Атажұртына ат басын бұрған ағайынды осы күні «оралман» деп жүрміз. Қиыр жайлап, шет кеткен қандас бауырға мемлекет қамқорлығында болу үшін әлгіндей ресми мәртебе керек шығар. Әңгіме мұнда емес. Әңгіме осы «оралмандардың» намысына от тастайтын қаңқу сөздерде болып тұр. Сол сөздердің бірі - оралмандарға өкімет тарапынан көп жағдай жасалыпты, бірақ олар Отанымызға еш пайда тигізбепті болып келеді. Былайша айтқанда, оралмандар байырғы бабажұртына келгенін міндет қылып, мемлекет қаржысын оңды солды шашып, тұрақтап қоныс теппей, тіпті қайсыбірі туып өскен жеріне тартып отыратын көрінеді. Бұл жайттарды әрине, мүлде жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, оралман мәселесіне осылайша бір жақты баға беруге бола ма? Қазақтың соңғы санақ нәтижесінде қауырт өсуіне оралман отбасы үлес қосқан жоқ па? Көненің көзі рухани мұраларымыздың оралып бастауына оралман септік етпеді деп кім айта алады? Осындай сауалдардың соңы барып барып неге біз осы өзгеге өзегімізді жұлып беруге дайын тұрып, өзімізге жатпыз, суықпыз дегенге тіреледі.
Бір жағымпаз сорлы Елбасының да құлағына сыбырлап отырып орламандар туралы жаңсақ мәлімттерді жеткізіп отыратын сияқты. Президенттің өзі кейде көші-қон саясатына қатысты арақаны аяздай қаритын пікір білідіріп қояды. Жә, сонымен, оралмандар бүгінгі замана дүбіріне олжа салған жоқ па? Олар кімдер? Көші-қон саясатында ағат кетіп жатқан тұсымыз қайсы? Біз қандай мәселені ашық айтуымыз керек? Пікір талқысына салып көрелік.


