Қамбар АХМЕТОВ. Қарағандыдағы қазақ баспасөзінің қалі | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет


Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл күзетшісі.
Ар мен ұят сенбесе – өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі

Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
Астананың бір минуттық шығыны - 600 мың теңгені құрайды
Айтқыш екен
Обал болды көзге де, құлаққа да,--
Сеніп елге бермейсің сыр ақтара.
Қарайтының күдіз-түн бір-ақ канал,
Көретінің бір кісі, бір-ақ қала.

А. Мұқабай, асаба

Загрузка

Қамбар АХМЕТОВ. Қарағандыдағы қазақ баспасөзінің қалі

Жәрдемші


«...Қазақ баспасөзінің таралымы неге аз? Оған не кедергі? Облыс орталықтарындағы тәуелсіз БАҚ қалай күн кешіп жатыр?  Облыстық, аудандық газеттердің ахуалы нешік? Оларды не толғандырады?» (www.abai.kz 02.11.2009).  Қазақ журналистерінің І-ші халықаралық форумы қарсаңында Abaі.kz ақпараттық порталында жарияланған Үндеудегі осы сауалдар қолға қалам алғызып отыр.

Айтыла-айтыла ақжем болуға айналған, бірақ осылай екен деп айтпай қалуға тағы болмайтын мәселенің бірі осы. Біздің қоғамдағы бітеу жара - қазақтілді БАҚ-тың жағдайы. Ал, біздің тоқталмағымыз осы проблеманың барынша өршіп тұрған жері - Қарағанды облысының ақпараттық кеңістігіндегі ахуал.

 

1.Өгей бала

Ақпарттық майданда кім үстемдік құрса, әлемді сол билейді. Бұл - аксиома. Осы тұрғыдан келгенде Қарағанды облысының ақпараттық кеңістігіндегі жағдай ойлантпай қоймайды. Облыста бүгінде 200-ге жуық газет-журнал шығатын көрінеді. Облыстық Ішкі саясат басқармасының мәліметінше мемлекеттік тілде шығатын БАҚ-тың үлес салмағы - 10 %, орыс тіліндегісі - 42 %, екі тілде таралатыны - 48 % («Екі тілде» дегеніңіз әншейін көз алдау. Оны да орыс тіліндегі 42%-ға қоса есептесек, ақиқаттан алыстай қоймаймыз)

 

Сонымен, Қарағанды облысында шығатын 200 газет-журналдың ішінде таза қазақ тілінде жарық көретін басылым 20-ға зорға жетеді. Оған да тәубе дер едік, әлгі «сұрап алған» жиырманың өзі әкімдіктер жанындағы, қаулы-қарар, өкім-шешімнен бас көтере алмайтын газеттер. Осының арасында облыстық деңгейде қазақ тілінде жарық көретіні - жалғыз «Орталық Қазақстан». Басқасы, аудандық газеттер. Бұндай басылымдардың мәжбүрлеп жазғызу арқылы өмір сүріп отырғаны сіз бен бізге және белгілі. Ұзын сөздің қысқасы, бұл жақта қазақ тілді баспасөздің жағдайы сын көтермейтін дәрежеде.

Ал, керісінше ресми тілде жарық көретін басылымдардың айы оңынан туып тұр. Күндегеніміз емес, салыстыру үшін мысалға қалалық «Новый вестник» газетін алайық. Жуандығы екі елі - 85-90 беттен тұратын осы апталықтың таралымы жиырма бес мыңның үстінде. Ал, бұндай басылымның кеншілер астанасында бірнешеуі бар. Және бәрі де «пышақ үстінен үлестіріліп» жатыр. Бір сөзбен айтқанда Қарағандының медиа кеңістігінде ресми тілді басылымдар өздерін судағы балықтай, жай балық емес, жайын балықтай сезінеді. Ақпараттық кеңістіктегі атмосфераны қалыптастыратын да солар.

Ал, осы тұста - толқын ұрған қайықтай қалт-құлт еткен ұлттық мүдде үшін қасқайып күрес жүргізер тұста, қазақ тілді БАҚ-тың жағдайы мүшкіл. Құдды өгей бала. Неге?

2. Қазақы БАҚ неге қауқарсыз?

Қазақы БАҚ-тың маңдайының соры неге бес елі? деген сұраққа жауап іздей бастағанда тіл ұшына Қадыр Мырза Әлінің «Қалай қарай жүрсем де, қайтып келем өзіңе» деген өлең жолдары орала береді. Қай проблеманың ізіне түсіп, себебін індете бастасаңыз барып-барып тірелетінің бір нүкте. Ол - билік.

Билік қазақ басылымдарына ашық қысым көрсетіп, қорқытып-үркітіп, жолын кесіп отыр деуден аулақпыз. «Газет аш», «тарат» деп қалтаңа қаржы салып беруге де еш міндетті емес екені тағы рас. Ендеше, қазақы БАҚ-тың тұқыртылуына себепті неге биліктен іздейміз?

 

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері Қарағандыда бірнеше қазақ басылымы жарық көріп еді, бәрінің де ғұмыры тым қысқа болды. Ұзағанда екі жыл өмір сүріп, сосын шығынға белшесінен батып, ақыры ақпарат айдынының толқына жұтылып, ғайып болды. Неге?

- таралымы аз;

- ақпаратты тарату жеделдігі төмен;

- қоғамға ықпалы жоқ;

- материалдық жағдайы нашар БОЛДЫ.

 

Сезіп отырмыз, «бұған биліктің кінәсі қанша?» деп, дүрсе қоя беретін болар біреулер. Осы төңіректе ой қозғап жүргендердің бір тобы «Қазақы БАҚ-тың өркендемеуіне білікті кадрдың, тәжірибенің аздығы себеп» деген пікір айтуда. Шынтуайтында ол жанама фактор ғана. Бүкпелемей турасын айтсақ, ұлттық БАҚ-тың өркендемеуіне, оның жолында  кедергілердің көлденең жатып алуына жергілікті биліктің әбден қатысы бар. Тек ол кедергілер көзге көрінбейді. Сондықтан да онымен күресу де өте қиын.

Оны қарапайым мысалмен дәлелдеп бере аламыз.

«Материалдық жағдайы нашар болды» дедік жоғарыда. Газет қаржыдан қысылмауы үшін жарнама тарту арқылы ақша түсіру керек. Нарықтың жазылмаған заңы бойынша - жарнама таралымы мол газетті іздейді. Қазақ газеттерінің жарты миллион тұрғыны бар Қарағандыда құрығанда 10 мың таралымға ие бола алмай, құрып кете беруіне басты себеп - тілдік ортаның болмауы. Қазақпен қазақ өз тілінде сәлемдесетін жағдайға жете алмай отырған жерде қазақ газеттеріне оқырман қайдан табылсын. Сөз жүзінде іс-қағазы мемлекеттік тілге 2006 жылы көшіп кеткен облыста қазақ тілінің жағдайы іс жүзінде «баяғы жартас, бір жартас» қалпы.

Таралымы мол болу үшін басылымның қоғамдағы ықпалы күшті, сөзі өтімді болуы керек. Ықпалы күшті газет дегеніңіз - билік санасатын газет. Ал, билік қазақ басылымдарының жазғанына пысқырып та қарамайды. Оқымайды да. Оқыса да: «Ит үреді, керуен көшеді» деп жүре береді. Ешкімге сөзі өтпеген газетте бедел, таралым, оқырман қайдан болсын. Ондай газетке кім жарнама берсін. Жарнама болмаған соң, материалдық жағдай қайдан оңалсын? Ал, егер... Ал егер, ресми тілді басылымдарға қандай да бір сыни мақала шығып кетсінші... Онда дүние төңкерілді дей беріңіз. Әкімқаралар сыннан қорытынды шығармақ болып, абыр-сабыр болады да қалады. Құрып кеткенде, ақталып, газетке жауап хат жазады. Осыдан кейін ол БАҚ-тың беделі аспандамай қайтсін?!

 

«Қазақтілді БАҚ-тың қарқыны баяу» дейді. Бұған да қазақ тіліне оңды көзқарас болмауы әсер етуде. Қыл аяғы біржапырақ баспасөз мәлімдемесі де қазақ тіліне аударылмайды. Жиналыс біткен тек ресми тілде өтеді. Жиын сайын қазақ журналистерінің елдің соңынан: «ағатай, қазақша сұхбат бере қойыңызшы» деп жалынып жүруі дәстүрге айналған. Ол көңілі түссе береді, түспесе жоқ. Орыстілді БАҚ дайын сұхбатты, дайын мәліметті ептеп қырнап қана жіберіп отырса, қазақтілді журналистердің орысша мәліметті аударып, содан кейін одан мақала жазуына, екі есе артық тер төгуіне тура келеді.

Ал, қазақ тілді басылымның көсегесінің көгермеуінен ұлттық мүдде қаңтаралып тұр. Әдеби, мәдени, рухани орта дағдарыста.

3. Ұлттық басылымды тұқырту кімге пайда әкеледі?

«Жұртшылықтың жаңалықтан хабардар болуына мүмкіндік беріңіз, сонда мемлекет те қауіпсіздікте болады» депті кезінде АҚШ-тың он алтыншы  Президенті Авраам Линкольн. Бұқаралық ақпарат құралдарының сынын ескерусіз қалдыру біріншіден БАҚ беделін төмендетіп отырған болса, екіншіден халықтың билікке деген жылы көзқарасын өзгертуге себепші болуы мүмкін. Мәселен, Қарағандыда көше аттарын ұлттық тұлғалардың есімімен атау бастамасы көтерілгенде белгілі бір топ ашық қарсылық білдіріп, халқымыздың біртуар тұлғасы Әлихан Бөкейханды «тероршы» деуге дейін барды. Осы кезде қазақ басылымдары дабыл қақты. Билік болса үнсіз қалды. Тіпті ресми газетте шыққан дүниелерге жауап қайтармады. Бұл - қалыптасқан жағдай. Осы жайт билік органдардың беделін түсірмесе, көтере қойған жоқ.

Ақпарат құралын ұрда-жықтыққа алып келетін себеп те осы. Үнемі шеттетіліп, кемсітіле бергесін, халықтың «көзі мен құлағы һәм тілі» болуға тиісті БАҚ-тың көз алдымызда қолшоқпарға айналып шыға келуі де әбден мүмкін.

4. Түйін

Сонымен мәселені саралап көргенде көзіміздің жеткені - қазақ тіліне оңды көзқарас болмаған жерде қазақы БАҚ-тың жұлдызы жануы мүмкін емес. Қарағанды облысының ақпарттық кеңістігіндегі жағдай осындай тұжырымға жетелейді.

Ұлттың өсуі де өшуі де қазір ақпарттық саясатқа тікелей тәуелді екені аян. АҚШ, Қытай, Ресей сияқты алпауыттарды айтпай-ақ қояйық, күні кеше ғана кеңестік идеология езгісінен ноқта үзіп шыққан елдердің өзі мемлекетті өркендету ісін ең бірінші ақпараттық саясатын ұлттық мүддеге бұрудан бастауда. Бұл тұрғыда Балтық жағалауы елдерінің бағытын, Укаинаның тіпті Өзбекстанның харекетін үлгі тұтсақ игі.

Мемлекеттік тілге деген бүгінгі пиғыл күрт өзгермейінше, ұлттық БАҚ-тың, оның ар жағында ұлттың жағдайы мүшкіл. Өте мүшкіл. Ең қиыны - бұл жалғыз Қарағанды емес, қазақ қоғамын алаңдатуға тиісті мәселе. 2007 жылғы есеп бойынша елімізде мемлекеттік тілде 453 газет-журнал шықса, соның 300-ге жуығы Шымкент қаласынан жарық көреді екен. Сонда қалған 160-қа тақауы бүкіл республикаға тиесілі. Ал, орыс тілінде 2303 газет-журнал баспадан шығады, бұған қоса көрші «орман елден» 5248 басылым келіп, тарайды дейді. Осыны көріп отырғанда, көкейде «өз тізгінімізге өзіміз ие болып қала аламыз ба, жоқ па» деген бір қорқынышты сауал бас көтереді.

P.S Біздіңше Қазақ журналистерінің І-ші халықаралық форумында талқылануға тиісті ең басты тақырып осы. Сіз не дейсіз, ағайын?

Қарағанды.

 


 




Қарағандыдағы қазақ баспасөзінің баспасөз емес басқа сөз айтумен айналысқанына ғасыр болған шығар‼!
Белгілі бір топтарға (мисалы, рулық, аймақтық) ғана қызмет ететін басылым кімге керек?! Оның сыртында, Пошта қызметі деген қансорғыш бар. Мәселен, ресми тілдегі газеттер ауылдық жерге тарамайды. Ауылға қазақ тілді газет қана барады. Ал, поштаның газет-жорнал жаздыру бағасы ауыл үшін қаладан едәуір қымбат. Тасымалы үшін редакциялар табысының жартысын жырып береді. Бұған қосымша, кез келген провинциялық ресми газет зейнетке кетуге асықпайтын шал-шауқандардың жұмсақ креслосының сықырымен әлдиленіп тұр ғой. Әуелі "әлди", сосын, "тәй-тәй" басып қарттар (қартайғанда бір бала) кетпейінше қазақ баспасөзі қалт-құлт тірлік кешетін болады.
Айта берсең әңгіме көп...



Пікір алынып тасталды!



Қамбар бауырым! Біраз проблемаларды көтеріпсің.Жазылғандардың бәрі шындық.Айта берсең таусылмайды ғой.....
Тельман



қамбар інім құдай қаламыңа қуат берсін. Сөз ұғар, аргументке тоқтар адам табылса жетесіне жететіндей етіп-ақ айтыпсың.
бір сұрақ, қарағандыда татар тілінде газет жоқ па?



Әлгі бір анекдотта айтылғандай, "оны білетін бала қайда"...



Қамбар бауырым, көтеріп отырған проблемаң бәріміздің жанымызға тиеді. Көңілдегі қайғыны қозғадың. Міне, біздің қоғам үшін осындай өткір проблемаларды көтеру керек. Мүмкін көп айтыла берсе, оның шешілер жолы да табылар.
Ал енді кеттік: Осы сарындас әңгіме жиі айтылады, бірақ ешқашан жеріне дейін жеткізілмей қалады. Мәселен, билік те, жұртшылық та, тіпті көзіңше жылы күліп тұратын орыстілді әріптестерің де оның сыры қазақ журналистерінің осалдығынан, қазақ тілінің ешкімге керексіздігінен деп шолақ ойлайды. Көзіңше айтпаса да, сыртыңнан сөйдейді.
Бірақ мәселенің мәнісі сонда ма, жоқ! Сен дөп төбесінен түсіп отырсың. Қазақ БАҚ-ң мүшкіл хәліне билік кінәлі. Өйткені, БАҚ таралуы үшін оған аудитория керек. Қазақтілді басылымдардың аудиториясы үлкен болса,онымен билік те, қоғам да санасады. Ал, бізде Үкіметтен бастап, жергілікті жерлердегі билік қазақ тілінің аяғына тұсау салып отыр. Егер мемлекеттік маңыздағы жиналыс-жиынның бәрі орысша сайраса, қоғамдық орындарда, халыққа қызмет көрсететін жерлердің бәрінде орысша сөйлесе, орысша білмегендер жұмысқа қабылданбаса, бұл кімнің істеп отырған саясаты? Әрине, биліктің. Осыдан кейін қазақ тілі қайдан дамысын?! Қазақ тілі ешкімге керек болмағанда, қазақша газеттерді кім оқиды? Міне, мәселеге осы тұрғыдан келу керек.бұдан басқа да себептер жетерлік.
Әрине, "Дат" сияқты газет шығарсаң, жұрттың бәрі іздеп жүріп оқиды, бірінің қолынан бірі сатып алатын хәлге жетеді. Бірақ, ондай газеттің өмірі қысқа. Өзің қудалауға, газетің жабылуға түседі. "Дат" қандай болып еді-ә! Ал, ол алғаш жарық көргенде қазақ тілінің жағдайы қазіргіден де жаман еді ғой. Бірақ, жұрт "Датты" жер-дүниеден алдырып оқитын, қалаға барған қазаққа көршісі "Датты" ала кел деп тапсырып жатқанын талай көрдік.
Әрі кеттік:Бір қызығы, біріншіден – қазақтілді баспасөзге сын айтатындардың 90 пайызы қазақ тіліндегі газет-журналды өмірі оқып көрмегендер. Оқымай-білмей қалайша сын айтатынын түсінбеймін? Екіншіден – орыс болса-болмаса қазақша оқымайды, ал қаладағы қазақ ұлтының 80-90 пайызы (газет оқитындары) екі тілде де оқи береді, таза қазақша оқитындары өзіміз сияқтылар ғана. Осыдан кейін қазақ газеттерінің таралымы қайдан көп болсын?

Дәулет Асау

Сабырбай



Қарағандының қазақтары бірін-бірі қасқырша талайын деп отыр. Талап жатыр да... Ақ құлақтарға қарап жалтақ-жұлтақ етеді... Бұдан кейін ондағы қазақ баспасөзінің қалі қандай болсын... "Шымшып" жазар қарағандылық қаламгерлердің саны да саусақпен санарлық...



Қамбар аға, көтерген мәселеңіз өте орынды. Қаламыздағы қазақ тілді газеттердің санының аздығы қанша уақыттан бері бұғып жатқан тақырып. Сондықтан осы айтылғандарыңыз жазылған күйде қалмас деп сенемін. Әлі де болса, жан-жақты зерттеулер жүргізіп,айтыла беруі тиіс. Қарағанды-орыстанып кеткен қала емес пе?! Қазақшылығымыз осал тартып тұр...

Пікір қосу

  • Беттер мен электронды поштаның мекенжайлары автоматты түрде сілтемелерге айналдырылады.
  • Allowed HTML tags: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жолдар мен параграфтар автоматты түрде тасымалданады.

Форматтау жайлы толығырақ

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.
8 + 6 =
Математикалық есепті шешіңіз.
 

Мұрағат

Ақпан 2012
ДсСсСрБсЖмСбЖс
-1012345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728291234

Айлық статистика

<<  >>