Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВ:Дін жайлы пікір өзгергенімен, дін өзгермейді | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет


Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл күзетшісі.
Ар мен ұят сенбесе – өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі

Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
Астананың бір минуттық шығыны - 600 мың теңгені құрайды
Айтқыш екен
Обал болды көзге де, құлаққа да,--
Сеніп елге бермейсің сыр ақтара.
Қарайтының күдіз-түн бір-ақ канал,
Көретінің бір кісі, бір-ақ қала.

А. Мұқабай, асаба

Загрузка

Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВ:Дін жайлы пікір өзгергенімен, дін өзгермейді

Жәрдемші


Есімі ел аузына ертерек ілінген Мұхамеджан Тазабеков. Кәдімгі сіз білетін айтыскер. Қазіргі ислами-ағартушылық «Асыл арнаның» басшысы. Мұхамеджан мырза www.abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына арнап берген сұхбатында «анық Исламға һәм сүннетті міндет деп білген жұрт санасына селкеу түсіруге тырысушылық болған, бола да береді» дейді.

Кейінгі кездері сіз басқарып отырған «Асыл арна» мен өзіңіздің жеке басыңызға ақпараттық шабуыл жиілеп кеткендей. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Кімнің аяғын басып кеттіңіз?

-  Қай кезде де жақсы нәрсенің бірден қабылданбайтыны белгілі. «Асыл арна» телеарнасы біздің қоғамда қарды жарып шыққан гүл секілді, бұлттан шыққан күн секілді болғандықтан, ел назарын бірден өзіне аударды. Халық Алланың осындай сыйын, мейірін қабыл алуға лайық болды ма, болмады ма, білмеймін. Бірақ тосын қабылдағаны анық. Жанашырлықпен де, білместікпен де әртүрлі пікірлердің айтылып жатқаны да рас. Сынаушылардан көрі қуанушылар, шүкіршілік қылушалар көп. Сондықтан қазір «Асыл арнаға» қатысты қандай пікір айтылса да, сіз айтқандай ақпараттық шабуыл жасалса да, барлығына түсіністікпен қарауға тырысамыз. Себебі, біздің ниетіміз әуелі Аллаға мәлім. Екіншіден, алға қойған мақсатымыз өзімізге де, өзгеге де пайдалы екеніне толық көзіміз жетіп отырғандықтан, ондай сөздерге аса мән бере қоймаймыз. «Білмегенді кешірмесең, білгендігің қайда?» деген бабалар өсиеті бар емес пе?

 

Ислам насихаты - пайғамбарлардан мирас болып келе жатқан нәрсе. «Асыл арнаның» мақсаты - қазақ жұртына керекті жақсылықтарды жеткізу. Оның ішіне имандылық та, мейірімділік те, ізгілік те кіреді. Осы тұрғыдан алғанда, біз туралы қаттырақ айтып жатқан бауырларымыз болатын болса, бізге деген жанашырлықпен айтып жатқан шығар, бізді бұдан да жақсы болса екен деген ниеттес пейілі шығар деп есептеймін. Ал артық кетіп жатқан жерлері болса, жеке басымыздан, біздің атқарып жатқан жұмысымыздан, рухани болмысымыздан толық мағлұматы жоқтығынан деп ойлаймын. Әрі біз біреудің аяғын басып, біреуге кедергі келтіретіндей сипатта емеспіз. Өйткені, біз өмірде қандай жағдай туындаса да, мәселенің шешуін әуелі Құраннан, сосын пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сүннетінен іздейміз. Ал сол пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алладан келген ақиқатты адамдарға жеткізе бастағанда да барлық жұрт бірден құшағын ашып, Исламды рухани темірқазығы етіп ала қойған жоқ. Егер адамзаттың абзалы Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) басқа тұрмақ туған-туыстырының өзі сенбей, «бағытымызды бұзып жатырсың» деп кінә артқан болса, жетпіс жыл бойы рухымыз тапталып, намысымыз жаншылып, бір біріміздің етегімізден тартуға әбден етіміз үйреніп, қазақ екенімізге, мұсылман екенімізге ұялатындай жағдайға жеткенде, «Асыл арна» секілді телеарна шығып, рухани өзегімізді сонау тамырынан көктеткісі келіп, жақсылықтарға жаршы болып жатқанда да кейбір адамдар мен топтардың бізге негізсіз сын айтуына да түсіністікпен қарауға тиіспіз. Өйткені, біз күнәсі мен кемшілігі жеткілікті көп бейбақ пенденің біріміз. Ілгеріде бір ғұлама «Я, Раббым! Сенің міндеттеген құлшылықтарыңды лайықты түрде жасай алмай жатырмыз. Сенің уәде еткен жәннатыңды тек сен жіберген сынақтарға сабыр қылу арқылы ғана үміт ете аламыз» деген екен. Сондықтан, кейде біреуден артық сөз естімесек, көңіліміз ренжитін көріністерге көндікпесек, пендешіліктер мен күнәлардан қалай арылмақпыз?

Әрі қазіргі қоғамда өзгеден қатты сөз есту үшін кінәлі болу шарт емес. Сондықтан, біз жайлы қисынсыз сөздерді жан даусы шығып айтып жатқандар болса, оларға айтарым - Құранда Алла Тағала «Білімің болмаған нәрсенің соңына түспе» дейді. Бір адам жайлы пікір айту үшін сол адаммен бірнеше мәселеде сыналуың керек: ұзақ сапарда бірге болған болуы керек, сауда-саттықта, дүние мәселесінде сыналуы қажет, көрші тұрған болуы керек немесе шәкірт болып, ілім үйренген болуы тиіс. Ал бізге қатысты айтып жүрген адамдарды мен осы қағидалардың ешқайсысына сиғыза алмаймын. Олар да елдің қамында жүрген азаматтар ғой. Қайталап айтайын, жанашырлықпен, бірақ білместіктен айтып жатқан сөздері болар.

Қазір қарапайым жұрт «ойбай анау уахаб, мынау сопы» деп сол сөздердің мағынасын білмей жатып үрейленетін болды. Таратып айтып беріңізші. Бұл қайдан шыққан «терминдер»?

-  Бұл «терминдер» жайлы айтпас бұрын біз кейбір қағидаларды және дін жолында ұлы ұстаз болып өткен Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен хабардар болуымыз қажет. Сонда көп нәрсенің жауабы өзінен өзі шешіледі. Қарапайым халықты ақиқат жолына түсірмеу үшін Ислам дұшпандары адамдарды қорқытатын идеологияларды ойлап табумен келеді. Осы тұрғыдан алғанда, біз Алламызды дұрыстап танымай жатып, дінімізді өзіміз бекем ұстанбай тұрып, біреуді кінәлауға, біреуден кінә іздеуға асықпауымыз керек. Төңірегімізден жау іздеумен айналысатын болсақ, әлбетте көп мәселеден кенде қаламыз. Өйткені, өз ішкі дүниемізге өзіміз үңіліп, өзімізді, сыртқы дүниемізді түзетуге уақыт қалмайды.

Қазақстанның негізін құрайтын - мұсылман қазақтар. Сол мұсылман қазақтың көбеймеуі үшін, алауыз болып, ынтымағы болмай, бір-бірін дұшпан тұтуы үшін сыртқы күштердің атсалысатыны бесенеден белгілі. Сондықтан, мұндай «терминдердің» шығу тарихы әуелі сыртқы дұшпандардың айла-шарғысынан болса, екіншіден, өзіміздің дін қағидаларын білмеуімізден. Мәселен, көшеде кіндігін ашып бара жатқан кез-келген бір қызды мен жезөкше деп кінәласам, қай қисынға сияды? Сол сияқты сақал қойған, дін ұстанған адамды өзіңе ұнамаған сипаты үшін «оңбаған уахаб, артта қалған сопы» деп айдар тағып кінәласақ, ертең Алла алдында жауап беруге тура келеді. Ал ондай сөздерді біреулерді арандату, араларына от жағу мақсатында айтатын болса, оның күнәсі одан бетер көбейеді. Сондықтан бізге көлеңкемізден қорқып, көп ішінен жау іздегеннен көрі адамдарға ақиқат жолдың абзалдығын айтып  немесе өз иманымызды көркемдеумен айналысқанымыз жақсы.

Жақында «Үш қиян» газеті «Асыл арнаны» сәлафилік сарындағы теларна екеніне дәлел келтіріп жатудың қажеті жоқ» деп жазды. Бір автор сіз бен Шорабек Айдаровты «қып-қызыл уахаб» деп атады. Шыныңызды айтыңызшы, бұл не қылған парадокс? Өзіңіз уахаб, телеарнаңыз сәлафи...

-  «Үш қиян» газетін қолыма түскенде оқып тұрамын. Ұлттың болашағы үшін күйзелетін, қазақ мәдениеті, руханияты үшін барын салатын жігіттер басылымның басы-қасында жүрген секілді. Бірақ дін мәселесіне келгенде толық білмейтін, толық зерттемеген жайттары туралы асырып жазатынын жоққа шығармаймын. Ал мен туралы «қателігі болса, түзелсе екен, жақсылығы болса, одан сайын артса екен» деген жанашырлықтары болса, Алла разы болсын. Осы ниетпен жазатын шығар деп ойлаймын. Ал мені бір жамандықтан сақтандырғысы келіп жүрсе немесе мені адасып жүр деп ойлап, тура жолға салғысы келсе, әуелі өзіме жолықсын, пікірімді тыңдасын. Мен бір созып қол, жүріп аяқ жетпейтін адам емеспін. Сөйтіп барып ойларын тиянақтаса, дұрыс болар еді деп есептеймін.

Бұл жағдайға байланысты бір мысал еске түседі. Ілгеріде бір кісінің

үйіндегі балғасы жоғалыпты. Әрі іздеп, бері іздеп таппай, көрші үй жаққа қараса, көршінің баласы көзіне түсіпті. Әлгі бала өз-өзінен қуыстанып жүргендей көрініпті. «Балғамды осы бала алды ма екен?» деген ой келіпті оған. Өйткені бала сабырын жоғалтып жүргендей де болып көрініпті. Тағы біраз жіті қарағаннан кейін «балғамды алған анық осы бала» деген ой түйеді. «Бұл баланың айыбын бетіне басайын» деп қадам баса бергенде балғаны қайда қойғаны есіне түсіпті. Сөйтіп, балғасын өз үйінен тауып алып, көрші баласына қайта қараса, тіпті де ұры кейпінде емес, тып-тыныш жүрген бала болып көрінеді. Сонда әлгі адам өз-өзінен ұялған екен. Сол секілді бір адам екінші адамнан жамандық, қате іздеп тұратын болса, шайтан лағнетолллаға да керегі сол. Сізге «ол адам - анық сондай жаман адам» деп жүрегіңізді мөрлей түседі. Онсыз да аз қазақты қалай біріктереміз, өз дініне, мәдениетіне қалай қайтарамыз деп жүргенде, шайтан жаман ой салу арқылы жауластырып жібереді. Ал газет тілішілерімен ешқандай бас араздығым жоқ. «Қып-қызыл уахаб» деп айтатындай бұл тақырыпта сөйлескен кісім емес. «Асыл арнаның» сәлафилік сарындағы теларна екеніне дәлел келтіріп жатудың қажеті жоқ» деп сарқылып жазатындай олардың ешқайсысы телеарнада бір сағат жұмыс істеп көрген жоқ.  Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Меккеде уағыз айтып бастағанда, «ол - анық сиқыршы, бұған дәлел келтіріп жатудың керегі жоқ» дегенді өз туыстары айтқан еді. Бірақ солар кейіннен ақиқатты мойындады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзіне сондай сөздер айтылған болса, Расулаллаһтың (с.ғ.с.) қасында біз кімбіз? Қандай пікірді болса да, сөзді болса да естіп жүруге мойынсұнған Алланың бір құлымыз да.

-   «Үш қиян» демекші, осы басылымның жазуынша, сіз салт-дәстүрге қарсы адам екенсіз...

-  «Кісі танымағанын сыйламас» деген. Мұндай пікірді «Асыл арнаны» көрмек түгілі көргісі келмейтін адамнан ғана естуге болады. Әйтпесе, 13-14 жасымнан бастап қазақтың салт-дәстүрінің ішінде төлтумасы айтыстың рухани деңгейін көтеруге қызмет еткен болсам, Жамбылдың рөлін ойнап, қазақ кино өнерінде кішкентай болса да із қалдырған болсам, «Асыл арнада» өнегелі аналарымызға арналған «Шуақты аналар», ұлтты тәрбие бесігінде тербеткен қыз-келіншектерге бағытталған «Ақ жаулық», «Иман гүлі» бағдарламасын ашқан болсам, қазақтың құсбегілік, атбегілік және қолөнершілері жайлы «Салтыңды сақта, дәстүріңді дәріпте», адам баласы өмірге келгеннен дүниеден қайтқанға дейінгі жөн-жоралғылар жайлы «Рухани өмір», жас ұрпақтың бойында ұлттық сипаттарды сақтауға байланысты «Болар елдің баласы», «Айна» және Ислам қағидаларымен біте қайнасқан, бүтіндей қазақы өмірдің қайнарына айналып кеткен құндылықтарды насихаттайтын «Ислам және мәдениет» секілді арнайы бағдарламаларды жарыққа шығаруға атсалысқан болсам, яғни, қазақтың бүкіл дәстүрін көгілдір экраннан күнде насихаттап жатқан болсам, онда мен қалай салт-дәстүрге қарсы адам боламын? «Салт-дәстүрге қарсы адам» деп аруаққа сыйыну мен сыйлаудың арасын ажыратуға қатысты, ырым мен ақиқат сенім жайлы араласып кеткен пікірлерді ажырату жайында айтқандарым үшін айтып жатса - жаңсақ сөз. Біз Аллаға сыйынып, аруағын сыйлаған халықпыз.


-   Әулие, аруақ жайлы. Сіз айтқан сыйыну мен сыйлаудың ара-жігі қай жерден ажырау керек? Мысалы, Бекет ата, Райымбек батыр басына барып жатқандар бар ғой.

- Жалпы, Алланың әулиелері - бар. Олар қай кезде де болған, қиямет күніне дейін бола да береді. Оған дәлел Құран және сүннетте жеткілікті. Уәли - «Аллаға жақын, Алланың досы» деген сөз болса, әулие - «Алланың достары» деген мағына береді. Яғни, көпше түрде. Әулие ғана емес, жай адамның қабірін зиярат ету де сауапты амалға жатады. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «бұрын сендерді қабірге барудан тыйған болсам, енді қабірді зиярат етуге рұқсат етемін» деді. Бұрын тыйып, кейін неге рұқсат берді? Өйткені, Ислам қанат жаймай тұрып, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамдарды өлген адамға сыйынып кетуден сақтандырды. Ал адамдар Исламды түсінген кезде қабір басына баруға рұқсат етті. Өйткені, Расулаллаһ (с.ғ.с.) бізге қабірге баруда екі нәрсені мақсат етіп берді. Бірінші, қабірге барып, өлген адамға дұға қылу, Алладан оның жарылқануын тілеу. Екінші, қабір басына барып, ақыретті еске түсіру, пенделік көкірегіңді пәсейту, өмірдің қайда барып тірелетінін, өлім деген екі дүние арасындағы есікті ойлау. Сол арқылы Құдайға деген құлшылығын арттыру. Ал жай адам немесе әулие түгілі Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өзінен жәрдем тілеу, сыйыну - Исламда тыйым салынған. Алла Тағала қасиетті Құранның бәрімізге белгілі «Фатиқа» сүресінің соңғы аятының соңғы сөзінде «до лин», яғни, «адасқандардың» жолынан бізді сақта дейді. Адасқандар деп отырғаны кімдер? Христиандар. Ал олардың адасуының ең басты себебі неде? Христиандар Исаны (а.с.) Құдайдың баласы деп пайғамбарға сыйынып кетті. Пайғамбарға сыйынуды Алла Тағала адасқандар десе, жай адамға сыйыну деген тіпті сорақылық болмақ. Әлемде Исламнан артық аруақты сыйлайтын дін жоқ. Себебі, мұсылманшылықта тірі адамнан көрі өлген адамды ғайбаттау ауыр саналады емес пе? Тірі адамның сыртынан нашар сөз айтсаңыз, кешірім сұрап, татуласуға болады. Ал өлген адам жайлы ауыр бірдеңе айтсаңыз, онымен ақырет күнінде Алланың алдында бір-ақ жолығуға, есептесуге тура келеді. Біз құрметі биік Бекет атаның өзінен жәрдем сұрағаннан көрі, ол кісінің артына тастап кеткен өсиетінен азық іздегеніміз дұрыс. Өйткені, Бекет ата қазақ тарихындағы өте үлкен тұлғалардың бірі. Қиян-қыстаудан, жалаңаш-жартастардан «Алланың дінін сақтап қалайын, ұрпағымды иманнан ажыратпайын» деп мешіт, медресе салды. Ал біз сондай амал жасамақ түгілі, үйіміздің іргесінде салынып, жылы су ағып, едені жылып тұрған мешітке бас сұғуға ерінеміз. Бабалар жолына, бабаларға деген адалдығымыз осы ма? Бабаларымызды сыйласақ, олардың аруағын құрметтесек, олар бізге не айтқысы келді? Олар қалдырған өсиеттердің үдесінен шығуға тырысуымыз керек емес пе? Сонда ғана аруақ, баба сыйлаған, бабалар ұстанған қастерлі жолда жүрген болып есептелеміз.

- Қазір дәстүрлі Ислам деген түсінік бар. Сонда Ислам дәстүрлі, дәстүрсіз болып бөліне ме? Жалпы Ислам мен дәстүрді біріктіріп тұрған не?

- Дәстүрлі Ислам деп айтылып жүргені - ата-бабамыздың бізге дінді жеткізу жолы деп есептеймін. Бабаларымыз бізге дінді жеткізді. Бірақ сол дінге қайшы келмейтін дәстүрлермен бірге өріп жеткізді. Кеше 70 жыл рухани мектебімізден ажыраған кезде діннің не екенін, дәстүрдің не екенін айыра алмайтын жағдайға түстік  Қай дәстүрдің діннен шыққанын, қайсыбір жерде дініміздің орнына дәстүрді алғанымызды өзіміз ажырата алмай қалдық. Ислам дінінің иесі бір Алла болғандықтан, адамзатты бақытты ғұмыр сүру үшін Алла жаратқандықтан, Алла Тағала қандай да бір адамның немесе ұлттың бақытты өмір сүруі үшін қандай бір жөн-жоралғы болатын болса, оның бәріне рұқсат еткен. Сол ұлтқа пайдасы жоқ, тек зиянын әкелетін нәрсе болса, Алла Тағала содан ғана тыйған. Алланың жіберген құлшылық ғибадатымен бірге халықтың дінге қайшы келмейтін жөн-жоралғысын қатар алып жүру - дәстүрлі Ислам.

- Орта Азия жұрты Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабында екені белгілі. «Асыл арнаның» эфир саясаты осы мәзһабқа негізделген бе? Телеарнаның бас идеологы мүфти Әбсаттар қажы екені рас па?

- Бұл телеарнаны ашу идеясы келген күні-ақ ең бірінші сол Әбсаттар қажы Дербісәлі ағамыздың алдына барғанбыз. Ол кісі «телеарна мемлекет ұстанып отырған идеологияға қайшы келмесе, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының (ҚМДБ) ұстанып отырған жолына тура келетін болса, қолдаймыз» деп өз ниетін білдірген. Содан бері біздің бағыт берушіміз де, басты идеологымыз да - Әбсаттар қажы. Тек мүфти ғана емес, ол кісі басқарып отырған ҚМДБ-ның барлық имамдары мен діни білгірлері шама-шарқынша «Асыл арнаның» Әбу Ханифа мәзһабында болуына барлық күш-жігер, ақыл-ойын салып отыр. Бірақ кейбіреулер, өкінішке қарай, діни басқармаға бізден бойын аулақ салуға насихат айтады. Бұл - ел үшін де, мемлекет үшін де өте қатерлі пиғыл деп есептеймін. Керісінше, біз Қазақстанда дін насихатын жүргізгісі келетін кез келген жеке тұлға немесе топтың ҚМДБ-мен бірге болуын, сол бағытта әрекет етуіне үгіттеуіміз керек. Сонда ғана ауызбіршілік, рухани кеңістікте толық береке болады. Себебі, үш мыңға тарта мешіттің басын біріктіріп, қоғамның нәзік тамырларына дейін рухани нәр жүгіртіп отырған ҚМДБ жұмысы -еліміздегі мұсылмандардың рухани көрсеткіші. Біз сыңарезуленіп сынай бергеннен көрі сүбелі амалдарымызбен келіп ортақ арнаны толтыруымыз керек.

- Күлкілі нәрсе, әрине. Бірақ сізге мін тағушы жазарман «уахабилер Абайлар сияқты сақал-мұртын қатар өсірмейді. Сақалын өсіріп, мұртын тықырлап алады» дейді. Сақал-мұрттың «садаққа» іліну себебі неде?

- Біріншіден, бұл жерден ешқандай идеологиялық немесе дұшпандық бағыт іздеудің қажеті жоқ. Кез-келген хадис кітабын ашсаңыз, пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) «сақалдарыңды жіберіңдер, мұрттарыңды қысқартыңдар» деген. Сондықтан сақалдың ұзынырақ болуы, мұрттың мейлінше қысқа болуы, ерінге түсіп, тамаққа араласпауы - гигиеналық тұрғыдан да, тазалық, жарасымдылық тұрғысынан да жақсы. Сондай-ақ пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «өзге дін өкілдеріне ұқсамаңдар» деген. Өзге бір дінбасылардың мұрты аузына түсіп, ернінің қайда екенін, иегінің қайда екенін білмейсің. Демек, мұсылмандарды басқа дін өкілдерінен ерекешелеп тұратын сыртқы бір белгі - мұртымыздың қысқа болуы. Әрі түбіне май құйып, маңыз берсеңіз де мұрт сақалдан ұзын болмайды.

- БАҚ-та сіздің жеке басыңызға да біраз ауыр сөз айтылып жатады. Азаматтық құқығыңызды заң арқылы қорғағыңыз келмей ме?

- Иә, заңмен қорғануға құқым да бар еді, заң мені қорғап шығатындай мені күстаналаған сөздер де жоқ емес еді. Бірақ өзі айналдырған азғантай қазақ, оның ішінде қазақтың екі дүниесі деп жүргендер тіпті аз. Сол аз қазақ бір-бірімен соттасып жүрсе, қалған.ел қайда қарап бой түзейді? Екіншіден, ҚМДБ-ның ақпараттық насихат тобымен Маңғыстауда болғанымызда айтқан сөздерімнің пайдасын алатын ел алды. Рахмет айтып, батасын берген ел жетіп артылады. Сондықтан, көзім жетіп, көкірегім сезініп қайтқан нәтижелерді «маған жүз адам бата берген еді, екі жүз адам риза болған еді» деп жұрт алдында майдаланғым келмейді. Ал мен фитна туғызатын пайдасыз сөздер айтқан болсам, сол жердегі құзырлы органдардың қызметкерлері де, діни басқарма өкілдері де, жергілікті әкімшілік де ай қарап отырған жоқ шығар.

- Сіз жайлы ащы пікір айтып жүргендерді «білместікпен айтып жатқандар» дейсіз. Мұндай кемшіліктерден арылу үшін не істеу керек сонда?

- Алла Тағала қасиетті Құранда «Бауырларың туралы күмәндандаңбар, олардың кейбірі - күнә» дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Егер сендерге бір адам бір жаман хабар жеткізсе, соны толық тексеріп алмай, сенбеңдер» дейді. Сондықтан бізге бір бауырымыз туралы бір жаман ой түсті ме, толыққанды, бүтіндей тексеруіміз керек. Өйткені, ол - адам тағдыры. Жарайды, біздің жаман сөзімізден ол адамға осы өмірде көлеңке түсер. Бірақ сол ағат сөзіміз үшін ертең Алла алдында жауап беруімізге тура келеді. Мәселенің ауырлығы сонда. Мұсылманшылықта сол қолмен тамақтануға тыйым салынған. Мысалы, бір адам сол қолымен тамақ ішіп тұр делік. Бірақ салған жерден ол кісіні харам іс жасап тұр деп жазғырмай, бәлкім, бір қолы қимылдамайтын шығар,немесе оң қолында жарасы, ақауы бар шығар деп ақтауға тырысуымыз, яғни, жақсы ой ойлаумыз керек. Ал егер ешқандай себебі болмаса, сонда  ғана бауырымызға жүрегіне тимейтіндей етіп жұмсақ насихат айтуымыз керек. Сол сияқты сәждеге басын қойып, Аллаға, ақыретке иман келтірген адам туралы пікір айтқанда, пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне сай әрекет жасауымыз керек. Әйтпесе, біреуге қастандықпен қара жағудың нәтижесі «біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген сияқты өзімізге қайта айналып соғады.

- Сын айтылмай тұрмайды ғой. Балама пікірлердің болғаны да дұрыс. Әйткенмен, сынаушылардан бөлек сіз басқарып отырған арнаға деген оң көзқарастағы адамдар да, Аллаға шүкір, жеткілікті. Көрермен ықыласын өздеріңіз де сезініп жатқан шығарсыздар?

- Тәуелсіздік алған жылдары қазақтың рухани әл-ахуалы жан сақтау бөлімінде жатқан адам сияқты болды. Қазір қарасаңыз, мешіттерге ағылған жастарды көресіз. Олардың бірін әке-шешесі қолынан жетектеп апарды немесе мектепте уағыз тыңдап барып жатыр дей алмайсыз. Алла Тағала жастардың жүрегін ашып, мейірімділіктің жолын көрсетіп жатыр. Былайша айтқанда, әр адамның рухы өзінің тамағын іздеп жатыр. Әр адам өзін қанағаттандыратын рухани қазынасын іздеп жатыр. Осы кезде сол қазынаны алыстан іздемей, қазақы қалпында халыққа беруді қолға алған болатынбыз. Бұл - «Асыл арна» жобасы. Іздегенге - сұраған деген сияқты, халықтың жан-дүниесінің сұрағаны имандылық болса, сол имандылық теледидар арқылы әр шаңырақтың отының басы, ошағының қасына еніп жатқан болса, халық әлбетте «Асыл арнаны» жақсы көреді. Бұл әрі табиғи, әрі заңды нәрсе. Біз болмасақ та бұл жоба бәрібір жарыққа шығатын еді. Мұндай жобаны жарыққа шығаруды Алла бізге нәсіп етіпті. Өзіміздің қазақтар ғана емес, ешқандай Ислам насихаты жетпеген қалада тұратын мысық пен күшік құшақтаған өзге жұрт өкілдерінің өзі Құранның орысша аудармасын тыңдау арқылы рухани іздегенін тапқанын айтып жатыр. Балалары тастап кетіп, мейірімге шөлдеген орыс халқының қарттары да бізге қоңырау шалып жатыр.

Біздің телеарна ашып, жұмыс істеудегі мақсатымыз - Алланың ақиқатын ағайынға жеткізу ғана. Діннің егесі - Алла. Бізсіз де дінін Алла ақыретке дейін  сақтайды. Дін төңірегінде адамдардың пікірі алуан түрлі болғанмен, ақиқат дін өзгермейді. Әркім өзін құтқару үшін дініне, өзінің және ұлтының екі дүниесіне қызмет етуі керек. Ал ақиқатын айтып, әркімнің есебін беруші Алла ғана. Пенделердің пікірі алынады, тасталады. Адамдардың толық ризашылығын алған ешкім жоқ.

- «Асыл арнаның» демеушісі кім? Бізде қазір артыңда алпауыт біреу тұрмаса, ауқымды жұмыс жүргізу қиын ғой. Қаржы-қаражат қайдан?

- Әрине, әуелі бізге келетін бүкіл ризық-несібенің жалғыз егесі жаратушы Алла ғой. Әйтсе де, қаржы кейбір жұрт ойлайтындай арабтан, түріктен немесе парсыдан келіп жатқан жоқ. Өзіміздің халыққа титімдей болса да имандылықтың сәулесі түссе екен деген қамкөңіл қазақ азаматтарының қамқорлығымен іске асып жатқан дүние. Олар атын атасақ та, «е, бәленше екен ғой» деп жұрт елеңдейтін саяси тұлғалар емес. Бірақ «осы арнаға қамқорлық жасап жатырмын» деп өздеріне жарнама жасағысы келмейтін намысты, ықыласты азаматтар. Шіркін, байлармыздың барлығы ақшасын шетелдің банкіне салып қоймай, халқының қажетіне жаратса, қаншама тірлік осылай өз жолын табар еді.

Сұхбаттасқан - Ерлан Әбдірұлы.

 

P.S.

Адамды амалына қарап бағалау - пайғамбардан қалған өзгермес үлгі. Қазіргі уақытта «Асыл арна» еліміздің ірі қалалары ғана емес, шалғай аймақтарындағы шағын елді мекендерге дейін спутниктік, кабельдік жолмен таралуда. Яғни, әр қазақтың шаңырағына иман нұрын сеуіп жатыр. Жоғарыда айтқан пайғамбар үлгісімен қарасақ, «асыларналықтардың» амалын алғашқы қатарға қоюға әбден болады екен.

 


 




Сопылар енді Мұхаметжанды мына пікір алаңында "соққының" астына алатын шығар... Бауырлар, албаты лақпай, адамның жеке басын қорламай, күстәналамай байыпты ойлар айтыңдаршы. Өтініш.

Ерікжан Қасымұлы



Мұхаметжан бауырым, жарайсың! Сұхбатыңда байыпты, байсалды пікір айтыпсың. Өзіңді бұрын да сырттай құрметтеуші едім, мына сөздеріңнен кейін сол құрметім еселене түсті. Көп жайтқа көзім жетіп, көңілім ашылып отыр.

Жарылқап



Естеріңізде болар, жақында «Конфессияаралық келісімді нығайту және діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарын жүргіземіз» деген ҚМДБ-ның ақпараттық насихат тобы (АНТ) Маңғыстау өңіріне «арнайы миссиямен» келіп кетті. Сол АНТ-ның құрамында «Асыл арна» ислами телеарнасының директоры М.Тазабеков, аталған телеарнаның редакторы С.Қалиев, ҚМДБ-ның өкілі, Ақтөбе облыстық «Нұр-Ғасыр» мешітінің наиб-имамы С.Шоқанов болып еді. Сол жиындардың ізімен «Үш қиян» газетінде «Тұзсыз жиналыс» атты мақала жарық көрді. Ал, оның алдында 2009 жылдың қазанында да АНТ-тың мәжілісі өткен болатын. Жалпы осы облысымызға бірінен соң бір келіп жатқан АНТ-тың жүргізген үгіт-уағызынан кейін өңірдегі жұртшылықтың, әсіресе жастардың арасында қандай өзгеріс, нәтиже, салдар болып жатыр? Осыған ойланып көрдік пе?

Алғашқы АНТ келіп кеткеннен кейін, яғни 5-ақпан күні Маңғыстау облыстық мәслихатының 22 сессиясында облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ж.Қайырмағамбетұлы «кездесу кезінде халық насихатшылардың жауабына қанағаттанбағанын» айтқан еді. Міне, бұл жағдай АНТ-тың екінші келісінде де қайталанып отыр. Оған дәлел ретінде Жаңаөзен қаласындағы «Жалын» жастар орталығында, Қызылсайдағы мектептерде өткізген жиындарды айтсақ та жетіп жатыр.
Жаңаөзенде халық Тазабеков бастаған топтың жауабына қанағаттанбай қойғаны былай тұрсын, пәтуасыз уәждеріне қарсылық көрсетіп, наразы болған жұрттың кейбірі залдан шығып та кеткен еді. Мұғалімдер мен ата-аналардың «Астанадан келген ақылмандар балдарымызға дұрыс жол көрсетеді» деген үміті адыра қалды. Керісінше, осы кездесулерде улы уағызбен уланған оқушы балалардың санасында қалдырған дақты жуып-шаю педагог мамандарға қиынға соғып отыр. Олай дейтініміз, «хиджаб киген дұрыс екен», «мешітке бару керек, сабағымды кейін үлгеріп оқып аламын», «мұғалімімнің бұған шек қойғаны дұрыс емес, заңсыз» деген ой кездесуге қатысқан жаңаөзендік оқушылардың санасын әбден билеп алыпты. Ата-аналар болса, «мектеп былай дейді, теологтар былай деп тұр» деген екі ұдайы пікірге дал болды. Ал, қыз балалардың арасында хиджаб кию сәнге айналғандай. Бала тәрбиесін талапқа сай жүргіземіз деп басы қатып жүрген жаңаөзендік педагогтарды АНТ уағызы осылайша сарсаңға салып кетті.
Айтып айтпай не керек, бұл мәселе Жаңаөзен қаласы әкімінің тәртіп мәселесі бойынша өткізген жиналысында да арнайы сөз болыпты. Ішкі істер қызметкерлері, ішкі саясат, білім бөлімінің мамандары және мектеп басшылары бас қосқан жиналыста «теолог деп төрге шығарғандардың теолог болмай шыққаны» анық мойындалып, олардың зайырлы елдің білім беру ісіне, мектеп заңына жат «пәтуалар» таратқаны, оқушыларға діни дискілер үлестірілгені, «сабақты ысырып қойсаң да мешітке бар», «білім ошақтарында хиджаб кию-кимеу мәселесі ешбір заңда көрсетілмеген, оған тиым салынбаған, сондықтан оқушы қыздар хиджаб киюі керек» деген насихаттары қала әкімінің назарына жеткізіліпті. Әкім «Енді мұндайға жол бермеймін!» деп қаһарына еніпті деп естідік.
Жаңаөзен қалалық білім бөлімі оқу-тәрбие секторының меңгерушісі Гүлбарам Тоқбанова: «Мектеп ережесі бойынша хиджаб киюге рұқсат етілмейді. Оқушылар арасында алалық болмау керек, бәрі бірдей киінуі тиіс. Ол – мектептің киім формасы», – дейді.
Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің жетекші маманы Жаңабай Аймағамбетов айтады: «Сабақты тастап мешітке, жұма намазға кетіп қалу фактілер бар. Қала бойынша бүгінде 115 оқушы намаз оқиды. Олардың 58-і мектеп оқушысы, ал 57-сі қаладағы арнайы оқу орнының студенттері. Арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізген соң олардың 30-ға жуығы сабағын тастамайтын болды. Біз осылайша оқушылардың діни көзғарасын жөндеумен алысып жүрсек, Тазабековтер Қызылсайға келіп, «заң әлі қабылданған жоқ, қыздар хиджаб кисін» дейді. Ал мектеп заңы оқушы формасын талап етеді. Осылайша, бұлар оқушы мен мұғалім арасына іріткі салып кетті».
– Жиынның соңында «насихатшылар» көп диск таратты. Солардың бірінде оқушы қыз: «Хиджаб киюіме директор қарсы болды, бірақ мен соттасып, жеңіп шықтым. Хиджаб деген өте күшті», – деп самбырлап тұр. Сонда қалай, дін дегеніміз – оқушыны мұғалімге, ата-анаға қарсы шығару ма? Намаз оқыса, ешкімге зиян келтірмеу керек. Нағыз мұсылман болса Отанын, мектебін, Конституциясын, ұстазын тыңдап, құрметтеуі тиіс қой. Егер бұған қарсы болса, оның ұстанып жүргені қандай дін болғаны?! Дін киім киюмен, мешітке баруымен емес, жүрекпен өлшенбей ме?!» – дейді Жаңабай Аймағамбетов ашынып.

Талабымыз бар

«Бізге еліміздегі бүгінгі діни ахуалды, сырттан келген жат идеологиялардың көзғарасын, қалай іріткі салғысы келетінін және Дағыстанға кетіп өлген жаңаөзендік бес баланың қай дінге ұрынғанын айтып, сараптап беретін, ата-бабамыздың салып кеткен сара жолын түсіндіретін мамандар керек. Оқушыға сабағын жинап қойып, мешітке бару, хиджаб киюге үгіттейтін Тазабеков сияқты теологтар керек емес. Біз қазақы тәрбие бергіміз келеді. Соған жәрдемдесетін маман қажет!» Аузы күйген жаңаөзендік ұстаздар қауымы осындай талап қойып отыр.
Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің жетекші маманы Жаңабай Аймағамбетов: «Бізге сырттан ештеңе керек емес, қазақтың ата салты, дәстүрі бар. Соны негізге алып, насихаттап жатырмыз. Арабияның киімін қазақ қыздарына таңуын қаламаймыз. Оның үстіне АНТ айтқан лекция балаларға өте ауыр болды, жалығып кетті», – дейді.
Бұл пікірді қостаған Жаңаөзен ішкі саясат бөлімінің бастығы Ғалым Байжанов та: «Бізге мынау уаххабизм, мынау нақшпанди, мынау таблиғи жамағат деп айтатын адам керек. Бес баламыз Дағыстанға кетіп өлді. Егер олардың ұстанғаны дұрыс дін болса, босқа өлмейтін еді ғой. Бізге «намаз оқы, мешітке бар» деп айтатын «теолог» емес, секталарды, діндерді ажыратып, сараптап беретін маман керек. Ал кешегілер жалпылама айтып кетті», – деді.

Түйін сөз

Байқап отырғанымыздай, педагогтар Тазабеков бастаған топтың улы уағызынан кейін «тазалау» шарасын шұғыл жүргізуге мәжбүр болған. Бұрынғы айтыскер ақын, қазіргі діндардың салафилік көзғараста екені БАҚ-та да жазылып та, өзінің айтқан уағызынан айқын көрініп те жүр. Ел келешегі жастар мен жасөспірімдердің алдына емін-еркін уағыз айтып, жоспар-бағдарламасын, дәрісін жергілікті мамандардың сүзгісінен өткізбей, кесірлі «пәтуаларымен» көкіп кеткен насихатшылардың кесірінен қара домалақтарымыз өз жұртына жат болып бара жатқан жоқ па?! Біз өз қолымызбен ел іргесін ірітіп жатқан жоқпыз ба?!
Ел іргесін бекіткісі келетін діндәр жұрт арасында «пітне» тудырып, елегізген көңіл-күй әкелмес болар. Олай қылмауға алдымен Алла сөзі – Құранымыздың өзі үндейді. Қасиетті кітаптың 16-шы Нахыл сүресінің 25-аятында Жаббар Хақ пендесіне: «Раббыңның жолына хикметпен және көркем насихатпен шақыр!» деп міндет етеді. Сол Құран сөзінен шыққан хақиқат – Шәкәрім қажының даналығы да есте:
Сусағанның сусыны бол,
Су сықылды сұп-суық.
Бірақ ондай болма салқын,
Ел көңілін қалдырып.

От сықылды жылы болсын,
Жүзіңіз бен сөзіңіз.
Бірақ ондай мархаматсыз,
Болма өртеп, жандырып.

Жел сықылды желпі жұрттың,
Шаршағанын, талғанын.
Жықпа үйін, болма құйын,
Қылма жаман аманын.

Жер сықылды пайдалы бол,
Пайдалансын ел сенен.
Тасты жердей болма қатты,
Тілме жұрттың табанын.

Сен бұлыттай бол көлеңке,
Мезгілімен бер жауын.
Сел ағызба, жай түсірме,
Бұзба елдің шаруасын.

Адамдар тұрмақ, өзінің ішкі дүниесімен шаруасы жоқ Мұхамеджан сықылды “діндарсымақтардың” көксегені – ел ішінде шырық бұзу. Шәкәрім қажының тілімен айтқанда «сел ағызып, жай түсіру», «үйін жығып, құйын болу», «жұрттың табанын тілу»… Сыртқа көрініп тұрған, жүре түзелетін мәселелерді дабырайтып, ұрда-жық талқыға салу арқылы жас өскіндерімізге алаң туғызып, оларды ұстаздарына қарсы қою кімге және не үшін керек?! Шын жанашыр болса, сол «қызба мұсылмандарға» басалқы айтып, бірлікке уағыздамай ма? Әрбір үгітшілер тобының соңынан осыншама берекесіздік орын алса, мемлекетшілдікке қарсы уағыздайтын мұндай үгіттің керегі қанша?! «Осыншама жайсыздықты қолдан туғызып отырған Дін істері Комитеті кімнің сойылын соғып отыр?!» – деген сауалды осымен үшінші мәрте қоюға мәжбүрміз! Қараусыздықтан туған жауыздықтың жазасы ертең басымызға сойыл боп тиіп жүрмесін ағайын!



Құрметті қонақ! Мұхамеджанның не айтып, не айтпағанында жұмысым жоқ. Бірақ, осы мектепте бір түрлі ортақ киім кию дегенді мен қолдамаймын. Бұл құлдық сананың қалдығы, өйткені бір түрлі киім (форма) белгілі бір жұмыс орнында немесе түрмеде бекітілген. Біз кигісі келмейтін киімді балаға кигізіп, оның тұлғалық бейнесіне күш келтіреміз! не себепті осыны ойлап тапқан министр, оқу бөлімі немесе мұғалімдер өздері бір түрлі киім кимейді?

Ал балалар (оқушылар) жұма күні бір сағат намазға барғанға олардың білімі кеміп қалады дегенге мен сенбеймін!



"үшқияндықтар" М. Тазабековтың сұхбатына орай мына форумды пайдаланып қалыпты ғой. Жарайды, дұрыс бұл да бір шындық. Оқырман үшін екі жақтың көзқарасын, пікірін, ұстанымын біліп отырғанның артығы жоқ. Сол артығы жоқтан шығады, менің пайымдауымша Мұхамеджанның жолы, ниеті дұрыс сияқты. ұхамеджанның рухани байып, ойының тереңдей түскені бек байқалады. Ол бауырларын сабырға, ақылға шақырып көркем мінез танытыпты.

Сағи Жүнісұлы



Кызык екен.Мухамеджан салафи,сопы деп айдар тагып киналасак деп отырса да,сопылар соккынын астына алатын шыгар деиди.Осы созди жазган сенин озинди соккынын астына алу керек шыгар Ерикжан мырза.

Насип



Мына бір суатсыз не жазған? Түсіндіріп беріңдерші. Ұқпадым не айтпақ болғанын.

Ерікжан.



Сауатсыздың жазғанын оқимын деп мен де жаңылыппын ғой. Айып етпеңіздер.

Ерікжан



Пікір алынып тасталды!



Пікір алынып тасталды!



Пікір алынып тасталды!



Қазір шыққан мақалаға оңды пікір жазсаң болды, сені де сын садағына алатын бір құбылыс пайда болды. Әйтеуір жата қалып, жамандасаң ғана, ғаламтор сүйер қауымның көңіліне жағасың.
Мына мақала жақсы, ұстамды жазылған екен. Адамды аралас-құралас болып, жақын жүріп танисың ғой. Мен танитын Мұхамеджан әлхамдулиллаһ, жақсы жігіт. Аллаһ оған сауаптан жазсын.
Бір бірімізді жамандап не ұтамыз? Қазақшы шын жанымыз ашыса, ақіретке дінге бауырларымызды шақырып, өзіміз хақ Исламның жолымен жүріп сауап жинауымыз керек. Өйткені Алла Тағала Қасиетті Құранда "Мен жындар мен адамдарды маған құлшылық ету үшін жараттым" деген.



Мұхамеджан аға, сіз жалпы мәзхабтардың құрылуының өзі бидғат деп айтушылардың сөзіне қалай қарайсыз? Өзіңіз қай мәзхабты ұстанасыз (намазды қай үлгіде оқисыз)? Елді аузына қаратып отырған ағаларымыздың имандылық амалдарын мейлінше білгіміз келеді. Жауап беріледі деген ниеттеміз.
Тәуелсіз шәкірт.



Құрметті мұсылман бауырлар!
29 сәуірден бастап, Алматы қаласының кинотеатрларында Мұхаммед. Соңғы пайғамбар атты мультфильм жүреді екен. Мұсылмандығымызды көрсетіп, барайық!



Пікір алынып тасталды!



Олар атын атасақ та, «е, бәленше екен ғой» деп жұрт елеңдейтін саяси тұлғалар емес. Бірақ «осы арнаға қамқорлық жасап жатырмын» деп өздеріне жарнама жасағысы келмейтін намысты, ықыласты азаматтар. Шіркін, байлармыздың барлығы ақшасын шетелдің банкіне салып қоймай, халқының қажетіне жаратса, қаншама тірлік осылай өз жолын табар еді.

сонда бул "демеушилер" астыртын каражат куйып отырганы гой. Жане асыл арнанын натижесин бирнеше жылдан кейн гана коре аламыз. кызыктын бары алда турган сиякты



имандылық жолға түсіп дін ұстанып,бауырларына дұрыс жол көрсеткен Тазабеков,Тілеухан дарға ат қойып айдар тағатындар дінге сенбейтін,сенгісі келмейтін сауатсыз журналистердің әңгімесі!ал сауаттылары түсінеді.басқа туралы білмеймін,сопылық бағытты ұстанатындармен Бекболат,Мұхаметжандардан қазаққа зиян келмейтініне сенімдімін!олардың көзғарастарында айырмашылық бар шығар,бырақ алған бағыты дұрыс,барі ислам дінін догма түрінде емес,жанды қабылдауды дәріптеп жүр.оларға тас лақтырғысы келетін қазақтар алдыман ана шетелден келіп қайдағы сұмдықты шығарып жүрген,отан қоғаудан бас тартқызатын иоһа куагерлері,кришанттар,Т.Б ларды сойылдасын!болмаса өз арамыздан шыққан "Ата жол"дей ме "Ақ жол" дейме өлген адамға табынып,аруақпен сөйлесіп,қабыр аралап,үңгір жағалап елді алдап ақша тауып жүргендерді тоқтатсын.дінде әр түрлі көзғарастар өмір сүреді,бүкіл мұсылманның бір бағытта жүруі мүмкін емес,маселе қайсы бағыттың қатерлі екенін,қайсы бағыттардың артында кім тұрғаны,жане қандай мақсат көздейтіне байлансты!қатерлі бағыттарға құзырлы органдар шектеу қою керек!"діндік келісім""ынтымақтастық" деп көрінген миссионерлерге жол ашып,халқымызды сан сектаға бөлінуге жол бермесек болғаны!
Ал Бекболаттар,Мұхаметжандар,Санжарлар қазақтың бірлігін,өсуін ойлаған,өзіндік көзғарастары бар намысты азаматтар.олар қай бағыт ұстансада қатерлі жолда емес!

Серік Мұратхан ұлы



Пікір алынып тасталды!



Пікір алынып тасталды!



сақалында не дерің бар?олардың аузын іздеп,иегін іздеп таба алмай жүрген жоқсыңдар,ел қамындағы азаматтардан мін іздеп,тырнақ астынан кір іздеп жүрген адамсыңдар ғой!мәселе сақалдада салде де емес,ұстанған ішкі ұстаным бағытта!



Пікір алынып тасталды!



Пікір алынып тасталды!



Қазақстандағы іріткі салушы топтың бірі - исматуллашылар.(басшысы - Исматулло Пакистани.Газеті-"Үш қиян").Манғыстаудағы серкелері - Сібетқали(лақабы "Микроб"),Ануар("Тәкаббар"),Сарсен ("Наркош").



Жалпы ашығын айту керек, жұрттың діни экстремизм қаупінен шошынып отырғаны жасырын емес. Екінің бірінің аузында уаххабилер туралы әңгіме. Мешітке барудан балаларын сақтандыратындар көбейді. Өйткені, аймақта діни бояуы қалың оқиғалар бірнеше рет тіркелген. Оның ішіндегі қоғамға қатер тудырғаны – 2008 жылы ақпанда полиция капитанының өлімімен аяқталған уаххабилік көзқарастағы 5 адамның қанды шабуылы болса, былтыр Жаңаөзен қаласынан Дағыстанға «жиһадқа» кетіп өлген 5 жеткіншектің оқиғасы. Осы алдыңғы бесеудің оқиғасы мен соңғы бесеудің өлімінен Маңғыстауды кезіп жүрген БЕС сұрақ бар. Былтырғы қазанда келген ҚМДБ үгітшілер тобы жауап бере алмай кеткен сол бес сұрақ мынадай еді: 1. Жаңаөзеннен Дағыстанға «жиһад» үшін барып өлген 5 баланың ұстанғаны діні қандай, оны қандай белгілерінен ажыратамыз? 2. «Жұма намаз» мәселесі неге орта білім жүйесінің дауына айналды? 3. Құзырлы орындардың хиджапқа көзқарасы біркелкі ме? 4. Әулиелерге (Бекет атаға) зиярат ету дін тұрғысынан орынды ма? 5.Уаххабилер деген кімдер?
Дәл осы сұрақтар бұл жолғы топтың да алдынан шықты. БАҚ беттерінде әулиелерге, дәстүрлі дінімізге ашық тіл тигізіп жүрген Мұхамеджан Тазабеков мың құбылғанымен, нақты сұраққа нақты жауап бере алмады. Себебі, халық Жаңа Өзеннен кетіп қаза тапқан 5 баланың қандай жолда екенін анық білгісі келеді, соны нық сұрайды. Ал, уаххабилік көзқарастағы Тазабеков бұған былай деп қашыртпа жауап береді (сөзбе сөз): «Оны Алла біледі, ағайындар. Біздер кезінде ұлттың мақтанышы болған Сәкенді Қытайдың шпионы, Ахметті Американың шпионы дедік, сондай ұлтымыздың қамын ойлаған өз ағаларымызды, осы өңірде қаншама ғұлама шықты Жапонның тілшісі деп кінәлаған елміз. Жала жабу оңай, бірақ аққа Құдай жақ! Біз бір адамның жүрегіне кіріп шыққан жоқпыз. Ол адамның қандай жағдайда қандай кезеңде болғанын. Сондықтан біз ол балалардың тағдырын Аллаға тапсырып қояйық. Тілімізге ие болайық, себебі қазір көшеде бірін-бірін пышақтап өлтіріп қойып та жатады, бір адамдар бірін-бірі көре алмастықтан өлтіріп қойып жатады, олар бірақ шын мағынасында біз ойлағандай біздің дінімізге біреулер тас лақтыратындай жағдайда қайтыс болды ма, болмады ма, бір Алла біледі! Сондықтан, даудан сақ болайық. Сол үшін біз өзіміз өз шаңырағымызға ие болуымыз керек. Қазір барлығымыздың отбасымызды бір-бір ұл, бір-бір қыз өсіп жатыр. Сондықтан баламызға бала кезден ештеңе үйретпесек, мешітке, имамға өкпелеудің қажеті жоқ.»



Пікір алынып тасталды!



Пікір алынып тасталды!

 

Мұрағат

Ақпан 2012
ДсСсСрБсЖмСбЖс
-1012345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728291234

Айлық статистика

<<  >>