Құдайы көршіміз Ресейдегі кейбір тұлғалардың оқтын-оқтын айтып қоятын оқыс пікірлеріне қарап, "Ресей біздің дербес ел болып отырғанымызға әлі де сене алмай жүр ме?" деген ойға келесің.
Бұл жолы қазақ еліне қарата айтылған өкпені Ресей Думасы Қорғаныс комитетінің мүшесі Михаил Ненашев айтып салды. Ол апта басында Дума қабырғасында өткен басқосулардың бірінде:
- Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігі Германия, Үндістан, Италия, Канада, Малайзия, АҚШ және Жапония секілді мемлекеттермен келіссөздер жүргізуде ресейлік әріптестерінің мүддесімен санаспайды және ғарышты игеруде бізге кедергі келтіреді. Талғат Мұсабаевтың әрекетіне қарасам, Қазақстан Ресейден бөлек ғарыш жолын таңдаған сыңайлы. KazSat-3-ті жасауды ресейлік кәсіпорын емес, Израиль мен Францияның фирмалары қолға алған көрінеді - деп салды. Ресей Думасы депутатының пайымдауынша, Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігінің жобасында орыстарға орын жоқ. Соның салдарынан ресейлік бағдарламалар іске қосылмай жатып, жарамсыз болып қалуда. Қазақстанның екі ұшты саясат жүргізуі салдарынан Ресей ғарыш нысанын мақсатты түрде пайдалана алмай жатырмыз. Біз Қазақстанға ғарыш айлағын 10 жыл пайдаланғанымыз үшін 1 млрд 265 млн АҚШ долларын төледік. Ғарыштық инфрақұрылым, тағы басқалай керек-жарақтар үшін жыл сайын 130 млн АҚШ долларын төлеуге тура келеді. Тіпті Қазақстанға соншама соманы не үшін төлеп отырмыз?" - деп сауал тастапты.
Ресей Думасы депутатын ашындырып отырған жайт Ресейдің уысынан шығып, француздарға ұзатылып кеткен KazSat-3 қана емес тәрізді. - Өткен жылы тек денсаулық сақтау саласына ғана 545 млн Ресей рублі жұмсалды. Соның 8 миллионы Ресей кәсіпорындарында жұмыс істемейтін, Байқоңырда тұратын Қазақстанның азаматтарына жұмсалды. Одан бөлек, денсаулық сақтау құрылымдарында жұмыс істейтін, Ресей бюджетінен жалақы алып отыратын мамандардың 77 пайызы қазақтар, - дейді ол.
Оның пікіріне «ҚазҒарыш» агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев салқынқандылықпен жауап берді.
Мұсабаев Михаил Ненашевтың пікірін негізсіз деп есептейді. Агенттік басшысының хабарлауынша, «КаzSat-2» дайындауға ресейліктер қатысты. Оның жасау-жабдығы дайындалып, ғарышқа ұзатылар күні де алыс емес.
Ғарыш саласындағы қазақ-ресей арасындағы келісімшарттар жайлы Т.Мұсабаев:
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісім бойынша Байқоңырды жалға беру 2050 жылға дейін ұзартылған. Ресеймен арадағы келісім-шартты бұзып, еуропалық компаниялармен жұмыс істеу туралы мәселені қозғау әлі ерте, - дейді.
Жалпы, ғарыш саласы басшылары ғарыш айлағын пайдаланудан түсетін пайданы бөлісудегі теңсіздік туралы соңғы кезде ашық айта бастаған. Талғат Мұсабаев журналистермен бір кездескен кезде «ресейліктермен бірлескен жобаларымыз жүзеге асса, біздің елдің де одан алатын үлесі болады. Алдымен келісімшарттар жасалуы қажет, ол күн де алыс емес» деп хабарлаған.
Ғарыштан түскен табысты бөлісу мәселесі Парламент қабырғасында да айтылды. Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Мұрат Әбенов:
- Пайдасы болу үшін біздің өзіміздің жұмыс істеуіміз керек. Мысалы, бүгінгі күні Америка жылына ғарышты дамытуға - 16,8, Жапония - 5, Қытай - 1,5, Ресей 1 миллиард доллардан астам қаржы жұмсайды. Өкінішке қарай, Қазақстан ондай мол қаржы салуға дайын емес. Ал қаржы салар болсақ, одан пайда тапқан болар едік. Өйткені Американың ғарышпен айналысатын компаниялары бір доллар 5-6 доллар пайда түсіретіндігін айтады. Ресейдің де жұмсаған қаржысы өз қайтарымын беріп отыр. Сондай-ақ бүгін Ресей және басқа да мемлекеттер мұнайға қарағанда, ғарыштан көбірек пайда табатындықтарын білдіруде. Неге десек, ғарыштың технологиялық тиімділігі жоғары. Сондықтан біздің ел де осындай пайда тапқысы келсе, қаржы салуына тура келеді. Ол үшін бұған мемлекеттік көзқарасты қалыптастыруымыз керек, - дейді.
"Айқын" газеті




Оттамасын Ненашев! Байқоңырын да, полигондарын да арқалап атамнан әрмен кетсін! Қазақ күнін Ресейсіз де жасай алады!
Қошқарбай
О мырзалар оттамасын.
Жалпы Т.Мұсабаевқа ашуым келеді: рухсыз, жігерсіз, ұлттық намыс пен асқақ рухтан ада! Әйтпесе Оларға былай деуі керек еді: Ресей оттамасын. Алдыңғы ҚазСат1дің жайы белгілі. оған Ресей Ғарыш технологиясының артта қалғаны себеп болды. Сосын Байқоңыр Қазақстанның жері. Оған ақша төлегеніне бұлданса, қоқсықтарын жинап, шығып кетсін! Біз оны өзіміз меңгере алмасақ, онда АҚШ қа, не еуропаға жалға беретін боламыз. Олар әлдеқайда сенімді жұмыс жасайды, және мол ақша төлейді. ҚАзСат3ті кімге жасату Қазақстан Республикасының мемлекеттік ішкі ісі, қайдағы бір орыс мұжықтары мен думалары бізге сыртымыздан әкіреңдеуін қойсын. Біздің ішкі ісімізді, ішкі шешімімізді біз өзіміз дербес шешеміз. Болмаса Халықаралық құқық нормаларына қол сұғу болады. РЕсей Байқоңырды жалға алғанына бола біздің ұлттық ғарыш жоспарларымызды да жалға алдық деп ойласа қателеседі, біз Тәуелсіз ел ретінде Ресей сынды сенімсіз ойыншымен жұмыс істеуден жалыға бастадық - деуі керек еді. Әттең, Қайдам, өңкей бір жағымпаз, орысшыл, қорқақ, ынжық, кібіртік жауаптар! Т.Мұсабайевқа қарағанда Тоқтар Әубәкір әлдеқайда ұлтшыл, Қайсар, Жігерлі, Дана ғарышкер. Биліктің Қазақсан Ғарыш саласын Тоқтарға емес, Талғатқа тапсыруы қандай талғамсыздық десеңші! -Анахарсис
"Ресей біздің дербес ел болып отырғанымызға әлі де сене алмай жүр ме?" деген ойға келесің.
----------------------------------------------------------------------------------------
Кім айтты саған, біз дербес елміз деп? Біздің елде дербес бір-ақ адам бар. Біздің дербестігіміз, орысша айтқанда - воздух! Сыртымыз бүтін болғанымен (атауымыз бар, туымыз бар, ақшамыз бар, шекарамыз бар, биігіміз бар), ішіміз - қуыс. Қаттырақ бір "жел" тұрса, пәре-пәреміз шығатын болады. Ойлайтын ештеңесі де жоқ, бәрі де осындай - дербес ел емеспіз!
Нағашыбай Есмырзаев
Дербес болмасақ түбі болармыз, әйтеуір дербес болу құқымызды ешкім бізден тартып алған жоқ қой.
Пікір қосу