Айыпталушының орнында - Абылай отыр. Сабдалин Абылай. Қаршадайынан саңлақ танылған Абылай. Отанын, халқын риясыз сүйетін оғылан. Таңды таңға ұрып әңгімелескен кезімізде, арман қуып алқынған бозбала шағымызда ақ пейілі, ақ тілегі жан дүниесінің тазалығын, адалдығын әйгілеп тұратын Абылай. Алакөлдің ақ жал толқынында аунап өскен аяулы дос... айыпталушының орнында. Жоқ, мүмкін емес!
Жанды түршіктіретін, жағымсыз, жайсыз «жаңалықты» автокөліктің ішінде «жағы бір сембейтін» радиодан естігенде де дәл осылай «мүмкін емес!» деп ышқынған едім. Қалай ғана мүмкін дерсің ? Біздің күмәнімізді аша түсетін жайттың өзі де қараңғы үйдегі қара мысықтың қай тұста екендігін меңзегендей. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікті келіп Есеп комитеті тексереді. Министрлікте екі миллиард теңгенің есебі жоқ екен. Енді іске қаржы полициясы араласады. Сол кезде министрліктің ішіндегі бір департаментті басқарып отырған осы заманның Жәдігөйі - Жандос Ілиясов деген пайда бола кетеді де қаржы полициясындағыларға пара берудің ыңғайын танытады. «Қуды қу, шұқанақты - су табады», әрине. Нағызында бүгін айыпталушының орнында Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің вице-министрі Абылай емес, әлгі жанторсық - Жандос отыруы керек еді. Абылайдың адвокаты Венера Ким ханым да өткендегі сот барысында осылай деді. Кәнігі қорғаушы, заңның ішек қырындысын ақтаратын білгір маман, сірә, албаты сөйлемейтін шығар. Бірақ, жазымыш... Қалайда лауазымды қызмет иесінің біреуінен қылмыскер жасауға әбден дәніккен қаржы полициясының «сайыпқырандарына» Сабдалин қажет болыпты. Сондай қарау ниеті айқын күштерге Абылайды арандататын адам да оңайдан табыла кетті. Ол - Жандос Ілиясов. Жампаңдап жүріп « істің орайын» келтіріп берген сол. Абылайдың тағдырын бүгінгі пара алып, параға бөккен жүйенің қанжығасына бөктеріп берді де судан сұмырайдай болып құрғақ шықты. Егер сот әділ жүрсе дейміз ғой баяғы, Ілиясовтың ісі де тексерілуі керек еді. Өйткені, бәрі анық. Бәрі көзге ұрып тұр. Есеп комитеті тексеріп, қаржы полициясы қармақ тастағанда алдымен қапқан - Ілиясов. Пара беру жұмысын да ұйымдастырған - Ілиясов. Парасыз істің ақыры шарасыздықпен бітеріне ешбір қазақтың күмәні кем заманның пендәуи тірлігіне Абылайды итермелеген де - Ілиясов. Алайда, Ілиясов - куәгер. Сот отырысына ашық қатыспай көрші бөлмеден дауысын құбылтып сөйлеп, бірдеңе тантқан болды. Әйткенменде, оның жалған куәлігінен емге дұрыс сөз таппай сотқа келеген жұрт жағасын ұстап тарады. Осындайда біздегі сот, құқық қорғау органдарында бұтына толып жүретін ағайынның бейшаралығына күлесің. Ақыры Ілиясовты куәгерлікке тартқан екен, байқұсты әртіс қылып әлекке түсірмей-ақ, елге жүзін көрсетіп әкелмей ме? Әлде ол жүзі жанып жұртқа қарай алмайтын дертке шалдыққан ба? Міне, көрдіңіз бе, күмәннің көкала түйіні қайда жатыр?..
... Ол заман Әлихандарды атқан мылтықтың үнімен бірге қорқынышты буытыркалардың үйіндісіне айналып, қирап, жер бетінен көшті ме деп ойлайтынбыз. Ол заман жыр дүлділі Ілиястардың, Мағжандардың жазықсыз төгілген қанын жұтып үнсіз сұлық түскен даланың сұрқай бір күндері болып келмеске кетті ғой деп ойлайтынбыз... Абылай екеуміз. «Жас Алаштың» жаңа беттерін жасап отырып. Ендігі уақыттың кемелдігіне, жарқындығына, қазақ деген қараша халықтың алдан жақсы күндері туарына бек сенімдік едік. Әсіресе, Абылай шексіз сенетін. Өзі де сенетін және саяси толғамды мақалаларында өзгені де сендіріп жазатын. Абылайдың сараптама мақалаларынан кейін бүгінгі қоғам жайында қалай ойлану керектігіне менің өзім де ерекше мән беріп марқаятынмын. Алайда, Алашшыл Абылай біз сияқты қағаз кеміріп қана қалған жоқ. Елдің ортақ игілігіне нақты үлесім тисін деген ізгі тілекпен әкімшілік қызметке ауысты. Әкімшілік қызметке ауысарының алдында едәуір толқыды. Тіпті, бірде бас тартпақ сыңайын да танытты. Бірақ ол сөзден іске жетуді ақырында жөн көрді. Абылайдың Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысындағы қызметі жайында, құрметті оқырман, мен сіздерге терең әңгіме айтып бере алмаймын. Өйткені ол еліміздің шығыс мен батыс өлкесіне аттанып, арамыз біраз алшақтады. Алайда менің қадірлі досым, бауырым абыройына кір шалдырмастан адал еңбек еткеніне шәгім жоқ.
Ілгеріде бір Астанада кездескенімізде оның от шашқан жанарының тұңғиығында тұнжыраған ой мен уайым жасырынып тұрғанын аңғардым. Ол мынау былыққан жүйеден қажығандай көрінді маған.
Дүниеге іңкәр адал жаныңды қиянат жаралағанымен «аққа қара жұқпайды», Абылай. Өзіңе сен! Алашшыл, абайшыл достарым қасымда деп сен!




Адам өлтірген Жовтисті жан сала қорғап бізге осындағы бір ағайындар үлгі көрсетіп еді. Жовтистің жанында Абылай текке шырылдап барады ғой, бауырлар! Абылайды қиянаттан, жазықсыз жаладан қалайда қорғап қалайық!
Ерсерік.
"...пара беру кезінде ұсталған Ілиясов Қаржы полициясына әрі қарай көмектесуге келіскен. Ілиясов бүгін сот процесіне куәгер ретінде шақыртылды. Түрін көрсеткісі келмеген ол күшейткіш дыбыс құралдары арқылы басқа бөлмеден жауап берді. Сақтанғаны соншалық, ол дауысын да өзгертті. Бірақ ешкім ештеңе түсінбеді".
КТК арансының жаңалықтарынан
..................................................................................
Мына Ілиясов деген бір жүрген *Бейәдеп сөз жазбаңыз!* екен ғой. Божконың адамы шығар *Бейәдеп сөз жазбаңыз!*.
Дәурен, сол Астанада кездескен кездеріңде Абылайдың жанын қандай уайым жеп жүргенін түсінген боларсың. Осы жігітті Храпунов деген залым бәлеге шатыстырып кеткен сияқты.
Әрине, Абылай мықты журналист. Бірақ оның Храпуновтың жанында жүріп, оның жасаған былықтарын білмеуі мүмкін емес-ау осы.Абылайдың қателескен тұсы осы жерден басталған -ау сірә. Бірақ, қалай болғанда да жүрегінде адамгершілік бары рас қой. оны да ұмфытуға болмас.
Абылай, Мұхтар Жәкішев сияқты ұлтқа керек азаматтарды қорғай алмайтын халық егемендіктен де, елдіктен де ажырайды. Мәселе, олардың ғұмырының жеке адамға қатыстылығында еме, олардың ұлт үшін, ұлтшыл болғандығы мен режимге сыйыспайтын адалдығында жатыр. ХХ ғасырдың алашшылдары да солай күйіп,ақыры қазақ бодандық қамытын киген еді, мынау да солай қарай бара жатқан алғышарт. Кешегі доктринаның дауы мынаның қасында түкке тұрғысыз! Ұлттың азаматтарын қорғайтын альянс керек!!!!!
ЕЛсерік
Жазығсыз шырылдаған талай боздақтың тағдыр тәлкегіне түскеніне үнсіз қарап тұра беретін болдық. Расында осындай азаматтардың ақ екенін айтып, араша түсетін үлкен алқалы топ құрған жөн. Оның артында әрине халық тұрса тіпті жақсы.
Пікір алынып тасталды!
әй қайдам Дәкеңнің досы болса досы шығар...бірақ ол Абылайдан ешбір ұлтшылдықты байқай алмадым...барып тұрған шенеунік қой...кезіндегі журналист Сабдалин емес....сондықтан шынымен де кіналы болса қолмен жасағанды мойынмен көтеру керек
Абылайдың бет-әлпетіне үңілсеңіз, айыпты болатындай түр көрінбейді. Одан "қылмыскер" жасау біреуге керек болған шығар...
түскі асты бірге ішіп, кеште устап беріп отырган онбаганның кудай жазасын берер..
Азаматтарыңды қорғаған ағалар сіздерге улкен рахмет!!!
Обалың *Бейәдеп сөз жазбаңыз!* жүйеге, Абылай! Дәурен досың жазғандай, сені сондай пендәуи іске итермелеген де - жүйе. Әкімшілік қызметке барғың келмей кезінде толқыған көрінесің. Бармай қалғаныңда ғой осы күні мықты медиа менеджер болып жүрер ме едің. Енді өткенге өкінудің еш қажеті жоқ. Сенің кінәң жеңіл. Ақталып шығасың. Сондай жақсы күнге сен! Сынба бауырым.
Е.К.
Дәурен, бұл жазбаң сенің кәсіби салада солқылдақ екеніңді көрсетті. Белгілі философ айтқан сөзді сәл бұрмалайтын болсақ, "Абылай сенің досың шығар, бірақ әділет саған жақын" болуы керек еді ғой. Егер Абылай пара алып ұсталды десең, оған күдік туғызудың логикалық тұрғыда реті бар. Ал пара берді деген сөз - бұл заңтану ілімінде көп дәлелді қажет етпейтін қылмыстың түрі. Бір сөзбен айтқанда, сенің Абылайың таза емес.
Сен оның пара бергенін көзіңмен көріп, қолыңмен ұстадың ба? Өтірік іске кәуілік еткеніңнің өзі күнә. Абайлап сөйле, білдің бе? Ертең ақ пен қара айқындалғанда өзіңнен өзің ұяларсың. Кезінде Нүриддин Муфтах марқұм Асанбай Асқаров туралы сын мақалалар жазып, соңынан Асанбай ақсақалдың адалдығына көзі жеткен соң ол сотталып бара жатқанда ақтап мақала жазған еді. Тақырыбы - "Аққуды атуға болмайды". Тауып ал да оқы. Сеніңше, финпол қылмыскер деп тапқан адамды журналистте "қылмыскер" деп шыға келуі керек пе?
Қалай ол (Абылай) сонша жыл Храпуновтың жанында жүріп, тап-таза болып қалды. Қазанға басын тыққан итке де күйе жұғады. Алашшыл болса, халқын сүйсе, Алматыдағы, Өскемендегі панасыз, жерсіз қазақтардың зарын естімеді ме, білмеді ме? Елге, ұлтқа не пайдасы тиді? Ең жоқ дегенде Храпуновтың есігін тарс жауып кете алмады ғой "саңлағың"?!
Жүйе деген - түрме. Абылай сол "түрмеге" творчестводан кеткен күні түскен ғой. Ал сен батырсынып Храпуновтың есігін тарс жауып кетіп қалмады ма деп шалқаясың. Сенен гөрі Абылайдың қазаққа жасаған пайдасы көп шығар. Үндемей, дабырламй жүріп жасайтын адамдар болады жақсылығын. Абылай сондай азамат. Негізі шын күрескерлердің қатары осындай жігіттермен толыққаны дұрыс. Ал, сен өзіңше сынап мінеп жүре бер. Басқа қолыңнан не келді?
Пікір қосу