-Мен Алдармын, Алдармын,
Сақалымды талдармын.
Сақал түгіл мұрт та жоқ,
Шайтанды да алдадым - деп, Тазша баланың қырық өтірігіндей зуылдататын Алдар көсенің де өтірігіне сан жетпес.
- Сусыз жерде өсемін,
Сондықтан да Көсемін - деп Алдакең әнін жалғай береді.
Иә, сол Көсе халық ауыз әдебиеті мамандарының анықтауы бойынша ертегінің емес, аңыздың кейіпкері. Ертегіден гөрі шындық өмірге жақын келетін аңыздар бойынша оның өзінің жеке тұрақты шеберханасы болған. Бай-бағландарды алдап, жинаған дүниесін жоқ-жітіктерге үлестіріп отырған деседі. Яғни, оның алдауында үлкен мән бар.
Алдардың визуалды бейнесі біздің санамызға алғаш Шәкен Аймановтың «Алдар Көсе» фильмі арқылы бекіді. Осыдан кейін біршама анимациялық мультфильмдер жарыққа шықты, бірақ Аймановтың Алдарынан алшақтау бейнеде.
Алдарға арналған мультфильмдердің бірі және ішіндегі ірісі Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен «Краус» деген жеке кәсіпкердің орындауымен 2010 жылы жарыққа шықты. Жұмсалған қаржы - 60 000 000 (алпыс миллион) теңге.
Дисктің сыртқы рәсімделуін көріп-ақ қазаққа қаншалықты жанашырлықпен шығарылғандығына көз жеткізуге болады.
1. Алдар Көсе деген атау Алдар Косе деп қате жазылған.
2. Өнім қазақ тілінде болғанына қарамастан, диск сыртындағы мәтіндердің кейбірі орыс тілінде берілген. Мәселен, ИП «Краус» емес, қазақша мәтінде «Краус» ЖК деп жазылуы керек.
3. Мекен-жайы деген сөз жаңа орфография бойынша бірге жазылады, яғни, мекенжай.
4. Даңқты генерал Панфиловты қазақша мәтінде әйел заты етіп Панфилова деп жазып қойған.
Бұл өнімнің сыртындағы әңгіме, ал ішіне келсек...
1. Өнімнің атауы «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» екен. Сыртында «Алдар Көсе туралы ертегілер» деп жазылған - қайсысына сенеміз? Жалпы аңыздың кейіпкерін ертегі деп жүрген Тіл басқармасындағылардың филологиялық сауаттылығына аса күмәнмен қарауға болады.
2. Көңілді деген сөздің орнына қызықты оқиғалары деп жазылуы керек еді. «Көңілді» - веселый деген орыс сөзінің калькасы.
3. Балаларға арналған білім беру топтамасы деген сөз тіркесі де түсініксіз қолданылған. Қандай білім? Ненің топтамасы?
4. Алматы қаласының тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша деген синтаксистік құрылымда Алматы қаласының дегендегі ілік септігі артық (стильдік олқылық).
Қалалық прокуратураның шақыруымен Тіл басқармасының 2010 жылғы мемлекеттік тапсырыс бойынша шығарған өнімдеріне лингвистикалық сараптама жасаған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Ботагөз Сүйеқұл «Қазақ әдебиеті» (24.12.2010ж.) газетіне берген сұхбатына бұл өнім туралы былай дейді: «Бүлдіршіндерге арналған «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» (дұрысы - қызықты оқиғалары) деп аталатын анимациялық фильмдер топтамасын, өз басым, бүкіл ұлттың намысына тиетін «өнім» деп бағаладым. Бұл жолы «қазақ тілін мазақтауға» «іскер де талантты» жеке кәсіпкерлер - ағайынды Краустар «көмектескен...» басқарма осы мультфильмдер топтамасын барлық балаларға қазақ тілін үйрететін құрал ретінде ұсынып отыр. Сіз бен біздің қаржымыздан құралатын қала бюджетінен 60 млн.теңге жұмсалған бес дискіні көріп шығу үшін үлкен шыдамдылық керек екенін ұқтым. Бүгін бала - ертеңгі қоғам азаматы. Олардың сәби санасына себілген мұндай тұқымнан өсіп шығатын өнім қандай болмақ?! «Шрек» типтес «ата-бабаларын» көрген қазақ бүлдіршіндері «мұндай қазақ болғаннан, болмай-ақ қоюды» жөн тапса, оларды жазғыруымыздың өзі орынсыз. Себебі, «сатып алған аурудың емі жоқ» екенін қайран бабаларымыз әлдеқашан айтып кеткен!
Біздің байқағанымыз, мультфильмнің ішінде ұлттық менталитетке сай келмейтін ойдан құрастырылған оқиғалар көп. Мәселен, қалыңдық іздеген жігіттің қайын атасымен мас болып дастарқан басында мыжып отыруы немесе бала-шағасы көп кедейдің киіз үйіне бір қора қойды адамдармен бірге қамап қоюы және тағысын тағылар.
Мультфильмді бастан-аяқ шолып шыққан Керімбек Ниязбаев ағамыздың пікірі де рухани сана мәселесіне қатысты болып отыр: «Бұл өнімнің техникалық жағынан сөзім жоқ. 3D үлгісінде анимацияны керемет үйлестірген. Әсіресе, тілді үйрету әдістемесі ретінде қолдануы таптырмас ой. Ал идеялық-көркемдік жағы көңіл көншітпейді. Мысалы үшін, мұндағы шалдың бейнесі қазаққа келіп тұр. Әттеген-айы, бұл жерде сценарий жазған адам қазақтың аңызын қалай болса солай бұрмалаған. Қазақта әйел адам ерекше қастерленеді. Сонымен қатар оның отбасындағы орны да ескеріліп отырады ғой. Ерлі-зайыптылардың шәлкем-шалыс келіп қалғандарын балаға көрсетіп, біз не ұтамыз, неден ұтыламыз? Осыны ойланайықшы. Үлгі-өнеге беретін дүние жасасақ дұрыс еді, мұның орнына. Кемпір мүлдем қазақтың қариясы емес (кемпірдің суреті). Мына мультфильмді көрген қазақ баласы ата-әжесінен безеді. Қазақтың қазақы болмыс-бітімін сақтап келген де сол қарттарымыз. «Неменеңе жетістің бала батыр, қариялар азайып бара жатыр... «Қаланың балалары мынадай ата-әженің түрін көреді де, қолдарын бір сілтейді. Ағайынды Краустардың қазақты масқаралаған түрі ме, әлде біздің бөбектерге осындай болыңдар деген нұсқау ма? Адасуға итермелеудің бір тәсілі емес пе осы? Осыншама үлкен жобаны неге бір адамның қолына беріп қояды? Өз басым Краусты кәсіби режиссер ретінде қабылдамаймын. Бізде «Қазақфильм» мен «Мультфильм» бірлестіктері бар. Талай соқталы дүниелерді дүниеге әкеліп жүрген қаламгерлерден де кенде емеспіз. Краус қалай бір өзі сценарий жазады? Қазақтың кім екені мұрнына баратын азамат болса бір сәрі. Ол қанша дегенмен өзге ұлттың өкілі ғой. Алдар Көсенің образына келер болсақ, біз бала кезімізден оқып, көріп өстік. Мұндағы Алдар Көсені таза қазақтың кейіпкері деп айту қиын.
Ең маңыздысы, бала кейіпкерлердің түріне қарайды. Ал мына мультфильмді балаларға көрсетуге болмайды. Ол әрекетіміз қылмыс болады».
Шындығында да, «Жебе» киностудиясының шығарған Алдары Ш.Айманов жасаған образға жақындайтын сияқты, бірақ сопайып, жалбырап кеткен. Ал, басқарманың Алдары нағыз Тазша балаға ұқсайды. Енді сөзді, өнімді шығарушының өзіне берейік.
Мамай Ахетов, Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағат және құжаттама басқармасының бастығы: Ұлттық кейіпкерлерімізді анимациялау үшін былтыр тендер жариялағанбыз. Бірнеше аниматордың ішінен ең төменгі бағаны ұсынған «Краус» ЖК болды. 10 минуттық көлемдегі әр мультфильмге 2 млн.теңгені құрайтын мемлекеттік тапсырысты жеңіп алды. Кәсіби аниматорлар, ағайынды Краустар іске кірісісімен-ақ, «Қазақфильмнің» мультфильм саласының мамандары мұндағы персонаждарды толықтай талқылады. Дидар Амантай бастаған кәсіби топ аталған анимацияның жарыққа шығуын қолдады. 3D үлгісіндегі әрбір мультфильмнің соңында балаларды оқыту бағдарламасы бар. Шын мәнісінде, отандық анимациямыз үшін жақсы жетістік деп есептеймін. Сапасы жоғары болғандықтан, жан-жақтан сұраныс көбейді. Ә дегеннен «Мир» телеарнасы қызығушылық танытқан-тын. Бүгінде ТМД елдері экранына ағылшын-орыс тілдерінде тәржімаланған нұсқасы жол тартты. «Балапан» балалар арнасы мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасы да өз кезегінде бұл мультфильмдер топтамасын эфирден беруде. Таяуда ғана «Алматы» телеарнасы да қолқалады. Мемлекеттің қаржысына түсірілгендіктен, барлық телеарнаға тегін үйлестірудеміз. Әу бастағы мақсатымыз да осындай еді. Алматы қаласының жергілікті бала-бақшаларына да тегін тараттық. Балалар енді басқарманың сайтынан да тамашалай алады. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп, ұлттық менталитетімізге сәйкес бір бейне жасадық. Әр бала өзінің танысын жолықтырғандай қуанатын болуы тиіс. Өткен жылы 30 сериясын шығарсақ, биыл да жалғасын табады. Осылайша Алдардың бейнесін әрбір қазақ баласының санасына бекіту керек. Бөлінген қаржы пәлендей көп болмаса да, Краустар кәсіби тұрғыда, өте сауатты мультфильм жасап берді. Биыл да мемлекеттік тапсырыс Краустарға тиетін шығар. Өйткені, заң бойынша олар жалғастыруға құқылы.
Қазақ баласының санасына қайсысын бекітеміз. Басқармадағылар өздерінің жүйесіз жұмыстарының арқасында қомақты қаржыны қазақ руханиятын жөндеуге жұмсағанның орнына, осы бейберекетсіздікке үлес қосып отыр деуге болады.
Рас, қазір бұл мультфильмдер ауық-ауық телеарналардан көрсетіліп жатыр. Дұрыс қазақша шығарылған дүниелер керек, оның үстіне мұндай форматта балаларға арналған өнім бұрын жасалған емес, «Краус» деген жеке кәсіпкердің өз істерін жақсы меңгергендігі көрініп-ақ тұр. Ал біздің осы Алматы қаласының Тіл басқармасындағылар қайда қараған деген заңды сұрақ туындайды. Әр нәрсе жасаларда, оның техникалық сипаттамасы жазылады, онда мемлекеттік тапсырыспен сатып алынатын өнімнің түсі, түрі, неден жасалатынын және т.б. түгелдей егжей-тегжейлі анықталады. Ал мұндағы Алдар көседен бастап барлық кейіпкерлер еш талапқа сай емес және де жоғарыда Керімбек Ниязбаев ағамыз айтқандай, аңыз желісі қалай болса солай бұрмаланған, ұлттық менталитетке, бала ұғымына сай келмейтін сюжеттерден құрылған. Олар өздері аңыз бен ертегіні шатыстырып отырғанда, балаға не бере алады? Қысқасы, мемлекеттік қызметкерлер өз міндеттерін дұрыс атқара алмаған. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жасалатын өнімнің қандай болуы керектігі жайлы бас қатырып, оған техникалық сипаттама жазып, ол бойынша сала мамандарының кеңесін тыңдауды артық көрген. Бұрыннан «Крауста» бар, концепциясы жасалып қойған дүниені сатып ала салған. Олардың жасалып жатқан өнімге еш жауапкершілік танытпағандарын мақаланың басында келтірілген дисктің рәсімделуіндегі орфографиялық қателерден-ақ байқауға болады. Сондай-ақ Алматы қаласының Тіл басқармасындағылар Алматы, Астана, Ақтау және Шымкент қалаларында анимациялық студиялардың бар екендігін ескермеген. Ашық байқаулар өткізбей, «Краус» ЖК-мен ғана жұмыс жасауды жөн санаған.
Осыдан барып олардың Алдар көсесі орыстың Буратиносына, ал байдың кемпірі Шректің шешесіне ұқсап кеткен. Арғы жағын, қадірлі оқырман, сіз айтыңыз, ал нүктесін қоғамдық кеңес қойсын!
«Абай-ақпарат»









Қазір еліміздегі арналардың бірінен осы Алдар жайлы мультфильм беріліп жүр ғой. Көп оқиға бай мен Алдар арасында өрбитін өнім. Бірақ, жоғарыдағы суреттерге қарасам, бұл анимацияға ұқсамайды. Ол басқа дүние ме деп ойлап отырғаным...Сондағы аңғарғаным, артқы фондағы үйлер қазақы емес, гәп бір Ауғанстандағы жар қабырғалы, төбесі бірінде болса, бірінде жоқ жадау тартқан үйлер... Қарап отырып, қарның ашады. Әрине, біткен іске сыншы көп дерсіз...бірақ бұл тырнақ астынан кір іздеген емес! 3D анимацияны былай қойғанның өзінде де еліміздің киноиндустриясы әлі дами алмай отырғанын мойындауымыз керек. Әлемдік стандартқа сай емеспіз әлі. Жеке режиссерлер болса, келіп алып 90 жылдардағы бандиттер жайлы кино түсіре береді. Ол жанрға бұған дейін де ресейлік өнімдер арқылы "тойғанбыз". Олардың неменеге керегі бар? Тым жақсы келбеті бар Әсел Сағатова замандасымыз жүр кино түсіп орыстың жігітіне ғашық болып Қазақстандағы шаруасын істеп жүрген бұрынғы сүйіктісі қазақы жігітті "лақтырып". Бұл жерде біздің кино өндіруші мамандар мен актерлер шет елдік әріптестерімен жұмыс істеуі керек, әрине. Тәжірибе алмасып, техникалық жақтарын меңгеріп, жақсы сценарийді қалай жазу керектігін...Қазақы болмысы бар, қазіргі заман жастарының бет-бейнесін сомдайтын, қазіргі түсінікпен жаңа мелодраммалық туындылар керек шет елмен санаса білу үшін де...өйткені қазір кинотеатрларға баратын көптің көзін осы жастар. Сол арқылы да көп жәйттерді насихаттап үлгеруге болады...Осындай қарапайым кино өнімдерді әлемдік стандартқа жеткізе алмай отырғанда, шет елдік "Шрек" секілді анимациялардың сапасына қол жеткізу, тәржімалау, дыбыстық жағынан шебер монтаж жасау жер мен көктей шаруа...
Негізі осыған болса да тәуба деп, қазақша мультфильмдерді көбейте беру керек...
р/с: Алдардың буратиноға шынында да ұқсастығы бар екен, ал байдың кемпірі жағымсыз кейіпкер болса, өзіне сол жарасымды болар:)))))
Шрек пен байдың кемпірінің туыстығын днк жасамай-ақ байқауға болады екен :).
Осы мультфильмдi шығарғандардың өздерiн малдармен бiрге қораға қамап кою керек-ау деймін осы. Мүмкiн естерi кiрiп, дұрыс туынды шығарар.
Өзі неміс болған соң қазаққа бәрі бір деген ғой. Малмен бірге қамап қойып, адамдарды. Бұл не халықты мазақтағаны ма? Күлдір дегенде өзіңді өзің масқаралап күлдіру керек пе? Ей басқармадағы пақырлар, не сатып алып отырғандарыңды білсеңдерші ең құрмаса. Халықтың ақшасына халыққа пайдалы бірнәрсе жасай алмасаңдар неғып отырсыңдар, ай қарап.Өзі неміс болған соң қазаққа бәрі бір деген ғой. Малмен бірге қамап қойып, адамдарды. Бұл не халықты мазақтағаны ма? Күлдір дегенде өзіңді өзің масқаралап күлдіру керек пе? Ей басқармадағы пақырлар, не сатып алып отырғандарыңды білсеңдерші ең құрмаса. Халықтың ақшасына халыққа пайдалы бірнәрсе жасай алмасаңдар неғып отырсыңдар, ай қарап.
Алдар көсе – қазақ ауыз әдебиетіндегі халық арасында көп тараған ұнамды, күлдіргі кейіпкер. Ол әр кезде өмір сүрген ақылды да айлакер, тура да тапқыр, жарлы – Жақыбайдың қамын жеген әділ адамның жиынтық бейнесі. Ол бірде жұмыртқадан жүн қырыққан дүние қоңыз шық бермес Шығабайдың басын шыр айналдырса, бірде тиыннан теңге, тұяқтан табан құраған Ысқақ саудагердің өзін мұзға отырғызып кетеді. Ол – ол ма, қараңғы халықтың зәресін алып, жағасын ұстатқан жын-сайтандармен айқасқа шығып, олардың өзін өлердей мазақ етеді. Ал, Тіл басқармасындағы лардың оған дұрыс мән бермей, өзгенің ойыншығына айналдырғаны жөн болмаған екен.
Алдар көсе деген кім? Әулие ме еді сонша дәріптейтін. Қамал Бурханов деген депутат оны *Бейәдеп сөз жазбаңыз!* қу, оны үлгі етіп балаларды қалай тәрбиелейміз? Оны әр ісі үшін түрмеге отырғызу керек деді ғой. Мен соған қосыламын.
Қазақты қой секілді қазақ дегенді астарлап айту үшін бұл орыстар қазақтар бүкіл қойларын үйіне кіргізіп алатын көрініс жасаған ғой. Әйтпесе аталған оқиғаны басқа әдіспен де беруге болатын еді. Жалпы қазақтар мыжырайған, тыжырайған, шардиған, сүреңсіз, сүркей бейнеленгеінен ақ бұл дүниенің қазақ жастрының санасында қазақты жек көру сезімін егуге бағытталғаны жасырын емес. Өзімізді өзіміз өте жек көретін едік, мына филмді көргесін, одан сайын өшіге түстік: Қазақтардың түрін қарашы, бейшара және масқара!
Қазаққа еврейлер ертегі мультфильм түсіріп берді, ұялмайсыңдар ма қазақ мультипликаторлары
Обалдарың жоқ ,тапсырыс берген қазақ,араласқан қазақ,қабылдаған қазақ.Кімге өкпелейсіңдер,әлдеде рахмет айтыңдар тонын тезектің шоғына сілкіп битін түсіргенін көрсетпегеніне.Қарап отырып қаның қайнайды,ең болмаса бөбектерге арналған мультиктерді дұрыстай алмағасын,шетіңнен атып тастаса обалдарың жоқ.
2 қонақ, сен тәуба деп отыра бер. Өзіңнен өзің жиіркеніп, қағынан жеріген құлан сияқты өлгеніңді ертең бірақ білесің. Ау, ағайын Алдар көсенің суретін сұрап көріңдерші интернеттен саған отыз түрлісін шығарып береді. Кәріс жасаған, неміс жасаған, орыс жасаған. Ешқайсысын көңілің құлап Алдар осы деп айта алмайсың. Бірі есекке мінген, бірінің сақал-мұрты бар, бірі балаға, бірі шалға ұқсаған. Бұл қазақтың миын айналдыру емей немене? Оған міне басқармадағы өзіміздің шенеуніктер де ат салысып жатыр...
7 қонақ, Қамал Бурхановыңмен қоса құры, ана басқармадағы жармақ бастарыңды да ала кет, сонда әлгі сартстанға...
Басқармадағыларда ұят қалмаған екен,
Дұрыстап білім алмаған екен.
Аңызды ертегі деп,
Ақылдары толмаған екен.
Бұлары болмаған екен.
60 млн-ды жалмаған екен.
Қазақты қорлату үшін,
Краусты әкеп жалдаған екен.
Өздері істей алмайды. Істегенді көре алмайды ( деп Краус ойлап жаткан шыгар)
Негізі мына тендер деген бәле барлығына кінәлі. Аз бағамен ұтып алып сапасы екінші орынга түсіп қалады
Негизи Камал дурыс айткан екен! Ал бул салада баска салалардагы сиякты былык толып жатыр! Хукук коргау, кадагалау органдары тумсык тыга алмайды. Крышалары мыкты го! АКОРДА!!!!!!!!!
Сіздерді қайдам осы біздің бала шаға көк жәшіктің ішіне кіріп кете жаздайды осы мультфильм десе оларға еш қандай пейзаж буратино шрек дегендер қызықта емес олар тек қана қазақша сөйлеп тұрған ән айтатын Алдар қызық .Кейде таң қаламын өзіміз көк иненің к...ін түрте алмаймыз тағы кеп сынаймыз.Осы Алдар шыққалы бері сәл қулағымыз анау николженнің шатпақтарынан тыншыды оған да рақмет.
Алпыс миллионыңның атасына нәлет осы Алдар көсе арқылы қанша орыстанған қазақтың балалары тіл үйреніп жатыр.
Иа! Алдар алдар атына сай болды, ау бастан кызык кой Алдар деген. Асиресе улен айтканы кызык. Негизи казахтарга улен айтканнын баси кызык. Маган казах даласы мен каласы, данасы да баласы улен айтып тургандай.
Иә, қазір қазақша өнім жоқ болғандықтан, аз болғандықтан қазақтар, қазақ тілді көрермендер рухани аштықта отыр. Қазақша аударылған кәрістің, түріктің сериалдарына жаппай телмірмейтіндіктері сондықтан. Енді рухани аш отыр екен деп қазақша шығарылған деп не болса, соны талғамсыз көмекейіне тыға беруге бола ма? Білмеймін мен өзім Алдар көсенің авторларын Борат пен «Келінді» түсіргендердің қатарына қояр едім.
Қзақтың анимациясы дамымағанына,сіңілім Арай қатты намыстанып,программист мамандығын алатын оқуын тастап,анимация оқуына барғысы келеді.Ол қазақтың әлемге танымал мультфильмі болу керек,жапондардың „Нарутосынан„артық фильм шығарам деп отыр.Басты кемшілік біздегі кейіпкерлерді тым сүйкімсіз ғып салады,мен өте сүйкімді тартымды ғылып саламын және осы саланы дамытамын деп жастық жалынымен армандап отыр.Бұл саланы намыстан ,әрі патриоттық сезіммен қалап отыр.Н.М.М.