан байланысымыз үзіліп қалды» - деп жауап берді. «Ойнайды заман сойылы - ақын өлтіру ойыны! Заңын да салып соңына, жарын да салып соңына, көріне даусын жеткізбей, еліне даусын жеткізбей, аузы мен мұрнын тығындап, сыртынан сұмдар сыбырлап, жас бала демей қарбытып, баспана бермей қаңғытып, ойнайды заман сойылы - ақын өлтіру ойыны» (Жұматай Жақыпбаев) қазақ ұлтының зиялы қауымын қынадай қырған өлара тұста арлы ақын Мағжан Жұмабайұлы Алаш аманатын арқалаған Әлкей Марғұланды саяси арандатудан қорғап қалды. «Ішкі істер наркомының айлакер тергеушісі кейіннен Мағжан аузынан шыққан кісілердің тізімін жасапты. «Қайсысы қай жерде жүр» деп әлгі тізімді қайыра әкеліп алдына тартыпты. Сонда Мағжан Әлкей Марғұлановтың тұсына «өлді» деп белгі соғыпты»  (Досжанов Д. Абақты. - Алматы. 1992. 267-бетте). Міне, Мағжандай ұлт перзентінің елдік қасиеттерді асқақ тұтқан өрлігі мен ерлігі Алатаудай асқақ, Ұлытаудай нар тұлғасындағы парасат әлемінің ұлық дидарын асқақтатата түседі. Осы ретте Әлкей Хақанұлының азаматтық һәм ғылыми-шығармашылық тұлғасының қалыптасуындағы Алаш қайраткерлерінің өрісті ықпалы ғұламаның ғылыми ғұмырнамасын тұрғысынан терең екшеуді, байыпты зерттеуді қажет етеді.

Әлкей Марғұланның естеліктері Алаштың ақылмен ақындары мен сал-серілерінің өршіл рухтағы әсемдік күйге бөлейтін сыршыл әуезге толы ғажайып та жарқын ойға толы бір бүтін жойқын әлем іспеттес. Қазақ әдебиеті мен өнері Халық университетінде 1974 жылы 16 тамызда сөйлеген сөзінде Мұхтар Әуезұлы туралы тереңнен сыр шертіп, суреткердің әсемдік әлеміне қатысты: «Ол алтын адам  бейнесін жасаған суретші, оны әдебиеттің сұлулық қақпасына әкеліп кіргізген кісі... Мұқаң адамшылыққа жол ашқан, айға, аспанға, жұлдызға ұмтылған кісі. Әуезов көптеген шығармаларында көтерген мәселелері - терең ойлы, ар намыс, шындық, адалдық. Ар, намыс, шындық бәрі бір категория. Ар, намыс бар жерде шындық та болады. Оған негіз болған нәрселер - Абай үлгісі, Абайдың школасы, мектебі десем, шынында Мұқаңның жаңағы ой қазыналары көбінесе кемеңгер Абайға барып тіреледі» - деп дәстүр негіздерінің болат өзек түп төркініне ой сала зерделейді.

Семейде Мұхтар Әуезұлымен танысқан Әлке Хақанұлының Абай туған қасиетті Шыңғыстауда болуы да оның өмір белесіндегі айтулы кезең-ді. Асылдың сынығы Тұрағұлмен жүздесіп сырласуы қазақтың бас ақынының көркемдік құпиясына енуіне, ұлт рухының айбыны болған қасиетті мекеніннің рухани тыныс-тіршілігімен етене танысуына серпін берді. Ақын туған орта, оның текті ұрпақтарына қатысты құнды да маңызды тақырыптар білгірлікпен қамтылған естеліктерінде сол бір ұмытылмас күндер жайында «Шыңғыстаудан алған алғашқы әсер өте тамаша еді. Өйткені талай ауылға бардық, Тұраштың өз үйінде болдық, әлгінің бүлдіршіндей балалары сөйлегенде, былай өлең айтқанда, олардан бір жақсылықтың, бір сұлулықтың исі аңқып тұрғандай көрінді» , «Жебеш деген әнші болды Тұрағұлдың баласы - Жебірейіл деген. Жебірейіл сияқты Абайдың өлеңдерін ешбір пенде осы күнге дейін айта алған емес. Оны жұрт Жебеш дейтін. Жебештің «Қараңғы түнде тау қалғыпты» айтқаны анау Орда тауының түбінде отырып, әлі күнге дейін құлағымда» деп тебірене жазды. Тұрағұл Абайұлы (1876-1934), Жебрәйіл Тұрағұлұлының (1903-1930) шығармашылық тұлғасын ашудағы сырлы сезімдегі эстетикалық толғаныстары Ә.Марғұланның өнер құдіретін айрықша бағалаған жан әлемінің көркемдік иірімін танытады.

Ұлт руханиятының алтын бесігі Шыңғыстау өлкесі туралы естеліктерінде Шәкәрім Құдайбердіұлына қатысты деректер кездеспейді. Десек те жаһан ғылымы мен ілімін терең игерген ғалым Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресімен» (Орынбор, 1911) жан-жақты таныс болды. Қайым Мұхаметқанұлы «Шаһкәрім» зерттеу мақаласында ақынның аталған шежіресіндегі Алаша ханға қатысты тарихи деректерді айта келіп, Абай мен Шаһкәрімнің берген мағлұматтарын академик В.В.Бартольдтың еңбектерінен көреміз деп жазады (Қараңыз: Мұхаметқанұлы Қ. Шаһкәрім. Кітапта: Шәкәрімтану мәселелері. - Семей, 2007. 69-бетте). Ал Әлкей Марғұлан Ленинградттағы Шығыс институтының түркология бөлімінде, сонымен қатар тарих-филология факультеттерінде қатар оқығанда және де Өнер институтында дәріс тыңдап жүргенінде Орта Азия тарихы мен археологиясы жайында академик В.В.Бартольд дәрісінен нәр алғаны мәлім.

Санкт-Петербург университетінің шығыс тілі факультетін тамамдап, ғылыми-оқытушылық қызмет атқарған әрі Орта Азия мен қазақ даласының тарихын, мәдениетін терең зерттеген В.В.Бартольдтың (1869-1930) Шәкәрім шежіресімен таныс болғаны да еш күмән тудырмайды. Міне, Әлкей Хақанұлы Шәкәрім Құдайбердіұлы шежіресіндегі кейбір тарихи дерек көздерін «О носителях древней поэтической культуры казахского народа» (Кітапта: М.О.Ауэзову. Сборник статей к его шестидесятилетию.А.,1960) зерттеу мақаласында келтіреді. Абай қолжазбаларын мұрағаттардан тыңнан тапқан ғалым «Абай шығармаларының негізгі нұсқасы болып табылатын Мүрсейіт Бікеұлының дәптерінен басқа князь Кудашевтің, Садуақас Мұсаұлының, Г.Н.Потаниннің, И.Я.Коншиннің тізбелерін салыстыра зерттеп, олардың жазылған жылдарын анықтады. Кудашев тізбесінің Садуақас қолжазбасының көшірмесі екенін дәлелдеді» (Т.Рсаев). Өз кезегінде қолжазбаны бірінші рет тізген Мәшһүр Жүсіп Көпеев екенін, ал Садуақас өз дәптеріне көшіріп алғанын да дәйектеп, ол тізбеде Абай шығармаларынан басқа бірнеше ақынның, соның ішінде Арыстан, Табынбай, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің жазғандары да бар деген құнды дерек көздерін нұсқады («Қ.Ә».1969.16.ҮІІІ).

«Хандар жарлығының тарихи маңызы» (1943) атты кандидаттық, қазақ ғылымының тарихында тұңғыш рет «Қазақ халқының эпикалық жырлары» (1945) деген тақырыпта қазақ эпосынан докторлық диссертация қорғаған Әлкей Хақанұлы Марғұлан ғылыми зерттеулерінде отандық  тарих пен әдебиет, мәдениет пен өнері ажырағысыз тұтастықта кешенді қарастырылды. Осы бір ғажайып қасиеттер ғалым еңбетерінде үзілмес арқау, ортақ желі болып өріліп отырады. Тоталитарлық жүйедегі ұлттың терең тамырлы рухани мұрасын еуропацентристік қалыпта қарастырудағы таяз тұжырымдарға тойтарыс беріп, қалыпқа сыймаған кемел ойларымен әлеумет ой-санасын ұлтсыздандырудан сақтауда рух асқақтығын танытуда Алаш аманатындағы парызын атқарып өтті. Бұған бүгіндері де ғылыми мәні мен мағынасы жойқын еңбектерін тізбелемей-ақ бір-екі зерттеуіндегі терең ойға назар аударсақ Марғұлан мұратының мәңгілік темірқазығындағы түркілік тамырымыз, Алаштық аңсарымызға жаңадан қан құйылады. Мәселен «О носителях древнего поэтического искусства казахского народа» (Кітапта: М.О.Ауэзову. Сборник статей к его шестидесятилетию. А.,1960) зерттеуінде жырау тұлғасы, қоғамдық өмірдегі тұғырына қатысты құнды ғылыми тұжырымдар жасалса, «Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер...Қазақтың сал, серілік дәстүрі» еңбегіндегі ғылыми талдаудағы ойөріс тереңдігіне иланамыз. Қазақтың сал, серілік дәстүрінің бастауын Түрік қағанатымен байланыстыруы («Серілікті әдет қылған ойшы кісінің бірі - Иоллық тегін деген кісі. Ол өзі ғажайып аңшы, мерген, атты күтіп ұстайтын бапкер, сонымен қатар асқан ақын, жырау болған»), аталмыш өнер биік сатыға жеткен қазақ дәуіріндегі хандар тұлғасын айшықтауы («Қазақ хандарының көбі өздерінің бабалары Жошы, Ордаежендердің серілік дәстүрін жалғастырған. Ең бірегейі - әз Жәнібек. Ол атақты аңшы, құладынға қу ілдірген саятшы болып, ойын-сауықты көп қуып, ел-елді аралап, қалыңдық іздейді екен». «Серілікті аса биік сатыға жеткізген Есімхан. Оның қамқа тоны, басындағы бөркі, аяғындағы қызыл етігі тегісімен алтынмен кестеленіп отырған»), кейінгі кезеңдердегі сал-серілер шығармашылығындағы тұтас өнерпаздық қасиеттерді дәстүр ұласуымен бірлікте екшеуі соның айқын дәлелі. Ақан серінің көркемдік әлемін, эстетикалық тұғырын зерделеудегі пайымдары Мағжанның «Ақан сері» мақаласының стилін айқын аңғартады.

Сағымбай Ботпайұлы Жұмағұл,

Е.А.Букетов атындағы

ҚарМУ оқытушысы

«Абай-ақпарат»


 




Баяғы жартас бір жартас! Айтар ойы, түйіні жоқ мақала.



"Анау былай деді, мынау солай деді" дегеннен басқа түк жоқ. Өзіндік позиция деген қайда?



Семейдегі курстасыңнан сәлем. Сағымбай досым, шаршаған секілдісің. Өзіңе бір сын көзбен қарашы. Өзгенің пікірін тізбелей бергеннен не табасың. Кішкене саябыр тапқаның оң болар. Жаңалығы жоқ дүниеден бойыңды аулақ ұста.



Әлкей Хақанұлы Марғұланның еңбектерін сіздің талдауыңызсыз оқығаным абзал. Сізге сенсек, басқа бағытқа кетіп қалуымыз мүмкін.



Аз ғана көлемді мақалаға осыншама цитата енгізу графоманствоның асқынған формасы ғой. Осыны қою керек.



Ғалым ретінде өз айтарың бар ма???????



"Қайым Мұхаметқанұлы «Шаһкәрім» зерттеу мақаласында ақынның аталған шежіресіндегі Алаша ханға қатысты тарихи деректерді айта келіп, Абай мен Шаһкәрімнің берген мағлұматтарын академик В.В.Бартольдтың еңбектерінен көреміз деп жазады" дейсіз. Қашанғы біреудің айтқанының жетегінде жүре бермексіз? Адасып кетпеңіз. Атақты адамдардың не айтқанын бәрі де біледі. Сіздің үлесіңіз неде? Осыны ұға алмай қойдық



"Оны жұрт Жебеш дейтін. Жебештің «Қараңғы түнде тау қалғыпты» айтқаны анау Орда тауының түбінде отырып, әлі күнге дейін құлағымда» деп тебірене жазды". Тебірене жазғанына дәлеліңіз бар ма? Осы артық қой. Ғылым деген салқынқанды болмаса, эмоцияға құрылған дүние бір сәттік қана ғұмыр кешеді. Осыны ұмытпаңыз. Көзіңіз жетпеген нәрсені босқа сөз етпеңіз. Бұл кеңесім сізге берген.



"...деген тебіреніс күйіндегі сағыныш сазымен өрнектей отырып жеткізді" Бұл да сол шамалас мысал. Тебіреніс, тебірене деген эмоциялық сезімдерге дәлел керек. Көзбен көру керек. Кейбіреу небір ләззатқа толы құбылысты салқынқанды күйде жазады. Бұл шығармашылық психология. Ол жерге сіздің төрелігіңіздің не қажеті бар? Сөйлем құрғанда ойланғаныңыз дұрыс. Ой шолақ болған соң, сөйлем де түсініксіз болып келеді. Сіз осыған тап болыпсыз. Артық айтсам, кешіріңіз. Шыны осы



Мақала емес, әр жерден көшірілген цитаталардың жинағы десек те болады. осы да ғылым ба? Осы да ой түю ме? Ұқсам бұйырмасын!



Масқара!!!



Рас айтасыз, қанатты сөздердің жиынтығы секілді. Бәрі көшірінді, ой жоқ, дым жоқ. Дым... дым...дым...



Осы жігіт ҒЫЛЫМ дегенді біле ме екен?!



"Санкт-Петербург университетінің шығыс тілі факультетін тамамдап, ғылыми-оқытушылық қызмет атқарған әрі Орта Азия мен қазақ даласының тарихын, мәдениетін терең зерттеген В.В.Бартольдтың (1869-1930) Шәкәрім шежіресімен таныс болғаны да еш күмән тудырмайды." Сіз күмәнданатындай кім едіңіз? Сіздей адамды артымен бал ашатын адам дейді қазақтар.



"Жазғанымда жамандап, Сен төккенмен жыныңды. Мен жатқам жоқ алаңдап, Ұрдым сенің сыныңды!" (Қасым Аманжолов).



Осы қазақ абалап қалуды қашан қояды екен? Қандай мақала болмасын, әйтеуір бір пайдалы жері болары хақ қой! Сіздер, сыншылар кемелділер болсаңыздар да, аз білетін жастар бар емес пе? Әлкей Марғұлан туралы көп білеміз десек, энциклопедист ғалымға қиянат болар еді. Сондықтан жаза беріңіздер! Тек өтірік болмасын! Іштарлықты қойыңдар! Орысша сайтты қараңдар, осындай сын жоқ. Мән мақсаты түзу ғой, содан артық не керек?



Осындай ғалымсымақтар құртады ғой, бізді. Көшіріп алған қағаздарын студенттерге оқи бермей ме? Мақалада несі бар. Шетпе, Манғыстау!!!



Мағжан Әлкей Марғұлановтың тұсына «өлді» деп белгі соғыпты» (Досжанов Д. Абақты. - Алматы. 1992. 267-бетте).

Құранға, Исламға тіл тигізген, Алаш арыстарының тарихын мүлде шатастыратын Дүкенбай Досжановқа сенуге бола ма? Оған сенген ғалымды кім дейміз.



Сағымбай! Саған саусағымнан сорып идея берейін: Алаш пен Марғұланды байланыстыратын, салыстыратын жер: Тынышбаев, Асфандияров, Марғұланның тарихи зерттеулері!!!



"Не приведи Бог видеть русский бунт — бессмысленный и беспощадный. Те, которые замышляют у нас невозможные перевороты, или молоды и не знают нашего народа, или уж люди жестокосердные, коим чужая головушка полушка, да и своя шейка копейка." — А. С. Пушкин, «Капитанская дочка»



"Санкт-Петербург университетінің шығыс тілі факультетін тамамдап, ғылыми-оқытушылық қызмет атқарған әрі Орта Азия мен қазақ даласының тарихын, мәдениетін терең зерттеген В.В.Бартольдтың (1869-1930) Шәкәрім шежіресімен таныс болғаны да еш күмән тудырмайды. Міне, Әлкей Хақанұлы Шәкәрім Құдайбердіұлы шежіресіндегі кейбір тарихи дерек көздерін «О носителях древней поэтической культуры казахского народа» (Кітапта: М.О.Ауэзову. Сборник статей к его шестидесятилетию.А.,1960) зерттеу мақаласында келтіреді. Абай қолжазбаларын мұрағаттардан тыңнан тапқан ғалым «Абай шығармаларының негізгі нұсқасы болып табылатын Мүрсейіт Бікеұлының дәптерінен басқа князь Кудашевтің, Садуақас Мұсаұлының, Г.Н.Потаниннің, И.Я.Коншиннің тізбелерін салыстыра зерттеп, олардың жазылған жылдарын анықтады. Кудашев тізбесінің Садуақас қолжазбасының көшірмесі екенін дәлелдеді» (Т.Рсаев). Өз кезегінде қолжазбаны бірінші рет тізген Мәшһүр Жүсіп Көпеев екенін, ал Садуақас өз дәптеріне көшіріп алғанын да дәйектеп, ол тізбеде Абай шығармаларынан басқа бірнеше ақынның, соның ішінде Арыстан, Табынбай, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің жазғандары да бар деген құнды дерек көздерін нұсқады («Қ.Ә».1969.16.ҮІІІ)." Мақаладан үзінді алып отырмын. Осы жолдардағы автордың ойы, түйіні қайсысы. Бізге тек ақпарат ретінде жеткізу ме? Талдау деген қайда? Сондықан автор тым көп келтірілген цитаталардың көлеңкесінде қалып қойған. Оқыған азаматтардың бәрін Алашқа жапсыра беру дұрыс емес. Алаштың не екенін ұқпағандықтан осындай олқылықтарға тап болып отырсыз, автор. Шамданбаңыз, керісінше, сын айтқанған қуаныңыз. Көтере алмас шоқпарды берлге байлама деген осыдай туған.



Мақаладағы дүниелер сізге дейін талай рет сөз болды. қазақтың тамаша деген ғалымдары осы үішн көз майын тауысты. Тыңнан түрен тартты. Енді келіп солардың айтқандарын тағыда езгілеу орынсыз. Осы жолдардың бәрінің авторлары бар. Қоймасаңыз, дәлелдеп, бетіңізді айдай етуге бармын.



Аңқай елге арамза молла болды деген осы ғой. Жастар кітап оқымайды деп, қалай болса, солай жазуға бола ма? Біз, жастар, кітап оқимыз, доктор болмасақ та!!!



"Аңқау" деген сөз, кешіріңіздер!



Қасымның өлеңін пайдаланатындай кім едіңіз? Қасым болу үшін, Қасым болып туу керек. Өзіңіз айтар ештеңеңіздің жоқтығын тағы да бір дәлелдедіңіз!!! Тамаша!!!



Өткен кезеңдерде жазылған дүниелердің барлығын ақиқат сөзі деп қабылдай беру - не болса, соны талғамай жұту деген сөз! Қақалып өліп кетуге болады. Сондықтан сол дәуірді зерделеп алмай, олардың жазғандарына сын көзбен қарамай, тұшымды ой айту мүмкін емес. Мақалада жадағай марапаттау, әспеттеу, мақтау сарыны басым. Осыны қою керек. Сын керек. Дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деген жөн болар. Қайраткерлердің бұрысын айтуға қорқасыңдар. Өйткені дәлелдерің жоқ. Ал мақтауға келгенде алдыларыңа жан салмайсыңдар. Өткеннен сабақ алу тек мақтаулардан ғана тұрмайды, азаматтардың ісіндегі кемшіліктерді түсінгенде ғана жүзеге асады. Осыны ұғатын уақыт жетті. мынау тектес мақалалар жыртылып айырылады. Көпірген сөзден іске көш, бауырым. Тебірене беруге уақыт жоқ, оны өзің де түсінесің.



Дұрыс айтасыз, олардың қателіктері болған. Әйтпесе неге Алаш идеясы жеңіліс тапты? себебі неде болды? Неге бүкіл қазақты соңдарына ерте алмады? Неге қазақтың бетке ұстарлары бір кезеңде мерт болды? Қатты ойланатын сұрақтар. Ел ішін жайлаған сатқындық оларды да айналып өтпеген болар. Осыны ойлану керек деп ойлаймын. Кешке дейін анау былай деді... дей бермей. Ерте ерте ертеде .... бәлен деген бай бопты деген секілді мақала жазбай. Осының жауаптарын ізде. Менің ақылым. Қазіргі қоғамға үңіл. Не боп жатыр? Соған бір үлесіңді қоса алып жүрсің бе? Жоқ. Ол заманнан мына заманның несі артық!



Осы филоолгтардың езбесінен шаршадық. Әдебиеттану ғылымының ескірген методологиялық принциптерінен әлі ажырай алмай жүрген не қылған ғалым? Орыстарды оқысаңдаршы. Олар бұндай дүниелерден бойын баяғыда алысқа әкетті. Қызыл сөз шаршатты. Дәлелді ой керек. Дәлелі жоқ көпірінді кімге керек?!



19-шы қонақ тегін кеңес беріп отырған жоқ, соны тыңдаңыз. Мен ол кісінің кеңесінің біліп отырмын. Молодес!!! Алашты апарып жақсыға да, жабыға да жаба беру обал болар, сағымбай бауырым. Алашпен байланыстыру үшін Алаштың не екенін тереңірек ұғыну керек. Алаштың астарында сізге белгісіздеу көп мән болған. Осыны ұқпасаңыз, ұтыласыз,



Абзалы сын айтқан адамға ризашылық білдіру керек!!!



Мақала авторына деген таза теріс көзқараста болғаныңызбен, мақаланы іліп алар ойы жоқ деп таза мансұқтау жөн бе!?



27-қонақ тамаша айтқан. Осы сауалдардың өзі ізденем деген адамға бағыт бағдар ғой. Шамданудың реті жоқ. Айтқан сынмен келісу керек. Қашанғы бар дүниелерді тізіп, констатациялық деңгейдегі мақала жаза бересіз. Констатация фактов дегенді естіген боларсыз. Сіздің мақала соның ар жақ бер жағы болған соң, оқырман наразылық білдіреді. Сіздің сабыр сақтағаныңыз дұрыс. Мүмкін болса, үйренгеніңіз дұрыс. Тарихты қозғаған соң, жаңа сөз айта білу керек. Жаңалығың жоқ па, араласпа. Қазір қараңғы адам жоқ. Аллаға шүкір, бәрінің көзі ашық. Ойланыңыз, азамат!



"...өнер құдіретін айрықша бағалаған жан әлемінің көркемдік иірімін танытады" - дейді автор. Тұнып тұрған комментарий!!!!!!!!!! Комментарийлық деңгейдегі жазба!!!!!! Комментарий - ғылым емес! Филологтарға осы тектес мақала жазуды тоқтату керек. Алаштануды арзанқолды процеске айналдырып жібердіңіздер. Архивтердегі құжаттардан хабарларыңыз жоқ.



Рас екен комментарий жазуға шебер екенсіз, ғылымда не істеп жүрсіз?



Филологтар! Мынадай мақала жазғанды қойыңдар



27-қонақ қалай тамаша айтқан! Тарихи сатқындық айтылуы керек, аттары аталып, түстері түстелуі керек. Ол үшін мынадай негізсіз мақалалар емес, мұрағаттық құжаттар пайдаланылуы керек. Болашақ сонда оларға лағынет айтады, қарғыс жаудырады. Автор, мақала жазғанда сіз де осындай жауапкершіліктің болатындығын ескеріңіз. Марғұлан туралы сөз айтатын сіз емессіз. Ойланыңыз, Марғұланға жақындай да алмапсыз. Обалы бар, ескертемін



""....Тектілікке тән жасампаздық ғұмырын өмірінің асқақ тұғыры деп білген..."" Мақаладан үзінді! Мына шатпақты маған түсіндіріп беріңізші, халайық!!!!! Масқара екен! Мына мақаланы порталды қор қылмай, алып тастауға бола ма? Өтініш



Тамсану - мақала авторының дәстүрлі стилі екен! Тамсану - ғылым емес!



"""Ғылым деген сөздің өзі аса жоғары қасиетті есім.""" деп Ақжан Машани айтқанын өзіңіз тағы да "дәстүрлі тәсіліңізбен" үзінді ретінде келтіріпсіз. Соның мағынасын неге ұқпайсыз? Ғылым дегенді сыйлау керек. Қазақтың ұлы тұлғаларын ермекке айналдыра бермеңіз, мына мақалаңыз көңілімізді қалдырды.



"""Әлкей Хақанұлының азаматтық тұлғасы және ғалымдық келбетіндегі ұлттық ұстанымдарының мызғымас негіздерін мәңгілікке қалады.""""
Осы үзіндіні қараңыздаршы! "Жалпы адамның тұлғасы мен келбетіндегі ұлттық ұстаным" дегенді түсіндіріп беріңізші, Сағымбай! О тоба, "адам келбетіндегі ұлттық ұстаным" дегенді бірінші естіп тұрмын. Мызғымас нәрсе өзі де мәңгілік емес пе? Набор слов, одан өзге дым емес. "адам келбетіндегі ұлттық ұстанымдардың мызғымас негіздері" деген ше? Масқара дейді мұндай мақаланы! Филология ғылымы дегеніміз осы секілді көпірінді болса, онда қойдым. Алты алаштың азаматтары, осындай да болады екен-ау!



Талабың таудай екен, автор мырза, бірақ сыншылар оныңды баудай түсіріпті. Мықты сынға ұшыраған мақала екен. Енді болашақта сөз қадірін білетін болдық. Баспасөзге қалай болса, солай қарауға болмайды. Көптің көзі сыншыл келетінін ұмытпаған жөн.



Мәссаған, нағыз сын! Орынды сын! дәлелді сын! Жасасын қазақтар! Қоғамды да осылай сынаңыздар! Сонда ғана халықтың сенімі артады



Мақалада басқа адамдардың пікірі ғой толған, автор қайда?????? Қайда автор????????? Қайда автор???????????



""""""Алаштық аңсарымызға жаңадан қан құйылады"""""""" депті автор.

"Жүрек майын шам қылды" деп анатомияны қатырып еді, тағы да сол анатомия, қисыны жоқ қолданылып тұр. Аңсар деген не? Қан құйылу деген не? "Ұлттық тамырға жаңадан қан құйылды" десе, сенер едік!!!!! "қызылсөзшілдік" сізге қызы көз пәле боп жабысқан екен. Лепірме сөздер бір сәттік қана әсер беретінін ұмытпайық.



....рух асқақтығын танытуда Алаш аманатындағы парызын атқарып өтті........ депті автор.
"АЛАШ АМАНАТЫНДАҒЫ ПАРЫЗ" дегенді қалай ұғамыз? Алаш алдындағы парызы шығар, бәлкім Алаш аманатын арқалаған шығар......
Не деп болжасақ та, автордың көпірме сөзге үйірлігі мезі еткенін айтқым келеді. Осы арқылы тұлғаларға көлеңке түсіріп тұр.



Сіздің сөзіңізге қарағанда сіз бір керемет сыншы ғалым сияқтысыз. Шын мықты болсаң кім екеніңді ашық неге айтпайсыз. Сырттан тас лақтыруды кәсіп етіп алған сияқтысыз. Бір мақалаңызды, не болмаса еңбегіңіздің атын атаңышшы соын барып көрейік.



46 қонақ, Сағымбай байғұстың өзі секілді. Босқа тыраштанба, айналдым, жазғаның шетінен езбе. Бейбіт Қойшыбай секілді жазып үйрен, тарихты білмесең, тарихқа тиіспе. Ол филологтың огороды емес. Ғылымға үш қайнасаң да, сорпаң араласпайды. Жаттанды бірдеңе.



Тұлғаларды тарих таразысына салады, ал Сағымбай деген азаматтың онымен ісі жоқ. Көшіріндіні де еңбек дейміз бе? Әр жер бір жерден көшірілгені көрініп тұр, өзіндік ой жоқ



Ашық айтсам, кім екенімді, жекпе жекке шығасыз ба? Сұрағыңыз қызық екен. Сын шын болса, қабылдаған абзал. Ғылым деген оңай емес, шамданудың керегі жоқ. Тұлғаларды қоя тұр, оларды зерттеу қиындау. Жазғаның уақыт елегінен өтпей қалса, өзіңе ауыр болады. ойлан!



Алаш тақырыбы сенің тісіңе тым қаттырақ емес пе? Ойланшы, қолыңда бір архивтік дерек жоқ, не айтпақсың?

Пікір қосу

  • Беттер мен электронды поштаның мекенжайлары автоматты түрде сілтемелерге айналдырылады.
  • Allowed HTML tags: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жолдар мен параграфтар автоматты түрде тасымалданады.

Форматтау жайлы толығырақ

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.
2 + 6 =
Математикалық есепті шешіңіз.
 

Мұрағат

Мамыр 2012
ДсСсСрБсЖмСбЖс
0123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031123

Айлық статистика

<<  >>