Думан АНАШ. Сатқындық синдромы | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет


Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл күзетшісі.
Ар мен ұят сенбесе – өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі

Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
Астананың бір минуттық шығыны - 600 мың теңгені құрайды
Айтқыш екен
Обал болды көзге де, құлаққа да,--
Сеніп елге бермейсің сыр ақтара.
Қарайтының күдіз-түн бір-ақ канал,
Көретінің бір кісі, бір-ақ қала.

А. Мұқабай, асаба

Загрузка

Думан АНАШ. Сатқындық синдромы

Жәрдемші


«Алаш Ордаға» қарсы жұмыс iстеген Мұхамедияр Тұнғаншин туралы жазылмаған жазбалар

Мұхамедияр Тұнғаншин. Бейтаныс есiм. Көпшiлiк бiле бермейдi. Өз басым, аталған есiмдi алғаш рет Алматыдағы НКВД түрмесiнде 1937 жылы 15 күннiң iшiнде атылып кете барған 631 боздақтың тiзiмiнен көргенмiн. Көргенде ой келген. Ұлттың жауһар ұлдарының қолына су құйған, қызметтес, ниеттес жүрген, «Алаш Орда» ардақтыларының бiрi болар деген. Қалдырған қызметiн бiлмейтiн, еткен еңбегiн елемейтiн тұлғалар көп қой, әрине. Әсiресе, бiздiң ХХ ғасырдағы геноцидтер тауарихында.

Десек те, ұзын жiптiң ұшығы қолымызға тидi.

Мұхамедияр Тұнғаншин - өз заманында белгiлi тұлға болған жан екен. Қай сипатта дерiңiз бар ма? Ұлт әкелерi - «алашордашылар» болса, сол әкелердiң адымын шектеген, ұлттың ұлы емес, мәнсаптың құлы болған жан екен...

Жуырда «Сталиндiк дүрбелең жылдар: репрессияланған Қазақстан» атты ғылыми-тәжiрибелiк конференцияға қатысқан едiм. Сол басқосуда сөз алған Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдi Әлихан Бөкейханұлына және ол бастаған «Алаш Орда» қозғалысына қарсы жұмыс iстеген Мұхамедияр Тұнғаншин туралы айтып қалды. Сол мезеттен Тұнғаншин тұлғасы қызықтырып, ол туралы деректердi iздестiрiп көрдiк. Алайда, бұл iзденiсiмiз нәтиже бермедi. Тек Iлияс Жансүгiровтiң өмiрiнiң соңғы кезiне байланысты жазылған мақалада Тұнғаншиннiң Жансүгiровпен бiр күнде ұсталғаны, сондай-ақ, 1938 жылы 27-ақпанда Алматыда 41 адаммен бiрге атылғаны туралы деректердi қолға түсiрдiк. Тұнғаншиндi соттап, ату жазасына кескенде Кеңес өкiметiне қарсы «троцкийшiлдермен», «оңшылдармен» бiрге болды деген айып таққан екен. Бұл «ұлтшыл» дегендi бiлдiредi. Алайда, Мәмбет ағамыз оның «Алаш Ордаға» қарсы жұмыс iстегенiн жеткiзген соң, ойымыз қабыспай, ерiксiз осы тақырыпқа дендеп енуге тура келдi. Басқа деректер кездеспедi.

Сонымен бұрын белгiсiз болып келген Тұнғаншин кiм? Қандай жан? Қай ортада өсiп-өнген? Ұстанымы қандай? Сауал көп. Көкейдегi көп сұрақтың жауабын белгiлi алашордатанушы ғалым Мәмбет Қойгелдiден iздеген едiк.

- 1989 жылы Алаш зиялыларын ақтау процесi басталып кеттi. Мен ол кезде Қазақстан Коммунистiк партиясы Орталық комитетiнiң жанындағы Тарих институтында аға ғылыми қызметкер болып iстейтiнмiн. Институт менi Алаш зиялыларының қызметiне байланысты Орынбор мұрағатын қарауға iссапарға жiбердi. Ең алдымен Алматыдан Орынбордың облыстық тарихи мұрағатының директорымен келiссөз жүргiзiлiп, «Қазақ» газетiн шығарған ұлт зиялылары мен олардың құжаттары туралы деректермен жұмыс iстеуге мүмкiндiк берiңiздер деген сұрау салынды. Орынбор мұрағатынан бұрынғы патшалық Ресей тұсындағы жандармерия қызметiне байланысты құжаттар қоры ашылды, соған келiп жұмыс iстеуге болады деген хабар келдi. Осылайша Орынбор мұрағатына барып «Қазақ» газетiне байланысты, оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлына, оның орынбасары Мiржақып Дулатовқа, осы газеттiң ашылуына тiкелей атсалысып, газетте қызмет жасаған Әлихан Бөкейхановқа қатысты материалдарды бiрiншi рет қарадым, - деп бастады әңгiмесiн Мәмбет Қойгелдi - Сонда «Қазақ» газетiнiң қызметiне байланысты құжаттармен танысқанымда, бiрден көзге түскен жәйт, сол кездегi Орынбор генерал-губернаторлығына қарасты қазақ-түрiк басылымдарының цензоры қызметiн атқаратын кiсiнiң фамилиясын кезiктiрдiм. Яғни, өкiмет тарапынан басылымдарды бақылаушы қызметiн атқаратын адам болған. Орынборда шығатын газет-журналдарды мемлекет тарапынан қадағалап отыратын осындай қызмет бар екен. Цензорлық қызметтi атқарған адамның аты-жөнi - Мұхамедияр Тұнғаншин. Сөйтiп, тарихи құжаттардан Мұхамедияр Тұнғаншин туралы материалдар бар екенiн байқадым және көптеген деректердi кезiктiрдiм. Патшалық Ресейде ашылған газет-журналдардың мемлекет бекiткен бағыттары бар болатын. Яғни, «Қазақ» газетi, «Айқап» журналы, «Уақыт» газетi болсын, бәрiнiң өкiмет белгiлеген бағыттары бар едi. «Уақыт» газетi сол кезде Орынборда шығып тұрған өте беделдi басылым болды. Газеттi Фатық Каримов деген татар журналисi, саяси қайраткерi, Париждiң Сорбонн университетiнде оқыған, бiрнеше еуропалық тiл бiлетiн өте бiлiмдi адам шығарып тұрды. Мен ол газеттi де парақтап қарадым. «Уақытта» қазақтың тарихына, мәдениетiне қатысты өте құнды деректер жарияланған. Осы татар газетiнiң үстiнен қараған да Мұхамедияр Тұнғаншин екен. Сондықтан Мұхамедияр Тұнғаншин тұлғасы менi қызықтырды. Бұл қандай адам? Менi ол кiсiнiң шыққан тегi, жалпы тұлғасы ғана емес, саяси ұстанымы да қызықтырды. Цензордың негiзгi функциясы - шыққан газеттердiң негiзгi саяси ұстанымын бақылауда ұстау, өкiметтiң саясатына қайшы келетiн, сәйкес келмейтiн фактiлердi билiк орындарына жеткiзiп отыру. Цензор осындай фактiлердi екi мекемеге жеткiзiп отырған: Орынбор генерал-губернаторлығына және Ресейдiң Iшкi iстер министрлiгiне. Және ол тек бақылаушы-цензорлық қана емес, аудармашылық қызметiн де атқарған екен.

 

«Қазақ» газетi патшалық өкiмет тарапынан жiтi бақылауда болған басылым. Газеттiң бағыты, шығарған материалдары, бүкiл тынысы сүзгiден өтiп отырған. Сондай-ақ, газеттi шығарып отырған А.Байтұрсынұлы та, МДулатов та және газеттiң авторлары да бақылауда болған. Газетке мақала жазып тұратын кiмдер? Мәселен, бақылау органдары өз арасында хат алмасып, сауалнама жүргiзiп, белсендi авторлар кiмдер, олардың бiлiм дәрежесi қандай, қай жерде қызмет iстейдi, қандай ұстанымда деген тақырыптарда үнемi пiкiр алысып отырған.

«Қазақ», «Айқап» басылымдарының цензоры, бақылаушысы Мұхамедияр Тұнғаншин газетте шыққан кейбiр даулы мақалаларды, өзектi саяси тақырыпқа жазылған материалдарды газеттiң ұстанымын көрсету үшiн аракiдiк аударып берiп отырған. Әрине, барлығын емес. Мақалаларды қазақшадан орысшаға аударған да - Мұхамедияр Тұнғаншин. Менi ол кiсiнiң аудармадағы бiлiктiлiгi де қызықтырды. Байқағаным, Тұнғаншин -өте шебер аудармашы, бiлiмдi адам екен. Сондай-ақ, ол А.Байтұрсынұлының, Ә.Бөкейхановтың, М.Дулатовтың патшалық Ресейдiң жандармерия органдарының бақылауында болғанын өте жақсы бiлген. Сонымен бiрге, Ә.Бөкейханов бастаған саяси топтың ұстанымын да жақсы бiлген. Тұнғаншин олардың жазған мақалаларын өте сауатты, әдеби деңгейде жақсы аударады. Бiрақ, А.Байтұрсынұлының, Ә.Бөкейхановтың, М.Дулатовтың қаламдары өткiр болатын. Әсiресе, Мiржақып Дулатов керемет публицист болған, материалдарды өзектендiрiп, сол кездегi қазақ ұлтының сұранысына лайық деңгейде, халықтың жiгерiн қайрап тұрып, өте шебер жазады. Сонда Тұнғаншин мақалаларды қалай аударады дейсiз ғой? Тұнғаншин олардың мақаларының өткiр жерлерiнiң тiгiсiн жатқызып, жұмсартып аударады. Яғни, өткiр мақалаларды одан сайын құтыртып аудармайды. Өз аудармасында «Алаш Орда» жетекшiлерiнiң ұстанымын жұмсартып көрсетедi.

- Бұл Мұхамедияр Тұнғаншиннiң «Алаш Орда» қайраткерлерiнiң идеясын iштей қолдағандық емес пе?

- Мен о баста, «апырым-ай, осы кiсi iштей қолдады ма» деп ойладым. Маған солай әсер еттi. Қолдамаса да, көңiл ауаны бiр жақта ма деп түйдiм. Мәселен, 1913 жылы Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетiнде «Бұ қалай?» деген мақала жариялайды. Кiшкентай ғана мақала, авторы жазылмаған. Осы мақалада Бақытжан Қаратаев туралы айтылады. Ол - Петербор университетiн қызыл дипломға бiтiрген алғашқы қазақ жастарының бiрi. Мықты заңгер. Бақытжан Қаратаев Оралдағы Жымпиты қазақтарын отырықшы өмiрге шақырады. Жерден үлес алайық деген бастама көтередi. Сол кездерде патша өкiметi қазақтарды отырықшылыққа өтiңдер деген насихат жүргiзген болатын. Осы насихат негiзiнде, Бақытжан Қаратаев отырықшы өмiрге өтпесе болмайды деп, өзi бас болып, туысқандарын қосып алып, отырықшы тұрмысқа ауысқан ауыл құрмақ болады. Оны қазақтар қолдап, барлығы отырықшы өмiрге ауысқан да, бiр жылдан кейiн бәрi үдере көшiп кеткен екен. Өйткенi, барлығы малшы қазақтар қой. «Жайлауға көшпесе болмайды екен» деп, отырықшы ауылға ауысқан қазақтар көктем шыға жайлауға тартып кетедi. Ауыл жоқ. Осыны байқап қалған «Қазақ» газетi «осындай қазақ ауылы отырықшы болмақ едi, алайда жайлаудың уақыты келiп, бәрi жайлауға көшiп кеттi. Бұл қалай ендi?» деген сипатта мақала жазады. Сөйтiп келедi де, «Ендi Бақытжан Қаратаев сол жердегi хохолдарға ақсақал бола ма?» дейдi. Осылайша, оның iсiн мұқатқан мақала шығарады. Қарап отырсаңыз, бұл жерде үлкен ой жатыр. Бөкейханов бастаған топ отырықшы тұрмысқа өту қазiргi уақытта қазаққа зиянды деген ұстанымда болған. Өйткенi, бiз адам басына 15 десятинадан жер үлесiн алып, отырықшы тұрмысқа ауыссақ, қазақ отырықшылық мәдениеттi бiлмегендiктен, аз уақыттан кейiн алған үлесiн сатып, кiрiптар болып қалады деп шешкен. Тұнғаншин осы мақаланы аударып берген. Яғни, бұдан Тұнғаншиннiң саясаттың түрлi әдiс-тәсiлдерiн, амалдарын меңгерген адам екенi байқалады. Жалпы, Тұнғаншин мен «Қазақ» газетiн шығарушылардың арасындағы қарым-қатынастың көптеген ықпыл-жықпылдары белгiсiз. Себебi, бұл бағыттағы материалдар өте аз.

1917 жылғы революциядан соң, яғни, патша билiктен кеткеннен кейiн қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы жаңа сапаға, биiк деңгейге көтерiле бастайды. Сол уақытқа дейiн айдауда, қудалауда жүрген қазақ зиялылары ендi еркiн саяси қызметке араласады. Соның нәтижесiнде жазда Орынборда Торғай қазақтарының съезi өтедi. Сол съезге қызметiнен кеткен бұрынғы генерал-губернатор мен Тұнғаншин екеуi келiп қатысады. Жиналыстың ашылу сәтiнде Мiржақып Дулатов сахнаға шығып: «Менiң ұсынысым бар. Бұл революциялық жағдайда өтiп отырған қазақтардың съезi. Осы съезге бұрынғы Орынбор генерал-губернаторы мен атақты цензор, «Қазақ» газетi мен «Айқап» журналын тұншықтырушы Мұхамедияр Тұнғаншин қатысып отыр. Екеуi де залдан кетсiн!» дейдi. Содан дауысқа салып, екеуiн де залдан шығарып жiбередi. Бұл әрине, «Қазақ» газетi мен Мұхамедияр Тұнғаншиннiң арасындағы қарым-қатынастың күрделi болғанының көрiнiсi.

1917 жылы революциялық өзгерiстер тұсында «Қазақ» газетiнде «Мұхамедияр Тұнғаншинге ашық хат!» деген тақырыппен Ақбұлақ ауылының молласы Әбдiрахман Мұртаза баласының хаты жарияланады. Газетте: «1915 жылы Тұзтөбе болысының жетiншi ауылының қазағы Бейшенбi Шаңқа баласынан баласы Көшенғалиды реалныйға (Орынбордағы училищенiң аты - ред.) кiргiзерде стипендия алып берем деп 200 сом ақша алып едiңiз. Сол ақшаны иелерi сұраса, жоқ-барды сылтау етiп бермейсiз. Ақша иелерi қалай болса да, сiзден сұрайды. Ақшаны алған жерде мен бар едiм. Қайда барсаңыз да, кiсi ақысынан құтыла алмайсыз. Ақшаны берiңiз», - деген мәтiнi жарияланған. Бұл материал ненi көрсетедi? Әрине, аталған материалдың жариялануы «Қазақ» газетiнiң Тұнғаншинге деген ұстанымын, iшкi саяси келiспеушiлiктерiнiң барысын байқатады.

Тұнғаншин патшалық Ресейге қызмет жасаған адам. Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң мұрағатында Мұхамедияр Тұнғаншиндi ОГПУ-дiң тергеу материалдары бар. Мен бұл материалдармен таныстым. Тергеу материалдарынан байқалатыны, Мұхамедияр Тұнғаншин Алматыда 1937 жылы 27-шiлдеде ұсталған. Ұстар алдында ОГПУ органдары қандай негiзде ұстайтындықтары туралы қаулы шығарады. Сол қаулыда: «троцкийшiлдермен» және «оңшылдармен» байланыс орнатқан, кеңестiк билiкке қарсы ұлтшыл ұйымның құрамында болған. Кеңестiк билiкке қарсы белсендi ұлтшылдық қызмет жүргiзiп отырған» деп айтылады.

ОГПУ материалдары 1937 жылы бұл кiсiнiң жасын 52-де деп көрсеткен. «Қазақ», «алашордалық» деген анықтама бередi. Iстейтiн қызметiн де айтады. Ол кезде «Казторг» деген мекеме болған - Қазақ сауда мекемесi. Кеңестiк билiк уақытында 1937 жылы ұсталғанға дейiн Тұнғаншин «Казторгтың» Орта Азиядағы өкiлi қызметiн атқарған. ОГПУ орденiнiң нөмiрi - 700. Ұсталғаннан кейiн тұтқынның анкетасы (анкета арестованного) толтырылған. Сонда былай деп айтылған: Тунгачин Мухамедияр Ханкереевич. 1888 жылы сәуiрде туған. Сонда Тұнғаншин ұсталған мезетте 49 жаста болып шығады. Алайда, анкетада 52-жаста деп көрсеткен. Яғни, Тұнғаншин 1885 жылы туған болуы мүмкiн. Туған жерi - Ақтөбе облысы, Ырғыз қаласы. Мамандығы - мұғалiм. Көшпендi қазақтың баласы. Әйелi - Ихсанова Рәбиға. Тәшкенде тұрады, үй шаруашылығындағы адам. Ағасы - Тұнғаншин Мұхтар. Ырғызда тұрған. Мамандығы мұғалiм, қазiр зейнетте. Қызы - Зейнеп. Қызы - Рахила. Тұрмысқа шыққан. Бiлiмi - орта. Тұнғаншиннiң бiтiрген оқу орны - Қазан мұғалiмдер семинариясын 1905 жылы аяқтаған. Сонда ол 20 жасында оқу бiтiрген болып шығады. 1918-1920 жылдары ВКП-ның мүшесi болып, 1919 жылы Мәскеуде ВЧК-ның (Бүкiлодақтың төтенше жағдайлар комиссиясы) тұтқынға алғаны айтылады. Онда «кеңестiк билiкке қарсы ұлтшылдық ұстанымда болды» деп айыпталған екен.

Ал, ендi қызметiне байланысты. 1918-1919 жылдары «Наркомнацтың» (КСРО Ұлт iстерi бойынша халық комиссариаты) жанында қырғыз-қазақ iсiн басқарған. Азамат соғысы тұсында құрылған қазақ әскер бөлiмдерiнiң әскери комиссары болған. Осы жерде мына жәйттi айта кеткен жөн. 1918 жылдың көктемiнде КСРО Халық комиссары Иосиф Сталин Семейдегi «Алаш Ордамен» келiссөз жүргiзедi. Келiссөздi «Алаш Орда» үкiметiнiң төрағасы Әлихан Бөкейхановтың орынбасары Халел Ғаббасов жүргiзген. Бiрнеше мәрте Сталин мен Ғаббасов екеуара телеграфпен сөйлескен. Алғашында кеңес өкiметi келiссөздi «Алаш Ордамен» қазақ өкiметi ретiнде бастайды. Бұл наурыздың соңына қарай болған жәйт. Ал, 5-6 күн өткеннен кейiн кеңес өкiметi «Алаш Ордадан» бiрден терiс айналып кеткен. Өйткенi, мәселе былай едi. «Алаш Орда» өкiметi: «Бiз кеңес өкiметiн мойындаймыз. Қазақстандағы кеңестермен бiрге жұмыс iстейiк. Ал, кеңестер бiздi мойындасын» деген талап қояды. Бiрақ, кеңестiк билiк «Алаш Орда» өкiметiн мойындамай қояды. Өйткенi, «Алаш Орда» басшылары ұлттық мемлекет құру мәселесiн алға тартқан болатын. Ал, сәуiрден бастап И.Сталин Қазақстандағы Әлiби Жангелдинмен байланыс орната бастайды. Ол кезде Әлiби Жангелдин Торғай облысындағы кеңес өкiметiнiң комиссары мiндетiн атқарып жүрген едi. Сталин Жангелдинмен байланыс орнатып: «Бiз Мәскеуде КСРО Халық комиссариатының жанынан қазақ комитетiн ашып жатырмыз. Оның мiндетi - қазақ кеңес автономиясының құрылтайын даярлау», дейдi. Қазақ автономиясын жариялауға даярлық жұмыстарын жүргiзу дегенiңiз үлкен жұмыс. Алғашында Халық комиссариатының жанынан ашылып жатқан қазақ комитетiн басқаруға И.Сталин «Алаш Орданың» өкiлiн жiберiңдер деген тапсырма берген едi. Кейiн Сталин бұл ойынан бас тартады да, Ә.Жангелдинге «КСРО Ұлт iстерi бойынша халық комиссариатындағы Қазақстан өкiлiн сен даярла», - деп тапсырма жүктейдi. Осы сәтте Әлiби Жангелдин Қазақстанның Мәскеудегi өкiлi болуға Ахмет Байтұрсыновты емес, Әлихан Бөкейхановты емес, Мiржақып Дулатовты емес, бiрден Мұхамедияр Тұнғаншиндi ұсынады. Сталиннiң тапсырмасы бойынша Әлiби Жангелдин Тұнғаншиннiң кандидатурасына тоқтайды.

Бұл - «Алаш Орда» қайраткерлерiн саяси кеңiстiктен ысыру, билiктен аластату жолындағы кеңестiк билiктегi қадамдардың көрiнiсi едi. Ал, Әлiби Жангелдин «Алаш Орда» көсемдерiне о бастан қарсы болатын. Кезiнде «Қазақ» газетiнде Әлiби Жангелдиндi әшкерелеген бiрнеше мақала шыққан едi. Сондықтан, Ә.Жангелдин «Алаш Орда» қайраткерлерiн билiктен ығыстыру үшiн одақтас iздедi. Бұл одақтастыққа Мұхамедияр Тұнғаншин таптырмас адам едi.

 

Бiрақ, осы жерде назар аударарлық жәйт, бiр кезде патшалық билiкке қызмет жасаған Тұнғаншин ендi кеңестiк билiкке де қызмет етуге даярлығын байқатты. Бұл - Мұхамедияр Тұнғаншиннiң саяси ұстанымының жоқтығының көрiнiсi болатын. Өкiнiшке орай, оның ұстанымының тайғанақ екенi бiлiнiп қалды. Алайда, Тұнғаншин бұл қызметте 1919 жылға дейiн ғана iстейдi. 1919 жылы ол кеңестiкке билiкке ұнамай, оны «қазақ ұлтшылы» ретiнде қызметтен босатып, тұтқынға алады.

Бұдан кейiн Тұнғаншин саяси қызметке белсендi түрде араласпаған. Оның саяси мансабы осы 1919 жылмен аяқталады. Одан кейiнгi уақытта ұсақ-түйек жұмыстар атқарғандығын байқаймыз.

Байқасаңыз, Тұнғаншиннiң ОГПУ алдындағы жауап беру материалдарында ешқандай елеулi оқиғалардың жоқтығын көресiз. Оны тергеу iсiндегi көрсетулерiнiң өзi ұсақ фактiлер. Мұхамедияр Тұнғаншиндi тергеу iсiндегi ең назар аударуға лайықтысы, оның сол кездегi өзiне замандас тарихи тұлғаларға сипаттама беруi болып табылады. Мысалы, ол ОГПУ тергеушiсiнiң алдында Шымбалов Мәжит, Есполов Мырзағазы, Темiров Абдулла, Төреқұлов Нәзiр сынды замандастарын сипаттайды. Сонан кейiн Бекмұхамбетов Шафқат деген замандасын айтады. Бекмұхамбетов - айтуға тұрарлық ғажап тұлға. 1916 жылы жүз мыңдаған қазақ балаларын Белоруссияға, Украинаға, Балтық бойындағы елдерге майдандағы қара жұмысқа алған уақытта Бөкейханов үндеу тастайды. «Сауатты қазақ жастары! Майданға алынған қазақ жастарының соңынан барыңдар. Оларға аудармашы керек, дәрiгер керек, оларға мұғалiм керек, көмек қолын созуларың қажет!», - дейдi. Сонда қазақ жастарының арасынан Бөкейхановтың үндеуiн қолдаған Қазан университетiнiң студентi Бекмұхамбетов Шафқат болатын. Бұл кiсiнiң есiмi де қазiр көп аталмайды. Мұхамедияр Тұнғаншин Мәскеуде «наркомнацта» қырғыз-қазақ iсiн басқарып жүрген кезiнде Бекмұхамбетов оның көмекшiсi болса керек.

Сол Бекмұхамбетов туралы ОГПУ-ге Тұнғаншин мынадай сипаттама бередi: «Бекмухамбетов Шафкат, был моим помощником. Как я его знаю, он был активным националистом, антисоветский настроеным. В 1917 году принимал активное участие в работе съездов «Алаш Орды». На которых неоднократно избирался секретарем съезда». Яғни, Шафкатты ОГПУ-ге көрсетiп отыр ғой, түсiнесiз бе?!...

О.Танашев туралы былай деп көрсетедi: «Танашева знаю с 1923 года. Танашев до революций проживал в Италии. Выходец из богатой семьи. Вместе с братьями в приморском округе имел рыбный промысел. В прошлом являлся видным членом «Алаш Орды». «Алаш Ординское» правительство от имени которого вел переговор с Колчаком о совместной борьбе против советской власти. Кандидат учредитель собрания. Имел связь с английским послом. В 1923 году Танашев переехал в Казань, где работал в коллегии защитников адвокатов. Больше о нем ничего не известно».

Ал, Бекмұхамбетов Шафқатты 1957 жылы Алматыда тергеуге алған. Ол сол тергеуде Тұнғаншин туралы жақсы пiкiр бiлдiрген. Тұнғаншин оны жамандаса, Бекмұхамбетов оны мақтайды, - дедi Мәмбет Қойгелдi Тұнғаншин туралы арнайы сұхбат барысында.

 

Иә, аспан түнектей тұнжыраған Алматыдағы сол уақыттарда, 1937 жылы 15 күннiң iшiнде ғана НКВД ғимаратының тирында 631 адам атылды. Олардың iшiнде патшалық Ресей мен кеңестiк Ресейге бiрдей бас ұрса да, опа таппаған Мұхамедияр Тұнғаншин де бар едi. «Бiреуге ор қазба, өзiң түсесiң» деген қазақтың қара сөзi осындайда айтылса керек. Дегенмен, ол заманның нәубетi мүлде бөлек болатын. Мәселен, 27-ақпанда Алматыда Тұнғаншинмен бiр күнде 41 адам атылды. Сол бiрге атылғандардың iшiнде болған Николай Мартынов 1927 жылы өлкелiк партия комитетiнде «Алаш Орда туралы барлық қағаздарды жинап, соны басып шығару керек» деген тапсырма бергенiн тарих жоққа шығармайды. Өзiң емес, өзге жұрт қазақ ұлтының сырттан ұлдарын қорғап, қолпаштап, басын бәйгеге тiккенде, Тұнғаншин типтес жандар бой көрсетпей қалған жоқ. Мәселен, сол кездегi кеңестiк қазақ билiгiнде отырған Ораз Исаев БК(б)П-ның I съезiнде сөйлеген сөзiнде «Алаш Орда» қозғалысының тарихи iзiн қалдыруға байланысты тапсырма берген Николай Мартыновтың әрекетiн терiс бағалап, айыптайды. Ол ұлтқа қызмет iстеген Асфендияр Кенжиндi, Нығмет Нұрмақовты да жерден алып, жерге салған едi сол жиында.

 

Иа, ол кезде кiм туралы кiм не айтпады?!.. Адам баласының сенiмi көлеңкеден қалған күрделi кезеңде Сұлтанбек Қожанов былай дептi: «Саяси қызметте жүрген қазақ зиялыларының басына әруақытта айбалта төнiп тұр. Оның қашан түсiп кететiнiн бiр құдай бiледi..». Мiне, осы сөзге бойласақ, кеңестiк билiктiң қазақ зиялыларын бiр-бiрiне айдап салу ұстанымында болғанын аңғарасыз.

«Бiзде соңғы кезде «Қазақ зиялылары бiр-бiрiн ұстап бердi, көрсеттi» деген пiкiр көп айтылып жүр. Менiң бiлетiнiм, қазақ зиялылары ешқашан бiр-бiрiн ұстап бермеген. Ондай кемшiлiктердi кейбiрi iшiнара жiберген болуы мүмкiн. Бiрақ, бұл тергеудiң өте ауыр жағдайында орын алған. Өйткенi, ОГПУ жендеттерi оларды қинаған, ұрған, соққан. Сондай сәттерде кейбiреуi құжаттарға қол қоюға мәжбүр болған шығар. Бұл - тергеушiлердiң жасаған түрлi конструкциясы. Олар түрлi қулықтарға барған. Тергеушiлер қамауда отырған адамдардың ауызына сөз салып отырған. Қағазға жазып алып келiп, қол қойдырып алған», - дейдi Мәмбет Қойгелдi бұл турасында.

Байқасаңыз, кеңестiк билiк Мұхамедияр Тұнғаншидi тек қолшоқпарлыққа пайдаланды. Оның патша заманында қызмет iстегенiн, шыққан тегi ақсүйектер тұқымынан екендiгiн бiле тұра, оған маңыз берген жоқ. Себебi, кеңестiк билiк оны қазақтың ұлт-азаттық қозғалысын басуға жұмсады. Алайда, ол кеңес өкiметiне де ұнаған жоқ. Тұнғаншин, шамасы келгенше билiкке қызмет жасаған тұлға. Оған патшалық Ресей ме, кеңестiк билiк пе, бәрiбiр едi. Ол өз қолында билiктiң тоқпағы болғанын қалады. Шебер аудармашылығы, бiлiктiлiгi, сауаттылығы оның ұлт мүддесiне қызмет етуiне көмектесе алмады. Жүсiпбек Аймауытовтың «Қазақты адастыратыны да, көрсететiнi де - оқығаны» деп ой түюi осындай жылтыр, тайғанақ тұлғалардың сол уақыттағы саяси кеңiстiкте бой көрсетуiнен және жирендiруiнен туындаған шығар, бәлкiм... Кеңестiк билiктiң Тұнғаншиндi ұнатпағаны, олардың қазақ қоғамынан шыққан, оқыған, көзi ашық тұлғалардың бәрiне сезiктенiп қарауынан туындаған едi. Бiр қызығы, бiз әңгiмелеп отырған Тұнғаншин, отаршыл империяға, кейiннен қызыл империяға қызмет еткен Тұнғаншин «ұлтшыл» ретiнде ұсталды, «ұлтшыл» ретiнде атылды. Бiрақ, ол ешқандай да «ұлтшыл» емес едi...

«Алматы ақшамы», №65, 2010 жыл.

 


 




Қазақты адастыратыны да, көрсететiнi де - оқығаны



Ал біздің кезімізде болып жатқан былық-шылықтың кейін ізін таппай да қаласың. Келмеске кеткен компартияның талай құжатын партия тараған соң, елімізде түгелдей өртелгенін білемін.



Сәкен Сейфуллин де өзінің тар жол, тайғақ кешуінде ана алашордашы неғып жүр ұсталмай деген сияқты әңгіме көтерген. Заман солай болған ғой. Егер біз біреулерді әшкерелейтін болса, ішінара таңдап емес, барлығын бір жіпке тізуіміз керек. Жартылай шындық болмайды......



Оте кызыкты макала екен.Ия, небыр ашылмаган беймалым.. тарихтын актандак беттеры...Ыштен шыккан жау жаман демекшы..Тагы кандай кызыкты деректерыныз бар?



Мақала қатты ұнады. Өте тартымды мақала. "Бір құмалақ бір қарын майды шірітетіндігі" ақиқат екен. Рахмет. Түптің-түбінде шындықтың беті ашылады. Ең өкініштсі қоғамымызда осы тектес адамдар қаншама?!



Мұндай адамдар әр кезде болған, қазір де бар және бола бермек.

www.malimetter.org



Мұнда көбінде жорамал көп екен!нақты пакті жоқ сондықтан сенбеске болмайды екен ау!



Бекмұхамбетов Тұнғаншин туралы жақсы пiкiр бiлдiрген. Тұнғаншин оны жамандаса, Бекмұхамбетов оны мақтайды.Парадокс Бір ғана тарихшының пікірімен келісіп қорытынды шығару әбестік. Тұнғаншин туралы әлі коптеген ізденістер керек. Әлі аршылмаған архифтер қаншама. Мумкін оның алашордашыларды жек коріп, олардын істегені бос аурешілік екенін біле казак улты үшін баскалай арекет еткен Тұрар Рысқұловтай азамат болып шықпасына кім кепіл.

мен ғой



Осы журт кызык, быр жаксы дуниены де коре алмайды. Рыскуловка тенестыретын адамды тапкан екенсын, бауырым



сенің буған түсінуге алыс әлі ауылың



Қойгелді "тергеушілер дайын жауап әкеліп, қол қойдырып алып отырған"- дейді Яғни тұжырымым кате болса кешіріңдер деген леп бар тарихшыда ал сол кісіден дерек алып отыраған өзі бірде бір құжат көрмеген журналист "ол ұлтшыл болмаған" деп кесіп айады. Парадокстың көкесі осы болса керек



Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған хаты Алашордашыларды толық әшкерелеп, олардың басына жай түсірді: Бейшара Рысқұлов, өзі де оңған жоқ, елді де оңдырған жоқ! Сондай адамға көше беру совет дәуірінен қалған көп қателіктердің бірі! Онанда Алашордашылардың әлі де толық ескерілмей жүргендерін ұлықтасақ, сатқындарды сынасақ, елдік, ұлттық санаға қайтқанымыздың бір БЕЛГІСІ болар еді.
- Анахарсис тектілер



Бұл шын оқыйға ма? Алошорданы Т,Рысқұл әшкерлеген бе сонда?



Рысқұлов қайда, бұл қайда. Рысқұлов 22-24 жылдары Совнаркомның төрағасы болған кезде Ташкентке өкіметтен қуғын көрген алашордашылардың барлығын жинап, Орталық Азия университетіне жұмысқа тұрғызып, пәтер берген. "Ақжол", "Таңшолпан" газет-журналдарын шығаруға бастамашы болған. А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М.Тынышбаев, Ж:Аймауытов, М.Жұмабаев, Б.Майлин, М. Әуезов, И:Тоқтыбаев бәрі сол жылдары Ташкентте болғанын тарихи деректер дәлелдейді. Мақсаты түбіңнде алмағайып тағдырларды қорғау, әрі Ташкентті қазақтың рухани-мәдени астанасын жасасау.(Д.Қыдырәлиевтің еңбектері). Кейін Рысқұлов қызметтен алынған соң бәрі жан-жаққа қашты...



Соқ өтірікті. Рысқұлов алашордашылармен ешқашан болыспаған. ОЛ туркістан шаруаларына жагдай жасап көмектескен. Шоқайтанушы Қыдыралиевтің еңбегінде ондай дерек жок. Онда да Кеңес өкіметі жеңген соң Рысқұлов оларға жанашырлық жасаған болуы керек. Кеңес үкіметі орнағанға дейінгі қарсылықтарына байланысты деректерді іздеп корсенші

Қызыл Жебе



Тұнғаншин - күрделі тұлға екені байқалады. "сатқын" деп біржақты баға беруге болмайтын да сияқты. Әлі де зерттеу керек. Бірақ кім зерттейді? Алашқа байланысты Әлі басы ашылмаған тақырыптар, әлі атаусыз келе жатқан есімдер қаншама!
Қазаққа "Алаштану" факультеті керек-ақ. Біздің тарихымызға шетелдік ғалымдар қызығушылық танытып жатқанда, өзіміз он шақты ғана таныс есімдерді айналдырып жүруіміз ұят. Олардың өзін де зерттеп болған жоқпыз. Мәселен, Ахаңдар мен Жаһаңдардың, Әлекеңдердің 1920-1927-28 жылдар аралығындағы аса қызғылықты да жемісті жылдары туралы жазылған еңбектер жоқтың қасы. О кісілердің қолынан оқығандардың естеліктері неге аз? Кеңестер кезінде айтуға болмады, ал бірақ тәуелсіздік жылдары да мардымды ештеңе айтылып-жазылмағаны несі.
Және бізде тарихи тұлғаларды бағалауда айқын критерий жоқ. Мәселен, Тұнғаншинді ұрпақтары ұлықтап кітап шығарып жатса, таңқалмас едім. Сол секілді тұлғалардың бірі, Тоғысов-Төлеңгітов туралы "алаш ардақтылары" сериясынан кітап шықты ғой. Ұрпақтары оны Алаштың қаһарманына балайды. Мүмкін, дұрыс та шығар. Әркім шама шарқынша халқына қызмет етуге тырысқан болса керек. Мүмкін, Тұнғаншин де сондайлардың бірі болар?
Қабыл



Ұлы Мағжан 1937 жылғы тергеуде 1923 жылы Ташкент қаласында Сұлтанбек Қожановтың үйінде түнде қазақ қайраткерлерінің құпия кездесуі болғандығы туралы еске алған. Мағжанның айтуынша кездесуде Түркістан Совнаркомының төрағасы Тұрар Рысқұловты былай деген: "Жігіттер, бізге кеңес үкіметі мақсат па, әлде құрал ма? Бізге қазір кеңес үкіметімен күресу маңызды емес, оның ішіне кіріп, қазақ мүддесі үшін жұмыс істеу маңызды". Тұрармен болған құпия кездесуден кейін Мағжан қатты өзгеріп, кеңестерді пайдалану жағына ойысады. Мағжан: "Мен Тұрарды түсіндім" деп жауап берген.



мен солардын барлыгына сенбеимин бари жиылып кара басынын камы ушин курескендер улттын жаиын оиласа орыстан аиел алуды модага аиналдырмас еди гои



Тұрар Түркістан конфедерациясы туралы мәселе көтергені үшін Мәскеуден қатты таяқ жеді. 1920 жылы "Тұрарды талау" деген термин де болған. Сталиннің тапсырмасымен Тұрарды талау саясатын Түріккомиссия мен азамат соғысынан кейін Түріккомиссияның тапсырмаларын орындауға мәжбүр болған бұрынғы алашордашылар жүргізді. "Жау жағадан алғанда" біздің алашордашылар Тұрарды етектен тартты. Тұрар орыс шовинистерімен алыса жүріп, "өз ауылының жігіттерінің" қылықтарына қапа болса да, шыдады. Тұрарды талату үшін Сталин оған қарсы бұрынғы алашордашыларды шебер пайдаланды. Қазақ қайраткерлерін бір-біріне айдап салды. Сталин деген жалмауыз Тұрарды талауды ұйымдастыра отырып, оған қарсы пайдаланған жігіттерді де жек көрген. 1922 жылы Сталин Ташкентке жолдаған құпия хатында: "Біз қолдан өсірген комиссарларды еркелете берудің қажеті жоқ, олардың барлығы жиылып жалғыз Тұрарға татымайды" деп жазғаны, бір шетінен, Тұрарды мойындау болса, екінші шетінен, өзінің тапсырмасымен Тұрарды талауға қатысқан жігіттерді жек көру болатын. Өкініштісі сол, алашордашылар Тұрардың талантын мойындағандарымен де, "басқа жүздің жігіті" ретінде бөлектеп отырған. Сондада болса Тұрар алашордашылардың көпшілігіне талай жақсылық жасады. 1922 жылы Ленин мен Сталинге хат жазып, Қарқаралыда тұтқындалған Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановты тез арада түрмеден босаттырған Тұрар болатын. Тұрардың азаматтық тұлғасын жете таныған ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов ол туралы арнайы шығарма жазды. Жағымпаз деп ешкім Мұхтарды айыптай алмайды. Мұхамеджан Тынышбаев Тұрарды туған інісіндей құрметтеген. Жаһанша Досмұхамедов туған бажасы болды. Жетімдіктің кесірінен оқуын аяқтай алмаған Тұрар Мәскеуде қызметте жүрген кезінде мыңдаған қазақ балаларының білім алуына жағдай жасады. Файзулла Ходжаев Өзбекстанды қиын-қыстау жылдардан аман алып өтті, Ал Тұрардың Қазақстанды басқаруына Сталин мүмкіндік берген жоқ, Голощекин деген *Бейәдеп сөз жазбаңыз!* жебірейді жіберіп, халқымызды жалмады. Тұрар талант жағынан Файзулладан артық болмаса кем емес еді. Кеңес билігіне ашық қарсы шығып, республиканы басқару ісіне араласа алмай қалған алашордашылар "басқа жүздің жігіті" деп Тұрарды бөлектемей, оның төңірегіне Смағұл, Сәкен, Сұлтанбек, Сейітқали, Нығмет, Нәзір, Ораз, Санжар, Жалау сынды мықты жігіттерді топтастырып бергенде қазақ трагедиясы болмас еді. Бірақ алашордашылар тарихи мүмкіндікті пайдалана алмады. Ондай мүмкіндік тек кейінгі жылдары Тұрар оқытқан Дінмұхамед Қонаевтың тұсында ғана туды. Қазақтың трагедиясы рушылдық пен жүзшілдікте! Алашорда қайраткерлерін "тар жол, тайғақ кешу" жылдарындағы іс-әрекеттері үшін сыйлауымыз керек, бірақ табынудың объектісіне айналдыруға болмайды. Тарихты түсіну үшін бізге әлі талай-талай ізденістер керек! Қазақ журналистикасында білімді жігіттер көбейіп келе жатыр, бірақ айдаққа шабатын жылпостар да аз емес сияқты. Тарихты түсінетін, халықты азғырмайтын білімді жігіттеріміздің көбейе бергені жақсы. Бүгінгі санасы ояу жігіттер осыны түсіну керек.

Пікір қосу

  • Беттер мен электронды поштаның мекенжайлары автоматты түрде сілтемелерге айналдырылады.
  • Allowed HTML tags: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жолдар мен параграфтар автоматты түрде тасымалданады.

Форматтау жайлы толығырақ

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.
4 + 3 =
Математикалық есепті шешіңіз.
 

Мұрағат

Ақпан 2012
ДсСсСрБсЖмСбЖс
-1012345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728291234

Айлық статистика

<<  >>