Дархан Әбдік, журналист: Билік қазақ журналистерінен қорықпайды | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет


Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл күзетшісі.
Ар мен ұят сенбесе – өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі

Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
Астананың бір минуттық шығыны - 600 мың теңгені құрайды
Айтқыш екен
Обал болды көзге де, құлаққа да,--
Сеніп елге бермейсің сыр ақтара.
Қарайтының күдіз-түн бір-ақ канал,
Көретінің бір кісі, бір-ақ қала.

А. Мұқабай, асаба

Загрузка

Дархан Әбдік, журналист: Билік қазақ журналистерінен қорықпайды

Жәрдемші


- «Астана» телеарнасындағы «Бас тақырып» және «Тема дня» бағдарламасын жүргізіп келесіз. Бірақ соңғы кезде көрінбей жүрсіз.

- Бағдарламаны жауып тастады.

- Қалайша?..

- Оны білмедім. Ешкім мардымды түсініктеме берген жоқ. Неге екенін ішім сезеді. Бірақ нақты жауабын білмеген соң, дөп басып бірдеңе айту қиын.

- Бағдарламаңызға келмей, ат-тонын ала қашқан министрлер, өзге де лауазымды қызметтегі тұлғалар болды ма?

- Болды, әрине. Әсіресе, атқарушы биліктің адамдары, Парламент депутаттары да хабарға келуге қашқақтайтын. Келсе де, «сұрақтарымызды алдын ала келісіп алайық» дейтіндері көп еді. Жалпы, билікте жүргендердің арасынан келіп, шындықты айта алатындар аз, өкінішке қарай. Бір жағынан оларды да түсінуге болады. Пенделік. Қызмет... Мүмкін, шын мәнінде «басы» кететін шығар. Қуғын-сүргінге ұшырайтын болар. Оны нақты айта алмаймын. Турасына көшсек, бізде бағдарламаға қатысып, ашық пікірін білдіріп, сын айта алатын азаматтар өте сирек.

- Ал бағдарлама аяқталған соң, қойылған сұрақтарға ренішін танытып, уәж айтқан азаматтар кездесті ме?

- Талай «қонақтың» ренжігенін көрдік қой.

- Өзіңіздің батылыңыз бармай, көңіліңізде іркіп қалған сұрақтар болды ма?

- Әрине, ондай да болады. Өйткені біздің қалыптасқан ортамыз солай. Бәрі салыстырмалы түрде. Көкейдегі көп нәрсені айта алған жоқпыз. Менің де қоя алмаған сұрақтарым жетеді. Бір жағынан, ондай кезде өзіңнің жалғыз емес, үлкен командамен бірге жұмыс жасайтыныңды түсінесің. Олардың жауапкершілігі сенің мойныңда. Өзің қорықпағанмен, жаныңдағы адамдардың тағдырын ойлайсың. Кейде талай дүние айтылмай, талай мәселе көтерілмей, сырт қалып жатты.

- Бағдарламаңыз эфирде 1 жылдай жүрді ғой...

- 1 жыл 1 ай шамасы.

- Осы уақыт аралығында «Тема дня» және «Бас тақырыптың» рейтингін бақылай алдыңыз ба?

- Рейтинг бақылау менің шаруам емес. Бағдарламаны жұрттың көргенін білемін. Ал «рейтингі бар ма, жоқ па» ол жағынан хабарым шамалы. Оның үстіне біздің қоғамда шын рейтингті анықтайтын мониторинг жүргізіле ме, жоқ па, ол да күмәнді. Бір білерім, әр бағдарламаның өз көрермені бар. Бастысы, сол көрерменнің ойынан шығу. Өйткені кейде мың адамның пікірінен өзің сыйлайтын бір адамның пікірі артық болады.

- Өткір сұрақтарыңыз үшін өкінген сәттеріңіз бар ма?

- Жоқ. Менің ұстанатын принципім бар. Ағылшындар айтады екен: «ақымақ сұрақ болмайды, тек ақылсыз жауап болады». Сондықтан сұрағы қате-дұрыс болса да, сұрау, білу - журналистің қоғам алдындағы парызы. Бұл жерде мәселе сұрақта емес, жауапта.

- Бағдарламаңыздың бірі қазақша, бірі орысша шықты. Екі тілде қатар жүргізу қиынға түскен болар...

- Әрине, қиындығы болды. Менің орысшам керемет емес. Қазақша жазуға, қазақша оқуға, қазақша ойлауға үйренгенмін. Бірақ Қазақстанда өмір сүргеннен кейін орыс тілін білмеу мүмкін емес. Ал орысша жазуға, орыс журналистикасына араласуға батылым бармайды. Өйткені өзімді қазақтілді журналиспін деп санаймын. Қазақтілді қоғамда орысша сөйлеген емес, көтерген мәселең маңызды.

- Қазақша бағдарламалардың көрермені аз дегенге келісесіз бе?

- Оған көбі журналистерді кінәлап, сынап жатады. Алайда қазақтілді журналистерге Үкімет, билік ойын ашық айтуға мұрсат берсе, қазақша бағдарламалардың көрермені көп болар еді. Барлық журналистер қыспақта. Бірақ қазақтілді журналистер орыстілділерге қарағанда қыспаққа екі есе көп түседі. Оған қоса, қазақ журналистерінің әлеуметтік мәселесі шешілмеген. Үйсіз-күйсіз, пәтер жалдап тұрады. Ал пәтер жалдап жүрген адамға жұмыстан шығып қалу, өлгенмен бірдей. Тәуелсіз бола алмайтынымыздың себебі де сол. Егер бізге сөз бостандығын, ой еркіндігін берсе, қазақ журналистикасының сапасы ешкімнен кем түспесі анық.

- Сонда бүгінгі қазақ журналистерінің бағын байлаған осындай себептер ме?

- Иә, еркіндік. Сөз бостандығы, ой бостандығы! Егер айтылған шарттар орындалса, журналистика өзінен-өзі дами береді. Сондықтан журналистерді сынаудан бұрын, ең алдымен осы саланың «кухнясын» зерттеуге кеңес берер едім. Кез келген ТВ, басылым тілшісі әр сюжетті, әр мақаланы шығару үшін қалай күресетінін ешкім білмейді. Әр сөзінің қысқартылмауын, ойының орынды шығу үшін қалай жанталасып, қалай еңбектенетінінен де бейхабар. Тіпті кейде қазақтілді журналистер таяқ жейтінін біле тұрып, жанпидалыққа барып, көп дүниелерді айтып қалады. Ендеше, журналистика тек қана кәсіп емес, парыз. Себебі әрқайсымыздың (журналистердің - ред.) оқырман, көрермен алдындағы өз парызымыз бар.

- Алдағы уақытта жаңа бағдарлама ашу жоспарыңызда бар ма?

- Журналистикаға мойынсынғаннан кейін осы салада бірдеңе бітіргім келеді. Бағдарламаны жалғыз мен ашпаймын ғой. Арнаның келісімі керек. Егер менің ойлағанымдай болмаса, дұрыс пәтуаға келе алмасақ, онда не үшін жасаймын?! Өзгелердей қатарда жүріп, құр ақша табу үшін бағдарламаның шашбауын көтергім келмейді. Жақсы-жаман болсын, азғантай абыройым бар. Ал біреу үшін ол абыройдан айырылып қайтемін?!

- Қазіргі қазақ қоғамында құнсызға айналған не нәрсе?

- Көп қой. Азаматтардың құқы. Сөз бостандығы...

- Ал қазақтың тілі ше?

- Тіл мәселесі биліктің еркіне байланысты. Егер қазақ тілін мемлекеттік деңгейге көтеруге билік ықпал етсе, бұл мәселені оп-оңай шешуге болады. Қолдан қиындатып отырған өзіміз.

- Теледидарда көршілес елдерден көшірілген «калька» хабарлар қаптап кетті. Ұлттық мүддеге үндейтін төл бағдарламалар неге аз?

- Арнайы ұлттық мүддені көтеру үшін бағдарлама жасау мүмкін емес. Ондай болмайды да. Калька деген - калька. Бүкіл әлемде телевидениенің өзіндік қалыптасқан заңдылықтары бар. Балаларға, спортқа арналған бағдарламалар керек. Олардың көбі калькадан көшіріледі. Мәселе оны сапалы жасай білуде. Отырып алып, ұлттық мүддені көтерейік деп зарлай бергеннен түк шықпайды. Қазір қазақ тілін дамыту керек деп шулайды. Бізге тілді дамытудың керегі жоқ. Ол әбден дамыған, кемеліне жеткен тіл. Тек оның қолданыс аясын кеңейту керек. Содан соң, тағы бір мәселе бар. Ұлт - этникалық ұғым емес. Ұлт дегеніміз - мәдени орта. Қазақ тілі арқылы қазақтың мәдениетін қабылдаған адам әрқашан «қазақ» болып қалады. Мәселен, мен үшін Е.Брусиловский - қазақ. Әлемнің қай еліне барсақ та, мақтанышпен осы Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын көрсетеміз. Ал қазақтың өнерінен басқа ол кімге еңбек сіңірді? Айтыңызшы, орыс ұлты үшін не істеді?! Ештеңе. Ал Олжас Сүлейменовті тегі қазақ болғанымен, орыс ақыны деп санаймын. Себебі орыс әдебиетінің өкілі. Меніңше, ұлт деген ұғымды осылай қабылдау керек.

Шынын айтқанда, телевидение тек ақпарат таратушы емес, оның ағартушылық функциясы да бар. Біз әлі күнге әлемдегі оқиғаларға қазақтың көзімен қарауды үйренген жоқпыз. Шетелдерде қазақ тілшілерін «ұстамаймыз». Мысалы, іргеміздегі Қырғызстандағы оқиғаларды Ресейдің ақпарат құралдарынан аударып беріп отырмыз. Бізде ұлттық пайым жоқ. Ал ұлттық пайым болмаған жерде ұлттық саясат қалыптастыру мүмкін емес.

- Қазақтілді журналистер тереңнен толғап, ұлтқа қатысты үлкен мәселелерді көтеріп келеді. Бірақ үні әлсіз, сөзі өтімді емес. Бұл неге байланысты?

- Еркіндікке байланысты. Қорықпағанын ешкім сыйламайды. Әлемде солай қалыптасқан. Біздің билік қазақ журналистерінен қорықпайды. Қорықпаған соң, сыйламайды. «Ананы олай, мынаны былай жаз» деп тапсырма береді. Бары сол. Ал журналистиканың тапсырмамен дамуы мүмкін емес.

- Соңғы сұрақ, теледидардан көрінген журналистер әп-сәтте «жұлдыз» болып шыға келеді. Неге?

- Оны білмедім. Өзім «жұлдыз» ауруынан аулақпын.

- Әңгімеңізге рахмет.

Әңгілемескен Құралай Рахымбай

Сұхбат «Нұр Астана» газетінде (№19, 20.05.2010) жарияланған


 




Дархан мырза!Жарайсыз! Сіз нағыз журналиссіз. Ұлт қамын ойлаған азамат осындай болар!
Алла разы болсын Сізге!

ШОҢ



Билік басындағылар көбіне қазақ журналистерінің көтерген проблемасына пысқырып та қарамайды. Оның себебі, біріншісі, олардың көбінің бұл тілді дұрыс түсінбегендігінен, екіншісі, мемлекеттік тілдің қолданыс аясының төмендігінен т.б.с.с.
Қазақ тіліндегі көтерілетін проблемалық материалдарды билік басындағылардың көбіне оппозициялық көзқарас немесе бәле қуғандық деп ұғатыны тағы бар.

ШОҢ



Дархан мырзаны өз басым қатты сыйлаймын. Жүргезіген бағдарламасы көңілімнен шығатын. Құдай қаласа, Дархан ұлт тағдырымен тығыз қатысты тағы бір бағдарламаның басында жүреді деп ойлаймын. Хазірет



Осындай Дархан сияқты азаматтар көп болса екен.Өте тамаша айтылған сөз-ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚОЛДАНЫС АЯСЫН КЕҢЕЙТУ КЕРЕК!!!.
Еңбегіңізге жеміс тілеймін.



Барлық журналистер қыспақта. Бірақ қазақтілді журналистер орыстілділерге қарағанда қыспаққа екі есе көп түседі. Оған қоса, қазақ журналистерінің әлеуметтік мәселесі шешілмеген. Үйсіз-күйсіз, пәтер жалдап тұрады. Ал пәтер жалдап жүрген адамға жұмыстан шығып қалу, өлгенмен бірдей. Тәуелсіз бола алмайтынымыздың себебі де сол. Егер бізге сөз бостандығын, ой еркіндігін берсе, қазақ журналистикасының сапасы ешкімнен кем түспесі анық.
Оте орынды айткансыз Дархан ага!



Дархан жақсы жігіт, кәсіпқой, ұлтжанды. екі тілді қатар меңгерген. Орысшасынан да кемістік көрген емеспін. Жалпы, Осындай журналистер көбірек болса, билік те олардан қорқатын болады. Алла жар болсын!
Қабыл



Дәрігерге ауыратын жеріңді айтамыз, ол ауруды толық білген соң емдеу жолдарын қарастырады, емдейді. Сол тәрізді "әкімге (жоғарыға) қоғамның "ауырып тұрған" жерін айту, емдеу жолдарын ұсыну - ең абзал іс, мемлекет үшін қажет дүние" деп білемін. Бұндай іске қарсыларды, журналистердің осындай әрекетіне қиындықтар әкелетіндерді халықтың қамын ойлайтындар дегенге сену қиын, содықтан Дархан Әбдікті елдің алғысына бөленген жан деп білеміз, баталы ұл далада қалмайтындығына, халыққа, мемлекетке адал қызмет ете беретіндігіне сенімім мол, ал аталған телеарнаның әрекеті - өз беделіне нұқсан келтіріп, көрермендердің сенімінен айырылу қаупі бар. Төлен Рамазанұлы



Алла денеңе қуат, от басыңа бақыт берсін, ДАРХАН! Сен жүргізген бағдарламаны жібермей қарауға тырысатын едім, сен ренжіме, маған кейде "шаншарды" көріп отырғандай әсер беруші еді. Тіл-көзден аман бол, Қазағым деп туған ұл! Исатай.



Ал Олжас Сүлейменовті тегі қазақ болғанымен, орыс ақыны деп санаймын. Себебі орыс әдебиетінің өкілі. Меніңше, ұлт деген ұғымды осылай қабылдау керек.
Жақсы айтылған.Бұл бала Төленнің баласы шығар.Мықты публицист болар.



Қазақтілді журналистер тереңнен толғап, ұлтқа қатысты үлкен мәселелерді көтеріп келеді. Бірақ үні әлсіз, сөзі өтімді емес. Бұл неге байланысты?
------------------------------------------
Билік кімнің қолында екеніне байланысты. Ұлтқа жаны ашымайтын, қарын мен құлқынның құлдары билікте отырғанда - үндері әлсіз, сөздері өтпейтін болады. Дархандай дарынды жігітті де шеттетіп тастаған жоқ па...Бұл қашаға дейін жалғасар екен...

Нағашыбай Есмырзаев



Пікір алынып тасталды!



Жаль жабылып калганы



Дархан аға, мен Сіздің бағдарламаларыңызды жібермей көретінмін. Өте жақсы жобалардың бірі еді. Өкінішіті, әрине жауып тастағаны. бірақ сіздің жоспарыңызда бұдан да өзекті тақырыпты сөз қозғайтын дүниелер әзірленеріне сенімдімін. Ал билік, баяғы жар тас, сол жар тас қой! Құлағының түбінен айтсаңда естімен болып отыра береді. Негізі олардын барлығы қазақша, реми тілде сөйлей алмайды немесе түсінбейді деген жай сылтау. Олар барлығын түсінсе де түсінбеген сыңай танытады. Сондықтан, қазақ сол қалпы сүйретіліп жүре бермек. Орысша айтқанда "пока все будет так, как хочет ПАПА! Әлқисса, Күден де туар бір куні, шын бостандық кепілі,
Басынан шірігін биліктің, күлі көкке ұшатын.
Кетсе, НАН мәңгі орынан
Мүмкін келе... бір қазақ,
Ұлты үшін өлетін!
Сонда қазақ көрерсің, шошқа орыс тілінің
Қазақ тілі "мені қорлама" деп жүгіріп жүретін.
Қазақ қыздарының бірі



Пікір алынып тасталды!



Керемет екен сөздері. Жауап маңызды дегендей нақты жауаптар беріпті.



Бізде ұлттық пайым жоқ. Ал ұлттық пайым болмаған жерде ұлттық саясат қалыптастыру мүмкін емес. _______________________________________________________________________________
Өте дұрыс пікір. Қандайда бір саяси оқиғаға байланысты Ресей қандай баға берсе, біздегі көпшілік БАҚ соның үтір-нүктесін де өзгертпей дәл солай қайталап береді. Осы тұрғыдан алғанда ( жекелеген бағдарламаларды айтпағанда) "Хабардың" өзі ресейдің Қазақстан үшін арнайы оқытып, үйретіп әкелген агенті сияқты. Ұлттық пайымды "Хабардың" өзінен естуді қалдық.

Айтпақшы, Рерихтеріңіз қайда? Бағана Израильдегі орыстілді БАҚ-тардың форумында "орыстілді журналист бар жерде Россия да бар деп түсініңіз" деп ресей арналарына жағынып жатқан.

Сабырбай



Өте ойға қонымды нарселер айтқан екен!!!!Жарайсың Дархан телеарналардан әліде АЛЛА жазса өткір сұрақтарыңмен шенеуніктерді тайсалтатын бағдарламаларыңды көреміз деген үміттеміз!!!!



Мынау нағыз болайын деп тұрған ер екен, бәрекелді. Сөйлей де білетін, ойлай да білетін жігіт екен. Олжакең туралы дұрыс айтыпты, қазақ тілін жөнді білмегендерден көп үміт күтіп қажет жоқ. Мысалы, өзіміздің Аман Төлеевтен не пайда, орыс та бір, Төлеев те бір.



Бәрі бос сөз, хабар,қазақстан телеарналарында қызығып бір көретін бағдарлама жоқ,Кезінде марқұм Сағат Әшімбаевтің Парыз бен қарызы болмаса.Анда-санда айтыс көретін едік,одан да қалдық, Теледидарда қосып қалсаң Қазақбашиды мақтағаннан басқа ештеңе жоқ.



Дархан жақсы қос тілді журналист. Бірақ бағдарламада қонағына қойған сұрағы жауаптан ұзақ, тақырыпты ашудың орнынан өзін көп жарнамалайды, өз ойын тықпалайды, сонымен қатар ұрысып кететін сияқты. Бірақ бұл кемшіліктерден соңғы кездері ада болып келе жатыр еді. Өкініштікі-ақ, қазақ журналистикасы ұтылды.



Жартылай сөз бостандығы билікке қажет. Онда да еркіндікті қазақ баспасөзіне там-тұмдап қана береді. Сыртқа мақаныш үшін де қажет қой бұл билік үшін.
Қазақ халқы бүгінде рухани дағдарыста. Жаңа қоғамда өз бет-бейнемізді таныта алмай келеміз, тек іштен тынудамыз.



Шынын айтқанда, телевидение тек ақпарат таратушы емес, оның ағартушылық функциясы да бар. Біз әлі күнге әлемдегі оқиғаларға қазақтың көзімен қарауды үйренген жоқпыз. Шетелдерде қазақ тілшілерін «ұстамаймыз». Мысалы, іргеміздегі Қырғызстандағы оқиғаларды Ресейдің ақпарат құралдарынан аударып беріп отырмыз. Бізде ұлттық пайым жоқ. Ал ұлттық пайым болмаған жерде ұлттық саясат қалыптастыру мүмкін емес.

Өте дұрыс айтылған.Әр ел ақпарат құралдары болып жатқан мәселенін мәнін өзіне ынғайлы етіп бұрмалайды. БІРАҚ НӘРСЕ АЙТАМ. ХАЛЫҚҚА ШЫНАЙЫ,ӘДІЛ АҚПАРАТ ҚАЖЕТ БОЛСА ҚОҒАМДЫҚ ТЕЛЕ АРНА АШУ ҚАЖЕТ.



Әкеге тартып туған ұл деген осы. Торғайдың Кеңшілігі мен Төленінің Амангелді, дархан сияқты ізбасарлары бар.



Кедендік одақтың зияны тәуелсіздікке көп, пайдасы аз деп сонғы хабарларында аитқаны үшін "Бас тақырыпты" және Қазақстан каналындағы "Көкпарды" жапты-ау акордынцы.



Дүниетанымы Алматыда, мінезі Торғайда қалыптасқан Дархан жарайсың!!!



Дархан! Астаналык корермен сиздин багдарланызды жаксы кореди. Катардагы мыкты журналистердин бирисиз! Тауыныз шагылып, талабыныз кайтпасын! Сизге ардайым тилекшимиз



Әсіресе, атқарушы биліктің адамдары, Парламент депутаттары да хабарға келуге қашқақтайтын. Келсе де, «сұрақтарымызды алдын ала келісіп алайық» дейтіндері көп



неге осы жарқ етіп келе жатқан тележурналистер бірден жоқ болып кетеді екен? керемет хабарлардың ғұмыры да қысқа болатыны түсініксіздеу... жаңадан келген министр осындай олқылықтарды қолға алса жақсы болар еді. Бүгінде телеарналардың тізгінін тек қатындар қолға алып отырғаны жасырын емес. Ал олар болса бір көкелерінің арқасында білгендерін жасауда. Асқар Жұмағалиев дархан сияқтыларды қойса жақсы болар еді.



дархан мырза,сыз артыңнан ерген жас журналистерге үлгі боласыз.алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді .



Дархан інім,сіздің бағдарламаңызды күтіп отыратын көрермендеріңіздің бірі мен едім.Өте өкінішті!Билік өз абыройынан айырылатын уақытта осылай жасаған,қай кезде де...бір өзгеріс болатын күн алыс емес шығар,аққа да құдай жақ деген бар ғой...Ресейде "Пуст говорят"деген бағдарламада күндегі проблеманы елдің көзінше талқылап,адамды ойлантуға жұмыстанады.Ой ашық айтылады.Ақты ақ,қараны қара дейді.Бізгн орыстан үлгі алың деп,елімізде оның тілінде сайрап сөйлейді биліктегілер,алайда,шындық айтатын кезде қорқады.М.Жұмабаевтың "Сұм өмір абақты ғой саналыға"деген сөзі еске түседі.Дархан,баспасөзде өз пікіріңді айтып,шеттегі біз сияқтыларға рух бере бер.Біздің көшеде де той болар деген бар ғой.Адайқызы



жАСТАР АРАСЫНДА ДІНИ АДАСУШЫЛЫҚ БЕЛ АЛДЫ .ЖАСТАРДЫҢ ҮЛГІ ТҰТАТЫН КУМИРЛЕРІ ,ӘСІРЕСЕ СПОРТ ЖЕТЕКШІЛЕРІ МҰСЫЛМАН ДІНІНІҢ КӨПКЕ ҰНАМСЫЗ АҒЫМЫНДА ЖҮР.БҰЛ САЯСАТТЫҢ ЕҢ ҮЛКЕН ҮРЕЙЛІ ҮҢГІРІ СИЯҚТЫ КӨРІНЕДІ.СІЗДІҢ АСА ДЕН ҚОЙЫП ҚОЗҒАЙТЫН ЖӘНЕ ЕШ ТОҚТАТПАЙТЫН МӘСЕЛЕҢІЗ ЖАСТАРДЫҢ ЗАМАНЫНА ЛАЙЫҚ КИІНЕТІН ,СӨЙЛЕЙТІН ,ҚЫЗМЕТ ЖАСАЙТЫН МҰСЫЛМАНШЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ БОЛСА ЕКЕН.БҮГІНГІ ТАЛАПКЕРЛЕР МЕН СТУДЕНТТЕР АРАСЫНДА С.ДЕМИРЕЛ АТЫНДАҒЫ УНИВ. ТУРАЛЫ КҮДІК ПЕН ДАУ КӨП .СОНЫ АШЫП,ТАЛҚЫЛАУҒА САЛСАҢЫЗ.



Ең бастысы сені көкірегіояу, көзі ашық қазақ таниды, Танымақ түгілі сенің бағдарламаңның басталуын асыға күтеді. Ол яғни қазаққа өткір мәселені қөзғап отырсың деген сөз. Өзекті тақырыптарға өткір тілді қадап айтып отырғаның біреулердің шамына тиіп кетсе керек. Қазаққа керек дүние, ал қазақтың көзі осындай өткір мәселелерді қозғағаннан кейін ашылатынын түсініп, осыны әдейі басып отыратын бір ұйым бар сияқты. Бұл 1938 жылғы саяси қуғын сүргіннің мәдени түрі шығар. Репрессия яғни, бірақ та сенің тағы да өткір ойларыңмен тесіп шығатыныңа сенімдіміз. осындай қазақ көп болса Қазақстанның жағдайы басқаша болар еді. Қазақша түсінбейді емес, нақты айтқанда шенеуніктер қазақ баспасөзін оқымайды да. ал қазақтың көзін кім ашады? немесе кімдер жауып отыр? Айтыс қайда өткір ойды қозғаған...



Ех қазір елдің қамын ойлаған азаматтар осылайша артта қала береді! Біздің саясат солай шара барма бұл сұмдықты тоқтататын?



Қай кезеңде де өмір сүру оңай болмаған ойлы адамға,ақымақтарға өмір тойға толы.Ақылға салып,дінді танып,өмір сүреміз.Мына өмір сынақ,кейін әр ісімізге жауап береміз



Бұл мақала шыққалы бір жылдан асыпты. Сонда да Дархан туралы пікір айтқым келіп отыр. "Осы жігіт қайда кетті екен", деп ИНТ-тен іздеу салғанда осы мақалаға тап келдім. Басқа да пікірлерді оқи отырып, Дарханды халқы - мен сияқты іздейтініне көзім жетті. "Қайда жүр екен, не нәрсемен шұғылдануда екен, қай салада жүр екен, көрібей, естілмей кетті ғой", деп "іздеу" салып отырып осы мақалаға тап келдім. Қайда жүрсең де аман бол, шындықты сүйетін, биліктен қаймықпайтын, біздің заманның Махамбеті!

Пікір қосу

  • Беттер мен электронды поштаның мекенжайлары автоматты түрде сілтемелерге айналдырылады.
  • Allowed HTML tags: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жолдар мен параграфтар автоматты түрде тасымалданады.

Форматтау жайлы толығырақ

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.
15 + 2 =
Математикалық есепті шешіңіз.
 

Мұрағат

Ақпан 2012
ДсСсСрБсЖмСбЖс
-1012345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728291234

Айлық статистика

<<  >>